Бір күніме ұқсамайды бір күнім
~~Бір күніме ұқсамайды бір күнім
Осы менің мазасы жоқ тірлігім.
Мынау өмір басқаларды шабан ғып
Мінгізгендей маған кілең жүйрігін.
Жоқ арада кейде тауым шағылып
Осы жерде тұрмын деймін нағылып.
Ай далада адасқандар ішінде
Мас боп жүрем сау күнімді сағынып.
Әйтсе-дағы ақылым бар аздаған
Кей досыммен табысқанға мәз болам.
Тар қияда соларға еріп мен талай
Шыңырауға құлап кете жаздағам.
Достарменен бір жақсылық келердей
Жылы хабар күтіп жүрем елеңдей.
Өзге жұрттар ақымақ деп сөксе де
Мен оларды жақсы көрем өлердей.
Мен оларға ұнамаймын, кейде ұнап
Жақсы көрсе, дейді, нағыз ақымақ.
Мүлде олардың түрін көргім келмейді
Өзімді-өзім сөгем кейде жатып ап.
Құр бекерге керегі не өкпенің
Ақыл айтып мен оларды сөкпедім.
Солай шығар ақымақсың десе егер
Құр егесіп абыройын төкпедім.
Кілең сабақ мен олардан алғаным
Жақсы көрем пікірлері болғанын.
Олар айтса ақымақпын демек мен
Жақыныма қадірсіздеу болғаным.
Ұмытпайды, іздейді олар мен жоқта
Бірі мақтап, бірі боқтар аулақта.
Солар түссе шыдар ма еді кім білсін
Өмірдегі мен көтерген салмаққа.
06.02.2020
***
Сенгіш болып осы өмірден нені ұттым
Адамдарға сенудей-ақ сеніппін.
Сене бере санды соғып қалумен
Сенбей тұрып, сеніп қала беріппін.
Сенгіштіктің біле алмадым несі айып
Жүр біреулер сеніміне масайып.
Сенетұғын адам көпте өмірде
Сеніп жүріп бақытты өмір жасайық.
Адал жанның таусылмайды арманы
Ұмтылады мұратына алдағы.
Сеніміңді тас-талқан ғып кейбіреу
Несібеңді қағып кетер жолдағы.
Жиі ермедім жетегіне желіктің
Осы өмірден нені біліп, нені ұқтым.
Сенгендердің сенімінен шықсам деп
Сергелдеңнен сенім іздеп келіппін.
О, жаратқан, сенім бердің сүй дедің.
Қызық көрдім жастық күннің дүрмегін.
Сенің арқаң шығар ұлы құдірет,
Жер бетінде менің өстіп жүргенім.
18.02.2020
Поделиться: