Blogs
ЕЛЕС
Қысты күнгі сағат сегіз кәдімгі түннің бір уағы іспетті. Осы мезгілде Қамихан жұмысқа жөнеледі. Кенеп бүркемелі арнайы көлік осы сияқтыларды қала ішінен теріп, салақтаған жабыны сартылдап, көрші елдімекенге тартатын. Олар бөренеден қиюлап қос қабатты, сегіз пәтерлі үй салып жатыр.
Қамихан соңғы кезде шығар уақытынан ерте келуді ғадетке айналдырды. Оның себебі - өзінен бірер сынып төмен оқыған бір қызды көргеннен басталды. Сол елең-алаңда Зере де жұмысына шығады. Қамихан оның қарасы көрінгеннен үй қалқасына жабыса жасырынып, ол тұсынан өтіп кеткен соң ғана еркінси, соңынан ұзата қарайтын. Зере өте бір сүйкімді қыз болған еді. Енді оның бітім-болмысы қараған кісінің көзайымын қандыратын, әбден толысқан келіншекке айналыпты. Бұрынғы талшыбықтай кезіндегі кербез жүрісінен еш айнымаған, ол өтіп бара жатқанда көзі бар пенде түгілі, бейқам тұрған терек те амалсыз мойын бұратындай... Қамихан бірнеше мәрте оның жолын кесіп, сәлемдескісі келді. Бірақ оған жүрегі дауаламады. Өзінің мынадай тұрпатынан қымсынды. Бұтында қалың шалбар, иығында тамақ салған саталақ қапшық. Күн жарықта көшеге шығуға ұят сықпыты оны әр жолы тежеді. Сосын ол: «Зере бір бастықтың әйелі шығар... Киіміне қарағанда ауқатты көрінеді... Осыдан он жыл бұрын келешегі кереметтей болған мені танымас та...» деп шешті. Зеремен билеп жүргендегі сәті есіне түсті. Қыздың тұла-бойы дірілдеп, көз жанарын тіктей алмай, алып қаша бергені... Қамихан өзін сақа жігітше ұстамақ болып, ернінің дәмін татқысы келіп, қыз алдында ересектік танытқаны... Зеренің: «Менің алғашқы сүйіскен жігітім сенсің!» деп кейін мойындағаны...
- Өй, қабырғаға сүйеніп ұйықтап тұрсың ба?! – деген тосын дауыстан ол шоши, есін жиды. Жұмысшылар тартатын көліктің жүргізушісі екен.
- Пипылдатып тұрмын, пипылдатып тұрмын!.. Құлағың бітіп қалған ба?!
Қамихан ләм-мим деген жоқ. Соңынан ілесіп, көліктің артынан барып, ішіне артылды. Ондағылар ысырылып бұған орын берді.
- Кәке, саған әдейі жылытып қойдым тақтайды...
- Рахмет.. – деп ол сүлесоқтау ризашылық танытты да тұтасқан қара
көлеңкеге сіңіп кетті. Оншақты адамның қараң-құраң сұлбасы темекі оты сорылғанда ғана байқалады. Күңгірлескен сөз. Кешегі мен бүгінгі тірліктің әңгімесі...
Қамихан манағы елестің тәтті күйінен әлі арыла алмай, басын иығына сіңіре бұйығып, жоқ адамдай тым-тырыс. Ол өмірінің қалай ауытқып, осындай бейшара күйге түскеніне өзі қайран секілді. Зерені көргелі терең ұйқыдан оқыс оянған жандай - дегбірсіз күй кешіп жүр. Ешқашан келмеген ойлар мен ниеттер бұны торуылдайтын болды. Расында ішінен әлдебір өзге адам түрегеліп келе жатқан тәрізді. Ол дәл бүгін құрылыс басына барған соң, өз еркімен арызын жазып бұл бекер тірлікті доғаруды ұйғарды. Реті келсе үзілген оқуды жалғап, немесе басқа бір ұшқынды іспен айналысқанды жөн санады. Жалдап тұратын, іші мандып жылымайтын қуықтай жалқы бөлмесі мен ондағы жадау тұрмысы көз алдына келгенде ұяттан екі беті ду-ду етті.
- Сен қалай ойлайсың? – деп бүйірлес жайғасқан кісі бұны шынтағымен
нұқып қалды.
- Нені? – деген Қамиханның сұрағына отырғандар жамырай мәз боп
күлді.
- Мынау ұйықтап отыр-ау, шамасы?
- Қайнап жатқан қарашайырға қолымды тыға алам деп Петро бөседі.
Тыға ала ма, алмай ма деп соған бәс тігіп отырмыз.
- Өзі білсін...
- Олай бомайды! Сен бір жағына шығуың тиіс.
- Мазамды алмашы а!..
- Қойшы соны... Кейінгі кезде Кәкеңнің ішін бір құрт үңгіп жүрген
тәрізді.
- Кәртөшкенің сарбас құрты болмасын!..
- Жоға, етегі бар құрт секілді!
Еркектер қарқылдап кеп күлісті. Қамиханға таяу отырғандар жотасынан, ияғынан қағып, жаратқан пиғылдарын танытып қояды.
Бұның еркі шектелген мерзімінің өтелгеніне біраз болған-ды. Елге қайтса да болар еді. Ағысы жоқ тұйық судай мына тірлігіне де еті үйрене бастаған сыңайлы ма... Қамиханның тұла-бойы түршігіп кетті. Әсіресе, арасына жүгіртілген тоқпен жылыйтын белоранышы есіне түскенде өз төсегінен өзі жиіркенді. Шәйдің күрең таты баттасқан темір күрешке, қалайы табақ пен қасық... қатқан нанның үгіндісі, пышақ тіліп жырым-жырым болған қаудырлақ дастарқан. Тіпті, дені дұрыс шығыс киімі де жоқ екен-ау!? Киініп баратындай жер де, бұны тосқан біреулер де болды ма, осы уақыт аралығында. Перде орнына газетпен бүркемеленген жалғыз терезеден себезгілеген, өлеусе жарық сияқты көріксіз өмір ғана бұның серігі болыпты.
...Сорлы неменің жағы неткен осал еді. Қамиханға он шақты болып жабылғанда ол солардың ішіндегі ең «өжеті» көрінген-тін. Тұмсығы қатты бәтеңкесімен бүйірден-бүйірден тепкенде ол тым батыр еді. Ауруханадан айығып шыққан соң, Қамихан тек соны ғана кездестірсем деп көкседі. Заң адамдарына тіс жарып ештеңе айтпады. Тек «Танымаймын, білмеймін» деген сөздерінен жаңылмады. Қамиханның кегі сол топтың арасындағы тек осыған ғана кеткен сияқты. Жағын сындырып кегін алды. Бұның бокстан хабары барын білген айыптаушы жазаны асыра қатал талап етті. Екшелей келіп үш жылмен шектелді. Соның екеуін темір тордың ар жағында өтеп, тәрбиелі тәртібін ескеріп, соңғы бір жылды ел арасында қадағалаумен өткерді. Қашанда емен-жарқын жүретін, ашық мінезді жас жігіттің қабағы түксиіп, өмірі күліп көрмеген әлдекімге ұқсап кеткендей...
Егер Зере ойда-жоқта осы қаладан көзіне ұшырамаса - бұның өмірі сол тұйық судың тереңіне бата берер ме еді. Қамиханның кеудесінде от тұтанғандай әсер туып, денесі пысынап сала берді. Ол неше жылдан соң, алғаш рет өзінің бойынан жалын секілді лепті сезді. Бұл қуат оған өте таныс және етене еді. Ол енді тұйық суда жандалбассыз жата бермейтінін анық түйсінді. Қамихан да бір кезде бәске түсіп, қолын қайнап тұрған қарамайға тығып көрген. Алдымен қолды суық суға матырып, сосын аса жылдамдықпен қарамайдан «қолғап» кию...
Көлік соңынан ұйтқыған қардың ұшқыны артта отырғандардың беттерін шалып өтіп, ызғарлы демімен тұншықтырғысы келетіндей түтейді. Бүркеме кенептің етегі де желмен жарыса әңгіме соғып, аузы жабылмастан далбырлап барады...