Қандастар оралғанымен, салт-дәстүр оралды ма?..

05.11.2019 7578

Азайып бара жатқан қазақылықты тағы бір түгендеп алайық деген ниетпен Рәшәд Құсманұлынан осыдан алты ай бұрын сұхбат алған болатынмын. Соны сіздерге тек қазір ғана ұсынудың сәті түсті.

 

Риза ЫСҚАҚ: Бізге тарихтан белгілі болғандай Ленин және Сталин саясаты қазақ халық емін жартылай жойды, жоғалтты, ұмыттырды, ем құпиясын білгендердің көзін құртты. Алайда, Иран, Түркия, Қытай, Моңғалияға қашып үлгерген қандастарымыздың бір бөлігі ғана кейбір рецептерді сақтап қалыпты. Бүгін сіз сияқты қазақ емі дәстүрін жалғастырушылардың қолында қандай аурулардың емделу жолдары көбірек сақталған?

 

Рәшәд ҚҰСМАНҰЛЫ: Қазақ медицинасының тамыры тереңде. Адамзат қалыптасудан бері, қазақ ұлты ұлт болып қалыптасудан бұрын пайда болған. Кейін келе ұлт дамуымен бірге дами келе, заманның дағдарысқа ұшырауы, әртүрлі соғыстар салдарынан, қиындықтарға дөп келуінен біздің халық көптеген мәдениетінен айрылып қалған. Көп санды ұлттардың аз санды ұлттарға жасаған кейбір зор саясатының тәсілдерінен қазақтың дінін, тілін, салт-дәстүрін, ғұрпын жою әрекеттерінен қаншама мәдениет жоққа айналды. Және мына Қытайдың Шыңжан өлкесіндегі Мао Дзынның мәдени зор төңкерісі саясаты ұлттарды езгілеу, жаныштау, жою салдарынан біздің ұлт көп дүниеден айрылды. Бірақ, сонда да біздің халық зерделі, зерек болған соң кейбір халық шипагерлеріміз, қасиетті емшілеріміз көптеген жазба деректерді сақтап қалған. Мәселен, “Шипагерлік баян”. XIV-XV ғасырда өмір сүрген Қараүзген Өтебойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың қол жетпес асыл мұрасы. Осыны отызыншы ұрпаққа дейін қап түбінде сақтап келген. Талай заман талауына ұшыраса да, талай қуғын-сүргінге ұшырап кетсе де, біздің Шипагерлік баянды сақтап кеткен. Көздің қарашығындай қорғап бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Мысалы сол секілді құнды жәдігер мұраларымыз халық арасында бар деп ойлаймын.

 

Гиппократ қалыптастырып кеткен медицина сара жолымен жүріп көптеген аурулармен айқасқан, яғни сынықтарды тану, мертіккен адамдардың сүйегінің орнына басқа сүйек салу. Малдың, иттің сүйегін салу арқылы біраз нәтижелерге қол жеткізген. Тапқыр нәтижелер көп болған. Соның ішінде Өтебойдақ бабамыз қызылшаның ба шешектің бе екпесін тапқан. Адамның қанынан вакцина жасаған, қанын сорып алып, тұндырып, сарысуын жұқпаған адамдарға жұқтыру арқылы аурудың жұғу жолдарын жеңілдеткен. Шипагерлік баянда оны ашық баяндап өткен. Кітап қазақ тілінің төте жолымен жазылған.

 

Риза ЫСҚАҚ: Баршаға белгілі Қытай медицинасының тарихы 2,5 мың жылдық, Үнді медицинасы 3 мың жылға жуық тарихқа ие, мынау тұрған Ресей халық медицинасның да тарихы кем дегенде мың жылдық тарихы бар, ал біздің қазақ хандығына бар-жоғы 550 жыл болды. Енді әңгімемізді осы мемлекеттің бастауынан бастаған жөн болар. Қазақ хандығы қазақ халық медицинасының көнелілігі, тереңдігі, күрделілігі қандай?

 

Рәшәд ҚҰСМАНҰЛЫ: Тереңдігі сақ, ғұн дәуірлерінен бастау алады. Жалпы адамзат адамзат болып қалыптасуымен бері медицина өнері бірге қалыптасқан. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасудан бұрын пайда болған. XIV-XV ғасырда Әз Жәнібек ханның жарлығы бойынша Өтебойдақ бабамыздың Шипагерлік баянды жазып қалдыруы. Осыдан бері санағанда 500 жыл шамасында болды дейміз.

 

Қазақ медицинасының тілге көп алынбауы көп ұлттардың аз ұлттарға үстемдік етуі арқылы, мәдениеттерді жою арқылы байырғы көне емдер, көптеген құнды тәжірибелері жойылып кеткен. Яки мына Қытайдың мәдени зор төңкерісі кезінде яки одан бұрыңғы дәуірлерде, арғысын айтсақ Жоңғар шапқыншылығының өзінде Отырарда өртенген кітаптарымыз екі ай бойы жанды дейді. Сол кезде де біздің көптеген құнды мұрағаттарымыз өртеніп кеткен. Жаңағы көп ұлттардың қақпайына ұшырағандықтан, бұдан мәдениетіміз әлсіреген. Көп ұлттар солай өздерінің мәдениеттерін сәулелендірген. Мұны қазір Батыс медицинасының алдыңғы қатарда тұруынан көруге болады.

 

Біздің қазақ медицинасын дамытуға қазір кедергі жоқ. Жедел зерттеу, жас мамандарды жетілдіру, XIV ғасырдан сақталып келген “Шипагерлік баян” кітабын жеделдетіп зерттеу, танитын, соны зерттейтін мекемелерді құру және соған қатысты жоба-жоспарларды ойлап табу арқылы дамытуға болады.

 

Риза ЫСҚАҚ: Бүгінгі мемлекеттік деп аталатын коммерциялық деп бір сөзбен ресми деп аталатын “Ақ халатты” медицинаның дәл бүгінгі формада шығу тегі Батыс Еуропа және пайда болу кезеңі – XVII-XVIII ғасырда. Көріп тұрғанымыздай бұл қысқа ғана уақыт, дегенмен бұл медицинаның формасы бүкіл Әлемді жаулап алды. Әйткенмен, қазіргі медицинада баяу немесе мүлде емі жоқ аурулар баршылық. Оның үстіне біраз дәрілер күмән тудыруда. Неге осындай кемшілікпен ресми медицина халық медицинасын шетке ығыстырып тастап әлі де үстемдік етіп отыр?

 

Рәшәд ҚҰСМАНҰЛЫ: Халық медицинасының ығысуы, шетте қалуы, ешбір дамымауы, зерттелмеуі сияқты құбылыстардың көп ұлттардың қақпауына ұшырауынан, мәдени мұралардың өртену салдарынан, жойылу салдарынан өзінің құндылығынан айрылып қалып отыр. Сөйтіп, Батыс медицинасы өзі ырықты орында тұрған соң сынақтар жасау арқылы, зерттеу арқылы қаншама жаңалықтарға қол жеткізіп, тез қарқынмен дамып келеді. Қазақ медицинасы олардан дара тұрады. Несімен? Қазақ медицинасы шөп дәрілерді, кен өнімдерін, түсті металлдарды, жан-жануарлардың мүшелерін – аюдың, суырдың майын, борсықтың етін, құстарды, жылан, кесірткелерді, өсімдіктерді негіз етеді. Біздің қазақ шипагерлігі бұларды дәрілік материал ретінде қолданған. Сонымен қоса сүйек таңу, сынық салу, шыққан буындарды таңу секілді өнерімен де өзінің өнерін сәулелендірген.

 

Риза ЫСҚАҚ: Әлем бойынша Отанға оралу намыстанатын нәрсе емес. Алайда, кейбір оралмандарды елге қабылдау, жалпы шекара ашу саясаты 1991 жылы басталды. Сол мезетте Сіздің Отанға оралуыңызға не кедергі болды? Неге сол кездері келмедіңіз?

 

Рәшәд ҚҰСМАНҰЛЫ: 1991 жылдары Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін көптеген қандастарымыз Отанға оралуға ат басыларын бұрды. Кейбір қандастарымыз экономикалық жағынан, мемлекеттік жұмысқа байлануға байланысты түрлі себептері болды. Мен ол кездері жас болдым. Әкем де халық ішінде дәрігерлік кәсібімен мемлекеттік қызметте болуына байланысты кешігіп оралдық.

 

Мен осы дәрігерлік жолға 14 жасымнан бастап әкемнің баулуымен, жетелеуімен келдім. Кішкентай кезімнен бастап үйренгенімнен басқа Қытай медицинасын оқып тәмамдадым. Ары қарай дамыту, тың нәтижелерге қол жеткізу мақсатында атамекенге келдім. Біздің емшілігіміз жеті атадан бері жалғасады. Біздер арғы ата-бабаларымыздан бастап шөп-дәрілермен, жеңіл-желпі оталар жасау, әйел босандыру сияқты күрделі емдеу тәсілдерін де істеп келген. Біздің әулетте қазір қазақ шипагерлігінің тұтқасын ұстап келе жатқан мен ғана. Отбасымызда басқа әйел адамдар бар, бірақ олар енді-енді дамыту үстінде.

 

Риза ЫСҚАҚ: Қазақ қоғамында келесідей бейресми пікір бар. Қазақылық 3 кезеңге бөлінеді: шала қазақылық, таза қазақылық және қазақылықтың ең жоғарғы сатысы – шеттен оралған қандастарымыздың қазақылығы. Сіздің ойыңызша, осы қалыптасқан пікір қаншалықты шындыққа жанасады?

 

Рәшәд ҚҰСМАНҰЛЫ: Негізі Қытай Халық Республикасындағы қазақтар таза тілін, дінін, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрін XX ғасырға дейін қаймағын бұзбай сақтап келген. Қазір Қытай саясатының күрт өзгеруі салдарынан бүгінгі кезеңде қазақтарда өз мәдениетінен, тіл-дәстүрінен, дінінен айрылу мүмкіндігі өте күшті.! Қазір ол жақтағы мектептер жабылды. Зор қазақшылыққа барыспаңдар, қазақ мәдениетін өте дәріптемеңдер, бұрыңғы көне көзқарасты, көне идеяны насихаттамаңдар деген секілді барлығын жоңғаршаландыру, қытайшаландыру дейді. Сонымен ол жақтағы қазақтарды таза қазақ деуге келмейді.

 

Қазақстан Республикасының қазақтарын шала қазақтар деуге келмейді. Шығыс, Оңтүстік Қазақстан өңірлеріндегі қазақтар тілін, дінін сақтаған. Ал Өскемен, Петропавл, Павлодар, Көкшетау сияқты жерлердегі қазақ ұлтымыздың қазақ тіліне бейімделуі әлсіз болып тұр. Бірақ, беталысы жақсы. Ақырындап дұрысталып келе жатқан секілді.

 

Риза ЫСҚАҚ: Егер құпия болмаса айтыңызшы,  Қытайдағы қанша пайыз қазақ өз еркімен Қытай қоғамына толықтай сіңді? Ондайлар бар шығар. Біздің түсінігімізде, жалпы әлемнің көп бөлігінің түсінігі бойынша Қытай мемлекеті - әлі күнге дейін коммунистік мемлекет. Онда неге сол жақтан оралған қандастарымыздың капиталды игеру, нарықтық экономиканы түсіну қабілеттері бізден жоғарырақ?

 

Рәшәд ҚҰСМАНҰЛЫ: Қытай Халық Республикасындағы қазақтардың өнер-білім алуы солардың заңымен, тәртібімен тікелей байланысты. Қатаң тәртіп болмай, жүйелі білім болмайды деп айтқан секілді. Ондай жерде қатаң тәртіп, қатаң талап болады. Қатаң тәртіп болған жерде кейін әрбір азаматтарда өз-өздеріне деген қатаң талап болады. Сол арқылы көп нәрсені тез сіңіреді, жылдам меңгереді, тез үйренеді. Жетістіктері мол болады. Сол жақтан келген қазақтардың кей істерге батыл кірісіп кетіп жатқандары, содан. Сергек, пысық болуы сондағы заңның қаталдығымен тығыз байланысты.

 

Риза ЫСҚАҚ: Дәстүрлі ислам медицинасы қазақ халық медицинасына қаншалықты әсер етті?

 

Рәшәд ҚҰСМАНҰЛЫ: Батыс медицинасы – ғылым медицинасы қазақ шипагерлігі деген нәрсені дұрыс қабылдай бермейді. Өйткені, қазақ шипагерлігі туралы бұрын соңды көп жарияланбаған. 1984 жылы Шыңжаңның Алтай аймағында бірінші рет қолға алынып, 3-4 қабатты қазақ шипагерлік емханасының іргетасы қаланды. Сонымен қазірге дейін небәрі 30 жылғы аралықта 15 қабаттық үлкен емханаға айналды. Қытай Халық Республикасының Президенті Дин Шау Фун атты жолдастың аз ұлттардың салт-дәстүрін, мәдениетін қорғау, дамыту бойынша саясатының арқасында біраз зерттеулер болды, қаншама кітаптар жарық көрді, көптеген жас мамандар тәрбиеленді. Соның арқасында қазірге дейін Қытайдың аз ұлттар медицинасының ішінде 6-ші орынға көтерілді. Бұрын 9-ші деңгейде болатын. Осыдан 4-5 жылдан бері өсті. Қазір де енді Шыңжаңда қазақ шипагерлігін зерттейтін арнаулы оқыту мектебі бар. Басшыларымыздың қолдап, қуаттауының арқасында 2009 жылы Алтай қаласында арнаулы қазақ шипагерлік сыныбы ашылды. Соған алғашында жүз шәкірт қабылданды. Солардың бірі – менмін. Онымен қоса артынан іле-шала Шыңжаңның Ұйғыр автономиясының орталығынан қазақ шипагерлігін қолдау қоғамы және Қазақ шипагерлігінің университеті құрылды. Бұл енді Қытайдағы 3 000 000 миллион қазақ үшін мақтаныш әрі зор жетістік. Ал енді Қазақстан мемлекетімізде қазақ шипагерлігінің дамымауы, ескерілмеуі бұл жас мемлекет қой, оң-солын толық игеріп, бағытын, мәдениетінің шыңына жетіп үлгере алмай жатыр, бірақ қазір қатты сығудың қажеті жоқ. Асықпай зерттесек, оң нәтижеге жетеміз. Дін жағынан шатастыру, бақсы-балгер, дем салу, ұшықтау, дұға беру деген сияқты нәрселер ғұн-сақ дәуіріндегі арғы тегіндегі қазақ шипагерлігінің қалыптасуына септігін тигізген болуы керек. Мәдениетті қоғамда, өркениетті заманда қазақ шипагерлігімен шатастырмауы қажет. Мысалы, Қытайдың Жоң Ии, Тибет емшілігі, ұйғыр емшілігі дейді, сол секілді қазақ шипагерлігі мен қазақ емшілігінің де айырмашылығы бар. Ұшықтау, дем салу, қамшымен ұру, бақсы болып ойнау – бұл қазақ емшілігі. Ол енді өз алдына бір бөлек таным. Ал қазақ шипагерлігі ғылыми, кәсіби қазақ медицинасына жатады. Өзінің құнды емдеу ерекшеліктерімен, тәсілдерімен, рецептерімен сәулеленеді.

 

Риза ЫСҚАҚ: Қандастарымыз оралғанымен, салт-дәстүрлер оралды ма?

 

Рәшәд ҚҰСМАНҰЛЫ: Қытай Халық Республикасынан, Моңғолиядан, Түркиядан, Өзбекстаннан қандастарымыздың Отанға келуі қарсаңында көптеген мәдениет олармен қоса ілесе келді. Мысалы үшін Ресей шипагерлік өнері келгені секілді, әртүрлі көптеген пайдалы өнерлер оралды. Байырғы салт-дәстүр, әдеп-ғұрып секілді мемлекетімізге пайдасы бар, ұлтымыздың мәдениетінің дамуына құнды қаншама дүниелерді ала келді деп ойлаймын. Әлі де қандастарымыз Отан құшағына оралатын болса, мәдениетіміздің сәулеленуіне тіпті көбірек үлес қосар еді.

 

Риза ЫСҚАҚ: Рәшәд мырза, шынайы қазақы сұхбатыңызға рақмет! Қазақылықты түгендеуді әлі де жалғастыратын боламыз.

Поделиться: