Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

ОТКРЫТОЕ МНЕНИЕ

14 декабря 2020
151
0

Шыназ қызы

Келес өзені еңіс-еңісті қуалай шапшып, әбжыланша ирелеңдеп ағады. Кей тұсындағы белестерді тік жар сала жарып шығады дағы тегістегі тоғайлы арнасына ширыға құлайды. Майда толқынынан әлдебір күш аңғарылады, ал әуезді сыбдыры құлақтан кіріп көңіл түкпірін қозғайды. Қызығұрт тараптан сұлай түскен өзен Сарыағаштың жота-жотасын табандай өтіп, Келес өңірінің бүкіл даласын кезіп өткендегі Құйғанға қарай еңкейген сайын жерінің топырағы майлана түседі. Құйған дегеніміз қазақтың Сырдария бойында Өзбекстан атырабымен жағаласып жатқан жер жәннаты, ну орман-тоғайы.
Бұл маған осы күні мәлім. Ал бала күнімізде өзеннің өзі мен тоғайы нағыз жұмақ, ертегі бағы еді. Кішкене ғана ауылымыз өзеннің ойдағы жазығы мен сайлы-қырлы қыраты аралас даласын жағалай бірсыдырғы ағып өтетін тұсында. Егіншілікті кәсіп еткен біздің ел ой тарабындағы жағалауға тақау. Үйдің қазақы тіршілігінен қол босай сала жалаң аяқ-жалаң бас күйде тоғай аса өзенге қарай жүгіреміз. Жаз кірмей жатып Келестің күні ыстық, ал таптаурын жолдың топырағы табан күйдіреді.
Өзенге жете күмп етіп суға түсеміз. Көп тұсы таяз, өзіміз тереңдеу жерін таңдап, шомылатын орын етіп алғанбыз. Күнге күйіп кеткенбіз. Бұтымызда қара түрси ғана, басқа киім болмаушы еді. Қалай келсек, суға сол қалпымызда түсеміз дағы шыға сала дірдектеп борпылдаған топыраққа етпеттеп жатамыз. Ыстық топырақ тұлабойымызды лезде қыздырады. Күн ыстық болғанымен өзеннің суы салқын, ағысының екпіні бар. Шыжғырған күннің астында осылай суға түсіп, топыраққа аунап әбден мауқымызды басқаннан кейін шұбап кері қайтамыз.
Күн еңкеймей тұрып қозалықтан құмай мен шырмауық жұлып әкелетінімізді ұмытпаймыз. Кеш бата бере қой келеді. Апаларымыз көгендегі қойды ақырына шырмауық салып сауады. Ал құмайды сиырдың алдына тастайды.
Бағила да шырмауыққа шағады. Нұрлан, Әліби де бар, бәріміз қолтығымызға бір-бір бос кенеп қап қысып шығамыз. Қолымызда бір-бір жапырақ нан болады. Ыстық күннің астында шырмауық жұлып, қапқа ортасына дейін нығыздап саламыз дағы үстіңгі жағына құмай жайғастырамыз. Бағила қолы жылдам, қабын әп-сәтте толтырып, бізді теректің көлеңкесінде күтеді. Қайтар жолда оғарық бойлай тізіліп иығымыздағы бір-бір қабымызбен алға ұмтыламыз. Оғарықтың бойындағы топырағы борпылдаған аяқ жолдың жиегінде жантақ, шоқша тікен өседі. Біздің аңдысқан жауымыз осылар. Кейде аңдамай басып қалып аһ ұрамыз. Шоқша тікеннің ызасы қатты, кірген жерін дуылдата ауыртады. Тікендері бұртиып тұратын бұл шоқшаның тырнақтай қалпы қатты болғасын өзіміз суырып ала қоямыз. Ал жантақ тікенінің кіргені қиын. Жіңішке болғасын шорт сынады дағы жартысы табанның терісінің астында қалып қояды. Аяғыңды басқан сайын тереңдеп жаныңды көзіңе көрсетеді. Бағила етегінің астындағы түрсиінің ышқырына түйреуіш түйреп жүреді. Қайсымызға жантақтың тікені кірсе тоқтай қалып, табанымыздан түйреуішінің ұшымен ойбайлата шұқылап суырып алады. Бағиланың үстінде тізесіне түскен жеңсіз ақ көйлек бар, бірақ жалаң аяқ. Көзінің қарасы тұнық, қос бұрымы жауырынында селкілдеген қараторы қыз. Төртеуміз қатармыз. Жетінші сыныпты бітіріп жатқан кезіміз.
Ауылдың кешкі мезгілінің жүректі тулатып, жанды тебірентерлік сиқыры барын көрген біледі. Қой келгенге дейінгі апақ-сапақ уақыт аралығында шілік ойнап үлгереміз. Кейде қарамыз көбейгенде ақ терек-көк терек ойнаймыз. Ал кей күндері топырақ жол үстінде доп тебетініміз де бар.
Қой мен сиырды әр үйдің адамы есік алдынан ауласына қайырып алады. Қой келгенде көшеде жұмыстан қайтқандар немесе дүкенге шыққандар да болады. Олар жолындағы қоймен сапырылысып та кетеді. Бұл кезде төңіректің бәрі азан-қазан болып, көшенің шаңы шығып жатады. Шалшықтарда бақа шулап, бауларда шегіртке шырылдайды. Иттердің де ерсілі-қарсылы жүрісі көбейеді. Олар падашының астындағы атқа үреді. Падашыны ауыл жалдаған. Әр сиыр үшін айына екі жарым сомнан алады. Ал қойды әр үй кезекпен бағады. Қой соңында жаяу жүреді.
Кешкі мәре-сәренің тұсында ызыңдап маса шығады. Масадан қашқандар ошақ басындағы түтінді паналайды. Кейбір үйлер жиылып отыратын сәкісінің жел жағына тезектен түтін салады. Маса қашсын дегені.
Бағиланың апасын ауыл Іліктір шеше дейді. Өзінің шын аты Айғаным. Жасырағында белсенді, еңбек озаты болған Айғаным ауылға электр жарығының ертерек тартылуына себепші болған екен. Колхоз басқармасына да, аупарткомға да тыныштық бермей табалдырығын тоздырған. Содан ауыл әдепкіде Іліктір келін, Іліктір жеңге дейтұғын болса, осы күні Іліктір шеше атаған. Дөңгелене қызарып батқан күнмен таласа Іліктір шеше қойларын сауады, біз оған көмектесеміз. Алдымен қойларын көгендеп, алдындағы ақырларына Бағиланың әкелген шырмауығын салады. Содан кейін біз бөлек қорадағы қозыларды шығарамыз. Енелеріне қарай лап қойған қозылар сәл ғана емгесін біртіндеп ұстап қайта қамаймыз. Іліктір шеше бидон деген ыдысымен әр қойдың арқа жағынан отырып сауады. Сонда бидонды екі аяғымен ұстап, қолдарын тірсек арасынан апарып сауатын. Ара-арасында қойды желінінен түйгіштеп ұрады. Сонда желіні иіп сала береді дейтін. Іліктір шеше қойларды сауып болғасын біз оларды көгеннен ағытамыз. Шешеміз әрқайсысына брезенттен тігілген желінқап тағып, беліне тарта байлайды дағы қозыларды енелеріне қосады. Таңертең Бағила апасы екеуі қойларды қайта көгендейді. Желінқаптарды ағытып, қозыларды емізе сала қамағасын тағы сауып алады. Ал қойлар жайлауға кеткесін қозыларды аулаға шығарып жібереді. Өсіп қалған қозылар жайылып-ақ тойынады. Көптеген үйлердің тіршілігі осындай болушы еді. Сиыры жоқтар қой сауады.
Мал жайғап болғасын ел кешкі асқа отырады. Даладағы электр жарығының асты қоңыз, шіркей сияқты жәндіктерге толып кетеді. Олармен қабаттасып жарықтың астын бір қарыс сары бұзаубас қаптайды. Бұл кезде төбеде жұлдыздар жымыңдап жатқанымен айнала көзге түртсе көргісіз қараңғы болады.
Әрқайсымыз өз үйіміздің есігі алдындағы сәкіде кешкі асымызды апыл-ғұпыл ішеміз дағы үй сыртына шығамыз. Қайта бас қосып шүйіркелесеміз, ауылдағы өзге құрбы-құрдастардың жаңалықтарын сөз етеміз. Шешелеріміз дауыстап шақырғанда ғана бір-бірімізді қимай үйді-үйімізге тарқаймыз.
Үлкендер кешкі асты түтіннің өтінде ішеді. Ұзақ отырып шер тарқатқаннан кейін сәкідегі дастархан жиылады дағы орнына жатар жай салынып, масахана тұтылады. Шал-кемпір, ерлі-қатын бала-шағасымен қатарласа масаханаға кіріп жатады. Ай осы кезде қылаң беріп, әп-сәтте аспан жаңарып шыға келеді. Мен ай сәулесі төгілген жұлдызды аспанның астындағы масахана ішінде жатып қалың ойға батамын.
Әліби біздің ауылға жиен, нағашы атасы мен апасының қолында тұрады. Әке-шешесі қалада, төрт бала-шағасы бар. Әлібиді нағашылары жалғызсырамасын деп берген. Атасы зейнеткер. Ал апасы теріден желеткі, тон тігетін ісмер әрі ескілікке жақындығы да бар. Шошып қалған бала болса дереу отқа кәпкір қыздырады. Табаға құйылған суды баланың төбесіне жақындатады дағы оған отқа қызарған кәпкірді салып быжжж-быжжж еткізіп қайталайды. Емнің бұл түрін тасқорықтық жасау деуші еді. Бала шошығанын ұмытып ойнап кетеді. Бірде өзінің шалы ауырды. Мал жайғалып, ел отырған кештің кезінде бір құлаш ағаштың басына добалдай етіп шүберек байлап өртеді. Көше жағының белден аспайтын дуалының ішкі жақ түбіне шалын отырғызып, әлгі ағаш ұшындағы отпен ұшықтады. Басынан отты қайта-қайта айналдырып, күбір-күбір емдік сөздерін айтты. Бірнеше рет қайталағасын сүфф-сүфф деп шалына қатарласа жүрелей бүгілді дағы қолындағы оты лаулаған ағашты арқасындағы дуалдан асыра лақтырып жіберді. Біз ойнап жүріп осыны мұқият бақыладық. Ертеңіне көшеге шығып, күйген ағашты көрдік. Бір басында жанып таусылмаған шүберегінің жартысы қалған ағаш жол үстінде қарайып жатты. Тимедік. Емнің әсері болды ма, жоқ па, шалы ертеңіне тәуір болып кетті.
Бірде Әлібидің атасы аудан орталығындағы базарға екі қой мен екі тері желетке апаратын болды. Абай ауылының мал базары мен жайма базары ол кезде бір жерде еді, арасын ағаш есік қана бөледі. Жиырма шақырымдағы базарға қойды есек үстінен жетекке алып апаратын. Ондайда арқасынан айдап жүретін бала керек. Атасы біздің үйімізге келіп әкемнен мені сұрап алды. Әліби жалғыз болмасын, қойды бірге айдап барсын дейді.
Әлібидің үйіне барып жаттым. Екеумізді таң атпай оятты. Апасы шалына шай беріп отыр екен. Далада есек жем жеп тұр, ерттеулі. Бізге де шай берді. Әлібидің үйінде сағат болмайды. Уақытты Тәшкенге қарай өткен жолаушы ұшағының даусымен шамалайды. «Мәскеу-Тәшкен» ұшағы төбемізден сағат таңғы төрттің шамасында өтеді. Шал-кемпір сол кезде тұрып қамданған. Әлібидің атасы электр жарығының астында алақандай айнаға қарап, алдымен дәу қара қайшымен сақалының астыңғы жағының ұшын күзеді. Содан кейін шалғының сынығымен беті мен мұрт үстін артық түктен арылтты. Қолындағы айнаға сығырайып қарайды. Басына тақия киіп, жаздыгүнге қарамай көйлек үстіне жеңсіз шибарқыт нымша, бұтына шибарқыт шалбар киді, ал аяғына мәсі-калош сұғынды.
Бестің шамасы-ау дегенде жолға шықтық. Апасы екеумізге көйлек пен тәпішке кигізіп жіберді. Әліби екеуміздің қолымызда бір-бір шыбық. Жетектегі екі қойдың соңында жолсызбен келеміз. Ара-тұра шыбығымызбен қойларды тірсектен көлденең түртіп қоямыз. Ауылдан шыққанша соңымыздан иттер абалаумен болды. Мазаратты жағалай жүріп, тас жолды кесіп өте бергенімізде таңалагеуім қылтиды. Артынша аспан бозара бастады. Бірте-бірте жұлдыз сейіле келе айнала-төңіректегі талдар мен мақта алқаптарының қарасы және тоғайдың сұлбасы айқындала көрінді. Аспан ағарып ашылды. Ай ауар алдында ұшар басын қар басқан тау шығыс жақтан көзіме оттай басылды. Мен бұған таң қалдым. Ауылдан таудың көрінуін байқағаным осы. Көрініс ұзаққа бармады, күннің шеті білінер-білінбесте көзден ғайып болды. Жаздың аспаны ашық күндеріндегі таңалагеуімде алыстағы таудың осылай көрінетінін алдымыздағы есек үстінде отырған шал түсіндірді. Ал мен таудың көрінбей қалғанына өкіндім.
Базарға жеткенімізде алдымыздан сақалы қауқиған жеңіл шапанды делдал шығып, екі қойымызға жабысты. Әлібидің атасы дереу жетек арқанын ұстатып жіберді де есекті базардың кіреберісіндегі арнайы орынға байлады. Бес-алты есек қатар байлаулы екен. Атамыз жон арқалары күжірейіп, сеңдей соғылысқан көгендегі қойдың ішінде тұрған делдалға барып, арқанын алды. Ерсілі-қарсылы жүрген адам көп. Делдалға: «Мынаусын он, анаусын он үш сомға сатамын. Саудасы келсе берерсің» деді дағы буылған екі тері желеткіні алып жайма базарға беттеді. Біз өкшелеп ердік. Жайма базардағы халықтың қозғалысы құмырсқаның илеуіндей. Ол кезде қолдан тігілген тері желеткіні киетіндер кемде-кем. Үстіне тысы оңып, етегі салпиып кеткен ескі сұр костюм, басына кірі бес елі тор шляпа киген арсың-гүрсің қария желеткілерді аударып-төңкеріп көрді дағы нарқын сұрады. Жеті сомнан еді. Әлгі қария екеуін он бір сомға беріңіз деп біздің шалды айналдырды. Балалары адырда колхоздың жылқысын бағады екен, соларға алмақ. Тері желеткі желдің өтінде жүргенде кигенге жақсы. Әлібидің атасы сұрағанына берді. Алған қария риза болып, желеткілерді буып ала жөнелді.
Атамызға еріп базар араладық. Кемпіріне мүйіз тарақ, елгезер, наншәулі және бір-бір кілә пәруәрді мен тары, ал өзіне бір қалта насыбай алды. Бізге оншақты қораз кәмпит пен жұдырықтай бадырақтың бес-алтауын әперді. Оларды қойнымызға салып алдық. Қораз кәмпиттен бір-біреуін алып жалап жүрміз. Елгезерді мен ұстаймын, наншәулі Әлібидің қолында.
Ығы-жығы халықтың арасынан сығылыса жүріп мал базарға өттік. Қойларымыз әлі тұр екен. Делделдың қолынан кілең құйрықтары дөңгеленген семіз қошқарлар ылдым-жылдым өтіп жатыр. Алушылардың дені Тәшкеннің палаушы, кәуапшы өзбектері. Қошқардың егесі мен өзбектің саудасын келістіріп, алақандарын қоса ұстап тұрған делдал «Пәлен сомға, бар береке!» дейді дағы жүздеріне қарайды. Екеуінің біреуі келіспейтінін аңғартып басын шайқап тұрса өзінің қолып кері тартып алады. Ал жүздерінен келіспеушілікті аңғармаса «Пәлен сомға, бар береке!» деп дауыстап тағы қайталайды да екеуінің ұстасқан алақандарын ажыратып жібереді. Бұл – сауда бітті деген сөз. Бір сом делдалпұлды мал сатқан адам береді. Әлібидің атасы қойларының саудасын күтіп көгенді айналшықтап жүр.
Базардың ортасында тосыннан жағы қушиған атты адам пайда болып: «Ау адамдар, адамдар! Бір сәт бері қараңдар!» деп айғай салды. Басын шалқайтып сөйлегенде текенікіне ұқсаған сақалы кептердің сыңар қанаты қағылып тұрғанға ұқсап кетеді. Ары қарай ол Ошақтыда пәленшенің қызыл қасқа дөнені жоғалды, басылған таңбасы сынықшеңбер, көрдім-білдім дегенге сүйіншісі бар екенін екі қайтара айғайлап хабарлады. Кейін білгеніміздей, оны жаршы дейді екен. Мал жоғалтқандар болса әлгіні жалдап, жар салғызады.
Қойымыздың саудасы ақыры келді. Мәйкі-шалбармен жүрген, аяғына керзі етік киген қырықтың шамасындағы тығыншықтай жылтырбас сары кісі ұзақ саудаласты. Қойлардың жон арқаларына қайта-қайта бес саусағын жүгіртіп, желіндерін ұстап көреді. Саудасы қатты екен, делдалдың бағасына көнбей, ақыры құнын түсіріп, екеуін он тоғыз сомға алып кетті. Шайханадан тандыр нанмен шай ішкеннен кейін есектің үстіндегі атамызға ілесіп жаяу қайттық. Тас жолмен ауылға қарай анда-санда жолаушы таситын сары автобус өтеді. Абайдан шыға берістегі шоғырлана біткен жабайы теректің көлеңкесіне тоқтадық. Атамыз есекті ағып жатқан арыққа суарып, тұсап қоя берді. Есек топырақ жолдың жиегіне біткен ажырықты күрт-күрт үзе жайылды. Көлеңкелеп отырғанымызда иығына кетпен асқан шал өтіп бара жатты дағы атамызды көріп, екеуі шұрқырай амандасты. Ақ көйлек-ақ дамбал киген, жалаң аяғында кебіс. Ал беторамалды төрт бұрышынан түйіп, басына киген. Әңгімелерінен ұққаным, ілгеріде көкпарда жанжал болып, екі ауылдың жігіттері сабасқан екен. Мына екі қарияның жас кезі. Сонда Әлібидің атасының қамшысы мына алдындағы шалға қатты батып кеткен дейді. Көпке дейін ызаға булығып жүрген. Кейін өзі келіп достасыпты. Ер шекіспей бекіспейді деген, содан бері сәлемдері түзу. Ананы-мынаны айтып, насыбай атып, қиқылдай-шиқылдай күліп қайыр-қош айтысты. Келген шал жоңышқаның сушысы екен.
Ауылға келгеннен кейін көйлек-тәпішкені Әлібидің апасына қайта тапсырып көшеге шықтық. Алдымен Нұрлан мен Бағилаға қораз кәмпит, бадырақ беріп мәз қылдық. Дуал көлеңкесінде отырып көрген-білгенімізді жыр етіп айттық. Күннің бұл мезгілі ыстық. Көлшіктердің үстіндегі инеліктердің ызыңы алыстан құлаққа жетеді. Үйдің шатыры астынан кептер бүлбүлдейді. Үйде қалған ауылдастардың көбі түскі ұйқыға жатады. Біз Әлібидің бауынан бес-алты алма жұлып алдық та Келеске асықтық.
Әлібиді кейде ата-анасы көп күнге алып кетіп қайта әкеп тастайды. Ол жақта орыс көршілерінің балаларымен ойнайды екен. Содан болар, ауылымыз бойынша орысша сөз білетін жалғыз Әліби еді. Сабақта орыс тілінен тек қана беске оқиды. Ауылды кейде орыс ерлі-зайыпты аралап бал сатады. Олар Алматы жақтың орыстары, қазақша білмейді. Науқанда Сырдарияға тақау далада омарташылық шаруа жүргізіп кетеді. Бал сатушылар келгенде ауылдың тұрғындары ойын қуып жүрген Әлібиді шақыртып алады. Әр үйге тоқтағанда үй иелеріне орыстың сөзін, орыстарға үй иелерінің сөзін аударып беріп шығады. Бір сом-екі сом немесе отыз тиын-елу тиын дегенді орыстар ұқпайды, рубль-два рубля, тридцать-пятьдесят копеек дегенді ауыл ұқпайды сонда. Әлібидің орысша сөйлегені бізге таңсық. Таң-тамаша қаламыз.
Ауылдың ашық аспан астындағы клубы болды. Белден асар-аспас қана пақса дуалмен қоршалған, ағаштан ұзын-ұзын етіп көрерменге отырар орын жасаған. Кіру құны жиырма тиын. Үнді фильмі келе қалса клубқа адам сыймай қалады. Талай адам дуал сыртынан-ақ тегін көреді. Бір күні «Бобби» фильмін көріп үлкен әсерге бөлендік. Осы фильмнің ықпалы болды ма екен, Нұрлан Бағиланы ұнатын қалғанын байқадық. Ыстық көзқарасы, айналшықтап жанынан кеткісі келмей тұратыны көңілінің ынтызарлығын ашық аңғартатын. Нұрлан шашы-көзі қайратты, өңі қоңырқай келген өжет бала. Үйінде ең кенжесі.
Бағиланың үйіне қойдың кезегі келгенде апасы бізді әке-шешемізден сұрап алады. Ауылдың қойын жаюға төртеуміз шығамыз. Нағиманың апасы үш-төрт тандыр нан, бір қосуыс карамель, бір қалта алма және екі банка су береді. Біздің ең бақытты сәттеріміздің бірі қой жаюға шыққан кез еді. Қойды еркіне қойғасын асыр сала жүгіріп ойнаймыз. Бар ықыласымыз Бағилада. Оның сықылықтап күлгені, карамельдің жабысып қалған қағазын аршып бергені, жотадағы көк майсаға жатып, сайға қарай домалағаны, бәрі-бәрі қызық. Нұрлан оны күлдіруге тырысып, жанынан ұзамайды. Иығы иығына тисе бақыттан төбесі көкке жетеді. Мұны Бағила да аңғарып жүргені байқалады. Бірақ ойнақшып, күлгенімен қарасы тұп-тынық көздерінен Нұрланға деген ыстықтың лебі аңғарылмайтын. Ал Нұрлан оған жақсы көретінін батылы жетіп айта алмайтын.
Жарқыраған ай-жұлдызды аспан астындағы масахана ішінде Нұрланның Бағиланы ұнатқанын ойлап жатып Шыназдағы Ләззат есіме түсті. Ләззатты ойлағанда ұйқыны ұмытатын қашанғы әдетім еді. Ләззат... Неткен сұлу қыз... Ойнақшыған қара көздері мен аппақ бетінің сол жақ езуіне таман орныққан кішкене шұқыры өңіне жарасып, құлпыртып тұрады. Шыназдағы бөлелеріме қыдырыстап барғанда көршілерінің балаларымен ойнаймыз, арасында Ләззат жүреді. Мен оны сондай жақсы көремін. Сағынғанда көкірегім бұлқынып, жүрегім тулайды. Ойын арасында Ләззатты айналшықтаймын, оның жанында болу мен үшін қандай рахат екенін айтып жеткізе алмаймын. Сыңғырлап күлгені, гүлді көйлегі желбіреп жүгіргені, маңдайындағы желп-желп еткен кекілін көз алдыма келтіргенде ішіме шоқ түскендей алаңғасар күй кешемін. Сағыныштан өзегім өртенеді. Менің оған деген ынтызарлығымды ол да анық біледі, сондықтан мен барғанда ол да бір өзгеше сезімге бөленетінін байқаймын. Шыназдың бау-бақшасы да, айы мен күні де маған сондай ыстық, жаныма жақын. Біз әлі сүйіспеншілік жайлы сырласпадық. Соған іштей дайындалып жүрмін. Мен сені сүйемін деп ернінен шөп еткізім сүйіп алсам ғой, шіркін. Мен де сені сүйемін деп кекілі желпілдеп гүлді көйлегімен құшағыма енсе... Ойнап жүріп кейде иығымыз сүйкенгенде тұлабойым еріп бара жатқандай толқып кетемін. Ол да сөйтер ме екен... Мүмкін дәл қазір ол да мені ойлап жатыр ма екен.... Эх, ұшарға қанатым жоқ. Жалғыз өзімді жібермейді әлі кішкентайсың деп. Әйтпесе «Абай-Шыназ» деген автобус жүріп-ақ тұр, ауылымыздың қыр жақ тұсындағы тас жолмен өтеді.
Бағила... Бағила оқу озаты, ол да біздің ауылға жиен. Әке-шешесі Өзбекстанның Шыршық қаласында тұрады. Іліктір апаның жалғыз қызының қызы. Әкесін бір рет көргенім есімде, ал шешесі келіп тұрады. Іліктір апа қызының келуіне алдын-ала дайындық жасаушы еді. Ауласындағы алма, алхоры, жүзімін және әңгелегін баптап пісіріп отырады. Келер күні даладағы қазан-ошағына жұқпа пісіреді, тандырына нан мен күлше жабады. Қойдың сүтінен жасаған құрт-майын, дүкеннен алған қант-пішіниі мен қолы зорға жеткен үнді шайын сақтап отырады. Қызы келгенде анасы мен кішкентай Бағилашына деген сағынышын басып, екі-үш күн аунап-қунайды. Бағиладан басқа үш бала-шағасы бар, күйеуі мұғалім деуші еді. Бағиланың әкесі соңғы келгенінде дүкеннен бір минералды су алып, есік сыртындағы көлеңкеге шығыпты дейді. Сол жерде суды шөлмектің аузынан ішкен екен. Күн ыстық болғасын салқындайын деген шығар. Оның осы тұрысын ауылымыздың Зылиха деген әйелі көріп: «Ойбай, пәленше күйеу арақты бөтелкесімен сылқылдатып ішеді екен. Пияныстаның нақ өзі» деп сөз таратады. Содан кейін қайтып қайынжұртына ат ізін салмай кетті.
Бағила ортамыздың гүлі, онсыз ештеңе қызық емес. Ойынымыз бен әңгімемізді қыздыратын сол. Күндердің күнінде Нұрлан Бағилаға хат жазды. Бір көшеде тұрып, күнде көрісіп жүрсек те торкөз дәптердің парағына сиямен былай деп сезім хатын түсірді: «Үшбу хат. Сәлем, Бағила. Сен дүниедегі ең жақсы қызсың. Сені жақсы көріп қалдым. Сүйемін. Нұрлан». Хатты мен табыстайтын болдым. Толқып тұрмын. Өмірімде бірінші рет ғашық адамның хатын апаруым. Хатты бес бүктеп, алақаныма қысып жүрмін. Ойын арасында бере алар емеспін. Нұрлан да, Бағила да жанымда жүр. Ауылдан тоғайға бардық. Асыр салып ойнап жүрсек те хат алақанымда. Одан өзенге түстік. Суға шомылардан бұрын хатты ешкімге білдірмей әрегірекке апатып тас бастырып қойдым. Қайтар кезде алып, қалай беруді ауылға жеткенше ойлап келемін. Ақыры үйіне кірер сәтінде тақалып барып: «Бағила, мына хат саған» деп мыжылып, намданып кеткен бүктеулі хатты бердім. Көздері ұшқын шаша жалт қарады да хатты алақанына қысып үйіне кіріп кетті.
Осыдан кейін Бағила бізге көп қосылмайтын болды. Қосылған күнде де бұрынғыдай шүйіркелесе алаңсыз асыр салып ойнайтынымыз болмай қалды. Сөзіміз де салмақтанғандай. Бағила Нұрланның хатына жауап жазып, маған тапсырды. Былай шыққаннан кейін шыдамай бүктеуін жазып оқыдым. «Үшбу хат. Нұрлан. Мен саған ия деп жауап бере алмаймын. Апам байқаса шешеме айтады. Шешем Шыршыққа әкетіп қалады. Ал мен осында оқығым келеді. Ренжіме, мен сені жақсы көремін деп айта алмаймын. Ешкімді де жақсы көрмеймін. Қош» деп жазыпты. Апарып бердім. Нұрлан тұнжырап отырып қалды.
Бұрынғыдай емеспіз, бірте-бірте балалығымыз қала бастағанбыз. Үйдің қазақы тіршілігін жапырып тастаймыз. Жалғыз түрсимен жүруден ұялатын болдық. Аяққа тәпішке, үстімізге көйлек киетінді шығардық. Жаз өте сегізінші сыныпқа барамыз деп отырмыз. Өзімізді жігітше сезіне бастадық.
Бағила бізден гөрі өзімен қатарлас қыздарға көбірек қосылады. Кешке жиылып ән салады, біз жақындап тыңдаймыз. Күндіз кейде олардың волейбол ойынына барып қосыламыз. Ең бақытты шағымыз.
Нұрлан тағы екі рет хат жазды. Бірақ Бағила оны жауапсыз қалдырды. Ал бір күні ағайынымыздың Гүлсара деген қызы үйге келген. Апаммен және әпкеммен шүйіркелесіп, шаруаға қарасып жүрді дағы бір оңтайлы сәтте мені ымдап шақырды. «Анау Нұрланға айт. Босқа әуре болмасын, Бағилаға хат жазғанын қойсын. Бағиланың ұнататыны Әліби екен. Сондай жақсы көретінін байқап, таң қалдық. Әрине, өзі айта алмайды» деді. Мен мұны қалай қабылдарымды білмей аңқайып қалдым. «Міне осылай. Бағила қандай жақсы қыз. Өзің қайда қарап жүрсің?!» дейді Гүлсара. «Мен басқа қызды ұнатамын ғой» деп күлдім. Гүлсара мұныма жұмбаққа тап болғандай аңтарыла қарап, көзі өңменінмен өтіп кете жаздады. Жүрегімнің Шыназдағы Ләззат деп соғатынын қайдан білсін.
Гүсарадан естіген тосын жаңалығымды Нұрлан мен Әлібиге тоғай ішінде отырып жеткіздім. Нұрлан ауыр күрсінді. Шарасыздығын байқатқысы келмей жаздың сарғайған шөбіне шалқасынан жатып, көзін күннен көлегейледі. Әліби бәле екен, осыны өзі де байқап жүргенін айтты. Сөзіне қарағанда, өзі де Бағиладан кет әрі емес. Ұнататынын жасырмады. Нұрланды ренжітпейін деп сырын ашпай жүрген екен. Ал мына хабарды естігенде бақыттан басы айналды. Орнынан атып тұрып: «Нұрлан, ғашықтығыңды қабылдамаса маған не қыл дейсің?! Ахуалыңды түсінемін, бірақ қалай көмектесемін. Ештеңе істей алмаймын ғой. Мені ұнатса қайтейін енді. Мен де оны ұнатамын» деді. Нұрлан аунап, құлағын баса етпеттеп жатты. Оған жаным ашып кетті. Жұбатып, сүйемелдеп тұрғыздым. Есейіп қалғанымызды айтып, үшеуміз алақан алыстық.
... «Мәскеу-Тәшкен» ұшағының даусы гүрілдеп құлағыма жетті. Көзім ұйқыға байланып барамын...
– Әй, тұр! Малға қара! Жатысын... Тұр деймін! – деп оятып тұрған шешем екен. Көзім масахананың жоғарғы бұрышына қонған екі масаға түсті. Қып-қызыл болып ісініпті. Қайдан кіріп кеткен, қанымызға әбден тойыпты. Таң атып, ел қозғалып кеткен екен.
... Одан кейінгі жылдары Шыназға талай бардым. Айы сүттей жарық ертегідей бақ ішінде Ләззатпен талай серуендедім. Екеуміз мәңгі біргеміз деп серттестік. Шексіз бақытты едім. Сағыныш кернеп, үздіге ұшырасатынбыз.
Одан бері нешеме жылдар жылжып өтті. Өмір ағысының толқыны бой бермей, жолымызды кес-кестеп әкетті. Тағдырымызды қосу бізге нәсіп болмады. Әскерде жүргенімде ата-анасы сол бір еліктің лағындай Ләззатымды өзге ауылға ұзатып жіберді. Амал нешік.
Әскерден оралғаннан кейін ұзақ уақыт Ләззатты ұмыта алмадым. Бірақ өмірге ұмтылу керек. Бірер жыл жұмысшы болып, соңынан оқуға түстім. Журналистиканы жағалап, ширек ғасырдан бері газет қызметіндемін. Жақында Ләззатты сағынып отырып мынадай өлең жаздым:
Шыназ қызы
Көктемдер көктемге жалғасып,
Жасымыз елуден қалды асып.
Жастықтың сәттері – дәптері,
Сарғайып барады шаң басып.
Сол бір қыз еліктің лағындай,
Шыназдың кезікті бағында-ай.
Жәудір көз, ақ маңдай, ақ тамақ,
Көйлегі жаздың ақ таңындай.
Мектепте оқыған шақ еді,
Көңіліміз гүлдеген бақ еді.
Нешеме көктемдер өтсе де,
Сағыныш Шыназдың жағы еді.
Шыназдың бағында ай жарық,
Кездестік сағыныш қайтарып.
Тұр еді аспан да, бақтар да,
Ғашықтық әнімен шайқалып.
Біздің ел Шыназдан жырақта,
Жол бойы жүздеген қыраттар.
Біздің ел кең дала, ен дала,
Қызғалдақ көмкерген құрақтар.
Әскерге кетерде барып ем,
Шыназдың бағында қалып ең.
Күтемін деп айтқан сертіңді,
Кеудеме гүл етіп тағып ем.
Анашың ұзаққа қимапты-ау,
Сертіміз көңіліне сыймапты-ау.
Даланың қазағын қойғын деп,
Саф таза жаныңды қинапты-ау.
Мекенің Бозсудан арыда,
Еске алам көңілім сарыла.
Арада отыз жыл өтсе де,
Сағыныш отына қарылам.
Өмір ғой, Ләзат үбірлі-шүбірлі болып, аман-есен жүрген шығар. Жақсы қызды Жетісайдан кезіктірдім. Сүйіспеншілік болды. Шүкір, өсіп-өндім.
Әліби мен Бағиланың арасы үлкен махаббатқа ұласты. Екеуінің ғашықтығы мектептің жоғары сыныбында жүргенде-ақ елге танылып, ауылды шуаққа бөлеген. Әліби орыс тілінің маманы болып шықты, ал Бағила тіс дәрігері. Қалалық болып кеткен.
Нұрлан ауылда қалды. Ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, агроном болып жүргенінде көрші ауылдың бастауыш сынып мұғаліміне үйленді. Тоқсаныншы жылдардың қиын сәтінде жұмысын тастап, елден насыбай темекінің кептірілген жапырағы мен паясын жинауға көшті. Оны диірменнен өткізгеннен кейін «КамАЗ» жүк көлігімен Ресейге таситын болды. Екі-үш жылда көп қаржыға кенеліп, ойдағы-қырдағы құнарлы суармалы алқаптардың бірталайын сатып алды. Осы күні дәулеті шалқыған Нұрекеңе айналды. Ауылға бара қалсақ құрақ ұшып тұрады, сый-құрмет көрсетеді.
Балалық шағымызды, оның ішіндегі алғашқы махаббатымызды еске алсақ жүрегіміз толқып, көңіл көкжиегіміз өзен бойында жайқалған тоғаймыздың табанындағы қызыл-жасыл құраққа айналып сала береміз.

Поделиться:
     
Оставить комментарий:
Captcha