Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Открытое мнение
Нұр-Сұлтан қаласының мәдени имиджі қандай?

ОТКРЫТОЕ МНЕНИЕ

30 июля 2019
686
0

Нұр-Сұлтан қаласының мәдени имиджі қандай?

 

Әлемдік елордалардың көпшілігі көне қала болып табылады, мәселен, Мәскеу, Вашингтон, Париж, әсіресе Рим, Афины, Пекин және т.б. Әлбетте, соншама ғасырлар бойы олардың әрқайсысының мәдени бет-бейнесі, өзіндік архитектуралық қайталанбас ҰЛЫ ДӘСТҮРЛЕРІ қалыптасқан. Бұл – баршаға бесенеден белгілі жайт. Оның үстіне кез келген елдің елордасы сол мемлекет ішіндегі ең жарқын, асқан көрнекті өркени орталығы болуы тиісті. Керек десеңіз, Елтаңба, Әнұран, Мемлекеттік Ту рәміздері іспеттес деңгейге пара-пар болып, ел үшін сондай дәрежеде қабылдануы қажет. Бұл түсінік көптеген елдердің дүниетанымына әуелден сіңген, себебі көбісінің елордалары ежелгі заманнан бері «елордалық» қызметін атқарып келе жатыр. Ал біздің Нұр-Сұлтан қаласы ЕЛДІ МЕКЕН ретінде кеше ғана құрылмаса да, ЕЛОРДА ретінде тым жас қала.  

 

Біздің астанамыз – Нұр-Cұлтан қаласы – елорда ретінде бар-жоғы 21 жыл бұрын ресми жарияланған еді. Қала дәл Афины немесе Рим сияқты көне болмаса да, қала туралы белгілі бір тарихи бейнелер санамызға сіңіп үлгерді. Мысалы, Қабанбай батырдың ерліктері, Ақмола бекінісі іргесінің қалануы, көшпенді мал шаруашылығына толы Сарыарқа, тың игеру кезеңі, АЛЖИР-де орын алған трагедиялар – кешегі тарих болса, бүгінгі тарих - Ақмоланың Астана аталуы, Азиада, ОБСЕ, ЭКСПО және т.б. тарихи сәттерді атап өтсек болады.

 

Әрине, осы уақыттың ішінде әлемге танымал Мәңгілік Ел аркасы, Қазақ Елі монументі және ЭКСПО ғылыми қалашығы, Нұр-Астана орталық мешіті, Хазірет Сұлтан мешіті, Бәйтерек монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ақорда, Хан Шатыр. Бұл – қаламыздың архитектуралық бет-бейнесі. Мәселен, Парижде – Эйфел мұнарасы, Мәскеуде - Кремль, Римде - Колизей, Вашингтонда – «Статуя Свободы» және т.б. Ал сонымен қатар, аталмыш астаналардың өзіндік қайталанбас мәдени бет-бейнелері бар. Мысалы, «Рим» деген сөз айтылған кезде көз алдымызға бірден көптеген Рим императорлары келеді: Юлий Цезарь, Октавиан Август т.б. Әлбетте, Италиядағы Моника Белуччи, Федерико Феллини, Марчелло Мастрояни сияқты ірі тұлғалар көз алдымызға келеді. Ал «Мәскеу» дегенде, біз Иван Грозный, Мономах іспеттес царьларды ғана емес, сондай-ақ Лев Толстойды, Пушкинді, Михаил Булгаковты және кеше ғана дүниеден озған Евтушенко мен Белла Ахмадулинаны елестетеміз. Ендігі сауалым қиын сұрақ: «Қазақстан Республикасының астанасы» дегенде еліміздің қарапайым азаматтары не елестетеді екен? Әрине, ірі және ұлағатты Назарбаевтың бейнесі, президент Тоқаев, елорда әкімі Бақыт Сұлтанов секілді саяси қайраткерлер еске түсе кетеді. Ал ұлттық мәдени символ немесе бренд ретінде таныла қойған қай тарихи тұлғалар мен азаматтарды мысал ретінде келтіре аламыз?

 

Ең жарқын тұлғалар: Ахмет Байтұрсынұлы, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Мағауин, Асқар Жұмаділдаев (бұл тізімді әлі де ұзыннан-ұзақ жалғап кете алар ем), алайда, туристтер (және кей өзіміздің азаматтар да) ұлы даланың сол есімдерін Астана қаласымен тікелей байланыстырмайды, әйткенмен, жалпы қазақ елі және Қазақстан ұғымдарымен тікелей байланыстырады. Десек те, Қабанбай батыр, Қажұмұқан Мұңайтпасов, Сәкен Сейфуллин, Жұмабек Ташенов іспеттес жергілікті ұлы адамдарды да мысал ретінде келтіруге болады (бұл Ақмола өлкесін өзге өлкелерден биік қойғаным емес, астананың (әлемнің кез келген астанасы сияқты) әмбебап, ерекше, бірегей өзіндік МӘДЕНИ БЕТ-БЕЙНЕСІН айқындау мақсатында жазып отырмын). Төрткүл дүниеге белгілі үлкен елдің елордасы үшін атақты «астаналықтар» тізімі сәл аздық ететін сықылды. Мен кешегінің батыр- жырауларын менсінбей тұрғаным жоқ, Әлемнің оларды тиісті деңгейде танымайтыны қынжылтады.

 

Кезінде Мұхтар Әуезов арқылы Түркияға, Францияға, Иранға Абай Хакімнің есімі танылғаны рас. Алайда, бүгінгі күні Қазақстан тақырыбымен арнайы айналысатын маман немесе сарапшыс болмаса, қарапайым қатардағы шетел азаматы Абай тұрмақ тіпті Тоқтар Әубәкіровтің өзін онша тани бермеуі мүмкін. Құдайға шүкір, тым болмаса Тимур Бекмамбетов, Димаш Құдайбергенов, (кейбіреулер үшін аты даулы болса да) Ермек Тұрсынов, Жақсылық Үшкемпіров, Бекзат Саттарханов, Бахтияр Артаев, Қанат Ислам, Илья Ильин, Геннадий Головкин және т.б. тұлғалардың есімдері шетелдік БАҚ беттерінде оқта-текте (тіпті сирек) кездесіп жатуы мүмкін. Әлбетте, тағы бір жанды ауыртатыны – өзіміздің мемлекетіміздің ішіндегі кей азаматтардың өзі жоғарғы тізімдегі кей фамияляларды өз деңгейінде мүлде білмей жатады. Егер біз 30 дамыған елдің қатарындағы барша сала бойынша бәсекеге қабілетті ел болғымыз келсе, рухани және мәдени имидж туралы да ойлану керек шығар.

 

Астана қаласында мәдениет жоқ деп тағы айтуға болмас. Қазақ Ұлттық Өнер университеті, Қазақ Ұлттық Хореография академиясы, Астана опера және балет театры, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР ұлттық мұражайы, Қуанышбаев атындағы академиялық муздрама театры, Жастар театры, Тұңғыш Президент атындағы мәдени орталық сықылды мәдени нысаналар жеткілікті. Әйткенмен, әзірге Алматы шаһарының мәдени деңгейі бізден сәл алда келе жатыр (оған қоса біздің оңтүстік астанамыз еліміздің Мәдени Орталығы екені белгілі, Түркістан – еліміздің діни рухани орталығы іспеттес). Оның үстіне, Алматы десең - Мұқағали Мақатаев, Алматы десең - Олжас Сүлейменов, Алматы десең - Қаныш Сәтбаев және осындай ел ішінде брендке айналған есімдерді мысал ретінде көп келтіруге болады. Мен қазір Сейфуллин мен Ташеновтың жерлестерінің танымалдылық деңгейі бойынша кемсіткім келіп тұрғаным жоқ, керісінше өзім төл астаналық тұрғын әрі күллі Қазақстанның азаматшасы ретінде келесі қарапайым ғана ойды жеткізгім келіп тұр: Афиныда - Платон, Берлинде – Гёте, Лондонда - Шекспир, Парижде - Виктор Гюго, ал біздің Астана қаласы деген кезде біздер қандай ұлы мәдени қайраткердің біреуінің атын атай аламыз? Иә, Сәкен Сейфуллин есімі айрықша жарасып тұр, алайда ол есімді күні бүгінге дейін біз шетелдіктерге таныта алдық па? Егер Жұмабек Ташенов ол тым күрделі, қарама-қайшылықтарға толы саясаттың өкілінің бірі болса, ал Сәкен үш бәйтеректің бірі емес пе? Әрине, Сейфуллин атындағы мұражай өз орнында тұр. Дегенмен, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесі кезінде қанша турист Сейфуллин мұражайында болып үлгерді. Мәскеудегі Пушкин мұражайы немесе Лондондағы Мадам Тюссо мұражайынан әлдеқайда азырақ болар. Осындай өкінішті сәттер ендігәрі орын алмауы үшін елордамыздың мәдени имиджін қалай көтерсек болады?

   

Басқа елдің тәжірибесі қандай? Негізінен оларда жағдай келесі бағытпен дамып отырды: Рим, Афины секілді қалалар мемлекетпен бірге о баста құрылып, тұрақты түрде өзінің «астаналық» қызметін атқарып келе жатыр. Ресей тарихында бірнеше астана болғаны рас, бірде Новгород, бірде Киев, бірде Мәскеу, бірде Петербор, ал 1918 жылдан бастап қайтадан Мәскеу. Үндістан тәуелсіздік ала салсымен астанасын Бомбейден Делиге ауыстырды. Тіпті АҚШ-тың астанасы Вашингтон Британ империясынан азаттық алып жатқан тұстары пайда болды. Қазақ елінде де астаналар аз болған жоқ, қазақ хандығы жылдарында да, Ресей Империясының құрамында болған кезде де – астанамыз өз орнын өзгертіп отырды. Түркістан, Орынбор, Қызылорда, Алматы және Астана (бүгін ол қаланың атауы Нұр-Cұлтанға ауысты). Көп жағдайда әлемдік астаналардың мәдени имиджі ұзақ жылдар, ғасырлар бойы өте баяу қалыптасып жатты. Лондонда әуелі кельт жыршылары, сосын Шекспир, кейін Байрон, одан кейін Артур Конон Дойль, Чарльз Диккенс дүниеге келіп, қызмет еткен соң ғана, Лондонның бүгінгі мәдени имиджі өз дәрежесіне жете алды. Әлбетте, біз үлкен мәдени имиджге XXI ғасырдың ортасында, не соңында жетерміз, десек те, бүгінгі күнде қала мәдениетінің қарқынды дамуын да ойлауымыз керек.

   

Менің ұсынысым – Алматыдағы «Қазақфильм»-нен кем емес Республикалық деңгейдегі, әлемдік стандарттарға сай киностудия ашу, Алматыдағы Әуезов театрынан да үлкен көлемдегі орталық Қазақ театрын ашу, Ақмола өлкесінің барлық ұлы тұлғаларына арнап, бір-бір мұражай, мәдени орталық ашу немесе көрме ашу, “Астана мәдениеті” деген жеке үлкен мемлекеттік мәдени-танымдық (шетелге де трансляция жасайтын) ірі телеарна ашу (QAZSPORT арнасынан кем түспейтін), оқыту деңгейі Назарбаев Университетіне жақындай түсетін “Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік Университеті” (Мәскеудегі МГУ сияқты танымал болатындай)  іспеттес оқу орнын ашу керек. Осының барлығы жүзеге асса, қысқа мерзімнің ішінде нәтижесінде астанамыздың өте үлкен һәм бірегей мәдени имиджін қалыптастырар едік. Оған қоса, Әлемнің әр елінде “столичная мода” немесе “Fashion of the Capital” деген ұғым бары белгілі. Ендеше, неге Нұр-Сұлтан қаласында да өзінің ЕЛОРДАЛЫҚ СӘН ҮЙІН, ЕЛОРДАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КИІМДЕР ДҮКЕНІН және сондай сияқты коммерциялық орталықтарды неге ашпасқа? Бұл ұсыныс Нұр-Сұлтан қаласын еліміздің басқа қалаларынан биік қою емес, Париж, Милан, Прага сықылды әлем астаналарынан кем түспеу үшін айтылып отыр. Әрине, кейбір азаматтар үшін Астаналық сәнге қатысты пікір бойынша бұл ой – «ой, бұл астаналық тұрғын болғаны үшін шектен тыс мақтанушылық» болып көрінуі мүмкін. Жоқ, керісінше, біз әрі сәнділік әрі (ол да ұлттық брендке айналатындай) кішіпейілділікті де бірге алып жүруді насихаттауымыз керек!

   

Оның үстіне, Токионың үлгісі әсіресе қызық. Ол жақта бүкіл технология тіпті XXII ғасырдың үлгісіне көбірек ұқсас болғанымен, ұлттық нақыш пен мінез, өз-өзін ұстау дәстүр-әдебі бәрібір айрықша, айқын сезіліп тұрады. Бұл әсер олардың өзіндік архитектурасынан, көше құрылымы мен орналасуынан және қаланың безендірілуінен (жазулар, мүсіндер, жарнамалардың және шамдардың орналасу және т.б.), ал ең бастысы – өнер, ғылым, ақпарат және мәдениетінен туып отыр. Ендеше, неге біздің де Елордамызды шынымен ұлттық рухани, ұлттық мәдени, ұлттық ақпараттық, ұлттық ғылыми брендке айналдырмасқа?!  

   

Астанаға келсек,  жоғарыда айтып өткендей үлкен және толыққанды мәдени имидж үшін тағы бірнеше астаналықтардың буыны өсіп-жетілуі керек. Ол бүгінгі жиырма жасар астналықтардың немере буыны пайда болған кезде ол имидж пайда болмақ түгілі классикалық халықаралық деңгейге өзінен өзі табиғи түрде жетеді. Ал бүгінгі буынның, әсіресе жастардың міндеттері қандай болуы керек? Ең алдымен, біздің санамызда «облыс орталығы» мен «Республика орталығы» ұғымдар арасындағы өте жіңішке Мәдени айырмашылықты ажырата білу (қайталап айтайын, бұл ұсыныныс – облыс орталықтарын кемсіту емес, Астанамызды жалпыәлемдік жоғары елордалық стандарттарға сәл де болса  жақындатудың және сол арқылы еліміздің басқа өлкелеріне рухани ҮЛГІ ету ниетінен ғана туып отыр!). Журналисттер мен өнер қайраткерлері, жалпы астана тұрғындары “мен елордалықпын” деген түсінікті әлі де толықтай түсініп, сіңіріп үлгерген жоқ. Оны тек үстірт қана қабылдайды: жақсырақ киіну, қымбаттырақ тамақтану, әрі кетсе фитнеспен, йогамен айналысу. Шынында, елордалық болу дегеніміз – республикалық (тіпті, әлемдік) деңгейде мәдениетті, тәртіпті, әдепті hәм барша елімізге ұлттық нақыштағы білімділік пен тәрбиеліктің ҮЛГІСІ болу. Қашанға дейін шетел астаналарына қызығып, үздіксіз ЕЛІКТЕЙ беруге болады?! Бізге де шетелдіктер қызықсын, бізге де еліктесін! Ал ол үшін өзіндік ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІ дамыту керек! Мәселен, Вашингтон тұрғындары өздерін «бизнестегі ең еркін» азаматтармыз деп атаса, Париж тұрғындары өздерін әлемдегі «стиль бойынша ең сәнді» қалалық тұрғындар деп есептейді. Ал астаналықтарға әрі Минск тұрғындарындай САЛМАҚТЫ, әрі Мәскеу тұрғындарындай ІСКЕР,  әрі стокгольмдіктердей КІШІПЕЙІЛ, әрі токиолықтардай БІЛІМДІ болғанды қалау керек деп ойлаймын! Астананың өзіндік ұлттық мәдени сана-сезімінің дамуы тек Нұр-cұлтан қаласының өзіне ғана емес, барша Қазақстанның қалалары мен елді мекендеріне оң және жағымды ықпалын тигізетін еді.


Поделиться:
     
Оставить комментарий:
Captcha