Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Мектебім – алтын бесігім

Blogs

14.12.2017
12198

Мектебім – алтын бесігім

 Мектебім – алтын бесігім

        Мектебім – алтын бесігім

       Әкемнің денсаулығына бола, ол кісі ұзақ жылдар белінен радикулит болып сырқаттанып, атақты Сарыағаш шипажайында ем қабылдады, туған жерден жырақ кетіп, сол кездегі Шымкент облысы, Созақ ауданы, Шу қой совхозына көшіп бардық. Бұл өңір ауданнан өте шалғай орналасқан, автобус қатынайтын жол салынбаған, құмды ауыл, тек Ан-2 ұшағымен ғана аудан орталығына қатынасуға болатын мекен екен. Табиғаты жасыл желексіз, құмдауыт, сексеуілге бай аймақ. Қазақи меринос, биазы жүнді қой тұқымын өсіру шаруашылығымен айналысатын совхоз. Әкемнің қызметі – совхоздың бухгалтері. Бұл 1968 жыл болатын. Жазы аптап ыстық, күндіз даладан жан адам көрмейсіз, далада жүру мүмкін емес, салқын үйде, күннің қызуы басылғанша отырамыз да, түс ауа тіршілік басталады. «Бастарыңнан күн өтіп кетеді, далаға шықпаңдар»- деген ата-анамыздың талабына қарамай, терезеден қашып шығып, «артизан» суына барып шомылатынымыз есімде. Неліктен «артизан» аталатынын білмеймін, жарты ма, бір метр ме биіктегі құбырдан гүрілдеп ағып тұратын су, айналасы шомылуға болатын тоған іспетті. Үйіміз «қоржын үй», қабырғасы ортақ, екі жағында қос семья орналасқан, сол кездегі үй салудың жоспары солай болса керек. Құдайы көршіміз осы ауылдың милициясы, анасының аты есімде қалыпты – Ырысты апа. Есіктің алдындағы сәкіде, шылапшынға сүт құйып, немересін шомылдырып отыратын. Мұрат есімді немересіне анамыз кіндік шеше болды. Үйде 5 баламыз. Бәрі мектеп жасында, үйдің кенжесі мен де биыл мектепке барамын. Дайындалып жүрмін. Әпкелерім Шолпан, Айман, Гүлнұр мені дайындап жатыр. Әкем дәптерге 1-ден бастап 1000-ға дейінгі цифрлардың орысшасын жазып берген, жаттап жүрмін. Жаңадан көшіп келсек те, ешкімді бөтенсімей, бәрімен тез тіл табысып кеттік. Достар да тауып үлгердік. Менің де Нағима деген досым бар. Ол да биыл бірінші класқа барады. Міне, қыркүйек айы да жақындады. Ертең мектепке барам. Класқа да кірдік. Алғашқы сабақтар да басталды. Класс жетекшіміз – Құрманбай ағай. Байқаймын, класс журналында менің фамилиям жазылма-ған. Сабақ сұрамайды. Үйге жылап келгенім есімде. Сөйтсем, мектепке ол кезде толық 7 жасқа толған балаларды алады екен. Мен қарашаның 19-да жетіге толамын. Мектепке барған досым Нағимадан қалмаймын деп барған мені, жасым толық жетіге толғанша, оның үстіне үлгерімі қалай болады екен деп бақыламақшы болған алғашқы ұстазым Құрманбай ағай аты-жөнімді журналға жазбаған екен.                                                                                                                              Мен, әрине, жақсы оқыдым, қалайша үлгерімім нашар болу керек, алдымдағы әпкелерімнің барлығы оқу озаттары болса. Көбейту кестесіне жүйрікпін, тақылдап тұрмын. Оның үстіне әкем бухгалтер болғандықтан, жұмысы есеп-қисаппен байланысты, үлкен қоңыр шоты бар үйде. Мен математиканың, ол кезде арифметика дейтін алу, қосуын алғаш рет әкемнің шотынан үйрендім. Күнде сабақтан бес алып келем. Украинада әскери қызметте болған әкем балалары, біздерді әскери тәртіппен өсірді, сабақ үлгерімімізді қатаң қадағалап отыратын. Мектептен келе жатқан маған әкем «менің Мирошниченком бесті мойнынан сығып, портфеліне салып алып келе жатыр» - дейтін. Суретім мектептің озат оқушыларының суреттері ілініп тұратын тақтадан түспейтін. Мінезім қырсықтау ма, кейде сол суретке түскім келмей, үйге қашатынмын. Анамның жылығаныма қарамай, алдап-сулап мектепке әкеліп, суретке түсіртетіні есімде. Сондай бір сурет әлі сақтаулы... Анам балабақшада жұмыс істейді, балалары, біздер жақсы оқығандықтан ол кісіні мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы етіп сайлаған. Негізі, ата-анамыз бізді кішкентай кезімізден еңбекқор етіп тәрбиеледі. Жазғы демалыс-тарда қамыс тоқимыз, үлкен әпкелерім үйлердің сыртын ақтайды, әкеміз жұмыс істейтін кеңсенің еденін жуамыз. Қазір ойлап отырсам, ата-анама сол кезде бес бала бағу да оңай емес, өздері де еңбек етумен қатар, бізді де еңбекке ерте үйретті. Одан жаман болғамыз жоқ. Осындай еңбектің арқасын-да ауылға сыйлы, үлгілі отбасы атандық. Ата-анамыз бізді ештеңеден тар қылмай, баршылықта, не ішеміз, не киеміз демей, молшылықта өмір сүрдік.                         Ол кезде де ауылға концерт қоюға артистер келіп тұратын. Келген артистерді ауылда қонақ үй болмағандықтан, совхоз басшыларының үйіне бөлетін. Біздің үйде лиллипут-иллизюанистер болды. Клубымыздағы қойылымдарында ауыздарынан жіпке тізілген ұстараларды шығарғанда аузымыз ашылып, көзіміз бақырайып, таңғала қараған бізге «өз беттеріңізше осылай жасап жүрмеңіздер, қауіпті» - деп айтуды да ұмытпайтын. Олар жатқан бөлмеден әкем құжаттары, қаражаттары салынған үлкен қоңыр сейфін «қалай, қалай емес» - деп «қауіптеніп» өз бөлмесіне көшіргені де есімде. Таңертең тұрғанда менің формам табылмай, бойлары менің бойымдай болғандықтан, осылардың біреусі киіп алды деп, менің шыж-пыж болғаным да есімде. Осындай да қызықтар болған. Концерт жүргізуші Мадина деген қыздың «сағат 12-ге таяп қалды, осымен концертіміз аяқталды» - деген сөзі де есімде қалыпты. Ауылдың қыстағы қарлы боранын айтпаңыз, ақтүнек, тізеден түсетін оппа қар, желді аяз. Ондай кезде мектепке бармаймыз, сабақ болмайды. Босқа отырмай ұннан су араластырып желім жасап, қиылған қағаздарға жағып,суық жел кірмесін деп, терезенің тесіктеріне жапсырамыз. Қолдан жаңа жылға түрлі қағаздардан ілінетін ойыншықтар әзірлейміз. Мен кітап оқуды жақсы көретінмін, әсіресе ертегілер ұнайтын. Анамыз да кішкентай Мук туралы ертегіне айтып беретін. Мектептің кітапханасы менің мекенім еді. Кейін менің кітапханашы болуымның себебі де сооол кездегі кітапқа деген қызығушылығымнан туса керек. Ауылдағы мектеп 8 жылдық еді. Ары қарай оқуды аудан мектебінде жалғастыру керек немесе Алматыда интернатта оқу керек. 8 жылдықты бітірген әпкелерім Шолпан мен Айман «Лениншіл жас» газетінен Алматыдағы №278-ші интернатқа оқушылар қабылдайтынын оқып, сонда барып оқимыз деді. Шелекте тұратын әкеміздің қарындасы Зәбира тәте де «келіңдер, орналасуларыңа көмектесем» деген соң, әпкелерімді әкем Алматыға алып кетті. Аяқ астынан жиналып кетті, кейін білдік, совхоз директоры Мұрат деген баласына Шолпан әпкемді айттырмақшы болыпты. Иә, бұл жақта 8 жылдықты бітірген қыздар тұрмысқа шыға береді екен...

        Екі қызы оқимыз деп кеткен соң, елден жырақ жүрмейік деді ме, өзіміз де Алматы жаққа қарай көш түзедік. Сөйтіп, алғаш білім есігін ашқан мектебім, алғашқы ұстазым Құрманбай ағай, Нағима досым қоштасып қала берді. Ата-бабамыздан қалған, қанымызда бар, көшпенді қазақ болып, оның үстіне анамыздың ауруына байланысты, мен мектеп бітіргенше талай жерге көшіп, оқу жылының басын бір мектепте бастап, ортасын бір мектепте оқып, соңын басқа мектепте бітірген кезіміз болды. 5-ші кластан Алматының түбіндегі сол кездегі Чапаев атындағы совхоздың №87 орта мектебінде оқып, 1978 жылы 10 жылдықты бітірдім, ол кезде 10 жыл оқитынбыз. Келесі жылы мектеп бітіргенімізге 40 жыл болады екен. Сол 1968 жылғы алғаш мектеп табалдырығын бірге ашқан кластастарымнан кімдер бар екен? Нағимадан басқа кластастарымның аты-жөндері есімде қалмапты. Құрманбай ағай ше, ол кісі сол кезде 30 жастың ар жақ, бер жағында болса, қазір 70-тер шамасында болар? Иә, өтіп жатқан уақыт! Әрбір саналы адамның ана бесігінен шығып, мектеп бесігінде тәрбиеленуі заңдылық! Есейгенде еске түсіріп, мектебіңіздің есігін ашып, ұстаздарыңызға тағзым етуді ұмытпаңыздар, достар! Мектеп – алтын бесік болып тербеліп, бізге қол бұлғап тұрғандай!!!

 


Share:      
Leave a comment: