Сағыныш

28.08.2023 4263
 
Сағынудан да,
Зарығудан да,
Самалы салқын жағалаудан да,
Шаршадым
Қамығудан да,
Қабынудан да,
Бақшаны сенсіз аралаудан да
Шаршадым.
 
Аспаныңнан да,
Асқарыңнан да,
Аяғың басқан тастарыңнан да
Қызғандым.
Шалдарынан да,
Жастарынан да,
Қасыңда жүрген достарыңнан да
Қызғандым.
 
Шаштарыңа да,
Қастарыңа да,
Көзіңді жұмып, ашқаныңа да
Құштармын.
Күлгеніңе де,
Жүргеніңе де,
Әркімге ашық жүрегіңе де
Құштармын.
 
Сүйгеніңді де,
Күйгеніңді де,
Жайымды менің білгеніңді де
Сезіндім.
Көздеріңді де,
Сөздеріңді де,
Есіме алып, таң атқан шақта
Көз ілдім.
Ержан Қабышұлы (Bura-Naiman)
19.08.2023

Поделиться: