Blogs
Мифопоэтика және бүгінгі қазақ прозасы
Миф және біз
Кез келген өнер үшін ең басты критерий – идея. Сөз өнері де осы критерийге бағынады. Шығармаларында мифтік элеметтер кездесетін қаламгерден мен ең алдымен мифтік образды ашу шеберлігін іздеймін. Бүгінгі қазақ прозасындағы мифтік кейіпкерлердің образын ашуда сан түрлі әдеби әдістер қолданылады. Бірақ портреттік суреттеу кемшін түсіп жатады. Рас, тылсым һәм дерексіз кейіпкердің портретін жасау оңайға соқпайды. Бірақ мифтік кейіпкердің портретін аша алған қаламгер қазақ сөз өнері тарихында ерекше аталып өтуге лайық. Әлем әдебиетінде И.В. Гетенің «Фаустындағы» Мефистофельдің портреті жақсы ашылған. Тіпті Мефистофелдің күлкісі деген тіркес қаламгердің тылсым әлемінің кейіпкерін жақсы аша алғандығынан қалыптасса керек. Мифтік кейіпкерлердің портетін жасау үшін алдымен мықты қиял қажет. Былай қарағанда қиял ештеңеге бағындайтын ең еркін ұғым секілді. Бірақ қиял да біздің көрген түйген танымымызға бағынады. Ол жайында арнайы тоқталып өтетін боламын.
Мифтік тұрғыда ойлау адамзаттың санасының сәби шағына тән деген тұжырымдар қазір ескіре бастады. Тіпті бүгінгі прозадағы көркемдік шындықты бейнеленуде мифтік образдарды пайдалануды арнайы тәсіл етіп алған қаламгерлер бар. Демек ұлттық әдебиетімізде мифтік дүниетаным түрлі бейнелерге негіз бола алды. Қазіргі қазақ прозасындағы мифопоэтиканың өзіндік қырлары әдебиеттің көркемдік деңгейіне қаншалықты әсер ете алды? Қазіргі прозадағы мифтің қызметі қаншалықты?
Анығында миф - адамзат қалтқысыз және сөзсіз сенетін нәрсе. Себебі адамзатты ұстап тұрған - сенім. Адам бұл дүниеде жоқ әділеттің о дүниеде бар екендігіне сенгісі келеді. Адамдардың көбі бір тістелген нәпсі жемісі үшін жаза кеңістігінде жүргеніне нанады. Бізге белгілі һәм белгісіз қоғамның барлығы да Құдайдың бар екендігіне сенген. Осы сенім – Құдайды іздеуге, қаһарына ұшырап қалмауға, жаза мен кие деген кесімнің бар екендігін түйсінуге мүмкіндік берген. Демек, миф болмаса, адамзаттың санасында сенім де болмас еді, ал сенім болмаса Құдай да жоқ деген сөз. Егер адам түйсігінен сенім деген ұғымды шегеріп тастайтын болсақ, онда мына дүниенің тас-талқаны шыққан болар еді. Демек мифтің тек қана әдебиет емес, өнердің өзге саласында, дінде, дамыған ғылымдар арасында бар болуы заңдылық.
Ұлттық таным және миф
Әлемдік әдебиеттану мифті жаратылысты түсінудегі, дүниені танудағы рухани мәдениеттің алғашқы сатысы ретінде түсіндіреді. Ендігі мезетте бүкіл адамзатқа ортақ миф бар да, жекелеген ұлт пен ұлысқа лайықты мифтер бар. Мәселен, қазақтың ұғымындағы перілер - көшпелі. Олар да үй тігеді, мал бағады деген сенім болған. Демек миф - ұлттық дүниетанымның түп-тамыры. Егер ұлтқа қатысты белгілі бір мифтерді білмейтін болсаңыз, мифтік таным қалыптаспаған болса, белгілі бір ұлтқа тән түсініктердің мәніне бойлай алу қиынға соғар еді.
Миф және жанр мәселесі
Мифке бет бұра бастаған тенденцияның орын алуы тегіннен тегін емес. «Миф ( грек mesthos-баян, аңыз, мысал) - халық творчествосының өте ертеден қалыптасқан ең көне жанрларының бірі» деп «Әдебиеттану терминдер сөздігінде» ашық түрде жазылғанымен, оны түбегейлі жанр деп айтуға жүрексінетініміз бар. Осыдан соң қазақта миф жанры жоқ деп айтылатын уәждерге қарсы тұруға қауқарымыз да қалмай қалатын секілді.
Миф және идеология
Әрине құрғақ жерден миф қалыптаса салмайды. Анығында мифтің өз дәуірлеу кезеңі болған. Ол кезеңде миф - үлкен идеологиялық қызмет атқарғанын аңғару түк те қиын емес. Ит культі кезінде күллі түркілер қаншық қасқырдың сүтін еміп өскен он тайпадан тұратын ел болған деген сенім міндетті түрде қажет болған. Осыдан кейін мифтің идеологиялық қызмет атқарғанына келіспей көріңіз. Ғалымдардың қасқырдың түркілік тотемге айналуына оның айға қарап шығаратын дауысы себеп болған деседі.
Шоқан Уәлиханов қазақтардың отқа қатысты нанымы туралы «Қырғыздардағы шамандықтың қалдығы» деп аталатын көлемді мақаласында былай дейді: «От шаңырақтың жебеушісі, сондықтан қырғыздарда келін жаңа отбасының табалдырығын аттаған кезде үлкен үйдегі отқа табынуы керек. Бұл моңғолдарда да бар салт және ол некелесу салтының орнын ауыстырады. Қырғыздарда ол көптеген ұсақ-түйек жақтарын жоғалтқан, яғни моңғолдармен салыстыратын болсақ, бүге-шігесіне дейін қолданылмайды»
Миф және культ
Мифология бізге дейінгі культтер тарихына тоқталмай өзінше ірге көтере алмайды. Оның себебі біз жоғарыда айтқан ұлттық танымдарда жатыр. Соған сәйкес, мифтік шығарма жазамын деп ойлаған жазушы міндетті түрде ол культтерден хабары болуы тиіс. Мәселен, бір жазушы ордалы жыланның киесі туралы қалам тергемек болды делік. Ол міндетті түрде қазақ танымындағы үш әлем, соның ішінде жер асты әлемін білуі тиіс. Бағзы замандардағы жылан культінен әбден дерлік хабары болуы тиіс. Оны білмей, ордалы жыланның көші, жылан мен адам арасындағы арбасу деген секілді тақырыптарға бару қиындау. Мифопоэтикалық проза жазбақ болғандарға осыны ескеру керек.
Жылан култіне кейінгі біздің қазақ қоғамында айырықша орын алатынын - от культі.
Отбасы мен ошақ қандай киелі болса, отқа қатысты кәсіп иесі де түркілік танымда қадірлі болған. Мәселен ұсталық кәсіпті меңгергендерді киелі адам деп есептейтін болған. От тазарту құралының рөлін атқарған. От - ұрпақ жалғастығының кепілі. Жас баласы бар үйден нәресте шетінеп кетпесін деп, күн батқан мезгілден таң атқанға дейін сыртқа от алып шығуға қатаң тыйым салынатын болған. Бұл тыйым бұзылса, ұрпақ жалғаспай қалады дегенге кәміл сенген. Отқа май құйып, ақсарбас қойды құрбандыққа шалу арқылы осы үрейдің басын қайтарып отырған. Демек, ұрпақ жалғастығынан айрылу-трагедиялық жағдай. « Түтінің түзу шықсын», «отың сөнбесін» деген тіркестің барлығында күнделікті өмір-тіршілігі отпен сабақтасып жатқан халықтың танымы көрініс береді. Көш кезінде отты сөндірмес үшін қоздаған шоқты күлімен бірге жаңа қонысқа ала көшу, отты үшкір затпен көсеуге тыйым салу, оттан аттауға, отты тебуге, шаш, тырнақ секілді лас нәрсені отқа тастамауға, отқа түкіруге, су шашуға, оттың орнын басуға, шамды үрлеп өшіруге болмайтын тыйымдар халық санасына сіңіп кеткендіктен, қоғам өмірін реттейтін маңызды тетікке айналған. Бүгінгі жазушылардан отқа қатысты танымның ұшығын байқау мақсатында кейіпкерлер аузына осындай элементтерді салып отырса, деген ұсыныс айтқым келеді. Күлді баспау туралы жазушы Қойшыбек Мүбәракта кездеседі.
Асқар Алтайдың «Киллер Сауысқан» әңгімесіндегі кие мотиві
Ислам дініне дейінге мифтік танымда кие мотиві алғашқы орында тұрған. Барлық заттың иесі мен киесі бар деп ұғатын халық «кие ұрады» деп қорыққан. Ал күнә туралы түсінік қазаққа исламның келуімен, діни ұғымдармен толықты. Қазақ санасында күнә туралы білімдер ислам дінімен келген халық жадындағы Құран аңыздарындағы білімдермен байыды.
Кие - халық ұғымындағы жанды, жансыз заттарда болатын ерекше тылсым күш, қасиет.
«Киллер Сауысқан» әңгімесінде бөрі – танымы көркемдік деталь ретінде пайдаланылған. «...бөрінің көк жалыны ғайып болып, орындарында үңірейген қос үңгір қарауытады», «Арлан бөрінің» «сұғанақ сауысқаннан» ажал тапқаны әңгімедегі оқырманды бір селт еткізіп, өзіне баурап алатын тосын деталь десе де болғандай. Себебі әдетте азуын айға білеген түз тағысының сүйкімсіз ала құстан мерт болуына сену қиын. Десе де, автор арлан бөріні символдық кейіпкер етіп ала отырып, біздің түркілік танымымызға қатысты астарлы ой айтқысы келетіндей. Қасқыр мифі пайда болғалы бері қаншама дәуірлер дөң асты? Халықтың ғұрыптары мен дәстүрлерінің түп негізі мифтің тасасында жасырынып жатады. Ал қалам ұстағандар соны таным көзімен байқай қалып, ары қарай дамытады десек те болғандай. Қазақтағы «көзі ашық, көкірегі ояу» деген тұрақты тіркестің мәнін осы шығармадан аңдауға болады. Көкірек көзінің ағып түсуі адамды рухани кембағал етеді. А.Алтай да көз мүшесі арқылы осы идеяны шебер бере білген. Сауысқан көзді ойып түсіреді. Көзі жоқ аң өз әлеміне өзі қамалады да қалады. Сыртты бағдарлай алмай, өзіне-өзі қамалған кез-келген жаратынды басқаның басқаруына өтеді. Соның бағытымен жүреді. Барлығына бас изегіш келеді. Өзге де аңдарды көзқамаққа түсірген сауысқанның мінезін аша отырып, автор кие мотивін де көркемдік деталь ретінде пайдаланады. «Кеше түнде келіннің аман-есен жаны қалып босаныпты. Бірақ сәби көзсіз туыпты. Көзсіз, қассыз туған нәрестенің бет-жүзі жып-жылмағай көрінеді Дәрігер мұның ұлына «жүз жылда бір ұшырасатын жұмбақ құбылыс» депті». Түсінікті болу үшін, тоқтала кетейк; сауысқан арқылы аң ұстайтын кейіпкердің жүкті келіншегі көзссіз бала бала дүниеге алып келеді.
Мақсат Мәліков шығармашылығы
Жердегі адамдар әрекетіне жиіркеніш пен Жердің өзін сағыну психикасын Мақсат Мәліков «Үшінші әлемнің тұрғыны» деп аталатын көлемді әңгімесінде ашып көрсете алған. Прозаик өзінің жазушылық мүмкіндігін осы әңгімеде көрсете алды деуге болады. Өзге әңгімелеріндегідей баяндау кезінде логикалық қателер жіберіп алған тұсы да жоқ емес. Атап көрсетер болсақ: «Бөлмеге енген кезде патша тағынан тұрып, бізге қарай аяңдады. Ол да мені алып келе жатқан адамдарға ұқсайды», «Мынау сиқырлы шар. Оны тек патшаның өзі, оның қызы және мен ғана ұстай аламын. Бұл шарды көріп тұрған сіз төртінші адамсыз. Сіз зерікпесін деп беріп жіберді». Анығында ол үшінші әлемнің бөгде бір болмыс иесі, адам емес. Жазушы адамдардан безіп, бөгде болмыс иелеріне, басқа әлемге тап болған адамды жазып отырып, сондағы кейіпкерлерді де адам деп жазып жіберген. Мұндай логикалық қателер мистикалық, мифтік сарындағы жанрдың ішіне еніп кеткен оқырманды кері итереді. Көркемдік шынайылыққа күмәнмен қарауға итермелейді.
Әлемнің үш деңгейіне қатысты қатысты мифті арқау ете отырып прозаик кейіпкерін жоғарғы әлем тұрғындарының кеңістігінен бірақ шығарады. Кеңістігі - жер, арман-мұраты да Жер бетіндегі тіршілікке негізделген кейіпкер жаңа әлемді тосырқай қабылдайды. Жерді сағынады. «Адам деген қызық қой, жалғыз болса да, қарғыс атса да, жағасында толқыны тулап жатқан, суы, ну орманы бар аралға тап болған Робинзон Крузо қандай бақытты деген ой келеді» кейіпкерге. Бірақ автор осы әңгімеде бір детальді өте оңтайды пайдаланады. Ол-шарайна.
Бүгінгі жас прозаиктер шығармашылығына үңілу үсінде, мифтік элементтерді іздестіру барысында Мақсат Мәліковтің «Жердің жанасазы» деп аталатын еңбегінен жылан культін байқауға болады
Кеңістік қараңғы болмай мистиканың толық болмысы ашылмайтындай көрінеді. Ал оның барлығы түннің, қараңғының адамзат баласы үшін-тылсым екендігін білдірсе керек. Біздің сезу мүшелеріміздің мүмкіндігі жеткен жерге дейін біз түйсіне аламыз, білім жинаймыз, зерделейміз. Ал сезу мүмкіндігіміздің шектелген тұсы бізге үрей тудырады. Қараңғыда көру мүмкіндігіміз төмендейді. О дүниені бес мүшеміз де сезіп көрмеген. Демек тылсым, мистика- біздің мүмкіндігіміз аяқталған жерден басталады. Адамзаттың осы бір ерекшелігін көркем әдебиетте, бүгінгі қазақ прозасында Мақсат Мәліков өте жақсы пайдалана білген. «Талақ таң» деп аталатын әңгімесінде таң атпай, күн мүлде шықпай қалады. Мұнда да уақыт және кеңістік мәселесі байқалады. Кеңістік қап-қараңғы, ал уақыт белгісіз. Күн жоқ болғандықтан уақытты межелеу қиындау. Сондықтан автор мынандай жолдарды берген: «Күн өткен шығар, ай өткен шығар, мүмкін арада сан жылдар сырғып өткен болуы мүмкін, бәлкім бір секунд та алға жылжымаған шығар, әйтеуір бір заматта ұшып келе жатып, әлденеге соқтығысып қалды» «Талақ таң» әңгімесін Мақсаттың прозасының ішіндегі ерекше бағалап айтуға лайық шығарма дер едім.. Дәстүр жалғастығыынан автор жауынды іздеп жолға шыққан «Толағай» туралы аңыздың формасын пайдаланады. Тек бұл жолы жауын емес, кейіпкер күнді іздеп шығады. Тағы бір айырмашылығы Толағай тау көтерген мықты жігіт болса, күнді іздеп шыққан әлсіз де нәзік, өзі жетім қыз баласы. Фантастикалық элемент қыз күнді іздеп жолға шыққанда ауыл ақсақалының қызға ақ қанат байлап беруінен көрініс табады
Аягүл Мантай шығармасындағы мифтік элементтер
Жаһандану кезеңінде өмір сүріп жатқан ұлтымызға батыстық дүниетанымның да әсері соқпай өтіп жатқан жоқ. Атап айтсақ, прозаик Аягүл Мантаеваның «Қабір гүлі» деп аталатын әңгімесі біздің дүниетанымызыға батыстық салттың да ықпал етіп жатқандығын анық көрсеткен. Әдетте, исламды қабылдағанына бірнеше ғасыр болған қазақ бейіттің басында құран оқиды. Топырақ салады. Ал Аягүлдің кейіпкерлері қабірдің басына гүл қойғысы келеді. « Қабір гүлінде» батыстық мифтік элеметті жазушы көркемдік деталь ретінде қолданған. Қызыл гүлге қатысты Наполеон мен Жозефина туралы оқиға кірістірілген. Жас жазушыға бұл көркемдік детальді кірістірудің қаншалықты қажеті болды? Бастысы мифтік таным белгілі бір ұлттың дүниетанымының ақпаршысы деп қабылдаған күннің өзінде біздің санамыздың өзгергендігін, жасалып жатқан көркем шығармаларымыздан да анық аңғара аламыз. Батыстың мәдениетін игеріп, ғылымын оқып жатқан Ұлы жібек жолының торабында орналасқан байырғы түркінің бүгінгі ұрпақтары Шығыспен де, Батыспен де мәдени-саяси байланысқа түсті. Ал байланыс бар жерде таным дүниесіне өзгерістер енетіні тағы бар. Енді батыстық мифтік деталь деп отырғанымыз қандай деталь? «Наполеонның әйелі фиалканы жақсы көретіні сондай өзі қастерлейтін сол гүлді шашына тағып жүреді екен. Даңқты қолбасшы Жозефинамен қосылған күнді жылда есінен шығармай, оған фиалка гүлін сыйлайды екен. Бір жылы базарға фиалка гүлін әкелуге жұмсаған қызметшілері құр қол оралыпты. Жарының жанарынан кірбің көргісі келмеген қолбасшы гүлді өзі іздеуге шығады. Базарды аралайды, жоғын таппайды. Көше бойлап, іздейді. Іздегені жоқ. Қолбасшы «Фиалка гүлінсіз Жозефинаның көзіне қалай көрінемін?» деп уайымдайды. Іңірде фиалка гүлін өткізе алмай тоңып, бүрісіп тұрған бүкір кемпірге кезігеді. Қолбасшы құшағын фиалкаға толтырып, үйіне оралады. Көзінде нұр ойнаған Жозефина фиалканы иіскей беріп: – Мынау моладан жұлынған гүл ғой, – деп талықсып кетеді. Өлмелі бүкір кемпір гүлдің моладан жұлынғанын мойындап, жанына сауға сұрап, қолбасшының аяғына жығылады. Көп ұзамай Наполеон ақылды Жозефинасынан айырылып қалып, жалғыздық мұңына қамалады. Қолбасшы сүйікті жарының қабірінің басына фиалка гүлін ектіріпті. Өмірінің соңғы азапты күндерінде Наполеон Жозефинаның қабіріне барып, бір тал фиалка гүлін жұлып, төс қалтасына салады. Арада көп уақыт өтпей ұлы қолбасшының өзі де мерт болады». Аягүл өзінің «Қабір гүлі» әңгімесінде де Бұрым есімді қыздың қабірде өсіп тұрған әдемі қызыл гүлді жұлып алып иіскегеннен кейін қайтыс болып кететіндігімен, осы детальді өз шығармасына кірістірген. «Сарша тамыздың соңғы күнінде Есіркеп көкемнің қызы Бұрымның өлімі туралы қаралы хабар жетті. Түнде ұйықтағаннан қайтып оянбапты. Зиратқа барғанымызда Бұрымның топырағы кеппеген қабірден қып-қызыл әдемі гүлді жұлып алғаны есіме түсті.
- Мұндай иісі жұпар шашқан гүлді бірінші рет көріп тұрмын. Не деген әдемі гүл!-деп құшырлана иіскеген. Сол жұпар иісі аңқыған гүлді кейін еш жерден кезіктірмедім. Сонда ол: «Бұл гүлды саған сыйлар едім, бірақ қимай тұрғаным»,-деп әдемі күлімсіреп еді».
Жоғарыда көрсеткеніміздей мұндағы кейіпкер де Қабір гүлін иіскегеннен кейін көз жұмады. Әлемдік мифтік әңгімені деталь ретінде пайдаланып осындай жаңаша, қазақ қоғамына қатысты тың бір әңгіме жазылған. Аягүл өзінің бауырына арналған әңгімені жазып бастағанда «Қабір гүлі» туралы француздық мифті кіріктіремін, тіпті әңгіменің атын соған сәйкес қоямын деп ойламаған екен. Есесіне «Қабір гүлінде» жылан культі туралы жолдарды да ұшырастыруға болады. «Үлкендердің : жалбыздың арасында жыландар көп, суға көп түсе бермеңдер, жыландар патшасын ашуландырып аласыңдар» деген сөзін жай қорқытады деп қабылдайтынбыз. Бір күні шомылып жүрген Масақбайдың Көккөзі Андрейден қашып, жалбыздардың арасына барып жасырынады.Үркіп кеткен жыландар бір-біріне оратылып, су бетіне шыққанда, зәре құтымыз қалмады». Демек, үлкендер айтқанда жыландар патшасы ашуланатын болғаны ғой. Осыдан кейін ойнап жүрген балалар өз-өзінен ұрысып қалады. Жазушы оны жыландардың ашуының кесірінен дегенді айтып жатпайды. Өзге замандастарына қарағанда Аягүл Мантаева қалыптасқан дәстүрлі жазу стилін құп көреді. Оқырманын алдымен психологиялық тұрғыда дайындап алады, сосын мүмкіндігінше астарлап кеткен ойларының шешімін ашып беріп, түйін жасап отырады.Қабір гүлі» адамның өлімді алғаш рет түйсінуі туралы. Бір данышпанның таңғалатыны бар еді, «Менің ең бақытсыз күнім – адамдардың бәрі өлетінін түсінген күнім. Ересектер, дүниеде бәрінің жойылатынын біле тұра қалайша түк болмағандай өмір сүре береді?» деп. «Қабір гүлінің» кейіпкері кездесетін алғашқы өлім – бұларды ойнататын бүкір шалдың өлімі. Ал адамдардың бәрі түбінде бақилық екенін білгенде ол ересектерге сұрақ қоя бастайды. Әңгіменің сәтті шығуының кілті − баланың атынан баяндалуындадеп ұқтық. Сондықтан тілі, стилі барынша қарапайым. Диалогтары шартты емес, шынайы.
Аягүл Мантаева әңгімесіне қанша батыстық детальді енгізген деп қарастырған күннің өзінде, балалардың мазар орналасқан жерге қатысты дауы қазақтың өліге деген құрметінің ерекше екендігінен хабар береді. Өлді болды, өлген адаммен шаруасы жоқ ұлттың балалары мазарға бола ондай қақтығысты жағдай туғызбаған.
Қала тақырыбындағы мифопоэтика. Нұрлан Қабдайдың әңгімесі
Бүгінгі прозаиктердің ішінде Сайтан кейіпкерін әңгімесінің тақырыбы етіп алған жас жазушы - Нұрлан Қабдай. Ол өзіне дейінгі прозада қалыптасқан суреттеу мен айшықтауды, психологиялық параллелизм жасауды жат көрмейді. Дәстүр сабақтастығын жалғай отырып, өзінің тың стилі мен ұстанымын алып келген. Әдетте қазақ прозасындағы қала тақырыбы турасында сөз қозғалса, жазушыларымыздың қаламы бұл тақырыпқа онша жүрдек еместігін алдыға тартатындары көп. Ал Нұрланның «Сайтан» әңгімесі шын мәнінде қазақ қаламгерлері де қала тақырыбын өте жақсы меңгере алатындығын, қаланың өзіне де қазақы таныммен қарауға болатынын көрсетіп берген. Мәселен «Ажары етегіне жеңгетайлық еткен жезөкшедейін сырты жылтырап тұрғанымен, іші құрттап жататын сидиған шыны ғимарат мұның да жұмыс орыны». Қаланың қоғамдық көлігін ол былай кейіптейді «Дымқыл асфальттың күсін бауырына көшіре жеткен автобус ысылдап аз тұрды. Кісісі аз екен. Түскен ешкім жоқ. Қайта терезеден бұған телміріп емес, болсаңшы деп одырая қалған қалың көз. Бір жаққа безіп бара жатқан, бір жақтан безіп келе жатқан екі аяқтыға аялдаманың өзі аял бола алмай қалғандай. Іштегі олар ерте кетті ме, сырттағы бұл ере кетті ме, автобус бұны бүйірімен қылғытып алып жөнеп берген». Өзге жас прозаиктерге қарағанда тілі жатық автор портрет жасағандығымен де олардан айрықшаланады. «Әудемнен көрді. Әйнек қабырғалы аялдамада жалғыз отыр. Кезбе. Кезбе екенін де әудемнен: ұзын иен орындықтың шетінде ғана бүкшиіп отырған арқасынан, дал-дұлы шыққан пәлтесінен, күлдірей домбыққан оң беті мен қабарта салбыраған үстіңгі ернінен-ақ аңғарған. Қаланың қақ ортасында қайдан жүр? Былтыр көрген бұлтын іздеп келді ме деп ойлады. Не қылса да, автобус тосып отырмағаны анық». Бұл әңгіменің де кейіпкерлерінің аты жоқ. Кеңістік-қала, бірақ қаланың да аты жоқ. Уақыт: таңғы мезет. Жауын жауып тұр. Екі кеңістік бар. Біреуі - үйдің іші, екіншісі - жауынды қала. Анығында кейіпкер жауынды қалада үйінен қашып, өзін жалғыз сезініп кетіп бара жатады. Осылайша жалғыздықтан жабыққан келіншек қаладағы көлігі сапырылысқан жолға өзін өзі тастағысы келеді. Бірақ тәтті жанын қимай, бірақ жалғызсыраған өмірді де тәрк еткісі келіп тұрғанда бұның қасына ұзын бойлы, келбетті жігіт келеді. Танысады және оның үйіне еріп барады. Әңгіменің соңында мұның барлығы келіншектің жай ғана түсі болып шығатындығы. Өзінің күйеуімен ұрысып қалмағандығы, қалыпты өмірдің бір таңында бастырылып қалғандығы мәлім болады. Бір кейіпкердің түсі арқылы адамы көп, сонымен қоса жалғыздығы көп қалада сайтанның арбауына адамдардың оп-оңай түсе қалатыны әңгіменің негізгі идеясы деуге болады. Кейіпкер бір түннің ішінде бүкіл қаланы кезбей-ақ бақытты өз үйінен табуға болатынын, өзіңді өлімге қию, жалғыздықты сезінген адамның қасына Сайтанның жақын жүретінін түсінеді. Барлық күрес – адам мен Сайтанның арасындағы күрес. Тек ол мифтік кейіпкердің мүмкіндігі жоғары. Ол адам кейіпіне ене алады. Өз кезегінде әңгімесіне осы тақырыпты арқау еткен прозаик тақырыбын жақсы аша алған.
От культі немесе мистикалық махаббат
От - жарық пен жылу беретін наным –сенімде өзіндік орны бар табиғат құбылысы. Ол ертедегі адамдардың табиғат құбылыстарының ішінде сыйынып, табынатын обьектілерінің бірі болды. Оның өзіндік себебі бар. Ертедегі адамдар табиғат құбылыстарынан болатын аптаттардан үнемі үлкен зардап шегіп отырған.
Банзаровтың отқа табыну шамандарға парсылардан кірген деп есептейді. Оның өзі әлі толық зерттеуді қажет ететін даулы ұсыныс. Отты алғаш меңгеруде адамзат санасында үлкен үрей болғанын мифтік шығармалардан аңғару қиын емес. Тіпті әлемдік мифтік шығармаларда Прометей мен Койоттың құдайлардан от ұрлағанын еске түсірудің өзі жетіп жатыр. Қазақы аңыздарда бұл (жынды көбелектің) түнгі көбелектің отты айналшақтай беруіне қатысты аңызбен сабақтасады.
Отты көргенде құдды қазіргі жан-жануардың оттан өлердей қорқатыны секілді адамдар да алғашында қатты үрейленетін. Алайда, араға ұзақ уақыт салып ертедегі адамдар оттың сырын ұғып, оның пайдалы жақтарын да көре бастаған. Сол кезде адамдар бір жағынан оттың қандай зат болмасын құртып күлге айналдырып жіберетін қорқынышты күшін көріп үрейленсе, екінші жағынан оттың шикі азықтарды пісіретін, суықтан сақтап, жылу беретін, жабайы жыртқыш аңдардан қорғайтын, қорқынышты қараңғы түнде жарық түсіретін пайдалы қасиеттерін байқап, оған деген шексіз құрмет көрсетті. Шоқан Уалиханов қазақтардың отқа қатысты нанымы туралы «Қырғыздардағы шамандықтың қалдығы» деп аталатын көлемді мақаласында былай дейді: «От шаңырақтың жебеушісі, сондықтан қырғыздарда келін жаңа отбасының табалдырығын аттаған кезде үлкен үйдегі отқа табынуы керек. Бұл моңғолдарда да бар салт және ол некелесу салтының орнын ауыстырады. Қырғыздарда ол көптеген ұсақ-түйек жақтарын жоғалтқан, яғни моңғолдармен салыстыратын болсақ, бүге-шігесіне дейін қолданылмайды».
Отты кие тұтқан халық оны дүниетаным мен діни танымда да қадірлегенін бажайлауға болады. Отқа май тамызу дәстүрі біздің қазақ тіршілігінде әлі де бар. Бірақ үйлену салты еуропалық үлгіге сәйкес өзгеріске ұшырап бара жатқан қазақтардың отқа май құю салты осы ғасырда жойылып кетуі ықтимал. Шоқан Уалиханов бұл жөнінде былай дейді: « Қырғыздар нағыз есерсоқ, шәлкес адамды от соққан, от аттаған деп атайды. Отқа табына отырып, оттың ашуынан қорыққан және сондықтан оттың ашуымен қорғанған.
Оттың қуатымен металл қорытылып, түрлі құрал-сайман, қару-жарақтың жасалуына байланысты адамдардың отқа деген құрметі тіпті күшейгенін байқаймыз. Отқа деген қатынас пен сенімдер алғашқы адамдардың отты құдіретті күш, киелі құбылыс санауын туғызды. Пәле-жаладан сақтап, жамандықты аластайтын қасиеті бар деп табынды. Бұрынғы таным бойынша от жарық нұрдың, күн көзінің нышаны. Аспандағы күннің адам өміріндегі ықпалы қандайлық болса, оттың да сол жарық жұлдыздың бір бөлшегі ретінде қарастырылуында түп-негіз бар От пен күннің арасындағы мифологиялық байланыс та айқын көрініп тұр. От пен күнді байланыстырғанда қос ұғымның әсерінен оның киелі мәні арта түседі. От-күннің жердегі елшісі істпетті. От пен күннің түсі-қызыл және сары. Қызыл от пен қызарып батқан күннің түсі - қанның түсі.
Қан- тіршіліктің күре тамырында тулап жатқан негізгі сұйықтық. Демек от-кие миотивінің түсін қызыл деп тануымызға болады. Қызыл және сары от пен күнге баланатын киелі өң болып саналады. Мифтік танымының қызыл түске қатысты ұғымдарының өзінде осы от пен күннің өңінен шыққан нанымдарды сабақтастыруға болатындай.
Отта магиялық күш те бар деп саналады. Жалпы –құдіретті күш, зиянкестерді қорқыта алатын қасиетке ие болғандықтан ауырған адам, жолаушы, көшке жаңа ерген үй, жас баланың бесігі, қала берді ауырған малды да аластау әдісіне салған. Мұндай жоралғыларды магиялық ырымдар деп атаса да болады. От- ілкі заманда микро зиянды ағзаларды құртатын ең негізгі құрал болған. Оттың тазартатындығы туралы осындай көне түсінік қазақтарда ғана емес, әлемдік діндердің барлығында күнәһарды тозақ оты тазалайды деген ұғыммен астасып жатса керек.
Қойшыбек Мүбарактың «От-Ару» деп аталатын әңгімесінде от культі айқын көрініс тапқан. Аты жоқ кейіпкер отқа ғашып болады. Оттың ішінен ару бейнені көреді. Бірақ ол жақындай бергенде от жоқ болып кетеді. Отты қолға ұстау мүмкін емес қой. Автор оттың осы қасиетін жақсы деталь етіп алған. От-арудың жанған жеріндегі жылуды місе тұтып жүрген жігіт қызды қолымен ұстап көруді құп көреді. Осылайша ауылдағы бір жынды шалдың ақылымен сандық түбінде жатқан сарымойнақ пышақты алып отқа лақтырады. «Аңдып отырған жігіт пышақты дәлдеп тұрып оттың ортасына қарай лақтырып қалды. Пышақ межелі жерге дәл түсті. Шыңғырған қыздың даусы шықты. Жігіт лаулаған оттың ішінен өзінің түсінде көретін от-аруын көрді. Отқа қойып кетпекке ұмтылып еді:
-Жақындама жаным, жазым боласың. Өртеніп кетесің, кет әрмен, кет әрмен,-деген қыздың даусына сәл тосылып қалды».
Біз осы үзіндіден от пен адам арасындағы байланысты байқаймыз. Алайда отқа ұмтылған жігіт біз өмір сүріп жатқан кеңістікте енді ғұмыр кеше ала ма? Оттың да біздің кеңістіктегі ғұмыры шектеулі. Ол жандыруға тиісті затты өртеп болған соң, сөнетін табиғи құбылыс. Демек, бізге от қаншалықты жақын болса, соншалықты жат. Біз оған қаншалықты тәуелді болғанымыз бен ол бізге тәуелсіз. Сонда автор От пен адам арасындағы мистикалық махабаттың шешімін қалай бермек? «Жігіт өзін отқа бірақ атты. Қыз бен жігіттің құлында-құлын даусы шығып жанұшыра шыңғырған дауыстарын кең мойнақтың екі жағындағы ауыл да естіді. Сыртқа шыққан олар жотадан лаулаған оттың көз жеткісіз аспанға созылып жатқанын көріп аң-таң қалысты. Бірақ ешкім де жақын баруға батпады. Тек таң атқан соң ғана мойнаққа келгендер оттың орнынан жалқы сармойнақ пышақты тауып алды. Сабының аз жерін ғана күйік шалған екен».
Оқырманның көкейінде сұрақ пайда болады. Сонда жігіт от-арумен басқа әлемге кетті ме, әлде күлге айналып жоқ болды ма? Егер күлге айналып өртеніп кетсе, пышақ неге өртеніп кетпеген? Демек, от үшін мәңгілік мекен болып табылатын бізге беймілім кеңістікке кеткені ғой. Автор шешімді оқырманның өзіне қалдырады. Әңгіме отқа қатысты мифтік таныммен бедерленіп, мистикаға ұласқан. Мистика болғандықтан мұнда жігіттің де, қыздың да портреті жоқ. Тек От –аруға ессіз ғашық, тіпті мына дүниені мансұқ көрмейтін жігіт пен оттан жаралған сұлу сұлба ғана елестейді. От-аруға ғашық жігіт Отанын тастап өзі үшін белгісіз бір кеңістікке кетіп қалды. Анығында біздің Отан деген сөздің түбірінде От-семасы қылаң береді. Адамға азық пен қуат жылу берген қазақы ұғымдағы отбасы және ошақ киелі саналып, қасиет тұтылады. Тіпті металлдың алғашқы күйден келесі күйге өтуіне де оттың көмегі қажет. Біз физикалық заңдылық бойынша заттың үш күйі бар деп есептейміз. Қаттының сұйыққа, сұйықтың буға айналуына ең алдымен от керек. Демек Қойшыбек Мүбарактың кейіпкері де екінші күйге өтіп кетті. Оны от-ару буға айналдырып жіберді. Аспан кеңістігіне буға айналып қана көтерілуге болады. Әңгіменің негізгі идеясынан отқа құштар жынды көбелекке қатысты өзекті аңғарамыз. Сондықтан да бұл әңгімені біз талдау объектісіне алдық.
Қойшыбек Мүбарактың «Құбыжық» әңгімесінде де тәңірлік танымдағы оттың рөлін көрсететін подтекстер көптеп кездеседі. Әңгімеде от жағалай бақсылық ойын салатын Бақсы шал, оның сары бауыр бүркіті мен қамшысы мифтік сарынға негізделген әңгіменің мәнін аша түсетін детальдар болып табылады. «Бақсы бір кезде бүркіт болып піштәктап ала жөнелді. Сол кезде босағада отырған бүркіт те үйдің төбесін ала айнала ұшып піштіктай жөнелді. Аузынан ақ жалын бүркіп буырқанған бақсы бір сәтте барып саябырлап, өзін босатуды бұйырды.». Енді келесі сөйлемге мән беріңіз: «Бүркіттің даусы құлағына жеткен бақсы шал орнынан атып тұрып зіркілдеп, бұрқырап бақсылық ойынға қайта кіріскен. Аузында лапылдап жанған қарағайдың дәу бұтағы қып-қызыл оттың ішінде арлы-берлі ойқастап жүр» «- Алас! Алас! Бар пәледен қалас. Кет, пәлекет, кет! Суф,-деп кемпір бір қолында қарақұрым киіз, бір қолында үлкен кесе толы су бар. Қарақұрым киізбен қағып тұтатқан аршамен аластап, су бүркіп ұшықтап жатыр», «Отты өшіріп алмаңдар! Үстіне май құйыңдар,- кемпір шыр-пыр бола бастады.... Отты жағыңдар! Отты-кемпір өзі талықсып кетті. Ел от жағу үшін жанталасып, бірін-бірі соға-моға қайшыласып жатқанда арлы-берлі бұлқынып жатқан келіншек ышқына бір айқайлады да, неше қабат арқанды бырт-бырт үзіп орнынан тұрды».
Негізінен «Құбыжық» әңгімесінде қазақтың мифтің танымдарының көп бөлігі көрініс тапқан. Адам мен Албастыдан құбыжықтың пайда болуы, адамды албасты қалай басатындығы, Албастыға айналған адамның қандай болатындығы туралы сауал осы әңгімеде ашыла түскен. Мифтік сарында жазылған әңгімеде мистикалық детальдар бар болғанның өзінде соншалықты нанымды. Нанымды болатындығының өзі арғы таным мен түпкі қиялдан ауытқымаудың нәтижесі деп білеміз. Мәселен, екі кештің арасында әйел адам суға бармайды, қазақта сондай тыйым бар. Ал барған жағдайда не болады? Албасты басады. Әңгімедегі кейіпкерді де албасты басады. Албасты басқаны соншалық, ол өзін игере алмай бір ауылды қырып салады. Албасты басардың алдында ол үйге кіріп келе жатып, табалдырықты сол аяғымен аттайды. «Тәйт ары, табалдырықтан сол аяғымен аттағаны несі,-деп саңқ ете қалды. Үйдегі отырғандардың барлығы келіншекке жақтырмай қарасты». Мұндай тыйымдық мәні бар детальдар үй ішінде отырғанда бірнеше рет кездеседі. Тіпті шай ішіп отырғанда, келіншек сол аяғымен табалдырықтан аттап келгенге дейін бір бала да кемпірден ескерту естіп үлгереді. «Есікті керіп тұра қалған балаға төрде отырған кемпір «Керме босағаны»,-деп зекіп қалды.» Демек, ырым мен тыйымды бұзу Албасты басып, қарғысқа душар етеді деп есептейтін таным идеясы әңгімеде толық ашылған. Тіпті әңгіме тәңірлік мифтік танымға әдейі негізделіп жазылғанын байқау қиын емес. Себебі таулы орман арасында жалғыз күнелтіп жүрген албасты басқан келіншектің қолына түсіп қалған аңшы буаз маралды атады. Егер буаз маралға тиіспегенде ол сондай бақытсыздыққа душар болмас па еді? Кие мотиві әңгімеде былай берілген: «Алдында іші салбырап тууға жақын буаз марал бір жамбасынан қан сорғалатып тәлтіректеп қашып барады. Түс ауып кеткен кез. Сай етегіндегі сылдырап аққан судың бойында аңшы жігіт арып-таласып үлкен маралды жәукемдеп жатыр. Көп ұзамай барлық етті бұзып, жас терінің үстіне тастады. Маралдың ішінен шыққан өлі бұзауды шаранасымен қасындағы бір ұшқаттың түбіне тастай салды да, анадайда жатқан буыншағынан кішкене бір дорбадан тұз алып, жас етке себе бастады... Етті әбден турап болды да, астауымен бір шетке қойып, әлгінде ғана ұшқаттың түбіне тастай салған шаранадағы бұзауды алып, суды бойлап, аз-кем жүрді де қолындағысын тереңдеу бір жеріне тастай салды. Шарананың сары-жасыл нілі суды сәл лайлады да, лезімде өзі жоқ болып, су тұп-тұнық қалпына келді. Үдірейе сәл қараған жігіт жалма-жан буыншағына келді де, арлы-берлі қопарыстырып жүріп бір ақ шүберек тапты, төр шетінен елідей жалпақ әрі ұзын қылып жыртып алып, су бойындағы балапан қайыңның бұтағына байлады. «Қандай да болсын, бір сыры бар су-ау»,-деп күбірледі» Осылайша буаз маралдың етін жәукемдеп, төстігін қақтап жеген аңшы жігіт ақырында Албастының қолына түседі. Буаз маралдың киесі ұрады. Автор кие мотивін бір бұл оқиғада емес нақ осы кеңістікте, осы аңшымен Албастыдан туған баланы ауылға алып кеткен аңшы жігіттердің де аузына салады.
Автор кейіпкерді албасты басу сәтін де біздің таным қабылдай алатындай етіп жеткізген. «Келіншектің аузы жыбыр ете түсті.Үні сыртқа шықпады. Бұлақтың терең тұмасына шелекті батыра су бетінде қалқып тұрған малдың шикі өкпесін көрді де тағы аузы жыбыр ете қалды. Суды ала беріп қараңғы су түбінен өзінің жап-жарық суретін көріп: -Көтек...-деп селк ете бойын еріксіз жинай берді. Қас пен көздің арасында су ішіндегі өз бейнесі адамның қу қаңқа сүйегіне айналып білегінен бас салды».
Малдың шикі өкпесінің су бетінде қалықтап жүруі - қазақ фольклорында «Алтын сақа» ертегісінде кездеседі. Өкпенің су бетінде жүзіп жүруі-бір жайсыз жағдайдың болуынан оқырманға хабар беретін деталь. Демек бүгінгі мифпоплэтикалық проза да түпкі детальдарды пайдаланады. Мифтік жанрда қалам сілтейтін прозаик те, оқырман да халық ауыз әдебиетінен хабарсыз болса, ұлттық танымға жақын дүниені қабылдай алмаған болар еді. Сондықтан бұл детальді біз өз қабылдауымызға жақын деп отырмыз. Қазақы танымда өкпе-бауыр түсінігің өзінде үлкен мағына бар. Бауыр- әдетте ең жақын адам. Ал өкпе-керісінше, ту сырт. Мүлдем бөлек таным, бөгде, таныс емес тылсымға қатысты өкпенің деталь ретінде пайдаланылуын орынды деп есептеуге болады. Егер «Алтын сақа» және осы әңгімеде де өкпе емес бауыр жүзіп жұрген болса, онда оқырман тосылып, селт етіп, ары қарай не болар екен деген күй кешпеген болар еді. «Құбыжық» әңгімесі мамыражай қазақ аулының түнгі пейзажымен басталады.
Қанат Тілеухан прозасындағы динамика
Оқырмандарға ұсынылған Қанат Тілеуханның «Қараштың әңгімелері» деп аталтын кітабымен танысып шықтым. Автор уақыт пен кеңістік мәселесін үнемі назарында ұстап отырады. Ол бір оқиғаны баяндайды да, оны қоя тұрып, осы кеңістікте өткен бұрнағы оқиғаларды баяндауға көшеді. Өз кезегінде осы тәсіл арқылы оқырмандарын сергітіп отырады. Кеңістіктен қайта айналып келіп, қазіргі уақытты ары қарай іліп алып кетіп баяндау әдісінен жазушының композицияны құру шеберлігін байқаймыз. Ол Қараш деп аталатын кейіпкері арқылы «Жаназа» повестін І жақта баяндайды. Одан кейінгі «Қайтқан қыз», «Менің шешелерім», «Құдайдың үйі» деп аталатын әңгімелерінде де осы кейіпкердің төбесі көрініп, оқиға І жақта баяндала береді. Демек, кітаптың неліктен «Қараштың әңгімерері» деп аталғанын түсіну қиын емес. Тек бұл үрдіс соңғы үш әңгімеге келгенде бұзылады да, оқиға ІІІ жақтан баяндала бастайды. Әңгімелердің Қараш арқылы баяндалғанына үйреніп қалған оқырман соңғы жағына келгенде үйреншікті кейіпкерін іздей түседі. Бәлки, бұл жазушының әдейі жасаған, оқырманды тосындыққа негіздеген амал-тәсілі де болар.
Автор кейіпкерлеріне арнайы тоқталып, портрет жасап жатпайды. Пейзажға қанық шығармалар қатарына да Қанаттың әңгімелерін жатқызбас едім. Есесіне проза динамикаға бай. Оқырманды жалықтырмай, бір деммен оқып шығуға итермелейтін негізгі фактор да осы - динамика. Бір қызығы динамика бар жерде агрессия да қатар жүретіні бар емес пе? Ал қазақы динамикада артық агрессия болмайтынын байқау қиын емес. Оқиғаға кірісіп, оқырман психикасын дайындап алуға арналған шегіністер де аса көп байқала бермейді. Тіпті шығармалардың ішіндегі ең қоңдысы - «Жаназа» екенін ескерсек, автор оны кульминациядан бірақ бастайды. Расында, алдымен оқиғаның шарықтау шегі болады да, содан кейін осы оқиға неліктен сондай жағдайға дейін жетті, яғни нақты терминмен сөйлейтін болсақ, конфликт қалай басталғандығын түсіндіре бастайды. Әдебиеттанушы ретінде бүгінгі қазақ прозасынан кейіпкерлердің ішкі психологизмін іздеуге тырысамын. Алайда автордан кейіпкердің жан дүниесіне дендеп, қаһарман психологизмін шебер түрде берген тұстарын байқай алмадым. Ол оны мақсат тұтпайды да. Есесіне ол осы қоғамның ортақ психикасына жақсы үңіле білген.
Қоғам және кейіпкер
Бүгінгі заман кейіпкерлері қандай? деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, сөз жоқ оны Қанат Тілеуханның «Жаназа» повесінен кезіктіруге болады. Әдетте біз биліктегі «күрекпен көсіп-көсіп» алатын жемқорлар туралы әдемі сөз сабақтаймыз. Жегіштің барлығы билікте жүргендей көреміз. Бірақ мүмкіндік туа қалған жағдайда жемқорлықпен қазан ұстап жүрген қатын-қалаштың да айналысатынын ескермейміз. Билік - халықтың айнасы ғана. Автордың мына диологтары той-жиын болған қазақтың әр үйіндегі оқиғаны жиынтықтап берген:
- Клеттегі шкафта тұрған жарты пакет кәмпитті таппай қойдық. Іздемеген жеріміз жоқ.
- Мына көрші Халима қатын ұры иттей тіміскіленіп жүреді, сол алған шығар.
- Масқара, кісі өлген үйден ұрлап не көрініпті?
Автор кейіпкерлеріне бүгінгі қазақ қоғамындағы әрбір жанұяда болатын оқиғаларды ұсынып, аузына бүгінгі қоғамның сөздерін салған. Сөзімді нығырлай түсу үшін тағы бір диологқа тоқталсам:
- Апа, Аққыз тәтем жарты қазы сұрап тұр. Көңіл айтып келетін көрші-қолаң бар дейді.
- Піскен қазы қалмаған ба?
- Түк те қалмады. Келген жұрт жегенін жеп, жемегенін сыпырып сиырып алып кетті.
- Балам-ау клеттің кілті менде емес қой. Зылиқа тәтеңнен алып бер.
- Тәтемнің бергісі жоқ. Ағамның әл жетісі, қырқы бар. Беретін қазым жоқ деді.
- Зылиқаның онысы жөн екен. Ертең де келімді-кетімді кісілер бар. Бірнәрсе қылып ренжітпей шығарып салыңдар..... Айтпақшы, қатындар бауырсақты аямай пісіріпті ғой. Бекер қатып қалады. Аққызға молырақ етіп салып бер.
Типтік образ
Автор оқиға желісі бойынша кейіпкерлердің мінезі мен портретін там-тұмдап қана беріп отырады. Біз өзімізді заңдық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз деп есептейміз. Алайда ауылдағы қара домалақтың барлығы істі болған адамның қорадағы малын сатып, бостандыққа шыға алатынын көріп өседі. Енді өзіңіз логикалық тұрғыда барлығын орын-орнына қойып шығыңызшы. Өлімді жерден сөмкесін томпитып шыққан анасын, бұзықтықпен қолына кісен түссе, қайта сытылып шығуға болатынын көріп өскен бала қапелімде билікке бара қалса, көргенін іске асырмайды деп ойлайсыз ба?
Қараштың әңгімелеп отырған оқиғасынан мен осындай заманның запыранын көрдім. «Қорадағы екі сиырдың ноқтасы бос қалып, бес-алты қой бауырымның бостандық жолында пышаққа түсті. Бұнымен әжесінің баласының тентектігі басылған жоқ. Ауылдың «стомотологы» атанды. Той-томалақ болған сайын төбелестің арасында жүріп, бір тіс қағып келеді. Әкем бір тіске бір қой беріп, шешем мен әжем болса, әлгі тісі түскен бейбақтың алдынан кешірім сұрап өтеді.». Міне, бұл біздің уақыт пен кеңістік. Тосын ештеңе де жоқ. Өзімізді жазбай танып отырамыз. Барлық үйде бір Ыбаш, бір Қамар, бір Алдаш һәм бір Әсем бар.
Шығармадағы кейіпкерлердің әрекетіне езу де тартасың. Әсіресе , автор бір әулиеттің енелік дәрежеге жеткен әйелінің образын жақсы аша білген. «Әйбат киініп келіңдер. Назеркені өзіңмен алып кел, қалған балаларың байыңмен үйде қалсын... Айтпақшы Бәтимашқа айт, балаларынсыз келсін. Ұлы аумаған наркоман күйеуі сияқты. Қызының көзі сықсиған, тура алқаш енесіне тартқан». Міне, егде тартқан әйелдің осындай сөздері мен қызы ажырасып үйге келген кездегі «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деген сөздері арқылы кейіпкер типтік бейне деңгейіне көтеріле алған.
Жазушының өз шығармаларындағы ұтқан тұсы, біздің жаңалық ретінде сүйіншілейтін жайымыз да осы-типтік образда болып тұр. Демек, Қанат Тілеухан - типтік образ жасай алған жазушы. Әлбетте мифолог болған соң, шығармадан кейіпкерлер танымындағы культтердің берілуіне де мән бердім. Жазушы оны зираттың төбесіне қадалған жарты ай арқылы береді. «... енді біздің шалдың көк қойнауындағы айға қарап бет сипамайтынын еске салады»,- деп айға қатысты қазақы қос танымды автор ойнақы әрі жинақы етіп береді. Қос таным дегенім: көне түркілік (тәңірлік) айға сәлем беретін таным мен қайтыс болған кісінің бейітіне ай қадайтын үрдіс. Қос бірдей таным бірін-бірі жатырқамай, қазақтың санасына жымдаса сіңгенін кейіпкердің ішкі монологынан айқын аңғардым. Алайда жазушы кейіпкердің ойына «Дүние ойлап тұрсам шолақ екен, Адамдар бұл өмірге қонақ» екен деген халық әнін салуы- орнысыз, әрі нанымсыз деп есептедім. Қарашты бұл фразалармен ақылды етіп көрсетудің қажеті жоқ секілді. Оның анасының қылықтары мен кішкене кезін әңгімелеп беріп отырғанын-ақ оқырман есті жігіт екенін ұғынған болатын. Ал мына деталь «майдың үсіне жағылған май» сынды әсер қалдырады.
Дәстүр және образ
Біз болмысымызды өзгерту үстіндегі ұлтпыз. Оны күнделікті өмірден байқап, әлде байқамай да жүрген болармыз. Тронсформацияға ұшыраған кейпімізді автор дастархан үсіндегі әйелдердің әрекетімен әдемі беріп өткен. «Құран оқылып біткесін әйелдер жағы орамалдарын шешсе, алдына табақ келген еркектер ет турауға көшті». Әрине, журналистикадағы секілді автор әйелдер ормалды құран оқитын кезде ғана тағады деп ақыл айтып жатпайды. Оны байқап, парықтау біздің еншімізде болатын.
Прозаиктің «Жаназа», «Жерлеу» «Менің шешелерім» деген шығармалары мәдениеттанушыларға қазақтың өлім жөнелту салтына материал бола алады.
Түйінсөз
Араққа құштар әке, енесін сыйламайтын келін, қайтып келген қыз, қазалы кеңістікте де құлқынын ойлап тұратын екіжүзділік, дін және иман, оң жақта отырып бала табу, бауырмал әкпе, достың алдындағы қарым-қатынас, ата-ана үмітін ақтай алмаған бала, үміт артқан әке, Кеңес кезеңінің тәрбиесін көрген қарт пен осы біздің уақыттағы идеологиялық айқастар, екі кезеңнің қойырпақталған танымын Қанат Тілеухан жатық тіл, жағымды юмормен жеткізеді. Сіз оның шығармасын оқып кейіпкерлерімен таныса бастайсыз. Танысқаны несі, бұрыннан танитыныңызға қайран қаласыз. Бірде танысыңызды көріп қуанасыз, бірде сол танысыңыздың әрекеттерінің күлкілі екеніне көзіңіз жете түседі, ызалануңыз да, бәлки ұялыңқырауыңызда мүмкін.
Қысқасы, өзіңіз өмір сүріп жатқан қоғамнан бір сәтке ғана бөлініп, бейтарап адам болып тыстан үңілгіңіз келсе, Қанат Тілеуханды оқыңыз. Қайнаған қазанның ішінде бұрқыраған будың қаншалықты екенін аңдау мүмкін емес. Ал сырттай бақылаушы болу - қызықты әрі, таным кеңістігіне тигізер әсері болуы мүмкін. Одан кейін, конфликтсіз өнер тумайды ғой. Ал бүгінгі қазақ прозасында конфликттің пайда болуына ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру жүйесінің жаһандық бағытқа ауыса бастауы тікелей әсер етіп жатқанын автор шығармасынан байқаймыз.
Есболат Айдабосын шығармасындағы колорит
Нысана
Қазіргі прозадағы үдеріс бағытын бірден аңғаруға болады. Прозаиктердің бір қауымы байқап, әлде байқамай аудиторияның талабына қарай илігетін болса, енді бір қатары бұрынғы салынған классикалық соқпақтан айнымау керектігін әбден ұстанымға айналдырған. Бірінен жаңашылдықтың самалының ескенін көрсек, енді бірінің бағзы мен бүгіннің ортасында өзіндік стиль қалыптастырып жатқанын байқаймыз. Олардың қайсысы ұтылып, қайсысының ұпайы артық боларын уақыттың өзі көрсетер, бірақ бір ақиқат - әдеби процесс жүріп жатыр. Осы жолы нысанаға Есболат Айдабосынның «Сүлікқара» кітабын алдық. Кез келген әдеби туынды ретінде бұл кітап та өз оқырманынан пікір күтіп тұрғаны анық. Әлбетте, туындыгерлер өз артықшылығы мен кемшілігін жақсы біледі. Бірақ соны аудитория байқай алды ма, жоқ па, бұл - екінші және басты мәселе.
Сөз колориті
Есболаттың ең басты айырмашылығы сол - оның сөзі, анығын айтқанда сөйлемі ұлттық тілдің колориттерін жақсы таңдай алғандығы. Ол тұрақты, немесе енді тұрақтанатын тіркестерді төгілтіп тастай-тастай салады: «... еркегі бата жаса деп бағланын сүйреп келеді, еркесі қолға су құямын деп құманға қарай жүгіреді», «көзі мұңлы, көкірегі зарлы», «қара шекпен тіліп алған қара жердің қарыс сүйемі», «тағасыз тұлпардай тасырқау» «ойы жүйесінен адасып, сөзі соқпағынан адасу», «көңілді күпті қылған уайым-қайғының дойыр қолы қысырақтың үйірін көрген айғырдай», «жүрегі төсін тоқпақтап тулап жатыр», «қос басы жетім қозының қарнындай тырсиып тұрған тарғыл қоржын» осылай кете береді. «Бүгінгі қазақ прозасындағы тұрақты тіркестердің пайдаланылу аясы» деген тақырып алып, арнайы осы жазушының қолданатын бояуларын зерттеп шығуға боларлықтай. Жазушыны өзгеден шоқтықты етіп көрсетіп тұратын ерекшелік болса, ол осы тілдегі ұлттық бояуларды шебер пайдалана алуында жатыр.
Пейзаж жасау артықшылығы
«Аспан шайдай ашық екен, кепсерге ілінбей қалған көбіктей болып жалғыз бұлт қалқып жүр» - мұндағы жалғыз бұлт - деталь. Ол - күйші Байсеркенің киесі. Күйшіге шығармашылық адамы ретіндегі характерді жазушы осы деталь арқылы берген. Күйші осы бұлтпен тілдеседі, медет тұтады. Соған қарап арқаланады. «Сен түйілсең су төгесің, мен түйілсем күй төгемін», - деп ішкі буырқанысын шығарып алатын тұсы бар. Бірақ кейіпкердің бұлтпен тілдесу үстіндегі ішкі монологында мынандай сөйлем бар: «Домбырамның зарлы үнін естідің бе, ақша бұлт? Сен естімесең, тау естиді, тау есімесе, тас естиді». Меніңше күйшіге осы сөзді айтқызудың қажеті жоқ еді. Себебі, ол бұлт - Байсеркенің өз бұлты. Оны қолдап, қайда барса, сонда жүретін, тіпті аспанда шөкімдей бұлт болмайтын шілдеде де тұрып алатын бұлт осы болатын. Ал оған кейіпкер сен мені естімесең, әйтеуір тас естиді деп айтуы бұлттың детальдық мәнін аласартып жіберіп тұр. Сондықтан бұлтпен сырластырған монологтағы әлгіндегі сөйлемді алып тастау керек деп есептеймін. Сосын бұлттың суы мен күйшінің күйін шендестіру жазушының тапқырлығы деп білемін, бірақ оны екі жерде бірей жазып өту артығырақ. Әсіресе, бір монологта осы сөзді кейіпкер 2 рет қайталайды. Пейзажға қатысты ізденісімізді ары қарай жалғастырайық. «Жердің бетін жалынымен шарпып, қылтиған көкті солдырып, қызыл мен жасылдың түсін оңдырып өткен күн..». Осылайыша ыстық күнді сипаттап отырып, даланың суретін береді. Ал «Сүлікққара» деп аталатын шығармасындағы пейзаж былайша өрбиді. «Қар жауған түннің ертеңіндегі көрініс тіпті керемет. Жаздыгүні палуанның желкесіндей тарам-тарам боп жататын күрең дала таздың басындай тегістікке айналады... Күртік қар барлық сай саланың қойны-қонышын толтырып тастаған». «Тау етегіндегі ауылдың тіршілігі қыстыкүні бұйығылана түсетін. Көк шығып, жер аяңы кеңігенше қолға қарайтын төрт түлігінің қамын күйттеген шаруақор жұрт қора-жайын айналшықтап алысқа ұзамайды.» Мұндағы пейзаждық орамда уақыт пен кеңістік мәселесі қоса алынған. Бірақ мен бүгінгі әдебиет үдеріскерлерінен ерекше пейзаж бен портрет күтіп жүрмін.
Уақыт пен кеңістік
Тарихи кейіпкерлер негізінде сюжет құру оңай емес. «Ұран» атты әңгіменің Байсерке деп аталатын кейіпкері - тарихи қаһарман. «Шу мен Іленің ортасында сапарлаған сайын осында аялдау ұстазы Есімнен қалған ескі әдет. Есім күйші ары өткен, бері өткенде міндетті түрде Қозыбасының бөктерінде сапар намазын оқитын. Сол дәстүр қабырғасы сөгілмеген күйі Байсеркенің бойына сіңді. Бірақ қарт күйшіден мұның сырын сұрамапты» - прозаиктың осы сөйлемі риторикалық меңзеу болып табылады. Себебі көзі қарақты оқырман Қозыбасы қазақтың хандық құрғандағы алғашқы территориялық аймағы екенін біледі емес пе? Демек, кейіпкер мен оның ұстазы, тағы бір жоғарғы буынның сапар намазын оқуында үлкен мән жатыр. Тәу ететін атажұртты кеңістік ретінде беруі- жазушының білімін шебер пайдалана алатындығын байқатады. Ол «Ұран» деген шығармасында кеңістікті шебер алмастырып, сонысымен оқырманды сергітіп отырады. Кеңістік демекші көптеген географиялық атауларға осы жерде тоқталады.
Портрет жасау мәселесі
Бірақ бұл әңгімеде (Ұран) қосалқы кейіпкерлерге арналған портреттік элементтер бар да, негізгі кейіпкер Байсеркенің портреті жоқ. Тек әңгіменің басында оған қатысты мынандай сөйлем кездеседі: «Бөркін көтеріп, тершіген маңдайын таңғы самалға тосты». Ал жанама кейіпкерлердегі портреттік эелементтерге тоқталар болсақ: «Қара сақалды кісі», «кереқарыс маңдай» бұл Байсеркенің ұстазы Есімді алғаш көрген кезі. Тіпті кейіпкерідің бәйбшесінің ақ, ал астындағы атының танауы да ақ екенін де аңғаруға болады. Бердібек дейтін кейіпкердің де «балуан денелі», «қыран көзді» екенін жазған. Тұтас бір тұлға туралы ізденіп, оның бір күйінің тарихына тоқталған жағдайда, оның портретін де жасау керек еді. Оны жасауға автордың шұрайлы тілінің мүмкіндігі жететін. Олай дейтінім «Ұлыма» деп аталатын әңгімесінде автор негізгі кейіпкердің портретін жасайды. «Қалың қабақтың астындағы отты жанары қылт еткенді қағып түсер, қырандай, байқампаз. Дөңестеу келген мұрны дөңгелек жүзіне айбар беріп тұрғандай. Қарлығаштың қанатындай қап-қара мұрты ұртына жетер тұстан өрге қайрылыпты. Иегі жалаңаш деуге келмейді, бірақ ұйысып та өспеген, сирек шыққан егіндей селдір сақал». Жарайды делік, портретті таптық.
Ал енді сөзбен портрерт салуды Есболаттың жаңалығы мен артықшылығы неде? Меніңше ол портрет жасаудың бұрыннан қалыптасқан классикалық үлгісін таңдаған. Ал характер жасауына келер болсақ, кейіпкердің аңшыға тән болмысын сәтті берген: «Көп сөйлемейді, біртоға. Бірақ бір сөйлесе, есіп сөйлейтін шешен, уәдеге берік. Қолы ашық. Атқан аңын көңілі түскен адамының қанжығасына байлап кете баратын мәрт».
Кие мотиві
Есболат кейіпкерлерінің әрекеті арқылы қазақтың көнерген сөздері мен дәстүрін оқырмандарға түсіндіруге тырысады. Түсіндіргенде де, бұл былай ғой деп мораль оқып, ақыл айтып жатпайды. Оқырман кейіпкерлердің сыртынан бақылап отырады да, өзіне қажетті баба тілдің маңызын сүзіп алып отыра береді. Мысалы, мергеннің оңқа тұрғызуы қандай болатынын, қанжығаға байланып қойған аңға бөтеннің көз сүзуге хақысы жоқ екендігін мен «Ұлыма» атты хикаяттан білдім. Ұлыманың ұстазы Алтынбектің өмірде прототипі бар. Демек өмір шындығын көркемдік шындыққа ұластыра алатын прозаиктер бүгінгі буында да бар деген сөз. Сонымен қатар, қазақы танымдағы, ұлттық мәдениетіміздің өзегі болған кие мотивін де прозаик шығармаға деталь ретінде кірістіреді. «Сол аңның киесі ғой, менің көзімді алған... Асыра сілтеп жіберген кезіміз болмады емес, болған шығар... Осымен тоқтамасам, Ғайып- ереннің қарғысына қаламын, аңның киесі ұрады... Сарытышқан ұстасаң да, о дүниеде сұрауы болады».
Шығармагер аңшылық туралы жазуды мақсат тұтқан. Соған сай ізденістер жүргізген. Мергендік өнер туралы арғы-бергі жинақталған этнографиялық мұраларды зерделеп барып, осы тақырыпқа келгені аңғарылады. Ондағы Аңғарбек деген кейіпкер ашкөзденіп кеткен аңшы. «Аңғарбек те жер басып жүр дегені болмаса, адами рахаты түгесілген, тері сүйреткен тірі тұлып қазір» Аңшының да құдайға қарағаны болатынын ол осы метонимия арқылы жеткізе салған.
Сүлікқарадағы психологизм
Автордың кітабының аты - Сүлікқара. Оны өзі хикаят жанрына жатқызыпты. Сәйгүлікке деген ерекше көзқарас пен ондағы шығыстық таным тұрғысынан қарағанда жанрдың атын солай қойған жөн де шығар. Дегенмен классикалық прозаның бүгінгі мұрагері ретінде Есболат прозасы кіл хикаяттан тұрады дегенге келіспеймін. Себебі прозаик композияция құруда, оқиғаны ары қарай өрбітіп алып кетіп, тартыс жасауда қазақ әдебиетінің проза жарнында қалыптасқан әдепкі әдеби тәсілдерді пайдаланады. Оның үстіне хикаят мәселесіне келгенде әдебиеттанушылар арасында бітпейтін, ұшы- қиыры жоқ тартыс бар. Ол әңгімесінде метонимияны жақсы пайдаланады. «Ауылдың жан-жағынан қоян-бөрік, қарсақ тымақтылар жапа тармағай қосылады.» Бұл әдісі оқырман көкейіне түсінікті жетеді. Қарсақ -тымақ пен қоян-бөрікті жас балалар киетінін түсіну қиян емес. Қазақ отбасының жүйесі, үлкен мен кішінің орны, сәйгүлікке деген сүйіспеншілігі әңгімеде жақсы ашлыған. Бірақ мен Сүлікқараның ішкі кеңістігіне кірген әдістерді көбірек күтіп едім. Сүлікқараға қарағанда оның «қазасына» қайғырған шабандоздардың психикалық күйзелісі жақсы берілген. Жануарларды басты кейіпкер еткен шығармада оның ішкі психикасының қалтарыс-бұлтарыстарына бара алған шоқтықты шығармалар біздің кезеңдерде де дүниеге келеді деп күтіп жүрмін. Дегенмен бүгінгі күннің интеллектуалдық прозагеріне Есболат Айдабосынды жатқызар едім.