Blogs
Көненің ғажайып жәдігерлері
Мүрденің тұрағы – құмыраның іші
Ордабасы ауданында осы күні «От үйі» деп аталып жүрген биік төбе бар. Ол көне қаланың орны. Біздің дәуірімізге дейінгі төртінші ғасырда пайда болған «От үйінің» өз заманындағы аты – Қаңқа болған екен.
Ежелден Қаңлы тайпасының әкімшілік орталықтарының бірі болған Қаңқа қаласы IX ғасырда сол маңға таяу жердегі Қараспан атты жазыққа көшірілген көрінеді. Қарахандардың арғы атасы Афрасиаб Қаңқаның түлегі деген дерек айтылады.
Мамандардың айтуына қарағанда, Қаңқа қаласы жөніндегі деректер көне Қытай жазбаларында және Фердоусидің «Шахнаме» дастанында кезігеді екен. Бұдан екі мың жыл бұрын мұнда Қаңлы мемлекеті болған. Қала орнынан табылған көне жәдігерлер оны мекендеген халықтың пұтқа табынғанынан мәлімет береді. Олар от, су, ауа және жерге табынған. Зерттеушілер Қаңқа тұрғындарының салт-дәстүрлерінің кейбірін нақты айқындапты. Мысалы, Ислам дәуірінен көп уақыт бұрын жергілікті тұрғындар көз жұмған адамды жер қойнауына бермеген көрінеді. Мүрдені суға да ағызбаған, отқа да өртемеген. Себебі өздері жер мен от-суға табынған ғой. Сондықтан ежелгі қаңқалықтар қайтыс болған адамды құмыраға салып, қажет кезде оның беті ашылып-жабылатын етіп сақтайды екен. Осылайша, олар сүйекке топырақ тигізбеген. Тек бейсенбі күндері құмыраның бетін ашып, марқұмды еске алған және оған арнап иіс шығару дәстүрі жасалған. Осы күні бейсенбіде майға созба мен бауырсақ пісіріп иіс шығару салты сол замандардан сақталып келе жатқан болса керек.
«От үйі» төбесінің, яғни Қаңқа қаласының табанын айналдыра терең етіп қазған ордың ізі бар. Жау келер алдында қаланың айналасы Арыс өзенінен жырып ағызған суға толтырылады екен. Келген жау кідіріп қалған сәтте оларға қаланың төбесінен жебе жаудырылатын болса керек.
Бейбіт өмірде халық қаланың сыртында егіншілікпен және төрт түлік малмен айналысқан. Сонымен қатар қолөнер ошақтары, диірмендер жұмыс естеген. Сулы, нулы жердегі тіршілік берекелі болған. Тері өңдейтін, қыштан ыдыс құятын, садақ пен жебе жасайтын ұстаханалар істеп тұрғанын археологтар айтады.
Қаланың биікте болуының себебі, ертеде қала үстіне қала салу әдісі қолданылғаны белгілі. Археологтар қазба жұмысын тереңдеткен сайын қала да көнере береді. Қала көптеген қабаттан тұрады, оның әрбір қабаты бір-бір ғасырға пара-пар. Қазба жұмысы жүргізілген жерлерден біз билеушінің тұрағын, қызметкерлердің үйлерін, олардың ошағын, сұйық және құрғақ азықтарды сақтау әдістерін, жуынатын бұрыш пен оған арналған қыш ыдыстарды оп-оңай көз алдымызға келтірдік.
Алты ғасыр бұрынғы нан қалдығы сақтаулы
Ары қарай Отырартөбеге жол тарттық. Мұнда табылған өте терең құдыққа үңіліп қарағанымызбен түбіне көз жетпеді. Құдықтың қабырғасы қыштан қаланған. Бұл нағыз көне жәдігер. Қаланың қыш қабырғалары бұзылмаған күйінде аршылуда екен. Мешіт, билеуші үйі, тұрғын үйлер, көшелер мен алаңдардың орындары айқындалып тұр.
Ертіп жүрген мамандар бізге Отырардың айналасында 280 қарауылтөбе, аймаққа қарасты калалар мен ауылдар болғанын айтты. Дін мен мәдениет қана емес, мұнда қолөнер мен сауда, қазба байлық өндірісі шарықтап дамыған. Алтын, күміс, болат, темір өндірісінің басы-қасында жаратылыстанушылар мен химияның білгірлері жүрген екен. Ал далада ел егін егіп, мал баққан.
Археологтар Отырардан XІV ғасырдан қалған нанның қалдығын және матаның жыртындысын тапқан екен. Осы жәдігерлер бүгінде Отырар археологиялық қорық-мұражайында сақтаулы.
Археологтар қаланы аршып, оның әу бастағы әсем ғимараттарын жарыққа шығаруға күш салуда. Болашақта Отырардың көркі қалыптастырылып, туристер ағылатын орынға айналдырылады деп күтілуде.
Отырардың соңғы тұрғындары қаланы кешегіге дейін тастамаған. Ресейден алғашқы қоныс аударушылар келген кезде Отырарда бес-алты отбасы өмір сүріп жатқан екен.
Фараб билеушісінің резиденциясы
Саяхатымыз жалғасып, Отырардың маңындағы Құйрықтөбе деген жотаға тоқтадық. Бұл жота Кедер деген көне қаланың орны екен. Жанымыздағы мамандар Кедердің Фараб өлкесінің әкімшілік орталығы болғанын айтады. Мұнда көбіне елшілерді қабылдаған. Мешіттің және билеуші үйінің орындары табылған.
Археологиялық зерттеулер Кедерде күтушілер мен күзетшілер, қала сыртында егіншілер мен малшылар жұмыс істегенін көрсеткен. Ал табылған көне жәдігерлердің сыртына сол уақыттағы салт-дәстүрлердің көріністері бейнеленген.
Кедерде билеушінің қонақ күтетін, сауық-сайран құратын бөлмелері болған. Елді басқарумен қатар көрші жұрттармен сыртқы саясат жүргізетін Кедер шағын ғана қала еді.
Хандардың ордасы
Ары қарай Түркістанға жол тарттық. Жеткен бойда алдымен тегістеліп, орны ғана қалған көне Түркістанның аумағын аралап шықтық. Оның аумағы 88 гектар, ал ортасында ғажап көл болыпты. Қала қорғанмен қоршалып, алты жерінде қақпа, он екі жерінде мұнара болған.
Қоршалған қала ішінде өмір қайнап жататын. Ұстаханалар, наубайханалар, базарлар, тігінханалар жұмыс істеген. Ал, мешіттер мен медреселер халықты ілімнің нұрына бөлеген. Түркістан 18 ханның тұсында астана болыпты. Түркістан XVІІ-XІX ғасырлар арасында Хан ордасы болып келген. Онда 21 ханның зираты бар.
Бұл аумақ кешегі Түркістан болса, сол маңдағы алып төбенің астында одан да бұрынғы, тым ертедегі Түркістан – Ясы қаласы жатыр.
Саураннан сахна бұйымы табылды
Біз Сауран қаласы орнының кереметтерін тамашаладық. Қала қорғанының біраз бөлігі сақтаулы. Жанымыздағы мамандар осы қаланың құрылысына жергілікті жұртқа қоса екі жүзден астам үнді құлдары салынғанын айтады.
Ақындар мен саяхатшылардың және шет ел елшілерінің жазбасында Сауран бүге-шігесіне дейін дәріптеледі. Армян патшасының қолжазбасында Сауран суреттелген екен, ал тарихтан белгілі Уасифи ақын Сауранда туып-өскен, қаланы өзінің шығармашылығына арқау етіпті.
Сауран жайлы естіген үстіне ести бергің келеді. Қаланың ортасындағы үлкен мешіттің кіре беріс жағында билейтін екі мұнара болыпты. Ол тамаша инженерлік құрылғы еді.
Қала Ұлы Жібек жолының бойында жатыр. Қаладан Еділ бойы, Кавказ, Орталық Азия, Қытай бұйымдарының көптеген қалдықтары табылған. Сауран ортасында үлкен алаңның орны байқалады. Көшелер мен үйлердің сұлбасы жатыр, оларды тек қазып алса болғаны. Шарап ішетін ыдыстар табылыпты. Ал бір үйден сахнаға киетін маска шыққан. Мұнда әртістік өнер болғанға ұқсайды.
Көне жазбаларда елшілердің «Сауран – жанға жайлы қала» деген естелік сөздері кездеседі. Сол маңда Қаратөбе деген биік жота жатыр. Бұл – І-XІІІ ғасырларда өмір сүрген ежелгі Сауранның орны. Ал кейінгі Сауранда да Отырардағы сияқты, кешегіге дейін адамдар өмір сүріп келген. Кеңес үкіметі орнар тұста Сауранда жиырма шақты отбасы тұрғаны жайлы дерек бар.