Жел сезім

05.03.2021 5942

(новелла)

 

Сол кездері тәккәппарлықпен ғашықтықты сол қалпы сезінбей кетермін деп ойлай бастап ем. Жаңылысыппын. Ол сиқырлы ғажап сезім оқыстан еш ескертусіз менің есігімді қақты. Шағын ғана жайлы, жинақы әлемімде жойқын дауыл тұрды. Иә, 26 жасымда кенеттен Сіз жолықтыңыз. Жасыңызға да, тұрпатыңызға да, дәрежеңізге де қарамадым. Себебі, сезімнің адамымын. Онсызда әдетте, маған көбіне-көп тек жасы үлкен ер азаматтар сезімдерін білдіретін. Үйренгенмін. Бір жағынан мүмкін, өзім қатарлы жігіттерді тәжірибесіз, жас көрермін. Сенбейтін де шығармын. Бәлкім, өзімнің ойлау жүйем де жас емес...

 

Әйтсе де, иә деген жауапты естіген тірі жан әлі жоқ. Тәккәппарлығымнан немесе талғампаздығымнан емес, “Өзімдікін” кездестірмегеннен болар. Қазіргі күні Қарындас, қашан тұрмыс құрасыз? дегендерге Ниетіме сәйкес ер азаматты уақыты келгенде Раббым өзі бұйыртар деп соңғы жылдардағы мені білетін көпшілікке мүлде тосын һәм жаңадан тапқан әдетімше жауап беріп жүрмін. Дегенмен, осыдан екі жыл бұрын ғана сұрағандарға Тууу, өмірде тұрмыс құрудан да маңызды жаһандық мәселелер бар! дейтін ем. Бір ауыздан. Үйдегілер әдеттегідей жауап беріп жүрмегенімді естіп, көріп мәз. Өмірдің мәнін түсінген екен деп жүрген болар... Негізі ішімнен Алла әркімге ниетіне, жан-тән тазалығына қарай беретініне кіршіксіз, қалтықсыз толыққанды сенетін ем. Өйткені, Ол көңілдегіні де, жүректегіні де біледі, көреді емес пе? Десек те, тағдырды жоққа шығара алмайсың...

 

Тіпті де менің типажымда емес едіңіз. Әдетте менің теңім аққұба, сұңғақ бойлы, көздері азиаттарға тән, бірақ қыр мұрынды азамат болар деп елестетуші ем. Ал сіз қап-қара қарақаттай көздері бозторғайдың көзіндей дөп-дөңгелек, бақырайып қалған, орта бойлы, кең иықты, қаралау келген азаматсыз. Алиді ылғи тек костюм-шалбарда ғана көретінмін. Десек те, өзіне құйып қойғандай жарасатын. Қашанда тап-таза, жып-жинақы жүретін. Жарының - ұқыптылығының, тазалығының көрінісі. Бұл азамат жар таңдаудан қателеспесе керек-ті. Өйткені, мінезі кірпияз, талапшыл, қайсар еді.

 

Әйткенмен, алғаш жолыққанымызда да жүзіңіз жарық еді. Нұрды көрдім. Иманыңыздың барын байқадым. Бес уақыт намаз оқитын болғандығыңыздан емес. Ел білетін тұлға болғаныңыз үшін де емес. Жанарыңыздан әлі де басылмаған жалын, рух, күш-жігер, қайрат көрдім. Мендегі өткірлік Сізде де бар болатын. Ашулансақ кесіп кететін едік. Тым қауіпті...

 

Бір жыл бойы мені сол жалын еріксіз һәм аяусыз әр  секунд сайын бейне бір әлгі жалмауыздай жалмап, шарпыды. Сәт сайын өрши түсті. Көзімді ашсам сізді көремін, жұмсам тағы да сіз тұрасыз. Көз алдымда да, миымда да, ойымда да - сізсіз. Сезімге сиқырланғандаймын. Тосыннан тынысым тарылатынды шығарды. Кенет құлағыма тыныстап тұрғаныңыз келе бастады. Басында “Үркек Керімдей” үркіп кеттім. Өйткені, өзім ғана жалғыз тұр едім...

 

Қасымда тірі жан болмаған. “Бұ не тәйірі, тұла бойымды өртеп әкетіп барады...  Ерік-жігерім берік емес пе? Неге ырқым өзіме еш бағынбайды. Неден басымды сонша айналдырды.” деп әлі де аң-таңмын. Рухым қайда?! Мұның бәрі Риз, сенімен болып жатқаны рас па? “Құдай сақтасын!” деп күбірледім. Үлкені бар, кішісі бар шайтандар құр тұрмай, бәрі жамылып мені арбап жатқандай... “Рухың мықты болса, ешқандай қара күш сені алмайды. ” деп рухани ұстазым жиі айтатын. Дәрет алып, отпен өзімді аластап жібердім. “Ясин” “Аятуль-Күрсі” сүрелерінің құдыретін, қасиетін сонда көрдім. “Раббым, ойымды, бойымды тазарт!” деп дұға қылдым. Жеңілдікті сездім. Дереу алып түскендей болды. Өнер университетінде оқып жүргенімде, “Қаралы сұлу” әңгімесін жиі талқылайтын ек. “Осы әйелдікі не арпалыс? Басқа айналысатын шаруасы жоқ па? Одан да дұғасында иман байлығын сұрамай ма?” деп миығымнан күлгенім есімде. Маған бұл күйдің сыры кеш те болса енді жеткендей...

 

Өмірімде сізді өзара іскерлік кездесуде үш рет көрдім. Телефонмен іс барысында келіссөздер жүргіздік. Соңғы рет жолыққанымыздан кейін көтеріліп кеттім. Еш жақпады. Көрмегенім, кездеспегеніміз жөн бе еді?.. Үкімет үйінің кіреберісінде Сафура деген көмекшісін күтіп отырмын. Сонда ішкі жақта тұрған елуден кеткен аға “Мына әдемі қарындасты неге күткізесіңдер? Кіргізссеңдерші тезірек!” деді әзілдеп. “Кімге келді, бұл жас қыз?” деп ойлаған да болар. Күзетшілер еріксіз күлді. Сафураға құжатымды бердім, ішке енгізіп алды. Лифтте бірге келе жатырмыз. Өзі де бір ірі, сүйекті қазақ қыз екен. Менің Кербез әпкем сияқты ер мінезді, өр, іші қатты секілді. Адам таңдайтын сияқты ма? Әлде мені жақтырмаған түрі сол ма? Әйтеуір, түрі суық. Ылғи менің статустарымды қарап жүретін осы қыз екен ғой дедім іштей...

 

Дәліздегі диванда күтіп отыр ем. “Риза, сәлеметсіз бе!” деп ар жақтан ақырын басып шыға келдіңіз де, әдеттегідей жымыйдыңыз. Мен орнымнан дереу атып тұрыппын. Қалай тұрып, сізге ұшып бара жатқанымды сезбей қалдым. Жетіп барыппын. Орта жолға келгенде ғана қылығымды ұқтым, аяқтарымды баяу жүруге мәжбүрледім. Қолымды беріп, амандастым. Жылы алақаныңызды сезгенде, бойым дір ете қалды. Менікі болса, ылғи сап-салқын. Сол секундтта жылып сала бергендей... Шубамды шешуге жәрдемдестіңіз, сасқанымнан қолымдағы көк шарфымды сізге оқыстан ұстатыппын да, өзіңізді күтпей кабинетіңізге бет алдым. Жаңа қызмет орныңыздан гөрі бұрыңғы кабинетіңіз ұнайтын еді. Қазір келемін деп екінті намазыңызды оқуға кеткенде қуана-қуана күтетін ем. Сондағысы қаза қылмай тұрақты оқитындығыңызға іштей жүрегім жылып сала бергені ғой. Бұрындары рухани деңгейі жоғары, иманы берік ерлерге ғана мән беретін ем. Кейін ойым күрт өзгерді...

 

Кездесу барысында не айтып, не қойғанымды өзім білмеймін. Есеп бере алмадым. Кең, жарқыраған кабинетіңізде бір-бірімізге қарама-қарсы отырмыз. Бұл офисіңіз де мұражайға ұқсап қалған. Ресмилік басым. Мен үшін тым жадағай. Мұндай “суық” жерде отыра-отыра еркіндіктің дәмін сезінбей, шектеліп қалуға болатын сықылды. Алайда, алдыңғыңызда әжептеуір жылулық бардай сезілетін. Сол орныңызда отырған бейнеңіз әлі есімде. Болмысыңызға, өткір жанарыңызға сондай жарасатын... Көзіңізге тік қарауға қазір де қауқарым жетпей жатыр. Кенеттен үнім қырылдап кетті. Жөтеліп қалып ем, мойнымды ұстап тұрған саусақтарыма автоматты түрде жалт қарадыңыз. Одан сайын басым айналды, дір-дір етіп әрең отырған түрім бұдан бетер бір бозарып, бір қызарды. Жүрегім сол сәтте-ақ қозғалып кетті, абырой болғанда тоқтап қалмағанына сансыз шүкір. Менің қасымда сіздің де қобалжыйтыныңызды аңғардым. Менімен сұхбаттасқаныңызда өткір, отты жанарыңыз әрдайым күлімдеп тұрады. Бәлкім, ашық-жарқын мінезіме бола зор мейіріммен, ағалық сүйіспеншілікпен қараған боларсыз...

 

Кездесуіміз тәмамдалған соң табалдырықтан шығып бара жатыр ем, арқама тым жақын келіп қалдыңыз да “Ақысын айтасыз ғой қайда жіберу керектігін...” дедіңіз ақырын ғана желкемнен сыбырлағандай. Тұрған жерімде состиып қатып қалдым. Сіздің жүрек қағысыңызды, дүрсіліңізді, тынысыңызды сезіп тұрмын. Жерді сезініп тұрған мен жоқ. Менің жауап қайтаруға мұршам болмай, тынысым тарылды, асығыс “маңызды емес” дедім байырғы ескі әдетке басып. Қаражатқа келгенде қатты қысыламын. Ең алғашқы киностудиядағы қызметімде ген.директорға кетерімде жалақы керек емес деппін. Серік ағам шошып кетті ме күліп жіберді де, есепші апайға “Біздің Ризаға еңбекақысын төледіңіз бе деп?!” жеке өзі қатаң қадағалап жүрді. Жалпы Али бей менің ұялшақ екенімді әуелден алғаш кездескенімізден біледі. Риза сіңіліңіз – ұялшақтау екен. Бұл – әпкеме айтқан соның сөзі.

 

Ілгішектен шубамды алып жатыр ем, тағы тура қасыма келіп тіреліп тұр. Менің қолымның үстінде оның қолы тұр. Өзім алып берейін деп саусақтарымды ұстап қалды, аузым ашылып мен тұрмын. Естен танып қалдым. Қырсық аяқ-қолым дірілдеуін тіпті де қоймайды. Қайта қолымды беріп қоштастым. Екінші рет бұрыңғы офисіңізде жолыққанымыздағыдай алақанымның ортасынан білдіртпей тағы да бірнеше секунд ұстап бірақ, жұп-жұмсақ түрде сипалап өткендей болдыңыз. Жүзіңізге қарайламай, асығыс шығып кеттім. Бағанадан бері көз алмай бәрін бағып отырған көмекшіңіздің онсызда үлкен көздері бетер бақырайып кетті. Далаға басыма байламымды тақпастан атып шықтым. Әлі де жерді сезіп тұрған жоқпын. Терең тыныстадым... Содан кейін жарты жыл өз-өзіме келе алмадым. Министірліктер үйі, Үкімет үйіне бару менің рухыма зиян сықылды көрінеді де тұрады. Бейне бір энергетикасы таза еместей. Жә, шамасы шектен тыс сезімталсың...

 

“Риза, өз өміріңді өзің құртпа, күрделендірме. Өзіңді қор қылма. Алтын басыңды отбасы бар еркек үшін қорлап, тұнығыңды лайлама. Ол жігіттің қасындағы шайтаны үлкен, соның тұзағынан шыға алмай тұрсың.” деді бірден рухани ұстазым. Әрине, еркектің қасында нәпсілік шайтаны қатар жүретіні белгілі. Ол - 39 жаста, қырық жаста сұралады. Ер адамдар нәпсіге тез беріледі. Қалады ма алуы керек, болуы керек. Әрине, оларға идеалды адам керек. Сен сірә сәйкес келмейсің. Қарама-қайшылыққа толы күрделі шығармашылық табиғатыңды түсінетін, қасиетіңді қадірлейтін ер азамат керек саған. Өзіндікін соңына дейін күт. Қазір тура жолдасың. Тайқыма!

 

Сезімің болғанда, жылы энергияны сезесің... Аталмыш сезім қол жетпес, мүмкін емес болған сайын одан бетер ынтық ете бастағандай беймаза, түсініксіз, тұрақсыз күй кештім. Ыстық сезімімді суытқым келмеген де шығар. Осы күйді ұзаққа сақтағым келгендей. Бұл сезімдерімді аяқ асты жоғалтып алсам, жас ғұмырым үзіліп кетердей сезілді. Әрине, бұның бәрі де уақытша, артта қалатынын сол сәтте түсінбеген ем.

 

2020 жылдың 31 қаңтар күні фейсбук, инстаграм парақшаларымда “Күнделік сөйлейді” деген хэштегпен жаздым: “ Жасыңызға қарағаным жөн болмады ма деймін. Ешкімге ешқашан ғашық болмағандағы күйім өзіме әсіре ұнап қалса керек. Сол күй, сол дәм, сондағы азаттық әсері саған ұнайтын тәрізді ме?.. Сіз маған сүюді үйреттіңіз. Міндетіңіз, рөліңіз – сол ғана еді.”

 

2020 жылдың қаңтардың 31 күні “ Сізді сағынамын... Қасымда мың адам жүрсе де, өз-өзімнен жалғызсырап, мұңданамын. Себебі, сіз жоқсыз. Бәрібір жыламаймын. Болмас. #күнделіксөйлейді ” деп жазба қалдырыппын. Маған жазып не хабарласқаныңызда елең ете қаламын, жо-жоқ, ұшып кете жаздаймын. Қанатымның барын сондай да сезіп қаламын. Жүрек қатты қағып, бетіме қан жүгіреді. Сезімге ерік беруді әлсіздік, көргенсіздік көретін, өзін әуелден-ақ саналы түрде буып, матап тастаған, суып қалған мені сіз ғана жібіттіңіз...

 

2020 жылдың 4 мамыр күні “ Самира сізді ұмытады. Қалай да. Басқаша болуы мүмкін емес. Жастығын, энергиясын, уақытын, денсаулығын қайырсыз бос сезімге жұмсамайды.” деппін.

 

2020 жылдың 4 маусымы күні “Сен – менің дуамсың. Өзгелердің ешбіріне сезімім туындамағаны үшін әрине тек өзімді кінәлаймын. Басқаларға мүмкіндік беруге күшім жоқ. Енді қайтып күйіп-жанбаймын-ау... Орташа дүниелерге де үйрене беру керек сияқты. Ол құбылыс қайталанбайды.”

 

Бірде түн ортасында түсімде оны көріп, жасқа малынып атып тұрдым. “Сыйластығы, достығымыз қалса екен, жаны менімен қалсыншы. Тәні маған әсте керек емес. Менің оған деген сезімім қалады,  Оныкы да қалса екен. Оның мені ұмытқанын қаламаймын. Оның маған деген әдемі сезімі, сыйластығы, достығы осы қалпында қалса екен. ” алақанымды жайып деп тілек қылдым.

 

2020 жылдың 3 шілде  күні “ Сен – менің серігімсің. Білесіз бе, мен енді Оны да Сенен артық жақсы көрмеймін. Сынақ үшін Алла берді қажетсіз нәрсені құштар қылып. Алайда, тек Алла – махаббат көзі. Қалғаны жәй құштарлық...”

 

Ішімде ақ пен қара үздіксіз әлі де айқасып жатты. Махаббатан есі кетіп жүргендерді жақтырмайтын ем. Әсіресе, 15 жастарында бүкіл өмірді көріп тастап, бозбалаларды тырп еткізбестей бірінен соң бірін ауыстырып, 17 жастарында топ етіп тұрмысқа шығып кете баратындарға қайран қалатынмын. “Қайда асығады? Өзін дамытпай ма, ойын өсіріп, қырларын ашпай ма? Әлі Жаратқанды танып үлгермеген де болар? Ұлық Алладан басқа күш те құдырет те жоқ! Жолдасы да, ұрпақтары да Хақ Тағала тұрғанда бірінші орынға әсте шықпайды. Ең алдымен Оған арналмаған уақыт, қуат пен ықыластың қандай қайыры бар? Болмаса, білім мен ғылыммен айналыспайды ма?” деген бір жақты балаң ойда жүретін ем. Сіңілдеріме де “Білімді болыңдар! Қалғанына үлгересіңдер әлі...” деп кесіп тастағанмын.

 

Ал өзіме келгенде бәрі басқаша екеніне көзім жетті. Махаббат орынсыз жерде, орынсыз уақытта келе береді. Тәңірлік махаббатты, Өзімдікін сабырмен күтіп жүрген мен тосыннан тап болдым, дуаланғандаймын. Сөз жетпейтін сезімге сиқырландым. Үнсіз ұнаттым. Үнсіз шайқастым. Сабырым таусылды. “Истихара” оқыдым. “Жаратушы, сенің жәрдеміңе аса мұқтажбын! Анығында, тек Сен ғана маған көмектесе аласың. Әлбетте, бұл сезім мен үшін қайырсыз. Өйткені, ол – үйленген азамат. Оған менің хақым жоқ. Жоғарыдан рұқсат жоқ сезімге әсте жол жоқ. Нәпсілік махаббат маған керек емес. Мен үшін Ұлық Алла сенің разылығың - бірінші орында. Әділсің, Кеңсің, Хақсың, бұдан да алып шықшы пендеңді. Дұрыс дұға жасамай, қате сөздеріммен, теріс ойларыммен өзімді сынаққа салып жіберген сияқтымын...  Тура жолға бастай көрші мені...” деп дауысым дірілдеп кетті... Қағбаның суреті бар ақшыл жасыл жайнамаздан басымды көтермей кеудемнен үзіліп ауыр дем шыққанша ұзақ тіледім...

 

Инстаграм, фейсбуктегі парақшаларымда “17.03.2020 ж. - мен бүгін ояндым... Тоқтадым. МАХАББАТ – біздің жолымызға шамшырақ. Сезімді тек сол үшін сақтадым. Махаббат энергиясы шығармашылғыма шабыт сыйласыншы. #күнделіксөйлейді ” деп тағы жазба қалдырдым. Иә, Али – алғашқы махаббатым. Сіздің рөліңіз – маған сүюді үйрету ғана болатын. Мен енді бәрін сезіммен ғана өлшемеймін. Бәлкім, есейдім. Өз биігімде қалуға тиіспін. Ақылды қыз – жел сезімін ақылмен жеңеді. Анығында, Али мені емес, менің әпкеме ғашық екен. Кеш білдім. Өзімді алданғандай сезіндім. Ақиқатқа көз жеткізу – жеңілдік. Ақиқатына көз жеткізген соң адамның өмірі, жолы реттеледі. Тұманда жүргендей боласың. Кейін тұман сейіледі. Қай жерде не барын көреді.

 

Менің кінәм жоқ еді. Ол маған бауыры деп әпкеме қарағандай көзбен, энергиямен қарап қойды. Ал мен қабылдап қойдым. Әлбетте, бір жыл бойы уақытымды, энергиямды босқа кетіріппін. Кейін рухани ұстазым айтты: “Алланың саған - көмегі бұл! Ниетіңнің тазалығы үшін!

 

Сол пендеңді ұмытып, жол тапқаным қандай жақсы. Анығында, Али қаншама энергиямды әкетті, ой-санамды жаулады, сабырымды алды. Тыныштығымды сұраусыз ұрлады. Істерімді тежеді, тым ұзаққа тоқтатты. Көңілдің, сезімнің, шығармашылықтың адамы болған осындай да  - қиын.

 

Білесіз бе, аға, маған сізді естіп, анда-санда бір көріп қалу да – зор шаттық. Бастысы, жаныңызды қалағаныммен, тәніңізді бір секундқа да қалаған емеспін. Сізге сынақ болғым келмеді. Жоғарыдан бәрібір рұқсат жоғын білдім. Өзге қазақ азаматтарына бір сәтке болса да, көңілімді алдау үшін де қарай алмадым. “Осы пендеңді мәңгіге ұмытайыншы. Енді ешқашан да жолықтырмайыншы, өле-өлгенше көрмей кетейінші!” деп толассыз түрлі-түрлі күшті, қасиетті дұғалар жасалды, Құраннан арнайы сүрелер оқылды. Оны түсімде үш рет көрдім. Соңғысында ешқашан көріспейтінімізді аян арқылы көрсетті. Қажетсіз нәрсеге құштар қылудан, рухани кеселге кез келуден сақтасын. Алдамшы өмірде Алладан басқасы – ақиқат емес. Қалғаны – жәй құштарлық. “Сіз” дегенде кеудем бұлқынып, жанарымнан еріксіз ыстық жас ыршып түсе қалатын. Жас адам жанын тазартады...

 

Жағалы, текті  бабалары бар, қасиет иесі - Жауһар ұстаз “Сезімі ашылып кетуі мүмкін. Оның да саған сезімі бар. Сол үшін оның қасында аяқ-қолың дірілдейді.” демегеніңізде     ғой әуелден. Барлық бұлқыныс, сілкініс сол бір ғана сөйлемнен, титтей үміт отынан шарпып кеткен еді... Тағдырға тапсыру керек пе еді?! Не үшін араластым? Мен үшін ненің қайырлы, берекелі боларын Хақ Тағала ғана білетін еді ғой.

 

17.03.2020. - бүгін көзім ашылды. Ақиқатты естідім. Қабылдау ауыр. Өзімді бір жыл бойы құр текке алданғандай сезіндім. Олардың тағдырларында жазылған еді. Жақсы қабылдадым. Өйткені, ол Алланың рұқсатымен болған еді. Сезімді сақта. Махаббатты сақта! Риза, махаббат - шамшырақ біздің жолымызға.

 

Әпкем мен Али олар екеуі де - шын ғашықтар. “Шын ғашықтар бұл өмірде қосылмайды” деп хакім Абай айтқан. Сол ғашық көзбен саған да қарады. Саған ғашық емес. Бауыры деп қарады. Оның ғашық көзбен қарағанын өзінше қабылдап алдың. Оған да кінә жоқ. Жылы нәрсе болған соң, қабылдап қойдың. Сенде сезім пайда болды. Сен  - тоқтамадың. Ол энергия саған жақсылыққа қызмет етеді. Болашағыңа, шығармашылығыңа. Ішкі даусым тоқтаусыз, үздіксіз күбірлеумен болды. Мені жұбатқысы келеді-ақ. Уақыт емші емес екенін сонда ұқтым...

 

Олар бір-біріне мәңгі махаббат болып өтеді. Сен “третья лишняя” болмай, қажетсіз сезімдеріңе, нәпсілік қалауларыңа “крест” қоясың. Өтініш, Риза жан, аға ретінде де құрметтеп, араласпай-ақ қой. “Ризқонтай” деп еркелеткендегі дауысын да еске алма. Доғар! Бақылаушы періштелеріңнен, ниетіңді жазып алушы періштелеріңнен ұялсаң етті. Олар сен үшін Жаратқаннан сұрап, шыр-пыр болып жүрген жоқ па? Олар кетіп қалса қайтесің? Эгоистсің. Аға ретінде тірек көрдім деп қана қабылда, ойлай сал. Сосын ол жігіт те жылы қарап жүргені де, аға ретінде мені тірек көріп, жақын тартып жүретіні сол екен ғой деп ой түйеді. Дұрыс емес ойларын бұрып жібересің. Өзіңді де ақтап аласың, оны да қарыздарынан құтқарасың. Яғни, энергетикалық қарызынан құтылады. “Өйткені, Оған өте көөөөөөп махаббат энергиясын жібердің. Ол  - саған қарыз. дедім салқынқанды үнмен, қатып қалған сұп-суық мұздаған жүрегіммен өзіме. Иманды, жақсы жігіт қой. Ол жігітте де шекара бар, әлбетте.

 

Кез келген нәрсе Алланың бұйрығынсыз болмайды. Болуы керек нәрсе. Өтуің керек нәрсе. Бұл  - саған үлкен сабақ болды. Өзіңе көп жақсы дүниелер аласың. Көп ойларға келесің. Идея аласың. Өтіп тұрғаның жақсы. Әйтеуір, иманыңның, жүрегіңнің ақтығының арқасы. Себебі, Жаратқан  - Әділ. Минусыңды плюске айналдырып аласың. Сөйтіп, шаруаңды, өміріңді де, бағытыңды да реттеп аласың бұйырса. Өз жолыңды тауып, өрлей бересің, өсе бересің.” деді мейірлене аппақ жылы жүзінен нұр тамған рухани ұстазым Жауһар.

 

Біразға дейін кеудем ашып, жүрегім сыздап, көңілім тұйықталып тұрды. “Иманыңның арқасында өттің!” деген ұстаз сөзінен кейін сабама түсіп, сансыз шүкір қылып, өзімді қолға алдым, жақсылыққа жинақталдым. Асықпасаң, барлығын Алла реттейді. Керегі Жаратқанға сенім, ақ ниет, сабыр. Жақсы ниетте, ойда, тілекте болу. Алла қаласа, барлығы жақсы болады.

 

Ақылды қыз - жел сезімін ақылмен жеңеді.

Поделиться: