Бойдақ

23.02.2024 4053

Сонау кезден екеуі бірге өсіп, бірге қатарласа келе жатыр. Әне-міне дегенше жастары да қырыққа таяп қалды. Бүгінде досының үш баласы бар. Бағана хабарласып, үйіне кешкі тамаққа шақырды. Үйінде дайын ас болмаған соң, бұл да қуана келісті. 

Ең алғаш жиырма үш жасында үйленемін деп жүрген қызы бұны тастап кетті. Ол мезетте оның аяқтанбаған бес қарындасы мен күтімді қажет ететін әке-шешесі бар еді. Қыз осының бәрін көріп, көңіліне түйіп жүрген болу керек, сірә. Үйленейік деп ұсыныс жасаған сәтінде қыз бас тартып, артынша басқа біреудің етегінен ұстап кетті. Мүмкін қыз бұны сүймеген шығар. Содан бері қыз атаулыдан көңілі қалған. 

Енді жасы отызға келген тұста тағы да үйленбекші болды. Бұл жолы жүріп жүрген қызын құлай сүйді. Әлі күнге дейін есіне түссе болды, жүрегі сыздап қоя береді. Әттең, сол түн болмағанда ғой. Қыз бұдан он жас кіші болды. Бұл да оның тазалығына, пәктігіне сенетін. Сол күні оны қонаққа алып барып, екеуі масаңсып қалады. Үй иесі де екеуіне бірге төсек салып берген екен. Қыздың мұны еркін меңгеріп алғандығына таң қалған. Пәк деп ойлаған жаны бір рет табалдырық аттаған болып шықты. Содан кейін ол бірден суып, қасына жолай алмады. Мүмкін о бастан шындықты білгенде бұлай болмас па еді. Өзі жаратылысынан бір көңілі қалған адамға қайта жоламайтын. Қызды кешіре алмады.

Ал, қазіргі өміріне көңілі толады. Кешкі жұмыстан соң, кемпір болса да шешесі тамағын әзірлеп, бар жағдайын жасап қояды. Баяғыдай үйлен деп мазасын алмайды. Шешесі де айта-айта шаршаған болу керек. Миын ашытар қатын жоқ, бар тапқанын қолынан келгенше қарындастарына беріп көмектеседі. Жиендері де ержетіп өсіп қалған. Досының үйіне келсе дастарқан жайылып тұр. Тәбеті ашылып, ішегі шұрылдап қоя берді. Негізі досының әйелі тағамды өте дәмді әзірлейді. Тек бұл ғана емес, досының қарындасы да бала-шағасымен келіпті. Байқайды жас кезіндегі сұлу бойжеткеннен түк қалмапты. Қарсы алдында денесі толықсыған, шашын төбесіне тастүйін қылған әйел отыр. Бұрынғы кербездіктен де еш белгі жоқ. Дастарқан басында аман-саулық сұрасып кетті. Тура үлкен ас келер сәтте қарындастың "неге үйленбей жүрсіз?"демесі бар ма. Бұл сұрақ оның зығырданын қайнатады. Қайда барса да осы елдің көзіне түрткі болып жүргені. Құрдастарының аңдығаны, туыстарының үнемі сұрақтың астына алуы. "Осы елдің шаруасы не?"деп жарылардай болды. 

Әрине, бұл да үйленіп, отбасын құрып, ең бастысы бала сүйгісі келеді. Достарының болса балаларының алды жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Қарап тұрса бұған үйленуге арналған қыз жоқ сияқты көрінеді. Олардың аңдығаны мейрамхана, клуб, одан ары сенің материалдық жағдайың керек. Бірінен бірі өткен, бәрі дағы солай көрінеді. 

  Ас келген соң, мазасы қашып үйіне асықты. Досы да бұның мінезін білгендіктен қал деп қолқаламады. Бұл да біреу қуғандай безе шығып, таза ауаға шыққан соң "ух"деп бір күрсіне үйіне қарай аяңдады.

Поделиться: