Бір үзім нан

21.08.2026 19

Бір үзім нан
                      Әңгіме

        Бүгін таң атқанша көз іле алмадым. Үйдегілердің бәрі тәтті ұйқыда. Ал мен болсам, қалың ойдың арбауына түсіп, жанымды жегідей жеген өкініштен арыла алар емеспін. «Әттеген-ай…» деуге де аузым бармайды. Себебі болған істің бәріне өзім кінәлімін.
Кеше  кешкісін әкем менің туралған, бірақ ешкімнің қолы тимеген нанды қоқысқа тастап жатқанымды көріп қалып:
— Әй, жүгірмек, сені өсті ме десем, кері кетіпсің ғой! Таза нанды неге қоқысқа тастап жатырсың?! Қой орнына, анаң бірдеңеге жаратар, — деді.
Сол сәтте өзімді ұстай алмай:
— Осы сендердің үнемдей бергендеріңнен әбден шаршадым! Не істесемде ақыл айтып шығасыңдар ,жалықтым! — деп, әкеме қалай дауыс көтеріп жібергенімді өзім де аңғармай қалдым.Айғайым басылған соң-ақ өкініш өзегімді өртей бастады. Даусымды бәсеңдетіп:
— Кеше туралған нан ғой,жеуге жарамайды… Шеттері қатып қалыпты… — деп күбірледім. Бірақ өз сөзімнің өзіме де еш салмағы жоқ екенін сездім.Өз даусымды өзім әрең естідім.
Әкем менің жүзіме үнсіз ұзақ қарады. Әлде өкініп тұрғанымды сезді ме, әлде мені бұрын-соңды мұндай күйде көрмеген бе, өңі бірден бозарып кетті. Бір сәт қолындағы кітабын жапты да, нанға көз тастап, ауыр күрсінді.
— Әй, балам… Сен көрмеген соң, білмеген соң, саған өкпелеуге де болмайды екен. Бар кінә менде шығар… Саған нанның қадірін дұрыстап түсіндіре  алмаппын… — деді де, қолындағы ескі кітапты жайлап үстелдің үстіне қойды…
Әкем маған ештеңе деместен, бөлменің бұрышында тұрған ескі, бірақ өзіне өте қымбат екені байқалатын кішкентай қобдишаны меңзедіМен аң-таң болып, ештеңе түсінбей, оның жүзіне сұраулы кейіппен қарадым. Әкем үнсіз ғана басын изеді. Дірілдеген қолыммен қобдишаны алып, алдына қойдым.
Ол қобдишаны жайлап ашты. Ішінен сыртына шаң басқан, шеттері жыртылып,сарғайып кеткен ескі дәптерді алды. Мұқабасына көмескіленген әріптермен: «Күнделік» деп жазылыпты,соңғы екі әріпінің сиясы өшіп кетіпті.Дәптердің түбі сөгіліп, бірнеше беті түсіп қалған, соңғы бетінің жартысы жыртылған екен.Әкем шаңын ақырын сүртіп, маған қасына отыруымды ишарамен білдірді. Мен бұл жолы аузымды ашуға да батылым жетпеді. Дым деместен қасына отырдым ,аяғым әлсін-әлсін дірілдеп тұр.Әкемді мұндай үнсіз күйде бұрын-соңды көрмегендіктен бе, әлде ішімдегі кінәдан ба, ішімді бір сәтте үрей биледі.Өзімді әрең жинап,әкеме қарадым .Әкем ауыр күрсініп, күнделіктің алғашқы бетін ашты.
— Бұл күнделік… 1932 жылдан қалған. Иесі — Нағымұлы Аралбай, — деді баяу үнмен. — Ол сенің арғы атаңның туған ағасы болған. Бұл дәптерге ол өз көзімен көрген ашаршылықты жазып кеткен. Біз оны жай ғана естелік емес, аманат деп сақтап келеміз…
Әкем алғашқы бетті ашып, оқи бастады.

1932 жыл. 4 наурыз.
Бүгін ауылға тағы да адамдар келді.
Олар үй-үйді аралап, қолда бар малды жинап алып жатты. Біздің үйге де кірді. Әкемнің қорадағы бар малын сыртқа шығарып, айдап әкете бастады.
Анам шыдай алмай жылап жіберді.
— Балаларымызды енді немен асыраймыз? — деді өксіп.
Әкем үнсіз тұрды. Оның көзінде ашу бар еді. Мен де ішімнен қайнап тұрдым. Әлгілердің соңынан жүгіріп барып, қарсылық көрсеткім келді. Бірақ әкем қолымнан қатты ұстап қалды.
— Барма, балам… — деді тістеніп. — Басыңа бәле тілеп аласың.
Мен әкеме қарадым. Ол өз малын айдап бара жатқан адамдарға қарап тұрды. Бірақ қарсы тұрар дәрмені жоқ.Анам үйге кіріп, үйдегі азын-аулақ нанды, қолда қалған дәндерді жинай бастады.
— Мынаны да алып кетсе, балаларға не қалдырамыз? Бүгінен қалдырмай адам аяғы ,мал тұяғы баспайтын жерге көміп тастау керек !— деді жылап.Түн ауа  үйдің түкпіріндегі жерді қазып, азын-аулақ дән мен азықты матаға орап, жердің астына көміп тастады.Біз үнсіз қарап тұрдық.Сол күні анам тамақты емес, балаларының ертеңін жерге көмгендей болды….

1932 жыл. 12 наурыз.
Бүгін олар қайта келді.
Біздің жасырған азығымызды тауып алды.Құтты біліп көріп келгендей дәл үстінен түсті де ,жерді қаза бастады .Бәріміз үнсіз қарап тұрмыз.Қарап тұрған шені үлкендеу көрінген ,кеудесіне бүре тіккен төсбелгісі бар орыс :
-Копай как следует, вдруг ещё что-нибудь найдётся.-деді .Қасындағысы басын изеді,араға көп уақыт салмай бір қап дән шықты .Әлгі орыс :
-Враги народа, дармоеды!-деді де,бір уыс дәнді қалтасына сүңгітіп тығып жіберді.Қасындағылар үндемеді.Үйдің ішін түгел тінтіп шықты жиналған жыртық жамау көрпелерімізге дейін қопарып шықты,бірақ ештеңе таппады .Шынында да үйге тығатындай ештеңеміз жоқ еді.
Анам тұрған жерінде екі аяғына бағындыра алмай құлап түсті.Жерді тырмалап өкісіп жылай бастады.
— Балаларымның несі қалды енді?.. — деп жылады.
Әкем шыдай алмады.
— Балаларға қалдырған бір уыс дәнді де алып кетуге неге сонша құмарсыңдар?! — деп айқайлады.
Сол сәтте әкеме бірнеше адам жабылды.Олар әкемді ұрып-соғып, сыртқа сүйреп шығарды. Кейін оны атқа байлап, жермен сүйреді.
— Қойыңдар! — деп айқайладым.
Анам мені құшақтап ұстап қалды.
— Барма! Барма, балам! — деп жылады.Мен әкеме қарай ұмтылдым.Әкем болса:
— Қал! — деп айқайлады.
Оның даусы әлі күнге дейін құлағымда.Әкем кешірім сұрады. Не үшін кешірім сұрағанын білмеймін. Бәлкім, балаларын қорғағаны үшін. Бәлкім, өз үйіндегі азын-аулақ астығын жасырғаны үшін.Олар кеткен соң әкем ұзақ уақыт қозғала алмай жатты.
Сол күннен кейін оның бір аяғы жансызданып қалды.Әкем жүре алмайтын болды.Бірақ ол бізге білдірмеуге тырысты.Сол сәтте бала күндеріммен қоштасып ,бір сәтте ересек күйге енгендей болдым…
—————-

1932 жыл. 24 наурыз.
Бүгін ауылда бір сұмдықты білдік.
Ауыл ішінен бір сатқын шыққан екен.Ол адамдардың азық-түлігін қай жерге жасырғанын, кімнің үйінде қанша дән қалғанын өкімет адамдарына айтып жүрген.
Кімнің жер астына көмгені бар — көрсеткен.
Кімнің қорасында мал қалғанын — айтып берген.
Кімнің үйінде бір үзім нан барын — жеткізген.
Бүгін біз әкемді ұстап берген адамның сол сатқын екенін білдік.
Оны көргенде ауыл адамдарының ашуы бойларына сыймады.
— Өзіміз аштан өліп жатқанда, бір-бірімізді ұстап беретін заманға да жеттік пе?! — деді бір қария.
Бірақ ешкімнің қолынан ештеңе келмеді.
Адамдардың ашуы аспанға жеткенімен, күш-қуаты жерге жабысып қалған еді.

1932 жыл. 7 сәуір.
Ауылда тамақ та, мал да қалмады.
Қоралардың есігі ашық.
Бұрын малдың даусы шығатын жерден енді үнсіздік қана естіледі.
Адамдар жерді қазып, тамыр іздейді.
Шөптің тамырын қайнатып жейді.
Кейбірі бірнеше күн нәр татпай жүр.Алғаш рет қариялардың дауыс шығарып өксіп жылағанын көрдім .Алғаш рет ләңгі теуіп ,асық ойнап жүрген ,өмірдің қызығын көріп болмаған балалардың езуіне күлкі жиырмай жүргенін көрдім .
Ал анам бізге барын бөліп береді.
Өзі жемейді.
— Мен тойдым, — дейді.
Бірақ оның өтірік айтып тұрғанын білемін.Азын аулақ дәнді аузымызға салып сорып нілін алып жейміз.Қалған малдың терісін,шөптің тамырын қара суға қайнатып ішеміз .Мен тамағымның жартысын әдейі ішпей кетемін .Анам менен қалған тамақтың жартысын әкеме жартысын өзі сораптап ішеді .Қалған 1-2 қасығын тығып қояды.Анамның жүзі қуарып кеткен.Бұрын екі беті алмадай қызарып ,нұрын төгіп жүретін анам бүгінде әл дәрменсіз .Әкемнің аяғы әлі жазылмады.Күнде түнде аяғын ұстап ыңырсып жатады ,оған беретін дәрі-дәрмекте жоқ…..

1932 жыл. 16 мамыр.
Бүгін көрші үйдегі жас ана баласынан айырылды.
Баласы бірнеше күннен бері әлсіреп жатқан.
Анасы оны құшағына қысып, жылытуға тырысты.
Бірақ баланың кішкентай денесі біртіндеп суып бара жатты.
— Балам, көзіңді ашшы… — деп жылады анасы.
Бала жауап бермеді.
Анасы оны ұзақ уақыт құшағынан шығармады.Бір кезде ғана оның қайтыс болғанын түсінді.
Ауылда ешкім жиналып, жөн-жоралғы жасай алмады.Жұрттың өзінде де күш жоқ.Бірнеше адам ғана келіп, үнсіз басын иіп қайтты.
Келесі күндері тағы адамдар қайтыс болды.
Бір үйден…
Екінші үйден…
Үшінші үйден…
Күн сайын бір хабар…
Күн сайын бір қаралы үй…
Ауыл біртіндеп адамдарынан айырылып бара жаттыр.

1932 жыл. 2 маусым.
Енді ауылда тірі қалғандар бір-біріне қарап қана отыр.
Кімнің ертең таң атқанда орнынан тұратыны белгісіз.
Кейбір отбасылар балаларын туыстарына жібермек болды.
Бірақ туыстарының өзінде тамақ жоқ.Бір ауылдың қайғысы екінші ауылдың қайғысынан жеңіл емес.
Адамдар бір-бірінен көмек сұрайды.Бірақ көмектесуге ешкімнің шамасы жоқ.

1932 жыл. 18 маусым.
Бүгін ауыл адамдары жиналды.
Бір шешімге келдік.Бұл жерде қалуға болмайды.Тамақ жоқ.Мал жоқ.Күш жоқ.Тірі қалудың жалғыз жолы — көшіп кету.Бірнеше отбасы басқа жақтағы туыстарына қарай жолға жинала бастады.Біздің де алыста туыстарымыз бар еді.
Бірақ әкем жүре алмайды.
Анам оның қасына қарап үнсіз отырды.
— Біз оны қалай алып жүреміз? — деді анам.Ешкім үндемеді.Әкем бәрін естіп отырды.Бірақ ештеңе айтпады.

1932 жыл. 22 маусым.
Бүгін ауыл адамдары көшті.
Біреулер туыстарына қарай кетті.
Біреулер басқа ауылға.
Кейбірі қайда барарын да білмейді.
Тек бұл жерден кеткісі келеді.
Анам бізге барынша керек заттарды жинады.
Әкемді алып жүру үшін қолдан зембіл сияқты нәрсе жасадық.
Оны кезек-кезек көтеріп жүрмек болдық.Бірақ жолдың қаншалықты қиын болатынын ол кезде білмедік.

1932 жыл. 25 маусым.
Жол азапқа айналды.
Адамдар шаршады.
Балалар жылады.
Кейбірі жолдың шетіне отырып, қайта тұра алмады.
Бірнеше адам жол үстінде қайтыс болды.Оларды жерлеуге де шамамыз жетпеді.Жол жалғасып жатты.Біз де жүрдік.Артта туған ауыл қалды.Ал алдымызда белгісіз жер.

1932 жыл. 27 маусым.
Әкемнің жағдайы нашарлап кетті.
Оның жансызданып қалған аяғы мүлдем жүрмейді.
Бірнеше күн бойы оны кезек-кезек көтеріп келе жатқанбыз.
Бірақ бүгін адамдардың өздері де құлай бастады.Анамның да шамасы қалмады.
Әкем бізге қарап:
— Мені тастап кетіңдер… — деді.
— Жоқ! — дедім мен.
— Балам, сенің өмірің бар. Сен жүре бер.Менің қалған азын -аулақ өмірімді сен жалға ,армандарымды орында -деді ыңырсып.Сол бойы жерге құлап жата кетті.
— Біз сізді тастамаймыз!
Әкем басын шайқады.
— Егер мен үшін тоқтай берсеңдер, бәрің қырыласыңдар.
Анам көз жасына ерік берді.
Бірақ әкемнің айтқаны рас еді.
Бір кезде жолдағылар алға қарай жүріп кетті.Біз де әкемді біраз жерге дейін сүйредік.Бірақ оның денесі тым ауыр болып кетті.
Аяғым жүрмей қалды.
Соңында әкем:
— Бар… — деді.
Мен әкеме қарадым.Ол бұрынғыдай емес.Өңі бозарып кеткен.Бірақ көзінде қорқыныш жоқ.Тек шаршау бар.Біз амалсыздан жолымызды жалғастырдық.Әкем артта қалды.
Мен қайта-қайта артыма қарадым.
Ол жолдың шетінде жалғыз отырды.Біз алыстаған сайын кішірейіп бара жатты.
Бұл менің әкемді соңғы көруім екенін сол кезде іштей мойындадым,амалсыз көндім.

1932 жыл. 30 маусым.
Мен әкемнен айырылдым.
Оның тірі қалған-қалмағанын білмеймін.Бірақ жүрегім оның бізді күтіп отырғанын сезеді.Егер осы дәптерді біреу тауып алса…
Менің әкемнің де болғанын білсін.
Ол балаларын аман алып қалу үшін өзін артта қалдырды.Біз оның жанынан кетуге мәжбүр болдық.
Ол бізге өмір берді.Ал біз оны жолда қалдырдық…
Бұл өкініш мені өмір бойы қуады.
Егер мен де осы жолда қалсам, менің соңғы сөзім мынау:Бүгінгі күнге жеткендеріңе тәубе етіңдер 
Адамның басынан өткен қасіретті ұмытпаңдар.Біз осы күнге жету үшін қанша адамнан айырылғанымызды білмей, өмір сүріп кетпеңдер.

Әкем осы жерге келгенде күнделікті жаба салды.Күнделіктің жарты беті жыртылған ылғалданғаны білінеді.
Бірақ мен оның жүзінен күнделіктің иесі туралы айтылмаған бір шындық бар екенін сездім.
— Әке… — дедім ақырын. — Аралбай атамыз ше?
Әкем біраз үнсіз отырды.
— Ол да көп ұзамай  сол жолда анасымен қайтыс болған,— деді.
Менің жүрегім шым ете қалды.
— Ал күнделік ше?
Әкем қолындағы сарғайған дәптерге қарап:
— Күнделікті ауылдағы тұрғындар сақтап қалған.Туыстарына жеткізіп беріпті .Әулеттен әулетке өтіп, ақыры бізге жеткен. Осы күнделік жоғалмауы үшін адамдар оны талай жыл көзінің қарашығындай сақтаған.Мен дәптерге ұзақ қарадым.Кеше ғана қоқысқа тастамақ болған наным есіме түсті.Сол бір үзім нанға менің көзқарасым енді мүлде өзгерген еді.Мен үнсіз жыладым.
Себебі мен нанның қадірін аштықты көріп емес, аштықтан өлген адамдардың тарихын оқып түсіндім.

Leave a comment: