Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Спецпроекты
СӨНГЕН ОТТЫҢ СӘУЛЕСІ

№125. СӨНГЕН ОТТЫҢ СӘУЛЕСІ


(Эссе)

 

XX-шы ғасырдың басында Алаш-Орда ту тіккен бүгінгі Семей жері - кешегі Қазақ мемлекеттілігін қайта тірілткен жер. Бұл қаланың Алашқа қатысты саяси-экономикалық, тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани маңызы мен рөлінің зор екені күллі әлемге аян. Былайғы жұртттың:«Алаш десең - Семей, Семей десең - Алаш!» - деп қабылдайтыны да содан!..

 

***

Бұл бір нысаналы тағдыр шығар. Мен 1989 жылы Семейдің Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскенімде Алаш арыстарының соңғы тұяғы - Қайым Мұхамедханұлынан ауыз әдебиеті мен Абайтанудан дәріс алдым. Алғаш рет «Алаш» деген сөзді де сол кісінің аузынан естідім. Содан бері белгілі бір деңгейде Алаш тақырыбына ден қойып келе жатырмын.

Ол кездің адамдары әр жексенбіде Ленин саябағына (қазіргі орталық саябақ) жиналып, өзара әңгіме дүкен құратын. Бұл тұс - Қайым ағаның мені Алашқа бейімдеп жүрген тұсы еді. Оңаша сұхбаттасымыздың көбін сол саябақта жасайтынбыз. Бір қызығы - ағаммен кездескен сайын:«Ассаламағалейкум, аға!» деп, қос қолымды ұсынсам, ол кісі:«Армысың, Алаш арысы, келдің бе?» дейтін де, оң қолын жүрек тұсына қоятын. Мен оған кәдімгідей қанаттанып қалатынмын. Бүгінгі күні өзім де үлкен кісінің осы машығын қайталауға құмармын. Алаштанушыларға сәлемдессем: «Армысың, Алаш арысы» деп, қолымды жүрегіме апарып беремін. Әрине, мұның барлығын әншейін еліктеу емес, ұстаздың шәкірт жүрегін жаулап алғанының белгісі дер едім!

Сол жолы ағамыз саябақтың маған беймәлім тарихынан сыр шертті. «Кеңес өкіметіне дейін, мына саябақтың орнында Никольский шіркеуі тұрған. Осы жерде Алаш атты әскерін Жетісу фронтына аттандыру рәсімі өткен. Оған Алаштықтардың барлығы қатысқан. Газет пен журналдан бөлек, бұл салтанатты рәсім жайында үлкен пьеса да жазылған. Бірақ оны НКВД жендеттері жоқ қылды ғой. Болашақта табылып қалар?» деп, жаңа бір тың әңгіменің мойнын қылтита бастады...

- 1918 жылдың қаңтарында Алаш-Орда ұлттық үкіметінің Орталық комитеті Алаш қаласының (қазіргі Семей) сол жағалауына келіп орналасады. Өйткені ІІ жалпы қазақ съезінің қаулысымен Семей - Алаштың уақытша тұратын орны болып бекітілгенді. Ал енді жаңадан құрылған мемлекеттің бір тірегі әскер күші болғандықтан, қаладан 5 шақырымдай қашықтықтағы «Сор» (бүгінгі Жарқын ауылына қарай) деген жерде тұңғыш кәсіби әскер – І-ші Алаш атты әскер полкы жасақталады. 1918 жылдың 18 маусымында талтүсте үш линиялы винтовкамен қаруланған саны 535 адамдық Алаш отряды қалаға оңтүстік-батыс жағынан келіп кіреді (500 сарбаз, 35 орыс офицер - А.Р). Бұл жайлы Абай журналының 1918 жылы 19 маусымда шыққан санында Жүсіпбек Аймауытұлы: «Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алаш-Ордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады» деп жазады. Сол 19 маусым күні кешкі сағат 6-да тура осы екеуіміз отырған жерде Семей елі Алаш мемлекетінің көшбасшысы Әлихан Бөкейханды хан көтергендей сән-салтанатпен қарсы алады. Алаңда атпен сүйрейтін үш доңғалақты 14 зеңбірегі бар, қолдарына Алаштың ақ туын ұстап, «Жасасын, Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысы», «Жасасын, Отанның адал ұлдары» деп жазылған транспаранттар көтерген I-ші Алаш атты әскер полкының сарбаздары аттың түсіне қарай торы аттылар бір қатар, жирен аттылар бір қатар болып сапқа тұрғызылады. Әлихан Бөкейханның келуіне орай, полк командирі Хамит Тоқтамышевтың бұйрығымен атты әскер «Алаш» деп ұран салады. Жүсіпбек Аймауытұлының «Арғы атам-ер түрік, Біз-қазақ еліміз» деп басталатын Алаш гимні (әнұраны) орындалып, салтанатты парад Алаштың ақ туының саясында ашылады. Полк командирі Хамит Тоқтамышев салт атпен келіп:«Алаштың бірінші полкы сап түзеп, дайын тұр!» деп Әлихан Бөкейханға рапорт береді. Рапорт қабылданғаннан кейін, Уақытша Сібір үкіметінің Алаш-Ордамен одақтастығы негізінде әскерге болысуға келген әскери штаб бастығының көмекшісі полковник Папин, штаб адъютанты капитан Виноградов және Уақытша Сібір үкіметінің өкілі Давыдов тарапынан сәлемдесу рәсімі өткізіледі. Содан соң, Әлихан Бөкейханға сөз беріледі» деп, сәл үзіліс жасады да: «Осы айтылғандардың бәрі жаңағы Алаш пьесасында бар. Тіпті, бұл шығарманы алғашқы талқылауға Тұрлыхан Қасенұлы қатысып, басты рөлді Шахан Мусин ойнайтын болып келісілген де... Меніңше, сол пьеса осында жатыр» деп орынынан көтерілді.

Мен әрдайым Қайым ағаның есте сақтау қабілетінің жоғарылығына қайран қалатынмын. Жолшыбай соның себебін сұрап едім: «Егер есте сақтау қабілетім мықты болсын десең, «Абай жолын» бес рет оқы!» деді (оқыдым, және басқа да кітаптарды соншама рет оқитын жақсы әдет тауып алдым).

 Екеуара өрбіген әңгіменің ауаны жаңаша сипат ала бастады. Алашқа сусап өскен менің көкейімді тескен сұрақтарым да көп еді. Ағамның ішіндегісін шығартып, сөйлетейін деген оймен:«Алаш мемлекетінің күйреуіне не себеп болды?» деп, қайта-қайта қолқалап қоймай келемін?! «Біріншіден - империялық, шовинистік саясаттан арылмаған Ресейге сену қауіпті, мейлі ол патшалық болсын, мейлі кеңестік. Өйткені Ресей өзінің «ұлы орысшылдық» саясатынан ешқашан бас тартпайды. Екіншіден – Әбу Насыр Әл-Фарабидің:«Егер де надандардың қолына билік тисе, олар дүниені ойран етеді» деп айтқанындай, Алаш арыстарының түбіне жеткен өз арамыздан шыққан арамза надандар болатын. Міне, солар әлі күнге дейін біздің соңымыздан қалмай, көлеңкедей еріп келеді. Негізгі билік те солардың қолында. Олар үндемейді. Бірақ сол үндеместер сенің әбден қаныңды ішіп, күйзелтпекке әрекеттенеді. Сонда ыстық оттың жанында тұрсаң да, өлердей жаурайсың. Бұл енді, тағдырдың сынағы, інім, одан сынбай өту керек! Өйткені жаныңды жаралаған қиянат пышақтан да өткір болады екен, мен оны өз басымнан өткердім... (маған қарап) Иә, жақсылық пен бақытқа жету жолы оңай емес қой. Ең маңыздысы – оң мен терісіңді ажырата алу» деп, біртүрлі суық жымиды.

Содан бастап, ағамның бұл сөзі – менің өмір бойғы темірқазығыма айналды. Кейде оңбағандардың жасаған қысастығынан жаным жабырқап бара жатса «осы менің оң-терісім қайсы еді?» деп, жан - жағыма ауық-ауық қараймын...

...ылғи да дауылы соғып, құйыны бораған ең қиын-қияпат заманның зәбірін көрсе де, оймақтай тесіктен сәуле себезгілеген қара түнек камераға қамалып, адам төзгісіз қиындыққа жегілсе де, Қайымның сөздері сары майдай жұмсақ болатын. Ол - көңілі құлаған адамына ішкі сырын бүкпесіз ақтаратын ашық-жарқын қазақ еді. Сталиндік зұлматтың сан сиқырлы жалалығы мен қаралығының құрығына  мойынсал болмаған қайсар Қайымның іс-әрекеті құстың патшасы, қанаттының сұлтаны – қайсар қыранның қылығына ұқсайды: қатал да болса әділ, ауыр да болса кәміл. Ағамыздың батырға тән мінезі жайлы заманымыздың заңғар перзенттерінің бірі Лев Николаевич Гумилев: «Мы все учились мужеству в Карлаге у Каюма» деп еске алады. Иә, Қайымның өмірі – ұлтқа үлгі, оның жұдырықтай жүрегі «елім» деп еңірей соқты, «жерім» деп күңіренді, ақиқаттың ақ жолынан танбады...

 1990 жылы Абай атамыздың алда келе жатқан 150 жылдық мерейтойына мемлекетіміз «Абай энциклопедиясын» шығаратын болып Қайым Мұхамедханұлын Алматыға шақырып әкетті. Содан шығармашылық байланысымыз сәл саябырсып қалды. Әйтсе де, Алаш тағылымы мен мұраты жөнінде ағамның беріп кеткен тапсырмаларын бір сәтте есімнен шығарған емеспін...

Қайсар Қайым 2004 жылы дүние салды... Бұл да бір тарих. Ал енді ол да тарихқа айналды!

Сөйтіп, мені Алаш тақырыбына бұрған, Алаш идеясының дәмін татқызған, болашағымды бағдарлап берген Семейдің кемеңгері Қайым Мұхамедханұлы болатын.

Бүгінде Қайымның ғазиз есімі Семейдің ұлы үштігі саналатын - Абай, ШаҺкәрім, Мұхтарлардан кейін аталады. Қайымды оқыған сайын, идея туады, жастанып оқимын. Идея туған сайын, әрекет жасағың келеді, жігерленемін!

Иә, қадірлі Қайым аға! Сен менің бойыма мәңгі көктейтін Алаш идеясының дәнін егіп кеттің. «Абайдың жасына барғанда, Алашқа айнымастай болып, бұрыласың!» деп едің, неткен ғұлама едің? Мінеки, енді, өзің салған Алаш жолындамын... «ұраным - Алаш!»...

 

***

 

1992 жылы 27 маусымда Семей облыстық ұлттық-демократиялық «Азат» партиясының төрағасы Рахат Алтай мен «Алаш-Орда» газетінің Бас редакторы Жұмаш Кенебайдың басшылығымен Алаштың 75 жылдығын ұйымдастырдық. Тұңғыш рет Алаш арыстарының рухына құран бағыштап, ас бердік. Дөңгелек үстелдер мен ғылыми-конференциялар өткіздік. Онда мен IV- курс студентімін.

Бұл тойға Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан апа мен Міржақып Дулатұлының қызы Гүнәр апа, Мұстафа Шоқайдың туысы Байдрахман Садықұлы, Құран кәрімді қазақша аударған Халифа Алтай, алаштанушы Марат Әбсәметов, кинорежиссер Халила Омаров келді. Шолпан мен Гүнәр апамыздың көздері жасаурап: «Біздің балалық шағымыздың өткен жері ғой. Ата-анамыздың жүрген ізі қалды» деп дайын көлікке отырмай, біршама жерді жаяу да жүрген еді...

Беу, дүние-ай десеңші! Одан бері де қаншама уақыт өтіпті-ау. Бүгінде Гүлнәр апа мен Шолпан апамыз да ортамызда жоқ. Алаштың көзі тірі ұрпақтарынан ешкім қалмауға айналды-ау...

Әйтсе де осыдан бастап қай қалада болмайын, қай қызметте жүрмейін, Алаш арыстарына дұға оқып, ас беру ісін – өз өмірімнің дәстүріне енгіздім!...

2012 жылы Семей қалалық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде қызмет істедім. Бастығым - бас-терісі келіскен Құсмілия Нұрқасым есімді алашшыл азамат еді. Бір күні ол мені шақырып алды да: «Бауырым, өзің білесің, биыл ұлтым деп маңдай тері мен ыстық қанын төккен, халқымыздың азаттығы жолына ақыл-парасатын арнап өткен Алаш мемлекетінің  құрылғанына 95 жыл толады. Осынау айтулы шара Алаштың астанасы атанған Семейде дабыралы түрде тойланып өтуі тиіс. Әкімдіктің жұмысы өз алдына. Сен алаштанушы ретінде Алашты көтеретін айрықша бір іс жасауға міндеттісің» – деп, шұғыл тапсырма берді. «Әрине, Құсеке!» - дедім. Менің көптен бері көкейімде жүрген асыл арманымды тап басып таныған Құсекеңе алғыстан басқа айтарым жоқ!

Содан әрі ойлап, бері ойлап отырып: «Көп болса бір айдың ішінде той тойлап, ұрандатып, бітпейтін сұхбаттар, форумдар, конференциялар ұйымдастырармыз, газетке жазармыз, бірдемені мың қайталап, көпірме сөзбен телеарналарға да шығармыз. Бірақ ол науқаншылдығымызбен қай шыңды бағындырып, қай тауды қопарамыз? Бұлар біздің тұрақты жұмысымыз ғой! Және мұндай бір реткі іс-шараларды кез келген мектеп, колледж, институттар да атқарып жатқан жоқ па? Одан да ВЧК-ОГПУ-НКВД-КГБ-ҰҚК-нің рұқсат етілмеген мұрағат құжаттарына қол жеткізудің жолын қарастырайын» деген тұжырымға келдім.

Осыған орай, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінің аралығын рухани жағынан қайта жаңғырту мақсатында «Алаш апталығы» деген авторлық жобамды бастадым. Ахмет Байтұрсынұлынша айтқанда «құдай сәтін салып, «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кірістім». Апталықтың  жоспары мен  бағдарламасын дайындап, алыс-жақындағы алаштанушыларға хат-хабар жазып, олармен шығармашылық байланыс орната бастадым. Алайда үлкен ізденіспен сұрастыра жүріп жинаған ақпараттарымның ішінен көңілімді толтыратындай бірде-бір дәйекті дерек кездеспеген еді.

Алаш мемлекетінің астанасы – Алаш қаласының Семейде болғаны баршаңызға мәлім. Соның өзі-ақ Семейліктерге екі есе жауапкершілік жүктемей ме екен?! Енді оны ойласам, аза бойым қаза болады. «Менмін!» деген зерттеуші, өлкетанушы ғалымдардың бәрінің де құлақ етін жеп біттім-ау деймін, қос бірдей абайтанушы, жазушы ағаларым – Төкен Ибрагимов пен Бекен Исабаевтың өздерін де зәрезеп қылған сияқтымын. Бірақ обалы нешік, ол екеуі маған мәңгілік рухани азық болатын құнды дүниелердің көбін айтудай-ақ айтып жүрді. Солардың бірегейі – бір кездері Қайымнан естіген Алаш пьесасы туралы мағлұмат болатын. Олар: «Бұл пьеса бір болса, ҰҚК-де болуы мүмкін» деді. Әрі қарай қанша әурелесем де, осыдан артық, мардымды ештеме ала алмадым.

Сөйтіп жүргенімде, бір күні Мұрат Кенемолдин деген ағамды жолықтырып қалдым. Бұл кісі «Абай» журналының жауапты хатшысы болатын, біздің өңірге белгілі үлкен зерттеуші және кәсіби журналист. Көп ғалымдардың қолына түсе бермейтін мәліметтер де осы ағамыздан табылушы еді. Екеуміздің жұмыс кабинетіміз де бір қабатта болғандықтан жиі ұшырасатынбыз. Менің әңгімелерімнің дені Алашпен басталып, Алашпен аяқталатынынан жақсы хабардар ағамыз ары-бері өткенде маған соғып кетіп отыратын. Мен де ол кісіге ара-тұра барып тұратын едім. Бірде ағам келе қалды: «Айдын бауырым, мына ҰҚК-де  Мұхтизар Титақовтың «Мұрат үшін күрес» деген пьесасы бар. Егер, әкімнің атынан хат жаздырта алсаң, жақсы болар еді, мүмкін беріп қалар» демесі бар ма?  Сол сәтте аузыма сөз де түспей қалып, қуанғанымнан ағамның қолын қатты-қатты қысып жіберіппін, жүзі алабұртып кетті...

Міне, Мұрат ағам осылайша сол бір жұмбақ – Алаш пьесасының атын атап, түрін түстеп берді. Көп-көп рахмет Сізге қадірлі аға (үлкендердің жөнімен жасаған қамқорлықтарын айтып отыруды өзіме парыз санаймын)!

Бұрындары, алаштанушы-ғалымдардың барлығы дерлік Алаш өмірінен тікелей сыр шертетін драматургиялық бір шығарманың болмауы мүмкін емес деп жүруші еді. Өйткені алаштықтардың қалам тартпаған саласы жоқ. Енді, міне, «көктен іздегеніміз жерден табылды» деп, бөркімізді аспанға ата бастадық. Бірақ ол сондай жеңіл-желпі шаруа болмай шықты. Біз түгілі ҰҚК-нің аса құпия мұрағатына арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының да әлі күнге дейін, қолдары жетпей-ақ келеді. Жасыратыны жоқ, алғашқыда мен де: «Бұлардың қасында маған не жорық?» деп ойладым. Бірақ ой-санаңды тұмшалаған істі бір бастап алған соң, оны тастау, одан да қиын екен. Содан, неде болса: «Нар тәуекел» деп Мұхтизарды іздеуді бастағанда, бірден кедергілірге тап болдым: айтып көріп едім, әкім келіспеді, барып көріп едім, ҰҚК оңай шағыла қоятын жаңғақ емес екен. Сол себепті де, бұған 3-4 айдай уақыт жұмсалды. «Шөлі қанбаған адам ақыр соңында құдық қазып тынады» дегендей, әйтеуір дәл сол жолы сәті түсті. Мүмкін Алаш арыстарының рухы қолдаған шығар. Соған әлі күнге таңданамын...

 

***

 

 

Бұл пьеса - ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Семей қаласы басқармасының мұрағатында сақтаулы жатқан  (Басқарма бастығының міндетін атқарушы С. Әшімовтің Семей қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ. Нұрқасымға жолдаған жауап хатында (09.01.2013 жыл) осылай деп жазылған). Аталған мекеме басшылығының ауызша келісімін алғаннан кейін, өзімнің бастығым Қ. Нұрқасыммен ақылдаса отырып, Семей қалалық әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атынан ресми хат дайындадым. Барғаннан соң, ол жердің қатаң тексеруінен өткізді  де ішке кіргізді. Маған бір сағаттай ғана уақыт берілген еді. Желке тұсымнан біреу, маңдай алдымнан біреу бақылап, қарап тұрды. Міне, дәл осы жауапты сәтте әкемнен бала кезімде оқып-үйренген төте жазудың пайдасы молынан тиді. Менің алдымда жатқан сол төте жазумен жазылған Мұхтизар Түлікұлы Титақовтың «Мұрат үшін майдан» атты пьесасының көшірмесі мен «Қылмыстық ісінің» көшірмесіне  көз жүгіртіп өтуге ғана мұршам жетті. «Маған қажетті құжаттар – осылар!» дегеннен кейін барып, көшірмелерін қолыма берді.

 

 

Ондағы «қылмыстық ісінің» сұрақ-жауап анкетасына қарағанда, Мұхтизар Түлікұлы 1904 жылы 22 ақпанда Қарақаралыда туған. НКВД ұстаған уақытта Семей қаласы Хлебная көшесі №18-үйде тұрыпты. Білімі жоғары емес. Новосібір қаласындағы Батыс Сібір халық шаруашылығы институтында оқыпты. Партия қатарында болмаған. Тұтқындаған шамада (25 ақпан 1936 жыл) өзі – 32, әкесі Түлік – 63, анасы Жамал – 58, інісі Ескендір 13 жаста екен. Қаламгер «1917 жылдың ақпанына дейін Қарқаралыда оқыдым, 1932 жылға дейін ара-тұра болмаса әрдайым оқуда болдым» деп көрсетеді. Кесілген статьясы – әйгілі 58/10. «Мұхтизар ісінде» жеке басын куәландыратын құжаты жоқ, (қосымша фотосуреті де жоқ) тек, кәсіподақ мүшесінің билеті ғана тіркеліпті. Бұған ол 1924 жылы 6 мамырда кіріпті. Мамандығы «экономист-плановик» деп жазылған.

Мұхтизар шығармасын «4 перделі, 6 суретті күйлі (музыкалық - А.Р) драма» дейді. Бірақ НКВД архиві оны әрі-бері жұлмалап, өздерінің идеологиясына дәйек болатын жерлерін қырқып-пішіп, тұтас дүниені мақсатты түрде бүлдірген (былтыр аталмыш пьесаның қалған 6 перделі, 6 суретті түпнұсқасы табылды және оның басқа да 3 түрлі нұсқасы бар).

Бірақ қазіргі күні бұл анкета жауабын толықтыра түсетін басқа да деректерге қол жеткіздік. Мәселен, Мұхтизардың Ескендірден басқа Мұхтар есімді бауыры мен Қамар, Айтбану деген қарындастары бар екен (бұл үшеуінің өмірін сақтау үшін, тергеушіден әдейі жасырып қалған сияқты – А.Р.). Және екі бірдей жоғары білімі болған. Атап айтқанда, Ташкент қаласындағы Орталық Азия мемлекеттік университетін (САГУ) заңгер мамандығы бойынша және Новосібір қаласындағы Батыс Сібір халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген.

 

***

 

Жалпы, Мұхтизар әдеби шығармашылықпен студенттік жылдарынан бастап-ақ мақсатты түрде айналысқан. Өзі ақын, жазушы, драматург әрі аудармашы болған. Бірақ оның шығармашылығы туралы  мәліметтер әлі бір ғылыми жүйеге түсірілген жоқ. Дегенмен де, қолда бар аз-кем мағлұматтарға сүйене отырып, оның жеке өмірі мен шығармашылығы жайында қысқаша болса да айта кетейін.

Мұхтизардың үш дәптерге толы өлеңдері табылды. Қалғандары іздестірілу үстінде. Бірақ өлеңдері төте жазумен жазылғандықтан аударманы қажет етеді. Ол өз ғұмырында соңына (әзірше белгілісі) «Сары Арқа» атты көлемді поэмасы мен «Алаш-Орда» деген зерттеу кітабын және грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған жиһанкез» атты поэмасының аудармасын, сонымен қатар, орыс ақыны Иван Крыловтың мысал-өлеңдерінің аудармаларын (соны қазақшалаған – А.Р) жазып қалдырған. Аталған туындыларының бірі - «Сары Арқа» поэмасы Ресейдің Москва қаласындағы Ленин атындағы кітапханасының «сирек кітаптар қорында» сақтаулы жатқан көрінеді. Біздің елден ол жаққа барған бірнеше ғалым сол қолжазбаны (мүмкін көшірмесі) көрген және оқыған.

Бұл жөнінде Мұхтизардың өзін бала кезінде көзімен көрген қазіргі тарих ғылымдарының докторы, профессор Жабайхан Қайкен былайша еске алады: «1953 жыл. Мезгіл – күз, ұмытпасам, қыркүйек айы болса керек. Менің 13-14 жастағы кезім-тұғын. Бірде әкем маған күздік киім әпермекші болып, Аягөздің базарына барғанбыз. Сонда жолыққан өңі жүдеулеу келген бір кісіге әкем «Ассалаумағалейкум!» деп амандасып еді, анау да ілтипатты түрде сәлемдесті. Бірақ неге екенін білмеймін, екеуі көп сөйлескен жоқ. Былай шыға бере: «Әке, жаңағы кісі кім?» – деп, сұрап едім, ол маған қарады да, үндемеді. Енді ғана біліп отырмын ғой, ол кісінің кім болғанын!» деп, іштей  бір демін алды да, – «осыдан 5-6 жыл бұрын Аягөзге барғанымда ондағы жора-жолдастармен бас қостық. Соның бірі - Балтабек Оразбаев деген азамат еді. Кезінде елге танымал дәрігер, үлкен ғалым болған адам. Бір жолы ол әңгіме үстінде: «Жабайхан, сен осындағы Мұхтизар Титақов деген кісіні білуші ме едің?» – деді. Мен: «Иә» – деп, басымды шұлғып ем, - «сен оның ақын болғанынан хабарың бар ма?» – деді бастырмалатып. Мен: «Жоқ, сенен бірінші рет естіп тұрмын» – деп, оған таңырқай қарадым. - «Осы пединститутта Мұратбек Кенжебеков деген оқытушы болды, өзі тарихшы. Екеуіміз жолдаспыз. Міне, сол диссертациясының жұмыстарымен Москвадағы Ленин кітапханасына барған ғой. Мен де сол кезде Москвада жүрген болатынмын. Бірде кітапхананың алдында екеуіміз кездейсоқ ұшырасып қалдық. Содан арқа-жарқа болып әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда Мұратбек: «Әй, Балтабек, сен осы Аягөздегі Мұхтизар Титақов деген кісіні білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Білемін, атақты адвокат болатын!» – деп ем, «Білсең, сол ағаңның «Сары Арқа» атты поэмасын мына кітапханадан алып оқыдым. Тілі керемет екен, өте көркем жазылған. Ондай поэманы бұрын-соңды көрген емеспін. Бірақ «рұқсат жоқ» деп, не суретке түсіруге, не көшіріп алуға бермей қойды» – деген еді қатты налып. Содан олар Семейге қайтып, Аягөзге келгеннен соң да, бұл жақтағылардан сұрастырып көрсе, Мұхтизардың білгір адвокат қана емес, ақын, аудармашы болғаны да мәлім болады. Енді, бауырым, өзің зерттеп жүр екенсің, біраз дүниелерін де тауыпсың. Бұйыртса, сол поэманы да аларсың. Жолың болсын!» деп Жабайхан атам бата-тілегін айтып қалған еді.

Енді, міне, қадірменді ағалар! Өздеріңіз айтып жүрген Москвадағы сол поэма қолыма тиді.

    

САРЫ АРҚА

(поэмадан үзінді)

 

Арқаның алтын таңы шабақталып,

Сарғайып сары белден бұлтты жарып.

Қызарып ұядан күн қияға өрлеп,

Көзіме нұр төгеді тұрған барып.

 

Арқаның жазғы кеші жанарланып,

Жібек жел аңқып иісі самалданып.

«Көрдің бе» – деп қызыл күн көзін салды,

Торғындай түрін төккен жүз құбылып.

 

Арқаның шалқар көлі жатыр көлбеп,

Құс ұшып, қаз қаңқылдап көкте өрлеп.

Қаршыға ытып кеткен қолдан ұшып,

Түсірген үйректерді теуіп, сермеп.

 

Арқаның жазғы көші жайлауға өрлеп,

Салтанат, сәніменен жатыр көлбеп.

Ән шырқап, қыз-бозбала ен далада,

Жортақы жүйрігімен жарыс сермеп...

 

Сондай-ақ кейбір деректер бойынша Мұхтизар 1943 жылы 13 желтоқсанда РСФСР-дің Совнорком төрағасының орынбасары Ковалев жолдаспен және Қазақ ССР-нің Совнорком төрағасы Оңдасыновпен кездесуін өлеңмен жырлаған екен.

 

***

 

Мұхтизардың «Мұрат үшін майдан» пьесасы табылды. Содан әрі қарай бұл баға жетпес құндылықты тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхамедқазы Мұхамедиұлы деген ағама жақсылап аударттым да, Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі алаштанушы Дихан Қамзабекұлына алып бардым. Пьесаны оқи бастағаннан-ақ: «Міне, бауырым, «Алаш пьесасы» деген – осы!» деп, алаштанушы ағам балаша қуанды. Пьесаның біраз жерлерін мұқият оқып шықты да, көшірмелерін өзіне алып қалған еді. Кейіннен, оны жарыққа шығарғанымда алғы сөзін де өзі жазып: «Қазаққа Алаштан не қалып еді? Ойланып қарасақ, бүгінгі амандығымыз, жеріміз бен еліміз, рухымыз бен өрлігіміз – Алаш мұрасы емей немене?! Сонда Алаш  біздің барымыз екен. Енді «затты, нақты айғақты айтыңыз?» деп сұраса да, ауызды құрғақ шөппен сүртпейміз. Шүкір, бар... Аздау болса, әлі көбейеді. Сол «шүкірдің» бірегейі – Мұхтизар Титақовтың «Мұрат үшін майдан» пьесасы» - деген еді.

Сөйтіп, осы пьесаның арқасында Алаштың Қайымнан соңғы тағы бір жампозы Диханмен өмір жолым түйісті.

Жалпақ қазақ жақсы білетін алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлы шын мәнінде біздің заманымыздағы бәсі биік ғалымдардың бірі. Оның азаматтық-адами беделі бүгінгі Қазақстан қоғамында өте жоғары. Қазірде Дихан ағаммен інілік жолымды ұстанып, ізетті аралас-құраластықта жүрмін. Елордаға жолым түскен сайын, сәлем беріп шығамын. Ағам Алаш ғибраттары хақындағы мағлұматтарды молынан толғап, әңгіме төркінін әріден тартып сөйлейді. Мен үлкен парасат иесінің аузынан шыққан әр сөзді зейін қоя тыңдап, ырза көңілден мерейленіп қайтамын. Дені Дихан ағаммен сырласқаннан кейін жазылатын Алаш жайлы көп мақалаларымның бірін «Қазақ әдебиеті» газетіне басуға бердім. Жұмабай  Шаштайұлы (бас редактор) оны кетіп бара жатқан нөмірге салды да жіберді. Соңыра таман газетті алуға барғанымда арқамнан қағып:«Інім, енді Алаштың астанасы – бұл Семейдің қаласы деп ауыз толтырып айтатындай мақала жазып әкелші» – деді. «Жәрайды, аға!» – деп уәде беріп кеттім. Семей мен Алаш - екеуі егіз ұғым ғой!..

 

***

 

Мақалам жарыққа шықты, әдеби орта мен тарихи ортада талқыланып, оң бағасын да алды. Енді, бұл туралы кітап жазбаққа бекіндім. Өйткені пьесадағы оқиғалар Қайым ағамның айтқанымен үйлеседі. Әрине, онда аз-маз олқылықтар бар шығар, бірақ оның негізгі идеясы – Алаш мемлекетінің Алаш қаласындағы тарихи кезеңінің бір қырын (бәлкім, негізгі қыры) суреттеп, деректерді сөйлете алуында жатыр. Сол идея пьеса кейіпкерлерінің сөзінде де тұр. Мәселен, Әлихан Бөкейхан:

«Құрметті ағызалар, бауырлар!

Февраль төңкерісі болды, патша тағынан түсті. Бүкіл Ресейдің қол астындағы халықтарға еркіндік тиді. Бостандық болды. Теңдік алды. Бүгінде, патшаның отаршылдық саясатында езілген елдер теңдікті алуға шабысты. Өз тізгініне өзі ие болып, бөлек автономия құрып, жұрт болуға қамданып, құрылтай сьезінің даярлық ісіне кірісті. Сол езілген елдің бірі – біздің қазақ елі де өз алдына «Алаш» атты партия құрып, «Абылайдың ақ туын» қолына алып, Отан болуға қалып еді. Қазіргі уақытта, жалпы Ресейді бүліншілік басты, астан-кестен дүние болды. Қызыл-қырман соғыстан ер күңіреніп, ел күйзелуге айналды. Қазірде, арқа тірерлік дүние қалған жоқ. Керенский шапанын арқалап, граница асып, ол кетті. Бүкіл Сібір өлкесіне «Әзіреті Ғалидей үкімін жүргіземін» деген Колчактан да мән шықпады. Атағы шыққан, үміт күткен генерал Дутов болса, бордай тозып, әскеріне ие бола алмай, ол барады. Жалғыз үміттенетініміз – Жетісу фронты, Атаман Анненков. Бұрын, «Сары Арқа жеріміз бар, Сары Арқада қалың Қазақ Еліміз бар» деп, теңдікті құрғақ сөзден күтсек, қазірде қару-жарақты, қылышты, мылтықты халқыңмен қаны бір, жан-тәніңнен жаралған Алаштың ардагерлері – Әлібек, Рүстем Әлилер Жетісуда, Атаман Анненковпен тізе қосып, жауына қаҺарын төгіп жүр. Олар соғыстағы жалғыз емес, Алашыңның атында «Абылайдың ақ туын» желбіреткен он полкың бар. Ертеңгі күні қосымша қылып, төрт полкыңды жіберткелі отырсың. Бұлар кімдер? Еліңнің ерлері! Ел намысын қолына алған, ар-намысын сақтау үшін қан майданда қарсы тұрып, бостандықты күшпен алып, іргелі жұртшылықтың іргесін қалаушылар! (ерекше екпінмен) Жасайды жұртың, көркейеді елің, өркендейді Алашың! Жасасын, Алашың, жасасын!» – депті.  

Әр заманның өз шындығы бар дегендей, осы бір үзіндіден-ақ пьесаның тарихи маңызы мен танымдық мәні тасқа таңба басқандай көрініп тұрған жоқ па? Оқиғалар, монологтар... Тіпті, Әлиханның өзін ғана ойлағанда да, оны жалғыз елестете алмайсың, бүкіл Алаш арыстары артқы жағынан тұтасып шығып тұрады. Және бұл жерде үлкен күрес жүріп жатыр, ұлттың тағдыры шешіліп жатыр. Мұхтизар соны сезініп, жеткізуге талпынды. «Теңізді тамшысынан таны» дегендей, бұл пьеса - ұлт руханиятына қосылған аз олжа емес, тәубә дейміз де!

 

***

 

Пьесада тағы бір назар аударарлық жайт бар, ол «Абылайдың ақ туын» желбіреткен он полкың бар. Ертеңгі күні қосымша қылып, төрт полкыңды жіберткелі отырсың» деген сөзді автор Әлиханның аузымен айтқызады. Сонда әр полкте сол кездің межесімен 500 сарбаздан болса, 14 полкте 7000 сарбаз болады. Алайда мұның бәрі бір қарағанда дәлелсіз, құрғақ сөз сияқты естілетіні рас. Әйткенмен де, сол уақыттағы мұрағат құжаттарына сүйеніп көрейік. Пьесада айтылатын әскер саны мен деректерде келтірілген әскер саны сәйкес келе ме? Меніңше, келетін сияқты.

Әлихан Бөкейхан 1919 жылы өзін «Россияның ең жоғарғы билеушісімін» деп жариялаған адмираль Колчакпен келіссөз жүргізген кезде қызыл армиямен соғысып жатқан Алаш әскерінің саны 3 мыңнан асқандығын айтқан. Енді бұған Алашорданың батыс бөлімшесі ұйымдастырған әскери құрамалардағы 2 мыңдай қарулы жауынгерді қосыңыз. Бұл жөнінде А.Ипмағамбетов: «Жанша мен Халел Досмұхамедовтер Самарадан Құрылтай жиналысының комитеті арқылы 600 винтовка мен пулемет алды және жақын уақытта 2000 адамнан тұратын қазақ әскерін ұйымдастыруға уәде етті» деп өз естелігінде жазып қалдырған.

Қаңтар-ақпан айларында Верныйда ұлттық қарулы күш құрылды. Ал Қостанай мен Ырғыз уездерінде екі атты полк құруға атаман Дутов көмек қолын созды. Алашорданың Торғай бөлімшесіне 1918 жылы қыркүйекте 300 берденке, 20 мың патрон және көп мөлшерде киім-кешек бөлінді («Қазақстан тарихы» энциклопедиясы. 4-том. «Атамұра», 2010). Алаш әскерінің Қостанайдағы бөлімшесіне 1919 жылға дейін милләтшілдер қатарынан табылған Бейімбет Майлин де өз еркімен кірген болатын. Бұл туралы оның «Еліме» деген өлеңі «Сарыарқа» газетінде басылған...

Садық Аманжолов Жетісу мен Шәуешек қаласында Алашорда жасақтарын құруға басшылық жасаған («Жетісу» энциклопедиясы. «Арыс», 2004, Алматы).

Күнбатыс Алашорданың да әскері болғанын, оның бастықтарын (прапорщиктерін) даярлайтын школы болғанын С.Сейфуллин 1923 жылғы іссапары барысындағы «Жымпиты уезі – Алашорда ойнағы» атты мақаласында (С.Сейфуллин, 5-том, 1988) әжуалап жазады.

«Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімдерінде әскер жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ офицерлерін шығармаңыз. Алаш Орда бастығы Бөкейханов» («Абай», 1918, 25-қыркүйек, №10).

Тарихи деректерде бұл әскер күшінің күн санап молая түскені байқалады. Осы шамада Алаш әскерінің жалпы саны 1,5 мыңға жеткен. Капитан Х. Тоқтамышевтің Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрінің атына жазған хатында: «Семейде құрамында 750 жауынгер мен 38 офицері бар Алаш полкы құрылды, қазақ милициясының Зайсанда – 200, Павлодарда – 150, Қарқаралыда – 250, Өскеменде 250 адамнан тұратын бөлімдері жасақталды. Бірақ оларға қажетті қару-жарақ пен киім-кешек жоқ, ақша тапшылығы да орын алып отыр» деп хабарлайды (К. Нұрпейісов, «Алаш һәм Алашорда», Алматы, 1995).

Бұл Алаш полктерінің жасақталуына, сарбаздардың әскери тәртіпке бой үйретуіне жауапты болған артиллерия капитаны Хамит Тоқтамышев кім еді? Ол туралы Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазылған. Ол – Омбының қазағы (ноғай деп те айтылады). Капитан шенін патша заманында алған екен. «Свободная речь» басылымы оның шенін «подполковник» деп көрсетеді. Әйелі орыс, одан туған бір қызы болған. Айтыскер ақын, зерттеуші Қалихан Алтынбаевтың «Қалбатау» (Алматы, «Мерей», 1997, 148-156-беттер) кітабында келтірген деректері бойынша, Хамит Тоқтамышевтің сүйегі қазіргі ШҚО Көкпекті ауылының маңындағы «Қара кезең» деген жерге жерленген. Мұхтизардың пьесасында дәл осы Хамит Тоқтамышевтың Алаш полкін Жетісу фронтына аттандырар кезде сөйлеген сөзі бар:

«Бауырларым, қаны бірге Алашым, халқым менің, арыстандарым менің, өскелең ұрпағым менің!

Бүгін міне, өз еліммен, өз жеріммен және сендердің мейірімді ата-аналарыңмен қоштасып тұрмын. Үлкен-кіші бауырларым, сендер бостандық алу үшін қан майданға аттанып бара жатырсыңдар (тамағын кенеп, жан жағына ойқастай қарайды). Сендер, Алаштың сенімді ұландарысыңдар, менің арыстандарым. Сендердің күш-қайраттарың тасып, ерік-жігерлерің жанып тұр (көтеріңкі дауыспен). Сендердің міндеттерің айқын, Сары Арқаның даласы үшін, Сары Арқаның халқы үшін, теңдік үшін күреске шықтыңдар, батырларым. Біз ұлы қазақ халқы үшін, Алаш үшін, қанішер балшабайлармен (большевиктер – А.Р.) соңғы деміміз қалғанша соғысамыз. Егер осы жолда қаза болсақ, шейітпіз. Егер, жеңсек жасасын халқымыз, жасасын Алаш! Сендердің ата-аналарың мен сүйікті жарларыңды біз сендердің ағаларың өз қамқорлығымызға аламыз! Сөзімнің соңында айтарым, күрессіз жеңіс жоқ, қан төгіссіз бостандық жоқ!

Сендер, бабаларымыз Абылай мен Кенесарыны естеріңе түсіріңдер. Олар өз халқы үшін, айқасқа шыққан батырлар. Сендерге, нағыз ер жүрек батырларымызға, Алаш жолында аталарың «Абылайдың ақ туын» көтеруді сеніп тапсырамыз!

Егер жауды жеңсеңдер, халқымыздың гүлденген өмірін көресіңдер, егер жеңілсеңдер, сендердің жандарың құдай алдында таза. Біз сендерге ақ жол тілейміз, жасасын, біздің батырларымыз. Жасасын, туған халқымыз. Жасасын, туған жеріміз. Жасасын, Алаш, жасасын!» - дейді.

 

***

 

Мұхтизардың әкесі - Түлік Төребайұлы Титақов Алаштық кезеңдегі қазақ зиялыларының аға буын санатындағы көрнекті өкілдерінің бірі еді. Ақын, жазушы, драматург әрі аудармашы. Өткен ғасырдың басында Семейдегі әскери-губернатордың тілмашы болған (бірнеше шығыс тілдері мен орыс тілін жақсы білген- А.Р). Ал Алаш тұсында Әлихан Бөкейханның хатшысы міндетін атқарған. Сол кездегі бүкіл оқиғаларға куәгер болып, олардың бел  ортасында жүрген. Түліктің Әлиханға жазған өлеңдері бар. Және   тарихи тақырыптарға арналған пьесалары да шықты. Солардың бірі – 5-бөлімнен тұратын «Тілеуғабыл Әм Дәриға» пьесасы (1880 жылы араб қарпіндегі төте жазу үлгісімен жазылған).

Бұдан басқа да Түлік Титақовтың артында мол мұра қалды. Бірнеше күнделігі табылды. 1930 жылдары Түлік атамыздың кейбір шығармаларын Мұхтар Әуезовке бергені туралы да мәліметтер бар. Олардың жартысы – қадымша, жартысы – жәдидше жазылған. Қазіргі таңда бұл жәдігерлерді аудару жұмыстары жүргізілуде.

Түлік қартайып, біраз жасқа келіп, 1940 жылы Семейде өмірден озған.

 

 

 

***

 

 

Мұхтизар 14 жасында әкесіне еріп салтанатты кешті де, парадты да өз көзімен көрген, Алаш арыстарының рухты сөздерін де өз құлағымен естіген. Әйтеуір, бұл күн – оның өміріндегі аса елеулі күн болған.   Пьеса жазу идеясы да сол шақтың ғажайып әсерінен туындаған сыңайлы. Сол үшін де біз оның бұл еңбегіне үлкен ізетпен зор алғыс айтамыз!  

Қазақ драматургиясы тарихында киіз үйде қойылған «Еңілік-Кебектен» (М.Әуезов) ұлт театры сахнасы шымылдығын ашқан «Алтын сақинаға» (Қ.Кемеңгерұлы) дейінгі драмалар ел тұрмысының кейде күрделі, кейде көлеңкелі жағын халық арманымен сабақтастыра суреттесе, «Мұрат үшін майдан» – отандық драматургиядағы тың серпіліс, идеологиялық темірқазық еді. Яғни, пьесаның табылуы да, арғы тарихындағы жазылуы да Алаштанушылар үшін өте тосын жаңалық болды.

Ұлт рухын оятқан ұлы оқиға 1918 жылы Семейдегі Алаш автономиясының өмірінен алынып жазылған (жазылған уақыты – 1935-1936 ж.ж.). Қиын кез. Әлихан Бөкейхан Мәскеуде үйқамақта отырған, біраз зиялылар атылып, қалғандары Сібірге және өзге де қиырларға жер аударылған кез...

Десек те, бұл тек әдеби-көркем шығарма ғана емес, сонымен қатар тарихи дерек деп те қабылданады. Себебі, ондағы саяси оқиғалардың желісі шындыққа жақын және кейіпкерлердің барлығы дерлік өмірде болған адамдар: Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Халел (Ғаббасұлы), Шаһкәрім, Мағжан, Әлімхан, Ике, Жақып, Хамит (Тоқтамышев), Сұлтанмахмұт, Мұсатай бай, Мұхтар және т.б.

Пьесаға Алаш мемлекетінің бір жылдығына арналған салтанатты кеш пен Алаш полкын Жетісу фронтына аттандыру құрметіне орай өткізілген парад, және Алаш қайраткерлерінің рухты сөздері мен ойлары, үндеулері мен ұсыныстары арқау болған. Сонымен қатар, қазақ пен орыс әскерилерінің одақтастығы да суреттелген.

1918 жыл. Семейде ақтардың күйрей жеңіліп, қызылдардың күшейе бастаған кезінде атыс-шабыс пен қуғын-сүргінге тап болған Алаштың қасіреті тым қалың еді.  Ұлт тағдыры таразыға түсті. Мұхтизар сол бір ауыр кезеңнің оқиғаларын бейнелейтін тарихи сәттерді есіне сақтап, пьеса тілімен бүгінгі күнге жеткізді.

Өкінішке қарай, Мұхтизардың өз кіндігінен тараған ұрпақ жоқ. Есіл ер 53 жасқа дейін 10-11 рет отбасын құрса да, бір қайтқан бағын қайта қайтара алмаған сыңайлы. Бұл жайлы Мұхтизардың бауыры Мұхтардың қызы Роза апа былай дейді: «Баланың қай жылағаны есіңде қалады демекші, қайсыбірі есімде қалды дейсің... Мұхтизар өмірінің соңғы 10 жылында бізбен бірге тұрды. Кеңестік большевиктер оны ұнатпады. Себебі белгілі. Әкесі Алаш-Орда басшысының хатшысы, ал өзі алашшыл деп, оның өмірінің астан-кестеңін шығарды. Үнемі аңду мен қуғын-сүргіннен қашып, бой тасалап, Ташкент, Новосібір, Алматы сияқты, біресе ана қалаға, біресе мына қалаға тіпті, Якутия жаққа да еріксіз кетуге мәжбүр болып отырды. Анасы Жамал: «...қайда жүр екен, қарағым?» деп, қайғыдан қан жұтып жүріп, өмірден өтті. «Бұл – ұлтшыл, алашшыл!» деген сылтаумен соңына шырақ алып түскен НКВД-ның кесірінен, оның ел қатарлы отбасы бақытын көруге де мұршасы болмады. Үйленген, бірақ қайта-қайта  тұтқындалып, соттала бергеннен соң, берекесіздіктен әбден мезі болған әйелі ақыры кетіп тынған. Тағы да үйленген, тағы сол сценарий қайталанған. Ағамызбен отасқан әйелдердің ішінде атақты әнші апамыз Күләш Байсейітова да болды» - дегенде, апамыздың дауысынан ет бауырыңды езілтіп, елжіретіп жіберетіндей ауыр күрсініс үнін естідім...

Осы апаларды көрсем, өзімнің апам жарықтық есіме түседі. Дүниеде апа мен сәбидің аңқыған иісінен тәтті не бар екен, шіркін?..

1953 жылы Сталин өлгеннен кейін, ұлттық интеллигенцияға қарсы мақсатты түрде жүргізіліп келген «жылан жорығы» сәл де болса саябырси бастады. Бірақ мүлдем тоқтатылмады да. Алайда бұл кезде «халық жаулары» саналған ақылмандарымыз түгелге жуық атылған болатын, сотталғандарының дені еңбекке жарамсыз еді. Ал сау шыққандарының бойын әлдеқашан үрей билеп  алғандықтан, олардың көпшілігінің өмірі трагедиямен аяқталды. Мұхтизар да сондай тайғақ кешулі тағдыр тауқыметін басынан өткерген құрбандардың бірі еді!

Ол кісі 1957 жылы қайтыс болды. Сүйегі Семей облысының (қазіргі ШҚО) Аягөз қаласындағы мұсылмандар қорымына жерленді (бірақ қалай өлгені белгісіз).

Енді арысымыздың басына ескерткіш-белгі қойып, ұрпақтары білген дұғасын қайырып, тәу етіп жүретін киелі орынға айналдырсақ, атамыздың әруағы да риза болар еді...

Негізінен, мұндай айтулы тұлғаларды халыққа таныту үшін мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама қабылданып, насихатталуы тиіс.

Әйтсе де «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, ол күн де келер! Сол кезде, соңына ХХ ғасырдың 1937-38 - жылдардағы ойранынан аман өткен  Алаш пьесасы - «Мұрат үшін майданды» жазып қалдырған Мұхтизар Түлікұлы Титақовтың еңбектерін жылап отырып оқып, тәптіштеп айтатын боламыз!

 

Солдан оңға қарай: Мұхтизар, Мұхтар, Түлік, Мұхтардың әйелі – Нурин, Түліктің бәйбішесі – Жамал, Ескендір.

1932 ж.

 (Фотосуреттер Титақовтардың  отбасылық мұрағатынан алынды)

 

 

ЭПИЛОГ

 

Осылайша «Алаш апталығына» арналған Семейдегі мерекелік шаралардың қазаны қайнап, жоспар бойынша өткізілетін жұмыстардың барлығы да атқарылды. Бір кездері Қайым ағам армандап кеткен Алаш драматуриясының алғашқы қарлығашы - «Мұрат үшін майдан» пьесасы Семейден табылды. Енді «құдайдан кейінгі күшті нәрсе - ғылым, ғылымнан кейінгі күшті нәрсе – дәстүр» деп, Әлихан Бөкейхан айтпақшы,  «Алаш апталығы» атты жалпыұлттық дәстүр бастасақ, сонда бұл үрдіс - Алаш қайраткерлерінің саяси, тарихи, мәдени мұрасын рухани жаңғыртуға зор септігін тигізер еді!..

Ал келесі жылы қанша тыраштансам да, Алаштың 96 жылдығын Семейде өткізудің реті келмеді. Сол кездегі әкіммен бір ауыз сөзге бола шәлкем-шалыс келіп қалған алашшыл Құсмілия Нұрқасым жұмыстан кеткен болатын. Оның орнына келген адам Алаштан ада жан еді. Бір әредікте кабинетіне шақырып алды. Кірсем, өңі қап-қара болып, түтігіп, көзі ежірейіп отыр екен. Мені көрген бетте мұрнының астынан міңгірлеп сөйлейтін әдетімен жантайған жағын жымқырып алды да: «Сен осы кешке дейін Алашты неге айта бересің, ә?» деп маған одырая қарады. Әрине, намысқа тиетін қорқау сөз. Қатты шамырқандым. Алайда бірдеме десем, анау өршеленіп кеткелі әзір тұр. Әйтеуір, абырой болғанда: «Қабаған иттің бәрін жаман ит деуге келмейді, өйткені адам қабудың өзі иттің табиғаты ғой» деген Қайымның ескертпе сөзі ойыма сап ете түсті. Содан ашуымды күшпен әрең тежеп, жөн ғана жымидым да ақырын шығып кеттім. Бірақ бұл – менен құтылудың қамымен айтылған сөз екенін сездім. Топшылау-түйсігім алдамапты. Қайран Құсеке, қызметтен неге ғана ерте кетіп қалдың, енді мынау Семейдің мәдениетін жардың шетіне сүйреп әкелді...

Қош, сонымен Астана қайдасың деп Елордаға тартып кеттім?! Ондағы алаштанушы ағаларымның ықпалымен алғашқыда «Көлік және коммуникация» колледжінде, «КТК Taims» газетінде жұмыс істеп, «Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратынан бірақ шықтым.

Сонда жүріп Алаштың 97 жылдығына орай, «Алаш апталығы» жобасын екінші мәрте ұйымдастырғанымда партияның идеология департаментінің директоры едім, қолымда біраз мүмкіндіктер болды. Соны пайдаланып, «Мұрат үшін майдан» пьесасының екінші тынысын ашу үшін, драматург Өтен Ахмет пен «Ақ жол» партиясы арасында шығармашылық келісімшарт жасасуға қол жеткіздім.

 

Оставить комментарий:
Captcha