Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Ауған Ата - ауған ата

Blogs

01.12.2017
4305

Ауған Ата - ауған ата

АУҒАН АТА

 

(әңгіме)

 

Иә, адам баласы өмірді жалған дейді екен. Сөйте тұра жалғанның жалына жармасып, үзеңгісіне аяқ іліктіріп, тартқан азабын ұмытқансып, татқан қызығын тәттідей талмасып сол жалғанды қимайды екен тағы.

Мұндай түйінді ойды адам баласы, қиыншылық не өз басына келгенде, немесе өзгенің басынан өз көзімен көргенде ғана айта алады деп түйдім. Айтылатын әңгімем, бала кезімнен бері үй артында тұрып келген Ауған ата туралы болмақ. Жазу себебім, «Ауған ата» атанып кеткеніне есім кіргенде ойлана бастағаным...

ХХІ ғасырдың басында Арыс қаласының тұрғыны Пайызмаханбет Шермаханбетұлының өмірінде небір кездескен қиыншылықтарын өз аузынан жазып алуды алғашында қызық көрдім. Сексеннің сеңгіріне келіп қалған қарт кісі болса да бойшаңдығы сақталғандай, қара жұмыс адамы болғаны айтпаса да көрініп тұрған еді. Дауысы да әлі күнге дейін есімде, қатты көтермейтін, жұмсақ сөйлейтін.

Алғаш кездескен күнім. Үйіне қолымда дәптерім мен қаламсабымды алып барғанда, қасындағы туыстарының:

– Әй, ата, не болайын деп жатыр? – деген сұрақтары мен таңданыстарына Ауған ата жұмсақ даусымен кәдімгідей баладай қуанып:

– «Атың шықпаса, жер өрте» деген бар, мен туралы жазайын деп жатыр, – деп масаттанып қойғаны. Ол екеуміз бір ыңғайлы бөлмеге жайғастық. Ауған атамның әлгінде ғана қуанышты жүзі байқалмайды. Өмірбаянын бастады:

– Мен 1923 жылы, шамамен 1-қаңтарда Ауғаныстандағы Қалай-Өлийде, Гормач селосында, Маминан-Даш деген шағын ғана елді мекенде, шаруа отбасында дүниеге келгенмін. Он жеті жасымда Қазақстан жеріне қалай өтіп кеткенім біраз уақытқа дейін түсімдей болды (ұзақ күрсініп).

– Ата, сол өтіп кеткеннен қалып қойдыңыз ба? (Одан сайын әңгімесіне қызыға бастадым, әуел бастан-ақ сан сұрақтар көкейімді түрткілеп маза бермей).

– Иә, қалып қойдым. Әкем Шермаханбет, шешем Ура. 9 ағайындымыз, 4 қыз, 5 ұлмыз. Мен 17 жасымда ағам Датмаханбетпен ауыл шетіндегі тұзды жерге барып, тұз алып қайтуға және 4 түйені бағып келуге шыққан болатынбыз. Ағам Датмаханбет маған 4 түйеге қарай тұруымды тапсырды да, өзі бір жақсы тұзды жерді тауып алған көрінеді. Әрі күттім, бері күттім. Сондағы балалығым болар, тыныш таппай, түйелерді айдап алып ағамды іздеуге шықтым. Сонда анадай-дағы биік төмпешікке шығып, бар дауысыммен «ағалап» айқайладым. Болмаған соң түсіп былай жүре бергенде, алдымнан ағам шығып:

– Неге айқайладың, енді маған да, саған да әке-шеше жоқ! – деп ашуға булығып сүйрей жөнелді. Тура сол кезде артымыздан қуып екі атты кісі келіп жетті. Қарасам, қолдарында қару асынған, бізді аттарына мінгестіріп алып кетті. Сонда ғана барып түсіндім, не үшін ағамның ашуланғанын, мына кісілердің не үшін алып кетіп бара жатқандарын. Бізді шекара бұзушылар деп ойлағандықтан әкетіп барады. Жаспыз ғой, қаруға қарсы тұра алмадық. Ол кезде кімде-кім шекара бұзушыларды қолға түсірсе, демалыс, премья беретін көрінеді. Алайда біз шекарадан өтіп кетпек түгілі, 20-30 қадамдай жетпей тұрғанбыз. Біз олардың, олар біздің тілімізді түсініспей, осындай жағдайға тап болдық. Әлгі ұстап алған шекарашылар қолымызға кісен салып, көзімізді байлап, бір жерге алып келді. Жеткеннен соң көзімізді ашып қарасақ, окоп секілді қазылған жерге тастапты. Ол жерде екеуміз де жылап-жылап, көз алдымызға не боларын елестете алмай өксумен  ұйықтап қалыппыз. Ертеңгісін тұрсақ, бас жағымызда бір-бір кесектен нан қойып кеткен екен. Сол кезде бізді Түркіменстандағы Тәттіқұдыққа алып кеп тастағанын біле алдық. 1940 жыл, күз. Содан екі күннен соң Тақтыбазар деген қалаға алып келді. Ол жақтан Мари қаласына жеткізіп, ағамыз екеумізді бөліп жіберді. Содан ағамнан еш хабар жоқ (біраз үнсіз қалды. Мен де сұрақ қоя алмадым). Мені Москваға аттандырмақ болған еді, мұсылман екенімді айтып, жаным шыққанша көнбейтінімді айтып түсіндірген едім, Алматыға аударды. Әрі қарай Петропавлға, одан әрі Жезқазғандағы колонияға әкеп салды. Онда менің нанға, тамаққа деген талонымды ұрлап алып қоя беретін. Одан ересектер түрмесіне түсірді. Ол жерде де аз қорлық көрмедім. Міне, осылай екі жыл өтті. 1942 жылдың күзінде қазіргі Оңтүстік облысындағы Бадам елді мекеніне, Майколхозға жұмысқа жіберді. Барар жолда небір сұмдық жағдайлар кезікті. Қолымдағы қағазда не жазулы тұрғанын білмеймін. Мен оқи да, жаза да алмайтын едім. Азырақ орыс тілінде шүлдірлейтінім бар еді. Бадамға жүретін поездың қайсысы екенін білмей тұрғанымда, праводник бір бала:

– Сіз қайда барасыз? – деген сұрағына басымды изей беріппін. Праводник ашуланып кетті ме, итеріп кеп жіберді. Айналып тұрған бас цементке барып құладым. Жырылып қалған жерімді үрлеп жатқанымда, бір орыс әйел көріп қалып, қолтығымнан көтеріп, қолымдағы қағазымды алып, оқып басқа жағына қарай ертіп кетті. Әлгі әйел праводниктердің начальнигі болып шықты. Мені Бадамға жүретін поездың 8-вагонына салып жіберді. Вагондағы орныма жайғаса сала ұйқыға кетіппін. Оянып  кетсем, қарсы жағымда бір қазақ еркек әйелімен отыр екен, жанымда орыс еркек отыр екен. Қарным аш. Қарсы отырған ер кісіден бір кесек нан сұрап едім, әйелінің «жоқ» деген сөзінен аттай алмаған болу керек. Орыстан да сұрап едім:

– Неге жұмыс істемейсің? – деп сұрақ қоя кетті. Түрмеден жаңа ғана босап шыққанымды түсіндіргенім сол-ақ екен, «жоқ» деген жауап алдым. Мен не істейін енді, терезе жаққа қарап көз сүзіп отырғанымда, әлгі орыс мені өзіне қаратып, алдындағы қапшығын ашып, дөңгелек нанның жартысын бөліп берді. Осы кезде қазақ та әйелінің қолындағы сөмкесін жұлқып алып, ішінен нан бөліп берді. Әрине, мен алғысымды жаудырдым. Содан өйтіп-бүйтіп Бадамға жеткенімде түсіп қалдым. Айналама олай-бұлай қарасам, қатарынан үш көше көрінді. Сол көшелерден үзім нан сұрап, қайыр тілеуден бастадым. Ешбір үйден ештеңе шықпады. Қазір ойлап, түсініп қарасам, соғыс жылдары  екен ғой. Үзіліп кетем-ау қаңғыған ит құсап деген ойлар келгенде, бір қожа әйелдің үйінен кесек нан бұйырды. Кесек нанды  барынша тойып жеу мүмкін емес. Жеп болып рельс жағалап келемін. Алдымнан сары желетке киген теміржолшы болу керек, хәлімді сұрастырып, ең бастысы қарнымның аш екенін біліп үйіне алып барды. Сонда бір күн болдым. Не деген ашық жарқын адамдар десеңізші. Ұлбике деген сол үйдің отанасының барынша тойдырғанын есімнен шығармаспын. Содан қырдың жұмыстарымен жүрдім. Теміржолшы ағаның үйіне барып та тұрдым. Қырдың басында жататын жай да болатын. Сол  жайда жүріп-тұрып біраз уақытым өтті. Менімен  бірге Кенжебек деген жасы үлкен кісі жұмыс істейтін. Онымен бір жұмыс атқарып, жақсы араласып кеттік. Қасында жүріп, тілім де қазақ тіліне төселіп қалды. Бірде, бір қызық жағдай болды (мырс етіп күліп қояды өзі). Кенжебек ағай екеуміздің жақсы жұмысымызға қарап премья беріліп, өмірімде алғаш рет пиво деген нәрсені алып келе жатқан кезімізде маған сұрақ қойды бүй деп:

– Әй, қарақан басың қалқайып жүре бересің бе? Жүр, мен сені жақсы адамның қызымен таныстырайын. Бір емес, екі қызы бар. Бәлкім біреуімен бағың жанар, – деді. Ерткен күйде, жаңағы айтқан жақсы кісісінің үйінен бір-ақ шықтық. Өзімізбен алып келген пиводан ұрттап отырмыз. Ал, қыздары болса миығымен қарап пысқырмайды да мені. Сол түні сол үйде түнедік. Таңертеңгісін дастархан басында шәй ішіп отыр едік, екі қыздың Жұпар есімді анасы келіп, көрген түсін айтқанда, құдайдың құдіретін-ай дестік. Сондағы түсінде, әкем Ауғаныстаннан келіп Жұпар апайға нан ұсынып тұрып:

– Мына нанды ұлым Пайызмамад пен қызың Патшайым екеуіне бөліп бер, – депті (тәубә-тәубә деп көкірегін қағып қояды). Шешесі қызына:

– Алланың жіберген аяны болар, қызым көне ғой, – деп тұрғанға Патшайым көнді. Теміржолшы ағамның көмегі зор болды. Менімен барып, қызға құда түстік. 1951 жылы тұңғышымыз сол Бадамда дүниеге келді. Бізді отбасымызбен Шұбардағы жұмысқа жіберді. Онда мен МТС-те тракторист болып 13 жыл жұмыс істедім. Одан кейін «Дермене» совхозына көштік. Ол жерде де тракторист болып жұмыс істедім. Отбасымда төртінші қызым Зәкира дүниеге келген болатын. Айтпақшыдай, бір күні мені ауылдың учасковыйы кабинетіне шақырды. Барсам екі кісі отыр екен. КГБ-лар екен дедім. Себебі, олар маған советский төлқұжат алу керек екенімді айтқан. Жасатқан жағдайда отаныма барып туыстарымды көруіме болатынын түсіндірген еді. Сөйтсем, туыстарымнан хат келген екен. Әй, қарағым-ай, сол кездегі қуанышымнан ұшып кетуге сәл-ақ қалған шығармын (қуанышы жүзінде, күліп қояды). Хатты ашардан бұрын есіме түскені, Әзәз деген кісі. Бадамда тұрғанымда осы кісі үйге келіп, үй-жайымды сұрастырып, менің жерлесім екенін айтқан болатын. Мен Қалай-Өлийдің тумасы болсам, ол Қалай-Науманың тумасы болып шыққан еді. Бұл жақта мен Бадамда, ол Қараспанда тұратын. Әзәз Түрікменстанға көшерінде, Ауғаныстанға барып, туыстарыңа сен жайлы хабардар етемін деп менен мекен-жайымды алып кеткені бар еді. Қуана кәнікей деп жазып жібергем. Міне, хатым қолыма түсіп, жүрегім алай-дүлей, не қатты дүрсілдеп, не тоқтап қалғандай ма өзі. Хатымды оқып болар-болмас, туыстарыма баруым керек деп шештім. Әрекетін жасағанда былай, әуелі төлқұжат жасату керек болды. 1970 жылдан бастадым әрекетімді. 5 жыл дегенде 1975 жылы жеке атыма берілген төлқұжатты болдым. Ол кезде біз Арыс қаласына көшіп келіп, мен ПМК-ға пиларам болып жұмысқа тұрған болатынмын. Сонымен маған КГБ-нің адамдары расписка сияқты қағаз берді. Мұнда әйелім Ауғаныстанға баруыма рұқсатын бердім деген қолы қажет екен. Рұқсат берілген жағдайда менімен бірге балаларымның біреуін ертіп кетуіме болады екен. Патшайымның неліктен 1958 жылғы Зәкира қызымды қосып жіберіп отырғаны айдан анық. Ол үрейленеді. Олай етпей ше, менің сонда қалып қоюым әбден мүмкін екеніне көзі жетіп отырғаны тағы бар. Патшайымымның көршілердің:

– Ақымақсың ба? Ойланбайсың ба? Ол өзінің еліне, жеріне, туғандарына кетіп барады, қалып қойса не болмақ? Оның үстіне бір қызыңды да қалай ғана қорықпай жібересің?! – деген сұрақтарына:

– Сіздердің айтып тұрғандарыңыз не? Мен ол кісіден 8 баланың қызығын көріп отырмын, бір қызымды да бірге барып қайтуына қимағаным ба? Араласпаңыздар! – деген жауаптары да болған. Зәкирамен жолға шықтық. Шыққаннан тағат таппай, ұшып барғым келді. Алматыдан Ташкентке жетіп, түсіп қалдық та, пересадкамен Түркіменстандағы Мари қаласына жеттік. Мариде бір түнеп, ертеңгісін шекарадағы Кошкоға келдік. Сол жердегі офицері болу креке, қолымдағы қағазымды, «пропискамды» көріп, оның дұрыс толтырылмағанын және сол себептен Ауғаныстанға өте алмайтынымызды түсіндіргенде, есеңгіреп қалдым. Былай екен, мені мұнда жіберушілер прописканың бір жағын орыс тілінде, екінші жағын парсы  тілінде толтырулары керек екен. Ал менде парсыша жазылғаны жоқ болып шықты. Офицер жігіт қайта-қайта Алматыға барып, түзетіп келуімді айтып жатыр. Қайтуымның мүмкін еместігін, қол-аяғымды байласаңыздар бармаймын деп отырып алдым.

– Не менің туыстарымды осы жерге әкеліп көрсетесіздер, не болмаса өткізіп жіберіңіздерші, – деп жалынып жыладым. Әлгі офицер жігіттің қасына бір-екі жігіттер келіп:

– Бір мәнісін көрерміз, бізге біраз жерге телефон шалу керек, сіздер жоғарыда бір бөлме бар, сонда барып демала тұрыңыздар, – дегенде барып өз-өзіме келдім. Бірақ байыз таппай, сыртқа шығып, қызымыз екеуміз сәкі тұр екен, отырып алдық. Күн  суық, күз мезгілі еді. Офицер келіп, ішке кіруімді өтініп қоймаған соң, Зәкирам үшін көндім. Бөлмеге кіріп қалай ғана тынығар екем, ә?! Түнімен көзімді ілмей, уайымның шегі қысқарар емес. Туғандарымды көруді жазып па екен, жазбап па екен? Осыншалықты арманы орындалмас сорлы адам бар ма екен менен деп те қатты кейіп қоямын (қатты мұңайып кетті).

– Ата, шәй іше отырсаңыздар қайтеді? – деп немере қызы дастархан жайды.

Расында әжептәуір уақыт өтіпті ғой. Дегенмен, дастархан, шәйдан гөрі, әрі қарай не болар екен деумен отырдым. Сұрақ қойып та бөле алмадым әңгімесін.

– А қарғам, әкеле ғой, айналайын! – дей берді Ауған ата.

Өзім шәй құйып отырып, сұрай берейін дедім.

– Ата, содан көп күттіңіздер ме?

– А, иә, қаншама уайымнан соң да ұйықтап қалыппын. Таңертеңгісін тұрып, қызымды оята қойдым. Зәкирам оянып алып, шошына қарап:

– Әке, оның не, шашыңа бір түнде ақ шаш түсіпті ғой, – деп жылап жіберді. Иә, маған оңай емесін енді нақ түсінгендей болды. Төменге, асханаға түстік. Алдымызға алып келген тамақтары кеңірдегімнен де өтер емес. Қызым да шұқып-шұқып қана қоя салды. Бір кезде көз алдымнан жоғарыдан төмен қарай өрмекші түсіп келеді екен, алақаныма салып, мүмкін менің туысқандарым шығар келе жатқан деп жүрек жағымдағы қалтама салып қойдым. Осы сәтте бір солдат бала жүгіріп келіп, қасыма тоқтап орысшалап:

– Вы добились, – деді-дағы офицердің кабинетіне ертіп апарды. Апыр-ай не болар екен, жүрегім жақсылық сеземін деп маған айқайлап дүрсілдеп жатқандай. Кабинеттің есігін аша қалсақ, көкпеңбек түтін, үстел үстінде көзге түскені жүрек ауруының дәрісі құтысымен, онда да құтыдағы таусылуға шақ қалыпты. Енді кешегі офицер баланың жүзі бүгін қарайып кеткен екен. Маған ыржия қарап:

– Москваға, одан Алматыға телефонды үзбей шалумен сіздің документіңізді тураладым, жолыңыз болсын, – деп қолыма қағазымды ұсынғанда, алдына отыра қап еңіреп сала бердім. Ата-бабасына дейін алғысымды жаудырдым. Аз уақыттан соң бізді өткізіп шығарып салды (үнсіз есіне алып отыр).

– Ата, сіз осынша уақыт біздің елдесіз, өз тіліңізді ұмытып қалмадыңыз ба? – деп асығыс сұрағымды қоя салдым.

– Е-е, қалқам-ау (жымиып қана), ана тілім жадымда мәңгілік болары сөзсіз ғой (біраз кідіріп). Бізді туыстарымыз шекараларына жақын бір шайханада күтеміз деген хабарлары бар еді. Жеріме өткеніміз сол-ақ екен, артынша екі көліктен 18 адам түсіп, шұбырып жылап жатқаны бар, құшақтай сүйіп жатқаны бар. Ағайындарым танымастай өзгеріп кеткен. Кімнің кім екенін ажырату қиын. Тек дауыстарынан ғана еміс-еміс тануға тырыстым. Шайханаға бірге кіргеннен-ақ кешегі уайым-қайғыдан түк те қалмады. Жайғаса бергенімізде, сырт жақта шу көбейіп, ішке бойы екі метр жігіт, сақал түсірген, келді де солқылдап жылап мойныма асыла кетті. Бұл менің ең кенже інім – Мұхамед болатын. Мен де жыламасқа тұра алмадым. Мұндағылар Мұхамедті «Мамад-Палуан» деп атап кетіпті. Сонымен бәріміз көрісіп болған соң үйге қарай тарттық. Үйіме жеткен кезімде көз жасым көл болды. Әбден жібідім, сөйлеуге шамам жоқ. Көліктен түссем екі аяғым істемей қалғандай тұрып қалдым. Зәкирашым келіп, бірнеше рет шақырғанда ғана есімді жия алдым. Өзім үйге қарай жүгіріп келе жатқандаймын, бірақ орнымнан қозғалмаппын. Ол жақтың салт-дәстүрлерін ұмытыңқырап қалыппын, есіме түсіртіп барынша күтті бізді. Ең кермет дәстүрі – мұхи дәстүрі. Мұхи – бұл құда түсу. Одан әр үйде шағын той болды. Қалай ғана келгенімізге бір ай болып қалғанын сезбеппіз. Сөйтіп, сол жердің сыртқы істер жөніндегі бір кісіге жолығып, тағы бір ай қалуымды өтіндім. Келісім берілді, бірақ оңайға соқпады. Сонымен бір ай создырып, сағыныштан арыла алмаған сезімімді еліме қайта арнадым. Ағайындар Зәкирама ұлттық киімдерін кигізіп қойды. Осылайша екі айым тоймен өтіп кеткендей болды. Қайтуға жақын қалғанда кенже інім:

– Аға, біз сізге деп 15 жасар қыз дайындап қойдық, қалуыңызға қалай қарайсыз? – дегенде, көзім шарамнан шығап кете жаздады. Кейіннен ойландым, бұларды да түсінуге болады, сонша жылдан бері, әрине, алып қалғысы келеді. Мұхамедке мұндай өтініштің де, ұсыныстың да қайталанбауын сұрадым. Әзер дегенде Патшайымыма, бала-шағама жиналып қойдым. Туыстарым сонау шекараға дейін шығарып сап тұр. Әрі осындай ұзақ жерге дейін шығарып тұрғандары жүрегіме ауыр тиді. Жылап жатқандар көбейді. Солқылдап жылап тұрмын, менімен бірге кіндік қаным тамған жерім де өз құшағынан жібергісі келмей қысып, ыстық отына күйдіріп бара жатқандай. Ескен самалы бетімдегі жуылған жасымды сүртіп тұрған алақандай көрінді. Тура шекарадағы шлакбаумға келгенде, ең үлкен әпкем Гулудың айтқанын өле-өлгенше ұмытпаспын, өксіп тұрып:

– Паймамад, мына әлемде, мына дүниеде бәрімізге жер-ана, кең аспан да, күн де, ай да ортақ. Үйіңде жүргенде әр ай жаңарған сайын, сәби айға сағынышпен қарай ғой, қолыңды бұлғап, аттарымызды атап амандас. Сол кезде сен айға қарап тұрғаныңда, оң қолыңмен жүрегіңде ұстап тұрып бізді ойла. Тек ұмытып кетпе. Сонда мен де мына жақтан айға қарап атыңды атаймын, – деп сөзін аяқтар-аяқтамас өкіріп-өкіріп қоя берді.

Уақыт таяды, біз де жылжып кете бардық. Өзіміз жаққа өтіп, көлікке мініп кетіп барамыз. Мен болсам артыма қарайласам, қолын бұлғап тұрғандар нүктеге, ал, туған жерім сағымға айнала берді (жылап отырды).

Менің де көз жасымды жасыру мүмкін болмай барады.

– Енді Құдайым, өмірімнің соңына дейін тағы бір рет табыстырар ма екен? – деген сияқты тұйық та ауыр сұрақтармен арпалысып жатқанда, Арыс стансасына да келіп қалыппыз. Арысқа түскеннен-ақ мұнда да ерекше сезімге бөленіп тұрдым. Бөленбегенде ше, отбасым бар, өсіп-өнген, өркен жайған жерім, қыздарымды қияға, ұлдарымды ұяға қондыратын жерім емес пе?! Тәубә! Шүкір!  Үйге кіргендегі көрініс елжіреп тұрған жүрегімді елжірете түсті. Балаларым жүгіріп алдымнан шығып жатыр. Патшайымым болса, үмітін үзбегенмен оңай болмады ғой, білемін. Көздері мөлтілдеп:

– Қалай жеттіңдер? – дегеннен басқа айтары таусылғандай бөлмеге кіріп кетті. Кешкісін арқа-жарқа болған қызықтармен бөлісіп, базарлықтарды таратып, сағынышымызды әбден қандырдық.

Біраз уақыт өткен соң, қазіргі Ш.Битөре көшесінен 4 бөлмелі үй салып алдық 5 ай ішінде. Ол кезде шпалзаводта грузшикпін. Сол жерден зейнетке 20 жыл істеп шықтым. Заводтың «құрмет тақтасында» суретім ілініп тұр (мақтанып қояды). Не болды? Сен менен де қатты уайымға батып кетіпсің ғой? Жоооқ... Сен, қарағым, өмірі өкінішпен өтіпті ғой деме. Осында балаларымның, немерелерімнің, шөберелерімнің ортасында өлсем арманым жоқ. Осы ел менің ғұмырымды ұзартып, осы жер маған береке-ырысын төкті. Аллаға шүкір деуден басқа айтарым жоқ. Қанша қиыншылық өтсе басымнан осы жерде, сол қиыншылықтарды көруге өмірім лайықты болды.

1992 жылы Ауғаныстаннан хат келіп, балам Нұрмаханбет аудартып оқып бергенде, туыстарым келсе шапандарына жабысып кетемін деп жылағанымда, үй-іші түгел күңіренген. Бірақ визаны оларға осы жақтан туралау керек болды да, содан бітпеген шаруа болып қалды. Қайтейін... – деді де, үнсіз терезеге қарап, менен айдың қашан жаңаратыны жөнінде сұрады. Мен бір-екі күн қалғанын айтып едім, қуанып кетті. Сөйтсем, уақыт санап жүреді екен ғой.

Ауған ата сексенге келсе де, туыстарын көруді арман қылып келеді.

Иә, бұл бастан кешкен оқиғаны естіп-біліп, ой үстінде үйге қарай келемін. Не түюге болады? Осы 17 жасар ауған баласын Қазақстанда жарық күтіп тұрғанын кім білген?!

 

Әсел Бимырзаева


Share:      
Leave a comment: