Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Толстой мен Шәкәрім немесе ұлылар аңсаған хақ жолы...

09.09.2015 4888

Толстой мен Шәкәрім немесе ұлылар аңсаған хақ жолы

Толстой мен Шәкәрім немесе ұлылар аңсаған хақ жолы   - adebiportal.kz

 



452739_992726889_6.jpg


 

Ұлы жазушы ғана емес, кемеңгер ойшыл Лев Толстой өзінің шытырман тағдыры мен құпияға толы ғұмырымен кейінгі зерттеушілер мен сан мыңдаған оқырманына ойлануға негіз болатын терең сыр қалдырып кетті. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» сынды әлем прозасының жауһарларын тудырған қайталанбас суреткерлігі өз алдына үлкен бір тақырып. Ал оның ақиқат пен Жаратушы турасындағы пікірлері мен ұстанымдары, ұлы жазушының бізге әлі толық ашылып бітпеген бөлек бір әлемі болып отыр. Осыған дейін орыс классигінің жалпы дін мен сенімге, сондай-ақ, Исламға қатысы жайлы біршама зерттеулер мен құнды деректер жарық көрді. Алайда, бұл тараптағы пікірлер мен жорамалдар күні бүгінге дейін бір тоқтамға келген жоқ. Әсіресе, кемеңгердің Ислам дініне қатысы туралы пікірлер сан қилы. Шешімі даулы әрі құпияға толы бұл түйінді мәселеге, ұлы қаламгердің Христиан діні мен Ислам туралы көзқарасы, кемеңгердің өз заманында мұсылман әлемінің ойшылдары мен Шәкәрім Құдайбердіұлымен болған рухани үндестігі біраз анықтық береді деп ойлаймыз.

 


Қазақ пен орысқа ортақ рухани қазына


Толстойдың Исламға қатысы турасында сөз қозғамас бұрын, ең алдымен қазақтың аяулы ұлдарының бірі болған – Шәкәрім бабамыз бен орыс ғұламасының арасындағы рухани байланысты тілге тиек етуден баста­ғанды жөн көреміз. Бұл екі ойшылдың өз заманында рухани үндестікте болып, хат алмасқандығы туралы бүгіндері жиі айтылып жүр. Өкінішке орай, ұлылардың хат арқылы тілдескендігіне шын мәнінде дәлел боларлық тарихи құжаттар сақталмаған. Десе де, Шә­кәрім қажының ұлы Ахаттың естелігіндегі мына бір құнды деректер, аталған мәселеге сәл болса да жарығын түсіруі мүмкін. Онда, Ахат Шәкәрімұлының өз әкесімен орыс жазушысы туралы болған әңгімесі мен Шәкәрім қажының рухани ұстазына қойған сауалдары­ның мазмұны келтірілген.

«Марқұм әкеммен болған бір әңгімеде: «Сіз Толстой туралы жай әңгімеңізде де, Толстой туралы жазған өлеңі­ңізде де оны өте жоғары бағалайсыз», – де­дім. Сонда әкей айтты: «Мен Толстойды бұ­рында да бағалай­тынмын. Әсіресе, мен Толс­тойдан үш сұрақ сұрадым. Сол сұрақта­рыма Толс­той маған өте қымбатты жауап қайтарды. Сол жауаптары мені толғандырып, ғибадат алатын сабақ болып, көңіліме орнап қал­ды. «Адам­ның арына тиетін жағымсыз қы­лықтардың ішінде және Сіз білетін арға ең ауыр тиетіні не?» – дедім. Толстой бұған: «Осы тізіп тұрған­дарыңның барлығы да адамшылық арға тиетін нәрселер. Менің­ше, арға ең ауыр тие­тін бір іс бар. Ол адам көпшілікке не қо­ғам­­ға зиян келетін хақи­қат істі біліп, соны бір нәр­седен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қал­са, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші: сен өте бай болып, сол хақиқатты айтсаң, малы­ңа зиян тисе, екін­ші: сен мансап иесі болып, сол хақи­қат­ты айтсаң, мансабыңнан айрылатын болсаң, үшінші: сол хақиқатты айтсаң, басың жазаланатын болса, міне, осы үш түрлі зардаптардан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты айтпай қалсаң, арға ең ауыр тие­тіні осы», – деді. Екінші: «Ірі шығарма­лар жазу­ға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?» – дедім. Бұған ол кісі: «Көп адамдар қатысатын шығарма болсын, не әң­гіме болсын, алдымен, сол әңгіменің уа­қи­ғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі ара­­­лас­қандай же­тік болуы керек. Сол уақи­ғаның жайы жазу­шыға айнадай айқындалып, се­зініп тұрған­дай болуы керек. Олай болма­ған күнде әң­гіме дәл, қызықты болып шық­пай­ды. «Көлең­кеге пішкен тон бойға шақ кел­мей­ді» деген мәтелді жазушы ойдан шығар­мауы керек. Ішіне араласпай, сырттай ой-­­жотамен жа­зылған шығарма шындыққа жанаспай, қызықты болып шықпайды», – деді. Үшін­ші: «Өз жазғанымның дұрыс, тері­сін сынау қиын, өз шығармамның қатесін қандай әдіс­пен көріп, сынап, түзеуге болады?» – деген сұрағыма ұлы жазушы: «Жазу­шының артық қасиеті – өз қатесін көріп, со­ны тү­зей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бер­мейді. «Біреудің қатесін біреу көреді» деген де бар. Бәрінен адам өз қатесін өзі кө­ріп, өзі түзеген артық, өз қатесін түзей ала­­тын қасиет адам­ның өз бойында бар. Ол – адамға біткен ақ жүрек. Егер адам іс­теген өз ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің сезімі оны ашып бере алады. Ақыл толғауынан өт­кен қоры­тындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ымбалына бе­ріліп дағдыланған адам өз мінін де, біреудің мінін де көре алады, сондықтан әділ сыншы – ақ жүрек», – деді» (Ахат Құдайбердіұлы. «Шәкәрім жайындағы естелік», 64-б.).

Қазақ және орыс руханиятына ортақ мұра саналатын бұл екі алыптың хаттарын іздестіру, болашақтың еншісіндегі маңызды дүниелер қатарына жатқызылады. Бұл орайда біраз шаралар атқарылып жат­қа­нын айта кетуге де болады. Мысал үшін, Абай мұ­ражайынан аттанған бір топ делегация орыс жазушы­сы­ның көзі тірісінде мекені болып, қазір мұра­жайға айналған Ясная полянаға барып қайтқан болатын. Бұл топтың аталмыш сапары барысында алға қойған бірнеше мақ­са­тының бірі – Шәкәрім-Толстой хаттарын із­дес­тіру жұмыстары да болған.

Осы бағыт­тағы жұмыстар жүйелі жүр­гі­зілсе, қазақ және орыс кемеңгерінің хаттары табылуы да ықти­мал. Ал осынау те­рең пә­са­палық мазмұнға ие тарихи құжаттар та­былып жатқан жағ­дайдағы екі елдің мә­дени қа­зы­насына қосар үлесін ескерсек, зерттеу шара­ларының маңыздылығы арта түседі.

 


Екі ойшылды үндестірген рухани байланыс


Толстой мен Шәкәрімнің сұрақ-жауап формасында өрбіген бұл хатынан, ой алыптарын толғандырған мәңгілік сауалдардың өзара ұқсастығы көрінеді. Қазақ ақынының шынайы шығармашылықтың негізгі міндеті мен адастырмайтын тура жолға бастайтын ақиқат турасындағы сауалдарына Толстойдың берген жауабынан, орыс ойшылы мен қазақ кемеңгерінің рухани байланысын көре аламыз. Сонымен қатар, қос тұлғаның өз заманында мәңгілік шындықты іздеуінде ортақ рухани бастаулардан сусындағаны осындай жарасымды пікір алмасуларынан үйлесімді көрініс тапқан. Сондықтан болар, Шәкәрім әлемін тану арқылы орыс жазушысының тағылымына бас иеміз. Бұл орайда Шәкәрім мен Толстой арасындағы ой-пікір, идея үндес­тігі мен тағдыр ұқсастықтарын салыстыра отырып, рухани параллель өткізуге болады. Қазақ ойшылы қайшылыққа толы қоғамда өмір сүргендігі белгілі. Шығармашылық ада­мы­ның болмысы оның рухани айнасы болатын туындыларынан аңғарылады десек, ақынның дін мен ақиқат, Жаратушы тура­сындағы көзқарасы, кезінде жазып қалдыр­ған діни өлеңдерінде керемет жыр жолдарымен кестеленген.

Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге, өмірге, дінге деген өлең-ойлары оның күрес­кер ақын болғанын, жалпы, адам «таза ақыл» мен «жүрек көзі» арқылы ақиқатты, сол ар­қылы өзін таниды деген рухани ұстанымда болған тұлға екендігінен хабар береді. Ақын­ның терең философиялық өлеңдерінде дү­ние­ні жаратушы Құдіретті Бір күш бар және оны мойындау керектігі айтылып, сондай-ақ, оның дәлелі ретінде, айнала қоршаған таби­ғаттың жарасымдылығынан көрінеді дейтін сырлы ой көрініс береді. Бұдан бөлек, қазақ кемеңгерінің сыр сөздерінде, адамның ақи­қат болмысты танып-білуі, кедергісіз таза ақыл­ға сынату арқылы мүмкін болатыны, ке­ре­мет ақындық шеберлікпен астарлап жет­кізілген.

Ақынның адам танымының мүмкіндігінің шексіз­дігіне ерекше назар аударғандығына дәлел боларлық өлеңдері аз емес. Соның бірі мына өлең жолдарында тамаша теңеулермен астасып көрініс береді:

Ақыл құсы адаспай аспандаса,

Әлемде нәрсе болмас көзден таса.

Жеті көк жерден оңай басқыш болып,

Ғарышқа қол жетеді қармаласа.   

Жанның бәрі мендегі жар табар еді,     

Терең ой, сау ақылмен шамаласа, –

деген жыр шумағында Шәкәрім қажы ақиқат­ты танудағы ақылдың орнын айқындап берген. Сондай-ақ, Шәкәрім мен Толстой рухани үндестігін тұлғалар өмірінің соңғы бөлігінің ұқсастығымен де салыстырып өтуге болады. Қазақ ойшылы тағылымды ғұмырының соңғы жылдарын Шақпақ деген жерде жалғыз өткізгендігі белгілі. Осылайша Шәкәрім бабамыз тағдыр сыйлаған жылдары барысында жинаған рухани қазынасын оңаша отырып қорытуды жөн көрсе, ұлы Толстой да өмірінің соңғы күндерінде жалғыздықты серік етіп үйінен кетіп қалған болатын. Адамзаттың барлығы тең, олардың арасына сызат түсі­ретін тек пенде бойындағы жат мінез бен арам пиғыл екенін айтып өткен Шәкәрім Құдайбердіұлы, осындай гуманистік идея-

ла­рымен өзі рухани ұстаз тұтқан Толстой ойларымен бір арнада түйісіп отырған. Қазақ кемеңгерінің «мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ», «ар түзейтін ғылым» керек деген өлең-идеясы, орыс классигінің «Евангелие» кіта­бын­дағы «бір бетіңнен ұрғандарға екінші бетіңді де тос» деп көркем мінезділікке шақы­ратын уағызын насихаттауымен үнде­седі. Бұл екі ойшылдың адамзаттың бір-бірін бауыр көріп, зұлымдық атаулыға тоқтау салудың жолындағы гуманистік рухани бірлігін көр­сететін бұдан бөлек өзге де мысалдар же­тер­лік. Қазақ кемеңгері «Таза дін» – «Шатақ дін» тұрғысындағы сыншылдық ойларын тарқата отырып, дінді тек қазаққа ғана емес, барша адамзатқа бірлік пен бере­кенің, татулықтың үлгісі ретінде ұсынады:      

Еңбекке шыда ебін тап та,   

Сабырдың түбі – сары алтын.      

Өзімшіл болма, көпті ардақта,     

Адамның бәрі – өз халқың, –

деген Шәкәрім жолдарында адамзаттық ауқымның өнегесі жатыр.   Ойшыл ақынның адамның барлығын қадірлеп, гуманистікке үндеген ізгі идеясына Толстойдың діннің басты қағидаты туралы айтқан мына бір пікірі үйлеседі: «Бөгде халықтың адамдарын сүй, олар тіпті күш көрсетсе де жақсы­лық жаса. Немістерде де, орыстарда да Құдай – жалғыз және ешкімді алаламай жақсы көреді; сендер де оның теңдей ұл­дары­сыңдар, Құдай сияқты күллі жұртқа қайы­рымды болыңдар деймін», – деген ойы мен «Христиандар үшін ешқандай күр­делі метафизика жоқ және болмайды да, Христиан уағыздарындағы метафизика деп атауға болатындардың барлығы, бар­ша­ға ұғы­нықты қарапайым ережеден тұ­рады: күллі адамзат – Тәңірінің перзенті, бауырлар! Сон­­дықтан олар әкелерін, бауырларын сүюлері тиіс. Сол себепті өзге­лер­­­дің саған мейіріммен қарағанын қа­лай­тыныңдай, басқаларға да сондай ба­­уыр­малдықпен қарағаның жөн» деген терең мағыналы уағызы сабақтаса жал­ға­сады.

 


«Үш анық» пен «Круг чтения»


Орыс ойшылының үндеген идеяларына рухани жақын мәселелерді қозғайтын Шә­кәрім қажының «Үш анық» еңбегі бар. Шә­кәрім Құдайбердіұлының осы терең маз­мұнды философиялық трактатын көп жылдық ой еңбегінің жемісі деп қабылдау керек. Ақын бұл еңбегінде, «Өмірдің мәні не?» деген са­уалға бұрындары өткен ойшылдардың пі­кірі мен ойларын, өз заманындағы құнды көз­қарастарды біріктірген болатын. Ал Толстой­дың осыған ұқсас «Круг чтения» деген еңбегі бар. Бұл кітабында орыс кемеңгері белгілі жазушылар мен тұлғалардың, Конфуций мен Жан Жак Руссо секілді терең ойлы философ­тардың ақиқат пен өмір турасындағы ойла­рының басын құраған. Міне, мұның барлығын да Шәкәрім мен Толстой рухани бірлігін қуаттайтын дәйекті пікірлер қатарына жат­қы­зуға болады. Бұл рухани үндестікке Толс­той­дың Ислам әлемімен байланысы да көрік береді. Ұлы абыздың көзі тірісінде шіркеуден аласталуы мен оның Ислам дінін қабыл­да­ғандығын жақтайтын жорамалдар аз емес. Кемеңгердің шіркеуден аласталғаны тарихи дәйектермен расталғандығы белгілі. Толстой өмірінде орын алған өзге де шытырмандармен қатар, ұлы жазушының заманында шіркеуден аласталғандығы да сансыз сауал тудырып жүрген үлкен бір тақырыпқа айналып отыр. Ойды сан саққа жүгіртетін мұндай пікірлер таразысының екінші жағында орыс ойшылы шіркеуден өзі алыстаған дейтін қарама-қайшы пікірлер де жоқ емес. Мұндай ой ұстанушыларға Павел Басинскийдің «Лев Толстой: «Бегство из рая» атты кітабында келтірілген деректер мен жазушының православ шіркеуіне байланысты көзқарастары мен идеясы негіз болған секілді. Павел Ба­синс­кийдің аталмыш еңбегінде жазушының жер қойнына тапсы­рылған шағын суреттейтін: «Тело Л. Н. положили в дубовый гроб, без крес­та на крышке», «Тол­стого хоронили, как он и завещал, «без церковного пенья, без ла­дана», «без торжественных речей» деген сөйлемдер бар. Толс­тойдың православ шір­кеуі турасындағы өткір пікірлері мен бітіспес қарсылығының салдарынан жазушыны шір­кеуден аластау ұйғарылғандығы белгілі. Бұл шешім правос­лавиелік шіркеудің бас органы саналатын Синодтың ұйғарымымен 1901 жылдың 22 ақпанында шығарылған еді. Ал жазушының мұсылмандықты қабылдауына байланысты пікірлер болғандығына қара­мас­тан, бұл мәселеде ақиқатты біржақты кесіп айту қиын. Исламның қағидаттары ізгі ұста­ным­дардан тұратындығы, жазушының айтқан пікірлерінде ашық, күнде көкте ойнайтын жасын­дай анық айтылған. Толс­тойдың мұсыл­ман әлемімен таныстығы болғанын растайтын көзі тірісінде айтып кеткен Ислам жайлы пікірлері мен оның өмір жолының мұсылман дүниесімен тоғысқан тұстары да жетерлік. 

Он үшке толғанда болашақ жазушының отбасы сан ғасырлар бойы мұсылман қауымы­ның мәдени әрі рухани орталығы болып келген көне қала Қазанға көшкен. Ал 1844 жылы Лев Толстой Қазан университетінің фило­софия факультетінің шығыс тілдері бөліміне оқуға түскен. Сондай-ақ, жазушының кейін осы оқу орнының заң факультетіне ауысқандығы да белгілі. Міне, осы кездерде орыс ғұламасы Шығыс әлемін жетік білетін ғалымдардан дәріс алып, араб және түрік тілдерін үйренген болатын. Бұдан бөлек, Толстой Кавказдағы Терек өзеніне іргелес тұрған казак станицасында 1851 жылдан бас­тап үш жыл тұрды. Осы аралықта жазушы өз еркімен әскери міндетін өтей жүріп, Кав­каздағы әскери қимылдарға да қатысқан. Осылайша, әскери борышын өтеу кезінде Толстой тау халқының ерекшелігімен жақын танысқан. Кемеңгер жазушы осы шақтарда байыптаған ислам дүниетанымы мен өмірінің сол кездегі бөлігіне дейін көріп келген орыс қоғамындағы салт-дәстүр, мінез-құлық ерек­шеліктерін іштей салыстырған болатын. Ал Толстойдың Кавказда өткен күндері мен түйген ойы кейін жазушының «Казактар», «Шапқыншылық», «Орманды кесу» повестері мен соңғы еңбегінің бірі болып есептелетін «Қажымұрат» повесінде суреттелді.

Көзі тірісінде-ақ Батыс пен Шығысқа бір­дей абыз атанған Толстойдың Исламға қаты­сы турасында белгілі бір ой айту үшін, жазу­шының мұсылман қайраткерлерімен болған байланысын, сонымен бірге, тарихи құжат ретінде сақталған хаттарына да сүйену қажет. Орыс жазушысымен байланыста болған тұлғалардың қатарында Махатма Ганди мен мысырлық Мухаммед Абдоны және тағы да басқа ойшылдар мен мұсылман ағарту­шы­ларын келтіруге болады. Бұл орайда сол кездердегі ислам реформаторларының орыс ойшылын қаншалықты құрметтегені мен Толстойдың мұсылман сенімінің ізгі қағидат­тарын қадірлегеніне дәлел боларлық бірне­ше тарихи хаттардың біріне тоқталып өтуге тиіспіз. Толстойдың 1908 жылы Р. Елкібаевқа жазған хатында: «Құрметті бауырым, Рахматулла Минғалиұлы! Мен баршаға 1881 жылдан кейін жазылған шығармаларым мен аудармаларымды басып шығаруға рұқсатымды бергенмін. Ал, сіздің маған жасаған ұсыны­сы­ңыз үшін үлкен алғысымды білдіріп, қазіргі күні қолда тұрған еңбектерімді жіберіп отыр­мын. Соның ішінен өзіңізге ұнағанын ірік­теп алып, басарсыз. Ал, менің Ислам діні туралы не ойлайтыным жайлы сауалыңызға келсек, менің ойымша, шынайы дін жалғыз-ақ. Бұл шынайы діннің ақиқаты адамзатқа әлі толық ашылған жоқ, бірақ оның кейбір бө­ліктері барлық діндерде байқалады. Адам­заттың бүкіл дамуы осы шынайы дінді түсіндіру айналасына келіп топтасады. Сол себепті ақи­қатты сүюшілердің бәрі діндердегі айыр­машылықтарды емес, олардағы бір­лік пен шындыққа лайықты пәлсапа­ларды іздеуі қажет. Сондықтан мен барлық дін­дерге, со­ның ішінде өзіме жақсы таныс Исламға қа­тысты да дәл осы әрекеттерді жү­зеге асы­руға тырысудамын».

Бұл хаттың маз­мұ­нын­да жа­зушының Исламды қас­терлейтіні және бұл сенім турасында айтар­лықтай білімі болғаны көрініп тұр. Сондай-ақ, ол әлдебір шынайы діннің ба­рын және оның ақиқаты мен сыры әлі ашылмағанын да айтқан. Міне, терең ойлы кемеңгердің осы сөздері оның Христиан сеніміне көзқарасы мен Исламды қабыл­да­ғандығы төңірегіндегі жорамал­дардың ой арнасына дұрыс бағыт беруі тиіс деп ойлаймыз. Қалай болғанда да, ұлы жазушы өзінің қайталанбас шығармалары мен гуманистік идеялары арқылы барша адамзаттың бірлікте болуын көкседі. Абыз Толстойдың пендені дұрыс жолдан тайдырып, ақиқаттан адастыратын зұлымдық пен әділетсіздік атаулыға тұсау боларлық әлдебір хақ жолын іздегені анық. Адамзатқа ізгілік ілімін үндеп өткен өзге де «таңдаулылар» секілді, бұл ақиқат жолын біздің Шәкәрім бабамыз да аңсаған еді. Өзінің терең мазмұнды пәлсапалық ойларының алтын қазығы болған «Ар ілімі» идеясымен, Шәкәрім Құдайбердіұлы Толстой бастаған ұлылар шоғырынан өзіне лайық орын алды деп ойлаймыз. Жоғарыда келтірген деректермен екі ойшылдың арасындағы байланысқа тағы бір мәрте назар аударып, осы арқылы Толстойдың Ислам әлемімен қатынасын шама-шарқымызша зерделеуге тырысқан болатынбыз. Ал, адамзатқа үлкен өсиет қалдырып кеткен Шәкәрім мен Толстой арасындағы мәңгілік рухани үндестіктің тағылымы мол екені сөзсіз.


Мұрат Мұқашұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар