Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Ауылым – алтын тұғырым» конкурсында қай ақынның ө...

30.11.2016 6077

«Ауылым – алтын тұғырым» конкурсында қай ақынның өлеңі жүлдеге лайықты?

«Ауылым – алтын тұғырым» конкурсында қай ақынның өлеңі жүлдеге лайықты? - adebiportal.kz


Конкурс.jpg


ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «АУЫЛ» партиясы мен «Әдебиет порталының» ұйымдастыруымен өтетін ауыл тақырыбына арналған жас ақын-жазушылар арасындағы «Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн конкурсы өз мәресіне жақындап қалды.


Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен сан алуан қаламгерлер қатысып, шығармалары көпшілік алдында жарияланды. Мүшәйраға қатысқан ақындардың өлеңдері бойынша жүлделі орындарға кім лайықты деген сауалға бас ауыртып, болжам жасап көрейік. Негізінде, мүшәйраға жіберілетін өлеңдер ақынның толық мүмкіндігін көрсете алмайды, кей жағдайда қаламы қалыптасқан қаламгерлердің өзі сайысқа негізделген өлең жазам деп сүрініп жатады.





Сайысқа қатысушы ақындардың өлеңдерін түгелімен шолып шықтық. Бірі өлеңге енді келіп жатса, енді бірі қаламы қалыптасқан танымал тұлғалар. Кейбіреуі мүшәйраның тақырыбына қатысты мақсатты түрде өлең жазса, енді бірі өзінің көкейінде бұрыннан жүрген музаны қоздатқан. Мүшәйра тақырыбына ыңғайы келіп тұрған соң, жолдаған. Көбіне соңғы бағытта жазылған өлеңдер шынайы әрі сапалы шығыпты.


Бұл сайысқа төрелік етіп, жұрттың бәрі жамырап қосыла кететін әділ шешім шығару құзіретті қазыларға қиын болады. Өйткені, мынау жақсы екен деп енді бір ақынның шығармасын оқи бергенде өлең өз мұратына жете алмай морт сынады. Ал, өлеңнің басында әлсіз деп таныған ақынның шығармасы шарықтау шегіне келгенде қадау-қадау оймен көмкеріп тастайды. Кейбір ақындар шағын өлеңін ғана жылт еткізіп жібере салған. Екінші тынысын бағамдай алмай дал боласың.



(ларбек.jpg


Біздің пайым бойынша, жүлделі орынға лайықты ақындардың бірі – Ұларбек Дәлейұлы. Ақынның өлеңінен ауылға деген шын сағынышты сезгендей болдық. Негізінен бұл өлеңдер реті келгенде жазылып, конкурсқа жіберілген демесеңіз, ақынның көкірек көзінде бұрыннан сайрап жүрген. Немесе ақын бұдан ертеректе жазып, өлеңдерін еш жерге жарияламаған. Оның күшке салмай бипаздап отырып үлкен ойларды байқатпай, қарапайым шумаққа сыйғызып жіберетіні таңғалдырады. Әдетте бұндай тәсіл тоталитарлық жүйені көзімен көрген ақындарға тән келеді.


Алыс сапардан кеткендей әбден күйісі.

Тереземде тұр өмір мен ажал сүйісіп...

Арқа іңірі әкелген қыстың желінде,

Алтайға жеткен қарашаның бар иісі.


Ақын екі кеңістікті жырлап отыр. Керек десеңіз, тұлғаның екіге жарылуы бар. Арқаның желінен, Алтайдың иісін сезінудің астарында тұтастыру, біріктіру идеясы жатыр. Тұма бастауына үңілсек Алтай мен Арқа деген егіз ұғым, төл тума болатын. Негізінде аталмыш екі жердің аспанында қалықтаған құс ортақ, жосыла жорытқан аңы бір, кеңістігі тұтас атырап еді ғой. Ақын поэтикасында Алтайдың ар жағындағы кіндік кескен жерін сағынумен қатар, бөлшектеніп кеткен жерге аңсары ауған өкініш жатыр. Бұл сарын көбіне-көп жыраулар поэзиясына тән. Қазтуған жырау «Қайырлы болсын сіздерге, бізден қалған Еділ жұрт» деп шын егілетін еді ғой. Басқа біреу болса қарғыс айтып кетер еді. Бірақ, ол гуманизмге жат болып есептеледі.


Тағдыры ұқсас Кейкімен,

«Біздерден мұра қос мола қалар» дейтін ең.

Бір түп жусанды көшіріп ектім аулама,

Алтайды аңсап өткен әкелер бейтінен...


Өлеңнің түпкі идеясы алмастыру, шендестіру арқылы жақсы бейнеленген. Біз, әдетте, Алтайдың ар жағынан келген ағайынды «оралман» деп жатамыз. Олай болса кеше ғана келген Кейкі батырдың басын да «оралман» деп атауымыз керек қой? Әділдігіне салсақ ақын өз тағдырын ашық айтып отыр. Ар жақта жүрген қандастарымыз басқа мемлекет деген атаумен өмір сүріп жатқаны болмаса, олардың жүрегі қазақ даласы деп соғып жатыр. Олар да Кенесары мен Кейкі сияқты екіге бөлінген.


Біз Ұларбек ақынның конкурсқа жіберген өлеңіндегі негізгі идеяны ғана көтеріп отырмыз. Әйтпесе өлеңнің өзін тарқатып, өміршең тұстарын талдай беруге болады. Қалғанын өзіңіз оқып, бағасын берсеңіз болады. Ұларбек ақын бас жүлдені алып жатса несі айып?



e157071ada9841ce1db9b6901641d3b2.jpg


Жүлдеге лайықты ақынның бірі - көптен бері поэзия әлемінде көрінбей кеткен Нәзерке Рамазанқызы. Бастапқы өлеңдері тәп-тәуір жазылған ақынның мұнша уақыт бойы өлең жазбай жүруі көңіл қынжылтады. Бірақ, ақын қыз конкурсқа өзінің мінезіндей нәзік өлеңдерімен қатысып жатыр. Оның өлеңдерінде бүкіл қазақ қызына тән тағдыр бар. Қазақ даналығында «қыз жат-жұрттық» немес «қыз бен қойдың жүрмейтін жері жоқ» деген ұғым бар. Ақынның туған ауылына арнаған өлеңін «Төркін», «Сыңсу», «Ел көшті» деп атауының өзінде үлкен идея жатқан жоқ па?! Неге біз ауыл десе бас салып жер-су аттарын атай жөнелуіміз керек?


Туғалы түзге шықпаған,

Қадірін жердің ұқпаған,

Алаңсыз, албырт шағымда

Жат жұртқа бастым құт қадам.

Немесе,

Көрсем бір, көңіл бұлқынар,

Әкемнің қара жұрты бар.

Топырақ түйіп қайтайын,

Туған жерімнен бір тұмар.


Бұл өлең жолдарын оқып отырып көз алдыңа қарындастың, қалқаның бейнесі қылаң береді. Ертеректе тұрмыс құрып, үбірлі-шүбірлі болып отырған әпкеңнің сағынышын сезінесің. Қыздың тағдырын қыздан асырып ешкім айта алмайтынына көзіміз жетті. Осыған тақілеттес ертеректе жазылған Мырзагелді Кеңшіліктің «Жат-жұртқа ұзатылып кеткен апам» деп басталатын тамаша өлеңі бар еді. Нәзеркенің мына өлеңі мүшәйраға бергісіз жақсы өлең деп айтуымызға толық негіз бар.


Басыма салған желегім,

Жасымды шылар демедім.

Бұрмай бір кетсем мойнымды,

Бауырың суық демегін.


Ізденіске барған ақын сәтті өлеңімен жүлделі орындардан көрініп жатса жарасымды емес пе?!



Олжас Қасым.jpg


Жүлделі орындарға лайықты ақынның бірі – Олжас Қасым. Олжас негізінен лирик ақын. Өлеңді өзінше сезінеді. Өзінше ой қорытады. Оның өлеңде қолданылатын техникалық тәсілдері, тіркестердің өзара ымдасып-жымдасып орналасуының арасынан қыл өтпейді. Әрине, конкурсқа жіберген өлеңінің кейбір жерінде асығыс, жасанды жазылып кеткен шумақтары жоқ емес. Оны ақынның өзі де жақсы білетін шығар. Бірақ жақсы шумақтардың, ұтымды ойлардың сәулесі өлеңнің тұла бойын құлпыртып тұр.


Ауыл, ауыл түп қазығым, тағдырым,

Көптен көрмей қоңылтақсып қалды ұлың.

Шөліркеген ақ жанымның түндігін,

Жаңбырыңмен сабалашы дәл бүгін.


Өлең бе – өлең. Шынайылық бар. Өлеңді оқып отырып туған ауылдың ой-қырын шолып шығасың. Әйтпесе, тура мағынасында қараған күннің өзінде ақын шөліркеген «жаңбыр» өзге қаланың аспанында да күнде жауады ғой. Келесі бір өлеңінде:


«Тұңғышым арман – шыңға туын қадар,

Кенже ұлым – үмітімдей күлім қағар.

Бұрынғы күліп түскен суретіне,

Шынымен ұқсай ма екен бүгінде олар?!


Осы қарапайым тіркестеді оқып отырып, қарт ананың бейнесі көз алдыңа елестейді. Бұл сайыста Олжас Қасым жүлделі боп жатса, таң қалмаймыз.



Айжан.jpg


Жүлделі болуға лайықты ақынның бірі – Айжан Табаракқызы. Не жазса да «жүз ойланып, мың толғанып» жазатын ақын қыздың өлеңдері өтімді. Оның осал өлең жазғанын сирек көреміз. Өлеңді екпіндетіп бастаудың хас шебері. Ол әрдайым өз тағдырын ғана жазып, өзгелердің мұңының үстінен дөп түсіп жүретін ақын. Бұл сайысқа жіберген өлеңінде үлкен дәуір жатыр.


Жұртым-ау, қайда келдім...

Барам қайда?!

Аманат қылған саған ағам қайда?!

Жел ғана маңдайымнан сипайды үнсіз,

Түсіргісі келгендей анамды ойға...


Айжанның бұл өлеңін талдаудың өзі қауіпті әрі қорқынышты. Бұны тек қана егіліп отырып, сеніп отырып оқу керек.


Дәл қазір аспан болып жылап тұрмын,

Өзіңнен кеттім білем, жырақ бұл күн...

Туған ел, сені-дағы түсінем ғой,

Бауыры бүтін дейсің бірақ, кімнің..


Айта алмадым гүліңнің ұнайтынын,

Айта алмадым келем деп бұлай бір күн...

Сонда да мен өзіңнің xабарыңды,

Шығыстан ескен желден сұрайтынмын.


Айжан Табаракқызы жүлделі орынға әбден лайық. Ақынның мақамына салып, «қазылар жақтан ескен желге» соны ескертеміз.


Біз өз пікірімізді, көңілі хошы ұсынған әділ төрелігімізді ғана айтып отырмыз. Әйтпесе, бұл конкурсқа өзге де мықты ақындар қатысып жатыр. Айтпақшы, өз бағасын әлдеқашан алып қойған ақын Ерлан Жүністің поэмасы осы сайыста бақ сынап жатыр. Бірақ, бұндай ақынның деңгейімен салыстырсақ, бұл поэма сәтсіз шыққан деп айтуға құқылымыз. Әрине, сюжет құрылымдары, өзекті проблемаларды көтерудегі жетістіктері баршылық. Дегенмен, біз Ерлан Жүністің тек шарықтау шегін көріп үйреніп қалған оқырманбыз...


Ұмтыл Зарыққан, Оразай Жеңісұлы, Алтынғадыс Күнтуғанұлы деген ақындардың өлеңдері де жаман емес.


Қоғамнан әділдік сұрап жүрген ақындардың арасындағы сайыс әділ өтсе келісті емес пе? Біздің қазыларға ақынның бет-беделіне, атақ-абыройына қарап баға беруді қою керек. Ендігі төрелікті қазылар алқасынан күтеміз. Біздікі жай болжам ғана. 




Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар