Blogs
27.10.2017
6815
МЕН ДЕ АДАМ БОЛҒАНМЫН
Ол аяғын сүйрелей басып күнделікті орнына келіп тұрды. Баяғы сол «кәсіп». Өткен-кеткен бейтаныс адамдарға жалтақтай қарап, қолын жайып садақа сұрау, тамаққа тиын-тебен жинау. Бұл кәсіпке келгеніне талай жылдар өтті. Алғашында намыстанып: «Мұндай қорлықты көріп, жер басып жүргенімше, өлгенім артық»,- деп өліммен де бетпе-бет келіп еді бұл бейбақ. Бірақ «Әке, әке, өлмеші!» деген жалынышты дауыс өлім аузынан сан мәрте аман алып қалды. Содан бері сол орында тұрып, әр ойдың жетегіне еріп, күн қызарғанға дейін кетпейді. Бір мезетте оның ойына осы кәсіпке қалай келгені орала кетті...
Қала орталығындағы екі бөлмелі жатақханада жолдасы және екі баласымен тұрып жатқан. Жолдасы екеуі студент кездерінде қосылып, жас нәрестелі болғанда оқу орны осы үйді беріп еді. Қуаныштары қойнына сыймай «қандай қиыншылық болса да өле-өлгенімізше бір-бірімізге демеу боламыз, бірге боламыз!», - деп жаңадан қосылған жас жұбайлар уәделерін беріп, жас отаудың табалдырығын аттаған-ды. Айшабибі есімді тұңғыш сәбиін айналып-толғанып, бақытты күндер кешіп жатты. Жолдасы-Нәзира баламен үйде отырды да, ал бұл шығармашылықпен айналысып, жоғары оқу орнында әдебиеттанудан сабақ берді. Еңбекқорлығының арқасында тапқан табысы молынан жететін. Сөйтіп жүргенде дүниеге торсықтай Қажымұқан есімді ұлдары келді. Үлкен қыздың сабағы, жас сәбидің тамағы бар дегендей, Нәзира жұмыстан (бастауыш сынып мұғалімі мамандығын бітіріп еді) біржолата қол үзіп, тағы да үйде отырып қалды. Жанұя мүшелері тек отағасына қарап отырды. Ал бұл болса жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанұяның қамын ойлап күндіз-түні тынбай қызмет атқарып жүрсе де, тапқан табысы кейде жетіп, кейде жетпей де қалып жатады.Мұндайда жолдасы бұның құлақ етін жейтін. Бұрын мұндай мінезі жоқ еді, мүлдем өзгерген, қит етсе ашуға міне жөнеледі. «Үйде баламен отырып қалды, жүйкесі де жұқарған шығар, сәл Қажымұқан өссін, бір жұмыстың ретін тауып көрермін», - деп іштей ойлап, бұл сол жұмысының соңында жүрді.
|
Бір күні ол жұмыстан шығып, үйіне келе жатқан беті еді,аялдамадан сыныптасын кездестіріп қалды. Аман-саулықтан кейін оны үйге дәм татуға шақырды. Үйге әкеліп жанұясымен таныстырды. Сөйтіп, кешкі дастархан басына отырды. Өткен-кеткенді айтып, оқушылық өмірлерін еске түсірді. Сыныптасы – Ербол Атырау қаласында тұрады, жеке компания ашып, соның директоры екен. Жолдасынан ажырасып кетіпті. Қазір туған жеріне қарай қыдырып бара жатырғаны екен. Ерболдың бұрыннан тәкаппарлық мінезі бар еді,оның үстіне бастық болғасын ба, әйтеуір айтатыны байлық, ақша. Мұның әңгімесі Ерболмен онша үйлесіңкіремей қалды, есесіне Нәзираның әңгімесінің бітетін түрі жоқ.Үйдің тарлығын, мұның табысының мардымсыз екендігін Ерболға айтып, мұңын шағып отыр. «Өмір бір-ақ рет беріледі, ақшасы мол жұмыс тауып, бай болып шалқып өмір сүру керек», -деп Ербол да Нәзираны қоштап қояды. Іштей зығырданы қайнап отырған бұл: «Ақша да, байлық та қолдың кірі. Бүгін бар да, ертең жоқ. Ақша мұра болып жарытпайды. Адам баласына ақша емес, мәңгілік мұра болып қалатын –білім қажет. Мол ақша керек деп байлықтың соңына ерген адам көрсоқыр болып жолынан адасады. Қадыр Мырзалиев ағам «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» деген. Адамгершілік қасиет ғана адамды аздырмайды»,-деп төтесінен бір қойды. Бұл жолы үні қатқылдау шықты. «Түн ортасы болды, мен қайтайын»,-деп Ербол есікке беттеді. «Аяқ астынан келдіңіз, келесі жолы арнайы келіп қонақ болып кетіңіз», - деп Нәзира асты-үстіне түсті. «Жолың болсын, келгеніңе рахмет!», -деп бұл да қоштасты. Ербол кетер-кетпестен Нәзира:
- Қонақты қуып шыққандай болдың ғой. Жәймен әңгіме айтып, жұмыс сұрасаң қайтеді? Ақыл айтып, пәлсапаңды соғып ақылгөйсініп қалғаның не? Сенің ақылың кімге керек, оны өзіңнің студенттеріңе айтарсың. Жазу, жазу деп, тауып жүрген табысың болса анау, өзіңдей Ерболды қарашы, үлкен бір компанияның бастығы. Біздің үйіміз болса мынау, қонақ та күте алмаймыз.
- Болды, жетер! Не деп отырсың, а? «Аллаға шүкір» деп барға қанағат ету керек.Ақша, байлық не керек? Аш отырған жоқпыз, тамағымыз бар. Балаларға денсаулық берсін деп тіле, ақша, үй деп айқайлағанша, - деп бұл есікті тарс жауып шығып кетті. Өмірде бұлай жолдасына айқайлап көрмеп еді, іштей қынжылды.Таза ауада біраз ойланып жүрді де үйге кірді. Үйдегілер ұйқыда екен. Бұл жұмыс үстеліне отырып, «Көше қаңғыбастарына қамқорлық қажет» тақырыбында жазып жатқан мақаласын аяқтауға кірісті.
Бір-екі жұмадан соң Нәзираға өз мамандығы бойынша жұмыс табылды. Жұмысқа орналасқанын атап өтпекші болып бұлар кешкісін дастархан басына жанұясымен жиналып жатыр еді, біруақытта тағы да Ербол сыныптасы келді. Балаларға тәттілер, Нәзираға бір шоқ гүл алыпты. Қуаныштарына ортақтасты. Туған жерінен келген беті екен, бұларға соға кетуді жөн көріпті.
Сөйтіп, Нәзира жұмысқа шықты. Айшабибі биыл мектеп бітіреді, Қажымұқан-балабақшада. Бұрынғыдай емес Нәзира да «ақшаны» көп айтпайтын болып жүр. Үй-ішінің «атмосферасы» да жақсарып келе жатты. Ербол Атыраудағы компаниясын бұлар тұрып жатқан қалаға ауыстырыпты. «Құрдас, құрдас» деп бұл үйге жиі келетінді шығарды. «Жолшыбай Ерболды кездестіріп қалдым, жұмыстан шаршап шығып едім, жақсы болды, машинасымен үйге дейін келдім», -деп Нәзира да күнде машинамен келетін болды. Ербол мұның емес, Нәзираның құрдасы болып кетті. Күндердің күнінде Нәзира мектептегі жұмысты қиын, денсаулығыма әсер етеді деп тастады. «Жұмыстың оңайы болмайды, шыдай тұрмадың ба?» деген мұның сөзіне құлақ аспады.
Бір күн өтпестен Ербол құрдас Нәзираны компаниясына іс жүргізуші қызметіне жұмысқа шақырды. «Әйтеуір, балалармен арпалыспаймын ғой, тыныш жұмыс екен» деп бірден келісімін берді. Бір айдан соң Ербол бастық жақсы жұмыс жасаған қызметкерлеріне Түркияға тегін жолдама беріпті және «балаларыңыз болса алып шығыңыздар», деп қызметкерлерін бір қуантып тастапты. «Өзің барып келсең қайтеді?» деген мұның сөзіне Нәзира: «Осы сен араласпайтын жерге қыстырыла кететінің-ай, балаларды қай қалаға қыдыртып жатырсың сен осы? Мені қойшы, балаларды аясаң қайтеді, қатарынан қалып еш қалаларды араламады», деп баяғы әдетіне
басып, айқайлай жөнелді. «Расында да, жанұямды қыдырта алмадым-ау», -деп іштей өкініп бұл қала берді. Сөйтіп, олар Ербол бастықпен бірге Турцияға ұшақпен ұшып кетті. Бұл жұмысында қалды. «Түркияға жеттік. Жақсы демалып жатырмыз. Бізге алаң болма» деп, Нәзира жеткеннен соң хабарласты.
Оқу орнында қызметкерлер ауысып, мұның шаршап жүрген кезі еді. Бүгін үйге кеш қайтып еле жатқан. Көрші есіктегі Нұрберген шал шылым шегіп отыр екен. «Көрші, тым кеш қайтып келе жатырсың ғой, жұмыс па?» деп оған орындықты ұсынды. «Біздікі бір жұмыс ғой» деп, бұл да отыра кетті.
- Әй, көрші-ай! Жұмыс, жұмыс деп өлетін шығарсың, осы сен. Иә, не жаңалық? Қажымұқан батыр көрінбейді ғой?
- Нәзира алып кетіп еді .
- Бәсе, «көрші ата» деп келіп кететіні бар еді. Нәзиралар бір жаққа кетті ме?
- Иә, Нәзира жұмысынан тегін жолдама алып балалармен Турцияға кетіп еді.
- А-а, солай ма? Бәсе, алдында үйдің жанына келген машинаға бір дүр қара кісі бар, бәрі сөмкелерін тиеп жатыр еді, сонда кетіп бара жатқаны болып тұр ғой шамасы.
- Иә, иә, дүр қараңыз - менің Ербол деген сыныптасым әрі Нәзираның бастығы болады. Мен жұмыста болдым да шығарып тастай алмадым, сосын Ерболға айтқан ғой.
- А-а? Ербол деген сол ма? Оңбаған!
- Көрші аға, оңбаған дегеніңіз қалай?
- Ойбай-ау, не, әлгі.... аузымнан шығып кеткені ғой, Ұят болды-ау.
- Жарайды, көрші аға, мен үйге кірейін, шаршап тұр едім.
- Жарайды, жарайды, сенің де уақытыңды алдым-ау.
- Жо-жоқ, о не дегеніңіз? Ал, қайырлы түн!
Үйге кіргенімен, бұл манағы көрші шалдың әңгімесінен кейін «Ерболдың не жазығы бар екен көрші шалға» деп біраз ойланып, дөңбекшіп ұйықтай алмады. Басына түрлі ой келді. Сол түні бұл ұйықтаған жоқ.Таңертең тұңғыш рет жұмысқа бармады. Жүрегі бір нәрсені сезетін сияқты. Алып-ұшып көрші Нұрбергеннің үйіне келді.Қарт жоқ, жолдасы таңертеңгі асын ішіп отыр екен. Екеуі әңгімелесіп шай ішті. Бұл қарттың кешегі әңгімесін бастады.
- Е,е, шал саған айтып қойды ма?
- Нені? - деп бұл бір жамандықты сезгендей орнынан ыршып тұрды.
Көрші кемпір Ербол бастық пен Нәзираның хикаясын бұған жыр қылып айтып берді. Жұмысты сылтауратып Турцияға қашып кеткендігін келіні айтып келіпті.Келіні бұл компанияда еден жуушы болып жұмыс жасайды екен, ата-енесіне «көршілерге айтпаңыз, өздері шешер, біреудің жанұясының
проблемасы ғой» депті. Кемпір шыдай алмай шалына айтыпты. Ал шал болса ...
проблемасы ғой» депті. Кемпір шыдай алмай шалына айтыпты. Ал шал болса ...
Бұл кемпірдің әңгімесіне не сенерін, не сенбесін білмей, аң-таң болып қалды. «Жоқ, мүмкін емес, Ербол бірге өскен құрдасым, ал Нәзира ондайға бармайды, қате шығар» деп орнынан атып тұрып үйіне қарай жүгірді. Келісімен телефонға жармасып, Нәзираға қоңырау шалды, «телефон сөндірулі» деген үнді естіді. Лезде Ерболдың компаниясына келді. Хатшы қыз жаңадан келгендігін және бұл компанияны басқа біреудің сатып алғандығын айтты.
Сол түні ол Ербол мен Нәзираға түнімен қоңырау шалып ала алмады. Ертеңгісін көрші келінмен жолығып анық-қанығын білді. Солай болып шықты.Бұл есінен адасқан адамдай, оқу орнына келді. Ешкімге тіл қатпастан, жұмыстан босату туралы арызын жазды. «Не болды? Қайда барасың? Жайшылық па?» деген жұмыстастарына «Бай болам.Ақша табам. Компания ашам» деп бір-екі ауыз тіл қатты да қоштасып шығып кетті. Бұл сол кеткеннен мол кетті. Үйіне де бармады. Ешкім мұны іздестірмеді де. Жұмыстастары да, көршілері де мұны шетелге кетті, бизнесін ашуға деп ойлады. Ал бұл болса, жұмыстан шығарда алған ақшасына толтырып «ащы су» алып қала шетіндегі өзеннің жағасына кетіп қалды. Араққа салынған бұл үсті-басы алба-жұлба, сақал-мұрты өскен көше қаңғыбастарына кездесті. Жаңа орта тапты. «Көше қаңғыбастары» өздерінің мұндай күйге қалай түскендігі туралы жыр қылып айтты. «Кезінде сендерге көмек сұрап мақала жазып едім, енді біздер туралы кім не жазады екен, а?» деп «ащы суға» әбден берілген бұл лепіре сөйледі. Содан бері ол «жаңа достарымен» бірге тұрып жатты. Жолдасының тастап кеткенін, құрдасының сатқындығын көтере алмаған бұл талай мәрте өлуге бел буды. «Мен енді әріге шыдай алмаймын, өлуім керек» деген оймен бұл пойызға басылып өлгісі келді, «Әке, әке өлмеші!» деген өз баласының даусын естіп ажал аузынан аман қалды. Содан бұл ақсақ болып қалды.«Ащы суға»әбден еті үйренген бұл кез-келген жерді мекен етіп, күндіз орталық базардың алдында садақа сұрап, күнделікті «ащы суға» тиын-тебен жинап, яғни бұл «кәсіпке» осылайша келген.
Міне, кешегі әдебиет-танушы адам танымастай өзгеріп кетті. «Иә, мен өзгердім. Мені ешкім танымайды, бірақ мен бәрін де танимын», -деп өткенін ой елегінен өткізіп,ойдың тереңінде тұрған манағы ақсақ бейбағымыз алдына түскен тиынның тарсылынан селк ете түсті де, жанарын көтеріп қараса, алдынан бір адым жерде өзінің бұрынғы жанұясы тұр. Біруақытта жаны жоқ аяғы өз-өзінен дірілдеп, жан бітіп денесі шымырлап, біреу төбесінен қойып қалғандай болып жерге отыра кетті.Сыныптасы - Ербол, жолдасы-Нәзира, қызы - Айшабибі.
Нәзира: «Нұрбол, балам бері қарашы» деп, қолында жетектеген бүлдіршінге бірдеңе деп айтып жатыр.Өздері көңілді. Жаңағы тиын тастап жатқан - кезіндегі кішкентай баласы - Қажымұқан екен.Тиын тастауға еңкейгенде бетіндегі қалысынан байқап қалды.Үлкен жігіт болыпты. «Қажымұқан, болсаңшы.Сен де қайдағы бір көшенің қаңғыбасына тиын тастап!» деген өзінің бір кездегі әйелінің даусын естіді. «Қайыршылар қаптап кеткен бе, немене өзі. Бұларға тиын тастаудың қажеті жоқ, жүр Қажымұқан, одан да кафеге кіріп шығайық!» деп Ербол құрдас сөйлеп бара жатыр. Айшабибі болса, телефонмен түрікше сөйлесіп, өз-өзімен мәз болып тұр.
Бұл орнынан атып тұрып баласының білегінен ұстап: «Балам, рахмет! Жолың болсын! Өмірлік жарыңды адаспай, қателеспей таңда! Мен де кезінде адам болғанмын! Мен көше қаңғыбасы емеспін! Мен де адам болғанмын! Балам, Қаж....» деп жерге сылқ ете түсті. «Сіз кімсіз, сіз кімсіз?» деп Қажымұқан оның қолын ұстай бергенде, ол көзін жұмып мәңгілік сапарға аттанып кетті....
«Әкең сенің кішкентай кезіңде жол апатынан көз жұмды» деген Нәзираның алдауына сеніп келген байғұс Қажымұқан, туған әкесінің қазір ғана көз алдында о дүниелік болғанын сезбеді-ау....Әттең, сезбеді-ау!
Самал ЖАМЕТ
Share:
Leave a comment: