Нобель сыйлығының иегері Қытай жазушысы Мо Ян
2012 жылы бүкіл әлемдік Нобель әдебиет сыйлығын алып, дүниежүзін жалт қаратқан Қытай қаламгері Мо Ян туралы түрлі пікірлер әлемді шарлап кетті... Қазақ елінің әдебиет танушылары мен сарапшылары да елден оқыған немесе естігені бойынша өз пікірлерін айта бастады. Бірақ, Мо Ян мен оның шығармашылығы туралы мардымды ақпаратты әлі ала алмай келеміз.
Сіздердің назарларыңызға Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің Шығыстану факультеті Қытай әдебиеті пәнінің оқытушысы, Қытайтанушы, жазушы, аудармашы, PhD доктор Нұрқалық Абдырақын мен белгілі журналист Әлімжан Әшімұлының өткізген сұхбатын ұсынып отырамыз. Бұл әңгімеден Мо Ян және оның шығармашылығы туралы ақиқаттың қыры мен сырына көз жеткізесіз.
Нұрқалық Абдырақын. PhD доктор, 2004-2007 жылдары Түркістандағы Қ. Яссауй атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінде ханзу тілінен сабақ береді. 2007 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің Шығыс тану факультетінде Қытай әдебиетінен сабақ береді.
Н. Абдурақын «Қазіргі ханзу тілінің грамматикасы», «Жаңа заман ханзу әдебиеті», «Ханзуша-қазақша фразеологиялық сөздігі» «Көне қытай әдебиетінің хрстаматиясы», қатарлы оқулықтар мен сөздіктердің және «Қытай-қазақ тіліндегі бастуыш-баяндауыштық сөйлемді салғастара зерттеу» атты монаграфияның авторы. Оның Ан-арыс баспасынан «Иірім» атты роман шыққан (2010 ж), «Аңсау» әңгімелер жинағы(2016ж), ҚазҰУ баспасынан шыққан. Соынмен бірге қытай тілінен қазақ тіліне «Қытай мифтерін» және «Даналықтың дәйегі» атты екі кітапты аударған. Бүгінгі таңда оның публистикалық мақалалары мен ой- толғамдары мерзімді баспа сөзде жарық көріп келеді.
– Нұрқалық мырза, тәуелсіз Қазақ еліне Қытай әдебиеті күні бүгінге дейін сырлы, жұмбақ әлем болып келегені шындық. Орыс аудармашылары арқылы Қытай әдебиетінің классиктері Ли бай мен Лу Шұнді шет жағалап білгені болмаса, 2012 жылы дүние әдебиеті айдынына сунами болып келген Мо Янның шығармасын білмек тұрмақ, өз атын да естімегенімізді мойындауымыз керек. Алайда әлемдік Нобель әдебиет сыйлығын алған Мо Ян туралы өзгелерден қалғысы келмеген біздің бірлі-жарымды қаламгерлер мен әдебиет танушылар әртүрлі ойларын айта бастады. Көбісі шетелдік сарапшылардың, әсіресе орыс қаламгерлерінің айтқанына жүгініп жүр. Сондықтан сіз Мо Ян туралы әңгіме бастаудан бұрын Мо Яның шығармашылығын қалыптастырған жаңа заман Қытай әдебиетінің тарихына қысқаша тоқтала кетсеңіз?
- Жаңа заман қытай әдебиеті төмендегі алты тарихи кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең: қытай жаңа әдебиетінің басталу кезеңі (1898-1916). Осы кезеңде, жаңа заман қытай әдебиетінен өркениет, эстетикалық талғам көрініс таба бастады, бірақ бұл кездегі қытай әдебиетінің тілі түсініксіз болды. Кейінгі «Бай Хуа 白话» қозғалысы, кішкене болса да тілді тазартты. 1898 жылы Лиң Чичау梁启超 «Ун Ян文言 жоғалтайық, Бай Хуа 白话ға көшейік» - деген ұран тастады. Бұл кезде проза, санун жақсы жазылды, поэзия мен драма тоқыраған еді. Лиң Чичаудың «жаңа демократия» деген ұранымен әдебиетте заманауилық бағыт көрініс берді. Міне осы кезден бастап қытай жаңа заман әдебиеті басталды.
Екінші кезең: бұл кезең қазіргі заман қытай әдебиетінің қалыптасу кезеңі (1917-1927) саналады. Мұнда адамзат өркениеті, эстетика Лу Шүн шығармаларынан байқалды, сонымен бірге оған ілесе Жоу Зорын, Жоу Зычиң қатарлы «Сан Ун» жазудың шеберлері пайда болса, Шүй Жымо, Ун Идо қатарлы ақындар бұрынғы бостықты толтырды. Осы кезеңде көптеген әдеби топтар мен әдеби журналдар әр түрлі мерзімді басылымдар пайда болып, әдебиетті реформалау жөнінде Ху Шы және Чин Дучю қатарлы қаламгерлердің мақалалары «жаңа жастар» журналында жарияланды. «жаңа жастар» журналы «кісілік құқық, теңдік , еркіндік» деп ұрандатумен болы. Олар 1917жылғы Ресейдегі Қазан төңкерісінен әсерленіп қытай қоғамына марксизмді Ли Дажау атты қаламгер арт-артынан мақала жазып үгіттеді, коммунизм желі есті. Міне осылай әдеби ағымдар қалыптасты. Артынша Жоу Зорын, Шүй Дишән қатарлы 12 қаламгердің бастауында «әдебиетті зерттеу» қоғамы құрылып оған 170 жазушы мүше болды. Олар проза, поэзия айлық журналын жарыққа шығарды, жалпы 132 сан шықты. Го Моро бастаған қаламгерлер «тапқырлау» қоғамын құрып шетел әдебиетін жан сала аударды, осылай реалистік, романтикалық, заманауилық жаңа заман қытай әдебиеті шынымен қалыптасып үлгерді.
Үшінші кезең: қазіргі заман қытай әдебиетінің кемелденген шағы (1928-1949). Бұл кезеңде адамдық өркениет пен эстетикалық талғамды жазу барынша жоғарылады, әдебиет өз әлінше кемелдене түсті, Мау Дүн, Ба Жин, Чын Сүңун, Ли Жие қатарлы прозиктер мен Цау Ю сынды атақты драма майталмандарымен толықты, Хы Чипаң деген Сан Ун жазушысы өзін жақсы көрсетті, «Бейжіңдік» және «Шаңхайлық әдебиетшілер» тобынан Дай уаңшумен Бян Жылин өлеңдері оқырманға жол тартты, Жаң Айлиң мен Чян Жоңшудың әңгімелері терең ойлылығымен есте қалды. 40-жылдарда «батыс оңтүстік ақындар» тобы қалыптасып поэзия шарықтау шыңына шықты, ал Лау Шы прозада өз биігін тапты. Осы кезде әдебиетте екі түрлі жол болды, саяси әдебиет және таза әдебиет деп жіктелді. 30-жылдарда пролетариат әдебиеті болса, 40-жылдарда азаттық әдебиеті болды, саясиланбаған әдебиет бұл кезде өте аз болды, десе де таза әдебиет өз биігінде сақталды.
Төртінші кезең: Бұл кез қытай әдебитінің бұрылыс кезеңі болды (1949-1976). Әдебиеттегі адамзат өркениеті, эстетикалық көріністе орасан зор өзгеру болды. Бұл кезде адамдарда саяси көзқарас бірінші орынға шықты, руханият екінші орында тұрды. Демек саясат барлық әдебиеттің өзегі болды. Жазушының барлығы «қызыл» әдебиетшіге айналды. Мәдениет төңкерісінің алдындағы «қызыл» әдебиет «стихиялы құдайшылдық» әдебиетке көшті. Осылай эстетикадан арылып, ежелгі қытай әдебиетіне ұқсап қалды. Бай мазмұнды жаңа заман әдебиеті қалыпшыл, бір жүйеге бағынғыш, мүсәпір бейнеге еніп әлсіреді, бос мақтау мен белгілі бір шеңбердің ішінде тұншықты, 1957 жылдан кейінгі әдебиет мүлде тоқырады, жасырын жазатын, бәрін ішіне сақтайтын, жазғанды көміп, тығып қоятын «жер асты әдебиетіне» айналды.
Бесінші кезең: Бұл кез осы заман қытай әдебиетінің дамыған кезеңі. (1976-1989) 1985 жылдан бастап қытай жаңа заман әдебиеті ерекше бір жаңа қарқынмен дамыды, осы кезеде «жаралы әдебиет» «қайталай ойлау әдебиеті» «реформа әдебиеті» сияқты әдеби ағымдар қалыптасты, солай әдебиет өте тез жаңарды, әдебиеттегі «Құдайдың» орнына «менді» ауыстырды. Осылай адамдық өркениетті, жоғары сатыда жаза бастады. Осыдан кейін 1985 жылы «тамырын іздеушілер» «осы заманданушылар» «алда жүргендер» қатарлы әдеби ағымдар мен үрдістер қалыптасты. Міне осылай жаңа заман әдебиеті қатты өзгеріп жаңарды, батыстың құндылықтарын дәріптеу әдебиетте төмендеп, өз ұлттық төркінін, тамырын қайта тапты, ежелгі кісілік құндылықтарды дәріптей бастады, өр көкірек «меннің» орнына кішірейген «мен» ауысты. Демек бұл кезең қытай әдебиетінің өзегіне қайта оралған кезеңі, эстетика жаңарып, еркін ойлау келіп, әдебиет шынымен де ішкі төңкерісін басынан өткерді, өлеңдер де сан алуан формаға енді, әдебиет халықтың алдында шындап өз міндетін атқара бастады.
Алтыншы кезең: Бұл кезең қытай әдебиетінің модернистік көп бағдарлы (1989 жылдан бүгінге дейінгі) кезеңі. Логикалық ойлаудың дамыған кезеңі, бұнда ХХ ғасырдың 90-жылдарында адамдарда тұтыну, құн (нарықтық) көзқарасы әдебиетке сан алуан түрде ене бастады, ХХІ ғасырда тұтыну қөзқарасы нақтылы бағытқа, бір жүйелілікке қарай ойысты. 1992 жылдан бастап қытайда базар экономикасы қатты дамыды, осылай әдебиетте нарыққа мықтап бейімделді, әдебиетте құн көзқарасын дәріптейтін сан алуан бағыттағы шығармалар жазылды. Бүгінде қытай жаңа әдебиті «реализм әдебиет», «жаңа дәуір әдебиеті», «әйелдер әдебиеті», «келешек әдебиеті» деп сан-саққа бөлінді. Реализм әдебиеті мен фантасикалық әдебиет бір-бірімен қатты араласып кетті, қазіргі таңда әдебиетте тұтыну, құн (нарықтық ) көзқарасы төмендеп кетті.
Енді міне ғаламтор әдебиеті қалыптасып, өте қатты дамуда. Интернет әдебиетінде жазба тілдің орнын ауызекі тіл басты, тіпті «бизнес және шенеулік» әдебиеті жандана түсті. Бірақ адамдық өркениет, эстетика төмендемеді. Шетелде тұратын (эмигрант) қытайлық жазушылыр әлемі де қалыптасты, сонымен бірге Тайуан, Шяң Гаң, Макау әдебиеті тағы бар. 1,2,3 кезең әдебиетін қазіргі заман(现代文学) қытай әдебиеті деп, 4,5,6 кезең қытай әдебиетін осы заман(现代文学) деп бөліп қарастыратын дәстүрлі бөлу әдісі де бар.
- Осы заман Қытай әдебиетіндегі модернистік тенденция қай кезден бастау алды?
- 1978 жылы желтоқсанда Дың Шияупиң билігі орнағаннан кейінгі экономикалық реформа мен «ашық есік саясатын» жүргізу туралы шешімін жариялағаннан бастап (Қытай Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің ІІІ пленумы 11-шақырылымы) 1989 жылы 4 маусымдағы Тияньанмин алаңындағы оқиғаға дейінгі аралық «жаңа кезең» деп аталады. Бұл кезеңде 1919 жылғы 4 мамыр Қозғалысы кезінде пайда болған жаңа мәдениет мен «мәдени төңкерісте» қирап қалған адами құндылықтарды қалпына келтіру, және батыс әдебиеті мен оның көркемдік, эстетикалық тәсілін өзіне үлгі ету, көптеген модернистік, промодернистік және постмодернистік бағыттар мен топтардың пайда болды. ХХ-ғасырдың 90 жылдардан соң Қытай мүлде үлкен өзгеріске ұшырады, сауда-саттық экономикасы жанданды, қытай халқының егістік егуге деген махабатын сауда-саттыққа деген қызығушылығы басым түсті, барша қытай ұлты жаңа нарықтық көзқарастың ішінде өмір сүрді, «даму деген дау жүрмейтін шындық», «жалпы халықтық ішкі өнім» деген көзқарасты және ғылым арқылы даму бағытын ұстанды, үздіксіз реформа жасау, үздіксіз ортаға бейімделу, үздіксіз алға ілгерілеу деген сияқты түрлі бағыттарда ұрандатты. Осы заман қытай әдебитінде орасан зор өзгеріс пайда болды, бұнда адамдар танымдық жақтан төмендеп, сауда-саттық экономикасының жетегімен тұтыну мәдениеті қалыптастырды, осылайша осы замандағы мәдениетте, әдебиетте адмдық құқық , азаматтық сана мәселесі көтерілді, шетелде тұратын қытай жазушылары мен шетелдік күштердің ықпалында әдебиет көп бағдарлылыққа бейімделді, адамдардың гуманитарлық рухани сұраныстары сөз бола бастады, әдебиетте ішкі ирімдер төмендеп, бүгінгі жаргон сөздер ене бастады, тұтыну мәдениеті, әдебиетте түрлі түсті ой-толғамдар бейнеленетін болды, жаңа ғасырдың жаңа мәселелері көрініс таба бастады. Әдеби шығармашылықта жазушыларға өз ойындағысын еркін жазуға толығымен мүмкіндік берілді, әдебитте бүгінгі күннің ұсақ-түйек тақырыптары және замандану деп ұятсыздау дүниені жазу өз алдына үрдіске айналды. Сонымен қатар бүгінгі күннің тұтыну мәдениетін дәріптеу басты назарға ұсталды. ХХ-ғасырдың соңғы мезгілдерінде тек төмен қарап алып кітаби жазғыштықтық өзгеріп, нақты болған істер ғана жазылып, ақпараттық, дидакатипті шығармалар жарыққа шықты. ХХІ-ғасырда жазушыларға материялдық қажет қамтамассыз етіліп, оларға рухани, қоғамдық мәселелерге шындап кірісуге мүмкіндік берілді. Сол себепті де әдебиетке қазіргі заман мәдениеті қатты әсер беріп, әдебиетте көп бағдарлы модернистік тенденция жол берілді.
– Ал онда әлемді таңғалдырған, бізді тамсандырған қаламгер Мо Янның өмірі мен шығармашығына тоқтала кетсеңіз?
– Мо Ян 1955 жылы 17 ақпанда, Шандоң провинциясының Гауми ауданы, Далан ауылындағы Пиңан қыстағында бір кедей диқан отбасында дүние келеді. Әкесі – Гуан Ифан балаларын қатал тәртіппен ұстаған адам болған. Мо Ян – Гуан отбасының төртінші баласы. Шын аты – Гуан Мойе. 1979 жылы Ду Чиңлан атты қызбен үйлеген. 1981 жылы Гуан Шяушяу атты қызы дүниеге келген. Мо Яндының бала кезінде атасы елге: «Сүйкімді емес дей көрмеңдер. Ол – темірқазық, кейін үлкен адам болады», – деген екен. Үлкен атасы Гуан Соңфың ана мен балалар сырқатына мықты дәстүрлі емші, ал өз атасы Гуан Яони әңгімешіл, ертек-аңыздарды көп білетін қарт болған.
2010 жылы Хаңжоу қаласындағы Лоңчуанға барып ата тегін іздеген Мо Ян сол жердің тұрғындарына: «Менің қазіргі тұрған жерім Гаумиға барған Гуан тегінің жиырма төртінші, Лоңчуандағы Гау тегінің отыз алтыншы ұрпағымын», – деп айтыпты. 1950 жылдардың соңынан бастап, әсіре солшылдық тудырған ауыр зардаптар – ауыл жұртын жаппай кедейшілікке, ашаршылыққа, экономикалық жоқшылыққа апарумен бірге тапқа, жікке айырған сол кездегі саяси құқай оның отбасын «жоғары орта дихан» деп атапты. Осы жайларға байланысты туындаған психологиялық ерекшеліктер оның бұдан былайғы прозалық туындыларына ықпал жасаған.
Мо Ян бесінші сыныпта оқып жүргенде «мәдениет төңкерісі» бұрқ ете қалып, оқу тоқтайды. Желіккендер көтеріліс төңкеріс жасауға кіріседі. Ал, Мо Ян ауыр еңбекке жегіледі.
Ауыр әрі мақсатсыз еңбектен құтылу үшін үлкен атасынан қалған дәстүрлі емшілікті екі жылдай үйренген Мо Ян емшілік қасиетінің төмендігінен нәтиже шығара алмасын біліп, оны тастайды. Сосын бір амалын тауып мақта фабриксына таразышы болып жұмысқа тұрады.
Мо Ян талай дүниені «құлақпен оқи бастаған». Ол: «200 неше жылдың алдында, менің туған ауылымда хикаят айтудың асқан шебері Пу Суңлиң өмір сүрген. Біздің қыстақтағы көптеген адамдар және мен соның рухын жалғаушысымыз. Мен ұжымдық еңбек істейтін атыздың басында, өндіріс отрядының қорасында, атам мен апамның ыстық сыпысының (еден) үстінде, әуел десең қиралаңдап кетіп бара жатқан арбаның үстінде көптеген сырлы әңгімелерді, тарихи аңыздарды, қызықты ертегілерді естідім. Бұл хикаяттар жерлікті жердің табиғатымен, әулет тарихымен тығыз байланысып жатқандықтан шынайы сезілетін. Тіршілік атаулының жаны бар деп сенетінмін. Үлкен ағашты көрсем, құрмет көрсететінмін. Ұшқан құсты көрсем, ол қалаған кезінде адамға өзгеруі мүмкін деп қиялдайтынмын. Бейтаныс адамға жолықсам, ол қайсы хайуаннан өзгерді екен деп күмәнданатынмын», – дейді. Ашаршылық, жалғыздық, адамды жалықтыратын бір сыдырғы ауыл өмірі кезінде, Мо Янға ең қызықты әдет кітап оқу болыпты. Оған сан алуан кітапты Шанхайда оқитын үлкен ағасы Гуан Мошян жеткізіп тұрады.
Мо Ян және бір сөзінде: «1976 жылы қаңтар айында армияға қабылдандым. Шешем үйлену тойындағы әсемдік бұйымын сатып, маған алып берген төрт томдық «Қытай жалпы тарихын» арқалап мен жақсы көретін әрі өте жек көретін туған жерімнен ұзап шығып, өмірімнің маңызды кезеңін бастадым. 1984 жылы емтихан тапсырып «Азаттық армия көркемөнер» институтының әдебиет факультетіне өттім», – дейді. Әскерде ол жай солдаттан саяси комиссар, үгіт-насихат қызметкері, кітап басқарушы, оқытушы, тағы басқа жұмыстарды атқара келіп, 1986 жылы «Әскери Өнер институтын» тамамдайды. 1991 жылы Бейжің пед университетінің Лу Шұн әдебиет институтының шығармашылық аспирантурасын бітіріп, әдебиет пен өнерден магистрлік дәреже алады.
Әйгілі жазушы Мо Ян қазір Қытай Өнер Академиясының Әдебиет институтының президенті, Шяң Гаң «Гүң Кай» унверситетінің құрметті әдебиет докторы, Чиң Дау ғылыми-техникалық унверситетінің құрметті профессоры, 1980 жылы ауыл-қыстақ өмірін жазудан жүлдегер болған. 2006 жылғы Қытайдағы бай-қуатты жазушыларының 20-шы орнын иеленді. 2007 жылы Қытай жазушыларының ішінен жасампаз жазушы болып бірінші орынды еншіленеді. 2011 жылы «Бақа» романымен қытайда 8 кезекті Мау Дұн әдебиет силығының иегері атанды. 2011 жылдың 24 қарашасында 8 кезекті жазушылар съезінде ол Қытай жазушылар одағының бірінші орынбасар төрағасы болып сайланды. 2012 жылдың мамыр айынан бастап Дұң Хуа педагогикалық университетінің әдебиет факультетінде қосымша лекция оқыды. 2012 жыл 11 қазан кешкі жетіде әлемдік новель әдебиет сыйлығына қол жеткізді. 2012 жылдың 13 қазанында оның шығармашылығын Англия «Үй бау» ақпарат көзі барша әлемге таныстырды. Оның тырнақ алды көркем шығармасы – «Көктемгі түннің жаңбыры құя бастады» атты әңгімесі. Төлқұжатына айналған шығармасы – «Қызыл жүгері» романы.
– Мо Янның бүгінге дейін қанша рорманы, қанша повесті және әңгімелері баспадан жарық көрген?
– Романдары:
- «Қызыл гаулян әулеті» (2004жыл, қаңтар, «Бүгінгі дүние» баспасы).
- «Отшаң әулет» (2004 жыл, қаңтар, «Бүгінгі дүние» баспасы).
- «Жаннаттағы сарымсақ әні». (2003 жыл, шілде, «Жастар толқыны» баспасы).
- «41 зеңбірек», (2003 жыл, шілде, «Жастар толқыны» баспасы).
- «Дар ағашы» (2004 жыл, қаңтар, «Бүгінгі дүние» баспасы).
- «Он үш қадам» (2003жыл қазан, «Жастар толқыны» баспасы).
- «Ет женді» (2004 жыл қаңтар, «Қытай жұмысшылар» баспасы).
- «Өмір мен өлім күресі» (2006 жыл қаңтар, «Жазушы» баспасы).
- «Арақ елі», (2008 жыл, қыркүйек, «Шанхай мәдениет» баспасы).
- «Қызыл ағаш», (2009 жыл, «Шанхай мәдениет» баспасы).
- «Бақа» (2009 жыл, «Шанхай мәдениет» баспасы).
Повестері: «Ақ мақта», «Алтын шашті сәби», «Жарылыс», « Гаулияң арағы», «Иттің соқпағы», «Ғажайып өлім», «Құрылыс жолы», « Шаттық», «Қызыл қанатты құмырсқа», « Әке», «Солдаттағы саптасынмен кездесу» «Гүл құшақтаған қыз», «Қызыл құлақ», « Шытырман түс», «Сәнқойдың кешегісі мен бүгіні», «Күлкі және күлдіргі», «Өмір», «Ұстаз барған сайын күлдіргіленді».
Әңгімелері: «Алты бақан тепкен ақ ит» атты әңгімелер жинағы (2004 жыл, қаңтар «Бүгінгі дүние» баспасы). «Мөлдір сәбіз» атты әңгімелер жинағы (2004жыл, қаңтар, «Бүгінгі дүние» баспасы). «Өлең айтқыш дуал» атты әңгімелер жинағы (2005жыл, қараша, «Жазушы» баспасы). «Сиыр» атты әңгімелер жинағы (2004 жыл, сәуір, ұлттық баспасы) және «Үй ұстазбен кездесуі» атты әңгімелер жинағы (2004 жыл, сәуір, ұлттық баспасы). Оның киноға айналған шығармалары: «Қызыл жүгері», «Ақ мақта», «Ұстаз барған сайын күлдіргіленді», «Күннің құлағы бар», «Алты бақан тепкен ақ ит».
– Мо Ян жасампаздығының басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Оның туындысында қиял мен шындық ұштастырылады. Мо Ян бұл жағынан алдына жан салмайтын жазушы. Сонымен бірге оның әлемге басқаша көзбен қарайтын ерекшелігі жұртты елең еткізбей қоймайды. Мо Янның тарихи көзқарасы өте терең. Ол ежелгі мифтермен аңыз әңгімелерді бала шағында жаттап және әлем халықтарының алға басар ауыз әдебиетін жақсы білгендіктен оның таңғажайып тамаша дүниелер жазуына даңғыл жол ашқан. Мо Ян шығармашылығы ұшқыр қиял мен тартымды фантастикаға сабақтасып жатады. Мо Ян – Қытай әдебиетіндегі әу бастан өзге жазушыларға ұқсамаған, тіпті олардан парқы өте айқын, жасампаздық қуаты дамылсыз тасқындаған, туындылары арқылы әдебиетте қатты дүмпу тудырған. Ол қытай стилистикасына орасан үлес қосқан. Қытай әдебиеті тарихынан алғанда қазіргі замандағы ханзу әдебиетінің басты өкілдерінің бірі саналады. Қытай реалдығына (тіпті өз ауылына) табанын мықтап тіреген, дәстүрлі әдеби шеңберді бұзған, бірақ қытайлық (4 мамырдан бергі) жаңа әдебиет дәстүріне (гуманизмнің әлемге ортақ құндылықтарына) жақсы мұрагерлік еткен, тұсаусыз да жанкешті, дарынды да еңбекшіл қаламгер. Мо Ян – адамды жырлайтын, тентектік пен құлатымпаздыққа ие. Ол көбінесе ез бен ынжықты, сорлы мен бейшараны емес, жігерлі мен қайраттыны, тіресетіндер мен қасарысатындарды жазады. Кей сыншылар: «Мо Ян зор эстетиканың өнерлі рухы бар жазушы» дейтіні де осыдан. Сондай-ақ, ол аса сезімталдыққа ие, тілге шешен де жүгенсіз содырлару жазушы. Сол себепті оны ұлт сатқыны, тағы басқа деп жек көретіндерде өз елінде көптеп табылады.
Мо Ян – күшті фантастикалық қуатқа, батыл инновациялыққа ие, көп қырлы, аса қиялшыл да елестеткіш, бейнелеуге шебер, дарынды қаламгер. Мо Ян өз прозасында ерекше субъектив сезім әлемін жасайды, дүлдүл мініп ғарышты шарлағанды баяндайды, сырлы трансзендентті объектив дүние сомдап, айқын авангардтық рең береді. Бір талай сыншылардың оны «Сиқырлық реализм әсеріне қатты ұшыраған» дейтіні содан. Бұл арадағы трансзендентті дүние деген – білімнің немесе саф рационалдың объекті емес, ниеттің немесе практикалық рационалдың қажетті тұспалы, тіл шеберлігі мен психологиялық емеуріні.
Мо Янның сиқырлы реализмі – әрине, Қытайша сиқырлы реализм. Оны мыналардан айқын көре аламыз. Мо Ян прозасының ең басты үлесі – барлық кейіпкерлерін антропологиялық деңгейге қайтарып, адамды жануар, тіршілік, алғашқы тірлік иесі етіп, мәселелерге социологиялық, этикалық әдіспен қарауды бұзуында. Халықтың көңіл күйін бақылаушы санатында емес, жай жұрттың бірі ретінде суреттеуінде. Мысалы, «Өлім мен өмірдің күресі» бір адам талай құбылады – адам да, жылқы да, сиыр да есек те бола береді. Ол шығармаларында бірсыпыра жануарды сөз ете келіп, сол барыста Қытайдың ертегілеріндегі жан иелері басқаға ауысыуы іспетті (қазақ халқында да аққудың аруға айналуы сынды) реинкарнациялық доктринаның ықпалдарын жаңғыртады. Қытайдың «Батысқа саяхаты» сынды шығармалары да сиқырлы реализмнің типтік өкілі болып табылады.
Қытайдың Мо Яндай ысылған, шебер қаламгерлері шетелдік ең үздік жазушыларға да таяз ұстаныммен үңілмейді, жеңіл әсерге де қызықпайды. Қайта өз туындылары арқылы өресі биік диалогпен рухани байланыс жасап, жоғары өреде үн қатып, өзінің жүрек сөзін айтады. Мәселен, Мо Янның «Қызыл гаулян әулетінен» «Бақа»-ға дейін зер салып қарайтын болсақ, Латын Америкасының сиқырлы реализмінің ықпалына ұшырағанын байқау қиын емес. Бірақ ол ықпал тек ынталандыру нүктесінде, шабыттандыру сатысында ғана рөл атқарған. Жеме-жемге келгенде Мо Янның туындылары олардың туындыларынан мойны озық. Аса сезімтал Мо Ян Латын америкалық жазушыларға тән туындылардың ең түпкілікті сипатының ұжымдық ессіздік екенін, содан барып олардың тереңге үңги алмағанын байқаған. Ол қытайша ойлау деңгейінен биіктеп кеткен, әдебиеттегі қалыптасқан қасаң теорияшылдық қағиданы бұзған еркін ойлы жазушы.
– Кез келген қаламгердің туған жері оның шығармашылық практикасына және көсіле жазатын алаңына айналатыны шындық, Мо Ян бұл туралы не дейді?
– Мо Ян: «Менің туған жұртым мен шығармашылығым тығыз байланыста.
Гаумиде сазбалшық мүсіндер, қағаз оймалар, мерекелік сызбалар сынды халық өнері бар, сонымен бірге гулетіп өсек айтқыштарда бар дейді. Туған халқымның өнері мен мәдениеті мені ерте есейтті. Менің бала кезімнен алғаш көзіме түскені осы мәдени элементтер еді. Қолыма қалам алып жазуға отырсам-ақ, бұл мәдени элементтер менің туындыларыма ене жөнеледі. Бұлар тіпті менің шығармамның стилін де бекітті. Менің шығармаларым – әрі Қытай әдебиеті, әрі дүние әдебиетінің бір бөлігі. Менің туындыларым Қытай халқының тұрмысын, Қытайдың ерекше мәдениеті мен салтын суреттеді. Сондай-ақ, менің шығармаларым кең мағынадағы адам образын сомдады. Бастан-аяқ кісілік тұрғыдан адамды жаздым. Меніңше, мұндай туындылар аумақтық, этностық, нәсілдік кедергіні бұзып, шеңберден аттап кетеді», – дейді.
Мо Ян өзі туып өскен ауылын ту етіп, осы бір жердің табиғатын, өз ауылындығы – ез ерлері мен жазықты әйелдерін, содыр-бұзақыларын, батыр-батылдыларын, ақылгөй-шешендерін түгел жазды. Мо Ян – ауылдықтардың көңіл күйін, өмірін әдемі суреттеп. Бай тарихи сезіммен, жанашырлық, зорлық, юмор араласқан жанды келбетпен баяндаған.
Мо Янның ауылы жер шарындағы сұлулық пен жексұрындық, бейдәстүрлік пен фәнилік, тазалық пен былық, ерлік пен ездік, арақ құмарлық пен махаббат, зорлық пен қарсылық, қорқақтық пен жанкештілік, кешірім мен кек, арамдық пен зинақорлық шегіне шыққан әдеби-географиялық мәндегі жерге айналады. Мо Янның бар шабытын осы ауылдан шарықтағандай сезіледі. Мо Ян өз топырағын мақтамаған, қайта оған деген назардығымен ең әуелі өз маңына қараған. Сосын барып ондағы оқиғаларды өз ой елегінен өткізіп зерттеп, зерделеп суреттеу әдісімен әлемге әйгілеуге кіріскен. Мо Ян тұрған ауылынан (жүз отбасы, жеті жүз адамы бар шағын ғана қыстақтан) ұшқыр ойы арқылы жасанды дүниені, шығармашылық алаңды, рухани идеяның тамаша төркінін қалыптастырған. Бірақ ол өз ауылының шынайы реалдығын, әзіргі келбетінің көшірмесін бермеген. Оның бізге бергенінен физикалық пен метафизикалық әлемді ұштасып, халықтық, өміршеңдік, жаратылыс құдіреті, босқиял, зорлық, ататек, тарих, қанды із көруге болады. Мо Янның жасампаздығында өз ауылына табан тірегенін дұрыс түсінген жөн. Бірақ ол ауылды ғана емес, қаланы да жақсы біледі. Оның басты артықшылығы – қазіргі замандағы өркениет арқылы ауыл өркениетін таразылауында болып тұр. Ауылдық дәстүрлі мәдениетті қайталай еске салу арқылы, бұл ретте қай жолды басу керегін қарастырған. Демек, Мо Янды «ауыл жазушысы» немесе «мәдени тек қуғыш жазушы» деген атқа ғана сайдыра салу да дұрыс емес.
– Мо Янды Қытайдың «Гарсия Маркесі» деуге бола ма?
– Ол әлем әдебиетінен үйренгенімен, оларға құр еліктеп, оларды жай қайталаған жоқ. Шетел әдебиетінің дәнін ғана алып, негізінен Қытайдың дәстүрлі эстетикалық әдісі мен халықтық мәдени күйіндегі құнарға, арқа сүйенді. Мо Ян теректің бәйтерекке айналуы үшін тамырын өзі туған жерден тереңге жіберу қажеттігін жақсы білген. Нобель сыйлығын бағалау комитетінің төрағасы Рошелленің: «Ол фантастика мен реалдықты ұштастыруда, тіпті Маркестен де озып кетті», – деуі, тағы оның: «Іс жүзінде Мо Ян Маркеске еліктеген жоқ, Мо Янның Қытайда туындаған оқиғаларға өзіндік суреттеу әдісі бар қаламгер», – дегенінен-ақ байқауға болады.
Демек, Мо Янның өзіндік стилистикасы мен әдісі бар. Мо Янның стилистикасы да керемет және қызықты. Ол «жеңіл» арқылы «ауырды», көңілді әдіспен ренішті жақсы жаза алады. Ақ пен қараның, тәтті мен ащының, сүйіспеншілік пен ызаның арасын алшақ етіп баяндайды. Қытайдағы әлденеше баяндау түрінің (реал баяндау, ұғымдық баяндау, аңыстық баяндау, стилистикалық баяндау, тағы басқалар) ішінен Мо Ян көбінесе стилистикалық баяндауды пайдаланады. Бұл – оның бір өткір қыры. Мо Ян прозасын оқыған жандардың есінен «тарих», «реалдық», «ауыл», «халық», «зорлық», «ирония» кете қоймайды. Мо Ян туындылары материалдық қасиетке ие. Ол заттық дүниелерді тәптештей жазып, сөзден материяға тез әрі тіке өтіп, онысынан әр алуан дауысты, әр түрлі бояуды шығарады.Тіпті, махаббатты да осындай әдіспен суреттейді. Ол бір сөзінде: «Американың Уильям Фолкнері мен Колумбияның Гарсиа Маркесі маған жол көрсетіп, шабыт сыйлағанын мойындаймын. Мен олардың кітабын ден қоя оқымағанымын, бұрыннан жалғасқан асқақ рух маған шабыт берді. Бір жазушының өзіне тәуелді мекені болуы керектігін ұғындырды. Бір адам күнделікті тұрмыста кішіпейілдікпен өзгелерге жол беруіне болады. Ал, әдеби жасампаздықта ырықты түрде ойға алғанын дербес істеуі керек екен. Осы екі алыптың жолын қуып, артынан екі жыл жүрген соң дереу өзімді аулақ салуым керектігін аңғардым», – деген еді.
– Мо Ян шығармалары неге дау тудырады?
– Мо Ян әу бастан дау тудырып келе жатқан қаламгер. Оның өткен ғасырдың 80 жылдары жариялаған «Мөлдір сәбіздегі» қара баланың шындықтан асқан сезімі мен аса күшті жігері арқылы әдебиет айдынын дүр сілкіндірген.
Көптеген әдеби сыншылар: «Осы да жөн бе? Өстіп жазған бар ма? «Мөлдір сәбіз» дегені несі?», – деп сынады. Дегенмен, жаңалықшыл жастар өздеріне бір тың жол ашылғандай сезінді.
Егер ұзақ жылдардан бері Қытай қоғамында зор дамушылық пен ілгерілеушілік болмаса, реформа, есік ашу болмаса бұл сияқты жазушының да болмайтынын ақиқат еді. Әскери лагерьдегі бір сыдырғы тұрмыс барысында, 1980 жылдардағы идеяны азат етумен әдебиет өрлеу дәуірін басынан өткерді. Күні кеше өзгелердің әңгімесін құлақ түре тыңдап, оны өзгелерге әңгіме қып шертетін боз жігіт, осы кезден бастап қолына қалам алып, хикаясын қағазға түсіре бастайды. Бастабында онша керемет бола қойған жоқ. Сол кезде әдебиет: «жақсы адам, ізгі істерді, қаһармандар мен озаттарды ғана жазады» деп білгендіктен оның жазған шығармаларының әдеби құны төмен болды.
Кейіннен жазушының ұстазы, әйгілі жазушы Шуй Хуайжун оған шабыт беруінің нәтижесінде «Күзгі су», «Сарқылған өзен», «Мөлдір сәбіз», «Қызыл жүгері» сияқты әңгіме-повесін жаздады. «Әдебиет адамды тәрбиелейтін көркем өнер құралы» дегенді басқаша пайдаланды. Ол жұрттың назарындағы қалыптасқан қасаң шығарма жазудың қалыптарын бұза білген жаңашыл болды. Сондықтан да Мо Ян шығармалары жайлы пікір алалығы әзір де бар. Бұл табиғи да пайдалы құбылыс. Нағыз жазушылар мұндайға төзе алады, осындай тартыста жазуын жалғастырады, әдебиетке деген түсінігін тереңдетеді, тілдік суреттеу қуатын мықтайды.
– Мо Янның бүкіл әлемдік Нобель әдебиет сыйлығын алуы кездейсоқтық па?
– Мо Янның Нобель сыйлығын алуы кездейсоқтық емес. Ол субъективтілігі, инновациялылығы, халықтығы, тентектігі бар жазушы болғандықтан алып отыр. Туындыларында өзіне тән даралығы болғанымен қоса айтарын батыл, қасаң бекемдеген, бірақ соны әдеби әдіс-амалдармен айта алғаны. Қоғамда өмір сүріп отырған келеңсіз мәселелеріндегі өткір диалогтарды қорықпай баяндағаны, тіпті дәстүрлі дағды көтермейді-ау дейтін ұятты менюлерді де тартынбай суреттегені үшін алып отыр.
Тапқырлық, жасампаздық, инновациялық деген бұрынғы өлшемді, ескі ережені, дағдылы бағдарламаны, қалыптасқан көзқарастарды тас талқан етеді. «Бұзу сипатты жасампаздық» деген осы. Оның сыйлық алған тұстағы бейнесінен де көп нәрсені байқауға болады. Сыйлық жарияланғанда Мо Ян ұстамды, байсалды позицияда болды. Тегі дихан жазушы қарапайым да еңбекқор келбетін сақтай білді.
– Мо Яның төлқұжатына айналған «Қызыл гаулян әулеті» романы туралы не айтасыз?
– 1987 жылы «Қызыл гаулян әулеті» романы жарық көрді. Ол – «Қызыл гаулян», «Гаулян арағы», «Гаулян жаназасы», «Ит соқпағы», «Ит терісі» сияқты бес үлкен (повесть) тарудан құралған. Кейіннен атақты режиссер Жаң Имомен бірге «Қызыл гаулянды» көркемфильм сценарийіне айналдырып Берлин кино фестивалінің «Күміс – аю» сыйлығын жеңіп алған.
Мо Янның «Қызыл гауляны» роман жазудың жаңа жолын салған, бұрынғы сызықтық эволюциялық баяндауды бұзған шығарма. «Қызыл гаулян» «Менің атам, менің әжем» деп бастап оларды батыр бірақ оңбаған етіп суреттейтін бір түрлі жат та өзгеше тәсілмен жазылған, оқырманды лаулаған өрт ізімен, таңғажайып тарихи болмыстарымен баурап әкететін, өзге прозаларға ұқсамайтын шығарма. «Қызыл гаулян» – Жапонияға қарсы соғыс кезеңін тарихи артқы көрініс етеді. Бас кейіпкер Иүй Жанау – қызуқанды, әділетшіл, қотиындау жігіт. Ол талайдан жесір келе жатқан шешесімен ойнаған хышаңды (буддашыл монах) өлтіреді, артынан шешесі де асылып өледі. Әйел үшін кісі өлтіріп, өрт қойып, Дай Фыңлианді тартып алады. Өш алу үшін қатты машықтанып, Хуа Бозы тобын құртады. Бір ауыл бойжеткенінің ары үшін өз көкесін атып тастайды. Ойнасынан бала сүю үшін қатынын тастайды. Ұлттың ұлы ісі үшін Жапонияға қарсы аттанады, бірақ бүкіл әскерімен қоса жойылады. Демек, Иүй Жанау мен Дай Фыңлианның әңгімесі арқылы уақыт пен кеңістікті алма кезек ауыстыра отырып, сана ағысын көрсету тәсілін пайдаланып, бір ауылдағы өмір жырын оқырманға көлденең тартады. Мұның сюжеттік құрылымы мен кейіпкер тұлғаларында тым ғажайып, ерекшелік жатқаны жоқ. Баяғы қанға бөккен дала, ыс пен жалын қапқан аспан-көк, кек пен жанашырлық кернеген кеуделер, жауыздық пен адамшылдықтың арпалысы. Бірақ оның адамды таңқалдыратын ғажап тартымдылығы мынада еді. Автор оқырманды тарихтың бел ортасына алып кіріп, оған рационалдық жүйкесі мүлде ұйығандай, бәрін көріп, естіп тұрғандай, мұрнына иісі, аузына дәмі келгендей күй кештіреді. Тарихты субъективтестіреді, руханиластырады, бейнелестіреді. Сол арқылы оқырманды көру мен оқуға ғана шектеп қоймай, гаулян атызында тыныстатып, тәтті ләззатқа батырып, тіл жетпес сырлы кешіріммен балқытып жібереді. Қызыл гаулянды миллиондаған жанның бейнесіне айналдырады. Тағы бір айта кететін нәрсе романдағы арақ ашыту жөніндегі жұртқа тарап жүрген әңгіменің төркіні «Арақ құдайы Ду Каң» жөніндегі аңызда жатқаны шындық. Сондықтан ол туралы ешқандай Хан ұлтытын масқаралап, оларды ренжіткен емес. Мо Ян бұл аңызды тек шығармасына бір қырынан әдейі пайдаланған.
– Қызыл «гаулян» деген не нәрсе. Оқырмандарға түсіндіре кетсеңіз?
– Гауляңның» ағылшынша атауы (Sorghum bicolor (L.) Moench) Қытайша гаулияңның ағылшынша атауы (S.bicolor var.kaoliang). Бұл өсімдіктің ұзақ тарихы бар. Әу баста Африкада өскен жабайы өсімдіктің бір түрі. Кейіннен Индияда апарған, одан кейін Қытайға әкелінген. Гауляң жалпы 17 түрге бөлінеді. Ал дәнегінің түсіне қарап қызыл, сары, ақ деп үш түрге бөлеміз. Дәні былай қарағанда жүгеріге әбден ұқсайды. Оның бойының биіктгі 5 метрге (ең қықасы 2 метрден кем емес) жетеді, тік өседі, діңі (диямері) 3-5 см болады. Ақ гаулияңнан қаныт, күріш өндіреді, сонымен бірге мал жемдері, сыпыртқы жасалады. Кептіргеннен кейін одан дәрі жасайды. Бұл дәрінің емдік қасиеті – өкпедегі қақырықты түсіріп, нервті тынштандырады. Бүгінгі күнде Гауляң – «Маутай», «Лүй Жоу» маркалы атақты Қытай арақтарының шикі заты болып отыр. Қытай осы гаулияңнан арақ жасағалы 700 жылдан астам тархы бар ел. 1950 жылдары муына (15 му 1 гекткрға тең) 73 келограмм өнім алса, бүгінгі таңда қытайлар одан муына 373 келограмм өнім алуда. Ол құрғақ және тұзды жерлерде өсе береді. Бүгінде Азияда 75 пайыз өндірілсе, соның негізгі пайызы Қытайда өндіріледі. Гаулияң қытайдың шығыс терістік өлкелері мен батыс оңтүстік райондары және ішкі Монғол және Хуби првнциясында өседі. Африкада 15 пайыз өседі. Америка құрлығында 9 пайыз өндіріледі, олар бұны жем ретінде пайдаланады. Гаулияңды астық ретіндеде пайдаланады. Ол бидай, күріш, жүгеріден соңғы төртінші орынды иленетін азықтық.
– Мо Янның жасампаздық жолына тоқтала кетсеңіз?
– Мо Ян 1981 жылы күзде «Көктемгі түннің жаңбыры құя бастады» атты тырнақалды әңгімесін жариялаған еді. 1982 жылы «Сүйкімсіз жауынгер» мен «Бала үшін» дейтін әңгімелері жарық көрді. Осыдан кейін кезек-кезек «Мақта сату даңғылы», «Халық әуені», «Аралдағы жел», «Жауындағы өзен» дейтін әңгімелері оқырмандармен қауышты.
1985 жылы «Мөлдір сәбіз» хикаяты жариялана сала «Жаңғырық» шықты да, осыған орай арнайы семинар өтті. Осы жылы әртүрлі басылым «Доп жасын», «Алтыншаш бөбек» хикаяттары мен «Суалған өзен», «Ескі мылтық», «Боран», «Үш ат», «Күзгі су» атты әңгімелерін жарыса жариялай бастады.
1989 жылы Мо Ян Тайваннан әңгімелер сыйлығын алды, әрі хикаяттар жинағы мен «Сенің қылығың үрейлендіреді» атты хикаятын оқырмандарға ұсынды.
1991-1999 жылдары Мо Янның «Арақ елі», «Отшаң әулеті», «Ет жеңді», «Қызыл ағаш» атты романдары, «Ақ мақта» бастаған оннан астам хикаяты мен «Балық базары» қостаған жиырмаға жуық әңгімесі жарық көрді. Қытайда «Көпшілік әдебиет сыйлығын» еншіледі.
2000 жылы «Қызыл гаулян әуелті» «Азия апталығы» тарапынан ХХ ғасырдың ханзу тіліндегі жүз үздік прозасына енді. Келесі жылы «Сандал азабы» Тайвань газеттер құрамасы тарапынан жылдың ең үздік кітабы сыйлығын алды. 2003 жылы «Сандал азабы» Диңжүн қос жылдық әдебиет сыйлығына ие болды. 2006 жылы «Өмір мен өлімнің күресі» атты романы Фукуока Азия мәдениеті сыйлығына қол жеткізді. Осы жылы тағы Чиңдау Университетінің құрметті профессоры болды.
2007 жылы «Сөйле Мо Ян» атты үш томдық Мо Янның ішкі дүниесін жайып беретін шалқымалар жинағы жарық көрді. 2008 жылы «Өмір мен өлімнің күресі» атты туындысы екінші кезекті «Қызыл сарайдағы түс сыйлығын» алды. 2009 жылы бөлек тәсілде жазылған, төрт ұзақ хат пен бір драмадан тұратын «Бақа» романы оқырмандар қолына тиді.
2011 жылы «Бақа» романы сегізінші кезектік Мау Дүн әдебиет сыйлығына ие болды және Мо Ян Қытай Жазушылар Қоғамы төрағасына орынбасарлыққа сайланды. Мо Ян шығармаларының талайы Еуропа тілдеріне аударылған. Туындыларының таралымы ең жоғары болды.
– Мо Ян қай шығармаларымен Нобель әдебиет сыйлығын еншіледі?
- Жазушының Новель сыйлығын алуына тікелей себепкер болған өкілдік шығармалы «Бақа» романы. Сонымен бірге «Қызыл гаулян әулеті», «Өмір мен өлім күресі», «Ет женді», «Дар ағашы», «Арақ елі», «41 зеңбірек» романдары.
Мо Яннның бұл жазғандары дерлік Қытай үкіметінің жүргізіп отырған демографиялық саясатына назаздығын астарлап жеткізеді. «Бақада» бас кейпкер әкесінің әпкесі Гугу.(былайша қытайша әкенің әкпесін 姑姑Гугу дейді). Журналистер Мо Ян Нобель әдебиет сыйлығын алған соң, оның әкпесінің үйіне іздеп барған. Ол әу баста қойған сұрақтарына сабырлықпен жауап берген. Бірақ көп өтпей әбден мезі болып, аудандағы ұлының үйіне тығылып бас сауғалапты. Мо Ян: Әпкем шынында да «Бақаны» жазғандағы моделім. Бірақ шығармадағы әпкем мен өмірдегі әпкем арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Романдағы әпкем қазымыр, көкбет, іпті кейде әйел қарақшыдан аумайды. Өмірдегі әпкем ашық-жарқын, жұмсақ мінезді, асыл – жар, аяулы – ана. Өмірдегі әпкемнің ғұмыры бай-бақытты өтіп келеді. Романдағы әпкем соңғы өмірінде рухани ауыр соққыдан ұйқысыздық ауруына шалдығып, қара күпісін үстінен тастамай, жын-шайтан сияқты түнде тоқтамай көшені кезіп жүреді. Мен әпкемнің кеңпейілдігіне, сабырлығына алғыс айтамын. Өйткені, романда оны басқаша адам етіп жариялағаным үшін ренжімеді. Және әпкемнің ақылдылығына әліге дейін тәнтімін. Ол романдағы кейіпкер мен өмірдегі адамның күрделі қарым-қатынасын дұрыс түсінді», – дейді.
«Бақа» романнның басқы жолы: «Менің туған ауылым ескі сарындағы сол баяғы қатып-семген ауыл. Туылған баланың атын қоюдың өзі бір қызық, сәбидің дене бітіміне не бір мүшесіне қарап атын қоя салады. Ол ат балаға ұнамай, кейін жігіт болғанда өзгертем деп көбісі шаршап жүреді. Менің әпкемнің аты – ақ жүрек, ал әжем болса қызылдардың атақты 8-армиясының алдыңғы шебіндегі дәрігері болатын. Ол әлдеқашан «қызыл құрбанға» айналған...». Роман осылай жалғаса береді. Ал романның жалпы мазмұнына тоқталар болсақ. Роман Қытайлық драмма жазушысы Кы Ду мен жапондық атақты жазушы Шагу Ирын ортасындағы төрт хат пен бір драммадан тұрады. Бұндағы Кы Ду қытай зиялыларның өкілі, оны жазушы жалтақ, бойкүйез, әлжуаз, рухы мен жігері тоқыраған етіп суреттейді. Алғашқы төрт хатта: Қытай коммунистік партиясы билікке келгеннен кейінгі 1960-жылдардағы ауыл-қыстақтағы диқан әйелдерінің бала босануы жөніндегі қызықты тарихын жазады. 50 жылдан астам уақыт ауылда әйел босандырумен айналысып келген Гугу есімді акушердің кешірмесі. Гугудің ауыл әйелдеріне түсік тастату барысындағы бастан кешкен қиыншылықтары мен тәжірибелерін ашық баяндайды. Сондай-ақ жазушы Кы Дудың Қытай коммунистік партиясына мүше болуы айтылады. Соңғы тарауы Кы Ду мен Гугудың драммасымен аяқталады. Осы арқылы жазушы бүгінгі Қытай үкіметінің жүргізіп отырған демографиялық саясатының Гугудің жан дүниесін қатты өзгерткені, оның рух әлеміндегі қиналысын, ішкі азабын ашына жазады. Бір дәуірдің шынайы мұңы мен зарын осылай лақ етіп төге салады.
Осы романнан кейін Мо Янға журналистер көп сұрақтар қояды. Ол ешкімнен сескенбей: «Мен Лу Шүнше дәуір шындығын ашуға тырыстым. Бұл жазғаным еш өтірік емес, шындық», – деп ашық айтқан батыр жазушы. Нобель әдебиет сыйлығын алған кезде телеарнаға берген сұхпатында «Сіз бақыттысыз ба?», – деген тілші сұрағына, ол: «Мен бақыт жайлы ойланбаптым да, егер адам денсаулығы жақсы болса, барлығын тастап өзін бос, еркін сезінсе, сол бақыт шығар. Ал мен болсам жаным қиналып, тәнімді ауыр жүк басып тұр. Қоғамның ауыр жүгін арқалап жүрген жанмын», – деп жауап береді. 1994 жылы Нобель әдебиет сыйлығын алған, осы жолы Мо Янды сыйлыққа ұсынушылардың бірі, жапондық жазушысы, Мо Янның досы Кендзабуро Оэ 2006 жылы Бейжіңге келіп сөйлеген сөзінде: «Мо Янның күшті жасампаздық қуаты мен қол жеткізген әдеби табыстары оның Нобель сыйлығына ең әуелгі қытайлық үміткер», – деген болатын.
Кендзабуро Оэ 2002 жылы шағанды Мо Янмен бірге Гаумиде өткізді және Мо Янның әпкесіне сәлем берді. Мо Янның «Бақа» романындағы бас кейіпкердің прототипі – осы әпкесі, ал сол шығармадағы жапондық дос Ша гу Ирын – осы Кендзабуро Оэ еді. Кендзабуроның Мо Ян шығармаларымен танысуы оның туындыларының Жапонияда тәржімаланып, басылып, таралуына байланысты. Мо Ян – шығармалары жариялана сала, бір-екі жылға жетпей, шет елдерде аудармасы жарық көре кететін жолы болғыш қытайдың бірі еді. Бұл өз тұсында Нобель комитетінің оны уақытында және дәл түсінуіне пайдалы болды. Бұған шетте жүрген қытай диаспорасы мен синологтардың үлесі де зор болды.
– Бүгінге дейін Мо Яннан басқа бүкіл әлемдік Нобель әдеби сылығын алған ханзу жазушылар болмағаны ма?
– Нобель комитетінің ханзу тілінде жазатын жазушыларды мойындауы бірінші рет емес. Осыған дейін Нобель сыйлығына Лао Шэ, Ба Цзинь сияқты бірқатар жазушылар үміткер болған. Ал 2000 жылы бұл сыйлық өз шығармаларын ханзу тілінде жазатын эмигрант Гао Синцзянға берілді. Ол кезеңде Қытайда да, ешбір шет мемлекетте де Гао Синцзянның дәрежесімен тайталасатын ханзу тілінде жазатын автор расында да болған жоқ. Оның үстіне оған Нобель сыйлығы эмигранттық өмірді сипаттап жазғаны үшін ғана берілмеген. 1980 жылдары Гао Синцзян Хубэй провинциясында көп саяхаттап, қытайлық ауылдардың ішкі өміріне тереңнен үңілген. Нобель сыйлығына ие болған оның «灵山» атты романы көбіне-көп бірегей сюжетпен біріктіріле қоймаған саяхатшының нағыз Қытай туралы очерктерінен құралған күнделігіне ұқсайды.
Гао Синцзянның шығармалары тек Францияға қоныс аударғаннан кейін ғана аударыла бастады. Сондықтан Нобель сыйлығына ол Францияның азаматы ретінде ие болды. Әрине, Мо Ян Нобель сыйлығын алуға лайықты жалғыз қытайлық жазушы деп айтуға келмейді. Нобельдік комитет жазушыны тек әдеби тұрғыдан ғана қарастырып қоймай, сонымен қатар қоғамның дамуына қосқан жалпы үлесіне де үлкен назар аударады. Бұл әрі этикалық, әрі саяси мәселе.
Соңғы он екі жылда Нобель сыйлығы қытайлық жазушы-эмигрант Гао Синцзянға 2000 жылы әдебиеттен, құқық қорғаушы-диссидент, ақын Лю Сяобоға бейбітшілік силығы 2010 жылы берілді. Бұл екі ретте де Нобельдік комитеттің шешімі Қытай үкіметінің қатты наразылығын туғызды. Қазір Мо Янның шығармалары ел арасына кең таралған, әрқашан сұранысқа ие. Ал Гао Синцзянның оқырмандары айтарлықтай көп емес. Себебі, Қытай ресми түрде оның шығармаларын таратудан бас тартқан.
– Мо Янның деңгейінде шығарма жазатын немесе одан мойны озып тұрған тағы қандай ханзу жазушылар бар?
– Юй Хуа (Yu Hua1960 жылы туылған, ер), өте оқырманы көп жазушы, оның шығармасын қытайлық оқырман Мо Яннан жоғары бағалайды. Оның «Себезгілеген жаңбырдағы айқай», «Тірі», «Шүй Сангуанның қан сатуы хикаясы», «Бауыр», «Жетінші күн» романдары оқырманын бей-жай қалдырмайды. Бұл Мо Яннан мойны озық жазушы.
Ян Лианкі Ло Яңның Гу Шиян ауданының адамы, оның жазғандары бірден дау тудырып оқырманды өзіне жабыстырып алады. Қытайда бірден бір Нобелге лайқты жазушы осы Ян Лианкі. Оның шығармалары мұхиттың аржағындағы елдерде де тоқтаусыз оқылады. 2014 жыл ол Кавкар әдебиет силығын алған. Шығармаларындағы миф пен шындықтың ұштасуы өте жоғары. Атақты романы «Диң Жуаң ауылындағы түс» Хынан өлкесіндегі спид ауыруы жайлаған ауылды жазады. «Күн нұры түскен жыл», «Халық үшін қызмет істейік» романдары осы заман әдебиетіндегі ең шоқтығы биік туынды саналады. Және оның «Өмір азабы» романы оқырманын сұмдық күйзеліске дұшар етеді. Соынмен бірге оның «Тастан қатты су» романы төңкерістің ғажайып батырларын жырлайды. Мо Яннан мойны озық жазушы саналады. Аталған екі жазушыда дәстүрлі әдеби жасампаздықты еш ұнатпайды. Ойшыл жазушылар.
Дзя Пин Ао, (Jia Pingao, ер, 1952 жылы туылған, ер) асықпай оқыуды қажет ететін, өмірдің жіңішке нәзік ирімдерін жазатын шебер жазушы. Ол «Солтүстік әуендері» романымен Мау Дүн әдебиет силығын 2008 жылы еншілеген. «Ежелгі пеш» романында мәдениет төкерісін өте әсерлі жазады, оның «Алаңғасар», «Жол бастаушы», «Кенже» қатарлы романдары оқырманның көңілінен шыққан туындылары. Мо Янмен қатар тұрған жазушы саналады.
Хынандық Лю Жынүин ерекше жазушы, оның ауыл өмірі мен шенеуліктерді тақырып етіп жазған шығармалары оқырманды өзіне еріксіз баурайды. Оқыған сайын оқығың келе береді. Оның《塔铺》、《新兵连》、《单位》、《一地鸡毛》 романдары шетінен керемет. Сонымен бірге мына жазушыларды атаса болады: Ван Аньи (әйел), Жаң Үй, Су Туын (шын аты Су Чжунгуй), Жан Жиянлияң, Жаң Чыңжы, Чын Жоңшы, Гы Фи, Уаң Шо, А Лай, А Чың, Хан Шаугұң, Уаң Шияубо, Шы Тиешың, Лу Яу, Му Шин, Пың Жисай, Бай Шаниоң, Ян Гілиң(әйел), Ие Гуаңчин(әйел) Би Пиүй, Жин Иоң, Ду Лиаң, Май Жия, Уаң Сыңчи, Тие Ниң(әйел), Шы Зыжиян(әйел), Жияң Жие(әйел) және Тайуандық Сан Мау (San Mao, әйел, 1943-1991 ж.). Оның қаламынан маххабат, отбасы, неке,т.б., сан алуан тақырыптарды тамаша, тартымды, қызықты да ұғынықты етіп қарапайым тілмен жазатын шебер жазды. Лю Юың Тайуанның тумасы, шығармалары жастардың көңілінен көптен шығып жүрген атақты осы заман жазушысы. Қазір Америка тұрғыны. Шетелде тұрған қытайлық жазушыдан Ли Ау, Жаң Айлиң бар. Ал 80 жылдардан кейін туылған Хан Хан бастаған мықты жас жазушылар ол бөлек әңгіме.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген белгілі әдебиеттанушы, журналист Әлімжан ӘШІМҰЛЫ.
Поделиться: