Blogs
Міскін
Айжамал тағат тауып, бір шешімге келе алмай-ақ қойды. Қобалжулы. Қолға алған ісіне бар ниетін сап алдарқанайын десе, күпті көңілі кежегесін кейін тартып, ештемеге зауық соқтырар емес. Кім білсін, үйдегілерден ұялмаса, бас бүркеп жатып алар ма еді, әйтеуір жалғыз еместігі дәтке қуат, сәл де болса солармен сөйлескенде күмәні сейіліп, жаны жайланғандай болады.
Бірақ серпілісі көкірекке кептелген түйткілді ыдыратуға дәрменсіз. Өйткені, ертең «жөн» дейтін ешкімнің табылмасын алдын-ала сезіп күйзелсе, «сонда да...», - деп еліктірер ішкі жақтаушы ерік билейді. Қай жаққа жығыларын білмей әрі-сәрі. Бұл бұдан бұрын да басынан сан қынжылысты өткерсе де, бірақ ақталуға сылтау іздеп көрмеген еді.
Жанын қинайтыны – Алданның өзінен көп кішілігі мен оқушысы болғаны. Дәл осылай болар деп қашан ойлаған, енді үйленуді естігендер: «Салдақы, жас баланың басын айналдырды», - дейтіні хақ. Олай десе, орынсыз емес, байдан шыққан, баласы бар.
Ғашық... Жобасы мен мөлшерін ешкім айтып бере алмайтын әбден жаттанды болған ұғым. Бұл сөзді мүмкін, өзін билей алмайтындар бар күнәні соған арту үшін ойлап тапқан шығар, әлде қиялдың қисыны ма?.. Әйтеуір шын болса «ғашықтық жолы ауыр» дейді. Сондай бір күйді бұл да түйсінген сияқты.
х х х
Айжамал қыз болып қылтиғаннан бозбалалар ретін тауып, жол тосып, не хат жазып, «күйіп» бара жатқанын жеткізсе де, неге екені белгісіз, ондай ықыласқа елп етпек түгілі, бірінші боп сөз айтып, ержеткенін көзге түртіп, балалықтан алшақтатқысы келген құрбысын иттей жек көріп, кейін қылымситын кезге жеткенде онысын есіне ап, талай күлген. Өзінің біреуді шын ұнатуға болатынын ұққаны – студент кезінде қара көзі шоқтай жанған, тұлғалы, келбетті, кербез жігітке көңілі құлағанда еді. Ол да өліп-өшіп, көп ұзамай бас қосқан.
Ауқатты отбасынан шыққан Мұқанның талғаммен киінетіні, ісіне зеректігі, айналаның оған деген қошеметі, кімді болса да сүйсіндірмей қоймайтын. «Көп мақтаған жігітті, қыз жақтаған». Әйел затына мәртебесі биік қасынан табылу – шыңға шаққандай. Қызға – Мұқан да солай.
Айжамал оқуын үйленгеннен кейін келер жылы бітірсе де, қызмет істеуге құштар болмады. Несіне асықсын, жеке үйде қалағанын ішіп, ұнатқанын киіп, қалауынша тұрып жатқанда сүрлігіп не бар. Үй толы дүниедей көңілі тоқ, уайымы жоқ. Не керегінің бәрі бар, бәрі өзінікі, өзіне арнап алынған. Қайсысын қалай қоям, қайда жаратам десе – өзі қожа. Тұрмысында селк еткізер, селкеу жоқ.
Оқуын аяқтап, экономист дәрежесін алған Мұқан әкесінің ірі фирмасы бірінің шаруасын дөңгелеткен. Жұмысқа ерте кетіп, кешкісін келіншегін де, ұлын да сағынып жетеді.
Ал Айжамал ол келгенше кешті әзер батырып, алаңдап мазасы кететіні сонша, есік алдына кеп тоқтаған көліктен керіліп түсетін күйеуі есік тұтқасын ұстағанша дегбірі қалмай, табалдырықтан аттай бере мойынға оралады.
- Әуп! - деп аңқылдаған жұбай да ала келген заттарын жерге әрең қойып, баласын еркелеткен әкедей мекіреніп, мауық баса аламай шөпілдетеді.
Кеудесінде жаны бардың құшақ қызуын сезінбейтіні болмас. Емінген еріннен айырылғысы келмей, есі кеткендер езіліп, бір құдіретті күштің тылсым тұңғиығына қарай ілескенде:
- Қоя тұршы, - дейді бойын тежеп, күлімсіреген Мұқан, - әуелі жуынып-шайынып алайын да.
Сонда ғана келіншек артық кеткенін ұғып:
- А, солай екен ғой, келші, қалғанын былай толтырайын, - деп сыңғырлап, бетке құшырланып, мерей қандырған боп, ас-су ыңғайлауға жөнеледі.
Әйтеуір тіршілік көңілді. Көбіне күтушіде болатын Арайды қастарына алса, оның жүргені де, күлгені де думан, үшеуі-ақ көпке бергісіз базар. Осы бір құштарлыққа, қызыққа толы күндер мәңгілік сияқты еді.
Бірақ өзгермейтін ештеме болмайды дегендей ертеңіңе көз жеткізу қиын. Мұқанның жұмысы көбейіп, кештетіп, болдырып оралатын болды. Шаршаған адамның сіркесі су көтере ме, қит еткенге шытынап, есіктен шіміркеніп кіреді. Алдына әкелген асқа да зауықсыз, торсиып жеп, үндеместен түрегеледі. Емексуді елегісі келмейтін тұнжырға батып қалай тіл қатарсың. Тіпті, оған қылық түгілі, қимыл да ұнамай, құмарлық құм боп, қызықты күн, жым-жырт түнге алмаса бастады.
Неге жақпай қалған, кірбің қайдан?.. Тіл табыспауға себеп қане?.. Жанға бататыны – көкірек тесетін сұраққа жауап таба алмау. Аяқ астынан үйлеспей қалу «осыдан шығар» дейін десе, діттеу жоқ. Сонда не болғаны?.. Қараптан қарап, кінәлі болу жаман екен.
Жабырқаған әйел артық ойдан арылғысы кеп, бұрын әдеттенбеген қылық тауып, айна алдын жағалап, сүзіліп ұзақ қарауға шыққан. Себебі, түйткіл ұшығы осында сияқты. Бірақ қарсыдағы бейнеден біреу шошырлық ештеме байқалмайды. Баяғы сәл атжақтылау жүзі, шаралы көзі, иектегі қап-қара меңі мен үлбіреген шиедей ерні қалпында. Тек аппақ өң бұрынғыдай нұрланбай, мұңданған. Кейіпті өзгерткісі кеп, жымиып еді, күлкі үйірілмеді. Бет жансыз, жанары сәулесіз.
Сонда да өзін жаңа көргендей одан әрі зерттеуге ап, әр жерін нұқып көрді. «Толысып кеттім бе?..» - дүдәмал жөнсіз, сымбат сәні бұзылмаған.
Ақыры түртпектеп жүріп, шешіміне қуланып шыға келді. Шынында, өзіне қарауды қойса кімге ұнамақ. Күйкілік кімді құлшындырады, өзі де бір ырғақтан жалыға бастағандай.
Тапты. Көңіл көпсіді. Бәлем, енді көрер әуселесін. Жалма-жан киім жаңартып, шаш сәндеп, күтімді қолға алған, айнадан енді сұлулықпен бірге, сиқырлылық қылмаңдайды.
Өзгерісті Мұқан аңғармай қалмады. Бірде қонаққа барғалы жатқанда:
- Құлпырып кетіпсің! - дегені жүректі зырқ еткізген. Үнінен «құлпырып» емес «құтырып» кетіпсің аңғарылды. Келіншек естімегендей езу тартып, мән бермегенсіді. Бұл – қытымырдың қытығына тиіп:
- Сен не, саңыраусың ба? - деп шытынады.
Еркек қызық; аяғына оралғы болсаң да, әрі қарай барып ойнақтасаң да жақпайсың. Күшінің кемшіні болмаса – жұбының ет пен сүйектен жаралған өз болмысы екенін неге түсінгісі келмейді екен? Әлде оны мүсәпір көре ме? Мейлі, не десе де, жауап қатпайды.
Қитыққан жұбай қонақта көңілсіз, жекелеу отыр. Ал Айжамал маңына үйірілген көп. «Мылтықтың басуына, құланның қасуы», - дөп келді демекші, жастау жігіт қайта-қайта биге шақырып, айналсоқтап жанынан шықпаған, бұған одан әрі құрысып, түнерген Мұқан:
- Болды. Қайтайық, - деп үй иесінің: «Біраз отырсаңдаршы», - қолқалауына қарамай шығып кетті.
Жол бойы жақ жазбаған. Үйге келген соң, әншейінде төсекке жете қор ете қалатын күйеу күйбеңдеп, оны-мұны істеп жүрген жұбына кеп:
- Жамалжан... - деген, құмыққан үн үзілердей үздікті.
Әйел жылап жіберді. Осы бір сағынышты сазға сарғайып жетіп, алғаш жолыққандай мауық басылмай, көңіл кенересінен асқан еді.
Бірақ қалыптан ауытқу орынға келуі екіталай. Қанша мойындағысы келмесе де, Мұқанның өзіне деген ықыласына сызат түскенін әр қылығынан байқап, тек есіркейтінін аңғарды.
Аяқ астынан қамсыз өмірі ауаны ауытқитынын ойлап па еді, сағы сынып, жалғызсырап қалды. Өзін қоярға жер таппай, жиі дүкен аралауды шығарған, көше жағалап келе жатып, гүлзардың хош иісіне елтіген бәсең көңілі селт еткен соң, кафеге бас сұқты. Ойы кішкене бой жазу. Ентелемей есікке таяу орынға жайғасып, айналасына қараған, алдыңғы жақтағы сырт берген еркектің жастау қызға өліп-өшкенін көріп, сенерін не сенбесін білмеді. Мұқан... Әдемі серігін шөп еткізіп сүйіп қояды. Анау мәз, еркелеп қайта-қайта ерін тосады.
Даяшы:
- Не қалайсыз? - деген де бой жиып, ләм деместен тәлтіректеп, шығып кетті. Кеудені зілқара тас басқандай, тыныс тарылып қысылғаннан, сүмектеп қоя берді. Аяқ ырық берер емес, кідірген таксимен үйге жетіп, төсегіне қисайған, ертеңіне самарқаулығын көріп:
- Ауырып қалғансың ба? - деген есіркеуге үндемеді. Әуре боп қайтеді, ерте кетіп, сүрлігіп кеш оралуын қоймаса бәрібір емес пе.
Баяғыда бір көпті көріп, көп түйген кейуана: «Үстіне тоқал келсе, «шеменмін» деп үйелеп қалған бәйбіше шашбауын іздейді, ал ақылын айбыны билейтін еркек он әйел алса, оның түсіне он біріншісі кіреді», - деген екен.
Айжамал шашбау тағынудан түк шықпасын ұғып, өзегі өртенсе де, шыдап бақты. Өйткені салт бас, сабау қамшы емес, баласы бар. Оның жетімдік көруіне себепкер болғысы келмеген, бірақ далаға қарағанды, дамбасына бұру қиын боп, сайтаннан безгендей суып кетті.
Ақыры Мұқанға бәрін білетінін жазып қалдырып, туған ауылына оралды. Бұрын менікі дейтін дүние-мүлік жат. Кетерінде басы артық ештеңе алмады. Пенденің алдындағыны өзіне теліп алатыны қызық, шындығында бұған тиесілі түк те жоқ, бәрі Мұқанның табысы. Біреудікі, тіпті күйеуі де. Ал баласын бұлдап, енші сұрайтын бұл емес. Егер әке екені есінде болса, ескерусіз қалдырып, ен дүниеден шеттетіп тастамас.
Алғашқыда қызының бақытына шүбәланып көрмеген әке-шеше қайтып келуді қоштамаса да, болған жайды ұғып, жиенді бауырға басып, Айжамалдың мектепке мұғалім болуына жәрдем етті.
Еңбектің де қызығы бар. Бар ойы атқаратын ісінде. Айжамал жаңа тірлігінде өзін бұғаудан құтылып, еркін самғай жөнелген құстай сезінді. Тіпті, осыған дейін іштей босқа желініп, уақыт оздырғанына өкініп, енді басқа арнаға бұрылғанына риза.
Шәкірттердің арасы қиын да, қызық та. Қиыны – бүгінгі жасөспірімдердің жаман нәрсеге үйірсектігі, қызығы оларды оң жолға бұруға тырысатының.
Алдан осындай қиын оқушының бірі. Сабаққа зерек, кешкі самалдай мақпал үнді әнші, домбырашы. Өнерлі баланың есірткіге әуестігін әркімнен естіп, көз жеткен соң құтқаруды мойынға алған, нәтижесіз емес, жаман әдеттен арылды. Үйлері көрші. Бос уақытында Арайды ойнатуға құмар. Биыл мектеп бітірмек. Бозбала мінез-құлқы өзгеріп, өзін үлкендерше ұстауға тырысып, салмақтанып, көбіне әлдене әңгімелеп, қасын сағалауға ыңғай. Оны бауырындай көретін, бірде жеке қалғанда:
- Айжамал, - деген.
Әйел төмен қарап шаруа істеп отырған:
- Не дейсің? - деп, басын оқыс көтерді.
- Айжамал, - деймін.
- Неге?..
- Өйткені, сүйемін!
- Есің дұрыс па? - деді тіксініп.
Ұстаз ұшып түрегелген, жағынан тартып жіберіп:
- Дұрыс.
- Мүмкін кім екенімді, көп жас үлкендігімді ұмытып қалған шығарсың?
- Жоқ! Бәрібір сүйемін.
- Шық үйден!
Қарсыласы кетіп қалды. Айжамал қылмыс істеп қойғандай бүгежектеп, содан кейін, осы күйден арыла алмай-ақ қойды. Естігенінен ыңғайсызданып, өзін ұятсыздыққа итермек болған оқушысына іштей жауығып, қабағын қар жауды. Анау да соны сезетіндей, тура қарауға сескеніп, сабақ айтса күмілжи бастайды.
Кім білсін осы қалып жазбағанда сабаға түсер ме еді, бірақ ұмытылды-ау дегенде Алдан қайта кеп:
- Оқу бітеді, саған үйленемін, - деп тағы қасқайды.
Ызадан селкілдеп:
- Айтқаным айтқан! - деп қасарысты.
- Жоғал! - деп шаңқ еткен, анау:
Айжамал тосылып не дерін білмесе де, іш бүлк етіп, бір бұрау босап кеткенін аңғарып, естігені қайталанғанын қалап, ерінге емініп қарады. Ол алыстау тұрған, таяп, елжіреп, көзінен өбіп, бауырына басты.
Еркекке жұғыссаң – арбалдың дей бер. Ырықтан айырылып, маңдай кеудеге сылқ еткен, құшақтар қауышып, шәрбәтқа құнықты. Осы сәтті күткенін қалай ұқпады екен?..
Бар болғаны осы...
Ертеңіне бұл өзін сөгіп, іштей қимаса да, «балалығы ғой» деп Алданды ақтап, аластауға тырысты. Оған қоса, ұлының қисынсыз шешіміне ата-анасы зар қақсап, еңіреген анасы: «Райынан қайтар», - деп алдына келді. Беттің арын белге түйердей не болды. Бұдан соң біржола: «Жазығың жоқ болса да, күйеуіңді біреу иектеп кетті емес пе, одан ол не опық жеді, ал өзіңді іздеп тапқан бақыттан неге безуге тиіссің?» - деп іштегі түрт сайтан еліртсе де, желөкпелік басылған еді, бірақ қасарысқан неме айтқанын істемесе өлетінін айтып әке-шеше амалсыз көніп, рұқсат етті. Осыдан кейін, беймазалықтан арылған Айжамал «Қалаға кету керек», - деп шешкен, өйткені қисынсыз қылықпен елде көзтүрткі боп қалай жүрмек.
х х х
Ақыры, маңдайға жазуы ма, әлде адамның икемдеуі ме, екеуі қалаға кеп, пәтер жалдап күнкөріс үшін зыр қағып жүріп жұмыс тауып, түтін түтетті. Айжамал баласын «әзірше» шешесіне қалдырып кеткен, оңаша жарасты өмір басталды. Сонда да көңіл кіді, алғашқыда төсектегі қосағына жақындауға жасқанып, кідіргенде анау қарсы кеп, қаусырып:
Жалынамын, тартыншақтанба, енді сүйетініме шүбәлануды қой! - деп өзеурей бастағанда албыртықты аямаған күнә ысырылып, жаздай жадырап шыға келген.
Алдан қызба жас емес пе, қылықтары қызық. Оның өзіне деген риясыз құмарлығы жоғалтқанын түгендеп, ортайғанын толтырып, жас шамасын жадынан шығарып, шөліркеген жанын құнықтырып, кәусар бұлаққа бас қойған-ды. Алаулау адамнан емес, күн қызуынан өртеніп бара жатқандай, бар жалғанға жар сап, шырқатып ән салғысы келеді. Құшақтағы уыз жүзге қарап өлерге бар, алғашқыда келіскісі келмей қиқаңдаған томырлық күлкілі. Енді айырылуға көнер ме?..
Солай десе де, Алдан Айжамалға шын мәнінде баласы іспетті. «Әзірше қамқорлық керек» деп, тырбанып жинаған тиын-тебеніне оқытып, тәуірлеу жұмысқа орналастыруды көздеген. Ол айтқанды екі етпейтін әдетпен маңдайына төгілген толқынды шашын кейін серпіп, кірпігі арасынан тұнжырай қарайтын жанары күлімдеп, монтиып келісе кетті. Осы бір сүйкімді мінезі-ай, ет-бауыр елжіреп қоя береді.
Бірақ «артық қылам деп, тыртық қылды» демеген бе, әйел адасып, оралған базарына мауқын баса алмай жүріп, алжасқанын аңғармаған еді.
Жалпы бай жиған дәулетіне қанағаттаныпты дегенді ешкім естімеген шығар, сол сияқты пенде ешқашан, ештемеге тояттап көрген емес. Оған жегені де, жемтігі де аз. Жетпегеніне жетсем, түпсіздің түбін көрсем дейді.
Алданның да момын кейпі өзгерді, мінезінде еркіндік басымдық алып, әр сәтті пайдаланып, бірге оқитын қатарын жиып, әдемі қыздарға үйірсектене бастады.
Бұл қылық – алғашқы қызық дәурені қалай тарағаны есіндегіге кірбің ұялатып, секем алса да, жөнсіз қиғылық сап, үркітпеуді ойлап, дым сезбегенсіп, уыстан шығармауға тырысты.
Бірақ бәрі бекер. Бұл да «мұқаншылап» бірде келіп, бірде кетіп, бой берер емес. Ақыры шыдамы таусылып, шарт сынып:
- Сен тұрасың ба, әлде кетесің бе? - деп ашу шақырып еді:
- Кім кетем деді, - деп тікірейді.
- Онда беталды қыдыруды қоясың.
- Сонда қамап ұстамақсың ба?
Шынында да қалай ұстамақ? .. Үндей алмай қалды. Ақыры ие бола алмай, оның тек есіне түскенде ғана оралатынына үйреніп, «қайдан келдің» деп мазаламай, жайбарақат қарсы алатын болған, бірде жұмыстан кештетіп келсе, қасында өзі қатарлы қыз бар, тосып отыр.
Бұл – ауыз бағып, сабыр сақтады. Шынын айтса, жақ жазғысы келмеген. Несі бар... Ұқпай, көрмей тұр ма? Айтқанда не демек? Бұрын да бір құқайды бастан кешті емес пе, енді күйіп-пісудің керегі не. Одан пайда бар ма?! Мұқан безіп кеткенде, тіпті, ат-ізін сап, ұлын да іздемеген. Тек ол жайлы газеттен оқып, білгені; мұның орнын басқандар да жұп болуға жарамай, ал соңғысы ере келген ұлының атына біраз дүниені тіркетіпті де, күйеуін кісәпір (киллер) жалдап өлтіріп, асылдарды үптеп, сыртқа тайып тұрыпты. Қылмыскерге құзырлы орындар іздеу салғанымен әлі нәтиже шықпапты.
Хабарды оқығанда бәтуасыз бейшараға жаны ашыса да, артынан ұмытып кеткен еді, кейінгі кезде жиі есіне алатын болды. Онысы – Мұқан ұясын бұзғанына өкінді ме екен деп ойлайды. Себебі өзінің: «Он екіде бір гүлі ашылмаған жаста нем бар еді, жалғыздың жолын кесіп, үлкендердің қарғысына қалдым-ау», - деп күйінгенде өзегі өртенеді. Пендеге өзі оң боп көрінгенімен, әйтеуір бір тәубаға келуі хақ екен.
Ал мынаның қосақталуы – сол ынсапсыздығын көзге түртіп, табалағаны емес пе? Енді еркімен шығарып салғаннан басқа шара жоқ. Сөзді Алдан бастап:
- Раушанның аяғы ауыр, - деді, сәл ыңғайсызданғандай қызарақтап.
Қыз «солай» дегендей ерін жымқырып, ақырын бас изеді.
- Оны маған қайт дейсіңдер?
- Біржола кетуге келісім сұрағалы келдім.
Айжамал оларға алма-кезек көз тастады. Тіктеп қарауға батылдық жетпесе де, өңдерінен жалыныш байқалады.
- Жарайды, оны-мұныңды ал да бара бер. Алдарыңнан жарылқасын! - сөз тамам дегендей сыртқа шығып кетті.
«Алдарыңнан жарылқасын» былайша кекесіндей естілді. Бірақ шын жүрегімен айтқан еді. Әйелдің иттік жасап, жаман тілек тілегісі келмеген, өзі бақытсыздыққа тойғандай, басқаға оны қаламады. Онсыз да адамнан адамға, еркектен әйелге бұйырар пейіл – міскін алақанына лайық садақадай тым мардымсыз ғой. Мейлі – жоғын іздеген тауып, шыға алса шыңға шығып көрсін. Бірақ жеткізбеске жетуің екі талай.
Әуелден пешенесіне жазбаған, құмдай сусымалы бақыт соңына түсіп несі бар. Одан да барын Арайына арнағаны жөн емес пе. Бармақ тістеуден не пайда, кемсеңдеген иек дірілдеп, тіс сақылдай жөнелді.
Айжамал қиюсыз тағдырына мойынсұнса да, сүзекке шалдыққандай сүйретіліп, қаусап қалды. Бейшараға мұнысы аздай, «жығылғанға жұдырық» боп жұмысынан да қысқарған, қанша тырысса да, істей қоятын ештеменің ыңғайы келмей, далбасалап көше кезіп, бөтелке жиып, тапқан тиын-тебенге өзек жалғады.
Бөтелкесі құрғыр да «іздегенге сұрағандай» табыла бермейді. Кейінгі кезде жөнді бірдеме ілінбей таң сыз бере жыра-жыраны, қуыс-қуысты, бұта мен төгіндіні аршиды. Жоқ іздеуші тек бұл ғана емес, тіміскі санына жетіп болмас. Сорлылар, боқтықтан шыққанға мәз боп, сілкіп қойынға тығады. Өйтпегенде қайтсін, өлексеге таласқан қара құстай, болмашы нәпақаға итше ырылдасып, жұдырықтасқандар бар. Әуелі мұндайды сұмдықтай көріп: «Бара-бара әлсізге қалдық та бұйырмас», - деп шошыған, оған да бой үйренді.
Осылай таң атып, күн батқанша дамыл таппай, сабылып жүргенде табаннан, жауырыннан өткен суық алып ұрды. Қатты ауырып, шапшыған қан қысымынан тұлабойдың жартысы жансызданып, селкілдеген қолы ырық бермей, тырбанып оразасын ашуға қайраны біткен соң, амалсыз үйіне хат жазып, баласын жеткізуді өтінді. Ұлын алып келген нағашысы мүсәпір боп қалғанына шошып:
- Бұның не, айдалада азап шегіп, ауылға қайт, - деді.
- Жоқ! Оған бет қайда? Әркім ақымақтығын мойынымен көтермек, өлсем де бармаймын. «Жазымыштан озымыш жоқ», басқа түскенді көрермін, тек бізді бір қуысқа орналастырып кет, жалынып, алып қайтуға әуре болмаңыз, - деп қайырып тастады.
Айтқаны орындалды. Зыр жүгіргеннен соң бір ескі, қараусыз қалған саяжай табылды. Қожайыны: «Тегін тұрсын, тек күтіміне қарасын», - депті. Ақша сұрап қылқылдамайтыны жақсы боп ақ ордаға кіргендей қуанып қалды. Нағашысы қайтарында қалтасын қағып ұстатып, жылап кетті.
Ауруға қараған, көк тиыны жоқ Арай мектепті қойып, күні-түні дамыл таппай, шеше кәсібін жалғастырды. Епті бала, көбіне түнде жып етіп шығып, жастар бас қосатын орынды сыртынан бағып, олар тарасымен қалған бөтелкелерді жиып әкеледі. Кейде табыс әжептеуір боп, ауыз кәдімгідей қимылдайды.
Бірақ соңғы кезде ілінер мардымсыз боп кетті де, көше кезіп қайыр сұрауға шығып, кезбеліктен де тапқаны татымсыз болған соң, қол жаюға ыңғайлы бұрыш тауып алды.
Қаланың жайын білмейтін бала әлсізге бұрыш та бұйырмайтынын қайдан ұқсын, тұратын жеріне бұрыннан ие тіленшілер ұрып, ақшасын тартып ап, тапқанын бергісі келмей қарсыласқаны үшін итше тепкілеп тастады.
Ауыр соққы, көктайғақта өлімші боп ұзақ жатып, үйіне әзер жеткенде өкпесі қабынып, қызу көтеріліп, сандырақтай бастаған, дәрігер шақыруға дәрмен жоқ. Ес жиылар емес. Ұлының оңалмасын сезген ана, есік алдына аттап шығу ақырзаман болса да жанұшырып, таяу аялдамаға жетіп, көше тәртібін қадағалаушыға: «Жедел жәрдем шақырып бер», - деп жатып жалынды.
Анау әуелі құлақ асқысы келмей ойқастаса да, көз жасын көл еткен бейбақты аяды-ау деймін, қолұшын берді. Әйтеуір «құдайы барға» тап келгеніне шүкіршілік.
Бірақ баласының одан әрі не болғанынан хабарсыз, амалсыз әлгі жігітке қайыра келді. Ол іздеу сап, көз жұмғанын біліп, уатқан болды. Онысына рақмет, одан артық не істей алмақ.
Сормаңдай қасындағы жұбаныштан да айырылды, жалғызын арулап көмуге қайран қайда, сол барған жерінде қалды. Етбауыры езіліп, қасқыр талаған күшігендей ұлығанын кім көрер, қан қақсағанын кім есіркер?... Енді ішінде тіске басары жоқ, от жағылмаған тастай панасында қалай тұрмақ. Ептеп, таяу маңдағы биік үйдің ең жоғарғы қабатындағы жылу жүйесі жанына жайғасты. Қимылдауы қияметке жоғары-төмен сырғитын лифті ыңғайлы, қастарындағы дүкен қасына әзер жетіп, қол жаяды. Түнейтін орнына таяу есіктегі әйел де қайырымды, астына төсеп, үстіне жамылатын оны-мұны, ескі-құсқы берген. Анда-санда тиын-тебен, су-суанын да аямайды.
Маңайдағылардың қолы қалтылдап, алақан жаятын қайыршыға көзі үйренген сыңайлы, әрі-бері өткен қатын-қалаш, бала-шаға оны-мұны тастаса, ал шырт түкіретін еркектердің мойын бұруы қиын. Егер ықласы ауса, мардымсызды қалтасынан әзер алып, еңкейместен сілкіп, шіреніп кете береді.
Айжамал болса болмашыға да дән риза. Әйтеуір, елемегенннен сақтасын.
1 ақпан, 2001 жыл.