Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Әке жолын жалғастырған...

Blogs

10.12.2021
4399

Әке жолын жалғастырған...

Өңі, үні жып-жылы әйел есік ашып: «Жоғары шық, айналайын!» - деп қай бөлмеге өту кергін нұсқады да, өзі қарма-қарсыға жайғасып, аз-кем үнсіздіктен соң келген шаруа жай-жапсарына құлақ қойып, бірден іліп әкетті. Хадиша Елеусінқызы аспай-саспай жүйелі әңгімелейді екен.

 

 

* * *

 

 

Ес біліп, есейгенше айналаңда болып жатқан жақсы мен жаманның арасалмағын бағамдау қиын. Бірақ тағдыр атты өктем әке менен, менің қатарласарымнан балалық бал дәуреннің қызығын қызғанып, ерте есеймеуге жанымызды қоймады-ау деймін.

 

Әкем Елеусін Бұйрын Батыс Қазақтан облысының Жаңақала ауданында дүниеге келген. Шыққан тегі жарлы-жақыбай, кедей болса да өзінің еті тірі боп алғашқы білімін Бөкейдегі Жәңгір мектебінен алыпты да, әке-шешесі қайтыс болған соң, әуелі жамағайын бай нағашыларының малын бағып, содан соң байға писарь болып жүргенде елге келіп-кететін татарларға ілесіп Қазан қаласына барып, сондағы мұғалімдер семинариясына түседі. Оны бітірген соң Астраханьда бала оқытады.

 

Осы кезеңде ол Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қарашев, Бақытжан Қаратаев, Сейітқали Меңдешев, Мәжит Шомбалов сынды азаматтармен танысып, қазақ тілінде газет шығаруға бел буып, Ордаға келеді.

 

Қаражаты жоқ адамға қай заманда да ойлағанын іске асыра қою оңай болған ба, қалтаның жұқалығы қол байлап, ісін бірден дөңгелете алмай қиналса, газет үшін ел аралаған аты аталған жолдастары көмекке келіпті.

 

Оған Шәңгерей Бөкеев өз байлығынан 1500, әзербайжан байы Зейнелғабиден Тафиев 1000 сом, семейліктер де біраз қаражат жинап беріпті.

 

Сөйтіп, 1911 жылы «Қазақстан» атты газет жарық көреді. Сол кезде бүгінгі еліміздің Қазақстан атауын әкем аузына Алла салды ма екен, әлде санасы ұйқыдағы халқын оятуға талпынған өзі сияқты көзі, көкірегі ояу азаматтардай келер күннің жарқындығын болжай алды ма, әйтеуір қалай да осы бір сөзден-ақ оның жұртын биіктен көріп, іргелі ел болғанын қалағаны аңғарылады.

 

Бірақ газет ғұмыры ұзаққа бармаған, ол 1913 жылы жабылып қалыпты.

 

Әкемнің «Ызың» атты кітабы бар. Ондағы «Әу, қазақ» деген өлеңінің:

 

Сен қашан қатарға кеп ел боласың,

Былайғы кеме айдайды қара жерден, - деген жолдарынан-ақ оның елін алға сүйрегісі келген арман-тілегін аңғару қиын емес.

 

Кітапта М.Жұмабаев, Ахмет Мәметов, Ғ.Малдыбаев, И.Бисенов, Х.Қоңыратбаевтың өлеңдерін де енгізіп, өзінің орыс қаламгерлерінен жасаған аудармаларын беріпті.

 

Анам - Ұмсын әулетті жердің қызы екен. Ол кезде байдың кедей, жетім жігітке қыз беруіне қарағанда оның көзі ашықтығын ескерсе керек.

 

Анам он екі құрсақ көтерсе де, соңдарына тек төртеуі ғана ілесіпті. Үлкені – Ғайша, ағам Әнуар, София және кенжесі мен.

 

Ата-анама отбасылық бақыт жазбаған сияқты.Ол 1932 жылы Алматыда орталық музейде ғылыми қызметкер боп жүргенде елден кетіп, Сталинабадқа барып паналауға мәжбүр болады. Себебі, ел ішінде қазақ оқығандарын кеңес өкіметінің қырына алып, қудалауы басталады.

 

Ғайша ол кезде Мәскеудің медицина институтында, Әнуар тау-кен институтында оқып жүр екен, анам мен кішкентай мені соларға жіберіп, өзі соңына Софияны ертіп елден жырақтайды.

 

Шамасы ойы, ел ішінен сыртқа кетсек, қара тізімнен қалыс қалармыз болар. Одан кейін әкемнің қайда кетіп, не күй кешкенін ешкім білмейді.

 

Тек 1933 жылы Ғайшаны оқудан шығарып, Свердловскіге жер аударып, Әнуарды да оқудан шеттетіп, бізге қосып Нижний Тагильден 40 шақырым «III Интернационал» деген жерге жібергенде ғана үйдегілер әкемнің ұсталғанын жобалапты.

 

Ал Софияның тағдыры не боланын кім білсін, аштан өліп қалуы мүмкін. Себебі, әкем Тәжікстанда да архивтің маңайына қызетке кірген екен, одан да шығарылып, жағдайлары ушыққан соң, Тәжік КСР Атқару комитетіне жазған өтінішнде қызы екеуінің аштан өлуге таяу екенін көрсетіп, көмек сұрағанын архив материалдары айғақтайды.

 

Ес білгенде әке туралы білген бар мағұлмат осы. Ересектер болмаса мен оның түр-түсін де білмеймін. Бірақ қиын тағдыр оның бейнесін көзалдыма талай әкелді десем өтірік болмас. Панасыздық, жетім-жесір тіршілік жоқтатпай қояр ма?..

 

...Тагиль маңындағы орман арасындағы өзеннен анам мен Әнуар өздері сияқты жер аударылғандармен бірге алтын шаяды. Ертедан қара кешке дейін күйбеңдеген ауыр жұмыс.

 

Бес жасар мен қылқиып қастарында жүремін. Ойын баласы болсам да оны маған жазбағанын сеземін бе, әйтеуір қол қимылын бақылаудан басқаға елеңдемеймін.

 

Мұндай да мен күтетін бір сәт бар. Тұқшыңдаған әйел басын ақырын ғана көтеріп, биіктен көз жазбай қалшиятын қарауылға қарай қойса, анау неге екені белгісіз тұрысынан жазып, теріс айналады. Сол сәтте епті саусақтар жып еткізіп бір түйір алтының қиқымын алақанға қысып қап, сәлден соң үстіндегі киімнің дұрыстау жеріне жайлап жасырып үлгіреді.

 

Кейін анамның айтуынша, қарауылға қарағанында жалынышын білдіріп, анау «жарайды» дегендей теріс айналады екен. Жеті атасына рақмет, үрпиген баланы аяғаны шығар, ол кезде байыбына бармайтын үнсіз келісімнің мәніне жетпесем де, дәл сондай бір нәрсені шамалап, биіктегі ағаға ішім жылып, алғыс білдіргендей болатынмын. Кім болса да - мың да бір алғыс. О дүниелік болса, жатқан жері жарық болсын!

 

Анам түйіршікті тыққан соң, дәл бір жүгіріп мәреге жеткендей солығын басқысы кеп терең тыныстайды. Мен ондай да жымың ете қаламын.

 

Ол сәтте әдемі тасты алғаны ұантайтыны сонша, тура қалтаға күн түсіп бара жатқандай сезініп, шаттанғым келеді. Екіншіден ауызға аз болса да бір нәрсе тиіп, ішіміз жылитыны белгілі, жұтынып-жұтынып қоямын.

 

Енді қалай?.. Ішерге тамақ, киерге киім жоқ, өлместің күні кешкеніміз. Жаңағы түйіршіктер арнайы алтын қабылдайтын орынға апарып тапсырылып, одан алған мардымсыз тиын-тебенге тамақ сатып аламыз.

 

Адамдар жүрек жалғау үшін жеуге жарағанның бәрін талғажау етті. Жұмыскерлер қолдары сәл қалт етсе орман арасын кезіп, саңырауқұлақ жинайтын. Жапырақтардың арасын аршуға ептейлі бала емеспін бе, кішкентай болсам да тырбаңдап көмектесуге трысамын.

 

Бірде бір ағаш түбіне еңкейе беріп әлденені көз шалды. Бас көтеріп қайыра қарағанмын, әрісамандау ағаш арасымен аю қарсы келе жатыр. Шыңғырған дауыс құлақ тұндырып, анам жандәрмен жеткен. Сылқ ете түстім. Маңайдағылар дүрлігіп жан-жаққа қарап, шошынудың мәнін ұғып, тым-тырақай қашыпты.

 

Шамасы, қатты шошынсам керек, анама салдауыр боп, жұмыс істеу оңайға соқпады. Ол ізденіп жүріп, ақыры Тагильдің өзіне ауыстық.

 

Пәтер жалдап тұрамыз. Анамның тышқаншылап жиған түйіршіктері және өз жасауымен келген, жасырып жүретін күміс қасықтары сатылып, айырбасталып, менің дәрігерге көрсетіліп қатарға қосылуыма, әйтуір аштан өлмей тірі қалуымызға себеп болды.

 

Солай итшілеумен ақыры мерзімді жылдарды өтеп, 1937 жылы Алматыға оралдық. Мұнда Көктөбенің маңындағы Мельница Смычки аталатын маңайдан пәтер тауып алдық.

 

Пәтер деген аты, жылтыраған терезесі бар демесең – үңгір. Әнуар оқуын Алматыға тау-кен институтына ауыстырды. Мен № 12 мектептегі төрт жылдық орыс класында оқып, содан № 35- мектепке ауыстым.

 

Қатынас көлігінің жоқ кезі; сабаққа жаяу келу ақырзман. Әсіресе, күн ерте қарайғанда қатты қиналдық. Ол кезде апам Әбу Сәрсенбаевпен танысқан еді, сол кісі менің өз үйінде тұрып оқуыма рұқсат етіп, қуанып қалдық.

 

Тағы бір қуанышымыз - алыс Свердловскіден Ғайша жылын өтеп келді. Ол сонда жүріп сырттай Мәскеудегі оқуын бітіріп алыпты, бірақ оған Алматыда жұмыс істеуге рұқсат жасамай, қаладан алыстау «Елтай» деген ауылға барып орналасты.

 

 

* * *

 

 

Хадиша апай түйліп қалғандай төмен қарап тұқырды. Басын көтергенде сүйкімді жүзіне үзіліп түскен жасын сүртіп:

 

- Е, бұл бір мұңын тілмен айтып жеткізе алмас, есіңе алсаң ет-жүрегің қаңқақсап қоя беретін ғасыр болды ғой. Талай қиындықты бастан өткерсек те, біз біраз от оттап, су ішіп, жер ортасынан астық, ал Ғайша...

 

Қыршын, қыршын кеткен екен ғой. Обалай, не жар сүйіп, не бала сүйіп, не түртпекте жүріп бітірген оқуының жемісін көрмей айдауда жүргенде нашарлаған денсаулығы оны ақыры бізден біржола ажыратып, мәңгіге, о дүниеге алып кетті. Қолдан келер шара бар ма, жас тамшылап қала бердік, - деді.

 

Өзі айтқандай-ақ, содан бері талай жылдар артта қалып, «тәубалаумен» тау басына шығып, атақ-дәрежеге жетсе де, көкіректегіні кесіп тастау мүмкін емесін жаздай жылы өңінің әп-сәтте солып, жабырқап, қуарып шыға келгенінен-ақ көріп отырмын.

 

Жалпы Хадиша апайдың рухы биік шығар, өмірдің таршылығын балауыз кезінен сезініп, қыспағынан өтсе де жанының жылылығын жоғалтпаған, сабырлы, жібек мінезді сүйкімді әйел екен.

 

- Кешір, айналайын, - деп алып, бой жиып, әңгімесін әрі қарай жалғады.

 

...Көп ұазамай Әнуар оқуын бітірген соң қызмет бабымен Жезқазғанға ауысты. Мен жеті жылдықтан кейін оқуды жалғастыра алмадым. Өйткені, асыраушы анамның көзі ауыра бастаған. Әнуарды сағалап біз де Жезқазғанға келдік. Апамды білгір дәрігерлерге көрсеткенбіз, бірақ одан қайран болмай, шахтаға жұмысқа кіруіме тура келді.

 

Онда руда тиелген вагондарды қадағалаушы (хронометражист) болдым. «Қол қимылдаса, ауыз қимылдайды», - дейді емес пе, ол кезде паек деген беріледі, апама 300 грамм, маған 1 кило нан беріледі. Кәдімгідей боп, мен алған айлықты жинай бастадық. Апамның ойы – Алматыға қайыра барғанда баспана сатып алу. Дұрыс-ақ, мұнысы құптарлық.

 

Бірақ түйткіл бір нәрсе бар - түнгі кезекке шығу сұмдық. Өйткені, сотталғандармен (зек) бірге істеймін, он бестегі балаң кез, жұмыс аяғы біткенше зәре-құт қалмайды.

 

Тастай қараңғыдағы жарықтың түрі «карбитка» деп аталатын шайтан отындай ғана шам. Ал бой билейтін үрей қараңғыдан да қап-қара еді.

 

Жанды шүберекке түюмен таңды әзер атырамын.Алла абиыр берді ме, жоқ әлде ол кездің түрмесіндегілерде біреуге деген аяушылық, адамдық қасиет бар ма кім білсін тиіспеді.

 

Түнге шығуға қанша қорықсам да анама сездіргім келмейтін, білсе жібермей қояды. Ал жұмыссыз қалсам - наннан айырыламыз. Әйтеуір , жан мұрын ұшына келген бір тіршілік.

 

Сөйтіп жүріп, ыңғайын тауып шахтадан шығып, мыс комбинатына жұмысқа ауысып, сол 1946 жылғы Мәскеуде өткен жастардың физкультура парадына қатыстым. Кішкене кезде осында тұрғанымызбен есте қалған ештеме жоқ, енді оның көшелерімен танысып, өзімдей талай жастармен табыстым.

 

Бұл сапар албырт көңілге жанар таудай қопарылыс, жаңа құлшыныс әкелді. Жұмыс істеп жүріп мектепті сырттай бітіріп алған едім, енді жоғары оқу орнына түсуді аңсап кеп, университеттің биология факультетіне түстім.

 

Бірақ адамның ойлағаны бола бере ме, анамның көзінен біржола айырылуы, оқудан тағы қол үзуге мәжбүр етті. Ол Әнуардың қолында еді, алып кеп Алматыдағы дәрігерлерге көрсеттім, ештеме болмады. Ішіп-жем, тұратын баспанаға төлейтін пәтерақыны өтеу керек. Академиялық демалыс алып , жұмыс істеп жүріп аңғарсам, ол кезде 2 жылдық заң мектебі деген болған, соған төленетін стипендиямен мен алатын жалақы бірдей екен, ойланбастан соған түсіп, оны бітіріп алып, жұмысқа орналастым.

 

Сол жылдары әскерден келген КГБ-де істейтін қостанайлық Әбілтай Егізбаевпен танысып тұрмысқа шығып, үй болдық. Алла әкенің сүйенішіне зар етсе, Әбекеңдей азаматқа кез етті. Өмірдің көңілсіз жағын ерте көріп, ауырлығы езген, сынық сағым - ду етіп түрленіп, қау етіп гүлденіп шыға келгендей.

 

Ол отасқан күннен бастап тіреніш боп, жеке үй алды. Отбасы қоңырсып 1953 жылы тұңғыш - Мұрат, 1956 жылы екінші ұл Жанат дүниеге келді.

 

Енді үзіліп қалған оқуды жалғастыруға мүмкіндік туды. Зооветринарлық-малдәрігерлік институттың 3-курсына қабылданып, оны 1958 жылы бітіріп, аспирантураға жолдама алдым. Оны аяқтаған соң Ғылым академиясының Зоология институтында әуелі лаборант, одан кейін кіші қызметкер боп, 1965 жылы кандидаттық диссертация қорғап, аға қызметкер болдым. Ал 1983 жылы «Құс гельминттері тіршілік циклде (айналасын)» және су құстары гименолепидозорынан арылу шараларын тұңғыш рет дәлелдеп шықтым.

 

Бұл еңбек шет ел ғалымдарының назарына ілініп, қолдау тауып, АҚШ, Үндістан, Польша, Венгрия, Болгария мерзімді басылымдарында жарық көрді. Еңбек бүгінгі экологиялық шиеленіс бүкіл әлемдік сипат алған тұста аса құндылығымен бағаланып отыр. Жалпы – 140, оның ішінде 6 монографиялық ғылыми еңбектің авторы болдым. 2 патент, 3 авторлық куәлікке иемін.

 

1973 жылы А.Ақаев, Е.Сәтеков сынды ғалымдармен бірлесіп «Малдың табиғи ордалы аурулары» атты қазақ тілінде кітап шығардық.

 

1994 жылы зейнеткерлікке шыққан соң Қазақ мемлекеттік қыздар институтының (ЖенПИдің) шақыруымен зоология кафедрасына келіп шәкірттер дайындауға кірістім. Осында профессорлық диплом алдым. 3 кандидатым бар.

 

Әйел тек ғылыммен ғана айналысып жүре ала ма. 25 жыл табан жолын көруден қалған ғаріп анам қолымда боп, 1972 жылы қайтыс болды. Үлкен ұл Мұрат - политехникалық институттың автоматика-механика факультетін бітіріп шыққан, әскери, Жанат КазГУ-дің биофакультетін бітірген ғылыми қызметкер, өз алдарына үй-жай болды, екі немере бар. Осының бәрінде де азаматтық, аналық парызды шынайы өтеуде еншім бар-ау деймін.

 

Әнуар техника ғылымынан кандидаттық қорғап, докторлық диссертациясы дайын тұрғанда анамнан кейін іле-шала қайтыс болған. Қазір бір кіндіктен жалғызбын. Әйтеуір көзім тірісінде әкем аты ақталып, Орал қаласы, Чапаев көшесіндегі үйдің қабырғасына «1911-13 жылдары көрнекті қоғам қайраткері, бірінші «Қазақстан» газетінің редакторы Е.Бұйрин жұмыс істеді» деген ескерткіш тақта қойылғанда көңіл марқайып, қуанып қалдым.

 

Бұдан артық қуаныш бола ма?! Әлпеті көз алдыма бұлдырап кегенімен анамның айтуымен көкейдегі көк терек әке бейнесі, оның «Әу, қазақ» өлеңі жадымда үнемі жаңғырып келді емес пе? Не істеп, не қойғанымды, өмір жолын санамалап отырғаным содан. «Әу, қазаққа» құлақ асқан, зейін қойған қазақ қызының бірі боласм деген арман алға жетеледі емес пе. Биология ғылымының докторы, жаратылстану академиясының академигі, Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры атануым сол үзілмеген махаббаттың жемісі мен жеңісі-ау деймін.

 

 

* * *

 

 

Шыны солай болар. Артында қалған ұрпағының «Әу қазаққа» үн қоса алғаны әке арманының орындалғаны емес пе?! Газетіне «Қазақстан» атауын бергенде Елеусін Бұйрин де «стан» арқылы әулиелер жатқан, ата-бабаның «астанам» деп таныған киелі алтын топырағы Түркістанмен» үндескісі келгені шығар деп ойлаймын.


Share:      
Leave a comment: