Бәкубәй айтқан

18.10.2017 5549

Бала кезімізде Бәкубәйдің жатыпатар, жертесер әзіл-қалжыңын, шымшыма айтқыр сөздерін естіп өстік. Шынында ауылдастар Бәкубәйдің айтқан әзілдеріне жұбанатын. «Сөйлеп қалған ауыз жыбырлағанын қоймайды» дегендей, қалжың қағытпалары ауылдастарының мұң-мұқтажымен астасып жататын. Ол айналасына күлкі сыйлап, өзгені жадыратып, өзі де жадырап жүретін. Ел тірлігінің көлеңкелі жағын айта білу де кез келгеннің қолынан келе бермейді ғой...

Бәкубай белгілі драматург-жазушы Қаратал ауылының тумасы Шахмет Құсайыновтың туған жиен ағасы. Бәкубәйдің айтқандарын ел аузынан жинақтап едім...

 

1

Бірде келін түсірген үй Бәкубәйді шәй ішсін деп шақырады. Қысқа юбка киген келін Бәкеңе қарсы талтайып отырып шәй құяды. Шәй құйған келіннің бұл ерсі қылығын жақтырмаған ол: «Келін абыройыңның байғазысы міне, - деп кесеге ақша тастап, - енді дұрыс отырып шәйіңді құйшы», - деген екен.

2

«Сіз қанқұйлы соғыста ешбір жарақат алмай қалай аман - сау келдіңіз?», - деп таңғалған жерлестеріне: «Жұрт жаумен дөңмен, қырмен жүріп соғысқанда, мен оймен, саймен жүріп соғыстым», - деген екен.

3

Баласына көшпекші болып Бәкубәй кеңшар директоры Т.Кербаевқа барып көлік сұрайды. Сонда Түзелбай «Сен ақымақ шал екенсің, көктемгі егістік уақытында адам көше ме екен» депті.

Сонда  Бәкубай тұрып «Сен де бір әулие жан екенсің,  жас кезімде бір тәуіп ақылың жетпіске келгенде толады деп еді, қазір жасым 69-да ғой» деген екен.

4

Соғыс кезінде ұжымшарда қатал басқарма болды. Ол кісінің жаман әдеті, қыдырып жүріп әр үйден шай ішу болған екен. Бәкубәй ол кезде ұжымшардың сиырын бағады. Бастық оған «Сен сиырды дұрыс бақпайсың», - деп күнде ұрсады. Ол оның жөнсіз ұрысуын қойдыру үшін, аңдып жүріп, бұқаны басқарма шай ішіп отырған үйдің қорасына кіргізіп жіберіп, терезеге келіп айғай салыпты «Уау, үйде кім бар, қораңа кіріп кеткен бұқамды шығарып жіберіңдер. Атаңның аузын пәлен етейін, басқарма құсап көрінген үйге кіріп шықпай қояды», - деген екен. Содан кейін басқарма оған ұрсуын да, әр үйге барып шай ішуін де қойып кетіпті.

5

Ауылға келген уәкілге басшылық мініске байтал берген екен. Ол бірде асханаға түстікке келіп, астындағы атын отқа тұсап қоя береді. Түстіктен кейін далаға шықса, байталының тұсауы шешіліп кетіпті. Ұстайын десе байталы әрі қашып, бері қашып ұстатпайды. Уәкілдің қара терге түсіп жүргенін көріп: «Әй, қарғам-ай, енді байталыңды айғыр болып кісінеп жүріп ұстамасаң ұстай алмассың», - деген екен.

6

Ұжымшар төрағасы Бәкубайға «келген уәкілге жатар орын тауып бер» деп қолқа салыпты. Бәкубәй төрағаның сөзін жерге тастамай уәкілге:

  • Бас жейтін үйге ме, әлде тіл жейтін үйге түскің келе ме?, - депті.
  • Басты күнде жеп жүрмін ғой, тіл жейтін үйге түсір, - дейді уәкіл.
  • Ендеше, үйге жүр, - деп Бәкең оны үйіне алып келіпті.

Уәкіл, ділмәр Бәкубайдың тіл үйірген әңгімесін тыңдаумен таң атып қалғанын байқап:

  • Ау, ақсақал, жейтін тіліміз қайда? - деп аң-таң болса керек. Сонда Бәкубәй:
  • Әй, қарғам-ай, манадан бері саған тіл жегізіп отырған жоқпын ба - деген екен.

7

Бәкубәй қойды өргізіп келе жатса, бір қошқардың табынға ілесе алмай ақсап келе жатқанын көрген кеңшар директоры Түзелбай Керебаев оның жанынан өтіп бара жатып машинасын тоқтатып: «Ақсақал-ау, мына қошқар неге ақсап келе жатыр?», - деп сұрайды. Сонда Бәкең: «Қазір біліп келейін», - деп қошқардың жанына барып қайтып келіп: «шырағым Түзелбай, бұл қошқар бір кезде осы қойлардың директоры едім, ендігі жағдайым мынау. Директор директормен сырлас болушы еді, өзі келіп жағдайымды  неге білмейді деп ұрсып тастады», - деген екен. Сонда «Әй, саған дауа болмас», - деп директор ары қарай жүріп кетіпті.

8

Бәкубай қонаққа шақырған Шахмет Құсайыновтың жетінші қабатындағы пәтеріне шаршап-шалдығып жетіп: «Әй, Шахмет-ай, сені неге өте ақылды деп жүрсем, сен Ғайса пайғамбардың көршісі екенсің ғой», - деген екен.

9

Бірде көрші ауылға қонаққа барған Бәкубәй мылжың адаммен табақтас болып, ол адам ана-мынаны айтып аузы жабылмаса керек. Оның мылжыңынан әбден мезі болған Бәкең: «бабаларымыз, жүйелеп көп сөйлесең шешен боларсың, жүйесіз көп сөйлесең мылжың боларсың деп бекер айтпаған екен», - депті.

10

Бірде Бәкубәй бас құда болып кемпірлермен құдалыққа барса керек. Құдасы үйіндегі қонақтарын: «Мынау отырған директор, әрірек отырған зоотехник, жанында отырғаны ветврач», - деп таныстырады. Бәкубай сонда: «Менімен келген кемпірлер де осал емес. Жанымда отырған кемпір мектеп директорын, анау отырған кемпір мұғалімді, қарсы алдыңда отырған кемпір ауылнайды дүниеге әкелген», - десе керек

11

Бәкубәй Алматыға барғанда үкімет басында қызмет атқарып отырған ауылдасының үйіне кіру үшін милицияның талай тексерістерінен өтіп үйіне кіріпті. Оны қуана қарсы алған жерлесіне: «Мен сені ел басқарып жүр десем, сен абақтыда отыр екенсің ғой», - десе керек. 

12

Бірде ауылдағы шаруалар ұжымшар басшысына көңілдері қалып, жиналыс ашып «ел басшысы шаруашылыққа қырсыз, ақшаны, малды өңешіне сүңгітіп, колхозды жеп отыр», - деп шулай берсе керек. Сол кезде Бәкубай «Әй жамағат, бастық ананы жеді, мынаны жеді деп шулайсыңдар, оданда оның өздеріңді жеп қоймағанына шүкіршілік етпейсіңдер ме», - деген екен.

13

Бәкубай ағасымен бір үйде тұрады. Мал дегеннен екі қошқары болады. Ағасы бір жаққа жолаушылап кеткен кезде, Бәкең біреуін сойып алады. Ағасы Бәкубайға қойды рұқсатсыз сойғанына ұрысып отырғанда үстеріне сол кездегі аудандық кеңестің төрағасы кіреді. Ол кісі ағалы –інілі екеуінің қабағын танып «неменеге ренжіп отырсыңдар?» - дейді. Сонда Бәкең «Осы үйде төрт қошқар бар еді, соның біреуі өліп, соған қазалы болып отырмыз», - деген екен.

14

Бір күні Бәкубай жол жүріп бір үйге қонаға түскен екен. Үй иесі оған сылдыр тамақ құйып береді. Ол құйған тамақты әрі сапырып, бері сапырып отырып алса керек. 

Оған шыдамаған үй иесі: «тамақ алсаңызшы, неге тамақ алмай отырсыз?» - дейді. 

Сонда Бәкубәй: «Тамағымның ішінен бір етті көріп едім соны ұстай алмай отырмын», - деген екен.

15

Уақ-Заря колхозы орыс-қазақ қоныстанған ауыл болатын. Орыс араласқан соң көкөніс егіледі. Сол жылы көкөніс мол шықса керек.

Балалар көкөніс сұрап жылай берген соң, түнде жұртқа көрінбей, әкеліп бере қояйын деп бақшаға келіпті.

Қапты көкөніске толтырып кете беремін дегенде қапелімде бір салт аттының келіп қалғанын көреді. Бәкең қапты тастай салып, етпетінен жата кетіпті. Салт атты колхоздың төрағасы екен.

  • Уа, кімсің?
  • Бәкубәймін.

-  Не қылып жатырсың?

  •  Өліп жатырмын.
  • Тұрсайшы.
  •  Өлген кісі тұра ма?!

Оның қылжақбас екенін білетін басқарма үнсіз кетіп қалыпты.

16

Таң атқанша үйінде карта ойналып жатқанына шыдамы таусылған Бәкубәйдің бәйбішесі:

- Шалым, үйде карта ойнағанды қашан қоясың? – депті. Сонда Бәкең:

- Әй, қатын, айқайлама, енді бұл біздің үй емес, - деген екен.

17

Бәкубәйдің кемпірі бақилық болғаннан кейін ол науқастанып қалыпты. Ағайындарының апармаған дәрігері қалмапты. Бір күні оны бір емшіге көрсетіпті. Емші Бәкеңді тексеріп көріп, ағайындарына:

- Ақсақалдың ауруы жалғыздықтан екен, сендер бұл кісіні жазылсын десеңдер, бір кемпір тауып беріңдер, - депті. Мұны естіген ағайындары тәуіпке «Біздің бір шалды бағуға шамамыз келеді», - деп шамданыпты.

Сонда Бәкең: «Ағайындар, бұл емші өте мықты тәуіп пе деймін, осының айтқанын бір сынап көрмейсіңдер ме!», - деген екен.

18

Бәкең соғыстан кейін бәйгеге шабамын деп атқа қоныпты. Оның бұл ісін құп көрмей құрдастары: «Құрдас, бәйгені жастарға берсейші қайтесің» дегендерін тыңдамай жарысқа түсіп, аттан құлап, ес-түсінен айырылып, ауруханаға апарылыпты. Онда емделіп, үйіне қайта оралады. Оның көңілін сұрап келген құрдастары:

  • Иә, қалайсың? Дәрігерлер не деді?
  • Миың жоқ екен, әйтпесе, қатты шайқалатын еді, деп айтты, - деген екен.

19

Қылжақбас құрдасы:

— Бәке, мынау бір сом мен бір тиын. Осының қайсысы көп, соны айтшы?

Бәкубай сонда:

— Әрине, бір тиын көп, — депті. Таң қалған құрдасы:

— Неге бір тиынды көп дейсің? Себебін айтшы?

— Себебі, бір сом дегенде алты әріп, ал бір тиын дегенде жеті әріп бар. Өзің айтшы алты көп пе, жеті көп пе,- деген екен.

20

Бәкубай құрдасымен Тереңкөл жағалауында тұр екен. Құрдасы Бәкеңе:

— Құрдас, мына көлдің суы неше шелек болар еді? — деп қиқар сұрақ қойыпты.

Бәкең сонда:

— Осы көлдің көлеміндей шелек тапсаң, бір-ақ шелек болады, — деген екен.

21

Автобуста Бәкеңнің жанына жас жігіт отырады. Жігіттің көзі iлiнгенде осырып койып, оянып кетедi екен, ақсақал үндемейді, сосын жігіттің көзі тағы iлiнiп осырып койып оянып кетедi. Сонда Бәкең: «сенiн терiң жетiспей ме деймін», - дейдi. Жігіт «неге»,- десе. Ақсақал: «көзiң жұмылса к...ң ашылады, к...ң жабылса, көзiң ашылады», - деген екен.

22

Бір күні Аяш құрдасы мен Бәкубәй ат-шанамен жолға шығып, жол жүріп келе жатады. Жол бойы Аяш әңгімені бірінен соң бірін қоздатып, жанындағы Бәкеңе сөз бермей қояды. Сонда Бәкубәй:

– Әй, Аяш, сенде үтір мен нүкте болмай ма, енді мен сөйлейін, аузым тоңып барады! – деген екен.

23

Бір күні Аяш құрдасы мен Бәкубәй ат-шанамен жолға шығып, жол жүріп келе жатады. Жол бойы Аяш әңгімені бірінен соң бірін қоздатып, жанындағы Бәкеңе сөз бермей қояды. Сонда Бәкубәй:

– Әй, Аяш, сенде үтір мен нүкте болмай ма, енді мен сөйлейін, аузым тоңып барады! – деген екен.

24

Мен жас кезімде үш дәуірдің куәсі Бәкубайдан: «Ата, сіз осы феодализм, капитализм заманында өмір сүрдіңіз, енді міне социализм заманында өмір сүріп жатырсыз. Шыныңды айтыңызшы, қай заманда өмір сүрген жақсы?», - деп сұрағаным бар. Сонда ол кісі: «Е, несін айтасың балам, бай болсаң - феодализмде, кедей болсаң - социализмде, епті болсаң - капитализмде өмір сүрген жақсы, - деген еді.

 

 

 

 

 

Поделиться: