Жаңа жылғы тілек

13.12.2019 5017

 

Тағы бір жыл өтті-кетті жөнелді
Өткен айлар, өлген адам жоқ енді.
Өткен жайлы ғажап жырлар жазар ем
Кеткен жайлы жазу қиын өлеңді.

 

Өткен өтті қайтып енді келмейді
Өткен шаққа еккен дәнің өнбейді.
Жанған жұлдыз сен өмірге келгенде
Аспаныңнан өзің сөнбей сөнбейді.

 

Өткен өтті тағы бір жыл тұр алда
Аттың басын өткен күнге бұрам ба?!
Әкем маған байқа балам деп еді
Өмір атты бір сапарға шығарда?!

 

Кескестеген көк толқынға жолығып
Көзге ұрғанда көрмес дүние көрініп.
Аттың басын бұрған жоқпын кейінге
Жанды жеген жаман ойға беріліп.

 

Келер күнге қараймын да ойланам
Қанша үлесім қалып қойды алмаған.
Келешектен бір керемет тосамын
Өткен күннің бірінде де болмаған.

 

Көмейіне жұтылғанша мен оның
Сұмдық емес сұлулықты көремін.
Ертең үшін жазбақ болған жырымды
Өрттен алып өз отыма көмемін.

 

Өмір жыры көңілімді, күйімде
Бөлек-бөлек бітірмеспін бірін де.
Айналаға жарық шашып тұратын
Болсын бақыт менің әрбір күнімде.

 

Қажетіңді табар болсаң ал одан
Еңбегіңнен бақыт көрсін әр адам.
Келіп тұрған жаңа жылым тағы да
Зұлмат пенен кесепаттан бол аман!!!
                                             

24.12.2013

Поделиться: