Орынбасар
Орынбасар жұмыс кезінде үзіліс жасап есік алдына шылым шегуге шықты. Қызмет орны екінші қабаттағы түпкі бөлме еді бүкіл дәлізді кілем үстімен жүріп өтіп, кең баспалдақтан аяқ дыбысы білінбейтін жұмсақ қалы кілемді басып шығар есікке жеткенше жан-жағына қараған жоқ. Сол шылым шегуге шыққандағы әдетінше жаңа кәстөмінің жан қалтасын қаққыштап, темекісін бір шығарып қайта орнына салып, есік алдына шыға бере шылымын уқалап жұмсартып, былайырақ жерде жапырағын кеңге жайып тұрған биік ағаштың тасасына келді. Мұнда оның не істеп тұрғанын ешкім көре қоймайды.
Мұның не істеп тұрғаны көрсе кеңсеге кіріп шыққандардың бірі болмаса бірі сөйлеуі мүмкін. Орынбасардың алдымен қорқатыны бастықтар. Олар бірнешеу еді. Солардың тілін табамын деп жүріп елуге келгенін де білмей қалды. Олар не айтса да иә,– дей береді. Кейін иә дегенге білем ғой деген қосылды. Тіпті, ұрсып жатса да мәу демейтін болды. Анау-мынау ұсақ-түйек жұмысты ірі ғалымдар істей қоймайды. Ал Орынбасар оны мыжғылап, бірнеше рет қайта жасап, қатырып істеймін деп қателесіп, ақыры қалың сөз естіп, кішкене жұмысты үлкен қиыншылықпен бітіреді. Бірақ өзі сүйкімсіз де емес. Өзін әлгі ағалардан кем сезінбейді. Бөлмеге кіргенде киімін іліп, орындығын жөндеп, алдында көлденең артық зат жатса алып тастап, шаң тұрса қыздарға сүрткізіп жіберіп, қас-қабағын аңдап көңілін таба біледі. Мұндай кезде бастығы Орекеңді кәдімгідей жақсы көріп қалады. Әйтпесе оны-мұны қылықтарын көрсе ажуалап, мысқылдап бұлайғы жерде иығын жаздырмайды. Олай етуге себеп Орынбасардың көзді ала беріп жасайтын қылықтары. Жатыпатар ащы мысқылдары.
Басшылардың алдында әлгіндей Орекең бөлімдегі жас жігіттерге, басшыларға қызметі жаға бермейтін адамдарға істейтіні бір бөлек. Оларға амандасса қолын соза салады. Қараса мысқылдап тұрады миығынан күліп. Өзінің бастықпен жақсы екенін, сенімді адам екенін көрсетіп қойса соған көңілі тоғайып мерейі кәдімгідей өсіп қалады. Бір жаққа кетсе бөлім басшысы– өзің қарап қоярсың мына жақты,– деп тапсыра кетеді. Сол сөз жазылған бұйрық сияқты. Кімнің жұмысқа қалай қарап, не бітіргені, жалпы өзін қалай ұстайтыны, бастық жоқта не айтылып кімдер келгені бәрі назарда. Оны бастыққа қалай жеткізіп, қалай айтқанын ешкім білмейді. Құдды бір көзге көрінбейтін шпион дерсің.
Күз енді басталса да ауада салқын ызғар білінеді. Көшеде ағылып жатқан көлік, сабылып жүрген көп адам байқалмайды. Аспан біртүрлі ақшыл, бұлыңғыр тартып күн көзі де жөнді көрінбей сығырайып әлсіз сәулесі күңгірт боп тұр еді, бұл темекі тартып біткенше біртіндеп жарығы молайып айналаға өткір жылуы көбірек түсе бастады. Әлгі ақшыл бұлттардан шығып күн нұры біртүрлі елжірей қалыпты.
Шылымын қомағайлана сорып, жан-жағына қарап әрі-бері тұрған соң орталап қалған темекісін бітіруге кірісті. Өшкен шылым тұқылын ағаш арасына лақтыра салып айнала қарады. Мұнысы ешкім көрмеді ме деген қаупі еді. Анадай жердегі тротуар шетінде тұрған қоқыс жәшігін күнде көріп жүрсе де дағдысы жібермеді. Екі бүктеліп анадай жерде жатқан темекі тұқылы бастықтан қорыққан кездегі өзі сияқты бүк түсіп жатыр екен. Жымиып күлді де қайта ішке кіріп, жоғарыға шықты. Енді келіп бастықтың қабылдау бөлмесіне кірді. Хатшы қыз орнынан тұрып бұған иіліп сәлем берді.
–Сәлемет пе, Дәкең өзінде ме?–деді бұл ақырын дыбыстап. Ерні әрең жыбырлап сөздері естілер-естілмес шықса да жас қыз сұрағын дұрыс түсінген екен.
–Ішінде кісі бар, бос емес, –дейді хатшы қыз. Егер бастық бос болса кіре беріңіз дер еді. Соған қарағанда басқа бөлімнің адамдары болды ғой деп ойлады. Жиын ұзаққа созылса бұ жерде ұзақ отырып қалуға болады. Егер бастық ұзақ отырып қалған мұны білсе –неге одан да жұмысыңды істей бермедің, –деп ығыртып жіберуі де мүмкін. Бірақ оған жасып жүрген Орекең жоқ,–Енді сізге кіріп кетейін дегенім ғой, далаға шыққан ем, –дер еді. Далабай бастық селк-селк күледі Орынбасардың бұл қылығына.
–Жарайды не боп жатыр өзі айналада,–дейді.
Орекеңнің күткені де осы естіген-білгенін шығарып айта бастайды. Оның жиған-тергені, ұры қалтасы көп, тыққан әңгімесін біртіндеп шығара бастайды. Ұнамайтын бірдеңе шықса бастығы тіксіне қалады. Жай ғана отырған бұл да біздің үстінде отырғандай тікшие кетеді.
–Сен енді бара бер,–дейді бір кезде. Осылай дегенше бірдеңелерді айтып басын қатырып отырып алатынын біледі. Тіпті болмаса Бершайық дегенді ақынды сөз қылады. Сөй депті, мекеме туралы бүй,– депті.
Бершайық көрші бөлімде қызмет істейді. Бәрін көріп-біліп жүреді. Бұның бастыққа кеткенін көре қалса–немене жаңалық апара жатырсың ба?–дейді. Өзі бастықтың кабинетіне кірген емес. Атағы дүрілдеген айтқан сөздері елдің аузында жүретін, асау ақын.
Мереке болса –саған орден бұйырмады-ау,–деп қоятыны бар.
Орынбасардың аты осылай болғанда өзі жай ғана ғылыми қызметкер еді. Кейін үлкейе беріп ақыры үлкен ғылыми қызметкерге жетті. Қасында отырған ағалар біртіндей шетіней берді де Орекең бөлім бастығының орнына қонжиды. Бастықты үйіне шақырды. Еркін кіріп шығатын болды. Сенімді адам ретінде небір жұмысты тапсырады. Бірақ орындау қарқыны баяғыдай. Е, кім біліп туыпты, бірдеңе ғыламыз да,–дейді ғылыми жоба келе қалса. Өзі оңайлау жерін алып, қиынын істей алады-ау дегендерге бөліп береді.
***
Бершайық алғаш осы мекемеге келгенде Орынбасарды кәдімгі көшелі адам санап ойларын айтып, сенген сөздерін жасырмай ақтарып жүретін. Кейін қараса ол мұны тыңдап алып, әлдебірдеңеге жаратқысы келген адамша өзі ештеңе демей ішіне бірдеңе жасырғандай тымпиып тұра беретін. Бершайық көп оқиды. Әңгімесі көбіне кітап жайында.
–Сен мына кітапты оқыдың ба? Онда бізге керекті мынадай қызықты деректер бар,–дейді Бершайық.
–Мен кітап оқымаймын,–дейді Орынбасар шіреніп. Апырау онда бұл бастықпен сағаттап не сөйлеседі екен деп бұл таң қалады. Бастықтың жанында жүргенде шеттен келген адамдар мұны бастықтың шынында орынбасары екен деп құлай сыйлап, Ореке деп құрмет көрсетіп жатқаны. Артынан бастықтың шын орынбасары басқа екенін білгенде қызарақтап та қалады.
–Атың орынбасар болса да кіші бастықтан артық орынды баса алмадың ғой,–дер еді Бершайық әзілдеп.
–Сен соған да жетпедің ғой,–дер еді Орекең де қайтпай.
Қасында бірге отыратын бөлмедегі жас жігіттердің шылым шеккенін Орекең онша ұнатпайды. Далаға шыға бергенін де қаламайды. Олар қызу жұмысқа кірісіп кеткенде ақырын сытылып шығап кеткенін ешкім байқамай қалады. Бастабында бәрі бірге шығып жүрді. Бершайық та шылым шегеді. Сондай бір сәтте былай деген:
–Басеке, мына Орынбасар жастардың бәрін шылымға үйретті. Қарашы бәрі тартады. Қой деу жоқ. Жұмыс істеу орнына шығып алады да қысыр әңгімені соғады. Алматының ауа-райын бұзып бітті. Тәртіпке келтірсеңізші,– деген әзілге сүйеп. Бастық та өтіп бара жатып тоқтап еді. Әзіл үстінде қалай жауап берерін білмей ішке кіріп кетті. Ертеңінде Орынбасар темекі тартуға шықпай қалды. Қасындағы жігіттер де шылымын со күннен бастап тығылып тартатын болды.
***
Бершайықтың бірнеше кітабы шықты. Баспасөзде мақталып жүр. Бұл талай адамға жайсыз хабар. Олай бола берсе беделі өскен Бершайық ешкімді тыңдамауы мүмкін. Оны тоқтататын біреу керек. Орынбасардың жұмысы көбейді. Бершайық қызмет істейтін бөлімде Орекеңмен сырлас Жекен деген қолы қисық біткен сөз аңдитын тыңшы сияқты сақ адам қызмет істейді. Аңдитыны Бершайық. Әйелдер жиылған жерге әуес. Өзі төрт қатын алып шығарған, мазасыз сөзуарлығы үшін бөлімде ешкім онша ұната бермейді. Бірақ оның Орынбасармен жақын екенін білген былайғы қызмет иелері одан сақтанып байқап жүреді.
Жекеннің жақын туысы бар еді, басшылық қызметте жоғары лауазымы, беделі өсе түсті. Бастық та Жекенді көрген жерде оған тоқтап амандасып қалын сұрап жатқаны. Бір күні күнде өз маңында жүретін адамдар жиылып, Бершайықты жабыла өсектеп, түтелеп жамандап, дәсін түсіре бата қимылдап жүргенін байқады. Талайды көрген бастық бұған таң қалды. Со күннен бастап Орынбасарды кабинетіне кіргізбей қойды. Жекенге амандасуын сиретті. Орынбасарға көзінің қиығымен қарайтын болды. Амандасса қолының ұшын береді. Бершайық амандасса қасына ертіп алып, әңгімелескен болып әрі-бері жүреді. Оны-мұны сұрап, амандығын біледі.
Мына жігіттің қатты жүдеген өңін көріп, еңсесі түскен қалпын байқап, бірер жерде мақтап та қойды. Бершайық мақталған күні Орынбасар келіп қолын ұзақ қысып, жиналыс біткенше қасынан кетпей отырып алды. Бұрқаған сөз басылайын деді. Орынбасар бастыққа қайта жақындады. Көп ұзамай жасы жетіп Далабай демалысқа кетті. Мекемеге жаңа бастық келді. Талай қызметті көрген бұрынғы партия қызметкері жасы келсе де әлі шапшаң, тың. Далабайды орнынан шеттетіп жіберді. Енді шылым шегіп тұрып бұрынғы бастыққа деген қыжылын Орынбасар ашық айтатын болды.
–Осы сені адам қылған кім? Сол Далабай емес пе? Ол болмаса кім боп жүрер едің?–деді Бершайық маңайда тұрған жастардың көзінше оған өз ойын ашықша айтып жатыр. –Қазір мына жерде әңгіме айтып тұрсың. Ертең сол Далабай келе қалса алдынан жүгіріп шығып, асты-үстіне түсер едің. Сенің мұның жігіттік емес, жарамайды.
–Енді ше,–деді Орынбасар қызарақтап, олар бастық қой.
–Бастық деп жыпылдай берегенше өз қызметіңді істеп ауаша жүргенің дұрыс емес пе?–деп ақылын айтады.
Орынбасардың өз есебі өзінде. Алғашында –Сен кабинетке жұрттың көзінше қайта-қайта келе берме дейтін жаңа бастық бірер айдан кейін оны іздеп отыратын болды. Қызметтің де, ақшаның да ең нулы жеріне кірген соң Бершайыққа сен ақыл айтқыш едің ғой, енді қандай сөз айтар екенсің дегендей шекесінен қарай бастады. Сен де мен сияқты бастықтың тілін таппасаң жағдайың онша бола қоймас дегендей миығынан күлді. Бершайық болса оны көрмеген сияқты өзімен-өзі болып, жаңа бастықтың да жақсы пікіріне іліне бастады. Мені тағы алыстатып жіберер ме екен деп ара-тұра бастығына оны да ара-тұра мақтайтынды шығарды.
–Ай, сен қателесіп тұрсың-ау осы. Оның өзі біртүрлі ме деймін.
–Жо-оқ басеке,– дейді Орынбасар–сіз оның қызметті жақсы істетінін есепке алыңыз. Иә, аздаған оны-мұнысы бар енді...
–Әй, Орынбасар,–деді бастығы бір күні.– Сен, байқаймын көреген жігіт екенсің. Әлгі ақын іскер ме деймін. Өзі байқаймын жаман жігіт емес сияқты.
–Дұрыс қой, дұрыс қой. Бірақ одан байқамаса болмайды. Бұрынғы Дәкең де қасына жолатпайтын. Сақтық ететін. Сіз де сөйткеніңіз жөн,–дейді.–әйтпесе...
–Не әйтпесе...
–Не ғой енді. Оның мінез жағы дегендей.
–Жарайды ұқтым бара бер.
***
Орынбасар бұдан әрі қызметі өсуі тоқтады. Енді айналаға сақтықпен қарайды. Тағы біреу бірдеңе деп жүре ме қайтеді. Жұмыстан қолы сәл босаса қабылдау бөлесін жағалап, Бершайық сияқты біреудің бастыққа кіріп кетпеуін қадағалайды. Ойда жоқта бастық шыға қалып:
–Неғып жүрсің?–дейді.
–Әлгі не ғой... Әлгі бір шаруаны сізбен ақылдасайын деп.
–Ол неғылған шаруа? Ішке кір,–дейді бастығы –Иә айта бер. Тыныш па бәрі. Бәрі дұрыс па? Бол тосқызба.
Орынбасар төр жаққа барып бастықтың дәл қасына асықпай жайғасып алып әңгімесін тағы бастайды.
–Оны айттық емес пе?
–Жоқ сонда да мына жерінде бірдеңе...
–Ой, уақытым жоқ. Кейін кел енді. Мазалай берме. Бар жұмысыңды істе,–дейді. Орынбасар жуық арада кете қоймаған соң ауыздағы қызды шақырып кофе алдырады.
–Осы ғой енді. Сізбен кофе ішкім келді,–дейді күлімсіреп. Шекесінен шыққан шып-шып терді сүрткенде бастығы күлімсіреп, кофесін асықпай сораптап, мұның аузына қарап отырады. Орынбасар үшін бар қызметтің ішіндегі осы минуттар жанына рахат сыйлайтын аса қымбат сәттер екені есіне түсіп іші біртүрлі елжіреп кетеді.
15.09.2020.
Поделиться: