Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Спецпроекты
Ербақ Құрметжанұлы

Ербақ Құрметжанұлы


Түркістан қаласы ХҚТУ 4 курс студенті

 

Ән ғұмыр

(Таңжарық  Жолдыұлына)

 

Тағдыры талай ердің тау секілді,

Өзіне биіктігі жау секілді.

Жас ұрпақ етегінде еркін жайлап,

Шыңына қадам баспай қалса өкінді.

 

Заманда заң өзгеріп, жөн бұзылған,

Айырылған кейуанадай жалғыз ұлдан,

Қу басын құшып зарлап біздің ғасыр

Сарайын салтанатты салды мұздан.

 

Қам көңіл қарт шежіре қабақ түйіп,

Сыр қозғап сал кеудеге салад күйік.

Үн қосып бебеулейді домбырам да,

Қайғы-шер қатып қалған шанақта ұйып.

 

Қашанғы жауыр болған шындық айтып,

Жұбатам сағы сынған кімді, қайтып?

Сығалап сол сарайдың есігінен,

Егіліп «қос жеңгені» тұрдым айтып.

Қоңыр саз бабалардан сый бүгінге,

(Қалдырдың аманаттап күйді кімге?)

Қайғысы бір ғасырдың тынып жатыр,

Есіл ән «Қосжеңге» нің ирімінде.

 

«Қонғаны біздің ауыл гәккулі айдын»,

Білмеймін, иріміне баттым қай күн?

Өзім де сол айдынға жете алмаған,

Қанаты сынған сыңар аққудаймын...

 

Ашылып жан сарайым, қоям қалмай,

Алғандай аласұрам аян қандай.

Гүлжәй мен Сыздықан деп еңрегенде,

Ішімде әлде біреу оянғандай.

 

Оянып әлде біреу ішімдегі,

Өңіме айналғандай түсімдегі.

Бір елес жетелейді алға қарай

Иектеп әнді сүйген үшін мені.

 

Мен оны,

әлде, ол мені билегендей,

Тап болдым, о, құдірет, күйге нендей?

Тағдырдың табанымнан сызы өтіп,

Жүр-жүрлеп тас түрмеге сүйрегендей.

 

«Жүр-жүрлеп тас түрмеге сүйрегендей,

Қабырғам қаусап, бойым күйрегендей.

Мүшеме әлдебіреу ши жүгіртіп,

Істігін қос өкпемнен түйрегендей.

 

Екі көз шарасына симағандай,

Жазулы жарық күнді қимағандай,

Шегеге теріс қаққан отырғызып,

Қанымды жоса қылып қинағандай...».

 

...Қайран ән!

қаперіңе бірің де ілмей,

Жылты жоқ досымнан да түңілдім кей.

«А, құдай, шұлғи басқан тортөбелді

Ауылға жеткізе көр сүріндірмей».

 

Деп тілеп, жалбарынып жаратқанға,

Оянған Таңжарықтай таң атқанда,

Заманға зарымды айтып қоя бердім,

Қарайып, күн еңкейіп баратқанда.

 

Бұл дүние кімді өсірген?

кімді өшірген?

Қор болып  қайран әуен түнге сіңген.

Міз бақпай тұрды қарап, мұз сарайдың

Азынап қара дауыл іргесінен.

 

Тағдыры талай ердің тау секілді,

Өзіне биіктігі жау секілді.

Жас ұрпақ етегінде еркін жайлап,

Шыңына қадам баспай қалса өкінді.

 

Шынардай соқса дауыл шыңда шыдар,

Сырылып қара бұлт күн де ашылар.

Өнерге өгей қоғам, есі кірсе

Өкініп, өксіп барып бір басылар.

 

«Тортөбелге төрт шеңгел жем кетеді,

Ауыр қайғы жігітті меңдетеді.

Гүлжәй менен Сыздықан екі-ай жеңге

Бір қайрылсаң артыңа нең кетеді?»...

 

Тағдыр

 

Мен де сүйгем, сен де сүйген әнді ұлы,

Амал қанша балмұздақтай барлығы...

Мен ажалмен отырғанда арбасып,

Алдарқатпа аузыңа алып “мәңгіні”.

Таңғы шықтай тамшылаған тас көрге

Әр адамның тағдыры.

 

Жанам дйсің, қалам дейсің жалындап,

Жан діліңді жаулап алған ән, ырғақ...

Сен ертеңге ұмтыласың оңтайлы

Сәтті күтіп, қара ниетің қабындап.

Ал мен қалам қара жұртта дәл осы

Болмысыммен қабылдап.

 

Табанымда қалар ертең тауды ана,

Өзің әкеп орнатарсың аулаңа.

Ақиқатты танымайды ел ешқашан,

Ұлылыққа бола алмайды ар баға.

О, дәрйға-ай, ақын дейді ақынның

Орны қалған соң ғана.

 

Айды жұтып, аппақ таңдай сүзілген,

Ей, болашақ, жарқ еткен бір ғұмыр ме ең?

Мен отырмын құшағымда сәби түн,

Әлдилеймін әлде қалай күбірмен.

Пак жүзіне кетті тамып бір тамшы,

Жанарымнан үзілген.

 

 

 

 

Өлмес өлең

 

Қасым жайлы жетті бізге бір аңыз;

Өлмес өлең қалдыру боп мұраты,

Арпалысып өтті өмірден, дүр абыз,

Сарқылғанша бойындағы қуаты.

 

“Өлмес өлең” нендей сырға тұр нұсқап?

Бұл туралы болар әлі мәнді айтыс.

Ақындарды жырмен гүлдеп, нұр құшпақ,

Ойландырған қандай тағдыр, қандай күш?

 

Тоқсан тоғыз аталымнан тұратын,

Ғаламзатқа шұғыласын таратқан,

Құдай еді _ сөздің ғазиз бір аты,

“Бол!” деген бір ауыз сөзбен жаратқан.

 

Сөз құдайы жебегесін талайды,

Жетті көптің ақиқатқа жетесі.

Адамзатқа тұлға қылып Абайды,

Алып берді кеткен елдің есесін.

 

“Аллаға сен, сүй адамның баласын,

(Жіктемеген мұсылман деп, кәпір деп.)

Айыра біл дін мен құдай арасын!”

Деген сөзге тоқтамайтын хақым жоқ.

 

Көп болғанмен көргені мен көресі,

Сөз құдайы төбесінен құйып нұр.

Бұл қазақтың Абайымен өресі

Өктемсіген өзге жұрттан биік тұр.

 

Желдей ескен желбуаз сөз кімге азық?

Жетсе екен деп кейінгіге өлеңім,

Сол биіктен түспеу үшін жыр жазып,

Мен де өзімше арпалысып келемін!

 

Оставить комментарий:
Captcha