М.Әуезовтің Абай жайындағы тарихи романы
М.Әуезовтің көркем әдебиеттегі ең көлемді, жазушы өмірінде негізгі орын алатын, уақытының көп бөлегін арнайы жұмсаған басты шығармасы «Абай жолы» тарихи роман-эпопеясы. Жазушы өзінің бұған дейінгі көлемді драмаларында, роман-повестерінде, әңгімелерінде суреттеген халық өмірін осы романында мол ауқыммен, тарихи уақытын соза түсіп, оқиғаларды кеңейте, эпикалық тұрғыдан кеңейте бейнеледі. Бұрын әдебиет тарихшысы, сыншы, публицист, шебер драматург осы қасиеттерінің барлығын дерлік роман беттерінде шеберлікпен өрнектеп көркемдік тұрғыдан биік дәрежеге көтеріп көрсете алды.
Әр жылдары жазушының жазған көркем туындыларына қарай отырып солардың ізімен келетін болсақ, оның бұған дейін бірден-бірге дамып, алға басқан, сан тарапқа құлаш ұра ізденген талант ауқымының кеңдігі, көзқарас шеңберінің бірден-бірге өскен көржиегі, талпыныс күшінің ерекше серпінге бай тыныс қуаты көрініп жатар еді.
Жазушыны бір шығармадан екінші біріне қарай жылжып әкетіп бара жатқан ішкі талпыныстың, жай ғана құштарлықтың, тасыған ағынның қуаты ғана емес, рухани ізденістің сан тарау өмірмен қиюласа байланысқан әрекеті тылсым көзге көрінбейтін оқиғаларды өздігінен әкеп суреткер шығармасына өздігінен тоғыстырып, әр қиырдан жиып әкеп, таныстырып, жолықтырып жататындай көрінеді.
Роман жарық көргеннен бері жазушы шеберлігіне талай зерттеуші назар аударды. Ғылыми тұрғыдан салиқалы, көлемді еңбектер жазылды. Солардың ішінде уақытпен бірге жасаса жүріп, іріктеліп, уақыт сынынан өтіп оқырманға ой салып, бүгінгіге жеткені қаншама. Көркем шығарма тез ұмытылып қалмай неғұрлым ұзақ мезгіл жасаған сайын оқырманға өзі жайында жазылған еңбектерді де тудырады. Соның кейбірі кезінде әлдебір кезекпен жазылып, пайдаға асып жатса да кейін уақыт оларды өзінің сын тезіне салып қолайына қарай сынай отыра жаңа оқырманға жаңартып өзінше жолдармен жеткізеді. Мұны көркем шығарманың тарихи-әдеби жолы деп айтуға болады.
М.Әуезовтің «Абай жолы» тарихи романы осындай өзінің халқымыздың мәдениеті тарихында алатын ерекше орнымен құнды. Көркем әдебиеттегі талант құдіреті, көркемдік таным биігі асыл туындылар тұрғанда ешқашан аласармайды. Жаңа есімдермен толығып отырады. Ілгері дами отыра, жаңа уақыттың бедерін сөз өнерінде өзінше бейнелейді.
М.Әуезов өз дәуірін осылай көтеріп жазды. Ұлы Абайдың ақындық бейнесін тарихи тұрғыдан сомдады. Ақынның өмір сүрген дәуір шындығын толық түрде бейнелей алды. Жазушыға өз талантына сай оның мүмкіндіктерін одан ары ашып танытатын үшін осындай күрделі тұлға, қайшылықты кезең, тарихи орта керек еді. Қаламын сан тақырыпқа салған суреткер ақын туралы роман жазуды өзі іздеп тапты. Бұған дейін жазғанын атап айтатын болсақ олардың әрқайсы кез-келген жазушыға өміріне жетерлік атақ-абырой алып берерлік дәрежеде жазылған көркем шығармалар болатын.
Тарихи тақырып М.Әуезов үшін ерекше сиқыры бар, алдан қол бұлғай шақырып, өмір бойы алынбас алыс қиырларға бастап, сағымдана шақырып тұратын ғажайып әлем сияқты еді. Оның тарихи тақырыпқа ерте баруы заңды құбылыс. «Хан Кене» драмасы, «Қилы заман» романы осы бағыттағы ізденістердің ірісі болатын. Бұдан өзге «Еңлік-Кебектен» бастап «Қара Қыпшық Қобыланды», «Айман-Шолпанды» жазуы, «Түнгі сарынды» ел өмірінің оқиғалы кезеңіне байлауы жазушының ілгерінді-кейінді, оңды-солды ізденістерінің өзіндік жемісі еді.
Алда аласапыран, төңкеріске толы дәуір тұрды. 1930-жылдан бастап тапсырыспен кеңестік пьесаларды жазуға қатысты. Сол кезеңдегі жазушы ізденістеріне назар аударсақ бірталай жаңалықтарға тап боламыз. Осы уақытта жазушы өзінің бірталай шығармаларын жазарда оған роман болып кетерлік сипат табылмау себепті әңгіме, повест деп атағандығын байқауға болар еді. 1920-30 жылдар аралығында жазушы ірі тақырыптар іздесе де роман боларлық алаңсыз мол тақырып таппаған тәрізді. Кейін бір жазбаларында «елде жүріп бір роман жазып едім, ол кейін жоғалды» деген сипаттағы пікірлерін оқуға болады.
Жазушылық жолдағы жас жігіттің қалаға келіп, алғашқы қазақ оқығандарының ортасында мәдениетке араласуының өзі роман боларлық тақырып еді. Әлдебір әңгімесіне осылай роман боларлық сипат дарытып, ұзақ әңгіме етіп, кейін қысқартып қатардағы әңгімелердің бірі ретінде шығарғаны да қаламгердің өзіндік құпиясы мол болғандығынан, оның әрбір тақырыпқа көп дайындықпен араласып, жазу өнеріне биік талғаммен қарағандығынан болса керек.
Көркем бейне тудырарлық ізденістер әрдайым ішкі дайындықты қажет еткенімен кейде, жазушы еркіне бағына бермейтін өзіндік даму заңдылығы болатынын ілгеріде небір ірі қаламгерлер өздері де мойындаған. М.Әуезов Абай жайындағы көркем романды бірден көлемді дүниеден бастап кетпей бірнеше мақалалар жазды. Жазушы өзінің 1958 жылы жазған «Автобиографиясында»
«Занимаюсь со студенческих лет изучением жизни и творчества классика казахской поэзии Абая Кунанбаева, написал в 1927 г. его полную биографию и подготовил к печати первое полное собрание его сочинений. Этот том был издан в 1933 г. как одна из первых книг классической художественной литературы на казахском, латинизированном алфавите»,–деп жазды. ( ) Мұхтар Әуезов Өнегелі өмір.–Алматы: Қазақ университеті, 2017, Арнаулы шығарылым.–375 б.
Көріп тұрғанымыздай бала кезінен атасы Әуез Абай ауылымен көрші отырып, өлеңдерін жас шағынан жаттап өскен жас қаламгер осы тақырыпты кейін өзінің жанына жақын санап, осы бағыттағы еңбектерін 15 жылдам артық уақытын арнайды.
М.Әуезовтің әдебиет тарихын студенттік кезден-ақ оқып, терең біліп зерттей бастауы оған көптеген мүмкіншіліктер, қосымша тың деректер, мол білім, ізденіс, күш-қайрат сыйлайды. Семейдегі жылдары Абай туралы бірер мақала жазғаны болмаса онша тереңдеп мән бере қоймағанына қаламгер кейін сәл өкінген сыңай танытады. 1933 жылдардан бастап шындап айналыса бастаған кезде ұлы ақын жайлы көптеген деректер білуші үлкендер, Абайдың замандас, сыйлас адамдары кейбірі өмірден өтіп, көбі ұмыту, кәрілік себепті бұрынғы білгендерін айтып беруде қиындықтар туындайды. Оның үстіне 1920-30 жылдардың зобалаң саясаты байшыл-ескішіл адамдарға қарсы қарсы саясат жүргізіп жатқан аласапыран қиын уақ болатын.
Бұл қиындықтардың барлығы жиылып келіп М.Әуезовтің қайта елге оралғанда тарихи материалдар жинауын қиындата түседі. Соған қарамастан Абайды көрген, замандас, көрші-қолаң, туыс-ағайындарының аман қалған ұрпақтарынан естеліктер жаздырып алады. Іздеп тауып, таныс адамдар арқылы сұрау салады. Романға арналған материалдар жинау барысында түрлі кедергілерге ұшырайды. Соған қарамастан көп еңбектену, деректер жинау, әңгімелесу, ел аралап ескіні тірілту барысында болашақ романның түрлі кейіпкерлерін тауып, әңгімелерін қағазға түсіреді.
Роман жазу барысында жинаған тарихи деректерді жазушының қалай пайдаланғаны жөнінде З.Ахметов, Л.Әуезова, А. Нұрқатов, Б.Сахариев, Р.Нұрғали, К.Сыздықов, Б.Майтанов, Т.Әкім еңбектерінде кездеседі. Мұнда жазушының архивінде сақталған деректерді романда қалай пайдаланғаны жөнінде салыстыра қарайтын тұстар баршылық. М.Әуезов тек естеліктер мен жинаған деректерді ғана емес, сол дәуірдегі тарихи, экономикалық, тұрмыстық, этнографиялық жайттарды назардан тысқары қалдырмаған.
Бұл жайында жазушы өзінің «Как я работал над романами «Абай» и «Путь Абая» деген мақаласында оқырманмен ашық сырласа отырып ой бөліседі. Бұл мақаланы жазуға оқырмандардан алған көптеген хаттар себеп болған еді. Оның үстіне түрлі кездесулер барысында қойылған сұрақтар жазушыға ой салады. Сол себепті де роман жайында кеңінен толғап әңгімелеп беруді жөн санап, өзінің жазушылық шеберханасын ашып, жеткен жетістіктерінің сырымен бөлісуді қолға алады.
Осы шағын мақаланы оқу барысында жазушының тарихи романды жазу барысында қалай еңбектенгеніне оқушы көз жүгіртіп қана өтпей көп беймәлім жайттан хабардар болады. Мақаланың тілі қарапайым, түсінікті болғанмен ондағы айтылған кейбір жайттар оқырманның ғана емес зерттеуші ғалымдардың да назарын аударғандай еді. Бұл жайында бірталай мақалалар, пікірлер кезінде жарыққа шықса да бұл жайында әлі толық айтылмаған, әлі зерттелмеген сияқты әсер етеді. Мақала өзінің көтерген тақырыбының үлкен, терең болуымен көп нәрсені қамтыған. Әр сөйлемнің, сөз тіркесінің, ой орамдарының астарында жазушының емеурінін, тұспалдап айтқан, алысқа сілтеген пікірлерін байқауға болады.
Роман жарық көрісімен бірден кеңестік-партиялық сынның қарауылына ілікті. Осы қиындықты пайдаланып роман туралы сөз еткендер әр жерде «тақырыбы бұрынғыша жат, өткенді көтере суреттейді, бұржуазиялық жымысқы пиғыл бар» деген сияқты өткір сын пікірлер айтуды қайталаумен болады. 1940 жылдарда жоғарғы оқу орындарында білім алған дайындығы бар кеңестік әдебиет сыншылардың әдебиетке енді келе бастаған уағы еді. М.Әуезовтің «Абай» романы жайлы әр түрлі пікірлер айтыла бастаған уақытта солардың алдыңғы қатарында кеңестік қаламгерлер баспасөзде бірталай жылы көзқарас білдірді. Олардың ішінде кейінгі жас толқын Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, З.Шашкин, А.Нұрқатов, З. Қабдолов, З.Ахметовтер болды.
Кеңес әдебиетінің негізін қалаушы ақын-жазушылар «Абай» романы жайлы жақсы пікір білдіргенімен сол кездің саяси қырағы топтары шығарма бойынан жаңа дәуір көзқарасына сай келмейтін бірқатар кемшіліктерді тапты, оны санамалап көбейте келіп, талқылау кезінде, тіпті түзетулер енгізуді, одан қалса мүлде зиянды деген тұстарын қысқартуды ұсынды.
Роман беттеріндегі оқиғада ескі уақыттың сарындары басым дегеннен бастап, жаңа социалистік идеяларға сыйыспайтын сол ескілікті қозғаушы бұрынғы қоғамның адамы суреттеліп жүруі кеңес әдебиетіндегі жағымды көрініс емес, қайта мәдениетті кейін тартатын кертартпалық көзқарастың көрінісі деп сынға алынды.
Жазушы М.Әуезовтің ескішіл, бұрынғы алашордашыл, байшыл-ұлтшыл әдебиет жолында болғаны болғанын жақсы білетін кеңестік бағыттағы қаламгерлер бұлар бұрынғы әуендерін қайта бастағалы жүр деген жаттанды әңгімелерін айта бастаған еді. Мұның бәрін орына келтіріп, романды толық теріске шығарудан аман алып қалудың жолы оны ашық талқыға салу жолы еді. Мұндай талқылау кезінде М.Әуезовтің өзі шығып сөйлейді. Роман жайында баяндама жасалып, оған партиялық тұрғыдан әдеби-көркемдік жағына баға беріледі. Сол кездегі саяси, таптық тұрғыда сынға ілінгенімен романның әдеби көркемдігі ешкімді, тіпті қарсыластарын да бей-жай қалдырмайды. Осыған сүйенген жазушы алғашқы талқылауда романға, сол арқылы әдебиеттегі ескілікке күйрете соққы берушілердің дегенін іске асырмай тастайды.
Осы сәтті пайдаланып романды қолдаған көптеген әдебиешілермен қоса Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Қ.Сәтпаев, І.Омаров, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ы.Дүйсенбаев сияқты шынайы пікір білдірген сыншылардың айтқан пікірлері баспасөзде кеңінен жарияланады. Кітапты қолдаған мыңдаған оқырман атынан сөйлеген, түрлі дәрежедегі әдеби жиындарда айтылған пікірлер көпшілік халықтың көркем шығарманы дұрыс қабылдағанын көрсетіп, ашық қолдау білдіреді. Бұл көркем әдебиетке деген кеңестік кездегі интеллигенция өкілдерінің сенімін, дұрыс жолдағы қаламгер еңбегіне деген құрмет белгісін көрсетеді.
Сол кезеңде алғашында партиялық саясаттың қырына ілігіп, дұрыс қабылдана қоймаған романның көркемдік ерекшелігі, халыққа берген рухани әсері, жазушының талант күшін танытатын ізденіс аумағы, кітапты жазу барысындағы ізденістер жайында тиісті терең зерттеулер бола қойған жоқ. Сол себепті де көбінесе байыпты пікір, парасатты ойларды көбіне даңғаза саясат, партиялық жүйенің әміршіл әрекеттері басып кетіп жатты.
Бүгінгі уақыт биігінен қарағанда төрт томдық роман-эпопеяның жазылу барысында әр кітап жарық көрісімен шығып жатқан рецензия, пікір, сын мақалалардың көпшілігі сол кездің саясатына қызмет етті, тереңге үңілуге мұршасы болмады. Осы еңбекті қалайда құлатып алмай, абыроймен аяқтап шығып, оқырманға ұсынуға әдеби орта да, оқырман мен талант иесі қаламгер де бейіл болғанын байқаймыз.
М.Әуезов қазақ әдебиетінің, қазақ тарихының білгір зерттеушісі, ғалым ретінде осы романға көп дайындықпен барғанына кейін бірталай ғалымдар зерттеу жүргізді. Онда жазушының осы романы тәрізді орыс, қала берді сол уақтағы одақ әдебиетінің ең алдыңғы қатарлы шығармалары ауызға алынды. Иә, жазушы осы кітаптарды негізге алған, үйреніп шеберлік шыңдаған деген пікірлер айтылады. Дәлелі де жеткілікті. Зерттеуде орыс жазушыларының тізімі біршама.
Сөз жоқ мұнда шындықтар бар екені рас. Орыс, батыс еуропа, басқа әдебиеті дамыған халықтар әдебиетінде тарихи тақырып жеріне жеткізе жазылған. Оның қаншасын Мұқаң оқып, астын сыза отырып қолданды, әсер алды, шеберлік шыңдады. Бұл оңай мәселе емес. Енді Мұқаңның өзі айтқандай кезінде айтуға болмайтын өзіміздің тарихи әдебиеттегі жетістіктеріміздің ұлы жазушыға берген ықпалы әлі күнге тереңдете айтылды деуге болмайтын сияқты. Мұнда үңілетін тұстар, тізімдер, алған шеберлік сабақтары аз болмауы керек.
М.Әуезовтің музей үйіндегі жазушы кітапханасында алты мыңнан аса кітап бар деп тізімге алынған. Жазушы кітапханасы сол күйінде сақтаулы. Қолжазба мұрасы да осы музейде сақталған. Жазушы Абай жайын қалай зерттеп өтсе, кейінгі ұрпақ Мұқаңды да солай зерттеуі тиіс.
Орыс әдебиетшілеріне Пушкин жайында жазу қиынға түспейді, себебі оның қолмен жазғандары сақталған, замандастары естеліктер жазып қалдырған. Ал, Абай жайында ондай естеліктер қалмаған, тіпті өзінің қолжазба мұрасы да сақталмаған. Бұл пікірді жазушы «Как я работал над романами «Абай» и «Путь Абая» деген мақаласында келтіреді. (13.257.)
Бұрынғы өткен ақын-жазушылар мұрасын зерттеушілерге ғылымда әрдайым құрметпен қарайды, егер әлдебір есімі белгісіз зерттеуші жаңа еңбек жазса бұрынғы зертеушілердің не жазғанын біліп барып пікір айту дағдысы ғылымда бұрыннан қалыптасқан. Мақаланың бас жағында М.Әуезовтің Абай жайындағы романын зерттеуші ғалымдардың еңбектері жайында айтып өткен едік. Олар романды талдау, тарихи оқиғалар жайында дерек жинаудың қыр-сыры жайында айта келіп Мұқаңның ізденістеріне тоқталып өтеді. Сөз жоқ мол мәліметтер береді. Біз оларды айта келіп М.Әуезовтің классикалық әдебиеттен үйренген, шеберлік меңгерген, рухани нәр алған тұстарын өзінің мақаласында келтірген мысалдар арқылы тағы да тарата сөз етуді жөн санаймыз.
Поделиться: