Қашқын
Ерте тұрған Бұйрабас жылы киініп, ескі портфельдегі саймандарын алып, күндегі орнына келді. Үйден шыға сала қора-қораның артымен, көлденең көзден жасырынып жеткені осы. Ол бірнеше күннен бері таңсәріде күн шықпай оянатын болған. Интернатта жүргенде бір кісідей тұрып, бір кісідей жүріп үйренген жүздеген балалардың ішінде Бұйрабас ұйқы жағынан сергектеу болатын. Көрші төсектегі Қабыл көзін тырнап жатқанда, бұл сипалап жүріп киініп, ешкім ескерту жасамаса төсегін апыл-ғұпыл жөндей салып, бір тасалау жерден кімнің не істеп жүргенін көріп отырар еді. Бұйрабастың сүйікті шаруасы бос жүру, айналаға қарап бос жүру. Ең қызықсыз нәрсе оқу сияқты болып көрінеді. Әрине, балалардың ішінде жүру қызық қой! Ойнайсың, біреулерге көмектесесің, дос болуға болады, қызықтарға қарап отыруға да болады.
Интернат ауласында ескі жаман машина тұратын. Мектеп директоры балаларды жинап алып, алғашқы күні қатты ескерткен. Шынында да балалар машинаға баруға батпай жүрді. Бұйрабас болса айналсоқтап, үстіне шығып, терезесінен қарап, қызығумен болды. Енді ол машинаға армансыз отыру үшін, тәрбиешілер жоқ кезді аңдиды. Қыста сағат бестен кейін ымырт түседі. Бұйрабас сабақтан келе сала, киімін ауыстырып машинасына барады, егер ішінде біреулер отырса, оны қуып шықпай маза жоқ. Ызыңдап қасында тұрып алады, жоғары кластар, әрине терезеден түсіп машинаға кірмейді, ал алты, бес оқитындарды Бұйрабас алдап жібереді, машинаның бұныкі екеніне ешкімнің дауы жоқ. Өйткені, интернат меңгерушісінің өзі:
– Бұл – Бұйрабастың машинасы, – деген.
Бір күні Нағима апай тәрбие сағатын өткізді. Балалардың бірі – дәрігер, бірі – инженер, бірі – мұғалім, бірі – артист боламын деп өз ойларын айтып жатыр.
Бұйрабас қысылыңқырап тұрып, мен шофер болам, – деді қызарып, – бұл жақсы мамандық. Со жолы Нағима мұғалім Бұйрабасты көп мақтады. Әрине, оны Бұйрабас жек көрген жоқ. Тек Қабыл орнынан ұшып тұрып:
– Интернатта оның ескі машинасы бар,–дегенде балалар ду күлді. Бұйрабас “қап, бүлдірдің-ау” дегендей бетін тыржитты.
Иә, қанша дегенмен біреудің айтқанын түсінбесең де істей бергеннен гөрі өз ісіңнің болғаны қандай жақсы. Сабақтан, мұғалімдерден шаршағанда Бұйрабастың дем алатын өз шеберханасы бар, онда қыста шана, жазда арба жасайды. Бұйрабастың жасаған су таситын арбасын бүкіл тәрбиешілер мақтайтын, бірақ олар қит етсе сабақты айтады.
– Осыған жұмсаған басты сабаққа неге жұмсамайды екен, – десе оған Бұйрабас кәдімгідей ренжіп қалады. Шіркін, ешкімге тиіспей, ешкім саған тиіспей тек жүрген қандай тамаша десеңші. Ешкім бұны мазаламаса, міндет жүктемесе бұл қашпас та еді. Енді міне, сөйткен Бұйрабас оқудан қашқалы он күн.
* * *
Үйге кешке қонуға ғана келеді, не күндіз ешкім жоқ мезгілді аңдып, бір рет тойып тамақ ішеді. Қалған уақыт осы ескі үйдің ішінде, жұмыс істеумен өтеді. Сайман керек болғанда техникалар қойылған жерді аралап керектерін жинастырады. Он күннен бергі жасағаны үстіне жәшік сиятындай шағын арба, өзгерте алмай жүрген қиын іс велосипедтің құрылысына байланысты. Оған дәнекерлеуші қажет. Үлкен велосипедтен мотоцикл сияқты үш аяқты көлік жасамақ, кеше бригадирді көріп, дәнекерлеуші қашан келеді деп сұраған. Даражан бұның бетіне бір қарады да, менсінбегендей теріс айналып жүріп кетті. Оның болбыраған алып денесіне, жейдесінің олпы-солпы жағасына, мықынына әрең ілініп тұрған шалбарына Бұйрабастың күлкісі келді.
Даражан қалпағын түзеп киіп, дөңгелегі мыжырайған трактордың жоқ саймандарын түгендеп, тырмауыш, кішкене ДТ-20 тракторы қойылған шет жақта ұзақ жүрді. Түсі, қабағы солғын болғанмен бұл ашулануды білмейтін адам. Бұйрабас қулық істегісі келді. Дереу сол бетінде жүгіріп үйге келді. Бөшкедегі ұнның ішінде тығулы тұрған арақтарды қолмен сипалады. Кілет іші қараңғы еді, үйден біреу шығып:
– Бұл кім-әй сықырлатып жүрген, – деді.
Бұйрабас қараңғы бұрышқа тығылды. Жүрегі дүрсілдеп кетті. Ол бұрын ұрлық жасап көрмеп еді. Қолына ілінген көп бөтелкелерден екеуін таңдап алды. Егер біреуі қызыл болса, біреуі – ақ болуға тиіс. Қараңғыда ажырата алмаған соң, артынан әкеп қоя салармын деп әдейі екі бөтелке алды. Бұйрабас сол бетімен ауылдың шетін айналып Даражан отырған жерге келді.
– Әй, Бұйрабас, бері кел, – деді бригадир.
Бұйрабас Даражанға алдымен қызыл арақты берді. Ондағы ойы алдымен бригадирді көңілдендіріп алмақ. Сосын әңгімелері жарасса, ақты беріп дәнекерлеуші шақырады. Әрі-бері отырып көңілденген соң, Бұйрабас ішкі сырын Даражанға айта бастады.
– Бәсе, неғып айналсоқтап жүр десем, – Даражан жұмбақтау қылып селкілдеп күлді.
– Екінші арағың қайда?
– Анау жерде, ДТ-да, отырғышқа тықтым.
– Ақыр әкелген екенсің, жеткіз бері, көрейін.
Шаруаны біттіге санаған Бұйрабас ұшып барып арақты алып келді, құлап сындыра жаздады.
– Та-ак, Бұй-ра-бас. М-мен мұны жалғыз іше алмаймын, – енді сен ауылдан бастықты шақырып кел.
Ауылда кешкі мал кеп, азан-қазан сиыр жамырап, бала жылап шулап жатқан кез. Бұйрабас аңдып басып бастықтың үйіне келді. Байқамаса бұл үйдің үндемей қабатын үлкен ақ төбеті бар. Алақтап келе жатып, Бұйрабас дөңбекке ілініп, салдыр-гүлдір қаңылтырмен қоршаған оттыққа сүйенді.
– Әй, қашқын, – деді үстіне күпәйке жамылған тақырбас бастық. Бұл қиын адам, Бұйрабас қорқатын еді. Бар күші аяғының ұшына кетіп қалды.
– Әй, сабақ қайда қаңғыбас? Орталықта бүкіл мектеп шулап жатыр. Таңертең неге қашып кеттің. Ақымақ, итше тепкілер ме еді өзін.
Бұйрабас сүмірейіп тұрып, Даражаның сәлемін жеткізді. Бастықтың жауабы қысқа болды.
– Былшылдамасын Даражан. Жұмыс істейтін адам күндіз істейді. Әй, таңертең дайын отыр, деректірің ала кел деп тапсырды, кешегідей қашып кетпе.
– Жарайды. Аға техника жаққа барасыз ба?
Баланың күмілжігенінен бірдеңе сезді білем, бастық солай қарай аяңдай бергенде, бұрыштан Даражан көрінді.
– Бұйрабас, сен қайта ғой енді, бәрін орнына келтірем, – деді.
Қараңғылық көз байлай бастаған шақта үйге келе жатқан Бұйрабасты бір сенімсіздік биледі. Дереу қораның артымен барып, бастықтың үйінің терезесіне тақады. Күбір-күбір. Көлеңкелер қозғалады. Үйдің қасында шөпшілер вагоны тұр еді, өрмелеп вагонның үстіне шықты. Енді үйдегі дастарқан басында отырған екеу анық көрінді. Қарқ-қарқ күледі. Стақан қағыстырады. Бұйрабас жерден тас алып, терезені періп кеткісі келді.
Ол салы суға кетіп үйге келгенде, түн ортасы болыпты.
Ертеңінде Бұйрабас бастыққа ұстатпады, таң ағара тағы да жұмысына аттанды. Әкесі Бұйрабасқа батып ұрыспаған адам, өмірінде батып қиянат көрмеген бала аштыққа да, тығылуға да шыдап бақты.
Содан бір күн өткенде интернат меңгерушісі Бұйрабасты фермаға іздеп келді. Бұ жолы Бұйрабасты бүкіл ауыл іздеді.
Жиылған темір-терсектердің ішінде қағаз дастарқанда бауырсақ жеп отырған Бұйрабасты ауыл балалары көреді.
Бұл жолы ол қаша алмады.
Поделиться: