Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ислам Қосжан: Айседора һәм жалғыздық, Қаракісі (ме...

09.11.2015 3945

Ислам Қосжан: Айседора һәм жалғыздық, Қаракісі (метафоралық поэма)

Ислам Қосжан: Айседора һәм жалғыздық, Қаракісі (метафоралық  поэма) - adebiportal.kz


Mahambet1-178x300.jpg

...Махамбет  Өтемісұлы  кештетіп, жолдастарымен  Қаракісінің  ауылына түседі. Аттар  да,  кісілер де  әбден   шаршаған.  Қаракісі үйден шығып:

-Жолдарыңыз  болсын!  Махамбеттің  қосшылары боларсыздар, қош келдіңіздер, - деген екен. Махамбет  сонда  айтыпты:

 

Тарланды  сұлу  көрсеткен,

Сұлы  менен  беде  екен.

Жігітті  сұлу  көрсеткен,

Қалың  қол  мен  елі  екен.

«Махамбет - қосшы» дегенің,

Махамбеттің  өзі  екен!

 

Қаракісі танымағанына  кешірім  сұрап,  үйде  қонақ  етеді. Жазғытұры екен. Ертесіне  Махамбетке  тәуір  айғыр  мінгізеді,  жолдастарына  тың  ат  береді...

Махамбет  қайтарында  тарлан  атының  құлпырып  қалғанын  көреді. Қаракісі  аттарға сұлыны  сүтке   бөрттіріп  (Спан  әдіс) берген   екен. Махамбеттің  көңілі  бітіп: «Дәмдес  болатын  кісі екенсіз»- деген екен...

... Қаракісі  Махамбеттің  бойлы-сойлы   қарындасы  бар  екенін  естиді  екен. Қаракісі  Махамбетке құда түскісі  келетінін айтады, інісі Қосымды  көрсетіп,  қарындасын  келіндікке  сұрайды. 

Махамбет:

-Бұрын  үйленбеген  болса – бір тең  шешесің, бұрын  үйленген  болса  екі тең  шешесің  депті. Қарындасы  Махамбеттің берген  уәдесін  естігенде  өлеңмен:

 

Желекті  найза  қолға  алып,

Оң  жағыңда  жүргенде

Жігіттермен  тең  едім.

Жоғары  өрден  жылқы  айдап,

Боранды  күні  келгенде,

Қай  жігіттен  кем  едім?..

Сырын  білмей  адамға,

Ағыке,  неге  телідің? – деген  екен...

 

...Келін  кейін  «Сәке  шешей» атанды. Ол  ұзақ  ғұмыр  кешті. Одан  үш  қыз, төрт  ұл (Қолдасбай,  Бөшекен,  Шопанияз,  Шопанбек)  туды.

Төртеуі  де  ер тұлғалы  болды.

 

Махабетше  жақсы  көру

 

Асынған  жебесін,

Қақпақтай  жауырын.

Мақтаныш  көретін,

Қарындас–

Бауырын.

 

Болғанда  тірегі,

Тілеуін  тіледі.

Қалмайды  бір  елі,

Қасында  жүреді.

 

Жалғыздық  сезілді,

Жоқтығы   жеткенде.

Бауыры   езілді,

Жат  жұртқа  кеткенде.

 

Кеткесін  білген де,

Жоқтығын  бауырының.

Тіледі  жүргенде,

Денінің  саулығын.

 

Аталса  есімім...

Құтылар  азаптан.

Тиер  деп  кесірім,

Алысқа  ұзатқан!

 

Қаракісі  1830-1840  жылдар  шамасында  Үстірттің  оңтүстігінде  өзімен бірге  жүріп, оққа  ұшқан  батыр  Құлыбектің  етін сылып  алып, сүйегін  Бозашыға  Қызық  қауымына  жерлеген...

     Ол  кездегі ең атақты  тұлпарлар: Қаракер - Сүйінқарада, Қаракөз  деген тұлпар  Қаракісіде  болған.Қаракісінің  Қаракөзі  Кенесары  ханның  беріп отырған  асында  бәйгіден  басқа  аттардан  бұрын  келген. Мұхамеджан  Сералиннің  1900 жылдары  Кенесары, Наурызбай  хандар  туралы  жазған «Топжарған»  атты  поэмасында  Қаракісінің  бәйгі  алғанын  жырмен  келтірген.

Тойларда, астарда  Қаракісінің  аты  бәйгіден  бірінші  келетін. Бәйгіден  түскен   малды   иелеріне (ошаққа), ағайындарына, жетім-жесірлерге  үлестіріп  жүретін...

 

Махамбет

 

Жүргенде  Нарында,

Махамбет!

Мен  едім.

Исатай  жанымда,

Жанымда  өлеңім.

 

Белімде  бел  беуім,

Шешілмей  келеді.

Өлімге  сенбеуім,

Сенгенім  ел  еді...

 

Досыңнан айырылу,

Дұшпанға  керегі.

Қанаттан  қайрылу,

Өліммен  теңеді.

 

Семсерім,

Тұлпарым,

Шаппайсың  сен енді.

Жәңгірхан  қылтаның,

Тамаққа  тірелді...

 

Іздеймін  асылды,

Өртенген  жалыннан.

Сақтауға  досымды,

Келмеді  қолымнан.

 

      «Қаракісі  әли  Балта  балуаннан  жығылыпты»  деген  сөз   бар.  Бір ас  кезінде  Қаракісі  аттарды  аралап  жүріп,  Балта  балуанның  атының  әбіздерін  көріп,  қызығады. Қасындағыларға: «Мына  ер-тоқым, жүген-құйысқан  менің  атыма  жарасады  екен»,- дейді. Ол Балтадан  оны  беруін  бұйымшылайды. Оған  Балта  көнбейді. «Сат, қанша сұрасаң, сонша мал  ал» - дейді. Балта сатпайды, бірақ: «Аттан  мені  аударып түсірсең  сұрағаның  сенікі» - дейді.

      Астан  кейін  екеуі  өз  топтарынан  бөлініп  шығады. Қаракісі  Балтаның  жағасынан  алып,  оны  атының  күштілігінің  арқасында   жарге  түсіреді. Жерге  түсіп, алысу  кезінде  Қаракісі  жығылады.  (Сөз  аттан  аударып  түсіру  еді...)  Балта  сонда  қауіптеніп:

 - Сен ертең  жығылғаныңды  мойындамайсың, егер  мойындасаң,  ат әбзелдері  сенікі. Ол үшін  садақа-тойларда  үш  рет  «мен  Балтадан  жығылдым»  деп  айқайласаң  болғаны, - дейді. Екеуі сөйтіп  келіседі. Қаракісі  екі аста өзінің Балтадан жығылғанын  хабарлайды. Ол сөз Балтаға да  жетеді. Балта  Қаракісіні  қонаққа  шақырып,  достасып, сұраған  бұйымын  береді. Қаракісі де  Балтаны  қонақ  қылып,  жақсы  ат сыйға тартады...


1

Қонғанда,

Жаз  жайлауға  ауыл барып,

Бейнеу  ме,

Әлде Сай –

Өтесі  ме?

Ойына  Маңғыстаудың  сауын  салып,

Ас берген  бір дәулетті  әкесіне.


..........

Белгісіз  болған  жері, өткен  жері,

Бас қосқан  елдің  небір  жақсылары.

Қыс  қыстап,

Болмай  жүрген  көптен  бері,

Сол  байың  дүркіретіп  ас  қылады.


..........

Қолында  қамшы  емес, қысқа  шыбық,

Қасында  қосшылары  бірге  қалмай.

Шайдан  соң,

Қаракісі  тысқа  шығып,

«Ат  бар»  деп  аралады  «кімде,  қандай?»


...........

Аспаннан  түскен  жандай  сөзі  қызық,

Дауысқа  елең  етті  көп  құлағы.

Бір  аттың  әбізіне  көзі  түсіп,

Айқайлап  «иесі  кім?»  деп  сұрады.


.............

Көргенін  көрген  түстей  шашып  алар,

Мұндайда  іс-қимылдың  тосын  бәрі.

Бұл  деген,

Балта  балуан  аты  болар,

Деп  қалды  бір  пысығы  қасындағы.


..............

Аттының  тікірейіп  қос  құлағы,

Тұрып-ақ  орынында  секіреді.

Деп  қалды  бірге  жүрген  қосшылыры,

Жарасар  сіздің  атқа  тоқым-ері.


................

Көргендей  таң  қалады  бұл  ғажапты,

Тосын  бір  жаңалықтай  түбектегі.

Тоқымы  құлпырады  зер  шашақтай,

Сүйек  ер,  күмістелген  жиектері.

 

2

...Дейтіндей  егесті,

Жоқ  қылыш, жебесі.

Ермей  ел,

Кеңесті.

Жоқ  тағы  төреші.

 

Бір  сөздің  себебі,

Екеуі  соны  ұқты.

Жығылған  жоқ  еді...

«Ит  жығыс»  болыпты.

 

Қалған  бір  бұл  дерек,

Секілді  жол  шаңы...

Күресте  діңкелеп,

Алысып  шаршады.

 

Екеуі  оңаша,

Күреске  шыққаны.

Қажетсіз,

Қараса,

Бір-бірін  жыққаны.

 

...Атанған  «Үш  қара»

Маңғыстау  мақтаны.

Тек, тәнін  жықса да,

Ол  жанын  жықпады!

 

...Сүйінқара,  Ботақара, Қаракісі – Маңғыстаудың  «Үш  қарасы»  атанып  кеткендер...

Қаракісі  XVIII  ғасырдың  аяғында  туып, 64  жасаған. Қиын  заманда  өмір  сүрген  күрделі  тұлға. Сүйінқара,  Абыл ақын,  досы  Қармыс  батыр, Әли  Балта  балуанмен  тұстас  болған  адам. Қаракісі  аса  күшті, ажарсыздау және  қатал  адамболған. Атжанды  кісі  болған. Түрікмендерден, башқұрт  жерінен  жылқы  тұқымдарын  алдыртып  отырған.

 

 

Қара  кісі

 

I

(Ата)

 

Күшке  ену,

Шайқалып,

Тағы да  тосын ба?

Түс  көру...

Жай  қалып,

Тұрдың  сен  қасымда.

 

Қараңғы  бөлменің,

Түні де – шырақ  түн.

Жан  Ата  сен менің,

Жанымды  жылаттың.

 

Сенсіз  бір түн өтпес,

Мен  оны  білемін.

Пейілің  тілектес,

Жұмбақтау  түр-өңің.

 

Сөйте ме  жек  көрсе,

Бабасы  баласын.

Ұйқыға  кеткенше,

Қасымда  тұрасың.

 

Тыңдауға  көнені,

Ойды-ой  бөледі.

Уақыт  жоқ,

Себебі:

Таң  атып  келеді.

 

Шаршатты  елесің,

Жоқ  бірақ  бөтен ой.

Ертең  де  келесің,

Жан  Ата -

Кете  ғой...

 

 

II

(жаратқан)

 

Сөнеді  үрлемей,

Жанған  от  расында.

Түн  демей...

Үндемей,

Тұрдың тек қасымда.

 

Сыр  жұқпай,

Нұр  жұққан,

Жан  мен тән табысқан.

Сәулені бір жұтсам,

Келген ол – алыстан.

 

Үнсіздік  қаусырған,

Қайда деп, жүр едім?..

Бойымда  әлсіз  қан,

Жай  соққан  жүрегім.

 

Бір шырақ  кеудемде,

Атадан  қалған  жол.

Өзіңіз  келгенде,

Батадан  жанған  ол.

 

Сәулені  сімірген,

Қап-қара  түн  деген.

Бал  дәмі  білінген,

Жүректе  кірлеген.

 

Кәрінің  киесі...

Салмағы  бір  батпан,

Бәрінің  иесі,

Бір  Жаратқан!

 

 

III

(елес)

 

Өртеніп...

Күн  батты,

Ғасырдан  ұзағы-ай.

Ол  келіп  үн  қатты,

О, менің  Музам-ай.

 

Гүл  салған  құмыра,

Сәуледен  тұнып  тұр.

Жұтайын  сіміре,

Құмардан  шығып  бір.

 

Жоқ  айқай,

Жоқ  дыбыс,

Қонып  бір, бір  ұштық.

Болмайды  соқтығыс,

Торып  тұр, тыныштық.

 

Көзі  от  тұман  бар,

Тосын  күш  тербейді.

Негіз  жоқ  алаңдар,

Адамдар  білмейді.

 

Көрінген  тосыннан,

Құбылыс  осында.

Жарқ  етіп  қосылған,

Сымдардың  ұшында.

 

Түнде  ол  ұғады,

Адами  қалыпта,

Көрініп  тұрады,

Жанбайтын  жарықта.

 

Созылған  түн  емес,

Күтуі - пенденің.

Кезеді  бір  елес,

Ішінде  бөлменің.

 

Ол  үнсіз  жылатты...

Білдірмей  келгенін.

Алыстан  үн  қатты,

Музам  ғой –

Бұл  менің!

 

IV

(Қаракісі  немесе  қара  Адам)

 

Мұндайды  кешпеп ем...

Басқа  күй,

Өзгеше,

Келгенде  сескенем,

Күтемін  келмесе.

 

Тілектің  ағымы,

Көшеді  күбірлеп.

Әлсіз  шам  жарығы,

Өшеді  дірілдеп.

 

Билеген  сананы,

Мезгілдің  тартысы.

Әр  жерге  тамады,

Жарықтың  тамшысы.

 

Жақынды  алыспен,

Жалғаған  өзегі,

Қарқынды  ағыспен,

Елестер  кезеді.

 

Тұяқтай  серпіліс,

Жан  тәннен безеді.

Болғанмен  қорқыныш,

Жылылық  сезеді.

 

От  шашып  жанардан,

Тесіле  қараған.

Жатыр тыс  шамадан,

Қара  Адам!

 

 

...Айседора – еркек  кіндік  ашпаған  қыз әлемінің  «алғашқы махаббат»  деп  аталатын ең  аяулы  сәтін  би  ғұмырына  саналы   түрде   құрбан   еткен  бірден-бір  Пәруана. Екі  бала  асырап, баққан. Ержеткен  екеуі де, көз  алдында, жол  апатынан  қайтыс  болған...

Заманында Сергей Есенин  ғашық  болған  Айседора...

...Есениннің  «Қара  кісісі»  қалай,  неліктен  жазылды  екен?.. 

Сол  Айседора:  «... Соңғы  кездері  әлденеден  үркінген,  әлденені  ерте  сезінген  адам  сияқты  түннің бір уағында  шошып  оянатынды  шығардым. Түс  дейін  десем,  түс  емес, бет-әлпеті  белгісіз  қара  кісі  маған  қарай  жүріп  келе  жатады. Сақтыққа  қорлық  жоқ  деп  балауыз  шамды  жағып  жататын  болдым. Одан да  ештеңе  шықпады.  Қаракісі  одан  сайын  үлкейіп, шам  жарығын  айналып  өтіп  менің  аяқ  жағыма келеді де, көздерін  мөлитіп  тұрып  алады.  Бүгін де  солай – көзіне  қарап  едім,  қос  жанары  мәймілдеп  қоңыр  мұңға  толып-ақ  тұр  екен. Бірер  сәтке  тіл-жақтан  айрылып  қалдым. Көзімді ашып  өзіме  келсем, шегіншектеп  барады  екен. Бір  емес, бұл  жағдай  бірнеше  рет  қайталанды...»

 

Исраил  Сапарбай  «Айседора  әлемі».

 

 

  Айседора

 

I

(шер)

 

Тартылған, 

Серпілген,

Жазықтық, тегісте.

Таң  қылған  көркімен,

Бидегі  періште.

 

Жалғыздық  жанында,

Жанталас  аржағы.

Ойнайды  қанында,

Би  билеп  арманы.

 

Адасып  қиялы,

Ішінде – тұнық  ән.

Мың  қасқыр  ұялы,

Түсінде  ұлыған.

 

Сағаттың  тықылы,

Себебі,

Түк  емес.

Есіктің  сықыры,

Кіреді,

Бір  елес.

 

Аңыз ба  көктемі?

Жалғызға  келді  күз.

Ал  қызға  өткені,

Шындыққа  бергісіз.

 

Ел-жұртқа  белгісіз,

Сиқыры  биінің.

Тосады  шерлі  қыз,

Бидегі  биігін!

 

 

II

(әлем)

 

Өлеңнің – бұл  сазы,

Ыңылдап  жүреді.

Бидегі  ұстазы -

Жаны  мен  жүрегі.

 

Балалық  шағынан,

Серігі  гитары.

Салады  жаны – ән,

Билейді, би – тәні.

 

Тәтті  ой  кешеді,

Қиялдың  есебі.

Оңаша  ішеді,

Шер  толы  кесені.

 

«Табура»  тоқталып,

Арбалар  жүгімен.

Билейді  от  жағып,

Сығандар  түнімен.

 

Алау  от  жанады,

Сыйқыры  басқа  әлем.

Аттардай  тағалы,

Паратты  бастаған.

 

 

Билейді,

Моншақтар,

Сырғалар.

Әдемі!

Жадында  ел  сақтар,

Айседор Әлемі!

 

III

(қиял)

 

Аруақтай  киелі...

Көзінде  от-шоқтай.

Бәрін де  сүйеді,

Өзіне -

Жау  жоқтай.

 

Талайды  қинаған,

Сезімнің  отына.

Десте  гүл  сыйлаған,

Хаты  бар  атына.

 

Сенделткен  Сергейді,

Сұлулық   деседі.

Ол  енді  келмейді,

Махаббат –

Кешегі.

 

Бойында  от-ұшқын,

Кетірген  мазаны.

Сұлуы  Батыстың,

Бидің  ол –

Ажары.

 

Білезік, сырғасын,

Алдырған  Мысырдан.

Сұлулық  тұнбасын,

Халқына  ұсынған.

 

Би  болып  қонады,

Санада  қалады  ол.

Қайсарлық  барады,

Сені  іздеп,

Торедор!

 

 

 

IV

(безіну)

 

Қанша  Түн  өткізіп,

Келді  ме?

Ендеше,

Дүние  шексіздік,

Қайтер  ед,

Келмесе?!

 

Жаныңды  қоярға,

Жер  таппай,

Сенделіп.

Бос  жүрген  қиялға,

Ол  келді  дем  беріп. 

 

Билеген  сананы,

Тылсым  күш  алыстан.

Жерден  сәл  жоғары,

Нүктеде  табысқан.

 

Жаның да  қара  тер,

Тәніңді  тер  басқан.

Адамда  параллель,

Екі  өмір  жалғасқан.

 

Бір  елес  кезеді,

Қозғалыс,

Күтпеген.

Қорқақтық  безеді,

Ноқаттай  нүктеден!

 

Хош  айтар  тірлікке,

Қимастық  бар  тағы.

Жарқырап  бір  нүкте,

Өзіне  тартады.

 

Жаныңды  қинап  ең,

Түндегі  жарықта.

Әлемге  сыймап  ең...

Жатырсың  табытта!

 

 

 

 

 

V

(сәуле)

 

Қанда  бар...

Сол  жанар,

Сыр  сандық мекені.

Түн  сүзіп  арбалар,

Сығандар  өтеді.

 

Тараған  дастаны,

Аңыз  боп  тіріде.

Балаған  достары,

Бидің  һас  піріне.

 

Күледі  жылап  та,

Ол  емес – әлсіздік.

Үйінде  бірақ  та,

Тосады  жалғыздық.

 

Сан  арман  көктеді,

Би  ғұмыр  ұрлады.

Көз  жасын  төккені,

Қилы  бір  жұмбағы.

 

Ғарыштан  құйылған,

Сәуленің  аппағы.

Патшалық  бұйырған,

Ұқсастық  тақтағы.

 

Бір  бидің  жолында,

Тонатқан  күлкісін.

Әлемнің  қолында,

Қоладан  тұр  мүсін!

 

 

VI

(оралу)

 

Булығып  деміне,

Төсекке  құлапты...

Жылайтын  кезі  ме?

Түнде  шын  жылапты.

 

Қалыпты  түсі  ме,

Билеген  сананы?!

Жарықтың  ішіне,

Сүңгіп  ол  барады.

 

Жап-жарық  айнала,

Бәрін  де  көреді.

Жан  шығып,

Жай  ғана,

Тастайды  денені.

 

Лақтырған  мол  жарық,

Жолына  періште.

Ақ  нұрдан  жол  салып,

Зулайды  кеңісте.

 

Жайлылық  сезеді,

Жердегі  денесі.

Салмақсыз  кезеді,

Әлдебір  елесі.

 

Өткені  көрген  түс...

Жердегі –

Бағы  ма?

Тылсымнан  келген  күш,

Шабыт  боп  жанына.

 

Би  билеу  шаршатты,

Қайтер ед?..

Тастаса.

Сан  тарау  жол  жатты,

Басқа  жол  бастаса.

 

Алдында  жатты  жол,

Күтеді  көктемін...

Жаңадан  ашты  Ол,

Бишілер  мектебін!

 

...Жан  мен Тән  жұптасып,

Көрсетті  үлгісін.

Жер  бетін  нық  басып,

Би  билеп  тұр  мүсін!..

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар