Қасқыр терісі һәм бүркітші...

23.12.2019 11739
«Бізде қазір бір жаман әдет пайда болды. Не бір дастанымызда жоқ, не бір қиссамызда, не бір ертегімізде жоқ — қасқырдың терісін былай (бір иығына) жамылып жүретін. Қазір айтысатын ақындар да сөйтетін болды, палуандар да сөйтетін болды, боксёрлар да сөйтетін болды... Не өнер бұл?» - деген көрнекті ғалым Қойшығара Салғараұлының пікіріне қосылмасқа әддіміз жоқ.
 
 
Қала берді қазақтың, асса түркінің рух тотемі болған қасқырдың терісін мынау ғылым-техника ғасырында салақтатып иыққа асуда не мән, не мазмұн-мағына бар? Бұл - рухымыздың аяқасты болғанынан басқа ештеңе емес. Үндістер өлтірген жауларының скальпін (бас терісін) мақтан үшін асынып алушы еді ғой? Сонда қазақтың балуан жігітінің жауы қасқыр ма? Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты демекші, шоу-шоу деп ұлттық қасиеттерді мансұқтап, аяқасты болдырудың не қажеті бар? Бөрілі менің байрағым деген қазақ, бөрінің басын байрақ еткені болмаса, терісін жалпылдатқан жоқ еді. Күні кешегі қазақ палуандары арысқа түсерде (күресуді осылай атаған) темір ноқта киіп, екі жігітке шылбырлатып немесе түйе көтеріп, бурадай шабынып шығатыны фольклорда толып тұр ғой. Өзге туыстас, көршілес жұрттың игі дәстүрлерін неге ептеп игермеске? Ұлттық спорт сайысы бәсекеге тігілген мол қаржыға емес, халықтың ішкі рухымен, тілімен, ділімен, музыкасымен, эстетикалық талғамымен, киім-киісімен, шынайы салт-дәстүрімен біте қайнасқан ішкі рухани қуатына, философиялық танымына негізделгенде ғана өміршең болмақ. Қазақ күресі үшін осы жолда әлі де ізденіс қажет екені даусыз. Қамыс пен балшықтан жасалған күрес алаңында өтетін жапонның сумо күресі балуандары мен оны тамашалаушы көрермендер арасындағы атомсфера, ондағы төрешілік - сол өміршеңдіктің мысалы.
 
 
Эстетика, этика дегендер спорт, өнер, кәсіпшілік - барлық өмір саласында қажет, әрине.
 
 
Эстетика демекші, өз ойымда жүрген, көзге қораш көрінетін, шоудың шылауында кетіп, қылшықталудан гөрі былшықталуға айналып бара жатқан тағы бір жағдай туралы әлеуметтік желіде ой бөліспекпіз. Бұл - қазақ бүркітшілерінің киіміне қатысты.
 
 
Ыңғайлы, ықшам киім аңшы адамға деп Абай атамыз айтпақшы, аңшы адамның киімі ыңғайлы да ықшам, яғни жылы да жеңіл болуы керек. Жеке-дара саятшылықта, салбурындарда бұл солай да шығар. Соңғы жылдары бүркітшілік - әлем халқының назарына ілінген экзотикалық қызықтамаға айналды. Бұл тұрғыда Монғолиядағы қазақтар ілкімділік танытып отыр. Ондағы бүркітшіліктің дамуы мен шетелдіктердің қызығушылығын сәтті үйлестірген туристік бизнес өкілдері мұны мол табыс көзіне айналдырды. Әрине, бұл құптарлық қадам. Бірақ та, мұнда да сақал бояудың ерсі көрінісі менмұндалап тұрғаны жасырын емес. Айтпағымыз осы, яғни бүркітшілердің киім киісі. Қасқырдың, түлкінің, құлынның, қысқасы осы сайысқа қатысушылар түгелге жуық жан-жануардың терісінен айналдырған тон киіп алғанын көресіз. Қазақтың қызылды-жасылды той шапанын кигендер өз алдына. Қорқыт қорқыт дегенде, осылай қорқыт дедім бе демекші, дәл осылай тас ғасыры үлгісінде киінуге бола ма? Шындығында шетелдіктер қазақтардың үстіндегі тері-терсек пен әлем-жәлемді емес, бүркіттің шырғаға түсуін, аң аулауын көруге келген жоқ па? Олардың алдында осығұрлы тас ғасырлық образға кірудің не қажеті бар? Мұндай әлем-жәлемге бой ұрмай-ақ, кәдімгі ықшам да жылы мақталы қара шапан, шолақ ішік, кестелі тері шалбар, тымақ-малақаймен де бүркіт тойын атқаруға болады емес пе? Этнокөрініске мән беру, ою-өрнекті көрсету - дұрыс-ақ, дәл осы жалпылдап, қолқылдаған жарғақ пен жалбырақтың қажеті бар ма? Ойланған дұрыс. Бұдан болып, қазақ халқының этнобояуы солғындап қалмайды.
 
 
Бүркіттің түсуіне қатысты, осы ретте Сәбит Мұқановтың Ботагөз романындағы бір эпизод еске түседі. Саятшылықты тамашаламақ болған бір топ орыс әкімдері далада қазақ бүркітшісіне томаға тарттырады. Түлкі мына жақта деп далақтай шапқан урядник Кошкиннің қолындағы қызыл тымақты шырға деп ұққан бүркіт соның басына келіп бүреді. Бүркітін әдейі түсірді деп әлгі қазақ істі болады. Мұндағы айтпағымыз, бүркіт салушы киімінің қауіпсіздік талаптарына сайлығын да ескерген жөн болар.
 
 
Академик, жазушының пікіріне орай бұл жазылғандар көптеген адамдардың ойында жүрген ойлар деп білемін. Біздікі, біткен іске сыншы, піскен асқа жеуші көптік емес, ұлттық спортымыз бен өнеріміз заманға сай өміршең бол түссе дегендік...

Поделиться: