Қызғаныш

07.06.2021 5113

Түр-сипаты, қылығы, өнері жұрттан асып кете қоймаса да, Берік жасы жиырма бірге келгенше үйленбей қыз таңдады. Жиырма бір, әрине, өзінің құрбыларымен салыстырғанда үйлену үшін ерте де емес, кеш те емес еді. Сол кезде әскерден бірінен соң бірі келіп жатқан құрбылары үйлене бастады. Қолдары жеткені әдемі, ақылды қыздарға, ал өзі сияқты қарапайымдары әйтеуір “бұйырғанына” риза болып алғашқы алқыныстарын, аптығуларын басқан сияқтанды. Берік мектеп бітірген алғашқы жылдарда  да, одан кейінгі әскерден қайтқан жарты жылда да, кейбір сауықшыл құрбылары сияқты ойсыз қызыққа батқан жоқ, оған уақыты да онша жібере қоймады. Бірден осы тракторға ие болды да, намысқа тырысумен, өліп қалған әкенің артындағы жалғыз тұяқ түтін түтетуді ойлады. Әкеден қалған жиырма шақты қой, екі бұзаулы сиыр, құлынды биеге азық Беріктің мойнына мықты жүк болды. Ол енді осы малдан айрылса, үлкен қымбатынан айрылатын адамша өзін жауапкер сезінді. Жұмысты да жақсы істеуді ойлайды, бірақ онысы көп жанама ойдың біреуі ретінде әке мұрасын сақтау туралы ойға бағынатын. Берік қыз таңдағанда, мінездісін таңдады, қылтың-сылтыңсыз үй шаруасына тындырымды, ыстық-суықтың бәріне көнбіс қыз болса деп ойлаған. Әдемі қыздардың көбі ол дәрежеден шықпасын Берік біледі, бірақ ештеңеден бейхабар, тым бос қыздарға өмірін қор қылуға тағы қимады. Осының бәрі Беріктің ішінде жүрген ойлары еді. Ол әскерден келген бетте өзімен бірге оқыған Майра деген үріп ауызға салғандай көрікті қызға көңіл білдірді. Берік шашы бұйра, маңдайы қасқа біткен, домалақ мұрынды, аузы шүршіктеу, өңсіз жігіт еді. Қылықты қыз Майра мұны әзілдеп, қызарып ұялғанына, ыңғайсызданып, қипақтағанына зілсіз күлетін. Берік одан қатал сөз естіп, көңілі қалып көрмесе де біртіндеп, ақылды қызға тең бола алмасына көзі жетіп, өзі тыйылды. Өз қылығына ұялып, біреу сезіп қойған сияқтанып, Берік бірер ай іштей қуыстанып жүрді. Үйленуді бел шешіп ойлай бастаған кезі де сонда болатын.

 

Күзгі жер жыртуда жүргенде ауылдан алыстағы фермада тамақтанып, жұмысшылар сонда қонатын. Арнайы жатақхана, он-он бес адамға арналған қатар-қатар ағаш нар жұмысшылардың күзгі, көктемгі егіс кезіндегі мекені. Ферма отыз үйден ғана тұратын, қалың таудың ішіндегі өзен шетіне, алақандай ойпаңға орналасқан. Жазғы уақыттың ең қызығы – алтыбақан. Тоғай ішіндегі алаңқайға түн бастала ауылдың қыз-жігіттері түгел жиналатын, арасында күпәйке сүйретіп, тоңып, бүрісіп балалар жүреді. Олар қызықтаушы, барлық құпияны аңдып, ашушылар сияқты.

 

Жұмыстан шаршап жүрсе де шала жуынып, түнде ештеңе етпес деген оймен егіншілер де алтыбақанға келетін. Кеш қоюланып, ойлы түнге ұласқанда, дыбыстар тына қалса шегіртке шырылынан басқа естілмейтін, түн кейде самаладай жарық, кейде қап-қараңғы. Таза ауасы жан сарайыңды ашып, бойыңды сергітетін рахат түндер еді ол. Берік қазіргі келіншегі Күнипамен сонда танысқан. Ұялшақ еді Күнипа. Берікке тура қарауға батпайтын. Шашын қиған орта бойлы тығыршықтай қара торы қыз оған іздегенім сен дегізді. Ауылда әңгіме жатпайды. Берік – Күнипа арасы онша пісіп, әбден бітпесе де әңгіме ауылға тарап кетті. Күнипаның мектеп бітірген жылы сол еді, әкесі аурудан жастай қайтыс болғалы шешесі мал бағудан босап, ферма орталығында үш жылдан бері ұсақ-түйек жұмыстарға араласатын. Онысы әкеміз жоқ деп жаутаңкөз болмай, балаларын ел қатарлы көңілді жүріп, киінсін дегені. Соған ұмтылу еді. Күнипаның шешесі Әсима денелі, кесек бітімді, мінезі де кесек адам. Жүк түсіру, жүк тиеу, қой қырқу сияқты жұмыстарды әлді бір еркектен қалмай істейтін. Пысықтығы жағынан Күнипа да шешесіне тартқанмен, отты мінез оған дарымады. Беріктің болашақ келіншегі осындай еді, ал алғашқы кезде тым қарапайымдау қызды қомсыныңқырап та жүрді, уақыт өткен сайын күй талғауға мұрша бермейтін ауыр жұмыс оны ұмыттырып та жіберді.

 

 

*    *   *

 

 

Күздің соңғы айы орталағанда, алғашқы жұмадағы жауған қардың лайсаңына қоса екі күн сілбіреп жауын қосылды, іле тұрған қарасуықтан жер қатты, басқа уақытты тосуға төзімі жетпегендей Берік апыр-топыр үйленіп, екі айдай қысқа мерзімді пайдаланып үйіне тағы дем алды. Трактористердің көбі бұл кезде малға көмекшілікке, Сібірге ағаш заводтарына командировкаға кетіп жатты. Берік оларға: «Үйде қарайтын ешкім жоқ, немесе бірер ай сақман басталғанша қоя тұрсаңдаршы», – деп іздеп келген адамдарды қалжыңмен қайтарған. Той орташа өтті, ауылдағы басқа тойлардан кем де, артық та емес еді, тек бұл тойда елді аузына қаратқан Сіләмбек, Дәурен сияқты домбырашы, әнші жігіттер болмай қалды. Ал Сегіз деген әнші шақырғанмен, келмеген. Алғашқы күні жиылып келген жастар үш бөлмеге қоса, есік алдындағы көгалға тігілген киіз үйге мол етіп жасалған столдарға әрең сыйды. Басқарушы жастарды асықтырып, үсті-үстіне сөз сөйлетумен көп арақ ішіліп, алғашқы столдан көп жігіттер әрең шықты. Кейінгі жылдары әдетке айналған той болса төбелессіз тарқамайтын бұзақылар мұнда да болғанмен, үлкендердің көзіне өрескел нәрселер бұл жолы көрінбеді. Беріктің үш жездесімен қоса, көршілер, жұмыстас үлкен жігіттер тойды ың-шыңсыз атқарып, көп еңбек сіңірді. Үйленер алдында қызды алып қашуға жеңіл машина табылмай, жалғыздығын Берік сонда сезіп, іштей өкінген, ол қиындықтан жолдастары алып шықты да, той атқару, қонақ күту бәрі ойдағыдай өткен соң, таң ағарып ата бере қайтқан жастардың соңын ала келген бір топ жолдастарымен шаршағанын ұмытпақ оймен коньяктан тартқан еді. Неше күнгі іштей шаршау ма, ұйқы ма мұны жеңген, жоқ , расында мөлшерден тыс ішілген арақ па, Беріктің есін алды. Ол бәрін, жасырып келген ойларын ақтара салды.

 

Ол даурығып, бір айтқанын қайталап, жолдастары қысылып, мұны қалай қойғызуды білмей, елпектеп, алдаусыратқан сайын көтеріле берді.

 

Ертеңінде түс ауа төргі бөлмедегі шымылдық ішінде басы сынып, шөлдеп жатып, көзін ашты. Содан үш күн бойы “ауырдым” деп шымылдықтан шықпады. Ол ауырған жоқ еді, оны іштей налу, елге мазақ болудан қорғаған сезімдер жегідей жеді. Ол өзін біресе аяп, біресе жігері құм болып бармағын тістеді, біресе Күнипаны аяды, бұған кінәлі адамша жаутаңдай берген келіншегіне тіпті кейді, ыза болды. Оны өз жанынан шешейге көмектес деп, желегі түспей жатып, жұмсап жіберді. Бос отыру Күнипаға да қиын еді, ол осылайша басқа ошақтың бар жауапкершілігін ашушаң сары кемпірден үн-түнсіз қабылдап алды.            

 

 

 *    *    *

       

 

Көңілі әлденеден алаң болып, шешесінің қасында жалғыз отыра алмай бойдақ кезінде Берік үйге сыймайтын. Бір қыстың ішінде семья өміріне көндігіп, бұрынғы алыпқашпа, төтенше ойларын қалдырып, ырғақты, ел қатарлы тіршілікке көндікті. Көктем бастала бір жарым ай сақманда болып, мал төлдетуге көмектесті. Егіншілер жер жыртуға кіріскенде, бұл шөп шабатын трактор алып, жаз шыққанша соны жөндеді. Ала жаздай шөп дайындауда жүріп, келіншегі босанғанда ғана шілдехана тойына бірер күнге әрең сұранып келген. Бұл уақытта Берік шынында есейіп, жүзі дөңгеленіп, біршама шырайланып еді. Ауылда бұл құралпы жігіттер бірінен соң бірі жарыса үйленіп, алды екі-үш балалы болған. Тек мейрамдарда, демалыс уақытында әлдебір шілдехана, қонақтарда болмаса кездесуге көп уақыт табылмайтын. Құрдастардың әзіл, ащы мысқылы көп, шытыр мінез Берік ондайды көтермесе де, құрбылары әзілді шынға тіреп, шынды қалжыңға бұрып, ойнай беретін. Мәжит аспаз болып істейтін әйелін көршісінен қызғанып, ұрып, қалада тұратын механик Құрмаш екінші әйел алмақ болып, замандастар өмірінде қатты, күтпеген өзгерістер болып жатқанда, Берік Күнипаға дән риза еді. Жұмыстан тарылып, ренжіп келген күндері жуынатын су дайын болмай, не темекі болмай қалса Күнипаны кәдімгідей жер қылып ұрсатын. Ұрсатын да, артынша бір ауыз тіл қатпайтын Күнипаны аяйтын, жуып-шайып артынан өзі елпілдейтін. Күн бойы аю мінезді енесінің көзінен бір елі таса болмай шаруамен айналысатын Күнипа іштей ширығып жүрсе де төзе берді. Берік шешесін де тыңдамай мінез көрсететін кездері болады, онысы арақ ішкен күндері. Ол әйелін қалайда ыңғайсыз жағдайда ұстауға тырысатын, оған сәнденіп көше кезген, сөз аңдыған әйелдердің ұнамағаны былай тұрсын, оларға жақын жүргенін көрсе Күнипаға маза көрсетпейтін. Бірақ Күнипа ыңғайсыз күйге әбден пісіп, бұл не айтса да алдай салып, не үндемей жеңіп құтыла беретін, өз еркінше өмір сүріп жатқан сияқтанады. Бұларда екі ұл бала бар еді, балалар өсіп, жылдар есейген сайын, Күнипа жасарып күш алған адамдай еркіндей берді. Осы өмірлері өзгеріссіз үшінші жылға айналғанда қысқы бір айлық демалыста келген Берік ауылдағы бұрын көзге шалынбайтын талай нәрселерді байқады. Гүлсім деген келіншектің өз күйеуін теріше илеп алғанына жаны ашыды. Күйеуі шофер еді, момын жігітті билегенімен қоймай суық жүрісін жұрт сөз ететін. Әлімнің жап-жас келіншегінің араққа салынатынын, екі жасар баласын асырай алмай, апасының қолына бергенін естігенде, бір түрлі солардың келіншегінен түңілетін. Бәрінен де Берік бала шақтан бірге ойнап, бірге өсіп, бірге оқып, енді ел қатарлы өмір сүруге айналғанда, ұсақ-түйектің бөгет болғанын қаламайтын. Ұсақ-түйек демекші, Берікке салса сол әйелдерді дұрыстап ұстай білмеген күйеулері кінәлі деп ойлайтын. Өзі де сондай бір ұсақ мінезге жем болам ба дегенде сенімі беки түсетін. Жо-жоқ , Күнипа ондай мінездің шетін көрсетпейді. Ал көре қалса не істейтінін Беріктің өзі де білмейді, әйтеуір, көз көріп, құлақ естімеген бірдеңе болуы керек.               

 

                         

*     *     *

 

 

Сөйтіп, бір кезде қомсынып, кеміте қарайтын келіншегін Берік жұрттан кәдімгідей қызғанатын болды. Дөңгеленіп, езуіне күлкі үйіріліп, ұяла сөйлейтін Күнипаның арғы жағында кейде қулық жатқан сияқтанады. Неше жыл жолдас болып жақсылық-жамандықты бірге көріп, осылар үшін қысы-жазы демей өз басына қарауға мұршасы болмай еңбек етіп жүргенде, Күнипа мұны мұқатқанды шығарды. Сидиған арықтығынан ба, қонаққа барса Берікке киім жұғыспайды, су жаңа шетелдік костюм-шалбардың иығы түсіп, жеңі қолдарын жауып, олпы-солпы болады. Қанша шалбар алды, біреуінің белі ұстамайды, Күнипа: “Мықының жоқ”, – деп күледі. Берік оған кәдімгідей қызараңдап қалады. Жұрт сияқты қырланып, сән қумаса да Күнипаға киген киімі жараса береді. Үйде отырып бала бағудан жалықты ма, жоқ ақша тауып күйеуіне көмектесейін деген ойы болды ма, Күнипа жұмысқа кірмек болды. Берік оны алғашында тәлкекке апарып:

 

– Қойшы-ей, онда мен бала бағайын, – деп бойына теңгермей күлкі қылды. Күнипаның ол тілегіне де құлағы үйреніп, ақыры несі бар, менің жалғыз табысым не болады, мейлі, істесе өзі білсін деген байламға тоқтады. Кітапхананың еден сыпырушысы болып істеген біраз уақытта, Берік әйелінің өзгерістерін байқап қуыстана бастады. Бұрынғы сөз білмейтін бұйығы Күнипа енді ширап үй жұмысына да жылдам, қонымды етіп істеп, балаларын да біршама тәуір киіндіріп, жаңа күйге ауысты. Берік қанша құрысқанмен келіншегі бойындағы өзгерістерін бұдан жасырмайтын кейіппен сенімді қалыпта бөтен күдік ойлатпады. Отасқан бес-алты жыл төңірегінде Күнипаның көзі күйеуінің қызғаншақтығына әбден жеткен, сондықтан бірге оқыған жігіттер кезіксін, қалжыңдап ойнап жатсын, ондайдан бойын аулақ салды. Жас адамның көңілі толқығыш. Адам болған соң Күнипа да театрға, киноға не болмаса жазғы уақытта жиі келетін үлкен концерттерге барғысы да келеді. Бірақ күйеуінің қабағына қарап, ондай бөтен тілек білдіріп көрмеп еді. Қанша тартылып жүрсін, Күнипаны жерлеп ұрсып жатсын, бірақ Берік оған қол жұмсап көрмеген. Жаз ортасында болған осы бір ыңғайсыз оқиға ойлануға мұрша бермей, ақыры ұрындырды.

 

 

*    *   *

 

 

Күнде болмаса да жұмысына екі-үш рет жуылатын кітапхананың жанында жаңадан ашылып жатқан архив мекемесі бар. Шаң басқан кітап, газет тігінділердің арасында үңіліп қарап, бірдеңелерді іздеп көз жазбайтын, оқыған жас жігіт бар еді. Аты – Алдан. Үнемі сурет шығарып, ескі суреттерді үлкейтіп, өзімен-өзі жүретін арықша келген сыпайы жігіт шаңмен күресудің басқа амалын таппағандай Күнипаның еден жуғыштарын алып, архивті өзі жинастыратын. Жұмысқа ебі аз блғанмен жігері шексіз, жалықпайтын Алдан күн демей, түн демей шапқылап жүретін бір қызық жан. Архив экспонаттарының ішіндегі отызыншы жылдардың ескі гармонын кейде Алдан шарықтата тартатын. Алды-артын ойлай бермейтін ақ көңіл Күнипа еден жуғыштарын сұраған соң, “Алданды бүкшеңдетіп қойғанша өзім жуа салайын”, – деп архивті жинап берген. Шашылған қағаздар, қиындылар, әйнек сынықтары, майлы бояулар мен түсті қарындаштар, картондар, бума-бума фотосуреттер, әр түрлі өрнектермен әшекейленген рамалар орындарын таппай еденде, терезе шетінде, орындықта үйме-жүйме боп, архив іші жинағанмен сол қалпында қалған. Күнипа еден жуғанша Алдан ақ қағазға суретін салып берді. Неге екені белгісіз, қайтар кезде Күнипа Алданмен ұзақ әңгімелескен. Екеуі күлісіп, әбден жарасып отырғанда үстеріне Берік кірген.

 

– Қайтсаңшы, – деді әйеліне. Өзі кітапханаға кетті. Оның түрінен де, дауысынан да ашу, таңдану байқалмады. Тағы бірер рет осындай жағдайдың үстінен шықты да, ол бәрін ішіне жиды. Көптен күткен, әйтеуір, бірдеңе болуға тиіс сәт осы сияқтанды. Берік әбден ойланды.

 

Енді бұлар осыған барса, аздан кейін қыдыру, сосын сырласу, қолтықтасу, ақыры сүйісу де қашпас. Бұл оқиғаны із-түссіз жіберуге болмайды, Бұрынғыдай ұсақ ұрыс-керіспен бітпеу керек, мықтап сескендіру керек. Берік әйелін қанша ашуланғанмен ұра алмасын сезіп, бір бөтелке арақты екі бөліп тартып салды. Бел шешкен соңғы амалына қызып алып кіріскен. Ол Күнипаны үй ішіне жалғыз қалдырып, оңдырмай ұрды.                  

 

 

*       *       *

 

 

Екі күннен соң Берік жұмыстан келгенде әйелінің орнын сипап қалды. Қарай келе балалары да, киім салатын үлкен чемодан да жоқ боп шықты. Алғашында Берік не болғанын ұқпай қалды. Сосын әйелінің кетіп қалғанда намысы келді. “Бармаспын артыңнан, ит боп өзің келерсің”, – деген. Бірер апта әйелсіз күйі кетіп, балаларды сағынған соң Берік Күнипаны қалай қайтаруды ойлай бастады. Тракторға отырып баруы барады ғой, ондағы ел, құдалар не дейді. Екіұшты оймен жүрсе уақыт өте берерін білсе де, фермаға бара алмай, ол ұзақ толқыды. Кінәлі жүзбен терлеп, жұрттың әжуа-тәлкегін естіп, ұятына тиген бірнеше күннен соң ол әйелін зорға алып қайтқан.

 

Жол үстінде үйге қайтып келе жатып, неге екені белгісіз, үйдің қожайыны өзі емес, енді Күнипа болатын сияқтанды. Оған енді іштей қарсылық көрсете алмасын іші сезгендей болды.     

Поделиться: