Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Спецпроекты
Ұлмекен Лесбекова

Ұлмекен Лесбекова


Алматы қаласы

Абыздың тілегі

 

немесе

Таңжарық Жолдыұлына арнау

 

Көсіліп жатыр құла бел,

Алаштың арқа төсінде.

Мойныңды сонда бұра кел,

Көк түркілердің көшінде.

 

Алдыңнан шықса Ахаңның

Құлагер аты кезігіп.

Жиһангезіндей жаһанның

Жаңылма жолдан безініп.

 

Ақыл мен айбат кез болса,

Салтынан тайма ғұрпыңның.

Ертеңін қайтем, ез болса

Ұланы алаш жұртымның.

 

Далада жұртын қалдырмас,

Ырысын беріп ақ дөнен.

Шашасы тұмар шаң тұнбас,

Тұяғы тескен тасты ерен.

 

Асуға арман апарар,

Ерттелеп ал да, шаба кет.

Отауың басы құралар,

Үкілі ару ала кет.

 

Елінде қалай болсын бек,

Құранның сөзін білмеген.

Ордаңды оғлан толсын, - деп,

Алаштың жолын біл дер ем.

 

Ертеңің, елдік мұратың –

Ақ туым сенің қолыңда!

Қысылсаң жебеп тұратын,

Салауат айтам соңыңда.

 

 

Сұр бәтеңке

 

Тарса, темір қойған соң қадау қылып,

Тар кепенің ішінде қараңғылық.

Сықырлауық есіктің саңлауынан

Қараша жел соғады қадам қылып.

 

Міз бақпайтын қалпынан марғау қылық,

Қозғалғандай зіл-батпан жарау құлып.

Ақ шуаққа талпынды сұр бәтеңке

Қожайыны секілді Адамды ұғып.

 

Ақ шуаққа, ауаға талпынады,

Шаң кептелген мойыны шарқ ұрады.

Бір-біріне байланған қара баулар,

Қан жүргендей өзді-өзі тартынады.

 

Қожайыны басқа ойға қимай бөтен,

Сұғанақтап сүңгиді,

(Қимайды екен).

Бұған таныс сол табан, сол башпайлар

Қу, дүние-ай, ендігі сыймайды екен.

 

Бәрі өткінші, дәурені майлы жақпа,

Көкірегіңді асқақтат, асқақтатпа.

Резіңкелер қатары – монша оты боп,

Ал еркіндік алып ұш Аспан жаққа.

 

 

Лилияның үзілген сабағы

Фариза Оңғарсыноваға арналады

 

Білгісіз жан бақшасында...

о, жарықтық, обал-ай.

Қара бұлтқа қарсы қарап гүл атыпты сонадай.

Сыздауытқан, күзде ауық таң тәлкектесе, тоң ұрып,

гүлің тұрмақ дірілдейді қара бұтақ сомадай.

 

Тәлкектейді!

Иә, тәлкек, мейлі.

Бірақ, Лилия тәрк етпейді

арда туған өмірін.

Күн еметін, Гүл егетін біреу болса бұл жерде,

Қала көрмес көңілім.

Көрмегенмін жан баласын,

Жүрек, білем, алдамасын,

Гүл, сосын, ол солмаса.

Жүрек бөлек, ақыл, басым,

Аңсамайды аңсамасын,

Тек Лилия болмаса.

 

Ол – тәкаппар, өн бойына төзім біткен Лилия,

Ол – арудай көктемінің көзін күткен Лилия.

Жағдайға сай құбылатын құны қымбат құрбымдай,

Тумысынан өзі гүл де, өзі тікен Лилия.

 

Бірақ қиын тумысынан ерте туып, ерте...

Бек!

Туған екен, таңын көрсін, талайынан ертелеп.

Ұзақ, ойлы қарадым да жүріп кеттім,

жол басқа

Соқпақтарға жетеледі, жетеледі ентелеп.

 

Сол көктемде...

көргем оны.

Оны көрген қала бұл.

Ақын қызын жоқтағанда су да тұлдыр, ауа тұл.

Замананы заңғар тұтқан ақындарда ол – жалғыз,

Оған ешкім ұқсамайды. Ұқсамайды Лала гүл.

 

Енді Өлең, ғұмыр қайда, бақыт гүлі қалаған?

Көктеменің көзін аңсап кезем күзгі қаладан.

Бетке бастап жеткенімде

Ауыл.

Үйге.

Бақшаға

сән орнапты, мән орнапты көк төбелі жаңадан.

 

Ақ көбелек айналшықтап, ақ қанатын қағады,

Кірпік ілбіп, мөлдір тамшы Лилияға тамады.

Сілкінгендей көп дамылдан, гүл жамылған айнала –

Көктем!

Бірақ...

Лилияның...

үзіліпті...

сабағы.

 

 

 

 

 

Оставить комментарий:
Captcha