Желтоқсанның құпия құрбаны

30.12.2019 4483

 

Күнұзақ тым-тырыс тұрған телефон безгегі тұтқандай шылырдап қоя берді. Тұтқаны көтергені сол арғы жақтан:

 

– Айгүл сенбісің? – деген таныс дауыс жүрегін дірр еткізді. – Пойыздан түскенім осы. Сағындым. Шықшы, қыдырайық, – дейді аптығып.

 

– Жарайды, киноға барайық. Керемет кино түсіпті.

 

Қайсар екеуі кинотеатрдың алдында кездесті. Екеуінен басқа жан адам жоқ. Театрдың есігі тас құлып. Қайта көшеге бет алды. Кино неге қойылмады екен? Жұрт та жиналмаған. Екеуі де таң қалды. Әншейінде билет жетпей қалатын. Бүгін тірі жан жоқ. Жастардың бәрі топ-топ болып басқа жаққа кетіп барады.

 

– Биылғы қыс ызғарлы ма қалай? Тоңып қалған жоқсың ба?

 

– Жоқ. Алматының ақ түніне үйрендім.

 

Жігіт еліктің лағындай сүйкімді қызды құшағына қыса түсті.

 

– Жігітім, темекің бар ма? – деді тұстарынан өтіп бара жатқан топ жігіттің бірі.

 

– Жоқ.

 

– Намысың ше?

 

Қайсар түсінбеді. Қақтығысқалы тұрған шығар деп ойлады. Бейтаныс жігіттің жанары жанып тұр екен.

 

– Жұрт алаңда ұлтының намысы үшін күресіп жатыр. Мұның қыз құшақтап тұрғанын қараңдар, – деп салды.

 

– Алаңда? Ұлттың намысы? Не айтқалы тұрсың, бауырым? Алаңда не болып жатыр?

 

Аяқ астындағы көк мұзға бір сәт тесіле қарап тұрған жігіт:

 

– Ештеңе. Бұлай жүруші болмаңдар. Мына қарындасты үйіне апарып сал. Өзің де жалғыз жүруші болма, - деді де кете барды.

 

– Не болып жатыр екен? Барып көрейік, - деді Айгүл. – Аа, айтпақшы бүгін Дінмұхамед Қонаевты алып, орнына басқа хатшы сайлаған. Соған наразылық боп жатыр дегенді естіген ем.

 

Екеуі бас алаңға бет алды. Ығы-жығы халықтың шуынан не болып жатқанын дұрыс түсіне де алмады. Дауыс зорайтқыштан сөйлеп тұрған адамның даусы ырың-жырың шудан анық естілмейді. Көбі студенттер мен жұмысшы жастар екенін аңғарды. Бұлар қыстырылып алдыңғы жаққа шығуға талпынды. Осы сәт үстеріне құйып берген мұздай судың екпінінен көппен бірге жерге құлады. Үсті-бастары малмаңдай су болды. Қара мұзға қолын тіреп орнынан әрең тұрған Қайсар Айгүлді тұрғызып бауырына басты. Қыз тоңғаннан қалш-қалш етеді. Ерні дірілдеп, әппақ жүзінен су сорғалайды. Өзінің де тістері сақылдап кетті.

 

– Қайтайық, сені үйіңе шығарып салайын.

 

Қарақұрым халықты жарып өту оңай болмады. Осы сәт арнайы жасақтың бас-көз демей төпелеп келе жатқанын аңғарды. Қарусыз қолдардың қарсыласуға дәрмені де жоқ. Құлап жатыр, сұлап жатыр. Бар ойы Айгүлді құтқару болған жігіт қыздың қолын қатты қысып алға ұмтылды. Қақ маңдайдан тиген соққыдан оңбай құлады. Әлдекімдер тепкілей жөнелді. Көз алдында Қайсарын сабап жатқандарға Айгүл де ұмтылған. Жамбасынан тиген ауыр тепкі жер жастандырды. Одан арғысы есінде жоқ.

 

Есін ауруханада жиды. Аяулы анасы басында жылап отыр екен.

 

– Қайсар қайда? – болды алғашқы сұрағы. Жамбас сүйегі сыныпты. Басы жарылып, мия зақымдалыпты. Айдан аса уақыт аурухана төсегіне таңылуға тура келді. Қайсарды ойлап алаңдаған көңілі тыныш таппады. Аяғына тұра сала балдақпен шолтаңдап бармаған жері, кірмеген есігі қалмады. Қайсардың  оқу орнына барды. Сұрастырды. Ол жердегілер оның атын да естігісі келмейтін сияқты.

 

– Оқудан шығарылды. Оңбаған бұзақы, - деді деканы қабағын тыржитып. – Түрменің төрінде отырған шығар енді. Ондайлардың орны сол жер.

 

Айгүл тура түрмеге тартты. Мұнда да ешкім құшақ жая қарсы алмады. Кездестірмек түгілі атын естігісі келмейтін тоңмойындар Айгүлдің өзіне жекіре ұрсып, доқ көрсетеді.

 

– Қарындас, неге келе бересің? Бәрібір кездестірмейді. Қайсар Есілов өлім жазасына кесілген, - деді соңғы келгенінде әлдебір сержант. Қазақ екен.  Айгүлдің жүрегі тоқтап қала жаздады. 

 

– Неге аға? Не кінәсі бар? – Жылап жіберді.

 

– Кінәсі дейсің бе? Ақымақтаусыңдар ғой жастар. Көз жасыңды тый. Әйтпесе...  – Оның даусы қатая бастады. – Әйтпесе, сен де мыналардың құрбандығына айналасың. Қайт қарағым. Қайта келме. Бар, кет!

 

– Қалай кетем?! Қалайша? Мына тас қабырғаның ішінде Қайсарымның қай хәлде екенін көрмей қалай кетпекпін. Оның еш кінәсі жоқ! Оны алаңға алып барған мен! Алаңға барғаны үшін қамасаңдар мені де қамаңдар! Мені де атыңдар!

 

– Мен саған көмектесе алмаймын. Сүйгеніңе хат жаз. Амалдап жеткізейін. Одан басқа қолымнан келер қайран жоқ.

 

Айгүл асыға-үсіге төрт ауыз сөздің басын әрең құрады.

 

– Рахмет, аға. Бұл жақсылығыңызды ұмытпаспын. Тек хатымды қолына табыстаңызшы.

 

Сержант Айгүлді түрменің қақпасына дейін шығарып салды. Бұл кезде ақпан ауып Алматы аязының беті қайтайын деген. Айгүл тек кеудесін ғана сүйретіп үйіне қайтты. Санасынан сержанттың «өлім жазасы» деген сөзі кетер емес. Көз алдында кеше ғана бірге жүрген, сессия сайын ауылынан алып-ұшып, сағына жететін Қайсары кетер емес.

 

Енді оны көре алмайды...

                         

 

***  ***  ***

 

 

Қайсар сол күні алаңнан ес-түссіз хәлде мұнда келген. Есін тас қабырғалы камерада жиды. Жан-жағында өзіндей тағы бес-алты жігіт отыр. Бәрінің бет-жүздері қан. Ыңырсып жатыр. Мұның де беті көнектей ісіп кетіпті. Бүкіл денесі ауырып тұрған сияқты. Есіне Айгүл түсті. «Қайда қалды екен?» деп ойлады. Әлде жаңағы қыздардай тепкінің астында қалды ма? Осы ой санасына сап еткенде жүрегі ауырып кетті.

 

– Ана жақта, алаңда не болып жатыр екен? Қыздарға обал болды. Оларды да аяп жатқан жоқ, - деді бірі даусы қарлығып.

 

– Оңбағандар! Осынша жыл сеніп келген өкіметіміз өзімізді қорлайды деп кім ойлаған? Өз елімізде өз ойымызды айта алмасақ неге жүрміз? Біз қазақ халқы сонда мына СССР-ға малай ғана ма? Өз еркіміз, өз құқығымыз жоқ па?

 

– Тыныш, ақырын сөйле...

 

– Біз не істедік, ә? Тек өз ойымызды айтуды ғана ойладық қой. Неге бұлай?... – Бір жігіт қыстығып қоя берді. – Мына қазақтың сорлы маңдайы қашан жарқырайды екен, ә? Жоңғар... қыпшақ... енді орыстың тепкісі. Жеткен жеріміз осы ма?

 

Жігіттер тордағы арыстандай аласұрды. Осы сәт етіктері сартылдап жасауылдар жетіп келді.

 

– Ах, подонки! Лежим да, - есікке таяу жатқан бір жігітті «ыңқ» еткізіп бір тепті. – Так, Қайсар Есилов на допрос!

 

Сержанттың бірі мұның қолын артқа қайырып, сүйрелеп тергеу бөлмесіне алып келді. – Есилов Қайрат Даулетович. 1966 года рождения. Студент...

 

Тергеушінің ұзын-сонар баяндамасынан ұққаны бұл әлдебір милиция қызметкерін темірмен ұрып өлтіріпті.

 

– Жоқ! Мен ешкімді ұрған жоқпын! Ешқандай темір... – бұл сөзін аяқтамай жатып тергеушінің тегеурінді жұдырығы тұмсығына сарт етті. Қайсардың ашуы бетер қозды. – Мен ешкімді ұрған жоқпын! – деді қанды түкірігі шашырай.

 

Сот процесі ұзаққа созылып барып Қайсарды ақыры өлім жазасына кесті. Ақталатынына ешқандай күмәні болмаған балаң жігіт осы соттың үкімін естігенде-ақ өліп қалғандай болды. Одан кейін өмір сүрудің мәні де жоқ деп ойлап үлгерді. Жиырмаға енді толған жас жігіт мына әділетсіздіктен түңіліп кетті. Жиырма жылда есте қалған әрбір минутын көз алдынан өткізді.  Әкесін суреттен көргені болмаса, жүзін көрмепті. Ал, анасы бертін, бұл он төртке толған шағында жол апатынан қайтыс болды. Әкесі жалғыз екен. жалғыздан қалған жалғыз тұяқ анасы өлген соң ауылындағы ағайындарының қолында жүріп мектеп бітірген. Сырттай оқып, колхозда шопыр болып жұмыс істейтін. Айгүлмен де сессияға келгенде танысқан.

 

Сот үкімінен соң Қайсарды жеке камераға қамады. Күнұзағына серігі ой. Осындай күндердің бірінде жеп отырған нанының ішінен бүктелген қағаз шықты. «Өлтірмек болғаны ғой» деп ойлады алғашында. Бір жапырақ қағазды жазып ашты. «Қайсар сені сүйемін. Сүйем! Айгүл»деп жазыпты. Қуанды. Айгүл тірі екен ғой. Тас қабырғаны төбелеп жылады. Алғаш рет өміріне налыды.

 

Оншақты күннен соң бұларды этаппен басқа жаққа жіберді. Үш күн арнайы тас қараңғы вагонда келген «смертниктер» қайда келгендерін аңғарған да жоқ.

 

Ертеңіне таң қылаң бере солдаттар бұларды саппен жүргізіп асханаға айдап келді. Қаншама айдан бері жөнді тамақтанбаған Қайсар асхана мәзірін көргенде таң қалды. Дастархан смертниктерге емес, қонаққа жасалғандай жайнап тұр. Қаймақ, стақан толы сүт, сары май, ыстық сорпа... Өмірмен қош айтысқалы жүрген мұңлықтың бәрі жеп қалайын дегендей асап жатыр.

 

Осылай үш күн өтті. Үш күн ішінде Қайсар дастархандас болғандармен танысып та алды. – Оқушы қызды зорлап, өлтіргенім үшін, - дейді әнебір орыс шімірікпестен. Енді бірі есірткі сатқаны үшін отыр. Мұның алаңға барғаны үшін өлім жазасына кесілгенін білгенде ешқайсысы үн қатпады. Не ойлағандарын кім білсін. Төртінші күні бұларды сапқа тұрғызып ашық алаңқайға шығарды. 

 

– Ең ауыр жазаға кесілген қылмыскерлер! Сендер Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ең құпия және арнайы бақылаудағы базасында тұрсыңдар. Бұл «өлі зона!» КСРО-ның соңғы жиырма жылдағы ең құпия әрі қауіпті жобасы. Бұл жерден ешкім, ешқайда қашып кетпеген және кете де алмайды. Бір шақырым радиустағы барлық аймаққа жарылғыш заттар қойылған. Сендер уран шахталарында жұмыс істейсіңдер және қалдықтарды әдепкі киіммен жинайтын боласыңдар. Өлетіндерге арнайы киім берілмейді. Өйткені, ол киімдер мына сендердің өмірлеріңнен әлдеқайда қымбат тұрады. Уран шахтасында кімнің қанша өмір сүретінін денсаулығы ғана біледі. Сендердің мәйіттеріңді ешкім көмбейді де. Мүрделерің өзі-ақ күлге айналады. Өздеріңді аяудың да қажеті шамалы, өйткені сендер онсыз да өліксіңдер...

 

Еңгезердей полковник ұзақ сөйледі. Оның әр сөзі өңменіңнен өтердей суық еді. Мына сөздерді естігенде Қайсар өмірге келгеніне өкінді. Артында қабірі де қалмай күлге айналмақ. Не деген қатыгез ең тағдыр!..

 

Күннен күнге бұлардың қатары сирей берді. Кешегі жүрген кейбіреулер бүгін жоқ. Қайсарды қайғы мүжіп бітірді. Ол енді тек тезірек өлуге ғана асықты. Ажал да Қайсарға қарай асыққандай таң қылаң бере кіріп келді. Темір есіктің салдырлап ашылған құлпының даусы ажал-қоңыраудың сыңғырындай тас қабырғаларды жаңғыртты. Алаңқайға алып шықты. Төртеу екен. Екі жағына екі надзиратель ертіп полковник келді. Қатулы қабағын жазбай, ұйқысы қанбаған кісіше жанындағы жандармандарға доқ етті.

 

– Отведи к северной шахте, и зақрыть  там на всегда! – деді.

 

– Но там повышенная радиоактивность. Они не выживут и пятнадцать минут, - деген адьютанттың сөзіне құлақ та аспай кері қарай қадам басып бара жатты.

 

Қайсардың миында осы екі сөйлем азаншының даусындай жаңғырып қала берді.

 

БТР-ге салып әлдеқайда алып келді. Арнайы киім киген төрт бес әскер шахта есігін ашты. Қайсар да, жанындағы үш серігі де өмірмен қош айтысқандай аспанға қарады. Аспан тұп-тұнық. Ұшқан құс та жоқ. Бұлт та жоқ. Екеуін де уранның уы күлге айналдырып жібергендей.  Айнала тап-тақыр. Өлі дала. Өлім қақпасының аузында ұзақ тұруға уақыт болмады. Қайсар өткен өмірін ойлап та үлгермеді.

 

– Алға! – деді әскердің бірі.

 

– Қош, - деді Қайсар.

 

Ажал қақпасы қайта жабылды. Өмір ажал қақпасының сауылауынан жыртия күле қарады. Күннің сәулесі көзді арбап жыртыңдайды. Улы газ ә дегеннен қолқаны қапты. Екінші қақпа жабылды да сауылау да, сәуле де ғайып болып, тас-түнек қараңғылық орнады.

 

– Ааааааааааа....

 

Азынап жатты. Ешкім естімеді. Кім қанша азынады белгісіз. Бірін бірі естуден қалып бара жатты. Қайсардың басы айналып, терісі тырыса бастады. Әлі қалмай құлай берді. Соңғы рет Айгүлді есіне алды. «Сүйем сені, Айгүл, сүйем...»

                    

 

***    ***    ***

 

 

Айгүл бүгін түс көріпті.

 

Шыр етіп безектеген тұтқаның ар жағынан Қайсардың дауысы ап-анық естілді. «Айгүл, алаңға келші, сені күтем...»

 

Бұл қуанып оянды. Желтоқсанның таңы алакеуімденіп атып келеді екен. Түсін неге жорырын білмеді. Шақырып жатыр. Қайсардың дауысы санасында сол баяғыдай жаңғырды. Сол жылғы желтоқсаннан мәңгілік естелік болып қалған ақсақ аяғын сылтып басып алаңға келді. Одан бері де жиырма жыл уақыт жүзін жасырыпты. Жұрт «Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы» деп атойлап жүр. Ал, мұның желтоқсан деген сөзді естігенде жүрегі зырқ етеді.

 

Сылтып басып Тәуелсіздік монументінің алдына келді. Жоғарыға көз тастады. Жиырма жылда заман осынша өзгереді деп кім ойлапты? Бәрі аяқ астында, көзді ашып-жұмғанша болды емес пе? Қайсардан көз жазып қалғаны қай тұс еді? Міне, мына жер емес пе? Есінде қалмапты.

 

Алаң толы жастар еді. Әйтеуір, осы жерлерде Қайсардың ізі жатыр. Рухы жүрген шығар.

 

– Әке, мұнда неге гүл қойып жатырсыз? – деген кішкентай баланың сөзіне жалт қарады. Немересі мен атасы екен.

 

– Е, балам, бұл ескерткіш осы күндердің құрбандығына айналған ағаларыңа көрсетілген құрмет. Олардың рухы осы алаңда шыр айналып жүрген шығар. 

 

– Амансыз ба, аға?

 

Бұл таныды. Амандасты. Сол, сол кісі ғой. Түрмеде...

 

– Амансың ба, қарындасым? – Ол да таныды.

 

– Таныдыңыз ба? Арада жиырма жыл өтсе де ұмытпапсыз... 

 

– Ол күндерді қалай ұмытарсың? Қанша жас қыршын кетті. Қаншама жас сен секілді сол күндердің зардабын тартып жүр. Бәріне кінәлі мен секілді қорқақ ағаларың ғой, қалқам. Сендерді қорғай алмадық. Қолында билігі барлар тағынан аударылып қалуынан қорықты. Ал мен, бар болғаны сержант қана едім. Қолымнан ештеңе де келмеді... Сол себепті үнемі осы алаңға келіп азаттық жолында құрбан болған азаматтардың рухының алдында кешірім сұрайтыным бар.

 

– Аға, сіз өлім жазасына кесілді Қайсар Есілов менің сүйгенім еді. Сол жігіттің қабірін тапсам деп ем. Сіз талай жыл қызмет еттіңіз ғой. Бәлкім білерсіз. Маған Қайсардың қабірін табуға көмектесіңізші.

 

– Қабірін дейсің бе?

 

– Иә. Тіпті бәрін топырлатып бір шұңқырға көмген  болса да, қай жерде жатқанын тауып беріңізші.

 

– Ол марқұмдардың маңдайына қабірде жату да бұйырмаған екен, қарындасым. Олар... олар уран шахтасында күлге айналған...

 

– Не дейсіз? Уран шахтасында...

 

Айгүлдің тамырларын бойлап жүгірген әлдене жүрегіне жетті. Құлағына Қайсардың даусы талып естілді.

 

– Айгүл, алаңға келші, күтем сеніііі...

 

– Қайсар... - деді ерні дірілдеп. – Мен келдім... Қайсар...

 

Тез жеткен жедел жәрдем көлігі желтоқсанның тағы бір құрбанын алып кетті. Ал, Бас алаң еш уайымсыз Тәуелсіздіктің тойына дайындалып жатты... 

Поделиться: