Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серік САҒЫНТАЙ. ГИТЛЕРЮГЕНД (гротеск-әңгіме)...

21.08.2015 2822

Серік САҒЫНТАЙ. ГИТЛЕРЮГЕНД (гротеск-әңгіме)

Серік САҒЫНТАЙ. ГИТЛЕРЮГЕНД  (гротеск-әңгіме) - adebiportal.kz


«О, с какой тоской

Птица из клетки глядит

На полет мотылька!»


Кобаяси Исса.



«...Я приказываю вам:

«Сожгите меня!»


Бертольт БРЕХТ.



...Үзік-үзік елестер ғана келеді көз алдына.


* * *



000.jpg

Кеш бата алау жаққан. Тоғайдан тал бұтап әкеп, қауқитып үйіп қойысты. «Бүгін 1940-жылдардағыдай өмір сүреміз» дескен достары. Бәрібір емес пе?! Қырқыншы жылдары не болғанын кім біледі? Соғыс жылдары ғой. Кім, не үшін, кіммен не үшін соғысқанын да білмейді бұл. Ештеңе есінде қалмапты. Баяғыда қазақ пен қалмақ соғысыпты, одан әріде парсылармен соғысқан. Сол соғысқандардың, бірақ қазақ, қазақ емес екені белгісіз... Ал, мыналар неміспен соғыстық дейді. Айдаладағы неміспен не үшін соғысқан, ей?! Сірә, сол соғыстан жеңілген сияқтымыз ғой. Әйтпесе, бавар сырасы мен «Мерседес», «BMW» машиналары қайдан келген бізге?!.


Маңайына мәңгіре көз тастады. Дала тымық. Дымқыл отыннан ұшқан түтін арасынан үшқаттың шоққа айналып қызарған жемісі де көкке көтеріліп, жарқырауық қоңыз сынды шалынады көзге. Түтін көзді ашыта ма деп қорғалақтаған. Көзі онсыз да кілгірттеніп қалыпты. Сол кезде ғана кешкісін бірер сағат ұйықтағаны есіне түсті. Енді түнімен көз іле алмасы анық. Бірақ, кім білген?! Езуіне жымысқы жымиыс ұялады. «Қазір, әлгіден екі жұтым тартсам, ұйқыға шомбақ түгіл, аспанға ұшып кетермін».


* * *


...Арманның арғы түбі неміс еді. Кәдімгі неміс. Соғыс қарсаңында Калининград түбінен бері қотарылған қалың тұтқынмен Арқаға келіпті бір атасы. Сталиннің салған лаңы ғой. Бұл жақтағы ұйысқан ұлыспен мидай араласып кеткен соң, айналасы сексен жылда құжатына қазақ деп жазылып та қалған. Олай болмасына лаж да жоқ тәрізді. Атасының әжесі сол қырқыншы жылдары неміске шыққан. Одан тараған ұрпақтың бәрі дерлік көзі тұз-жасыл зүмірет болғанымен, өңі де, тілі де қазақтыкі. Ал, тоқсаныншы жылдардағы алағайлы аласапыранда аудандағы паспорт үстелі адамның сойы, ұлты түгіл, жасын да ақы иесінің қолайына келтіріп жазып беретін. Сонау алпысыншы жылдары-ақ бұлардың әулетінен шыққан ұл-қызды «неміс», «фриц» деп кемсіту ұмыт болды. Атасы сөзге ділмәр еді, анау-мынау қазақты отырғызып кететін мақалдағанда. Бұған да жұққан сол қасиет. Сол қасиеті арқылы мектепте үздік оқыды: мұғалімнің өз сөзін өзіне тура қайталап беріп, талай бестік қондырған күнделігіне. Кейін жадының бір тылсымы ашылды ма – бір оқыған кітабын үтір-нүктесіне дейін ұмытпайтын, бір көрген адамын қанша уақыт өтсе де дәл танитын боп алды. Оған сөзге шешендігін қосыңыз. Мектепте оқушының алды болды, университетте студсовет бастығы атанды. Сөйтіп жүргенде, «КВН» деген ермек пайда болсын. Мұның қабілеті сонда арқырай ашылған. Ауызекі сөзде дес бермейтін атасының аруағы арқасын қысып, сахнаға шыққанда түйдек-түйдегімен тастаушы еді жеңілауыз қағытпаны.


...Үзік-үзік елестер ғана қалыпты сол дәуреннен.


* * *


Отто үшін 1933 жыл өте ауыр болды. Қаңтар басында анасы ана дүниеге аттанды. Мінезі томырықтау әкесі жарының қайғысын көтере алмай соңынан жөнеп берген. Он екі жасқа енді толған еді бұл. Өзімен тете қарындасы екеуі ғана қалды әулетте. Потсдамда тұратын немере ағасын іздеп барғысы келіп еді көктем шыға. Бірақ, мына иесіз үйді кімге қалдырмақ?! Өзі де, қарындасы да ауладан ұзап көрген емес. Бір күні сол ағасы өзі-ақ келсін бұларға. Отто қуанып қалды. Бұларға қарайласып отырған көрші фрау да қуанып қалды. Ал, ағасы...


Ағасы келе жаңа тәртіп орнатқан. Үйелмелі-сүйелмелі қос жетім еңірей қарсы алған көкесі қатал боп шықты. Түс ауа қорым жаққа барып, әке-шешесінің басына гүл қойып келген. Ағасы бұлар батып кіре алмай жүрген әке-шешесінің жатынжайына бастады екеуін. Қарындасы тартыншақтағанына болмады. Екеуін есік тұсындағы орындыққа отырғызған бетте, етігін шешпестен құстөсектің бас жағындағы кітап сөресіне қадам туралады ол. Атасының атасынан қалған қызыл емен сөреде бұлар бетін ашып көрмеген қалың-қалың томдар тізіліп тұр еді. Гегель, Маркс, Карл Каутский, Зигмунд Фрейд, Ремарк, Генрих Манн... Біртіндеп алып, авторлар есімін дауыстап оқып, жерге гүрс-гүрс лақтырып жатыр. Кірпіш томдар еденге гүрс етіп құлаған сайын қарындасы селк-селк етіп, дірдек қаға бұған тығыла түсті. Мұның жүрегі атқақтай соғып, кеудесін жарарман. Көзінен бір тамшы жас шықпады. Кітаптар үйіліп қапты.


- Сен екеуіңнің шаштарың қара болғаны менің басыма бәле боп жабыспаса етті! - деді ағасы.


Бұлар түк ұқпаған.


- Мына кітаптың бәрін Опернплацқа өзің апарасың!..


Бұлар тағы ештеңе түсінбеген.


- Ай, сорлы балақандар-ай! - деді кіжініп...


Бір аптадан кейін бұл ағасымен бірге Берлинде Опера театры алаңында тұрды. Қырық мыңға жуық өзі құралпы бозөкпе гу-гу етеді. Желкілдеген ту, жарқылдаған эполеттер. Дарылдап мотоциклеттер өтеді топ арасынан. Жүзшақты бала балық тұздайтын бөшкедей барабанды мойнына асып алып, жуан таяқтармен құлаштай соққылап дүңгірлетіп, айналаны сесті дүбірге толтырып жіберген. Кенет әлдеқайдан ұран тасталды. Тас табаны дүріл-гүрілмен дірілдеп кеткен үлкен алаңның ортасы айқара ашылып, бума-бума кітаптар тұс-тұстан лақтырыла бастады. Әп-сәтте кішігірім төбешік пайда болды. Әлдеқайдан қатқыл үнмен әлдекім айғайлайды: «Тап күресі мен материализмге мәңгі қарсымыз! Халықшылдық пен идеализм жасасын! Маркс пен Каутскийдің шимай-шатпақтары отқа орансын!!!» Гуілдеген тобыр қосыла жамырайды. Барабан үні ауыр зілді ырғаққа түсіп, мұның кеудесін керіп барады. Бір дүлей әкесінің шаң басқан том-том кітаптарын қос қолымен ұстап, мұның төсіне құлаштай ұрып, шеге қағып жатқандай алапат. Саңқ-саңқ еткен қатқыл ұран және қайталана берді. «Адам жанының мейірбандығы артсын! Азғын нәпсі жанымыздан аулақ кетсін! Фрейдтің шатпақтарын өртеймін мен!!!» дейді дауысзорайтқыштан тақ-тақ еткен қатал үн. Сәт сайын зорая қайталанып тұрған үрейлі озанды күңірене қайталаған мыңдаған бозөкпенің ортасынан кенет ересектеу бірнеше бозбала суырылып шығып, қолдарындағы шырақпен ортада үйілген кітаптардың тұс-тұсынан от қойды! Қаншама сөрелерде жылдар бойы қаланып тұрған, әредік қолдан-қолға өтіп, жасырын оқылған кірпіш кітаптар лап етіп тұтанып, алып алау пайда болды. Кірпіш кітаптардан ажырап жыртылған жеке парақтар жалынның аспан жалаған тіліне ілесіп, қалбаң қаға ұшып көкке көтерілген. Барабан гүрсілдері арасынан неміс автоматының үніндей тақылдай қайталанып тұрған сесті ұран ауа тіліп, алаңнан аспанға атылып жатты. Елірген нөпір алауды айнала лықсып, қалың кітаптарды отқа лақтыра берді, лақтыра берді. Әлдеқайдан шалқыған шадыман бір музыка үйіріліп тұр.


Оттоның көз алды бұлдыр тартып, жанарынан сорғалаған жасты сүртуге шамасы келер емес. Осында аттанарда ағасы өртеп кеткен аталарынан қалған қарашаңырағы көз алдына келген. «Елді аштық жайлап келеді. Веймар республикасы тақырға отырғызды бүкіл елді. Үй түгіл, адамның өз басы қайғы. Әкелерің де сол жындысүрей республикашыларға елтіп өмір сүрген. Бұл үйді енді ұмытыңдар! Жаңа өмір бастау керек!» деген ағасы. Мына озандаған отыз мың оғланның арасынан қоштасарда шырылдай жылаған қарындасының үні оза шығып, миына шаншылды. «Жаным, Мария!» деді солқылдап.


...Үзік-үзік елестер көше берген көз алды бұлдырап.


* * *


Жертөленің есігі ашылғанда-ақ спирттің иісі қолқа қауып кетті. Ауамен аймаласқан аждаһа демді ақсайтан мұнда қайдан келген?! Бұл үйде, үй тұрмақ бұл аулада арақ ішетін ешкім жоқ еді ғой?! Арман аң-таң. Таңырқамай қайтсін – немере ағасының осы жертөле кілтін сұрап алғанына жылдан асқан. Кешқұрым көлігінің аккумуляторын кіргізіп, отқа қойып жүретін. Өзі ішімдік атаулыға мүлде әуес емес. Бәлкім, ағасы ескі көлігінің оны-мұнысын шайып жүрген болар спиртпен?!.


Алакөлеңке жертөлеге сәлден соң көзі үйренген. Оң жақ бұрышта – бұрнағы жылдары өздері үйден шығарып тастаған көнетоз кереуетте ағасы жатыр екен. Мұны көрсе де қозғала қоймады. Иегін қағып қап, ишарамен «төрлет» дегенді білдірген. Кереуеттің аяқ жағында темір тумба, тумба үстінде бес литрлік судың құтысы тұр. Мойнынан кесілген пластмасса ыдысқа әлдебір күмәнді сұйық құйылған екен. «Спірт шығар?» деп топшылады Арман. Ағасына тақалып келгенде аңдады: кереуеттің асты толған медициналық спирттің босаған шишалары. Атасының шақшасындай ғана шағын 0,3 грамдық қоңырқай құтылар үйіліп жатыр. «Ағам арақ ішпеуші еді ғой?! Ішсе де спірт ішпейтін шығар?! Дүкенде ішімдік атаулының неше атасы тізіліп тұр ғой. Мұнысы несі?!» деп ойлады. Сұраулы жүзбен кереуетте бүрісіңкіреп жатқан немере ағасына қарады. Анау мағынасыз ыржияды.


Кенет былтыр тағы осы ағасының мұны дәріханаға жұмсап, сегіз құты спирт алдырғаны есіне түсті...


* * *


Көктемнің сол мазасыз күндерінен кейін Отто кітап көрсе лоқситын өзгеше бір дертке шалдықты. Марқұм әкесі өзі оқыған қалың кітаптардың қысқаша мазмұнын сүйсіне әңгімелеп отырар еді кешкі аста. Бұл жете ұқпаса да, желісіне ынтығып, ой-қиялымен ғалам шарлап кететін. Енді соның бәрі әулекі қосүрей түстей. Сансыраған санасына маза берер емес. Отыз үшінші жылдың күрсініске толы көктемінен кейін қаншама аутодафе өткерісті. Қаншама кітапты өртеді. Міне, биыл, жасы он сегізге толып тұр. Әне-міне дегенше, алты жыл жылысқан.


Естуінше, қарындасы Марияны немере ағасы «Юнгмедель» құрамына тапсырған. Қазір «Неміс қыздары ұйымында» болса керек. «Қайда жүрсең де аман бол, Мария!» деді Отто күбірлеп. Бүгін өзі «поляк дәлізі» арқылы Шығыс Пруссияға өтетін топпен жолға шықпақ...



* * *


Ағасы темір тумбаның ішіндегі кішкене электр плитаны шығарып қойған. Іргеден созыла шұбалған желіге жалғанған тоқ пеш әп сәтте қыза бастады. Көнетоз күпәйкесінің жан қалтасынан жұдырықтай түйіншек алып шығып, ораған целлофан қағазын жыртып, ішіндегісін аппақ дәкеге төкті. Кеуіп ұп-ұсақ боп үгітілген қарасора. Онысын дәкеге орап, темір тегешке құйылған спиртке малшылай бастады... Содан шай қайнатым уақыт бойы түрлі қоспалармен әбден ылыққан спирт өткір иісті бозғылт бу атып, ақыры тотияйыннан азып, қою мұнайға айналып кетті. Тегеш түбін айналдыра зер сап қарап отырған ағасы қалтасынан тағы әлдене алып шығып, әлгі «мұнайға» себе бастады. Тумбадан қалайы қасық алып шығып, тағы да сапырылыстырып кетті. «Бұл – химка!» - деді Арманға мүләйімси қарап. «Боқмұрын балалар наша шеккенге мәз боп жүр. Мұны көрсе талып қалатын шығар?! Көресің бе?» Бұл зәресі ұшып, орнынан қозғалақтап шегіншектеп кеткенін аңдамай қалды...


Сол кеште жертөледен қалай шыққаны есінде жоқ. Ағасының қиыла үгіттеуімен бес литрлік ыдысқа тоғытылған коланың құтысы ішіне оймақтай темір қақпақта жанып-бықсып толған «химкадан» өкпесін күйдіре бір рет қана тартқан. Жөтелден қиқынып, өліп қала жаздады. Қарашығына ине қадалғандай болды сол сәт. Көз алдына теңбіл-теңбіл от елестеп, жұлдыз жанды ма-ау, миы шаншып, желкесі тартты ма-ау?!


Үзік-үзік елестер көше берген көлбеңдеп...



* * *


«Отто фон Х... Таза арийлік. Мінезі – нордтық. Батыл. Жолдастарымен қарым-қатынаста салмақты. Ұстамды...»

Алақанға сыярлықтай шағын ғана құжаттың салмағы мұнша ауыр болар ма еді?!

Анасы...

Әкесі...

Атасынан қалған қара шаңырақ...

Жалғыз, тете қарындасы Мария...

Өксікке толы балалық...

Айғай-ұран...

Темірдей тәртіп...

Шеменді жүректен шер кетпеген түнек заман...

Бір бетін де ашып оқи алмаған, құпия сырына қана алмаған кірпіш кітаптар-ай!..


Марқұм әкесінің көзі оттай жанушы еді әңгімелегенде, асыл анасы да әредік қоштап қойып, мұның қоңырқай шашынан иіскеп, еркелететін. Оттоға сонша қымбатқа түскен бұл құжат. «Мария қайда жүр екен?!» деп ойлады қамыға. Жүрегі тас боп қатып кетсе де, қарындасын ойлағанда жанарының жағасын толқын керіп кетеді...


Кёнигсбергте мұны алапат соғыстың алғашқы жалыны күтіп тұр еді. Фюрерге деген сенімі жазықсыз қаланың жаутаңкөз тұрғындарының жасымен-ақ шайылып кеткен. Ақыры, міне, алақандай құжатын отқа лақтырды. «Кітап өртегеннен жақсы ғой» деді қаланың шығыс бетінде таңды бозара күтіп отырып.


Үзік-үзік елестер отқа оранған құжатымен қоса көз алдынан, санасынан өше берген...



* * *


«Жастар нашақорлыққа қарсы!»

«Алға!»

«Жаса!»

Дауысзорайтқыштан құмыға шыққан үн саябақтың тал-бұтасын тербеген желмен қала көшелерін аралап-ақ кетті. Сол сәт 500 мегаваттық қос колонкадан дүбірлі ырғақпен ән төгілді. Ән болғанда да мұхит асып келген рэп-тақпақ. Топты жас әлгі тақпаққа елтіп, ырғақ қуалай қол соғып қояды. Ортадан алаңқай ашып, алқа-қотан қоралап тұрып алған. Ашық алаңқайға шаршы крагис төселіпті. Басына тоқыма кепе жапсырған, бұтына кеңбалақ шорты киген, иініне ілген кең майкасы ышқырланбаған бір тапал бозбала кенет ортаға ырғи шығып, әлгі крагиске төбесімен шаншыла қалды. Шаншыла қап, рэп-тақпақтың Калашниковтың автоматынша тақылдаған тақыс жорғасына ілесе құйын-перен үйірілсін. Аяғы көктен кеп жатса да, тебініп-тебініп қояды. Арман ғой бұл. Қимылы шалт. Тар көшеде қараңғыда жалп-жалп ұшқан жарқанаттан да жылпың-ау. Бақайшағына дейін қимылдап, біресе жерге етпеттей жатып, құрбақаша секіреді тарбаңдап. Біресе су бетімен жүгірген періше аяғын әуеге іліндіріп, төбесімен жер түйгіштейді.


...Үзік-үзік рэп-тақпақ кеш бата жағылған алау басында да қою түтінмен түнге ұмтылып тынған.



* * *


Отто мен Мария 1941 жылдың күзінде Кёнигсбергтен КСРО-ның ішкі аймағына жөнелтілген қалың топтың арасында бір-ақ сәт жолығысып қалды. Ғұмырға бергісіз жалқы мезет-ті. Мария бойжетіпті. Үстінде шатырдай аппақ кофта, тірсегіне түсіре қаракөк юбка киген. Бұйралау қоңыр шашын қос бұрым ғып өріп алыпты. Мұны көріп, жанары жарқ ете қалды. Отто да қасына жетіп барған. «Мария! Жаным, аманбысың?» «Ағатайым!» - деді елжіреп қарындасы, «сен аман жүрші, жарығым!» Екеуінің де жанарынан жас үзілген. Кездесу де, қоштасу да бір әулеттен өрген қос мұңлықтың балалық бақытындай тым келте болды.


Марияның одан кейінгі тағдыры беймәлім...


Отто болса, қазақ даласына келіп табан тіреп, қалың елмен мидай араласып кетті. Қартайған шағында сонау батыстағы атамекенінен қалған үзік-үзік елестей естеліктер мен ғұмырлық сағынышының құрметіне бір немересінің есімін Мәриям деп атады...



* * *


«Тозақ отынан құтылам десең, Аллаға серік қоспау керек!» деді жүнсақал молда. «Қазақтың барлық ырым-жырымын, даурықпа дәстүрін ұмыту керек! Тарих деген жалған. Ата-бабаң ақылсыз болды екен деп, сен де ақымақ болуға қақың жоқ! Бейіт басына барып тәу етуді, жансыз тасқа табынуды мүлде қою керек! Мен өлгенде басыма «К-700» трактордың дөй доңғалағын қойсаңдар да жетеді!»


Жүнсақал уағызын өзіне риза рәуіште қарқылдай күліп тиянақтаған. Шолтима балақ кенеп шалбар киген бір топ шәкірт мүләйім жүзбен бас изесіп тұр. Орталарында әлгі Арман да бар. Бірер жыл брейк-данспен әуреленген, бірер жыл «КВН» қуып, сахна тоздырған.


Жанына дауа таппады ешбірінен.


Ақыры қатарластарымен Сириядағы алғы шебі белгісіз соғысқа аттанбақ болған. Дәл сол күні... Сол күні қапылыста немере ағасын іздеп, жертөлеге түспегенде, кім біледі, жиһадшылармен бірге қалың кәуірге қарсы майданға аттанып кетер ме еді?! Ендігі тірлігі – осы. Өкпесін ашыта ащы түтін толтырып ап, түтін сейіле жететін есуас кәйіпке елтіп кеткен.


Сол жылы көктемде немере ағасы жертөледе өртеніп қайтыс болған. Өзі ғана кетпей, бұлардың қарашаңырағын да отқа орап еді. Бұлардың әулеті еріксіз ауылға көшуге мәжбүр болды. Ал, ауылда... Ауылда ертелі-кеш көшенің май топырағын таптағаннан басқа тірлік жоқ еді.


«Тағы бір күн ұясына батып барады. Түнгі күнәлардан алдын ала қысылады-ау деймін мына Күн – қызарып барады» деді күбірлеп. Көзі кілгірттеніп кетіпті. Езуіне жымысқы жымиыс ұялаған. «Бүгін соғыс жылдарындағыдай өмір сүреміз!» деді досы дарылдай күліп...



* * *


Ауылдағы жалғыз трактор жатаған қырдың етегінен қозғала бере гүр ете түсіп от алғанда әлдеқашан сөніп қалған алау басында ықылық ата тоңып, қалшылдаған нашақор да басын көтеріп қарады.


«Барша от атаулы бір күні сөніп, күл құшатыны анық» деді ол күбірлеп.



* * *



Үзік-үзік елестер ғана кешегі болған соғысты еске түсіріп тұрған еді...



Серік САҒЫНТАЙ.

17.ІІ.2015.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар