Blogs
Көлеңкем
Әке асқар тау. Әке алып қамал.Әке әр үйдің бәйтерегі. Әке төзім мен сабырдың егесі. Әке сені ақтық демі қалғанша қорғайтын батыр, қолынан келгенші қолдап дем беретін демеушің. Алладан әр күн сайын асқар тауымның шағылмауын, алып қамалымның қирамауын, бәйтерегімнің құламауын, төзімім мен сабырымның сарқылмауын,қорғансыз қалдырмауын тілеумен жүремін. Тек мен емес бәріңізде осылай тілейсіздер жаратушыдан.
Таң рауандап атып, күн тау басына ілінген жазиралы жайлаудың кербез таңы, тымық ауасы, бұлақтың сылдыры осының бәріде өткен күндердің еншісінде қалды. Ол кездегі қазақ үйдің шаңырағынан төр алдына төгілетін күннің сәулесі, сол күннің нұрына балқып отырып әкем мен шешемнің бал қаймақ қосқан бал шәйінен ішікен күндер тек аңыз әңгіме секілді болып бара жатқандай. Бірақ маған ғана солай, себебі әкем мен шешем әлі күнге сол төр жайлауда, төралдына отырып бал шәйләрін ішеді.
Туған ауылдан бөлініп, тас қаланы мекен еткеніме биыл тұп тура он жыл болды. Осы он жылда бал қаймақты, анамның тәтті шайын, әкемнің «Көлеңкем» -деп еркелеткенін сан рет сағынып, оқуында, тас бауыр тас қаланы да қалдырып, қолымды бірақ сермеп кең дала туған өлке, өскен үйге кетіп қалуға талай оқталдым. Бірақ әкемнің білім алып, маман иесі атанып кел деп ауылдан аттанар алдындағы айтқан сөзі аяғыма тұсау болады да тұрады. Оқуды тастап қайтып барсам әкемнің маған артқан әкелік үміті мен сенімін ақтамаған боламын ғой деген ой, мені аштыққа көнуге, тоңған сәттерде шыдауға, сағынған сәттерде сабыр қылуға үйретті.
Халқымызда «Бір әкенің білімін, жүз мектеп бере алмайды» - деген тамаша сөз бар. Осы сөзге менде толықтай қосыламын. Маған әуелгі білімді мектеп емес әкем бергендігі өтірік емес. Сіздерде де солай болу керек. Менің де әкем студент болған, қазіргі мен жүрген тас қаланың тұрғыны да болып көрген. Ол кісіні де қаладан бірақ күнде қайтарған әкесінің бірақ ауыз сөзі болатын. Әкем маған өзінің мектепке барғанынан бастап, бүгінгі маған әке, немерелеріне ата атанған күнге дейінгі өмірін, Мұхтар Әуезовтың атақты «Абай жол» эпопиясы сияқты қызықты етіп, талай әңгімелеп берген болатын.
Ол кездегі білім алудың өзі тым ауыр, екендігін, жоқшылықтың жағадан ұстап жармасып жүретіндігін, алыс ауыл, ауданнан атқа мінгесіп келіп, жатақханада аш жатқан күндерінің көп болғандығын, бірақ соның барлығына шыдамдылықтың қажет екендігін үнемі айтып отыратын. Сол мол қажыр қайрат пен шыдамның соңында сарқылмас бақыттың болатындығна сендіріп тәрбиеледі. Сол тәрбие мені талай рет қисық жолға түсуден сақтап, түзу жолға бағдар жасауға өзінің үлкен септігін тигізді.
Бүгінде азда болса әке сенімін ақтаған шығармын деп ойлаймын. Алға қойған мақсатқа жеттім. Маман иесі атанып, жылдар бойы күткен дипломды қолға алып, жүмысқа да орналастым. Асыл әкем мен ардақты анамамның шаңырағына келін түсіріп той қылып, бір отаудың иесіде атандым.
Осыдан бұрынғы он жылмен салыстырғанда дүниенің дамып келе жатқандығын еріксіз мойындайсың. Бір кездері әкем мекен еткен асқар таудың баурайындағы қыстаудан менің мекенім тас қалаға қоңырау шалып сөйлесу қиял ғажайып әңгімелерде ғана айтылатын дүние еді. Ал бүгін сол бір кездегі қиял шындыққа айналып отыр. Сол қыстауда, сары май сапырған шайын іше отырып дүниенің төрт бұрышынан хабар алуға болады.
Кенет қалта телефоным безілдеп қойаберді. Қалтафон қақсаса оған назар аудармау мүмкін емес. Бүгінде қалтафонды қара көзіңді тырнап ашқан сәттен бастап, қара түнде қалғып кеткенше қасыңнан қалдырмай сенцорын сыйпалаумен боламыз. Себебі күн сайынғы тірлігің осы бәлеге тікелей байланысты.әр нәрсенің жақсысы мен жаманы болатыны ол өмір заңдылығы деп қабылдап келсек, қалтафонда дәл солай. Осының арқасында алыстағы ата-ананың амандығын біліп хабарласып тіл қатысып отырамыз.
Бұл жолғы қоңырау туған жер, туған ауылдағы, туған әкемнен келген қоңырау екен. Бірден тұтқаны көтрдім.
-Ассалаумағаликум!- деп әкеме сәлем бірдім. Ол кісі де амандық саулық сұрап, бұл жақтағы ағайын туыстың қал жағдайларын сұрап біліп, ол жақтада аман есен жатқандықтарын жеткізді. Сөз соңында «Көлеңкем» ал енді аман бол Алла амандықта жолығуды нәсіп етсін. Өзіңе жаратқан жар болсын. Ісің ілгері болсын –деп тілегін айттыда тұтқаны қойды.
Мен телефонды қолыма ұстап біраз ойға батып отырып қалдым. Мені күні бүгінге дейін «Көлеңкем» деп еркелеткен әкетайымның сөзінен әкенің балаға деген махаббатының еш уақытта сарқылмайтындығына көзім жетті.
Ішімнен күбірлеп қана Алладан ата – анама амандық саулық сұрадым.