Әкемнің келетініне үміттімін
Анамның інісін «Ағатай» деп айтып өстім. Жазғы демалыста анам мені ағатайым үйіне демалуға жіберетін, демалыс аяқталар кезде нағашым үйге әкеліп тастайды.
Бірде оқу басталар алдында нағашым мені машинасымен үйге әкеле жатып «Осы көптен радио тыңдамап едім» деп радионың құлағын бұрап қалып еді:
Әлі есімде, біледі жұрт біледі,
Ел басына қатер төнген жыл еді.
Қимастарын қан майданға ұзатып,
Қарсы айырылған аналардың жүрегі,- деген сазды ән төгіліп қоя бергені. Әннің әуені мен сөзі жүрегімді бірден баурап алды:
Соғыс жұлып кетті үйінің тірегін,
Соғыс бұзды қуанышын, реңін.
Тұрды ана күйеуінен айрылып,
Тұрды құшып тек қана оның күрегін.
Ақ сүті оның өтеусіз жай қала ма,
Борышты оған небір дарқан дана да!
Тірлік сеуіп келе жатқан дүниеге,
Әй, адамдар, жол беріңдер анаға,- деген ән әуені ширығып жоғары нотаға жеткенде машина айдап келе жатқан ағатайыма көзім түсіп кетті, оның қара көзілдірігінің астынан аққан жас тамшыларын көрдім. Мен, ардақты да, аяулы ағатайымның көңілінің босағанын бірінші рет көруім еді:
О, аналар, осындайсың бәріңде,
Осындайсың жасың- дағы, кәрің де.
Сыйынатын болса өмірде құдірет,
Сыйынар ем ана деген тәңірге,- деп ән де төменгі ырғақпан аяқталды. Ағатайым үйге дейін үн - түнсіз ой құшағында келді.
Үйге келген соң анама ағатайымның соғыс туралы әнді естіп, көзіне жас алғанын айтқанда, анамның да көзі шыланып: «Әкесін сағынған ғой, әкем соғысқа кеткен кезде, інім тоғыз жаста болатын. Соғыстың ауыртпалығын әбден таттық, анамыз дімкәс, жұмысқа жарамайды, сонда 9 жасар інім ауыл адамдарының пималарын табандап, етіктерін жөндеп, ине дайындап т.б. шаруаларды істеп, күн көрісімізді айыратын. Соғыс болса созылып кетті. Сол кездегі балалар сияқты бізде әкеміздің аман- есеп оралуын асыға күттік. Ауылда «қара қағаз» алған отбасылардың зарын естіп жатамыз. Әкем хабар-ошарсыз кетті. Соны көңілге медет тұттық. Ол әкеміздің тірі келетініне үміт берді»,- деді...
Ал, әннің аты «Ана туралы баллада» екенін біліп, анама әннің пластинкасын алып бердім. Анамның потефонмен пластинкаға жазылған әнді тыңдап отыратынын көретінмін. Жылдар өтті, бірақ атамнан хабар болмады, ал мен атамның тірі келетініне сендім. Бір күні анамнан:
- Атам, қашан келеді екен? - деп едім, ол көз жасын сүртіп:
- Құлыным-ай, мені де осы сұрақ күндіз-түні мазалайды. Әкемнің аман-есен келетініне үміттімін... Күдер үзгім келмейді. Жүрегім әкемді жамандыққа қимайды, мүмкін шетелге өтіп, бізге зияны тимесін деп хабарласпай жатқан шығар..., - деп айтушы еді. Бірде ағатайыма:
- Анам атамның келетініне үмітті, – деп едім, ол батыс жаққа көз тігіп:
- Әкем келеді деп сенемін, - деген еді.
Өмір де сырғып өтіп жатты «Әке...» деп үмітпен жүрген Анам мен Ағатайым да қайтпас сапарға кетті!
Тек бертін «Мемориал» сайтынан Әбілмәжін атамның Беларус жерінде қаза болғанын оқып, атама тұңғыш рет дұға бағышыладым, өйткені анам: «Тірі адамға дұға оқылмайды» деп атама дұға бағышлатпайтын.
Поделиться: