Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Литературный процесс
Мухтар Ауезов о поэзии...

02.03.2017 15898

Мухтар Ауезов о поэзии

Мухтар Ауезов о поэзии - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі


Қазақ әдебиетінің осы күнгі қалпымен һәм келе жатқан бетімен таныстығы бар адамдардың біздің әдебиет туралы айтатын әр түрлі пікірі бар. Орыс жазушыларының қысқаша сындарына қарағанда, біздің ескі, ауызша әдебиетіміз бай, өрнекті, түрі, тарауы көп кестелі, қысқасынан айтқанда,  қазақтың даласы секілді кең,  келешегі көрікті үлкен, жалпы түрік әдебиетінің ішінде үлкен өріс алатын әдебиет секілді көрінеді. Бірақ осы жазушылардың айтуына қарағанда, жазба әдебиетіміз әлі іргесі нығаймаған, беті анықталып ашылмаған, белгілі түрге түсіп қалыптанбаған майысқақ, сынғақ әдебиет деп саналғандай.

383230b21d90ebbfd8a5ccf8515d19b6.jpg

***


Рас, өткен күннің әдебиеті біздің сүюімізді тілемейді. Сүюімізбен семірмейді де түрленбейді. Жек көруімізбен жоғалып та кетпейді. Ескі әдебиеттің түрлерін білу, бетін ұғу, ағымына түсіну – біздің өзіміз үшін керек. Бүгінгі әдебиетке белгілі жол салып, дұрыс бағыт береміз дегенде, жалпы қазақ әдебиетінің өткен күнін, бүгінгі қалпын һәм келешегін де түгел түсіну керек. Сонда ғана әрбір жазушы хақиқатқа жақын сөйлеуі де мүмкін.


***


Бұл күнге шейін қазақтың  жазба әдебиеті  жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті художественная литература ретінде қарағанда  дұрыс болса да,  әдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болады. Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке, көбінесе, дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерді кіргізбеуге болмайды. Тегінде, қазақтағы айтыс өлеңдер - өзге жұрттың әдебиетінде кез келмейтін, біздің әдебиеттің байлығына дәлел болған айрықша бір түр.


***


Абай – қазақ әдебиетінің атасы, жаңа әдебиеттің басы. Міне қазақ әдебиетіне Еуропа әдебиетінің үлгісін ендірді, байытты, поэзия тілін жасады. Қысқа өлеңдермен көп берерлік, бас-аяғы жұмырланып теп-тегіс келген өлеңді жасады. Өлеңнің лирика түрін туғызды. Қысқасы, қазақ кең жолға шығарды. Абайдың поэзиясын сын көзімен оқысақ, оның бүкіл бірақ әдебиетіндегі ролін дұрыс танитын боламыз.


***


Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп. Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы; тереңге сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан.

Әдебиетке, өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бәрін жоғалтып, жұрттың ойын тәрбиелеген.


***


Бұдан соңғы бір үлкен қызметі – қырдағы қалың қазаққа Европа мәдениетінің есігін ашқан. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа танытушы – Абай.

Мәдениетті жұрттың ысылған тілімен айтқан тәтті күй, нәзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көрмеген жалпақ тілімен өзіндей тәтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан Абай қазақ оқушысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында, бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған.


***


Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш: қырдағы қалың қазақтың осы күнге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі.

Абайдың өлеңін ішіндегі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дәуірдің өлеңдерінен айырылатын жері – мұнда сүлдері құрыған зар да, әлі құрыған уайым да жоқ, оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінген көзі ашықтық бар, дәлдеп ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар. Бұрынғыдай әр нәрсені ем көрген далбасалықтың орнына, Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді  іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді. Қазақтың өміріндегі кемшіліктің қайсысынан болса да, Абай өз емін айтып кеткен.


***


Қазақ әдебиетінің тарихы, бағыты жағынан айтылған осы сияқты азын-аулақ мағлұматқа қарап, барлық жазба әдебиеттің салмағын өлшегенде, қазіргі қалпын бағалағанда, айтатын сөз: біздің әдебиет әлі жас, әлі бойы өсіп жетілген жоқ. Өткен күніне қарап, келешегі зор десек, біздің әдебиет келесі күнде шығатын талай  тұрғыларының  біреуіне  ғана жаңа-жаңа тырмысып келеді. Біздің ескі әдебиеттен қалған көп сарын, кең ауданның бәрі де жазба әдебиетке келіп,  тарылып, азайып отыр. Жазба әдебиет бір беткейліктен арылса, жаңа арылайын деп, жаңа ғана қайтадан тарауланып, ауданын кеңейтейін деп отыр.


***


Болмаса ауызша әдебиет жасаған күлдіргі тип – Қодарды, қайғылы геройлардың типі – Қозы Көрпеш – Баянды, елдің зар-мұңының тілшісі – Асанқайғыны, еркелік-серкеліктің типі – Ақан серіні жазба әдебиет жасады ма? Әлі жасаған жоқ. Бұларды айрықша жан деп (тип деп) ұға білген қазақ кейінгіні де ұға алады, ұқпақ түгіл өміріне үлгі қылып еліктеуге жарайды. Олай болса, жазылатын пьесаларда, романдарда, әңгімелерде, поэмаларда қазақтың негізгі мінездерін айқын көрсететін типтер жасау керек.  Қазақ әдебиетінің ішіне қазақ өмірін түгел суретімен алып кіру – әдебиеттің ендігі міндеті. Бұл күнге шейін біз саяз жүзіп жүрміз.  Қазақ әдебиеті өмірінің бетіндегі қаймағын жалап жүр. Бұрынғы әдебиеттің ішіне тазша бала менен жалшы сақау қатын да кірген болса, бүгінгі әдебиетке қалпақ киген, оқығаннан бастап, қой жайып жүрген қойшыға шейін кіруге тиіс. Әдебиет сол күнде ғана өмір айнасы, өмір тезі болуға мүмкін.



Әдебиет тарихының қолданатын жолы


1) Ақынның өмірбаянымен танысып, тексеріп келіп, жазған нәрсесі мен екі арадағы байланысын айырады.

2) Әрбір ақын жеке-дара адам емес: оны туғызған елі бар. Өзінің үлгісі, салты, жақсылық, жаманшылығы бар. Сондықтан ақын өмірін соңы туғызған елінің өмірімен қоса қарастырады.

3) Ақын өмірін жалғыз ғана туғызған елін алмай, барлық, сол ел мен ақынды түгел туғызып отырған ұлтымен алып қарастырады.

4) Әрбір ұлттың табиғатпен қатынасын қарастырады. Тіршілігі қалай құралған, табиғаттан тегін тамақ ала ма, жоқ еңбекпен ала ма? Еңбек көп болса, өнер артады, өнер артса, тап-таптың халы да жоғары-төмен болып, жіктеле бастайды. Әдебиет тарихы мұны да қарастыру керек.

5) Көрші халықтың берген үлесін, көрші жұрттың өнерінен келген әсерін айырады.



Әдебиет тарихының міндеті не?

Әрбір тарих белгілі жолдағы істің өскенін, гүлденгенін сөз қылады. Олай болса, әдебиет тарихының міндеті:

1) Бір жұрттың тіліндегі ауызша, жазба әдебиеттің ішінен үлгілі болған белгілерін бөліп шығару. Ол белгілер сол елдің әдебиет жолындағы жаңа сөзі болу керек.

2) Әдебиет тарихы белгілі дәуірлерді, мезгілдерді бөліп шығарады. Халықтың әдебиеті алғашқы шыққаннан бастап, белгілі бір кезге жеткенге шейін тарихтың ішіне кіру керек. Әр мезгілдің үлгісі қандай, неден туды, басқа өмірмен қандайлық тарихи байланысы бар, сол айтылуы керек.

3) Әдебиет тарихы әр мезгілдегі себептерді, шарттарды тереді. Мәселен, белгілі ақынның өлеңіндегі мағына мен түрдің сыртқы өмірмен қандай байланысы барын айырады: ақынның өз өмірі, өз тіршілігімен байланысқан сыртқы қалдер, себептер болса, сол теріледі, әдебиет тарихы ауызша әдебиеттің жұрнақтарынан сыртқы түрін, ішкі мағыналарын көріп, соларды туғызған себептерді айтады, әдебиет жұрнақтары мен соның жазған кісілерін қарастырып келіп, бір жұрттың әдебиетіне солардың қандайлық бағасы барын айтады.


(Жазушының шығармалар жинағынан)


Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте вместе с нами!


Для копирования и публикации материалов необходимо письменное либо устное разрешение редакции или автора. Гиперссылка на портал Adebiportal.kz обязательна. Все права защищены Законом РК «Об авторском праве и смежных правах». adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (вн - 1060)

Мнение автора статьи не выражает мнение редакции.