Blogs
Біздің ауыл
Көкіректе от ойнап
Бөрі даусы көгілжім, таулардағы түсінік.
Қоңыр түндер жатады, гүл бетінен қысылып.
Қызыл қойдың күйісі, қарт шопанды тербетіп,
Аққулардың қанаты, ауаға ән ұшырып.
Түндіктегі «ай ізі», ірі ойларды жетелеп.
Қанбай қалған айызы, Маң төбеттер жөтелет,
Жылқы жиған көңілі, ауыздықты шайнаса,
Шаңыраққа ұшады бозторғайлар төтелеп.
Шағаланың қанаты арулардың құманы.
Әйнектерде ақ бидай өңі балқып тұнады.
Сыңғырлаған баяғы бұлақ көздер жөңкіліп,
Шаранада шаяды болмысымда күнәні.
Қарияның ауызында аңыздардың дат үні.
Келешекке жалғаған ардалықтың ақылын.
Көкіректе от ойнап тебінгілей береді,
Біздің ауыл ұлдары берік етіп тақымын.
Түзем белдің
Түзем белдің оқысам тау үлгісін
Тым такаппар көрінген Тәңірлі шың.
Көк аспанның етегі көмкеріліп,
Тауларыма орайды жамылғысын.
Құздарымның таң сүйіп күнде реңін.
Құшағыңды қия-алмай мүлгігенін.
Тастан төмен жосыған Таутекенің,
Мүй(і)зінде ойнатып күлгін өңін.
Төскейлердің «Ай аттап» босағасын.
Түнімененжол жатса жоса қашып.
Бүлдірген мен қарақат жинап алып,
Өртөсіңе қалдырған тошаласын.
Менің далам осындай жасынды әлгі.
Құмдарында тамшыдай жасым қалды.
Маңғаз дала аяни болмысымен,
Алға сүйреп беретін ғасырларды.
Ұласатын сілемі
Топырақта үнсіз ғана күз демі,
Дымқыл ауа бүркіп іштей пәс-талға.
Көк кернеген, тырналардың тізбегі,
Тірлігімді жазып жатқан аспанға.
Қараша үйім төбесінде бақыттың,
Кеудесінде қызыл арай күй-қылып.
Өңешінен өтпей мүлде уақыттың,
Елесіне елдің жайын сыйдырып.
Көрінетін кешегідей, бүгін де,
Жаһандану тұрса дағы ерсең деп.
Сорам салған көлеңкенің түбінде,
Отыр әлі біздің ауыл өлшем боп .
Жанарымнан өшпейтұғын үнемі,
Құс жолымен, біздің ауыл-бір ұғым.
Қара түнге ұласатын сілемі,
Қою іңір тарай-тарай бұрымын.
Тәңір басына
Ай күні толған түн қыздың,
Арайлы жүзін бұрғыздым.
Көк бетін кернеп сыймаған,
Жердегі жалғыз жұлдызбын.
Тағдырым солай жасын ә.
Жалт етіп өтсем шошыма.
Тауқыметімді көтеріп,
Шашамын Тәңір басына.
Арқалап әрбір күн мұңын.
Өтсе де күйбең тірлігім.
Жусанмен буған жып-жылы,
Байланған саған кіндігім.
Тал ағаштарың тербетті.
Бал күнім менің сенде өтті.
Таппаспын сендей ұжымақ,
Шарласам дағы жер көкті.
Сақта алла
Өңгеріп данғаза тірлікті.
Іңірді үргінге жалғаған.
Қараңғы жамылып түндікті,
Қурайдан құлатып салмақ ән.
Аш күндер тербетсе көмескі үн.
Тағдырға жетімек жас іліп.
Ессіздеу есірген елес түн,
Намысты өлтірген нас үгіт.
Ойларға сүйреліп құрт қанат.
Түнекке қап-қара ораған.
Албасты суынан ұрттап-ап,
Ән шықты қаншама, моладан.
Ай миы құйылып өтіне.
Ауыл деп арыстар шапқанда,
Жас тамып қабірлер бетіне,
Мүрделер қарайды ақ тамға.
Осындай күндерден сақта алла.
Түс Өң
Түсімде жерде жүрем күдір деген.
Бассыз тұрған мүсіндер мүдірлеген.
Күн тәжілі «көк тағы» пір тұтам да,
Түнде келем мініп ап іңірге мен.
Түсімде жерде жүрем аруақ қалған.
Үрей билеп естілген тау-жақпардан.
Тағдырымның тырнағы тілем салып,
Жылап-жылап дөңбекшіп аунап та алғам.
Түсімде жерде жүрем кер кеттірген.
Кенеземді боранды жел кептірген.
Жан дертімнің жарасын жалап анық,
Елге келем түндігін ел боп түрген.
Түсім, Өңім осылай араласта.
Не болмайды тіріде қара басқа.
Самаласын сіңіріп тұнық қырдың,
Тұлпарымды байлаймын «Мама ағашқа».
Ауылымның үстінен
Түн меңіреу тау ұйқыда талып тұр,
Өлі тірлік құшағында емделіп.
Тұман иіскеп тұнжыраған алып қыр,
Тыныштықты тербетеді өң беріп.
Таң келеді алба-жұлба асығып,
Көкке ұшқан қараша үйдің түтіні.
Өреге кеп қара сиыр қасынып,
Тұр-тұрлаған малдың аяқ сықыры.
Түстен кейін үйлескенде іспен-еп,
Сырға толы айналамда назды әндер.
Байтал бұлттың сауырынан тістелеп,
Азынайды сол баяғы азбан жел.
Ымырт төнді күннің алып тамағын,
Тас төбемде түйілгендей түс кілең.
Қыбылаға қарап тұрған жанарым,
Жұлдыз ақты ауылымның үстінен.