Blogs
Алғашқы қадамдар
Алғашқы қадамдар
(Сахналық қойылым)
1-КӨРІНІС
Сырым - ақын сал
Қаракөз - бойжеткен
Нарша - Қарагөздің күйеуі
Қойсары - бас құда, Наршаның ағайыны
Текті - Наршаның шешесі
Жүсіпбек Аймауытов - жазушы, драматург
Мұхтар Әуезов - жазушы, драматург
Жұмат Шанин - әртіс, режиссер, драматург
Ғалиақпар Төребаев - әртіс
Сахнада М.Әуезовтің «Қарагөз» пьесасының соңы жүріп жатыр
Киіз үйдің іші. Қаракөз жүдеу. Зорға жүреді, әлсіз, шашы тал-тал болып бетін жапқан... Ақырын ән салып жүреді, жүзінде мағына жоқ... Көзі белгісіз қыдырып қарайды... Қаракөз жынданған, қолында жапырағы бар ағаштың бұтағы.
Қойсары. Сырым, өзің тілдесіп көрсең қайтеді?! Мүмкін, есін жияр?!
Сырым (Өңі жүдеу. «Мені таныр ма екен» деген оймен Қаракөздің қасына кеп қолын сүйіп): Боялсын омырауым етек толып,
Қайғыдан мен де өртендім, міне, солып.
Маған-дағы сол күн келсін,
Тоғайда сондай қара түні болып.
Қарагөз (Қатты шошып айғайлап). А-а-а?.. тоғай... түн... Сырым... Әне әжем... шақырады... шақырады... (Шалқасынан сіресіп жығылады, Сырым шошып отырып қалады.)
Қойсары. Өңі бұзылып кетті ғой... Қаракөз бейшараның әлі құрыды ғой деймін. Енді қинамасақ та болатын ба еді. Немене?
Нарша (Төсегінен басын көтеріп). Құдай-ау, үзіліп барады ғой. (Жылап.) Бір ауыз жылы сөз... Бір ауыз ғана «кештім» деген сөзді естімей қалғаным ба? Мен кім болдым? Не боп қалдым? Шынымен-ақ бөтен жанның тойын тойлап қалғаным ба? Жұртта қалған күшіктей құлазып жалғыздықтан өткенім бе? Менен қашып бетін шоққа салған жанның қайғысын маған арқалауға ғана жазғаның ба? (Талықсып жығылады. Қаракөз үзіліп бара жатады)
Қойсары иман айтып отырады
Текті (Ақырын жылап отырып). Сорлы, сорың қалың сор маңдай екенсің ғой... Маңайыңда жыламаған жан қалдырмағаның не? Құдай, әлде осының қарғысына ұшырадым ба?
Қойсары. Үзілді... Қаракөз қайтпас жолға сапар етті. Байқұсқа құдайдың бұл уақытта жібергені де тілегін бергені шығар. Енді бұл сорлыға не үміт, не өмір қалып еді.
Сырым. (Үндемей түнеріп отырған қалпынан қозғалып келіп Қаракөздің басын құшақтап). Сәулем... Есіңнен айырылған күнде де тілеуің менде екен ғой.., өлуге мені күтіп отыр екенсің ғой.., шыбын жаныңды қорлықпен осы жерге сүйреп келгенде, басымда Сырым отыратын күнге жеткіз деп тілеген екенсің ғой... Мен енді ақтайын тілеуіңді... өмірімде мен де бір сен деген тілеумен өтейін... Дулат! Сен менің қару-сайманымды ал да, елге қайт... Әуелгі Қарауылға қайт!.. Бар жолдасты тарат!.. Мені қуған барлық жау өлтіремін, өртеймін десе де бас тартпаймын. Іздегені мені Қаракөздің қабірінің басынан табады. Енді Қаракөзде ешкімнің ортағы жоқ... Қаракөз менікі (Еңіреп жылап үстіне жығылады.) Шымылдық.
2-КӨРІНІС
Сахнаға Ғалиақпар шығады
Ғалиақпар Төребаев: - Құрметті көрермен! М.Әуезовтің «Қарагөз» ойыны аяқталды. (Ойыншылар ортаға келіп иіледі). Қарсы алыңыздар ойынды қоюшы Жүсіпбек Аймауытов және жазған Мұхтар Әуезов. (Сахнаға Жүсіпбек пен Мұхтар шығады).
Ду қол шапалақ. Халық толассыз қол шапалақтайды.
- Жарайсың, Жүсіпбек!
- Мұхтар Әуезов жасасын!
- Ойын тамаша!
- Пай, шіркін! Мұндай ойын көргем жоқ!
- Өй, аяқталғаны несі?
- Тағы жалғасы бар ма?
- Қоюшылармен тілдесіп қалайық та!
Ғалиақпар Төребаев: - Ойын аяқталды әлеумет, тараңыздар! (Бірақ толассыз қол шапалақтау).
Жұмат Шанин (сахнада тұрған Жүсіпбек пен Мұхтарға кеп): - Жүке, Мұқа! Құттықтаймын! Ойын тамаша өтті! Жүріңіздер, былай сытылып шығып кетпесек болмас.
Мұхтар Әуезов: - Дұрыс айтасың, Жұмат. Жүке, жеке жерге барып ойынды талқыламаймыз ба?
Жүсіпбек Аймауытов: - Мұқа, сыртқа шығып таза ауамен тыныстап, бақ жаққа барып серуендеп қайтайық.
Мұхтар Әуезов: - Табылған ақыл. Жігіттер, ал кеттік онда, не тұрыс?
Сыртқа шығады. Күн аяз. Пальтоларының жағасын көтеріп жүріп келеді.
Жүсіпбек Аймауытов (қуанышты үнмен): - Семейдің осы бір қатты аязын да сағынамын.
Мұхтар Әуезов (тоқтаңқырап): - Аға, біздің қатты аязымызға да қарамастан Шымкенттен келіп көп қиыншылықпен театрдың сахнасында «Қарагөзді» қойып жатқаныңызға алғысым шексіз. «Қарагөзді» дәл өзіңіздей ешкім де қоймас.
Жүсіпбек Аймауытов (Мұхтарға қолын ұсынып): - Мұқа, айтпақшы құттықтап қояйын! Ұмытып барады екем. «Ес-Аймақ» Семейдегі ұстаздар даярлайтын техникум қарамағына көшіп жатыр екен. Бұдан асқан бақыт бар ма?
Мұхтар Әуезов (жарқын дауыспен): - Иәә, аға. Дұрыс айтасыз! Енді қара да тұрыңыз, осы қара шаңырақта қазақ спектакльдерінің сахналық мәдениеті артып, труппа мүшелері профессионалдық дәрежеге көтеріле береді.
Жүсіпбек Аймауытов (тоқтайды): - Мұхтар, елің үшін жасап жүрген игілікті істерің көп. Разымын, бауырым. Театр дегенде сенің де жаның бөлек қой, Мұқаа. Алғашқы «Еңлік-Кебегің» өзі бір төбе емес пе?!
Мұхтар Әуезов: - Жоқ, аға, қазақ топырағындағы тұңғыш өзіңіздің спектакліңіз 1915 жылы, 13 ақпанда осы Семейде қойылған “Біржан – Сара” емес пе?
Жүсіпбек Аймауытов (аздап қысылыңқырап): - Ай, Мұқа, сен де айтасың-ау! Ол да бір тарих қой. Сахнаға қоятын пьеса болмағандықтан, мұғалімдер семинариясының студенті боп жүрген кезім еді, сол кезде әйгілі “Біржан – Сара” айтысын сахнаға бейімдедім.
Мұхтар Әуезов (шабыттана): - Бұл ұлттық сахна өнерінің туған күні. Осындай еуропалық үлгіде спектакль қою – ұлттық сахна өнерінің бастамасы. Біз енді қазақ театрының тарихын 1915 жылдан бастағанымыз жөн. Тарихи да, ғылыми да шындық осы.
Жұмат Шанин (ойнақы үнмен): - Ай, пәлі! Үлкендердің естелігіне сүйенсек тамаша шығармашылық ізденісті көреміз, Жүке! Біржан мен Сара пьесасын ағаларымыз жыр қып айтады емес пе. “... Сценаның төріне қазақ салтынша масаты кілемдер төселіп, оюлы отау-шатыр құрылған. Залдың бір жағынан қолында үкілі домбырасы, торғын шапанды, ақ камзолды, орта бойлы, дөңгелек кішкене қара сақалды, кәмшат бөріктің шоқпардай үкісін бұлғақтатып, айқай сала ән шырқап Біржан шықты (кербездене Біржанның жүрісін салып).
Бұл үйде Сара бар ма шықсын бері,
Іздеген келіп тұрмын Біржан сері.
Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,
Үйінде Тұрысбектің өлген жері, – деп шырқаған Біржан дауысын естіп, қасында жеті-сегіз қыздары бар, бұрала басып, былқылдап Сара шықты (қыз баланың жүрісіне салып). Үстінде оқалы камзол, атлас шапанын иығына жамылып, бүтін дүниені бір тырнағына теңгермей келе жатқан сері қыз Сара екенін көрген жерден-ақ әркім білді”, – деп айтпады ма?!
(қыран-топан күлкі)
Мұхтар Әуезов (Жұматтың иығына қолын салып): - Е-е, Жұматжан, Сара рөлінде ойнаған Тұрар Қозыбағарова жұрттың ықыласын өзіне магниттей тартты емес пе.
Жүсіпбек Аймауытов: - Иәә.. (Сәл үнсіздіктен кейін). Айтпақшы, Мұқа, биыл Орынборда қазақтың тұңғыш академиялық театры ашылғаны қандай тамаша болған!
Мұхтар Әуезов (қуанышты үнмен): - Әрине. Театр жұмысын ұйымдастыруға байланысты біздің труппаның белді актерлерін Орынбор қаласына шақырды. Ішінде тұңғыш режиссеріміз мына тұрған Жұмат та бар. Жұмат жалғыз емес, қасында әйгілі әнші Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовтар бар.
Жүсіпбек (қуанып): - Әп, бәрекелді! Семей - Қазақ даласындағы өнердің рухани ордасы емес пе? Бізден ондаған спектакльдер жарыққа шықты. Біздің жастар әбден шыңдалған өнерпаздар ғой. Астанаға шақырту алғандары қуантарлық жағдай екен.
Мұхтар Әуезов (сабырлы үнмен): - Қазақстанның тұңғыш театрының ашылуы келесі жылы болады. Алғаш қойылатын пьеса «Еңлік-Кебек» болуы керек. Өйткені, біздің Семей актерлері өзіңіз білесіз бұл пьесаны әлденеше рет ойнап, әбден кемеліне келтірген болатын.
Жүсіпбек Аймауытов (Мұхтарға бұрылып, салмақты үнмен): - Мұқа, «Ес-Аймақ» сіздің жетекшілігіңізбен дүниеге келді. «Ес-Аймақ» аталатын бұл қоғам халыққа қызмет етіп, санаға өнер жарығымен сырлы сәуле құя білді. Белді актерлер кетсе «Ес-аймақтың» жағдайы қалай болар екен. Өнерлі жастар керек қой.
Мұхтар Әуезов (Ғалиды көрсетіп): - Мына Ғалиақпар Төребаев Орынборға бармайтын болды. Ғалиақпардың жетекшілігімен «Ес-Аймақ» труппасы игілікті қадам баса береді деп ойлаймын. Труппа құрамында Ахмет Әуезов, Кенжебек Құлғарин, Сейітқазы Тоқымбаев, әйгілі әншілер Жүсіпбек Елебеков, Әлмағамбет Қапсәләмов сияқты өнерге өзегін тосқан өнерпаздарымызды, тағы басқаларды тартамыз. Труппаға Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды өнерге өзек тосқан талапты жастар да келіп қосылды. Мен соған өте қуаныштымын. Бұдан былай солармен өнерлі орданың іргетасы қалануы қажет.
Ғалиақпар Төребаев (Жүсіпбекке қарап): - Оған қам жемеңіз, аға! Біздің үйірменің, труппаның жастары талапты ғой. Өнерлері өз алдына, сонымен қатар декорация жасау, грим, парик, бутафор сияқты сахна компоненттерін өз қолдарымен жасауды үйреніп алды.
Мұхтар Әуезов (Жүсіпбекті демеп, ортаға шығып): - Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді құрғақ тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай өнерді алсақ та сән - салтанатпен, ырғалып-жырғалып бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Қай өнерді алсақ та әуелде өз елінің халық өнері болып, содан ілгері қарай басқан сатысында ғана көптікі болып, жалпы адам баласының ортақ теңізіне барып құяды...
Жүсіпбек Аймауытов (риза кейіппен): - Орынды айтылған сөз. Ел іші – өнер кеніші. Бастаған ісіміз баянды болсын деп тілейік.
Мұхтар Әуезов: - Бәрі де халық игілігі үшін ғой, аға!
3-КӨРІНІС
Сахнаға үйірме жастары шығады. Қалжыңдасып, орындыққа келіп отырады.
Айтолқын (жан-жағына тамашалай қарап): - Жігіттер, қыздар, бүгін күн қандай тамаша еді, ә!
Жарас (көңілді): - Күз кереметі осы ғой! Қараңдаршы, алтын күз!
Айым (ойлы): - Қыздар, жігіттер, мен әлі жаңағы спектакльдің әсерінен әлі де шыға алмай келемін, сенесіңдер ме?
Қайсар (Айымға жақындап): - Өте тамаша спектакль болды шынымен де.
Назерке: - Тарихқа көз жүгіртіп, көөп дүниеге қанық болдық иә, Қайсар?
Қайсар (қуанышты үнмен): - Мен осы қара шаңырақты таңдағаныма өте қуаныштымын. Соны білсеңіздер ғой.
Айтолқын (Ажарға бұрылып): - Ажар, сен неге үндемей келесің?
Ажар (орындыққа отырып): - Менің де ойым сан-сақты шарлап келеді, Айтолқын әпке. «Ес-Аймақ» театрының түп тамыры тереңде жатыр екен ғой. Мен осы үйірмеде болғанымды мақтан тұтамын.
Жарас (қолын шапалақтап): - Әп, бәрекелдіі! Тамаша ой! Айтпақшы, өткенде кастингте мен болмай қалдым ғой. Соны осы жерде мен үшін бір көрсетіп жіберсеңдер тіптен тамаша болар еді.
Айым (күліп): - Иә, Жарас дұрыс айтады. Осы жерде ортамызға нақты қабылдайтын боламыз.
Қайсар (жұлып алғандай): - Несі бар? Айтсақ айтайық! Кім бастайды? Назерке сен басташы, жасың кішкентай ғой.
Назерке (наздана): - Жарайды, бастасам бастайын.
Монологтар
- «Р.Мұқанова. Мәңгілік бала бейне» Назерке. 204 топ.
- «Мәншүктің монологы». Базкенова Ажар, 12 топ.
- «Қасқыр». Қайсар, 206 топ.
Жарас (оң қолын көтеріп): - О! міне, енді ортамызға толық қабылдадық деп есептей беріңдер!
Назерке (еркелей): - Охо-хоой! Біздің де айтар назымыз бар.
Айым (Жарас, Айтолқын үшеуі бір-біріне қарасып): - Иә, ол қандай наз?
Назерке: - Біз де сіздердің өнерлеріңізді көргіміз келеді. Солай ғой, Ажар, Қайсар? (Екеуі «Иә, солай солай» деп бас изейді).
Айтолқын (күліп): - Е, несі бар. Біз де дайынбыз. Біздің өнерімізді көріп құлап қап жүрмеңдер.
Жарас (орындықтан тұрып): - Кеттік, біз кішкене дайындық жасап алайық онда. (шығып кетеді)
Қайсар (арттарынан қарап тұрып): - Назерке, сен дәл ойлап таптың.
Назерке (масаттанып): - Дұрыс айттым ба?
Ажар (орындықтан тұрып): - Әрине! Көрейік біз де өнерлерін!
Үшеуі шығып кетеді