Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
GENIALOGY
Мұхтар Әуезовтің Сәбеңе хаты

Blogs

17.09.2019
10069

Мұхтар Әуезовтің Сәбеңе хаты

Мұхтар Әуезовтің Сәбеңе хаты

                                                                          Келіс Рахымжан ф. ғ. к.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының жетекші
ғылыми қызметкері

                          

 

Мұхтар Әуезовтің Сәбеңе хаты

 

1940 жылы М.Әуезов өзінің замандас інісі, жазушы Сәбит Мұқановтан мәшіңкеге басылған 13-беттен тұратын, орыс тілінде ширыға отырып жазған хат алды. Онда Сәбит өзінің Мұхтарды көп жылдан бері танитынын, бірақ жақын араласа бастағанына 4-5 жылдың жүзі ғана болғанын, осы аралықта ол туралы тек жоғары пікірде болғанын айтып өтеді. Бұдан соң жазушы өзінің  бұл хатты жазуына себеп болған жайттарға тоқталады. Хат Мәскеуден жазылған. Оның орыс тілінде жазылуына да Сәбиттің сол кездегі кітаптарын орысшаға аударған аудармашылардың қатысы бар еді. Бірақ Сәбит Мұқанов олар туралы ештеңе айтпаған. «Құрметті Мұхтар!»,–деп бастайды жазушы өзінің хатын. Бұдан ары, сен деп сөйлегеніне кешірім сұрай отырып, өз ойын одан ары сабақтайды. Осындай хатты жазуға көптен ойлағанын, бірақ оған көпке дейін қолы бармай жүріп ақыры жазуға шешім қабылдағанын айтады. Демек хат жазуға Сәбең көп уақыт дайындалып, өзінің маза бермеген көп ойларын айтуды жоспарлап жүргені рас еді. Оңаша кезігіп ауызша сөйлеуге де болар еді, бірақ Мұқаңның кейде сәл нәрсеге де өкпелеп қалатынын ойлап оған шешімі жетіп бара алмағанын түсіндіреді. Бірақ ақыры маза бермеген нәрсені хат арқылы, ыңғайсыз болса да білдіруді жөн көргенін айтумен Мұқаңды бірақ ширыққан ойларын түсіндіруге даярлап алады. Бұдан ары жазушының хаты 13-бетке созылады. Хат қызықты әрі бір деммен оқылады, онда психологиялық-эмоциялық реңк мол, хат құрғақ деректерді ғана беретін жай хат емес қиыннан қиюластырып, өріліп шыққан өнер туындысы болып шығады. Онда екеуара қатынастың мәселелері ғана емес әдебиеттің, адам арасындағы қоғамдық қарым-қатынастың күрделі, философиялық мәселелері  түйдек-түйдек ойлармен жалғасады. Мұнда Сәбең мен Мұқаң тарапынан реніш те, өзін кінәлі сезініп ақталу да, елге аты белгілі үлкен жазушыны араздыққа қимай оның алдында арыла отырып толғану да, арада болған кейбір жайларды түсіндіргісі келіп жанын сала сөйлеген бауырмал  қимастық, татулыққа жетуді ойлаған адамгершілік, адалдық сезімі аралас жатты. Әсілі адамның сезім, ой, рухани байлығы осындайда әдеттегіден де ашық көрінеді.
Жазушы Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке хат жазып, оған  жауап алуы оқырман үшін де көптеген сауалдарға, жүрегін, көңілін мазалап, тыныш таптырмаған жайларға қанағат сезімін бергендей еді. Бұл әдебиет тарихында рухани өзекті мәселелерді қозғаған сирек оқиға. Сәбеңнің талай жыл айтсам деп, өмірдің талай бетін көріп келіп, ақыры ашыққа салып айтқан ойлары шағын ғана көлемді болғанымен, оның арқалаған жүгі тіпті, көркем  романға бергісіз. Оған жазған Мұхтардың хатында да «осыны алдап-сулап шығарып салайын» деген ұсақ-түйек есеп пен өз басын ойлап тұқырып қалатын ұсақ пендешілік жоқ. Сәбиттің қойған сұрақтарына орай Мұқаң да жауап тауып, ұтқыр ойлармен оны тығырықтан шығарып жіберіп отырады. Оны бірер жол түсініктемемен айтып беру мүмкін емес.
Көркем өнерде –шығарманы жазу, не сахнада ойнау үшін оны бастан кешіру керек,–дейді өнерлі жандар. Сәбең мен Мұхтардың бір-біріне жазған хатын түсініп, оны адамгершілік тұрғыдан сезініп бағалау үшін де олардың бастан кешкен өмірін ұңғыл-шұңғылына дейін біліп, оны терең зерттеу ләзім. Екі жазушы да бір-біріне айтқан ойлары мен  берген бағасында өмірлік көзқарасы мен қоғамдық таным-түсінігін жасырып қалмаған. Сол себепті де мынаныкі дұрыс, ананыкі қате деуге келмейді, біржақты пікір айту бұл жерде орынсыз. Ең бастысы екі жазушы да талантты, білім қайраты мол. Осы талант пен білімді тіршілік, қоғамдық көзқарас үшін орнымен жұмсап қызмет ете келгенде қазақтың келешегіне, өткені мен сол кездегіге екі жазушы екі түрлі қарады. Біреуі ұлтшыл, біреуі таптық бағытты жақтады. Осы жолда ұзақ жүріп, өмірдің біраз белесін өтіп келгенде араларында айтылмай келген ойлар лықсып сыртқа шықса оған ешбір таңырқауға болмайды.
Жалпы, адам баласына тән ғылым мен өнерде бірнеше өнерпаздың туындыларын қатар қойып, ананың шығармасы мынадай, ал екіншісі бұл мәселені былай суреттейді деп салыстыра отырып қарастыру әдеби талдау тарихында бар нәрсе. Осы тұрғыдан алғанда екі қаламгердің өз хаттарында бір-бірінің шығармаларына сын тағуы, оны түрлі ойлармен дәлелдеуге тырысуы, бір-біріне уәж айтуы ешқандай таңырқау сезімін тудырмайды. Мұндай пікір таласы кез-келген әдебиеттің маңдайындағы ірі жазушыларда бола беретін жағдай. Өзінің кейбір шығармаларындағы кемшіліктерді менің оқымаған, таяз білімімнен болды деп есептейтін Сәбең қыза келе «бірақ мен өсу үстіндегі жазушымын», – деп қайталайды. Әдебиеттің классигі, жұрт қолдан-қолға алып оқитын талай шығарма жазған әдебиеттің алыбы өзі сияқты қатарлас жазушы Мұхтар Әуезовтің алдында рабфактан өзге ештеңе бітірмеген, білімі таяздығын мойындауы Сәбеңнің қарапайым мінезіне деген құрмет сезімін оятады.
Бұл хатта Мұқаңның да адамды еріксіз сүйсіндіретін шешендігі, пікір таластырғанда қарсыласын білімімен байлап, өз пікірлерін жоққа шығаруға негіз таптырмай дәлелдеп тастайтын сөздерінің логикалық жүйесі, сөйлескен адамның ақыл-ойына еріксіз күш дарытып тұратын тума даналығы, анау-мынаудан айбыны асқан  атағы, адамның мықты жерін бағалай отырып кемшілігін майда жеткізетін биік мәдениеті оқырманға оның қарсы уәж, талас пікірлерінен байқалып отырады.
Хатты алғаш Сәбең жазғаннан кейін, алғашында ештеңе түсінбей қалған Мұқаң хатты оқып шығып ойлана келгенде, бұған жауап қатпаса оны жазған адамның көп айтқан пікірлері жауапсыз қалар деген оймен қолына қалам алады. Хаттардың соңында жазылған уақытты қарасақ, арада бір жыл өтіп кеткен. Мұқаң жауап қайтаруға асықпайды. Хаттан алған әсері болар кей жерлерінде Сәбеңнің ширыққан, шамырқанып толғанған ойлары жауап жазу барысында Мұқаңа да берілген тәрізді. Өзіне тән жауапкершілікпен Мұқан Сәбиттің хатында қозғаған мәселелерден бір сәт те босаңсып, ауытқып кетпей, оның жауап алуға талаптанған сұрақтарының бәріне өзінің пікірін ашық білдірген.
Сәбеңнің «мен өсу үстіндегі жазушымын» деген сөзін қыза келе «өзің айтқандай кеңестік тақырыпта мен де өсудемін», –деп қостаған Мұқаң өзінің жазушы есебіндегі мықты, тамаша туындыларымен қоса босбелбеу, кейде сұранысқа жауап беру үшін жазылған нәрселерін мойындағысы келмей, сынайын десе оның артында кеңестік құрылыс тұрғанын ойлап алаңдауы көп жайды аңғартса керек.
М.Әуезовтің кеңестік тақырыптағы «Тастүлек», «Тартыс», «Шекарада», «Алма бағында», «Ақ қайың» пьесаларын сынай келіп, Сәбең бұл тақырыпқа тындыратындай ештеңе жазбадың десе, Мұқаң оған бұл тақырыпқа жазған сенің шығармаларың да жетісіп тұрған жоқ, олардың бәрі шала жазылған деп кекетеді. Осы жерде шамырқанып кеткен Мұқаң «недоношено» деген сөзді қолданады. Асығыс, күні жатпей, піспеген нәрсені жариялаған қаламдасына сын садағын аямай тартады. Сөз олардың саяси платформасына келгенде Мұқан сәл тартынып Сәбең бастаған бірнеше жазушыны «топшылдық пиғылда болған, ескінің сарқыны»,–деп қорытады. Бұл сөздерді жазушы Сәбеңнің «сен бұрынғы кезде қандай болғаныңды ұмытпа», –деген ескертуіне жауап есебінде айта келіп, «алашорданы айтса өткені есіне түсіп қорқа жүрер деген ойда болмасын» дегендей сөзін былай түйіндейді:
«Я призываю тебя приглядываясь к моему прошлому, задумываться и также критически приглядеться и к своему прошлому. Ты должен помнить, что я не был ни в каком составе Алаш-орды, ни в одном его органе против советской власти я не писал, журнал «Абай» был не орган Алаш-орды, и что я там писал. Ты без аппеляционно хочешь утверждать меня, как человека враждебного лагеря в прошлом.Это глубоко неверно, огульно.У меня были грехи, но они были моем обособленном, одиночном пути начинающего советского работника»,–деп жазды М.Әуезов. Бұдан ары Мұқаң өзінің 1919 жылдан партия мүшелігіне өтіп, 1922-23 жылдарға дейін кеңестік мекемеде қызмет істегенін, ал бұл кездегі қызметін дұрыс бағаламаған кейбір қызметкерлердің сөзіне еріп, М.Әуезов тек қарсы лагерде болып, кеңестік қоғам орнатуға қатыспады деген пікірді туғызып жүрген адамдардың пиғылы нені көздейтіні белгілі екеніне тоқталып өтті.
Осы жерден пікірін жалғаған М.Әуезов өзінің 30-шы жылдарға дейін студент болғанын, жазған нәрселерінің қалай қабылданып бағаланғанын айта келе, кеңестік тақырыпты жазуда даярлығы болмағанын алға тартады. Ал, кеңестік тақырыпты жырлап жүрміз деген ақын-жазушылардың өзі кейбірі халыққа мағыналы, пайдасы бар қомақты нәрселерді жазу орнына, құнсыз дүниелерді бұлдап, шын мәніндегі оқырман талабына жауап беретін көркем шығарма жазу орнына айқай-ұранмен көп жылдар уақыт алып келгеніне назар аударуды сұрайды.
Бұдан ары Мұқаң «сен менің сынаған сынымды көңіліңе алып, өкпелеп жүрсің» – деген сөзіне өзінің бұл туралы айтарлықтай пікірі болса ешкімге өкпелемейтінін, өзі де шындықты тура айтуға, оны тыңдауға дайын екенін, кейді шығармаға сынмен қараудан гөрі көркем дүниенің табиғатын тани білудің артық екенін ескертеді. Екі мақаладағы бір-бірін бағалаудағы көзқарастардан екі жазушының шығарма жазу мен оны бағалау тұрғысындағы талғамы мен біліміндегі айырмашылықтар пікірлерінен аңғарылмай қалмайды.
Жазушы Сәбит Мұқановтың осы көркем шығарманы бағалау мен тану білудегі жіберген кейбір ағаттықтарын Мұқаң дәл басып анықтайды. Бұл қандай ағаттық десек, хатта айтылғандай Сәбең М.Әуезовтің кейбір шығармасын бағалауда оның көркемдік жағынан гөрі саяси, таптық мағынасына ауысып кетеді, жазылған көркем шығарманың еңбекшілерге берері немене деген сұрақ қою арқылы, өнердің эстетикалық мәніне қарама-қайшы келетін көзқарасты алға тартады.
Сәбеңнің шығарманы танудағы көркемдік-эстетикалық ұстанымының таптық өресі өнер табиғатын тануға өлшем бола алмасын білген М.Әуезов оның көркем шығармаларындағы шыншыл, биік өнерге тән нәрселерден гөрі күнделікті, қарапайым, басқа нәрселерден өзгешелігі жоқ, есте қалмайтын нәрселерді қайталайтынын алға тартады. Мұқан өнердің неғұрлым биік, адамның, қоғамның талғамы жоғары болуына қызмет етуін қалайды. Осы талап тұрғысынан келген Мұқан хаттың мына тұсында Сәбеңнің жазғандарын былай деп сынға алады:
«Прочитал я твой «Мектебы». Признаю хорошее наблюдение быта, улучшение языка, но опять очень много незрелости. Нет совсем психологий (опять) , нутри человека ты не задеваешь, люди за исключением тебя самого мелкие. Почти ничтожны они и мыслями и чувствами. Плохо запоминаются. Не достаточно продумана тобою суть и задача книги на такую тему»,–дей келіп саннан гөрі сапаға көңіл бөліп, көркем шығарма жазудағы негізгі талаптарды ұмытпау керектігін еске салады. М.Әуезов осы тұста кеңес әдебиетінің абыройын биікке көтеретін нәрсе саны жағынан көп жазылған, құндылығы орташа дүниелер емес, қайта саны аз болса да көркемдік сапасы биік талаптарға жауап беретін шығармалар дегенді айта отырып, оның аздығы жазушының абыройын биікке көтермейді, қайта оның биікке көтерілген беделін төмен түсіруге себеп болады деп ой түйеді. Бұл туралы оқырманның ендігі айтып жүргенін, әдеби қауымның «Өмір мектебін» жылы қабылдағанымен көптеген жетіспей тұрған жақтарын сөз етіп, үлкен, ірі жазушылардың жетпеген асуы әдебиеттің де алмаған биіктері деп түсінгенін өкіне отырып жеткізеді.
Қазақ әдебиетінің көптеген өзекті мәселелерін сөз ету арқылы 1940 жылдарға дейінгі бүкіл қазақ оқыған, зиялылары арасындағы қоғамдық қайшылықтар мен көзқарастар жайлы пікір  қозғауға мұрындық болған жазушы Сәбит Мұқановтың хаты оның жеке басының ғана емес көптеген кеңес қаламгерлерінің басындағы болған ішкі, жеке бастық жайттарды сипаттап көрсетті. Сәбең өзінің М.Әуезовке деген кейбір өкпе-назын, ара қатынастағы түсініспеушілік жайын қозғай отырып, қоғамдағы суреткерлер арасында болатын адами жауапкершілік, азаматтық көзқарас, артық-кем кеткен тұстарға кешіріммен қарау жағын да бірнеше тұста астын сыза отырып еске алады. Сәбеңнің хаты сөз жоқ қызу өткірлікпен, кеңес жазушысына тән белсенді қоғамдық позициядан жазылған. Өзінің кеңес жазушысы екенін мақтан тұтатын Сәбең кешегі тамаша дүниелер тудырған М.Әуезовтің жаңа тақырыпқа келген неге малтығын, бір пьесадан кейін бір пьесасында сәтсіздікке ұшырағанын сұрайды. Бұған көп ойлана келіп екі түрлі себеп бар деп қорытады Сәбең. Сәтсіздіктің бірінші себебі, бұл тақырыпты жазушының әлі жатырқап, оған шындап кірісе алмай сырттай ғана қызықтап жүруінде, екінші себеп өмірдің өзін, оның ортасын білмеуде. Қоғамда не болып жатқанын сезіне алмауда. Ондаған жылдар бойы кеңестік жүйеге қарсы жұмыс істеген М.Әуезов кеңестік қоғамдағы өзгерістерді білмейді,–деген қорытынды жасайды.
Осы тұсқа келгенде, қандай қиын әңгімеде болсын мәдениеттен озбай сөйлеуге, адамның сөйлеген сөзіне қарай жауап әзірлеуге дағдыланған Мұқаң өзінің кеңестік жүйеге қарсы ешбір ұйымда қарсы әрекет жасамағанын, бұл кезде небәрі 20-дағы жас бала күйінде әдебиетке қызмет етіп, көңіл-күйдің жетегінде, өмір құбылыстарының бұралаңдарын түсіну жолында білім жинап, көзқарас тұрғысынан қайшылықтарға ұрына жүріп жол іздегенін тағы да дәлелді түрде қайталап айтады. Сәбит Мұқанов айтқандай кеңестік жүйеге қарсы емес, 1919 жылдан оның нағыз орнатушысы есебінде бірнеше жыл кеңестік қызметте болып, 1923-27 жылдар Ленинградта оқуда болғанын алға тартады. Осы себепті кеңестік тақырыпта ештеңе жаза алмағанын мойындайды. Бұл адамның өмірді білмейтіні, немесе одан алшақтап кетуі себепті емес оған жеткілікті дайындығы болмағандықтан туған қиындық еді. Анық түсініп, қоян-қолтық шындығына көз жеткізіп игермеген тақырыптың мәнісі қиын болатын. Әрі М.Әуезовтің жазушы ретінде сүйікті тақырыбы, білетін өзі жиған материалдары бар,  осы бағытта еңбек ету арқылы қызмет ете жүріп кейіндеу барып жаңа тақырыпты игерсе бұл қаламгердің өз еркіндегі қалауы болатын. Кеңестік тақырыптың қиындығын сезінген сәтте де көзқарастағы түрлі өзгерістер ұзаққа созылды. Сол себепті бұл тақырыпты дер кезінде кейінге қалдырып, қаламгер есебінде кейін зерттеп игеруге ден қойды. Бұл Мұқаңның түсіндірмесіндегі Сәбеңе ойлап қайтарған жауаптары еді.
Бұл жердегі М.Әуезовтің сөзбен еткен амалы қайткенде «бұржуазиялық ұлтшыл»,–деп өткенді бұлдыр ғып көрсеткісі келген Сәбеңнің айыптауына жол бермеу болатын. Бұрын бұл тақырыпқа баспасөз бетінде баруға онша құлықты бола бермейтін Мұқаң осы тұста өзінің белсенділігімен оң жағына келе берген Сәбеңді тағы да қоғамдық ойларының кемелділігімен басып, -саяси өткір мәселелерде екеуміз екі қарама-қарсы лагердеміз,–деп тұрған кезде де  өзінің партиялық билетті тастап, қызметтен кетуін айтпастан, біраз жыл кеңестік қызметте болғанын көтере сипаттайды. Өзінің өткені үшін енді алаңдайтын  ештеңесі жоқ екенін айтып, «өткені, қараңғы, бұлдыр»,– дегенге меңзейтін ойларды санасынан алып тастауды сұрайды. Осы тұста Сәбеңнің  белсенді, большевиктік позициясына әу баста онша көңілі тола бермейтін Мұқаң бұдан былай қандай жағдайда да өзіне партия, үкімет атынан сөйлеп, өктем көзқарас көрсетуді қоюын өтінеді. Ендігі жерде сөйлессек те, талассақ та, пікір білдірсек те бір-бірімізге жолдас, қатарлас дос, қаламдас ретінде бағалап, шын жүректен шындығымызды адам болып, жазушы болып айта білейік деген көзқарас білдіреді.
Осы жерде М.Әуезов кеңес елін сыйлаған адам оның азаматын, заңын сыйлауы керек, ал сенімсіздік тудырған, жөнсіздік қылған адам заң алдында жауап беруі тиіс. Ал, адамның  жөнсіз қылықтары болса оны жеке адамдар, немесе әлдебір топ емес партия мен өкіметтің тиісті орындары анықтап шара қолдануы орынды. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында осындай топқа бөлінген, ескіліктің қалдықтарын бойына жинаған адамдар қоғамға талай залалды әрекеттер келтірді. –Сол топтың ішінде өзің де болдың,– деп Мұқаң енді Сәбит Мұқановтың өзінің әрекетіндегі кейбір заңға сыймайтын орынсыз қылықтарды қатаң ескертеді.
М.Әуезовтің 1919-21 жылдары Семейде, одан соң тағы екі жылдай Орынборда Орталық Атқару комитетінің хатшысы болып қызмет еткені рас болатын. Бұл жазушының өмірбаян деректерінде көрсетіліп келе жатқан деректер. Соған қарамастан М.Әуезовтің ұлтшылдығын желеу еткен кейбір кеңестік қызметкерлері оның бұл қызметін ешбір ескерместен кеңес қызметіне араласпаған, тіпті оған қарсы әрекет еткен адам етіп көрсетуге тырысқан деректер орын алған болатын. Өстіп, өздерін кедей-шаруадан шыққан, төңкөріс жеңістері үшін майданға қатыстық деп мақтан етіп жүретін партияшыл белсенділер компартия іліміндегі негізгі талаптарды жүзеге асыруы былай тұрсын оның мақсаттарын түсініп те жарытпайтын еді. Мұндай ортада қызмет етуден бас тартқан М.Әуезовтің оқу іздеп жаңа ортаға талаптанып Ресейге сапар шегуі орынды болатын.
Осы құбылыстардың бәрі көз алдына келгенде жазушы С.Мұқановтың жазған хатындағы әлгі пікір Мұқаңның көптен ойында жүрген көзқарасты білдіруіне түрткі болды. Көп нәрсені ашық айтып түсінісуге септігі тиді, сол үшін хатқа рахмет айтып, ағынан жарыла сөйлеуінде де іште жүрген кейбір ойлардан арылған адамның жеңілдеп қалған қалпы байқалды. Жазушы Сәбит Мұқанов өз заманының ірі де күрделі тұлғасы болған Мұқаңды кеңестік дәуірдегі Одақтық дәрежедегі қаламгерлердің алдыңғы қатарында деп есептеді. Осы арқылы қазақ кеңес әдебиетінің табыстары бүкілодақтық дәрежеде танылуын орынды мақтан етті. Екі жазушы да көпшілік алдында жасаған баяндама, сөздерінде әдебиеттегі жеткен табыстарын сөз еткенде, табысы мол жазушыларды үнемі атап, алдыңғы орындағы, көрнекті шығармаларды жұртшылыққа насихаттап отырды. Өздері де сол көрнекті тұлғалардың қатарында аталып жүрді. Шығармалары да лайықты бағаланды.  Көркем шығармашылықтағы жеткен табыстары мен жаңа туындысында көрінген жақсы жаңалықтарды баспасөзде атап, кейбір көлеңкелі тұстары болса айтуды да борыш деп санады. Бұл көркем әдебиетте ежелден-ақ адамгершілік пен адалдық мәселесі деп саналды. Ал, өзін әдебиеттің көрнекті өкілі санайтын адамдардың ондай принциптерден аттап өтуі мүмкін емес еді. Өздерінің бір-біріне, шығармаларына айтқан пікірлерінде екі жазушы да әр кезде адалдық танытып, көзқарастарын ашық білдіруді жөн деп білді.
Бірақ ұзақ жылғы әдебиеттегі қызметтерінде кеңестік өнердің жүгін бірге көтеріскен екі қаламгердің белгілі бір мәселеде бірінің білдірген пікірі екіншісінің ойынан шықпай, қарама-қайшы келгені де рас, бір-біріне сын айтып, ауыр болса оны дұрыс қабылдай алды. Ал, егер қабылдай алмай өз пікірін дәлелдеп жатса, онда өзі дұрыс деп санаған көзқарасында қалған кездері  бар.  Ондай көзқарас тұрғысынан келгенде таластан гөрі тіл табысуы, әдебиет мүддесін жеке бастың реніш-өкпесінен жоғары қою сияқты адамгершілік үлгісі қазақтың атақты екі қаламгерінің бойына сіңген, көпке өнеге болған асыл қасиеттері еді. Баспасөзде, әдебиет мәселесі талқыланған жиында пікірлері түйіспеген сәттерде, қалайда дұрыстыққа жүгіну, әдебиеттің ішкі мәселесінде қандай жанға батқан жайттар болса да сыртқа сыр білдірмей оны әдеппен шешу, ішкі мәдениет, қаламгерлерге тән мінез ірілігі олардың бойындағы ізгілік пен адамгершілік қасиеттердің молдығын сипаттайды.
Жазушы Сәбит Мұқановтың шығармалары туралы М.Әуезов әр кезде де газет беттерінде оң пікір білдіріп, оны қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлғаның бірі деп бағалады. Замандас жазушының жақсы  табыстарын атай келіп, М.Әуезов кейбір әдебиет мәселелерін талдаған мақалаларында кей шығарманың жетіспеушілік жақтарына да тоқталуды жөн санайды. Әдеби сын көркем әдебиеттің сапасын көтеруге көмектесетін құрал деп есептейтін Мұқаң кейде әдеби орта жақсы қабылдаған шығармаларды да сынға алып, сол арқылы жұртшылыққа ой салды. Кей жазушының жылдар бойы өзі көрмей келген, елеусіз болып келген мүмкіндіктерін ашты. Сол арқылы қаламгерлерді өз-өзіне сынмен қарауға баулыды. Көп уақыт жұртшылық тарапынан жақсы шығарма болып бағаланып келген романның әлдебір тұсында шұбалаңқы, артық эпозод болса, бұны алып тастау шығарманың құнын түсірмей, оны көтере түседі. Жарық көргеннен бастап оқырман тарапынан жақсы қабылданған «Жұмбақ жалау» романына әдеби сында бірқатар сын пікірлер айтылып, оны жазушының кейін жөндей келіп, «Ботакөз» деген атпен қайта бастырып шығарғаны белгілі. Өзге әдебиет қайраткерлерімен бірге романға М.Әуезов те бірталай ұсыныс, сын пікір білдірді. Мұндай сын пікірлер «Адасқандар» романына да айтылып, оны жөндеп, толықтыра келе жазушы атын өзгертіп «Мөлдір махаббат» деп атады. Міне, осындай сәттердегі авторлар тарапынан болатын, әділ сынды түсініп, өзінің жіберген кемшілігін мойындау орнына, сын айтқан адамның сөздерінен артық-ауыз кемшілік іздеген, кінәмшілдік, міншілдік тапқысы келетін көзқарастар әдебиетте ұшырасып жатты.
Мұндай сындар М.Әуезовтің өз шығармаларына да айтылып, әрбір туындысы жұртшылық тарапынан қызу талқыдан өтіп тұрды. Онда артық айтылған, ұшқары пікірлер де кездесіп қалатын, шығарманың көркемдігін жетілдіруден гөрі, қайта оған нұқсан келтіретін де пікірлердің айтылып қалуы да болды. Туған әдебиеттің соқталы шығармаларын жазу мен оның келелі мәселелерін талқылау барысында түрлі жиындарда, бас қосуларда кездесіп тұратын ірі тұлғалардың өмірінде одан өзге де түрлі жайттардың, тұрмыстық, отбасылық, қызметтік небір оқиғалар болатыны өз алдына бөлек әңгіме. Алайда, белгілі адамдардың ортасында олардың жеке  шығармасына ғана емес, адамдармен қарым-қатынасына, олармен арақатынасындағы жайттарды өздерінің жеке пайдасына асырып жүретін, құлқы таза емес адамдардың да өнерде кездесіп жүретіні сирек те болса шындық нәрсе.
Сәбең өзінің хатын бастаған кезде, Мәскеудегі аудармашыға Мұқаңның айтқан «Сәбиттің «Ботакөзі» әлсіз шығарма, оны жақсы қылған Дроздовтың аудармасы»,–деген сөзін еске салып реніштен бастайды. Анау-мынау ұсақ-түйекке көңіл бөле қоймайтын Мұқаң аудармашының бұл сөзін бұл арандату, –ұсақ пиғылды адамдардың сөзіне сеніп жүрсің бе,– деп қабылдамай тастайды. Міне, осындай әдебиет төңірегінде, баспа қызметінде, газет маңында жүріп әртүрлі келеңсіз әңгіме айтатын адамдардың сөзін тыңдауды Мұқаң   «ұсақтық» деп атайды. Сәбеңе де ондайды тыңдамауға кеңес береді. Бірақ келесі бір сәтте осындай «келеңсіз әңгімелерден» естіген Сәбеңнің өзі туралы пікірін сөз етуі де қызықты жайт. Ұсақ нәрселерді ірі адамдар санасынан қанша қуып тастаса да ол пікірлер ызыңдап кіріп кетіп жатқаны осы сәтте де көрініп тұрады.
Мұндай көре алмаушылық, қызғаныш деген сөздердің хаттағы айтылған пікірлер арасында көрініп жатуы, ұсақ мінезден ада екі адамның арасына әңгіме тасып, «жаңалық айтып» жүретін сөз тасушылардың сол заманда да мықты қызмет атқарғанынан хабар береді. Екі жазушы да күнделікті өмірде ондай ұсақ мінездерден аулақ, көзқарастары жетілген, өмірлік мұраттары айқан, әдебиет үшін үлкен істер атқаруға жаралған суреткер болатын. Ал, олардың тасасында әртүрлі «келеңсіз қылықтар» жасаушы адамдар сол төңіректегі кішкене қызметтерін пайдаланып, осы әрекеттерімен өздерінің бет-бейнесін көрсетіп жатса олардың да көркем бейнеге айналып, образ ретінде келешек әдебиетте өмір сүруге хақы бар деуге болады.
М.Әуезовтің жазушы Сәбит Мұқановқа жазған жауап хаты, олардың жеке арақатынасын ғана көрсетіп қоймайды. Сол дәуірдегі қоғам деңгейін, ондағы адамдардың бір-біріне деген қатынасын да білдіреді. Әрбір сөзін Сәбеңнің пікірлерінен сабақтай отырып, Мұқаң оның қойған сұрақтарына, ал сұрақ біткен мезетте осы пікірден туған сұрақтарға өзі жауап іздеп кетеді. Хаттың ең құнды жағы да қоғамды-әлеуметтік мәселелердің ең қиын түйіндеріне жауап қатып, оған Мұқаңның берген бағасы еді.
Өзін «алашордашыл» топқа жатқызған Сәбеңнің саяси қызуқандылығы, саясатқа аса мән бере қарауы, оған жанын сала араласуы, пайда беру орнына талай жерде залал келтіргенін Мұқаң ашық айтады. Мұны алашордашыл топқа жатқызған Сәбеңнің өзі де белгілі топтың сойылын соғу арқылы, қоғам ісіне саяси көзқарастардың жаңаруына кедергі келтіріп, соңы талай қателіктерге ұшыратқанын жасырмаған. Мұндағы саяси қарымта қайтару, өткен шақтағы ішке жиған реніштердің салдарын әлеуметтік оқиғалардан іздеу қателестіретін жол екенін, ол қателіктерді Сәбеңнің кеш те болса түсіне бастағанын сөзсіз ілгерілегені екенін алға тартады.
1920-30 жылдары революциялық оқиғаларға көп еліткен С.Мұқанов, С.Сейфуллин сияқты төңкерісшіл қаламгерлер өздерінің жеңістері соңында әрі қандай қиыншылықтар тұрғанын кезінде ойлап жатпады. Сол себепті де  Мағжан ақын Қиыр солтүстіктегі айдаудан оралған мезетте оған «Оппенгеймдер отбасы» романын аударып қаражат табуға берді. Алматы маңайына қызметке орналасуына жәрдемдесті. Кешегі үстінен арыз түсіріп, қуғындаған адамдардың енді қамқорлық жасауы кеш болса да Мағжан ақынның жүрегін жылытты. Жүрек түпкірінде өз ісінің ақтығына сенсе де, сол мезетте билік қолдарына көшкен қарсылас қаламгерлердің көмегін қабыл етуге мәжбүр болды.
Жас күнінен алаш деп өскен Мұхтар Әуезов мұны түсінбей қалмады. Мына хатта осы таптық саясатты тым асыра дәріптеп, Мәскеуден тағдыры шешіліп жатқан саяси күрестің жергілікті жердегі азғана қазақ арасындағы қайшылығын шуылдата жариялаған қаламдастарының тапшыл көзқарасын  жақтаған жоқ, оны төңкеріс мақсатымен қабысатын, кеңестік қоғамның талабынан туған әрекет деп те санамады. Бұл топшылдық әрекеттің партия мен кеңес үкіметінің мақсатымен ешбір қабыспайтын саяси зиянды салдарын осы хатта М.Әуезов барынша ашық түрде батыл айтты.
Өткен шақтағы өзінің саяси көзқарасында болған шегіністерді қателік деп санауға болмайтынын сезінген жазушы, орыс қоғамында да кезінде саяси бетін анықтамай көп жыл шетелде тұрып келген қаламгерлердің кешірім алғанын білетін. Бірақ оларға қарағанда қазақ қаламгерлері кеңестік жүйеге қарсылығы тек идея жүзінде, қоғамға деген көзқарас тұрғысында ғана болатын. Бұл жөнінде жаңа қоғам орнатушы, оның негізін қалаушылардың пікіріндегі жайлармен танысқан көзі ашық М.Әуезов бұл жағынан кешегі кеңестік пікірді батыл қозғайтын, өзін саяси қарсылас деп есептейтін С.Мұқановпен де енді көзқарас жарыстыруды өзіне ерсі деп қарамайды. Қайта дауыс шығарып, батыл сөйлеп оның көзқарасына тойтарыс беруге кіріседі. Бұрын «өткені көмескі» деп әңгіме бастаса үндемей қалуға үйренген М.Әуезовтің бұл жылдарда саяси көзқарасы жетіліп, әр нәрсені өзінің атымен атауға білімі мен қабілеті жететінін дәлелдеп үйренгені өз алдына, теориялық жағынан да партия қайраткерлерінің айтқандарынан хабары мол еді. Сол себепті де 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннен 3-4-ақ жыл өтсе де оның еттен өтіп сүйегіне жеткен зардаптары өмір шындығына деген сенімін бекіте түскендей болатын.
Бұрын бұл тақырыпта баспасөзде ешкіммен тартыс жүргізіп қөрмеген М.Әуезовтің кейін бұл салада шешендік танытуы С.Мұқановқа әсер етпей қалмады. Осы хаттан кейін оның саяси айыптарды алға тарта сөйлейтін әдеттері шынында достық, қаламдастық қарым-қатынасқа, сыйластыққа шындап ауысқан болатын.
1932 жылдан кейін, 1934 жылдары екеуара бірігіп «Ақан-Зайра» драмасын жазуға келісім шарт жасай отырып бірлесе жұмыс істеуі, бұдан сәл кейін «Айман-Шолпан» пьесасына байланысты баспасөзде айтысып қалуы олардың арасындағы қарым-қатынастың қалыпты жағдайлары болатын. «Қыз Жібек қандай?» деген мақалада М.Әуезов бұрынғы ескі мұраларды жаңғырту барысында ондағы халық жырларының көркемдігіне нұқсан келтіретін әрекеттерді сынауы назар аударарлық. Ал, «Айман-Шолпанға» байланысты жазған мақаласына жауап ретінде жазған көзқарасы Сәбеңе берген бұл мәселедегі орынды жауап еді. Осы оқиғалар, 1932 жылдар төңірегіндегі айтыстар кезіндегі бір-біріне айтқан сындары екі жазушының да айтылған сынды тура қабылдай алатын, одан қорытынды шығарып, егер өзінікі қате болса, одан бас тартып, қателікті мойындай отырып, оны дұрыс жаққа қарай өзгертуге тырысатын көзқарастарын дәлелдейді.
Бір-бірімен аралас аға-інідей болып кеткен екі жазушының арасында айтысқан, әдебиеттің күрделі мәселелері бойынша келіспеген тұстары жетерлік. Тіпті, біраз уақыт тартынып, салқын қабақ болып жүрген кездерін негізге алып, оларды өмір бойы бірін-бірі көре алмайтын адамдар ретінде суреттейтін көзқарас  біздің әдебиетіміздің тарихына сіңісті болып кетпеуі керек. Әдебиеттің үлкен тұлғаларын бір сәттік көңіл күй мен біраз жылға созылған әлеуметтік күрес тұрғысында болған көзқарас айырмашылқтарына бола өмірлік күрес барысындағы қарсылас ретінде қарастыру қателікке ұрындырары сөзсіз.
Ерте жастық, бозбалалық кезінің өзінде Сәбең ауылдасы Қазидың жазған хатымен Мағжанды тауып алып, оған «оқуға жәрдем беріңіз» деп өтініш айту оқиғасы «Өмір мектебі» кітабының 90-110 беттерінде жақсы суреттеледі. Осы романда Қызылжар, Ақмола, Көкшетау өңіріндегі оқиғаларды кеңінен сипаттай келіп Сәбең Мағжанмен арада болған қарым-қатынасты да жан-жақты бейнелейді.
Мағжанның Сәбитті ат күтуші етіп жұмысқа кіргізуі, шамасы жеткенше ақылын айтып, шетін көзқарастардан аулақ болуды ескертіп отыруы, жазушының өз көзқарасымен беріледі. Мағжанға ұнамаған Сәбиттің тапшыл көзқарасы, байлар туралы өлеңдері, саяси көзқарасы еді. Жазушы мұны жасырмай жазған. Бұл Сәбит Мұқановтың асыл шыншылдығын, өтірік айтуға дағдыланбаған, не болса да тура жүретін адамның сипатымен істейтін аңғал, шындық деп білген ісіне біржола құлап түсетін ерекшелігі еді. Кейін осы көзқарасы Сәбеңді талай қиындыққа душар етті. Оның кедейлігі, адамгершілігі жоқ ауқатты адамдардан соққы көруі, большевикке құлай берілуіне себеп болды. Осы партияда жүріп, ол ұлтшылдарды жау санап, тап жаулары деп күресетін саясатқа табан тіреді. Кеше ғана өзіне көмектесіп, жарты нанын бөліп жеген ақын ағасы Мағжанды үстінен арыз ұйымдастырып мұғалімдіктен шығартуға көмектесті. Бұл да романның екінші томында суреттеледі.
Жастық кездегі адамның ақылы мен білімі толыспаған шағындағы істеген жөнсіз қылықтары кейін өмірдің бірталай белінен асқан шақта сол адамға ыңғайсыз, өрескел, орынсыз көрінуі мүмкін. Бірақ арада қанша жыл өтсе де өзінің «Өмір мектебі» кітабында Сәбит Мұқанов сол дәуірдегі жастықпен алаш қайраткерлері қарсы істеген саясатқа ілескен тапшыл жастардың әрекетін кейін де дәріптеп жазғаны, көркем суреттеп, оқырманға ұсынғаны мәлім.
Мемуарлық романның бірталай беттерінде осы алаш оқығандарына қарсы істеген әрекеттерін суреттеген жазушы Сәбит Мұқанов бұл қылықтың ешбір идеялық та, теңдік үшін де, тап үшін де, партия мен үкімет саясаты үшін де аса пайдалы болған жерлерін атап көрсетпейді. Ресми орындардан да ешбір тапсырма алмай істеген қалықтары жеке адамдардың қоғамдық ұйым бағдарламасынан тыс, өзіндік қарсылықтары, жеке басының әрекеті болып шыққан. Бұл әрекеттер М.Әуезовтің хатында айтылғандай партияның да, үкіметтің де ешбір саяси, адамгершілік бағытымен сыйыспай оның жолынан ауытқып кеткен, топтық, жөнсіз әрекеттер екенін дерекпен танысқан адам аңғарған болар еді. Бұл жерде жастықпен алаш оқығандарына қарсы істеген әрекеттерін Сәбең тап күресі, кедейлер мен езілген тапқа теңдік әперу үшін болған саяси күрес деп бағаласа оның саяси күрестен, оның бағыт-бағдарынан алшақ жатқан топшылдығын, зиянды әдеттерін Мұқаң өзінше бағалап, мұны адамдар арасында араздық тудыру, ел бірлігіне нұқсан келтіру әрекеті деп түсінеді.
Жазушы Сәбит Мұқанов төңкерістің алғашқы жылдарында өзінің саяси білімі таяз болғаны, партияның мақсатын толық түсінбеген кездері болғанын, қателіктер жібергенін де хатта мойындайды. Оны былай түсіндіреді:
 «Ты помнишь мои крикливо малограмотные статьи, относящиеся к первым годам советской власти в которых преобладали партизанские наскоки, нежели научная солидность. Но ты также помнишь и то, что в каких социально-политических условиях я их писал, и при каком уровне моего знания. Я был тогда малограмотный и технически и политически. Я практически знал, что Маркс, Энгельс, Ленин хорошие люди, потому что они дали свободу угнетенным, одним из которых был я сам. Но вникать в сущность их ученья понимать их ученье теоретически, –я был не подготовлен. Но, обстановка времени заставила меня вступить в бой. Шла не только политическая, но и идеологическая борьба, в которой Алаш-Ордынцы, пользуясь недостатком кадров из трудовой  части казахского населения, под разной маской проводили свои гнилые мысли»,–деп қорытады. Бірақ Сәбең осы қорытынды дұрыс болды ма деп ойланбаған сияқты. Себебі жазушы Сәбит Мұқанов көрсетіп отырғандай қазақ халқы, оның көпке танымал оқығандары, 1917 жылғы алаш партиясы бағдарламасын ешқандай «шіріген ойларға» теңеген жоқ, қайта оны жеке ел болып, автономиялық республика құруға салынған бағыт деп түсінді. Бірақ, Сәбең алаш партиясының мақсатын түсінбеген себепті алаш оқығандарының, бүкіл халықтық жиындарда қабылдаған жоспарын, «өзі айтқандай» ескі хандықты қалпына келтіру үшін жүргізіп жатқан саясат деп түсінді. Егер осы жерде арнайы білімі бар, саяси істерге жетік адам болса ол өзінің пікірін айтар алдында қарсы партияның бағдарламасын оқып, оның саяси қателерін талдап көрсеткен болар еді. Оның саяси күрестегі алға қойған мақсаттарының жалған, келешегі жоқ, іске асыруға мүмкін емес жақтарын ашып айтқан болар еді. Бұл жерде ондай саяси терең айтылған көзқарас жоқ. Сол себепті Сәбеңнің алашорда үкіметі мен оның қайраткерлеріне деген көзқарасы орнықты негіздерге сүйенген деп айту қиын. Ондаған жылдар бойы қазақ халқының тәуелсіздігі мен саяси бостандығы үшін күресіп келген қайраткерлердің еңбегі жалғыз сөзбен ғана жоққа шығару оңай емес. Бұл дәлелсіз теріске шығарудың көлеңкесінде Сәбеңнің саясаттан алшақ адам ретіндегі, саяси күрестің бағдарламасы мен мақсатын түсінбеген көзқарастары жатқан еді. Хаттың әр тұсында айтылатын «менің қателіктерім, арнайы білімім болмады, саяси тап күресінің  терең мағынасында түсінуден теориялық жақта алыс болдым» дейтін көзқарасының түп-төркіні осындай сәттерде байқалып тұрды.
Осы жерде тағы да Мұқаңның жауабына орала отырып, оның Сәбең айтқандай «тап күресі, идеологиялық майдан» деген ұрандарға ілеспей, теориялық тұрғыдан дайындалуға 1917-22 жылдары уақыты болмаған нәрселерге 1932 жылдары қайта айналып келгенін көреміз. 1932 жылғы ресми орындарға кешірім сұрап жазған хатында М.Әуезов өзінің осы жылдарда марксизм-ленинизм ілімінің теориялық негізін түсінбеу себепті, әлеуметтік оқиғаларды жете бағаламағанын түсіндіреді. Кейін бұл қателікті түзеп, өзінің бұл ғылыми негізді қайта қабылдап түсінгенін жазған.
Қоғамды барлық жағынан өзгерістерге ұшыратқан 1917-32 жылдардағы оқиғалардың түп-тамырын түсіну үшін қаншама жолдардан өтіп, қанша жылдарды сарп еткен белгілі адамдар 1940 жылдары бұл туралы арнайы сөз қыла отырып, сол уақытқа осы хатта қайта оралғандай болады. Өздерінің қате деп санаған істерін ақтап бағады. Оны ақтап алуға себеп іздеп, оны жастық шақтағы білімнің, тәжірибенің кем болғандығынан іздейді.
М.Әуезов өз хатының барысында ойларын Сәбеңнің айтқан оқиғалардан туындата отырып, бірқатар жерлерде деректерді тізе келе қорытынды жасауға асықпайтынын білдіреді. Қорытынды жасауды оқушыға қалдырады. Кейде «қорытынды жасауға асықпайық»,– дейді. Онысы алда келешек бар, бүгінгімен өмір ағысы бітпейді, бұл оқиғалар жаңғырығы әлі де талай пікір тудырады сол сәтте біздің жасаған қорытындыларымыз қате болып шығуы мүмкін деген ойларға жетелейді. Қазақ әдебиетінің екі көрнекті тұлғасы осы хатта айтқан сөздерінен кейін өздеріні өткенін терең қозғайтын мұндай әңгімені ешқашан қозғамаған сияқты. Бірақ алдыда әлі М.Әуезовтің ұлтшыл-ескішіл атанатын 1952 жылғы қудалау шаралары тұр еді. Оны екі жазушы да әлі білмейтін. Бірақ осы хатта екі қаламгердің өмірлік ұстанымдары, көзқарастары, өткен күндерінің көптеген түйткілді мәселелері жатқан еді. Хаттың құндылығы да осында. Онда ешбір анкетада, ешбір өмірбаянда, ешбір көркем шығармада көрініс таппаған жан айқайы, ішкі ізденістері, күрес жолындағы адасқан сәттері көз алдарынан өтіп отырады. Хаттағы полемикалық айтыстар, пікірлер қайшылығы, танымдық ерекшеліктер олардың рухани жағынан биік мұраттарды көздеген ерекше адамдар болғанын көрсетеді.
Хаттың кей жерінде қарсыласының мінезіндегі әлдебір қылықтар ұнамай кеткенде қолданылған кекесін, зіл, ажуа, мысқыл еріксіз езу тартқызады. Осы хаттардың жарық көруіне 1990 жылдардағы қайта құру кезеңінің жариялылықтары себеп болды. Хаттың не себепті жазылғандығы жөнінде, оның мазмұны мен қамтыған тақырыптары туралы кең сөз етпей оқырманға бірден ұсыну түсінбестік тудыратын еді. Сол себепті әр жылдары бұл хаттар туралы баспасөзде мақалалар жазылып, онда жазушы М.Әуезовтің қазақ жазушыларымен қарым-қатынасы, көзқарас ерекшеліктері туралы  ғылыми түсініктер берілген. Орыс тілінде жазылған хаттардың түпнұсқасы М.Әуезов музейінің архивінде сақтаулы. Оны зерттеуге алып, бірқатар ғалымдар әр кезде өз еңбектерінде пайдаланып келді. Олардың ішінде есімі елге белгілі зерттеуші ғалымдар З.Ахметов, Қ.Мұхаметханұлы, Л.Әуезова, С.Қирабаев, С.Қасқабасов, Б.Майтанов, Т.Жұртбай, У.Қалижан, Д.Қонаев, Д.Қамзабекұлы т.б. бар. Хаттың жеке мәтіні ешбір ғылыми түсініктемесіз немесе оған жазылған жауап хатсыз біржақты, толым еңбек болып саналалуы қиын. Сол себепті М.Әуезовке жазушы СМұқановтың 1940 жылға жазған хаты туралы айтқанда оған Мұқаңның берген жауабы да бірге айтылады. Екі жазушының бір-біріне өзін толқытқан мәселелер төңірегінде хат жазып оған жауап алуы бұл көп кездесетін жағдай. Бірақ аталған мұра бұл ерекше тағдыры бар, рухани құндылығы зор, жас ұрпаққа әдебиетіміздің тарихынан құнды мәліметтер беретін, ойға қалдырып тебірентетін әдеби туынды деуге болады.
Мұнда жазушының жеке басы ғана емес оның қоғамдық өмірі, саяси көзқарасы, таным-талабы, өмірлік мұраты мен сол мұраттар жолындағы күресі түгел айтылады. Екі хат та осынысымен құнды. Оны оқыған адам ширыға отырып оқиды. Көз алдынын бүкіл 20 ғасырдың ұлы туындыларын жазған адамдардың өмір жолдары жүріп өткендей болады. Зор істер атқаруға жаралған адамдардың да өмір жолында небір кедергілер кездесетіні олардың жеңу жолында тынбай күрескен адамның басынан өтетін түрлі қателіктер мен жаңсақ істердің де жаңғырығы, өмір тәжірибесінің еш адамды да қатеден сақтап қала алмайтыны да хатты оқыған адамның көкейінде жазылып қалғандай болады.
Бұл хаттың алдында да одан кейін де Мұқаң жазушы Сәбит Мұқановпен достық қатынаста талай жыл қатар өмір сүрді. Шығармашылық өмірдің қызық-қуаныштарын бірге бөлісті. 1957 жылы Мұқаң 60 жасқа толғанда Сәбең ел алдында баяндама жасап, оны кеңес әдебиетінің ең көрнекті жазушылыраның қатарында жоғары бағалап, өз құттықтауларын да жеткізді. Бірақ әр жылдары болған оқиғалардың, уақыттың өзі салған ізі болатын сияқты аталған хаттың олардың арасындағы қарым-қатыас сырын түсінуге септігі тиетіні сөзсіз. Жазушы Сәбит Мұқановтың Мұқаңа жазған хатында айтылған көп оқиғалардың себеп-салдарын түсіну үшін оның өзі жазған көптеген кітаптарды оқудың да маңызы зор. Сол себепті де Сәбеңнің «Өмір мектебі» романында өзі жазған бірқатар оқиғаларға тоқталып өткенді жөн санаймыз.
С.Мұқанов өзі айтқандай «таптық күрес барысында саяси қарсыласты» жеңуді мақсат етті. Байшыл-ұлтшыл жазушылардың көпшілігі 1920 жылдан былайғы кезеңде қызмет орынан, биліктегі қызметінен айрыла бастады. Сәбең Мағжанды жақсы білгендіктен және өмір сүрген аймағы бір болған себепті әр түрлі жағдайда кездескендерін жазды. Енді ол жайында шолу түрінде беріп көрейік.                 
 1917-19 жылдары Қызылжарда өтіп тұратын қалалық клубтарда өтіп тұратын кештерде М.Жұмабаев өзінің біраз өлеңдерін оқып жүреді. Мұның саяси астарына үңілген коммунистер тап күресі тақырыбын енгізіп, бұл шараларға кедей ақындарын күштеп енгізеді. Оны С.Мұқанов былай суреттейді.
«Сахнаға Угар көтеріле берді...
–Ал, революцияға қарсы ақын, бері шық! –деді ол сахна сыртында тұрған Мағжанға. Мағжан Угардан қаймықты да, сахнаға үн-түнсіз көтерілді.
–Ал, сен де көтеріл, бедняцкий поэт,–деді Угар маған. Мен де көтерілдім... Шамы сөндірілген залда лық толған жұрт, қобалжыйын деп еді:
–Молчать!–деп ақырып қалды Угар.–Бәріңді де көріп тұрмын. Қай нэпман тәртіпсіздік жасаса, мен онымен ертең сөйлесем...
Зал тын бола қалды...
–Ты алашординский последыш, перестань морочить голову советских людей, со своими бредово-контрреволюционными стихотворениями!.. Неужели ты не понимаешь, что твоя песня спета?..
Ұсқынды қара-сұр кескінімен сүзіле қараған Угарға Мағжан төмен қарап, жауап қатпады.
–Ал, бедняцкий поэт, оқы өлеңіңді!–деді маған Угар,–сен контрреволюционный поэт,–деді ол Мағжанға қаһарлана  түсіп,–тыңда, мынаның өлеңін!..
Мен ыңгайсызданған дауыспен «Кедей баласы» дейтін өлеңімді оқуға кірістім».  (168-б.)

Бұл тап күресінің әсерімен болған тартыс 1922 жылдары да жалғасады. «...біз 1924 жылы Орынборда Мағжанға әдебиеттік сот жасадық»,–деп жазды С.Мұқанов өзінің романында. (510-б)

1923 жылы Орынбордағы Свердлов атындағы клубта А.Байтұрсыновтың юбилейі өткізілді. Оған мыңнан аса көрермен сиятын залға келушілер лық толды. С.Садуақасов баяндама жасайды. Осы кеште кедейден шыққан, жаңа саясатта ойы бар С.Мұқанов сияқты жастарға  ұлтшыл-байшыл деген атқа ие болған әдебиетшілердің бұл шаралары ұнамайды. Еңбекші халықты езуші ұлтшыл, байшыл деген атқа ие болған алаш оқығандары туралы романда өз көзқарасын жазушы былай білдіреді:
«Сахна ашылды. Байтұрсыновты қолтықтап Смағұл Сәдуақасов және кейін халық жауы болып кеткен бірнеше ұлтшылдар шығып, безендіре құрған президиум столын айнала отырды. Сөз Сәдуақасовқа берілді...
Бұл юбилейге қарсылар, жыйналысқа күні бұрын даярланып, газетке орап қалталарына шіріген капуста, картошка сыяқты заттарды сала барды, ойлары – егер Сәдуақасов Байтұрсыновты баяндамасында мақтайтын болса, шіріген овощтарды лақтырып қуып шығу.
Соны сезгендей, Сәдуақасов өзінше тактика қолданып, Байтұрсыновты мақтай жөнелмей, сатылап жетті.
Оның баяндауынша, қазақ халқында ұлттық бес көсем бар, олар: Кенесары, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов...
Кенесары мен Байтұрсыновқа халықтың қаны ұйымайтынын, дұшпан көретінін Сәдуақасов жақсы біледі, сондықтан ол бұл екеуін, көпшіліктің санасында, халық шын сүйетін Шоқан, Ыбырай, Абайға қосақтап майлап өткізгісі келеді...
Сәдуақасов баяндамасын осылай өрбіте жөнелген кезде, трибунада тұрған оның үстіне залдан лақтырылған шірік овощтар жауды да кетті... Содан кейін мәжілістің кейінгі жағы өткізілместен, «юбилей» тарады...
Байтұрсыновқа қарсы студенттердің өтінішімен, сол күні түнде «Қара тақтаға жазылмаңдар, шешендер» деген атпен жазылған менің мақалам, ертеңінде республикалық –«Еңбекші Қазақтың» 69 нөмірінде (1923 жылы) бас мақала боп жарияланды», –деп жазды қаламгер. (508-б)
Бұл деректерді жазушы С.Мұқанов «Өмір мектебі» романында өзі бастан өткен уақиға етіп суреттеп жазған еді. Әрине, алаш оқығандарымен онша қатынасы жоқ, олардың жазғанын байшыл, ұлтшыл деп түсінетін жас Сәбит өзінің әрекеттерінен сол кезде ешбір қателік жоқ деп есептеді. Осы жағдай оның ойына қозғау салар деп ойлады ма олардың топшылдық, әсіре тапшыл әрекеті туралы хатта М.Әуезов батыра айтқан мезетте С.Мұқанов оған жауап қайтармады. Хатта М.Әуезов бірнеше жерде қайталай айтып, қорытынды жасағым келмейді деп жазды. Арада елу жылдай өткенде, 1990 жылдары жариялылық туған заманда алаш қайраткерлерінің еңбектері оқырманға қайта орала бастады. Ал, олар туралы саясат жетегінде жүріп, кезінде білмей жаңсақ қорытынды жасаған талай қаламгер өкінішке тап болды. Ұрпақ алдында өз істері үшін ұялып, кейбірі қателіктері үшін көпшілік алдында кешірім сұрады. Хаттан сәл ауытқып, онда айтылған оқиғалардың салдары кейін қандай болғаны жөнінде де түсінік беруге талап етіп көрдік. Тарих ешнәрсені де өмірде болған күйінен өзгертіп бұрмалағанмен уақыт оған қарап әр нәрсені орнына қоятын әділдігін жоғалтқан емес, сол тәрізді әдебиет жүзінің «ақтаңдақ беттері» де кейінгі ұрпаққа талай жабық жатқан  шындықты жария етті. Хатта сөз болатын жайттардың  құндылығы, сол ақтаңдақ, айтылмайтын шындықтарды ертерек қозғап, оқыған жұртшылыққа ой салуында жатты. Бұл хаттар әдеттегі отбасылық, достық, жеке бастық мәселеден бөлек, халқымыздың тарихын, өткенін, заман сырын қозғаған терең философиялық ойларымен адамды еріксіз ойға қалдырады.
Әдебиет тарихында тамаша туындыларымен, еліміздің рухани жағынан түлеп жаңаруына айрықша үлес қосқан жазушыларымыздың тек көркем шығармалары ғана емес, олардың жеке өмірі, адал қызметі, атқарған істерінің үлкен-кішісінің бәрі де ұрпақ үшін қымбат. Онда әйгілі адамның өмірінің бір сәті, жан дүниесінің бір бөлшегі, қолының табы, аяғының ізі, жазуының өрнегі қалса да қымбат мұраның сақталуы өзінше ғанибет. М.Әуезов пен С.Мұқанов архивтерінде жүздеген хаттар біздегі осындай мұралардың қымбат сақтаушылары, солардың куәгері сияқты ұрпақтың қолы тиіп, аяғы жетіп, ойы жүгіріп өзін тануын, білуін тосып тұратынын келешек білуі керек.
М.Әуезовтің С.Мұқановқа бұдан өзге жазған хаттары, бір-біріне берген жедел хаттары, құттықтаулары сақталған. Онда қаламгерлер өздерінің қызмет барысындағы ойларын, күнделікті істейтін шаруаларының барысы, ауа райының жағдайы, отбасылық мәселелерді қозғайды. С.Мұқанов көп жылдар жазушылар Одағының басқарма төрағасы бола жүргенде осы жерге Мұқаңа келген хаттар, оқушы лебіздері, түрлі ұйымдардан кездесуге шақырған шақыртулар түсіп жататын. Қазақ әдебиетінің мәселелері талқыланған жиындар, мәжіліс, пленумдар өткізу барысында оларға көбіне қатар жүруге, бірге отырып көптеген мәселелерді талқылауға тура келді. Бұл орайда олармен бірге қызмет еткен әдебиет майталмандары көптеп саналатын. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсрепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Т.Жароков, Қ.Аманжолов, З.Шашкин, І.Омаров сияқты әдебиет майталмандары бертінге дейін әдеби жалғастықтық үзілмеуіне, уақыт жаңарған сайын жаңа кадрлармен толығуына қамқорлық етуді басты назарда ұстады. Бұл қазақ әдебиетінің дәстүрлі жол болып қалыптасты.
        Қазақ әдебиетінің тарихы 1991 жылдан кейін «Кеңестік кезең әдебиеті» деген атауға ие болды. Яғни, 1917-1991 жылдардағы әдеби оқиғаларды осы кезең әдебиеті қамтиды. Бірақ осы бір ғана кезеңнің саяси оқиғалары мен болған тарихи жайттарын ғана қамтиды десек, онда әдебиеттің мүмкіндік шеңберін тарылтып қараған боламыз. Осы уақытта жүздеген жылдар жиналмай келген, зерттелмей жатқан еңбектер жарыққа шықты. Осы уақытта қоғамдық ғылымды, әдебиетті зерттейтін маман кадрлар өсіп қалыптасты. Осы істердің ең алдыңғы шебінде М.Әуезов бастаған жазушылардың алдыңғы легі жүрді.


Share:      
Leave a comment: