Blogs
Алдым мың сом, бердім жүз сом...
Байөлкенің Цэнгэл өлкесінде Қапсалаң деген дау-шарға бейім, пысық кісі болған екен. Әлгі кісі бір тывадан 1000 сом қарыздап алады да, қарызын қайтармай, соза беріпті. Тыва ары сұрайды, бері сұрайды. Ақыры бір күні 100 сомын қолына ұстатып:
- Алдым мың сом, бердім жүз сом, рас па?, - депті. Қапекеңнің иіліп тұрғанын пайдаланып, қолхат алып қалмақ болған тыва: Рас-рас! Осыны қағазға жазып берші!, - дейді.
- Ойбуй, мен хат танымаймын ғой. Өзің жазып берші, осы сөзді. Қолыңды қой. Мен бармақ басамын - депті Қапекең. Ойында ештеңе жоқ, тыва отыра қалып, оқушы дәптерінің парағына: - Алдым, мың сом, бердім жүз сом, - деп жазып, қол қойып ұсынады.
- Жақсы болды, ендеше!, - деп қағазды бүктеп қойынға тығып кете барады.
- Қағазды өзіме бер! Сенің айтқаныңды жаздым емес пе! - десе Қапекең:
- Айтқан мен. Жазған сен. Алған сен. Бұрын сенікі Бердім мың сом, алдым жүз сом болатын. Енді сенікі Алдым мың сом, бердім жүз сом. Фактісі - өз қолыңмен жазып, қол қойған қолхатың. Тоғыз жүз сомымды сұрамай тұрғанда қайқай! - дейді. Қазаққа әбден алданғанын білген тыва санын соғып қала берген екен.