Сәбит Мұқановпен жүздесу
Ауылымның қадірлі ақсақалы Сапар ағаммен жиі сұхбаттасып тұрамын. Бір барғанда үйінің қабырғасына ілінген фотоларды тамашалай жүріп, қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Мұқановтың бейнесі көзіме оттай басылды. Таңырқап тұрып қалыппын! Сәбит атамыз жасөспірім жастардың арасында малдансоқынып көгалда отыр.
Уау Сәке, әңгіме сізде ғой. Қазақ әдебиетінің алыбы Сәбит Мұқановтың суреті төріңізде неге ілулі тұр? Бұл көнерген суретте қандай құпия жатыр. Айта отырыңыз, - деп оны әңгімеге тарттым. Сапар аға ойлана отырып:
- Уақыт деген қандай жылдам. Сәбит ағаны көргенім кеше ғана сияқты. Иә, бәрін ретімен баяндайын! Қаратал ауылының сегіз жылдық мектебін бітіріп, оқуымды әрі қарай жалғастыру үшін Сырымбеттің орта мектебінде оқиын ба, әлде Көкшетау қаласындағы №3 мектепте оқиын ба деген оймен жүргенмін. Әкем Болат менің екі ойлы болып жүргенімді көріп: «Қарғам, Шұқыркөл орта мектебінде оқы, өйткені аталмыш мектепте есімдері елге танымал Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдулин, Еркін Әуелбеков сынды дара тұлғалар оқыған. Сондықтан да осы оқу орнында оқысаң сапалы білім алып шығасың» деген әке ақылын тыңдап, оқуымды «Шұқыркөл» орта мектебінде жалғастырдым.
1964 жылдың көктем айы. Таң ата әдетімше мектепке беттедім. Күн шайдай ашық, жасыл желекке бөленген табиғат та күн нұрына маужырап тұр еді. Осындай таңғажайып көрініспен көңілім көтеріліп сыныпқа кіргенмін, сынып жетекшісі мені көріп: «Ауылға белгілі жазушы Сәбит Мұқанов келді, мектеп ұжымымен де кездеспек. Ендеше Сапар, фотоапаратыңмен Сәбит Мұқановпен кездескен сәттерімізді суретке түсір, естелік болсын» деген сөзін құп алып, фотоаппаратымды даярлап қойдым. Біраздан соң әдебиет пәнінің мұғалімімен ілесіп сабаққа Сәбит атамыз да кірді. Бәріміздің қуаныштан жүрегіміз лүпілдеп қуана қарсы алдық. Өйткені қазақтың атақты жазушысының шығармалары «Бай баласы» (1928), «Мөлдір махаббат» (1931), «Теміртас» (1935) романдары «Ботагөз» (1938) романдарын көз майымызды тауыса сүйсіне оқитын кезіміз. Сәбит ағамызға «Өмір мектебі» автобиографиялық трилогиясына Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілгенін де білетінбіз.
Ол кісі бізбен ашық-жарқын амандасты. Тым қарапайым кісі екен. Ол өзінің шығармашылығы туралы баяндап, қазіргі қазақ әдебиетінің бағытын сипаттай келе жерлестерің Айқын Нұрқатов пен Нығмет Ғабдулин де әдебиет саласына елеулі еңбек сіңіруде деп оқушыларды желпіндіріп қойды. Содан сөзін әрі жалғап Шұқыркөл ауылы тарихы тұнған жер ғой, бұл ауыл аға сұлтан Зілғара мен оның баласы Әлібек батырдың ата қонысы. Ол кісілердің үрім-бұтақтары осы жерде тұрады. Ауыл қариялары ауыл төсінде Ақан сері Құлагерінің де ізі қалған дейді, өйткені Ақан сері мен Әлібек батыр өте жақсы қарым қатынаста болған деседі. Тіптен Алаш Орда партиясының мүшесі, әдебиетші Абдолла Байтасавтың да дүниеге келген жері осы Шұқыркөл ауылы екен...
Сәбит аға сөз соңында балалар сабақтарыңды жақсы оқып, арман-мақсаттарыңа жетіңдер деген тілек білдірді. Ол кісі оқушылардың көңілдеріне түйткіл болып жүрген сұрақтарына да жауап бере келіп «Ботакөз» романының алғашқыда неге «Жұмбақ жолау» болып жарық көрген себебін де түсіндіре кетті.
Мен Сәбит ағаның әр қадамын қалт жібермей суретке түсіріп жүрмін. Ол менің суретке түсіріп жүргенімді байқап: «Балам жарайсың, бұл өнер қазаққа кенжелеп келген өнер ғой. Бұл кәсіпті жақсылап меңгеріп, осы істің шебері бол. Ал түсірген суреттеріңді Жазушылар одағына менің атыма жібер» дегенде төбем көкке жеткендей болды, өйткені оның бұл сөзін атамның берген батасындай қабылдадым.
Сәбит аға әңгімемізді табиғаттың аясында жалғастырайық деген соң далаға шығып, Сәбит ағамен бірге мектеп бағының ішіндегі көк майсаға жайғасып, ол кісінің айтқан ғақлия сөздерін зердемізге түйіп отырдық, аталмыш суретті сол кезде түсіріп едім. Сол күні Сәбит атамызды ауыл адамдары қошеметпен еліне шығарып салды, - деді.
- Аға, сөзіңізге қарағанда суреттер көп болған сияқты, қалғандары қайда? - деп едім.
- Расында фотолар көп еді. Ол фотоларды балаларға, мектеп мұғалімдеріне тараттым. Ал Сәбит ағаға арнайы жіберемін деген суреттерім жоғалып кетті, оның ішінде Сәбит ағамен түскен суреттерім де бар еді. Тіптен фотолардың негативінен де көз жазып қалдым. Әттең, сүйікті жазушымның аманатын орындай алмағаныма қатты өкінемін! Бірақ Сәбит Мұқановты көру, тілдесу бақытына ие болдым ғой деп көңілімді көтеріп қоямын! Сол тарихи сәттен осы сурет қана қалды, ал суреттегі бойжеткендер менің сыныптастарым! – деді Сапар ағам.
- Не дегенмен Сәбит атамызбен кездесуіңнің өзі бір тарихи уақиға ғой,- деп мен де Сапар ағама риза болып жатырмын...
Поделиться: