Blogs
Біздің ауылдың көктемі...
Ақша бұлттар көк аспанда жарасқан,
Бір-бірінен бөлектеніп тарасқан.
Көлеңкелеп күн сәулесін жасырып,
Ауыл жақты артқа тастап, әрі асқан.
Жылы леппен самал желдің өпкені,
Қандай әсем, ауыл жақтың көктемі!
Нұрлы ауыл көз тоймастай құлпырып,
Күлімдеді күн сәулесі көктегі.
Аспанымда тырналар жүр тізілген,
Бірге ұшып, бірдеқайта үзілген.
Көз алдымнан ұзағырақ кеткенде,
Алуан түрлі бейне көрдім ізінен.
Көкжиектен сәуле шашып күн тұрды,
Қызыл-жасыл гүлді алаң құлпырды.
Көкорай бел, асуларды жайнатып,
Келді көктем, жасыл етіп қыр-қырды.
Қызыл алаң көңіл тартып өзіне,
Қызғалдақтар бөлеп нәзік сезімге.
Қос көбелек ұшып өтіп қасымнан,
Елестетті бала күнді көзіме.
Қызығына ойынның еш тоймаған,
Бала кезді елестетті айналам.
Мөлдір бұлақ, жасыл қырат, құс үні,
Асыр салып күн батқанша ойнаған.
Мезгілдердің әсерлісі сен көктем,
Жасыл көктем, көктен бізге нұр төккен.
Адамзатты ұйқысынан оятқан,
Ғасыр көктем, асыл көктем, сән көктем!
Туған елім, өскен елім, байтағым,
Сенде өстім деп, мақтанышпен айтамын.
Жалаң аяқ шықсам шағыл басына,
Тау шыңына шыққандай боп қайтамын.
Көңіл бүгін толқып тұр сағыныштан,
Шалқиды сазды әуен сағым құшқан.
Ауылым жан тәніме қуат беріп,
Жүрегім «Туған ел» деп, алып ұшқан!