Blogs
ӨЛЕҢДЕР МЕН БАЛЛАДАЛАР
Кендебай АХАТ
1949 жылы 11 желтоқсанда ОҚО, Төлеби ауданы, Жаңа күш (Қақпатас) елді мекенінде дүниеге келген. 1974 жылы Алматы Мемлекеттік медицина институтының «Фармация» факультетін бітірген.
Жоғарғы санаттағы провизор-ұйымдастырушы, Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі. Шығармашылық қызметте «Замана желісі», «Ой тұтқыны», «Көгершін көңіл» және «Бұлқынған жүрек» жыр жинақтарының авторы.
Бірінші бөлім.
Өлеңдер мен балладалар.
***
Ешкімге ұқсамаған кем-кетістігімменен,
Ешкімге бұлдамаған жөн-жетістігімменен,
Інгеннің сүтін емген жырларым желіндеді,
(Ойларым ішке симай сыртына тебіндеді),
Қол жайып, бата берді періште төріндегі.
О, муза!
Айқара аш құшақты, мен келемін
Жарқырап найзағайдай Қақпатас көгіндегі!
* **
Шаншылып көкке ұшқым келеді,
Қалқыған қыран түске енеді.
Елеусіз ғана жүр едім, бейқам,
Беймаза жүрек не дей береді?..
Тылсымын көктің ашқым келеді,
Уыстап жұлдыз, шашқым келеді.
Ай менен күннің сырына қанып,
Қайтадан жерді басқым келеді.
Бастау ап таудан, тасқын келеді,
Арнасын қашап, ашқым келеді.
Тоғандар тосса көлденең тұрып,
Көбесін сөгіп, асқым келеді.
…………………………………..
Өлең-жыр кернеп, тасқын келеді...
Ұлылықты қазақша мойындау
(Шәмші Қалдаяқовтың рухына)
Дарын туып, өгейсіту – қазақ үшін сол сөз бе?..
Қазақ болып туылғанға қамығасың кей кезде.
Әсіреден ажыратар тылсым күші болмаса,
Ұлылықтың белгілері көрінбейді жай көзге.
Алпыс жасқа келгенінше сылтау іздеп сынақтан,
Тұғырына шығармастан басып келдік иықтан.
Лауазымға бас иместен ғұмыр кешті елеусіз,
Марғау елде әнін айтып, ән патшасын ұмытқан.
Жүрек қылын шерте алмас күш салғандар білекке,
Жүрегінен шықса ғана ән жетеді жүрекке.
Бірінші рет өткен кеші үш күн қатар созылып,
Қазақконцерт тарлық жасап толып кетті тілекке.
Ешбір өнер жұлдызына бұйырмаған мұндай бақ,
Қанша қазақ санын соқты сонда залға симай қап.
Мейлі дархан, мейлі міншіл, болсын мейлі дарақы,
Осындайда марқаясың қазақтықты қимай қап.
Еңсемізді басқан кезде Желтоқсанның салқыны,
Жас қазаққа жігер беріп, Шәмші әні қалқыды.
Егеменді елі барда енді оның құлпырып,
Мәңгілікке ұласады жұлдызының жарқылы.
Кие қонған бұл өнерде әркімнің бар таласы,
Саф өнер мен даңғазаның жер мен көктей арасы.
Ән тағдырын аманатқа қазақтарға қалдырып,
Қазақ болып көзін жұмды Қалдаяқтың баласы.
P.S. Пенделіктің батпағынан бас көтеріп қарашы,
Тар маңдайға симай кетті, қазақтың бір данасы!..
***
Қарадан қалған хан– көңіл,
Тарқатып шерді басылар
Түнерген аспан – қамкөңіл,
Нөсер боп жауып, ашылар.
Көңіл бір хошын тапқанда,
Шабыттың буы қамшылар.
Көкжиек түндік жапқанда,
Жұлдыздар көкке шаншылар.
Ептілер жүрсе тақ қорып,
Мансаптың бағы ашылар.
Ақынның тұнған қақ болып,
Көзінде ыстық жасы бар.
Түлкідей заман түрленсе,
Қулықтың тіні бүр ашар.
Періште сезім кірленсе,
Жүректің құлпын кім ашар?..
Ақынмен қоштасу.
(Әлиакпардың рухына)
Дәруін іздеп жүректің көптен,
Көктем боп көңіл жырларын төккен.
Мұраттың ізгі жолында жүріп,
Тал түсте ақты жұлдызың көктен.
Артыңда шүкір, көздерің қалды,
Тәспідей тізген сөздерің қалды.
Тіріге сенен теберік болып,
Бедері түскен іздерің қалды.
Қатыгез тағдыр сұм еді неткен,
Ажалдың оғы мезгілсіз жеткен.
Өзекті өртеп, жай түсті бізге,
Қош енді, інім, сыр бүгіп өткен.
Амалды таппай жазмышқа өктем,
Қабынды қанша жалғанда өкпең.
«Орнында барлар оңалар»,- дейді,
Бақыл бол қалқам, арманда кеткен!
Өкінішті
(Мұқағалиша толғанғанда)
Өкінішті. Оһ, қандай өкінішті,
Нарық салған сойқанның беті күшті.
Кіріптар боп қажыған қайран жүрек,
Бұлқынады бұза алмай бекіністі.
Өкінішті. Оһ, қандай өкінішті,
Жердің асты, сатылды жердің үсті.
Бар қазақты лақтырып күресінге,
Несібесін аз қазақ кешіп ішті.
Өкінішті. Оһ, қандай өкінішті,
Ен байлығы елімнің тегін ұшты.
Ұсақталған ұрпағы Атилланың,
Әруақ аттап, бастады кесір істі.
Өкінішті. Оһ, қандай өкінішті,
Өркениет қолдаса шегіністі?..
Алмағайып кезеңде қайран жүрек,
Бұлқынады бұзбақ боп бекіністі.
Мінез
Талай досты жинап көрген қасына,
Талай сынақ түскен ғазиз басына,
Мінез жайлы ой қозғапты қария,
Профессор Әбдірахман досыма:
– «Көнбістерді жинау болса тілегің,
Артығымен жететінін білемін.
Қалт жібермей қабағыңды баққанмен,
Олар, сірә, бола қоймас тірегің.
Оған мысал, коммунистер кешегі,
Тірісінде «құдай» болған көсемі.
Жағымпаздар жаққан шырақ басына,
Көп ұзамай, құйын соғып өшеді.
Шүйліккенде түтіп жейтін торғайды,
Қыран мінез – мінезінен «сорлайды».
Бірақ, солар, алмағайып күн туса,
Қырманыңды шымшықтардан қорғайды».
Жетім бұлақ
Алатаудың құрсағын жарып шыққан сыр бұлақ,
Қасқасуға еркелеп құйылыпты сылдырап.
Тас емшегі исінген Қақпатастан тамшылап,
Тасты тесіп Тоғысқа тамып тұрды бір бұлақ.
Қос өзеннің арнасы Бадамға кеп тоғысқан,
Сағынысқан қос бұлақ ұзақ ағып табысқан.
Тау самалы тербеген жасыл құрақ уілдеп,
Құлын -тайлар ойнақтап жағасында жарысқан.
Көптеу көріп қу тағдыр қуаныштың жалғасын,
Екі бөлді қайтадан, екі өзеннің арнасын.
Екі сырлас бұлақтың суын қоспай тас тоған,
Алып ұшқан сезімді зіл боп басты қорғасын.
Қиянатқа шыдамай, тартылыпты жас бұлақ,
Аманатын арқалап, жанып қалды қос шырақ.
Өксік түскен өзекке, сыр бұлақты жоғалтып,
Жыр бұлаққа сыр ашты, жетім бұлақ тамшылап.
Адам жасы туралы аңыз
Жаратушы жаратып-ап, саз-балшықтан Адамды:
– Сана берем саған депті, өсіретін бағаңды.
Тіршіліктің бесігі– сақтау үшін ғаламды,
Сан ойланып, сан толғанып жасағын әр қадамды.
Жұмыр жердің байлығына еге болып қаласың,
Отыз жасқа келгеніңше өмір нәрін аласың.
Қалауыңша жар сүйесің, жас нәресте иіскеп,
Бірақ, бірақ, сонан кейін жер қойнына барасың.
Дегеніне көңлі толмай, мұңға ойын тербетіп,
Жаратқанға жалбарынды, Адам жасын көлдетіп:
– Еш болмаса, екі есе ұзарт,- депті ғұмырды,
Бала-шаға көз алдымда, үлгеретін ержетіп.
Оңайлықпен өз шешімін өзгерте ме Жаратқан,
Үміт артар тек емеурін танытыпты қабақтан.
Тіршіліктің иелерін кезегімен қабылдап,
Адам жасын белгілеуді, ең соңына қаратқан.
Көк есекке адам жүгін артуды жөн көріпті,
Қарымына ойланбастан, қырық жасты беріпті.
– Осынша жыл қалай шыдас беремін,-деп аңырап,
Жаратқанға мұңын шағып ұзақ жастан жеріпті.
Сырттан итке тапсырыпты, үйді мінсіз қоруды,
Сарқыт ішіп, егесінің қас-қабағын торуды.
Бірақ, ол да, қырық жастан ала қашып ат-тонын,
Жарты жасын жөн көріпті, адамзатқа беруді.
Ал, адамды күлдіруді мұра етті мешінге,
Амалсыздан бас иеді, ол бейшара кесімге.
Бірақ, іштей өз жасының жартысынан бас тартып,
Ыржалақтап қарсы бопты, түпкілікті шешімге.
Жеке - жеке қабылдап боп, тірі жанның барлығын,
Жас мөлшерін бағамдаған, шығарыпты жарлығын.
Есек, ит пен маймыл жасын жартысынан қысқартып,
Адамзатқа қоса салған екен дейді, қалдығын.
Содан адам, отыз-ақ жыл өз ғұмырын кешеді,
Отыз жаста есек жүгін арқалауға көшеді.
Елуінде үй қоритын ит жасына ілігіп,
Жетпісінде маймыл жасы басталады, деседі.
Тоқсан жасы торықтырар, ерте қақпан құрғандай,
Тобасына бірде келіп, бірде пері ұрғандай.
Қосқан жастың есесіне, нысабынан алған ба,
Қалт-құлт етіп, бірер жасты тағы сұрап тұрғандай...
Дендрарийде
Жайбарақат жайсаң жаздың баса қөктеп меселін,
Күз де жетіп, жауын-шашын түгелдеді есебін.
Жасыл түсті дендрарий сары желек жамылды,
Жердің беті қысқа қарай, жаңарта ма төсегін?..
Көк әпшісін қуырады жарқ-жұрқ еткен найзағай,
Бүйірімнен қадалады Шақпақ желі найзадай.
Жас қайыңдар тербеледі бір-біріне еркелеп,
Басын шайқап тамсанады кәрі емен, ой тоба ай…
Бір бәйтерек жайрап жатыр, бақ ішінде жай түсіп,
Қорықшы жүр, отын терген келіндермен айтысып.
Көл жағасын сабалайды, ашу қысқан толқындар,
Жыл құстары көрінбейді, кеткені ме, қайта ұшып?..
Топ қырғауыл тығылыпты, бозаршаны паналап,
Бір қоразы жолды кесті, үсті-басы сабалақ.
Бауырынан сыз өтті ме, ұясына су кетіп,
Жылы қуыс іздеді ме, адамзатты жағалап?..
Батыс жақты меңзегендей, жалғыз аяқ жол жатыр,
Батырсынып соған түстім, бар қаруым қолшатыр.
Ну ағаштың ортасында тура кезеп оқтығын,
Қарсы тұрды, қосауызбен қаруланған бір батыр.
Тілді тістеп тұрып қалдым, екі қадам қалғанда,
Тең болмаса қиын екен, күшің мына жалғанда.
Келген ізбен кері қайттым, ыза кернеп кеудемді,
Бұдан артық қорлық бар ма, орманшыға орманда...
Кеңсе суық, көңіл сынық, келмей отыр шабытым,
Қалай қарай бұрып алған, тағы қоғам бағытын.
Өзін өртеп, құсын атып шолақ мылтық белсенді,
Көтермек пе, киесі бар дендрарийдің табытын?..
Қайда екен, бейшара құс – арашашы іздеген,
Қандай содыр күтер екен, қайта барсам ізбенен?
Ауа райын байқайын деп, терезеден қарасам,
Бір жас жігіт бара жатты, қол ұстасып қызбенен.
Құлазыған көңіл күліп, осы сәтте салғандай,
Біздің асыл мұратымыз қалай қалмақ жалғанбай?!.
Екі арман бара жатыр, бір арнада тоғысып,
Ағаш біткен екеуіне бақыт тілеп тұрғандай...
Мен отырмын оңашада, жанарыма жас алып,
Бір үмітті үкілесем, бір күдігім бас салып.
Мына күншіл қоғамнан орын таппай ізгілік,
Ізгі ойлар жазылуда келешекке хат болып.
Ғұмырдария.
Ағып бара жатырмыз күн батысты бетке алып,
Жайындарды ортаға, шабақтарды шетке алып.
Күн шығысқа қараймыз атар таңға үмітпен,
Қарсы жүзер дәрмен жоқ – толқын келеді оқталып.
Арна кейде кеңейіп, кейде қатты тарылар,
Өкпе кейде қабынып, кейде жүрек жарылар.
Қалтарысы қырық қатпар дарияның бойында,
Біреу сені жек көріп, біреу саған табынар.
Арна кейде бұрылып, жол-жөнекей жырылар,
Көбік шашқан ақ бура кейде құздан жығылар.
Бақа-шаян жол бойы шалшық суға шашылып,
Зәрін төгіп алған соң, жылан інге тығылар.
Арыстанның алдында түлкі сайқал құлпырар,
Талай аңғал қызынып, тазы болып ұмтылар.
Жайпап бәрін алған соң жайын балық бұлт етіп,
Жауынқұртқа алданған шабақ торға тұтылар.
Ағып бара жатырмыз күн батысты бетке алып,
Күн шығысқа қараймыз өткендерді еске алып.
Енді бізде мұрсат жоқ – қас қағым сәт тоқтауға,
Жас толқынға қараймыз сығырайып, көз талып...
Қырандардың томағасын солар келіп сыпырар,
Аққуларды өз көркімен айдын көлде ұшырар.
Біз жеңбеген пенделікті ар отына шыжғырып,
Ұсақтықтан, қысастықтан солар бәлкім құтылар?..
Дәрігерге өтініш.
Мен жатармын төсекте аласұрып,
Кәрі дүние қарайды баласынып.
Қаба сақал әкемнің қолындағы,
Намысымды осады қара шыбық.
Шырылдайды шыбын жан безек қағып,
Мүңкір-Нәңкір тұрғандай есеп алып.
Қызыл-жасыл дүние дөңгеленіп,
Тәнім қызып барады, өзек талып.
Балалық шақ бақытсыз сағы сынған,
Шайпау тағдыр жүрекке қағы тұнған.
Көз алдымда көлбеңдеп кезек-кезек,
Бар өмірім өтуде тағы сыннан.
Бұл жалғанға басында жылап келіп,
Ой маржанын жинадым құрап-теріп.
Түмен жырдың қара жер бетін бүркеп,
Жатпақшы ма, астына сұрақ көміп?
Ей, дәрігер, нәубетті жырақ қылып,
Алып таста кеселді бір-ақ сылып.
Іштегі шер қатпасын шемен болып,
Барыңды сал, өтінем жылап тұрып!
Жаңа қазаққа
Тыңда мені, жаңа қазақ-жауқыран,
Көңіл күпті, несін сенен жасырам.
Сатылатын дүниені айтпаймын,
Рух байлығын қалай саған асырам?
Жас қайыңға сұқтанбашы өтінем,
Балғын шыбық бой түзесін еркімен.
Нәзіктіктің құдіретін паш етіп,
Жүректерді шымырлатсын көркімен.
Сұқтанбашы аққу-құсқа киелі,
Өріс аз ба, тояттайтын жүйелі?
Тырнақ салсаң махаббатың піріне,
Адамзатқа кесепатың тиеді.
Ор қоянның ұшырмастан қылшығын,
Қырғауылдың шашып-төкпей ырзығын.
Қыз күйінде өткізейін мен саған,
Табиғаттың сатылмайтын тылсымын.
Жұмыссыздың сандырағы.
Шабыт қайда жыр болып нөсерлетер,
Гүлдер қайда сезімді еркелетер?
Оттық қайда?..
Кеткені ме тұтанбай білте бекер?
Кезім қайда ұсынған бал мен шекер,
Жастық қайда шешімді келте кесер?
Шаттық қайда?..
Думан қайда өзімен ерте кетер?
Ілім қайда саязды терең етер,
Күнім қайда ауырды жеңілдетер?
Теңгең қайда,
Жеңгең қайда – теңгені керек етер?..
Заман
Неге сонша қағындың түлкі заман,
Төрге шықты долларлар шытырлаған.
Тазы болып ізіне түсе алмасаң,
Ізгілігің көк тиын, бақырға алман.
Неге сонша тарындың озған заман,
Адамдары робот болған заман.
Сүйел қаптап сорына шерлі елдің,
Шиқандардың араны қозған заман.
Неге сонша сүріндің батыр заман,
Сан төңкерген санамды тасыр заман,
Болып бара жатқандай сияқтысың,
Біреуге зор, біреуге ақырзаман.
Неге сонша бүліндің сойқан заман,
Қанға бөгіп қара жер тойған заман.
Қара халық жүйкесі бомба болып,
Жарылмасын абайла, ойлан заман...
Бата
Көш бастаған азаматтар ел сенімін ақтасын,
Сарбаздарға сабыр беріп нәпсі-сайтан тоқтасын.
Аман қылып қазағымның әрбір момын отбасын,
Ата салтын қадірлемес имансыздан сақтасын!
Құлқындары талғамайтын аш көздерден сақтасын,
Үмітіңді жалғамайтын жігерсізден сақтасын.
Кәусарыңды ылайлайтын доңыздардан аулақ қып,
Дүниенің құлы болған тексіздерден сақтасын!
Жон арқаңнан таспа тілер тағылардан сақтасын,
Қайырымсыз қара жүрек малы бардан сақтасын.
Жер түгілі көрді сатар жетесізден аулақ қып,
Тұлпарларға жол сілтеген жабырлардан сақтасын.
Ақ-қараны ажыратпас қазылардан сақтасын,
Буынсызға пышақ салар базынадан сақтасын.
Көңілі алаң халқымызды несібеден қақпасын,
Қазақты қазақ жау көріп, қазақты қазақ шаппасын!
Аумин!
Бел үстіндегі ой
Жоқ та болдым, ағайын, тоқ та болдым,
Еркін маздап жанбадым, шоқ та болдым.
Қара шұбар тағдырым бұра тартып,
Күресінге атылған оқ та болдым.
Бас та болдым, ағайын, аш та болдым,
Жасамыс боп қатайдым, жас та болдым.
Өксік өртеп өзекті өзеуреген,
Күлшем жоқта қолымда жат та болдым.
Ауыздықтап асауын қасқа жолдың,
Жақын емес, тізгінін жатқа бердім.
Сан жығылып, сан тұрып қас қылғанда,
Көптен қалмай, қайтадан атқа қондым.
Өткеніме үңіліп, мың қарадым,
Ішке жұтып көбісін тұмшаладым.
Елу деген белесте ойға батсам,
Балтырымды қарыды, мұз балағым.
Көктем өтті тұманды азабымен,
Жазда өтті сан түрлі сабағымен.
Көп күттірмей сары қарын күз де жетті,
Қамбама сай егіннің орағымен.
Сыбағаны қос-қостап табағымен,
Шампанында таттық қой арағымен.
Тоқтап тұрып бір сәтке ойланайық,
Қыс та жетер қар жауған қабағымен.
О, ағайын!
Алтын тордағы бұлбұл
Бойына дарын, жүрекке жалын жинаған,
Бұлбұлға әттең бармақтай бақты қимаған.
Тылсымы терең сазды әуеннің иесін –
Даңғойға әкеп жарамсақ жәркей сыйлаған.
Тұйғын деп қосқан тағдыры жарда ойнаған,
Дарынын көлбей – жапалақ ғұмыр жалғаған.
Ну орманды тамсандырған құдірет,
Құзғындарға ой да сала алмаған.
Шыбын-шіркей әз жанын жатса жаралап,
Ызыңдап маса инесін сұқты мазалап.
Алтын торда тұншыққан мәжнүн құсты,
Сауысқан сарнап кетеді күнде табалап.
Дәріптей қалса байқамай бір құс оңынан,
Қызғаныш тосты жылан боп суық жолынан.
Сайрауын қойып томаға-тұйық күй кешті,
Ізгі үміттің арқауын үзбей қолынан...
Муза
Көктем шығып, құстар келіп, тоғай үнге толғанда,
Жер құлпырып, шие гүлдеп, ара гүлге қонғанда,
Іңкәр еттің сылдырлаған мөлдіріне бұлақтың.
Қуаныштан кірпік ілмей таң бозарып атқанда,
Масайраған мені қимай күн қызарып батқанда,
Маған арнап, қызыл-жасыл нұрын шаштың шуақтың.
Қияметтік досым қиып, телпек үшін сатқанда,
«Азамат» деп сенген кісім «аждаһа» боп шаққанда,
Қайғы-мұңды шаю үшін солқылдатып жылаттың.
Қайырымсыз туысқанға бұйымтаймен барғанда,
Найзадай сөзі қадалып, шытынап көңіл қалғанда,
Қиянатқа қарсы тұрып, жігер беріп жұбаттың.
Қиялға қанат қадалып, құздарға көзді салғанда,
Еншімді даулап өмірден, қиянда ізім қалғанда,
Мүлт кетіп жолдан адассам, астына алма сұрақтың.
Опасыз мынау жалғанды шарқ ұрып көңіл шарласын,
Пенделік меңдеп мерзімсіз соғудан жүрек қалмасын,
Шабыт боп құйыл шаршасам тұтқасын іздеп мұраттың.
Қара емен
Ширек ғасыр мұң кешіппін жетімдікпен алысып,
Ширек ғасыр тер кешіппін кісілікпен табысып.
Әжетіңе жарап қалар көргенімді саралап,
Енді балам, ой кешейін музаменен қауышып.
Бұл жалғанда қиын-қыстау бастан талай күн өтті,
Қайық міндім ескексіз сыбанып тастап білекті.
У жұтып жүріп қамығып, су жұтып жүріп жағаға,
Алып шықтым шығынсыз асылдан қалған шүмекті.
Қысқа жіп келмей күрмеуге басымнан сөзді асырдым,
Уытты уәжді айта алмай ішімнен тынып жасырдым.
Қисынсыз алса жағамнан өресі тарлар өңмеңдеп,
Найзағай болып күркіреп, жай болып түспей басылдым.
Аңғалдықпенен періні періште көріп ақтадым,
Жыланға кірген ақ құймай, кептерді қиып тастадым.
Тасада садақ керіліп, тұрғанда тұзақ құрулы,
Сағымға сеніп, артынан бармақты тістеп жатқаным.
Шындықты айтып шыжғырсам, пендеге ешбір жақпадым,
Жанымды менің түсінер жақыннан адам таппадым.
Музаға шағып мұңымды, кесірін сенен қақпайлап,
Томпақтау келген тағдырдың бетінен қатты қақпадым.
Атыңа шіркеу болатын кісі ақысын жемедім,
Затыңа шіркеу болатын нашарды көрсем – демедім.
Қасіретім мен бақытым бір басыма жетерлік,
Қайшылықтар тоғысында өмір сүріп келемін.
Сел болып аққан сезімді тоғандап түгел сақтадым,
Шытынап қалған көңілді түтінге ыстап қақтадым.
Қорғасын ойлар тұтқындап түнімен кірпік ілместен,
Қан-жоса болған жүректі қақ жарып саған ақтардым.
Амалсыз аңқам кепкенде күрмегі болдым күріштің,
Тұмсығы барға сендерді шоқытпау үшін тырыстым.
Отының болып жарылып, күлің боп шығып отыңнан
Қайнадым, балам, сендерге қазаны болып ырыстың.
P.S. Өтінде желдің қасқайған емен де бір күн қартаяр,
Өзегі іштен мүжіліп, желегінен нұр таяр.
Өлшеулі тұзы таусылып, құлаған кезде артында,
Қара орман боп жайқалып, алла жазса із қалар...
Теңізге құштар ғашықпын
Бақытты іздеп қашық тым,
Теңізге қарай асықтым.
Дауылда туған тағдырым,
Теңізді тулап тасыттың.
Еңсені басса жасық мұң,
Сезімге шөлдеп, ашықтым.
Теңіздің шайпау төсінде,
Тарқатып шерді ашыппын.
Сақтасын Алла тасырдан,
Жартас бар теңіз жасырған.
Жартасқа мені соққызбай,
Толқынға толқын асырған.
Толқынсыз теңіз – теңіз бе,
Толқынмен шабыт егіз бе?
Қалытқы болып келемін,
Толқынмен бірге теңізде.
Мұратты іздеп қашық тым,
Толқынмен бірге асықтым.
Жайындар қаптап жүргенмен,
Теңізге құштар ғашықпын.
Көкпар
Өмір – дода, жігіт – асау арғымақ,
Тізгін үзсе – ор қазсаң да қарғымақ.
Шабандоздың тақымына қысылған,
Бала күнім – көкпар болған көк лақ.
Мәре алыс, дода қызған шағына,
Шабандоздар салым салу қамында.
Сілікпесі шығып қалған көк серке,
Шыда, шыда, қақ бөлініп «қағынба».
Тартыс алда, абайлаңдар жарандар,
Айла-шарғы, басыбайлы надан бар.
Тартпа қиып, көлбей шауып алдыңнан,
Жүгеніңе жармаспасын жамандар.
Қараниет бітім емес, кек тілер,
Ілік іздеп үзеңгісін тепкілер.
Түйсіктердің қайшылығын қамшылап,
Ұпай жинар жабы мінген ептілер.
Көрсоқырдың көкірегі көк тірер,
Нысабы жоқ, үлесінен көп тілер.
Қара қылды қақ жаратын көкпарда,
Теберікке кездеседі тектілер.
Жеңіс жақын, бағың ба, жоқ, сорың ба?
Қалып қойды қанша жүйрік соңыңда.
Серке ілген арғымақтың тізгіні,
Тағдыр атты шабандоздың қолында.
Ей, шабандоз, босат енді тізгінді,
Арғымақтың еркіне бер бұл күнді.
Жануардың мықтап ұстап жалынан,
Босат енді, босат енді тізгінді...
Ақын
Алладиннің шамын ұстап жағардай,
Қу жалғанның мәнін іздеп табардай.
Қадау-қадау ой қашаудан мұқалмас,
Пешенеңе хан жұтынып қарардай!
Ар-ождан мен көңіл күйдің деңгейін,
Жырға бөлеп бесік болып тербегін.
Муза қызға зорлық болып жатқанда,
Алдаспанды қынға сала көрмегін.
Түлен түйген сұңғыла ой алқымдап,
Шабыт келсін найзағайдай жарқылдап.
Тылсым соқпақ ішін тартып күткенмен,
Ақын қалмас көш соңында салпылдап.
Қырандарға керек емес алтын тақ,
Мұзарт құздан шығар даусы саңқылдап.
Сол құздардың ұшар биік шыңында,
Ақындары жүру керек аңқылдап.
Жер кіндігін мәңгі ұстап қалардай,
Кейбір надан жүрсе егер тән алмай?
Алмас қылыш – қара өлең киесі,
Менменсіген ханның басын алардай.
Жай әйел мен бай әйелдің қақтығысы
– Уа, бәйбіше, есенбісің, көрінбейсін бармысың?
Барған жерің аман ба екен, өзің қалай, саумысың?
– Есеп берер, сен кім едің, о, бейшара-байғұсым,
Неге келдің мазамды алып, бірдеңеге зармысың?
– Жоқ, жеңеше, нан мен шайға жетіп тұр ғой табысым,
Біздер жоқта бала-шаға бүлдіріпті, абысын.
Сіздің ит пен біздің итті таластырып көріпті,
Біздің төбет басым кепті арпалысып жаны үшін.
Намыс буған қайындарым шыдай алмай түнеріпті,
Менің әлгі «тентегіме» жұдырықты жіберіпті.
Ара түскен қызымызды тепкілепті, шашын жұлып,
Түсіндіріп қоймасаңыз біраз жері көгеріпті.
– Ей, ақымақ, білемісің сен ол бульдогтың бағасын?
Ақшаң қайда, алып берер өліп қалса жаңасын?
Бас жарылса – бөрік кигіз, қолы сынса – жең ішінде,
Мә, жүз доллар дәріге, таңып қойсын жарасын.
Быламыққа жарымаған дауласпаймын итіңмен,
Бір жарып қал, мынаны ал да жүрген сорлы күйпіңмен.
Ит иттігін жасағанмен бұралқыдан жиренбей,
Менің балам, қалай өзі, теңін таппай сүйкенген?
Маған намыс болғанымен, саған үлкен мәртебе,
Он мың теңге қосып ал да шығармағын тісіңнен.
– Не деп тұрсың, неге менің намысыма тиесің?
Түсінгің де келмеді ғой болған істің жүйесін.
Иесіз қалғыр долларыңнан маңдай терім көп артық,
Өзің жаққан өз отыңа енді «қаншық» күйесің.
Әл қыла алмай байыңның жұртқа батқан тізесін,
Шарап ішіп, сауна қуып, көлденеңдеп жүресің.
Қымсынбастан көк аттыға көздеріңді сүзесің,
Кедейсініп, неге бізден күдеріңді үзесің?
Өйтіп жиған дәулетіңнен қара наным мың артық.
Ертеңіңді ойласаң, тәртібіңді түзерсің...
– Бас ауырып тұрғанда, керегі не айқайдың,
Тыңдап тұрар зауқым жоқ пәлсафасын «сайқалдың».
Тоқтат енді, мылжыңыңнан бір стакан сыра артық,
Тапаншамды қолға алмай, есік жап та, қайқайғын!
– О, бейшара, мүсәпірім, қалің мүшкіл, байқаймын,
Жетеді екен сенің де сыздап тұрған өз қайғың.
Қой, кетейін салғыласпай, дауасызбен бекерге,
Жетегіне ілінген соң не шара бар сайтанның...
Парадокс
Қаулап өскен қамыс тұрып
Өзеуреймін,
Көңіл құлап құраққа.
Дайын жауап әзір тұрып
Әуре болам,
Бас қатырып сұраққа.
Түсінбеймін?
Арна бұзар өзен тұрып
Алас ұрам,
Есім ауып бұлаққа.
Айдын шалқар теңіз тұрып
Таңырқаймын,
Тұна қалған тамшыға.
Зымыраған ұшақ тұрып
Есіл-дертім,
Қалықтаған қаршыға.
Түсінбеймін?
Бейне жазғыш қолда тұрып
Бар қиялым,
Сырын бүккен домбыра.
Ақиқаттан өсек озып
Тұрған кезде,
Шындық іздеп «сандалам».
Ағайыннан есеп озып
Тұрған кезде,
Туыс іздеп қарманам.
Түсінбеймін?
Ақша билік құрған кезде
Муза қуған –
Өзіме-өзім таң қалам?!
Ақынның соңғы сөзі
(Мұқағалидың рухына)
Мен жұмбақпын – шешімі табылмаған,
Мен боздақпын – өксігі басылмаған.
Тылсым сырын сығымдап ішке бүккен,
Жанартаумын – әзірше атылмаған.
Мен бұлақпын – өзегі ашылмаған,
Мен шуақпын – түгелдей шашылмаған.
Өресі тар есердің қолы жетпес,
Мен пырақпын – естіге асыл бағам.
Асқар таумын, о, ғалам, асыл маған,
Көкірегіңе отты жыр – жасын тағам!
Аманатты кімдерге қалдырамын,
От жүректен жерінсе тасыр қоғам?..
Көп тоғаннан амалды асыра алмай,
Мен өзенмін – бөгелген таси алмай.
Заманымның арнасы тарлық етіп,
Кетіп барам дертімнен айыға алмай...
Мені іздеңдер
(Төлеген Айбергеновтың рухына)
Мені іздеңдер, мені іздеп табыңдар,
Інжу болсам сыр сандыққа салыңдар.
Ең алдымен арман қуған жүрекке,
Жалынымнан ұшқын алып қалыңдар.
Мені іздеңдер қыранның жүрегінен,
Мені іздеңдер таулардың сілемінен.
Қара жерден көктеймін қара өлең боп,
Мені іздеңдер даланың реңінен.
Мені іздеңдер ақ қайың бүртігінен,
Мені іздеңдер мәжнүн тал кірпігінен.
Қара жерден буланып қайта жауам,
Мені іздеңдер ақ қардың күртігінен.
Мені іздеңдер, мені іздеп табыңдар,
Қазынамнан қажеттісін алыңдар.
Ауытқымай тұру үшін жер шары,
Маржан жырдан алқа тізіп тағыңдар!
* * *
Қиялдан озған жарасым-көрік,
Бойымда қанды тасытты керіп.
Жар салып ұшқан қарлығаш – құсым,
Мақтаныш сезім құйылды келіп.
Табиғат сыйлап періште сезім,
Беріпті саған құрыштай төзім.
Тоң жарып шыққан бәйшешек гүлім,
Көңіліме көктем әкелген өзің.
Ару боп туып қызындай үрдің,
Ары боп елдің, таңы боп күлдің.
Наурызда ескен керімсал самал,
Сананы желпіп, тұманды түрдің.
Ниеті ізгі, мінезі ерен,
Иманды жүзден парасат көрем.
Шапағат шашқан шамшырақ– қызым,
Өзіңе арнап, жырымды өрем.
ЭКСПРОМТ
Сен мені менсінбейсің – көйлегің көк емес деп,
Мен сені мүсіркеймін – тәрбиең жөн емес деп.
Сен мені менсінбейсің – жегенің қазы емес деп,
Мен сені мүсіркеймін – ниетің таза емес деп.
Сен мені менсінбейсің –көргенің мәз емес деп,
Мен сені мүсіркеймін – көрерің аз емес деп.
Сен мені жебеген боласың,
Мен ештеңе сезбеген боламын...
Өмір – мәре
Азулылар көнбістерді жүндеумен,
Дарынсыздар дарындарды күндеумен.
Тақыр кедей қу жалғанға кіжініп,
Өтіп кетер өз тағдырын тілдеумен.
Ақылмандар бірін-бірі сыйлаумен,
Ақылсыздар мәртебесін бұлдаумен.
Ақ көңілдер өзге үшін өртеніп,
Өтіп кетер өзін-өзі қинаумен.
Біреу құрап, біреу жайпап өтетін,
Біреу байқап, біреу шайқап жететін,
Өмір – мәре ертелі-кеш қиылар,
Бай-кедейді теңестіріп кететін.
Сонда қалай өмір мәні өрілген...
Жеңген бар ма, кімдер мұнда жеңілген?
Ұстын болып тұру үшін тарихқа,
Қанша дарын өтті екен өмірден?
Мұқағали кімнен медет сұраған...
Қара өлең неге өксіп жылаған?
Абай татқан уытынан қамшының,
Жыр тасқыны арна бұзып құлаған.
Тірлік неге құралады қиыннан...
Өре неге сонша келте қиылған?
Көзге ілмей тірісінде Шәмшіні,
Өлтіріп ап әруағына сыйынған.
Кәрі тарих қатыгезден жерінген,
Қанша жара жазылмады көңілден.
Елін сатқан, жерін сатқан патшаға,
Қияметтің қыл арқаны керілген.
Ертелі-кеш өмір – мәре қиылған,
Мүңкір-Нәңкір алмас қылыш суырған.
Елі үшін еңіреген ерлерге,
Жұлдыз болып жанып өту бұйырған!
Арқа
Тау бөктері, саяжайлы танапта,
Шахановпен бірге болдық қонақта.
Тост көтердік, ән шырқадық, биледік,
Ара-кідік көңіл қойып шарапқа.
Қыза келе базынаны бастадық,
– Жыр оқы, - деп Мұхаңа көз тастадық.
Асып-тасып жыр тасқыны төгілді,
Біздер оны шапалақпен қоштадық.
Міне, тұлпар, қалай-қалай шабады!
Көз алдымда сұңқар қанат қағады.
Алдын тосқан қой тастарды елемей,
Тау өзені сарқырап кеп ағады.
Жыр – құдірет саяжайға қамады,
Арынды жыр құлағыма жағады.
Өң мен түстің арасында тұрғандай,
Бірте-бірте арқам қозып барады.
Толқып көңіл арнасынан асады,
Әттең бірақ, Мұхтар мысы басады...
Таудай-таудай ой қопарып бір кезде,
Мұхтар аға бір үзіліс жасады.
Түрегелдім есеңгіреп орнымнан,
Шығармаққа өлеңімді қоржыннан.
«Су қасынан құдық қазба» дегендей,
Суық көздер қадалады соңымнан...
–«Бұхар менен Сүйінбайды көреген,
Тезек төре сұрқылтайға теңеген.
Замандасы болғаныңда сені де,
Хан тұқымы болар ма еді елеген?»
Ары қарай оқып кеттім мен өлең,
Мұхтар аға, қозып кетті делебең...
Толқып тұрып сөздер айттың жалынды,
Мына мені Тұманбайға теңеген.
Содан кейін жатып келіп мақтадың,
Кейбіреуге онша, аға, жақпадың...
Бірақ, бірақ,.. көзін ашып қолыңмен,
Бір бұлақты тартылудан сақтадың!
Шыңғыс ханның соңғы аманаты
Ұлы қаған – ұлы қайғы меңдеген,
Төсек тартып жата берді дембе-дем.
Шақыртқан соң – үш баласы келіпті,
Жошы ғана Хорезмнен келмеген...
– «Сендер үшін мен найзаның ұшымен,
Ақыл-айла, білегімнің күшімен,
Ұлан-ғайыр дала менен қаланы,
Жаулап алдым өзен, тоғай, құсымен.
Жауды аяма, досты көтер төбеге,
Жандарың бір мынау үлкен кемеде.
Мен өлген соң ұлы хандық тағдырын,
Өз қолдарың байламасын жебеге.
Мен өлгенде жыламаңдар таусыла,
Ескерткіштің керегі жоқ басыма.
Таласпаңдар, – Мирасқорым Үгедей,
Бір інімді жіберемін Жошыға...
Тоқтатпаңдар кіргенімше табытқа,
Таңғұттарды алам соңғы бағытқа.
Бұрқан ханды тобасына келтіріп,
Жорықта өлсем бұйырмаңдар айыпқа.»
Шыңғысханды ауру меңдеп алғанмен,
Асықпастан қолды жиды талғаммен.
Кәрі тарлан жүрген кезде жорықта,
Жошы хан да қоштасыпты жалғанмен.
– «Қап, әттең-ай, - асығыпты Өтжеген,
Оқыс жағдай болды ма екен, күтпеген?..
Батыс жаққа бастап барар қолымды,
Жошы хандай ешкім жоқ қой – діттеген...
Хорезмде кім қалады – хан болып,
Асықтым ба, өз баламды жау көріп?..
Өтжегеннің кінәсі жоқ, зәредей,
Жошы ханды өлтіріпті аң теуіп...»
Қайта-қайта сандырақтап қарт қаған,
Сүбетайға сырын айтты сақтаған:
– Күннен-күнге кесел жеңіп барады,
Достым енді...мына өмір жат маған.
Жете алмадым ең ақырғы теңізге,
Өлім деген өзектіге егіз бе?..
Жау жүрегім – үзеңгілес серігім,
Бұл қайғыны немереме жегізбе.
Бату албырт – бұғанасы қатпаған,
Сені соғыс ақ күмістей қақтаған.
Мені енді жер қойнына тапсыр да,
Суыт жүріп, ақылшы боп – жет соған!
Сүлде құдай бар жорығын жақтаған,
Жорықта өлді дәл осындай Бас қаған.
Бұл өлімнің ашылмады қыр-сыры,
Моласын да әлі ешкім таппаған.
Сүбетай мен Бату хандар қауышып,
Қызбалыққа салиқалық ауысып.
Қылыштарын қара тасқа қайрап ап,
Еуропада жүрді кейін қан ішіп...
Көпір салудың машақаты
Жас арыстан жинап алып жас орманның аңдарын,
Ақылдасты ортаға сап, қауіпсіздік қамдарын.
Сел алғалы ормандағы жалғыз ғана көпірді,
Санап берді қанша аңның суға кетіп қалғанын.
– «Бұл өзенге қалай енді жаңа көпір саламыз,
Қандай жолмен жоспарсыз керек-жарақ аламыз?
Есепжоба жасалмаған, қаржы бөлу қаралмаған,
Бас орманмен дұрыстап тілді қалай табамыз?»
Қоян айтты: – Осы көпір бәрімізді састырды,
Бас ауыртып қайта-қайта, қинамайық тақсырды.
Арқасына қоржын салып, аттандырып жіберейік,
Бас орманға әрі жыртқыш, әрі ішкіш қасқырды.
Жиналыста қоян сөзі қарсылықсыз өтеді,
Үлкен сенім арқалаған қасқыр жүріп кетеді.
Бір айдан соң «наркодиспансерге» түсті, - деген,
Емханадан арыстанға суық хабар жетеді.
Жас арыстан қайта жинап хайуандарды бір күні,
Сұр қоянға сөгіс беріп, біраз ұрсып-сілкіді.
Аңдарды бір шолып шығып аттандарды сапарға,
«Төсегіне құласаң да – шешіп кел»,- деп түлкіні.
Бір айдан соң қу түлкі «кож-вендиспансерге» түседі,
Жас арыстан тағы да күйіп-жанып, піседі.
Көңіл қалып, қаһарланып тағы аңды жинаса,
Бәрі шулап: – Салпаң құлақ есек барсын,- деседі.
Бір аптада іс бітіріп, қайтып келді көк есек,
Ағайындар арқасында ілестірмей көп өсек.
Бір айдан соң, салтанатты жиналыста арыстан:
–Көк есектер тұрған кезде жарқын деді келешек.
P.S.Көпір бітті, келіп жатқан жарақтарда жоқ есеп,
Аң-таң болған арыстанға есеп берді көк есек:
– Көлденеңнен салсын,- десе бөлімдегі жөн есек,
«Бойыменен салынсын», - деп қол қойыпты дөң есек...
«Қара мысық»
Қараниет – қара мысық, қара түн,
Адамзаттың алдын кесіп бағатын.
Енді ғана кемеліне келгенде,
Тағы бірдің қайырдың ба қанатын?
Сын сағатты аңдып жатып соғатын,
Азаматқа қара күйе жағатын.
Темірқанат бола берсе бір дарын,
Оған да бір жалаң дайын – жабатын.
Қиянаттан жаны ләззат алатын,
Іштарлықтан бақыт іздеп табатын.
Жапалақ боп кетпес үшін қырандар,
Кесапатқа кісен бар ма – салатын?..
Сайтанның ақылы
Қайта-қайта танысып сырын алдың,
Қуып жүріп соңынан тиіп алдың.
Аман-есен есегің судан өтіп,
Қоймай жүріп –
Некеңді қиып алдың.
Бәрін сығып – бойында барын алдың,
Күлге аунамай– ұл-қызды туып алдың.
Жаманатты жапсыр да соған енді,
Жақсылығын сыпырып –
Өзің алғың.
Дүниені қаратып жиып алғын,
Ұл-қызыңды өзіңе бұрып алғын.
Қайрат қашты, қартайды, керегі не,
Қу да жібер –
Есіңді жиып алдың!
Үлес
Жауыр қылып көкірегін сабалау,
Өз-өзіне сын көзбенен қарамау,
Қуыс кеуде надандардың үлесі –
Адам жанын ойланбастан жаралау.
Сүрінгенді – құлап жатып табалау,
Жақындарын пайда іздеп алалау,
Құлақ кесті сараңдардың үлесі –
Қиналғанда бір демеуге жарамау.
Табиғаттың тылсымына үңілу,
Ізгіліктің құшағына жылыну,
Арыны бар ақындардың үлесі –
Асып-тасып жыр теңізге құйылу.
Бұра тартпай қисынға сай саралау,
Жалтақтамай дарындарды бағалау,
Елге тұлға азаматтың үлесі –
Қазанатты шығынсынбай тағалау.
Зымыраған уақытқа жат дамылдау,
Мүмкін емес тағдырыңа бағынбау,
Құшағы кең жер-ананың үлесі –
Ешкімді де жатырқамай қабылдау...
Достық әзіл
(профессор Ә. Омбаевқа)
Сіз бастықсыз – түсімізге енетін,
Біз жастықпыз – қалай қойса көнетін.
Сіз қылышсыз – қыннан шықса кесетін,
Біз шыбықпыз – тыға салса өсетін.
Сіз ғалымсыз – тыңға арна салатын,
Біз ағынбыз – арна қуып ағатын.
Сіз үлгісіз – бағдаршамдай жанатын,
Біз ілгіміз – ауа райын бағатын...
Дендрарийдегі сыр
(Ақмарал Леубаеваға)
Ойға тұнған қазақы жазық маңдай,
Келешекке хат болып жазылғандай.
Сәлем бере ағаңа хош келіпсің,
Жетім көлге оралған аққу-қаздай.
Қос ішектің құлағын бұрайсың ба,
Алты ауызын ауылдың сұрайсың ба?
Орақ тілді ағаңды қайрап салып,
Қонақкәде, Ақмарал құрайсың ба?
Тамылжыған табиғат аясында,
Шабыт келсе, аянып тұрасың ба?
Паналаған кептерге текті қыран,
Қиянатқа бармаған ұясында.
Құрышын бір қандырған құлақтардың,
Сырлы сазға шарасыз тұзақталдым.
Жабырқаған көңілді жадыратқан,
Тамшылатып жүректен жыр ақтардың.
Жеті құздың бірінің етегінде,
Мен де жүрмін Музаның жетегінде.
Ұсақтардың жебесі жете алмайтын,
Менің қосым қырандар мекенінде.
Аянышты қылығы ұсақтардың,
Шөп тастайтын көзіне бұлақтардың.
Көзге ілмес жабыны қазанаттар,
Нысанасы болады пышақтардың.
Үгіндіні қапталған құшаққа алып,
Кесектерден көргенмін жырақталып.
Ми қазанын сапырып дал боламын,
Көкейімде жауапсыз сұрақ қалып.
Соры қалың бағынан мына бақтың,
Көріп тұрып қалайша шыдамақпын?
Құлақтары тас керең дөкейлерден,
Дертке дәру мен қалай сұрамақпын?..
Бетке алса «әбжылан» ырыс бағын,
Ақ құямын толтыра ыдыстарын.
Сирақ мүжір – бәкіге айналады,
Сақпаншының қолында қылыштарың.
Қояр едім мән беріп қарамай-ақ,
Табаныма тас батты жалаң аяқ.
Көк аттыға ақынды желкелетіп,
Ұсақталған қоғамды барам аяп...
Бір үзік жыр
(Кең пейіл Кендебай ағама)
Бала көңіл, бал мінез, бидай өңді,
Маңдайына түсірген шимай енді.
Жарқын ойлы пейліңе пида болдым,
Жан-жағына жүретін жинай елді.
«Адал, аңқау ақынбыз біз» - дейтінің,
Ұнады, аға, тек үміт үзбейтінің.
Қырандыққа ұмтылған қасиетің,
Адамдардың бойынан іздейтінім.
Бақтың бағын ойлаған бағбан ақын,
Ақиқаттан сұрайсыз жалған хақын.
Таскереңнің құлағын ашар ма екен,
«Дөкейлерге» ашынып жазған хатың.
Қоғам, қоғам күйінде қала бермек,
Татқан дәмі шындықтың шала кермек.
Ұлбикенің тағдыры кімдерде жоқ,
Әр ақынның кеудесі тола өрнек.
Талан болам, талқымның тәбіріне,
Түскен сайын жаманның жәбіріне.
Сіздей жақсы жандарды көрген сайын,
Шүкір деймін көрсеткен тәңіріме.
Ақмарал Леубаев
***
Әр кеудеде бір арман,
Үміт гүлін суарған.
Қыз сияқты сыңсиды –
Жастық шағым ұрланған.
Әр пендені әр алуан,
Тағдыр күтіп тұр алдан.
Құм сияқты сусиды –
Уысымнан қу жалған...
Меншік иесі
(Этюд)
Ұлдың ұлы, қыздың ұлы – бәрі бір,
Ұлдың қызы, қыздың қызы – бәрі гүл.
Болғанымен шеттерінен сотанақ,
Атасы мен әжесінің бағы – бұл.
Қосылған күн түгелденіп бастары,
Кешке қарай ойындарын тастады.
Біздің үйге «аукционға» келгендей,
Мүліктерді бөлісуді бастады.
«Менің атам, менің әжем» басталды,
Мүмкіндіктер додаға сап тасталды.
Бірі санды, бірі белді құшақтап,
Жамыраған қозылардай бас салды.
Тыраштанып қолы жетпей қалғаны,
Ымырасыз майдан шебін жалғады.
Жайлы жерден орын тиген мықтылар,
Жанын салып өз меншігін қорғады.
Кішілері жылап жатыр булығып,
Үлкендері тыңдамайды қитығып.
«Үйлеріңе қайт» демесе қыздарға,
Айқас қызып, бара жатты ушығып.
Жатты қыздар қайтар жолға жиналып,
Ұл-қыздары зорға көнді, қиналып.
Жастан асқан ұлдың ұлы кіжініп:
– «Кетіңдер»,- деп тілі шықты ап-анық...
***
Азғындаған тоқшылық–
кекіретін сияқты,
Жанын сатып, тұғырға–
бекінетін сияқты.
Шарасыздан жоқшылық–
өкіретін сияқты,
Тәнін сатып, артынан–
өкінетін сияқты.
Заһар тұнған құмыра–
тесілетін сияқты,
Зұлымдықтың тамыры–
кесілетін сияқты.
Жетім қалған бұл қоғам–
жетілетін сияқты,
Ізгіліктен кешірім–
өтінетін сияқты.
Шиеленген көп түйін–
шешілетін сияқты...
Шапалақ
Әке, мені өмірге әкеп неге енші бермедің,
Шырқыраған құлын даусым жетпеді ме, келмедің?
Тастап кеткен қызыл шақа балапаның еншісіз,
Сүтке тиген мысықтай боп өскенін де көрмедің.
Қайранда қап кетпес үшін құлашымды сермедім,
Қанша қиын болғанымен намысымды бермедім.
Арқа сүйер асқар тауым ерте шөгіп қалған соң,
Балалықты қара жерге жөргегінде жерледім.
Әкелері сабап жатса– қызғанышпен қарадым,
Базарлығын әкеп жатса– бармағымды жаладым.
Шапалақты бұл жалғанда жеткілікті жегенмен,
Жан әкемнің шапалағын аңсап өскен баламын.
Боркеміктеу тағдырым да содан ба,- деп жортамын,
Арманыма үкі тағып, үмітімді артамын.
Шапалақты менен артық жемесін,- деп өмірден
Немереңе шапалақты ширатып ап тартамын!
Жеке шумақтар
Боқ дүние санасын тұмшап алар,
Қорқау қасқыр – түйсікке не шара бар?..
Алтынменен аптайды надандығын.
Адамдығын жоғалтқан бейшаралар.
***
Айға ұшып адамдар көргенменен,
Жезді алтынға бәрібір теңгермеген.
Адамзаттың қасиеті өлшенетін,
Жердегілер безбенді меңгермеген.
***
Қайқы деп алмас қылыштан,
Соғуға найза тырыссаң.
Ажырап мүлде қаларсың,
Қолдағы тұрған ырыстан.
***
Жамансың-ау, ей найсап, жамансың-ау,
Өрең келте, ішің тар надансың-ау.
Екі аяғың болған соң, амалсыздан,
Санға іліккен дауасыз адамсың-ау.
.
***
Түйір десем ұшып түскен ақ алмастың шетінен,
Графит па ең, қара күйе – қаламұшқа бекіген.
Еш кетпей ме, екіленіп шимайлаған еңбегің,
Жаңбыр жауса жуылып – ақ мәрмәрдің бетінен.
***
Ұсақтағың келе ме?
– Ұсақтағын.
Пышақтағың келе ме?
– Пышақтағын.
Тілшеленін күн сайын бір өлгенше,
Бір-ақ өліп тынайын,
–Ұзатпағын!
***
Қазақ тілін қазақ боп қолдамасақ,
Туған жерді басқаға саудаласақ,
Рухымызға пысқырып, майдаласақ,
Жасын-жырға жігерді қайрамасақ,
Алдан бізді күтеді, қай болашақ
Өлеңнің оты – найзағай
(Тұманбай Молдағалиевке)
Жастықтың гүлзар бағында,
Ергенмін талай сағымға.
Қасқайып қарсы құлаштап,
Жүзгенмін талай ағынға.
Мән бермей соққан ызғарға,
Көз тіктім биік құздарға.
Өлеңмен сәлем жолданған,
Ұнатып қалған қыздарға.
Қаламға ұшы найзадай,
Түйрелді көңіл байқамай.
Жүрекке ұшқын тастаған,
Өлеңнің оты – найзағай.
Суытып қосқан құнандай,
Додаға кірдім сұранбай.
Киелі іске киліктім,
Батасын беріп Тұманбай.
2005 жыл
Нарыққа бағынған Гиппократтың анты
Бесігінен нәресте шошынғандай,
Тосып тұрар кей күнің тосын жағдай.
Ақпараттың бүгінгі дүмпуінен,
Жұмағыңның есігі ашылғандай.
«Қатерлісі ісіктің емделеді,
Кесел меңдеп алғанды теңгереді»
Жаңа ғасыр сыйлаған жаңалыққа,
Қандай ерлік жаһанда тең келеді?!.
Сенер-сенбес сезімнен арыла алмай,
Тепсінеді жүрегім жарылардай.
Азаматтың сорына ара түскен,
Қандай ғалым болса да бағы жанғай.
Өткен ғасыр – ғасыры қарулардың,
Шашын қиған, шорт кесіп арулардың.
Ізгілікке бет бұрған бұл ғасырда,
Ей, адамзат, дертіңе дәру алғын!
Бомба қысып ғасырдың тақымына,
Тұтқын болды адамзат ақылына.
Селт еткізген ғаламат бұл жаңалық,
Шабыт құйды сапырып ақынына.
Дауа болар кеселге тұмар таққан,
Бүкіл әлем қуанып шығар жатқан...
Бірақ, бірақ... кездескен дәрігерім,
Қуанышқа су құйған сыңай тартқан.
– «Неге сонша қуандың бала-батыр?
Ол сиқырдың астында шала жатыр.
Жетесіздеу қоғамға қозғау салар,
Одан да сен жыр жазып араша тұр.
Денсаулықты қорғаудың бір пұшпағын,
Отыз жылдай басқарып мен ұстадым.
Өз еркіммен жұмысты тастап шықтым,
Көрсеткен соң нарық кеп тар қыспағын.
Кеткеннен соң кезінде Одақ тарап,
Егеменді ел болдық бөлек-салақ.
Дәріхана сатылып жең ұшынан,
Емханада қалмады керек-жарақ.
Пайдаланып ұтымды дағдарысты,
Жылпос біткен тастады қалтарысты.
Аурухана ауласын торуылдап,
Пайда үшін жан беріп, жан алысты.
Қаптап кетті дүдәмал дәріхана,
Мекемеге сыймады жаны таза.
Бір-бірімен ілезде сыбайласып,
Ақ желекті былғады қаны қара.
Бұл салаға дақ түсті жуылмайтын,
Еске түссе жүрегің суылдайтын.
Есіркеумен көмекке келген дәрі,
Бір күн салмай араға зуылдайтын.
Заңдастырып тендерді ойлап тапты,
Қорқау құлқын жемтігін сайлап бақты.
Алып-беріп тіс қаққан дәріхана,
Алдын ала жеңісін тойлап жатты.
Берілген ант қыспаққа шыдамады,
Шағынғандар бастыққа ұнамады.
Көбі кетті қызметтен қысқартылып,
Жер жастанып қаншама құлағаны.
Сұрыпталып сақадай мамандары,
Күресінге күрелді «жамандары».
Түскен пайда дәріден аз көрініп,
Одан бетер ашылды арандары.
Жарық дүние есігін ашпай жатып,
Тастандыдан құтылды– жаппай сатып.
Қиянаттан хабарсыз бейкүнәлар,
Кетіп жатты нарыққа тастай батып.
Шетелдікпен әдет қып қауышуды,
Қас-қабақты үйренді қағысуды.
Жаңа туған сәбиді шырқыратып,
Ұршығынан сорады сары суды.
Туылған соң нарыққа бағынады,
Шикізаты шетелге ағылады.
Қалып қойып табиғи өсімінен,
Қырық күннен соң сегізкөз қағынады.
Ата-ананың басына салып қайғы,
Рентгеннің сәулесі анықтайды.
Істейтінін істеген кәсіпкерлер,
Ақыл-кеңес беруден жалықпайды.
Аяқ керер тықпалап темірлерін,
Үлкендердің жайлайды көңілдерін.
Ептеп-септеп қалтасын қағып алып,
Сәбилердің қинайды өмірлерін.
Баса алмай баласы жерді тіреп,
Күйінеді аналар – шерлі жүрек.
Нарық заңы осылай, амал қанша...
Күреп жатыр пайданы зерлі күрек.
Ақыреттің қорықпай жауабынан,
Келешекті ақсатты аяғынан.
Қылтамақты емдейтін плазманы,
Бүгін емес, сатады баяғыдан.
Дүниеге құныққан дүлей-шебер,
Елге кірген олар ма үрейді елер?..
Бар баланың жамбасын шойнандатып,
Күреп жатыр, пайданы күрей берер.
Есік жауып жүруді ұмытпайды,
Кез келгенді маңына жуытпайды.
Істеп жатқан сұрқия қылмыстарын,
Жөргегімен баланың құлыптайды.
Міне, осы – қуанған жаңалығың,
Арқалаған ана мен бала мұңын.
Дүниеге тегін де сатып жатқан,
Нарығыңа сенбеймін – шала білім».
P.S. Емін енді жамбастың табады кім?..
***
Дәулет қонса басыма,
Көңіл жөнсіз тасыма.
Жақсы менен жайсанды,
Жақын тартам қасыма.
Мал бітпесе басыма,
Өр көңілім жасыма.
Ниеті ізгі жақсының,
Жақын қонам қасына.
Дүниесін малданған,
Бай да өтер жалғаннан.
Қолындағы барына,
Жарлы да өтер алданған.
Бар билікті уыстан,
Шығармауға тырысқан.
Таусылғанда талқаны,
Хан да тақтан ығысқан.
Сүрген өмір алаңсыз,
Із қалмаса баянсыз.
Ақындардың артында,
Сөз қала ма қаламсыз?
P.S. Мән-мағына болмаса,
Тіршілігің жарамсыз...
Зарлының жан айқайы
Бар әлемді тебірентіп гөзәл жырға бөлеген,
Хафизді де сарай маңы дуанаға теңеген.
Терең ойды бір шумаққа сыйдырғанға сүйсініп,
Сарайынан төр ұсынған Әмір-Темір Көреген.
Хан сарайын талақ етіп еркіндігін шектеген,
Албырт ақын қос жанарын босқа тастап кетпеген
Шығыстағы алыптарың қанша мықты жазғанмен,
Дуананың күйін кешкен Рудакиден өтпеген.
Рудаки де, Хафиз де жоқ – бәрі өткен өмірден,
Асқақ рухын қалықтатып – тәні жерге көмілген.
Дуананың санын мен де шарасыздан көбейтіп,
Тастап шықтым өз ұямды – Хан сарайдай көрінген.
Қаншама рет ұсақтадың тар өреңді бас қылып,
Кішірейдім, құшақтадым жанарыма жас тұнып.
Ашылмадың, ашылмассың мұз құрсанған тас құлып,
Кетіп барам, сенен мәңгі – жан жарасы асқынып.
Бәлеттерсің, тар қуыстан шыққан желдей ысқырып,
Нәлеттерсің, ақталарсың періштедей ышқынып.
Ұсақтарсың, үлесіңнен кәкүр-шүкір қыстырып,
Қарамайды дуаналар пенделікке пысқырып.
Жыламайды, олар енді қиянатқа көндіккен,
Қос қанаты қайырылып, өкпе өшіп ентіккен.
Еті өлген, Рухы ғана енді онда қалғаны,
Түсінбестік оққа байлап – арман құсы мертіккен.
Қан түкірген қара өлең – енді менде таласың,
Отыз жылда барын алдың – енді немді аласың?
Пір тұтпасаң арысыңды біліп-білмей бағасын,
Кінә емес, қылмыспен тең – жыртқан болсаң жағасын.
Тықпалаумен ойы келте–жуанқарын ақылды,
Отыз жылда талқандадың мендегі бар қарқынды.
Отыз жылдық езгіден енді менде қалғаны –
Малта құрттай жұқарған бір көпірер алқынды.
Өмір бойы қамшылаумен жүйке күші сарқылған,
Бірте-бірте тамшылаумен бұлақ көзі тартылған.
Маған енді қалғаны – жамап-жасқау жыртықты.
Саған енді қалғаны – тас лақтыру артымнан.
Көрсоқырлық аластайды нәзіктігің бар болса,
Нәзіктігің жоғалған соң бәрі бекер далбаса.
Ұрғашының бәрі бірдей әйел емес ақылды,
Әйел емес, еркек сырын көзден ұға алмаса.
Балапандар аңсап келсе түлеп ұшқан ұясын,
Сен олардың көз жастарын қалай ғана тиясың?
Нысапсыздық әпермеген ешкімге де абырой,
Тәубаға кеп, шүкір қылып қашан есті жиясың?
Жетер енді, бітті бәрі өксуменен өтер күн,
Абжыландай ысқырынып Ұжмаққа да жетерсің.
Қу жалғанның таусылғанда өлшеп берген талқаны,
Дуананың жан айқайы көрден сені көтерсін!
Ақ періште туралы баллада
«Шын жылап па едің ғұмырыңда,
Айналып қасіреттің шығырында.
Өзіне шақ қайғысы болады ғой,
Ақылы тайыздың да, ұлының да».
Әбілда Аймақ
Батысында ерімейтін қатқан мұз,
Шығысы да жайуат емес – жатқан құз.
Кекіредей лоқсытады жүректі,
Қиянаттың аралынан татқан құз.
Ол аралда жегі құрттай ылаң бар,
«Келген адам өлсін»- деген ұран бар.
Жын-перілер қалқып жүрген аралға,
Апармауды бір Алладан сұраңдар.
Ол аралда өксіп мейлі жылаңдар
Мұзға тайып, құздан ұшып құлаңдар,
Селт етпейді қиянаттың жүрегі,
Сенбесеңдер Әбілдадан сұраңдар.
Ол аралда сейілмейтін тұман бар,
Аңқаң кепсе – зәр құйлған құман бар.
Сол аралдың дәмін татқан біраз жыл,
Сенбесеңдер Аймақтан кеп сұраңдар.
Бұл аралың арал емес, қиынды,
Қатыгездер зәрін төккен үйінді.
Аласұрып құтылатын жол іздеп,
Әбіл ақын бір Аллаға сиынды.
Шешу үшін қатып-семген түйінді,
Барлық жігер бір арнаға құйылды.
Қайырлатып таяз айлақ кемесін,
Әттеген-ай, соңғы үміт қиылды...
Мұң теңізде мұңға толып көзесі,
Шарқ ұрады шыбын жанның егесі.
Айналасын қаптап алған көр тұман,
Көрінбейді көкжиектің төбесі.
Терген ақын сөз маржанын тырнақтап,
Шашып тұрды мұң теңізге жинақтап.
Соңғы шешім қабылданар алдында,
Бой көрсетті пендешілік қипақтап.
Бір кеудеде үміт, күдік айқасып,
Өлім менен өмір жатты шайқасып.
Ақ орамал тасталынса ортаға,
Кетер еді, кетер еді тарқасып...
Өмір – бейбақ берілмеді ышқынып,
Бірақ ажал бара жатты тықсырып.
Қазы болып сайтан тұрды ортада,
Езуіне ысқырығын қыстырып.
Пенде тұрды тағдырына бағынып,
Әке тұрды ұл-қыздарын сағынып.
Тұзақ тұрды ақтық демге жұтынып,
Ақын тұрды соңғы рет қамығып...
Арман тұрды бел ортадан бүгіліп,
Мойын тұрды қыл арқанда ілініп.
Қазір, қазір жұтылады соңғы дем,
Қыршын өмір бара жатты қиылып...
– «Тоқтат аға, тоқтат мына сұмдықты,
Қалайша тез сенім солды, жыр бітті?...
Жаратушы осыншама боркемік
Осал етіп жарата – ма жігітті?
Тоқтат аға, жараспайды бөркіңе,
Сайтан ойын жібермеген еркіне.
Бір әйелдің мекерлігі ешқашан,
Айналмайды бар әйелдің дертіне.
Тоқтат аға, ерме енді күдікке,
Қан сорды деп – өкпелеме сүлікке.
Өз еркегін пір санамай қорлаған,
Әйелдерің әйел емес – сілікпе.
Тоқтат аға, алшы менің тілімді,
Қарғай көрме балауса жас ұлыңды.
Өсе келе немқұрайды қараса,
Ондай бала балаң емес – жырынды.
Тоқтат аға, өз отыңды өшірме,
Байлап берме қыздарыңды кесірге.
Өз көзімен қарамаса өмірге,
Ондай қыздар қызың емес – көшірме.
Аға мені бұйырмағын айыпқа,
Шығарамын сені енді жарыққа.
Қарғыс атып қайырлаған кемеден,
Ауысып мін ақ желкенді қайыққа.
Қыздың жолы жіңішке,- деп халықта,
Аға мені бұйырмағын айыпқа.
Асқар шыңын әйел махаббатының,
Көрсетейін кейбір соқыр-зағипқа.
Ақын аға, есіңді жи, қамықпа,
Ақын еркі сыя алмаған қалыпқа.
Мойныңдағы қыл арқанды қи дағы,
Ауысып мін ақ желкенді қайыққа.
Асыл аға бағытыңды анықта,
Шабыт шақыр – соқпақ солар тарихқа.
Ешқашан да кірлетпейтін арынды,
Ауысып мін ақ желкенді қайыққа.
Өмір сені талай салды тезіне,
Ақын аға, қолқа салам өзіңе.
Бір әйелге суып қалған көңілің,
Шоршымасын бар әйелден безіне.
Жеңілтек қыз жетіп жатыр қалада,
Бірақ мені жеңілтекке санама.
Бір ақынды қиянаттан құтқару,
Жазылыпты пешенеме, жан аға.
Жырларыңнан нәр алып ем жаныма,
Қыздырынып шуағыңның табына.
Қарымына көктеміңді қайтарам,
Гүл боп еніп қуаң тартқан бағыңа.
Жырларыңның жетпей келген парқына,
Жебір күйе қарайласын артына.
Іші күйіп от-жалынға өртенсін,
Мойындатшы бүкіл әлем халқына.»
Қайран ақын жігері құм бір уыс,
Елең етті, қайдан шықты бұл дыбыс?
Жинап алып қыл арқанды жалма-жан,
Сырғып түсті төбедегі ібіліс.
Қара тұман кетті бірден сейіліп,
Ақын азат жатқан ойдан кеміріп.
Сенерін де, сенбесін де білместен,
Жылап тұрды, жылап тұрды егіліп.
Көзі тоймай аппақ айдай көркіне,
Құлап түсті Марал қыздың еркіне.
Күтіп тұрған ақ желкенді қайықта,
Еніп алып ақ періште кейпіне.
P.S.Қалыптасқан әр кеудекде бір пікір,
Кім біледі – кім періште, кім күпір?
Саусақпенен санарлықтай болса да,
Періштенің қалғанына мың шүкір!
Суға аққан кітап
І
Аңғал ақын білек түріп сыбанып,
Тұңғыш кітап алған күні шығарып,
Уәдесі бар демеушілік жасайтын,
Дос-жаранын іздеп шықты қуанып.
Дүние беру – жан беруден ауыр ғой,
Сараң байдан – мырза кедей тәуір ғой.
Бірде ашық, бірде көңілі жабырқау,
Ақын жаны – тұнып тұрған сәуір ғой.
Демеу таппай – көңіл қалды құлазып,
Баспахана қинап жатыр «жыланып».
Ақын-бейбақ бос қоржынын арқалап,
Енді қайда, кімге барсын сұранып?
Еске түсіп әкесі мен анасы,
Сыздап кетті тағдыр салған жарасы.
Кездеспестен шер тарқатар бір адам,
Дүниенің қырсыққанын қарашы...
Білмей қалды, енді қайда барарын,
Үйге барса – қоштайды ма талабын?..
«Ұл-қызымды дүниеге әкелген,
Ол да ана, нар тәуекел – барамын!».
ІІ
Үйге келді алабұртып жүрегі,
Бар мақсаты – ананың ақ тілегі.
Сыйға тартып көріп еді кітабын,
Мойынына оралмады білегі...
Табан асты шыға келді есіріп,
Бала-шаға қарап отыр тесіліп.
Шешелері жер сабалап шыңғырып,
Екіленді жіберердей көшіріп.
Кім көріпті ананың да аласын,
Табалады жауып небір жаласын.
Берген сыйын қабылдамай қайтарып,
Ашып алды күйеуімен арасын:
– «Сендей қиял – дуанаға қол», - деді,
«Кетем десең әне саған жол», - деді.
«Тоқ етерін бірақ кесіп айт кәне,
Не өлеңмен, не менімен бол», - деді.
Ақын сорлы ағыл-тегіл терледі,
Сүйген жары айтқанына көнбеді.
Сырттан жауып шарасыздан есікті,
Қайтып үйге басын сұғып кірмеді.
ІІІ
Өлең деген жазылмайтын дерт екен,
Жүрегіңді шарпып алған өрт екен.
Қайшылықтар ағысына қасқайып,
Қарсы жүзу – ақындарға серт екен.
Өз ойы мен өзі ғана сырласқан,
Ақын отыр тұла бойы жыр-дастан.
Қуаныштың ұзақ болмай ғұмыры,
Еңсе түсіп, көңіл-күйін мұң басқан.
Асау өзен жағасында құм басқан,
Ақын тұрды ойын түгел зіл басқан.
Әйелінің алмай қойған кітабын,
Тастай салды көп ойланып тұрмастан.
Кітап ақты араласып толқынмен,
Ақын қалды өксік өртеп өкінген.
Сұм әйелдің бет пердесін сыпырып,
Отыр енді жазу үшін бекінген.
... Кеш түсініп әйел жаза басқанын,
Жүрген кезде бұлт торлады аспанын.
Кешірместен көңілі қалған күйеуі,
Алып қойды ақынжанды жастауын...
Балаларын әкесінен айырып,
Жесір қалды күпір әйел қағынып.
Күндіз-түні өлең жазды әкесі,
Ұл-қыздарын өліп-өшіп сағынып.
P.S. Жесір қалу, жетім қалу – қасірет,
Ақындарды мүсіркеу де – ақырет.
Адамзатты сарсаң етпей, Жаратқан,
Әйелдерді ізгілікке жақын ет!
Жауыздыққа салынға ауыздық туралы аңыз
Іште жатып зәбір көрген Темірлан,
Құрсағынан қан уыстап туылған.
Барлық күші Әмір болып алған соң,
Басқалардан кек алуға жұмылған.
Жорық болды есіл-дерті, арманы,
Шабылмаған маңайда ел қалмады.
Қарсыласып ажал құшты көбісі,
Өз еркімен басын иді қалғаны.
Күннен-күнге аш көзденіп талғамы,
Ауырлады салықтың да салмағы.
Тарту менен таралғыға қосымша,
Әр ауылдан бір қыз болды таңдауы.
Темір солай жаман үрдіс бастады,
Әр күн сайын бір намысты таптады.
Қыз қылығы қалған болса ұнамай,
Қыз ауылын қанға бояп тастады.
Қорыққан сайын қос көрініп айбары,
Неше түрлі елді сыбыс жайлады.
Келе қалса айдаһардың басына,
Ақты құйып шығаруды ойлады.
Әмір қолы еңку-еңку жер шалып,
Келе жатты Сайрамсуға бет алып.
Абыр-сабыр Қараша би ауылы,
Қариялар Қақпатасқа жиналып.
Жылу жинап, үй дайындап жатады,
Бәрінен де қыз дайындау батады…
Осы кезде жол іздеген тұйықтан,
Парасат қыз өзі өтініш жасады:
– «Жалғыз өзім – ақбоз атты мініп ап,
Ақ орамал, аппақ көйлек киіп ап,
Сенсеңіздер, Әмір жолын тосайын,
Қыз намысын ақ шаршыға түйіп ап».
Қариялар ақ батасын береді,
Парасаттың ақылына сенеді.
Төмен түсіп Тоғыс бойын жағалап,
Ел үміті, ел күдігі келеді…
Жіберілген жансыз ба? - деп сенбеген,
Шолғыншылар алдын тосты көлденең.
– Әмір көрсін – апарыңдар тез, - деген,
Құлағына сыбыр жетті желменен.
Ілеседі бір сарбазға «жүр» деген,
Мақсатына жақындады көздеген…
Жауыздыққа ойы салмақ ауыздық,
Сынақ алда бұрын ешкім көрмеген.
Алып келді сұсты Әмір алдына,
Аттан түсті Парасат қаз барды да.
Нәзіктік пен қатыгездік арбасты,
Көзбен-көзі сәл түйісіп қалды да.
Үнсіз жатты мүлгіп бүкіл атырап,
Әмір тұрды қыз қылығын бақылап.
Парасат қыз іске жайлап кірісті,
Толқығанын бір азырақ басып ап.
Жайып салды қоржынынан шаршы ап,
Алмас қылыш жатты ортада жарқырап.
Сол жағына алтын жүзік қойылды,
Оң жақ шетте – алқызыл гүл сән құрап.
– Осы жерде бұл жұмбақты шешетін,
Кәне, кім бар – ойдан өрнек есетін?-
Деген кезде ешкім алға шықпастан,
Әмір қалды енді үкім кесетін.
– «Аппақ шаршы – қыз көңілі жеріне,
Майқы бидей тартып туған тегіне.
Алмас қылыш – қолда тұрған қаруым,
Алқызыл гүл – қыз сауғасы еліне.
Тарқап кетті бойымдағы желігім,
Осы болар енді менің серігім…
Алтын жүзік – тігілетін ақ отау,
Қасымда тұр кіргізетін елігім».
Бадам менен Сайрамсудың арасы,
Мекен бопты екі жұма шамасы.
Көкпар беріп, неке тойын өткізіп,
Шарықтады Әмір Темір бағасы.
Әмірдің де болды бағын күндеген,
Жылан шықты Парасат бар күймеден.
Жауыздыққа өзі қатты күйініп,
Қайтып Темір жамандыққа ермеген.
ІІ
Осы алқап – Парасат қыз оқ қаққан,
Осы алқап – «қыз салығын» тоқтатқан.
Жылан шағып Парасаттай аруды,
Осы алқап –Темірланға жоқтатқан.
Осы алқап төрге қойған Төлені,
Мекендеген Қапал батыр өрені.
Тарихшылар тереңірек үңілсе –
Осы алқапта Кейкі бидің сүйегі…
Осы алқап – қанша мұңды қылғытқан,
Осы алқап – қанша тылсым сыр бұққан.
Осы жерде ғасырларды артқа сап,
Мұхтар ақын трактормен жер жыртқан.
* * *
Табиғаты ерекше жаратылған,
Ат жалынан қазақпын ала туған.
Найзағайдай жалғанды осып өткен,
Махамбетпін, ақынмын – дара тұлғам.
Шабыт келсе маздатып жалынымды,
Хан алдында жимаймын айылымды.
Бауыржанмын – дұшпанның мысын басқан,
Дос – жаранға мырзамын, қайырымды.
Асан қайғы, Абаймын ой үстінде,
Мен еркекпін – ырзығы жол үстінде.
Нәзік жыныс меселін қайтармаған,
Ақан сері, Біржанмын той үстінде.
Қарақұстың қаптаған жаласынан,
Мен Қайратпын мертіккен – бала қырын.
Мұқағали аңсаған періштедей,
Сәби болып қайтадан жаңа туам.
Бересімді көп пішсе аласымнан,
Тағдырыммен аулақпын таласудан.
Ана тілді, киелі Ата жұртты,
Қорғап өтем жаулардан аласұрған!
***
Жаз бойы тұрған сызылып,
Жүрген ем оған қызығып.
Күз келіп аппақ қайыңнан,
Жапырақ жатыр үзіліп.
Жүрегім тулап қызынып,
Көңілдің шырқы бұзылып,
Опасыз мына жалғаннан,
Іздейді көнбей бір ілік.
Қасқайған қара емендер,
Жел өтін бөгеп демеңдер.
Көктемде көктеп қайтадан,
Жазылсын сырлы өлеңдер.
Желіктің қиын тарқауы,
Сұлулық жырдың арқауы.
Сезімге құштар жүректің,
Мүмкін бе, ерте шаршауы?..
Қақаған қысқа төзімді,
Шыршаға салшы көзіңді.
Жап-жасыл істік қылқандар,
Оятар ма екен сезімді?..
Күләшқа
(Сегізінші наурыздағы әзіл)
Күн күлімдеп шыққанда көкжиектен,
Көктем лебі көңілде жыр түлеткен.
Екі тәулік алдыңғы аптап ыстық,
Ақ тілек боп аппақ қар жауды көктен.
Табиғатпен мінездес аруларға,
Бұдан артық тосын сый табу қайда?..
Ішкі түйсік сыбырлап дейді маған:
«Қаһарына ілікпес жағын ойла».
Қалтам саяз болғанмен атым дардай,
Әрекетке көшейін қапы қалмай.
Бірақ мына нарықтың заманында,
Өлең-жырдан басқаның бәрі удай.
Көкшолақты қамшылап Кенен болып,
Көрейінші кетпесін менен жеріп.
Клара Цеткин бұл күнге ен салмаса,
Арамызды қояр ек немен бөліп?
«Әйел құқын не үшін көтереді»?
Деген сұрақ көп ойға жетеледі.
Нәзіктігін есіне сап тұрмаса,
Әйел мүмкін еркектеп кетер ме еді?..
Уа, бәйбіше, мерекең құтты болсын!
Қойныңдағы қара шал мықты болсын!
Жұрт қызыққан жүзіктің көзіндегі,
Гауһар тастай құлпырып, тіпті зорсың!..
P.S.Қырық бір жыл түтеткен ошағымды,
Бүгін әрең таныдым қосағымды.
Сән үйінде жарты күн сәнденіпті,
Менен сыйлық күткендей аса құнды.
Кендебай АХАТ
08.03.2013жыл
БІРКӨЛІК
Жүйке тозып, шаршаған пенделіктен,
Жанға сая іздедім, сенделіп мен.
Табиғатпен көңілдес бір ақынға,
Әрең тиді бір орын Біркөліктен.
Саумал ауа сергітіп қойнауында,
Қымыз ойды сапырдым жайлауында.
Алпыс жасым отыздың отын жағып,
Сезім кетті шабыттың айдауында.
Қыз күйінде табиғат құлпырады,
Сұлулыққа тамсанбай кім тұрады?..
Абайсызда етегін жел көтеріп,
Қырмызы гүл ұялып қымсынады.
Қыз қылығы назданып бұртияды,
Кірпігіне ілініп сыр тұнады.
Сарқырама құлаған шатқалында,
Құлын көңіл кісінеп– шарқ ұрады.
Алатаудың сырмінез етегінде,
Он күн жүрдім қиялдың жетегінде.
Көңілінің көрпесін ашып тастап,
Мені сол қыз күтеді төсегінде...
АҒАШТАР СЫРЫ
Күлгін, сары, аппақ гүлдер ашылып,
Ағаштардың жатты сыры шашылып.
Жапыраққа түйреп тағып сырғасын,
Жөке сұлу сәнденеді асығып.
Қарт еменнің жүрек тұсын тілімдеп,
Жас қайыңдар тербеледі күлімдеп.
Балтырына балта тиген қарағаш,
Күрсінеді аша бермей сырын көп.
Бөксе тұсын қымтап алған жүз бұрым,
Келіншек тал сағынады қыз күнін.
Бір кездері көз сүрінер міні жоқ,
Ұмытыппыз шыбық кезін біз бүгін.
Жердің беті көк майсаға оранып,
Бәйтеректер бой түзепті таранып.
Ошақ жақтан орын сайлап алыпты,
Ата терек отын болып қаланып.
Қутыңдаған құмай талға қарамай,
Мойнын созып тіксінеді қарағай.
Әкімдердің от арасы сыпырып,
Күзей ме,- деп қорқады ма жағалай?..
P. S. Тіршілікке тіреу болып тігіліп,
Алаңменен ғұмыр кешу азап-ай...
* * *
Бағым ба, әлде сорым ба?..
Музаның жүрмін соңында.
Шарықтап шабыт – шағала,
Ұшып жүр тұрмай қолымда.
Ақ шаршы көңіл жаюлы,
Сезімнің сері жолында.
Бойдағы ыстық қанымды,
Тамызық еттім жанымды.
Бір соның тыңдап әмірін,
Қарыштап жүрмін барымды.
Жалғанда жалғыз тілегім,
Сындыра көрме сағымды.
Жағасы тұнған құраққа,
Ат басын бұрдым бұлаққа.
Таптауға қимай шалғынды,
Түспедім аттан бірақ та.
Ындыны кепкен қаталап,
Жүрегім менің тұзақта.
Қиялдың мініп кемесін,
Толқынның сөктім көбесін.
Тау-тасты кезіп таппастан,
Түсіме енді елесің.
Гүл болып кіріп қырмызы,
Жыр болып маржан төгесін.
Бағым ба, әлде сорым ба?..
Музаның жүрмін соңында.
Шарықтап шабыт-шағала,
Ұшып жүр тұрмай қолымда.
Ақ шаршы көңіл жаюлы,
Сезімнің сері жолында.
СЕЗІМ
Көңіліме қаяу сап жын қағынып,
Жалғызсырап жатқанда мұң жамылып,
Орамалмен желпіді күлімсіреп,
Ұрын келіп муза-қыз түн жамылып.
Сүт сезімге беріліп түніменен,
Ертесіне жыр жаздым күніменен.
Арман етіп құладым төсегіме,
Білегінен ұстауды шыныменен.
Көзбен ішіп келбетін тауыспастан,
Қадам болды бұл өзі шалыс басқан.
Созған қолым ербеңдеп, ауа қармап,
Үміт жібі үзілді, табыспастан.
Түкпіріне жүректің ұя салып,
Кеткеніне қайтейін кінә тағып.
Жылан-тағдыр қоймастан кектенуін,
Жатқаны ма араға сына қағып?
Ысып денем, өртеніп өзек жатты,
От оранған сезімім безек қақты.
Тас-талқан боп ақылым пәршеленіп,
Таңсәріде шашылып төсек жатты...
* * *
Ақылдың кернеп арнасын,
Сел болып сезім тасиды.
Толқыннан іздеп жолдасын,
Теңізге барып бас иді.
Айдында тыным таппастан,
Ұшады көңіл – шағала.
Жұмаққа есік қақпастан,
Түндіктен кірмек бола ма?..
Жалғыздық жайлап жүрегін,
Жанына жалау іздейді.
Бір жанның тілеп тілеуін,
Үкілеп үміт үзбейді.
Торға кеп түскен кептердей,
Шарасыз күйге енеді.
Құшағын ашса жек көрмей,
Ұмтылып сала береді.
Бас имей тағдыр ісіне,
Сүйетін жандар бар екен.
Ғашық боп қалған кісіге,
Ғаламшар неге тар екен?..
***
Кең дүние тарылып,
Кетті ме заман қағынып?
Жартасқа әкеп соғам ба?..
Көрмеген басты жағынып.
Жылан мен қыран арбасқан,
Жаңғырық шықса жартастан.
Алатау саған жете ме?..
Ғасырларменен сырласқан.
Құндылық мәні өзгеріп,
Кеткенін қалай сезбедік?..
Ақынға тимей мінбері,
Әкімге жатыр сөз беріп.
Басқара алмай байыпты,
Құрдымға салса қайықты.
Есерге ескек ұстатқан,
Қоғамның өзі айыпты.
P.S. Бір жарым миллиард халықты,
Асырап өркен жайыпты.
Қытайлар бүкіл әлемді,
Мылтықсыз жаулап алыпты.
Себебі, ұлықтарына
Ақындық сезім дарыпты.
МУЗА
Көңілдің сілкіп кірбіңін,
Гүл болып енсең түсіме.
Жұмақтың түріп түндігін,
Жыр болып енем ішіне.
Қыз болып келсең қылықты,
Көктемнің шашып шуағын.
Берместен күзге ырықты,
Пейіштің жағам шырағын.
Пырақ боп кірсең қанатты,
Ер-тоқым зерлеп саламын.
Асынып қару-жарақты,
Дозақты барып шабамын.
Жаратқан Алла жар болса,
Жәннатқа үкі тағамын.
Шынайы өмір бар болса,
Өзім де сонда қаламын...
ТОСЫН ҚҰБЫЛЫС
Селт еткізіп сезімді қалғып кеткен,
Нөсер құйды шілдеде, қайтып көктем.
Құс жолына үмітті жалғағандай,
Кемпірқосақ көрінді қалқып көктен.
Жонын тіліп аспанның жасын ойнап,
Ақылыма сезімді қарсы қоймақ.
Бір күй менің тербетіп жүрегімді,
Шақыратын сияқты жасыл аймақ.
Гүл құлпырып, ағаштар сілкінеді,
Көктем орнап жүректе жыр түледі.
Алпыс жасым артына шегіншектеп,
Балалық шақ сол күні бір түнеді.
Қуаныштан орын жоқ қайғы-мұңға,
Сәби-көңіл мінгесті тай-құлынға.
Қаршығаның ілініп қанатына,
Қиял кетті тау асып қарлы шыңға.
Ақша бұлт оранып шың басында,
Еңлік гүлі құлпырып тұр қасымда.
Қарсы қойып тәкәппар нәзіктігін,
Бет қаратпас қояншық бұрқасынға.
Зорға түсіп көңілім сабасына,
Қайта келдім пенделер арасына.
Шыңға біткен осы гүл арман болып,
Алпинистің сіңген-ау санасына...
АҚ ҚАҒАЗ
Өлшеулі тұзын жалғанның,
Аманат қылып алғанмын.
Арманда кеткен әкенің,
Жалғасы болып жалғандым.
Аңырап қалған ананың,
Жайылған шашын тарадым.
Жастанып жүріп мұң-жастық,
Үмітпен алға қарадым.
Ізгілік іздеп ғаламнан,
Жомарттық күттім сараңнан.
Алаңмен кешкен күндерің,
Өшпейді екен санаңнан.
Алланың берген дарыны,
Жетімек көңіл қарымы.
Бойыма шабыт құятын,
Жүректің ыстық жалыны.
Тауығы емес басқаның,
Тарысы піскен жастамын.
Тартпасы бостау тағдырдың,
Тізгінін тарта бастадым.
Далада боран ысқырып,
Көрсетіп жатыр тыс қылық.
Темекі тартам сораптап,
Қолқаны қою ыс қылып.
Делебем қозып желігіп,
Шыға алмай сыртқа бөлініп.
Қабағын бағып кемпірдің,
Отырмын ойға шомылып.
Қарымын байқап құлаштың,
Қиялман талай қыр астым.
Жанымды ешкім түсінбей,
Ақ қағаз саған сыр аштым..
Ақ орамал
(Мақпалға)
Айсыз аспан, айнала қаратүнек,
Қорғасын ой сығады, сана жүдеп.
Жесір отыр құшақтап жетім қызды,
Мына жетім қоғамнан пана тілеп.
Құндақталып қос мұңлық нала-мұңға,
Қабырғасы қайысты қаланың да.
Заманбектей арыстан айырылып,
Өзегіне өрт түсті даланың да.
Тоқтатайық Мақпалды, тоқтау айтып,
Ән орнына кетпесін жоқтау айтып.
Қапияда қанаты қайырылған,
Бұлбұл құсты қосайық топқа қайтып.
Қонышына қайраулы қанжар тығып,
Жүргенменен қанішер жандар бұғып.
Жетім қоғам жетіліп, арайланып
Әлі талай атады таңдар күліп.
Айналайын, Мақпал қыз, қарындасым,
Енді қайтып тағдырың тарылмасын.
Әлпештеген өзіңді туған халқың,
Дауысыңды зарығып сағынбасын.
Қаралысың, білемін жаралысың,
Көз алдыңа елестеп дара мүсін.
Ақ орамал салайын жырымменен,
Қазақ үшін қарағым – бағалысың.
* * *
Тұп-тұнық болып басталып,
Табанында тас қалып,
Арнасын шайып өзендер,
Ағады екен ластанып.
Шыр етіп келіп жалғанға,
Құлашты сермеп арманға,
Тағдырмен жаға жыртысып,
Көнесің басқа салғанға.
Періште болып туылып,
Әпшісін уақыт қуырып,
Пенде боп адам өледі,
Бір күні жүні жығылып.
Қалдырған ұрпақ артыңа,
Астарлы сөзің халқыңа,
Жақсы мен жаман істерің,
Өлген соң түсер талқыға...
Інілік базына
(Профессор Т.Рысымбетовке)
Арқасында дарынның,
Елге ерте танылдың.
Ойы терең болғанмен,
Қолы қысқа ғалымның.
Көп түйінін жалғанның,
Шешпек болып қамдандың.
Әкімдікке ұмтылмай,
Ғалым болып алдандың.
Коммунисттік нанымның,
Жетегінде жаңылдың.
Төрт-бесеуін алмастан,
Бір жеңгеме таңылдың.
Кейбіреуге қарынның,
Мәселесі қалың мұң.
Аға, қалай жетпіс жыл,
Құлы болдың арыңның?..
Енді мына жалғанда,
Құлқыныңа алданба.
Әлі сені тың ойлар,
Жетелесін арманға.
ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Құндылықтар, құндылықтар әлемі,
Әлімсақтан адамзаттың әлегі.
Құндыз ішік көкейінде біреудің,
Алтын, күміс біреулерге кәделі.
Ақ мәрмәрдан ат қорасын салдырып,
Бір досым жүр айналасын таң қылып.
Мәртебесін бір көтерді көршіміз,
Лимузинді штаттардан алдырып.
Дөкеу күйеу – атышулы атағы,
Шет елдерге қыз апарып сатады.
Шаш етектен болса керек пайдасы,
Туған күнін «Венецияда» жасады.
Күналарын жумақ оймен алысып,
Біреулер жүр мешіт салып жарысып.
Кісі ақысын көп жегендер жыл сайын,
Мекке жаққа үйір болды барысып.
Базар ашып атшаптырым аумағы,
Әкім інім қатарынан қалмады.
Бірақ, бірақ... қаптап жүріп теңгені,
Қайыршыға көз қиығын салмады.
Ол бейбақ та ажыраған ажардан,
Нәпахасын тауып жатыр базардан.
Шетке шығып қалғысы жоқ оның да,
Қайыршылар деңгейінде қатардан.
Өлшенбейтін безбенменен салмағы,
Қызық екен ақындардың талғамы.
Бақай-есеп бұйырмастан бағына,
Ұсталмаған теңеу табу арманы.
Қағидаға айналғандай мәңгілік,
Бақталастық – пенделерге тән қылық.
Ешкімге де опа бермес жалғанда,
Құлқын тескен қу дүние– әңгүдік.
Хат
(Ханбибіге)
Ханбибі – сұлу, құрдасым,
Өзіңе бұрдым жыр басын.
Күреңді мінген күз келді,
Тағынып алтын сырғасын.
Көңілдің көзін құрғатып,
Қазанда тұрмын тіл қатып.
Көктемді қимай жүргенде,
Жазды да алдық ұрлатып.
Алпыстың шығып асқарын,
Алуды құрбым, бастадың.
Үлестен қалып кетердей,
Өкшеңді басқан «қасқамын».
Қыз болып келіп өмірге,
Жыр болып қондың көңілге.
Желіккен мына қоғамның,
Тамырын ұстау жеңіл ме?..
Ұйқыңды түріп түндерде,
Күлкіңді қиған күндерде,
Халықтың қылдай үмітін,
Жарадың жырмен күрмеуге.
Білмесе әкім, білмесін,
Бермей-ақ қойсын жүлдесін.
Жыр сүйер қауым өзіңнен,
Салмасын аулақ іргесін.
Ханбибі – сұлу, құрдасым,
Ханбибі – ақын, сырласым.
Ұлы мен қызы қазақтың,
Жырласа сендей жырласын!
12.10.2009 жыл.
ҚАЙЫРШЫНЫҢ ЗАРЫ
Талшығы біткен маңайда,
Нәпаха іздер қалай да.
Иманнан безген қоғамда,
Қайыршы болу оңай ма?
Қан жүктеп жүріп мойнына,
Қанқұйлы құлқын тойды ма?
Мырзалар текті қайда жүр,
Көздерін түгел жойды ма?
«Ғұлама, өңшең кемеңгер»,-
Ақысын жұрттың жегендер.
Қай жаққа барсаң дайын тұр,
Қазаққа қазған терең көр.
Ауылдан сая таппадым,
Қаланы кезіп ақтадым.
Бүгінде желдің өтінде,
Базардың маңы баққаным.
Тесігін жамап қалтаның,
Ертеңге үміт артамын.
Жаратқан – Ием, пендеңнің
Тауыса көрме талқанын...
Ағалық базына
(Темірғали Көпбаевқа)
Кештеу айтып ханша-муза кесімін,
Тербетіп ем көңіл-күйдің бесігін.
Саған сенген жинағымды көргенде,
Таппай қалдым қара жердің тесігін.
Жарты жылдай жатқанымен баспада,
Жауапсыздау теріліпті таспаға.
Қателері жамыраған өлеңдер,
Бір-біріне мінгесіпті. Масқара!
Қу пенделік ашып алса аранын,
Тырнақ салар ауызына жараның.
Өлең-жырдың киесінен қорықпай,
Ақындыққа түкірдің бе, қарағым?..
***
Періштенің аңсап құшағын,
Жеті қат көкке ұшамын.
Пейішті тауып ғарыштан,
Хор қызын барып құшамын.
Қиялым ұшқыр қанатты,
Аспанда жұлдыз санатты.
Шолпанға көзім түскенде,
Бозарып аппақ таң атты.
Шығыстан күліп күн шықты,
Күнәһар сезім тұншықты.
Сорғалап түскен ғайыптан,
Қарашы мына қырсықты…
Опасыз уақыт тұзақ сап,
Сатқындық етті ұсақтап.
Оянып кетсем ұйқымнан,
Пендені жаттым құшақтап...
КҮН МЕН ТҮН
Періште түсіп қанатты,
Әтешке тақты сағатты.
Жұлдыздар сөніп самсаған,
Түрткілеп түнді таң атты.
Қонақ боп келіп өмірге,
Керегін түйдім көңілге.
Жарқырап күліп күн шықты,
Шуағын шашып өңірге.
Тірінің бәрі қамданып,
Жер беті жатыр жанданып.
Көбелек сайран салады,
Апталық ғұмыр малданып.
Қырағы түздің қыраны,
Бір сүзіп өтті жыраны.
Сұр қоян түсіп көзіне,
Сорғалап көктен құлады.
Он шақты қарға топталып,
Тілеулес болды от салып.
Тояттап болып қаршыға,
Ішегін кетті ақтарып.
Қызарып қайта күн батты,
Сұқ көздің сұғын түн жапты.
Жұлдыздар көкте жымыңдап,
Жердегі маған ым қақты:
– «Ей, пақыр, түннің қойнында,
Ләззатқа малтып тойдың ба?
Сауабы қанша жасалған,
Обалы қанша мойныңда?»
Еріні сәл-пәл жыбырлап,
Дегендей болды сыбырлап.
Жауабын іздеп басымның,
Құйқасы кетті шымырлап.
Жалғанның мәнін білгелі,
Пердесін келем түргелі.
Бір адым артқа шегінбей,
Қаумалап ойлар жүр мені.
Жан-жаққа жіті қарайлап,
Аяқты басам абайлап.
Бірақ-та, менің қиялым
Ұшады айды маңайлап.
Алмасып күні, түндері
Жылжуда уақыт ілгері.
Тылсымын көкке жасырған,
Жердегі тірлік күрделі.
ҚЫЗЫЛ ЖЕЙДЕ
Қызыл көйлек орнында қызыл жейде,
Қызыл жейде ішінде сұлу кеуде.
Жұдырықтай бұлтиған қос алманы,
Ұры көздер сұқтанып ішіп-жеуде.
Бауындағы кісінің пісіп тұрған,
Қызыл алма талайды қызықтырған.
Сәске түсте бағбанды әбіржітіп,
Күнді мына, қарашы, шыжып тұрған...
Ұясына тығылып күн батады,
Құптаннан соң ұрылар түн қатады.
Айсыз түнде аспаннан жұлдыз санап,
Таң атқанша көз ілмей кім жатады...
Арсыз ұйқы бағбанға болмай жолдас,
Аңдысқан жау ақыры алмай қоймас.
Көктен түскен пенделер арасына,
Емеспіз ғой періште жолдан таймас...
Сабырхан рухымен сырласу
Шешіп қыстың шекпенін,
Қылаң берсе көктемің.
Сетінеп қалған көңілді,
Жыр-жебемен көктедің.
Тыңдап жүрек қалауын,
Жақтың жырдың алауын.
Қызуына қақталып,
Тарттың талай азабын.
Қалықтатқан өнерін,
Аңқылдаған ер едің.
Өзің өскен өлкені,
Жұмаққа да теңедің..
Сызат салып араға,
Жылдар сына қаға ма?..
Ескерткіш боп құйылып,
Тұрсың енді жан-аға.
Жазбаса да керегін,
Ұмытпапты өз елің.
Тұғырыңа әттең-ай,
Бұйырмапты өлеңің.
Оңтүстіктің қыр-сырын,
Елес кезіп жүр бүгін.
Сусап қалған сияқты,
Алматыда жыр-гүлің.
Туысыңнан кісі жоқ,
Басшылардың ісі көп.
Тұманбай көкең көз жұмған,
Шапқылайтын «кіші» боп.
Шолпан жеңгем – жесірің,
Таппай-ақ жүр шешімін.
Керең билік селт етпей,
Аталмай жүр есімің.
Төр де бүгін сатулы,
Көр де бүгін сатулы.
Қорқау тобыр жіліктеп,
Бөліп алған азулы.
Өнеріңді, жырыңды
Не қылады жырынды.
Рухсыздану етек ап,
Қоғам солай сүрінді.
Құмдай үгіп жігерін,
Нарық үзген күдерін.
Қара халық білмейді,
Жыларын не күлерін.
Заман әлі өзгерер,
Жалындайтын кез келер.
Мұратына жете ме,
Ақынынан безген ел?..
Ес кіріп шендіге де,
Өзіңе болсын еге.
Оңтүстік хан жайлаған,
Қалады төрсіз неге!?.
07.12.2016 жыл.
КЕРЕҒАРЛЫҚ ЗАҢЫ.
І
Дарындыға сатып беріп сәлемді,
Қарындылар билеп жатыр әлемді.
Заң күшіне ие болған қисынсыз,
Аксиома керек етпес дәлелді.
Құдай берген жүректегі жалынды,
Қоздатуға күш салады дарынды.
Құйтырғысы қырық қатпар жалғанда,
Әттең, бірақ, қарындылар алымды.
Солар әкім, солар «ғалым-данышпан»,
Мүдделері бір арнада табысқан.
Сарқытынан нәпах алған төбеттер,
Айбат шегіп, қақпайлайды алыстан.
Қорқауланған қоғамынан жеркеніп,
Шарасыздық шарап ішкен белсеніп.
Қанша ақын қисын іздеп қисықтан,
Өз отына өзі кеткен өртеніп.
Кертартпа күш тауып алып есебін,
Қазанаттан артық қойды есегін.
Ой саларлық сөз айтпастан соларға,
Өз қолымды өзім қалай кесемін?..
Енді-енді, ақын болып атанып,
Жүрген кезде, келіп қалды Шаханов.
Дөкей інім атын естіп Мұхтардың,
Кеңірдегін қырнай берді, шашалып.
Сыңайынан ой түйе алмай, татымды
Бөлек шығып, күтіп алдым ақынды.
Бақ ішінде өлең оқып, сыр шертіп –
Шер тарқаттық, қыса бермей тақымды.
Қарындыны қолпаштаған ортадан,
Екеумізді бөліп тұрды он қадам.
Кереғарлық көз алдымда кездесіп,
Ортасында қырық пышақ ой-санам.
Туған халқын қиянатқа қимаған,
Бірі ақын – ізгілікті жырлаған.
Аңғал елдің телім-мүлкін, үмітін,
Бірі ұры – заңдастырып ұрлаған.
Дарын отыр – ой толғатып, қомданып,
«Қарын» отыр ісіп-кеуіп, жонданып.
Жер мен көктей қарсы қойып жаратқан,
Мен отырмын – табиғатқа таң қалып.
Бір сағаттай ой-пікірлер астасып,
Мұхтар аға жүрмек болды, қоштасып.
Сәлем бер,- деп ымдап едім ініме,
Керегі не,- деп қайтарды, достасып.
«Нарық заңын ажыратпай шатақтан,
Жаңа қазақ бақшасына тас атқан –
Ақындарды елшілікке жіберсе,
Аулағырақ жүрер еді қазақтан».
Деген тілек көрінеді көзінен,
Қонағымды қорашсынды өзінен.
Туысқаным болғаннан соң сол жігіт,
Әлі күнге, кінәлідей сезінем.
ІІ
Кереғарлық шиелеген түйінді,
Ақылмандар шеше алмай күйінді.
Жалғаныңды жалпақ басқан тоғышар,
Кісілікке өлшем етті тиынды.
Келіспейсің, кіжінесің, сыбайсың,
Өлмеген соң амалың не, шыдайсын,
Үлесіңді алу үшін түгелдеп,
Күресесің, мертігесің, құлайсың.
Көрге тығып, сүйегіңді таптайды,
Сонан кейін кінә тақпай, ақтайды.
Тіршілікте қадіріңе жетпестен,
Өлгеннен соң мәңгі есте сақтайды.
P.S. Қарындылар көбігіндей қазанның,
Дарындылар сүйегіндей заманның.
Тарих – сүзгі қалқып тастап көбігін,
Тек сүйегін алып қалар қоғамның.
КІСІЛІК ПЕН КІШІЛІК
(баллада)
І
Өткен ғасыр.
Алпысыншы жылдары,
Қайтқан кезде қуғын-сүргін ызғары.
Бұйырыпты Жазушылар үйінің,
Әкім аға – Таразиге тұз-дәмі.
Албырт сезім бойын билеп толғаған,
Жас дарынды отыз жасқа толмаған.
Жазушылар одағының басшысы –
Мүсірепов көмекшіге таңдаған.
Сол жылдары Ғабеңе бір көрікті,
Сүлік қара «ЗИМ» көлігін бөліпті.
Бір міну боп көмекшінің арманы,
Үміттенді, қиялдады, желікті...
Күн мен айдың сырғып өтті талайы,
Амал қанша...Келмесе бір орайы.
Жас жігіттің төзіміне сын болып,
Мүмкіндіктің ашылмады сарайы.
– «Жұмыстан соң бару керек қонаққа,
Гүлдің шоғын әкеліп қой Одаққа».
Деген күні жиі соғып жүрегі,
Мінетіндей сәтті күтті пыраққа.
– «Сағат тілі қалғандай-ақ жылжымай,
Уақыт неге өтпей қойды,
О, құдай?!
Мені алып барар ма екен бастығым,
Кешке қарай танытады не сыңай?..»
Тағат таусып,
Сағат беске ілікті,
Кеттік,- сөзі жойған еді күдікті.
Бірақ, әттең...
Жолсерігін үйіне,
Қайтарғаны үзіп кетті үмітті.
Троллейбустан трамвайға ауысып,
Көкейінде көп сұрақтар жарысып,
Тастақ жаққа бара жатты ілесіп,
Ұяң жігіт өз ойымен алысып.
– «Маңдай алды классигі қазақтың,
Жолын неге таңдап алды азаптың?..
Тосып тұрған мәшинені мінбестен,
Көздің жауын алып болған ұзақ күн».
ІІ
Жатаған үй, іргетасы мүжілген,
Терезесі көрінбейді жүзімнен.
Тіршіліктен хабар беріп тұрғандай,
Ауладағы раушан гүлдер тізілген.
Тоқылдатып кіре беріс қақпаны,
Қос жазушы алдына кеп тоқтады.
Егесі кеп әрең басты жекіріп,
Айбат шегіп шәуілдеген қасқаны.
Әжімменен шимайланған маңдайы,
Зейнеткердің белгілі ғой жағдайы.
Гүл ұсынып, тілек тілеп, құттықтап
Қонақтары шампан атты арнайы.
Өткен-кеткен сұрыпталып, теріліп
Әңгімеге арнау болды өріліп.
Қаймақ қатқан күрең шайды сораптап,
Біраз уақыт шер тарқатты беріліп.
Ғабең қалта сағатына қарады,
Тарақ алып, еппен шашын тарады.
– «Көлік жүріп тұрған кезде қайтайық,
Сағат тілі оннан өтіп барады».
ІІІ
Аялдама.Сиреп қалған трамвай,
Суық ойлар сумаңдайды жыландай.
Күдер үзіп отырғанда жабырқап,
Бір бос такси тоқтай қалды сұранбай.
Жайғасқан соң жанға жайлы көлікке,
Ағытылды жиырылған серіппе:
– Не себептен рұқсатты бердіңіз,
Ғабит аға, жүргізуші Берікке?..
– Әкім, қалқам, таудай еңсең жығылып,
Байқап келем, келе жатсың сығылып.
Қарапайым зейнеткерге, ойланшы,
Жараса ма, көрсеткенім ірілік?..
Әлі талай тұлпарларға мінерсің,
Кісіліктің хал-қадірін білерсің.
Қазір мені түсіне алмай отырсаң,
Түсінгенде езу тартып күлерсің.
ҮКІЛІ ҮМІТ
Қызғалдақтай қызықтырған жат көзін,
Қиянаттан хабары жоқ пәк сезім.
Бал құрақтай – балғын сенің келбетің,
Еске салды өмірімнің шат кезін.
Қауызында үлбіреген мақтадай
Ақ пейілге дақ түсірмей сақтағай.
Ізгілікке зәру мына қоғамда,
Өмір жолы даңғыл емес, тақтадай.
Қыран емес, бұлаң мінез заманда,
Періште боп жүру қиын адамға.
Көптің қалқам, бірдей табу көңілін,
Оңай болмас, оңай болмас саған да.
Қайырмасы:
Дүрмегі көп өмірде,
Кірбің салмай көңілге,
Пәк сезімді сақтағын.
Айлы аспан, ақ түндей,
Гүлзардағы ақ гүлдей,
Үмітімді ақтағын.
Тас дәуірде махаббат болды ма екен?
Тас дәуірде махаббат болды ма екен,
Алақанға бақ құсы қонды ма екен?
Пәк сезімнің алғашқы іргетасы,
Тас үңгірде қаланып қойды ма екен?
Қос ғашыққа қара түн төнді ме екен,
Тас боратып екеуін көмді ме екен?
Тас құрсаудан болмашы сызат тауып,
Қыз жүрегі гүл болып өнді ме екен?
Жас серінің көз жасы тамды ма екен,
Гүл тамыры нәріне қанды ма екен?
Гүл сезімге елітіп сол шоқыға,
Өз ұясын қыран құс салды ма екен?
Жүрек емес, білекке сенді ме екен,
Сезім емес, түйсігі жеңді ме екен?
Жапырақпен жасырған абройын,
Жел көтеріп желікке ерді ме екен?
Ол кезде де қу есеп болды ма екен,
Азулысы айға қол созды ма екен?
Кәусар сезім тапталып аяқ асты,
Талай гүлдер мезгілсіз солды ма екен?..
КҮПТІ ЖҮРЕК
Оранып тәтті мұңды,
Тулайды сезім.
Сағынып сәтті күнді,
Жұқарды төзім.
Жолыңа қарай-қарай,
Талды ғой көзім. 2
Өзіңнен мен басқаны,
Сүймеймін қалқам.
Махаббат – мұң дастаны,
Азабын тартам.
Үкілі үмітімді,
Өзіңе артам. 2
Қайырмасы:
Күтемін шапағынан,
Атқан таңдардың.
Іздеймін қатарынан,
Қайтқан қаздардың.
Қырлар қайта көктеді,
Гүлдер жайқалып.
Сенен хабар жетпеді,
Маған ой салып.
Күпті жүрек соғады,
Қашан жай тауып?
ҚАҚПАТАС
Жебеп жүрген бабамның ақ батасын,
Сақтап маған жеткізген Қақпатасым.
Көкіректе қастерлі бойтұмар боп,
Атамекен, өмірлік сақталасың.
Бір барып басыңа,
Тәу етіп тасыңа.
Қайтуды армандап,
Жүремін асыға,
Киелі Қақпатасым!
Бөле-жармай перзенттің ақ-қарасын,
Саналыға шежіре ақтарасың.
Ата жұртқа сағынып бала боп кеп,
Дана болып ой кернеп аттанасың.
Бір барып басыңа,
Тәу етіп тасыңа.
Қайтуды армандап,
Келемін асыға,
Киелі Қақпатасым!
Арман қуса ұл-қызың шаттанасың,
Қыдыр дарып, ұлыңа бақ қарасын.
Қылау түскен көңілдің қатпарларын,
Желпіп жібер, ешқандай дақ қалмасын.
Бір барып басыңа,
Тәу етіп тасыңа.
Қайтуды армандап,
Жеттім ғой асыға,
Киелі Қақпатасым!
СЫҢАРЫМ
Махаббатты салып тағдыр тезіне,
Қол ұстасып түстік мұрат ізіне.
Ар-намыстың айнасын кір шалдырмай,
Тік қарадық ұстараның жүзіне.
Ұл өсірдік, қыз өсірдік саналы,
Көрген адам қызығумен қарады.
Жалын атқан жастық шақтың елесі,
Түс көргендей сағыныш боп барады.
Ашулансам сөз қайырмай сөзіме,
Күліп жеңдің ұпай қосып өзіңе.
Жабырқасам шуақ іздеп жаныма,
Сенен өзге көрінбеді көзіме.
Қайырмасы:
Өмірдегі сыңарым,
Жүректегі тұмарым.
Бәйтерекке бой түзеп,
Қатар өскен шынарым.
Ғұмыр бойы құшқанда,
Басыла ма құмарым?..
ҚҰДАЛАРЫМ
Ұл-қыз өсіп бағың жанғанда,
Арманыңды қосып арманға.
Тең бөлісіп жеңісіңді,
Төс қағысып өрісіңді,
Кеңейтеді құда жалғанда.
Мәпелеген егісіңді,
Бірге терген жемісіңді,
Не жетеді жегжат болғанға?!
Қыдыр баба жебеп қолдасын,
Иман болсын мәңгі жолдасың.
Арқа сүйер тұлға болып,
Ниеттерің нұрға қонып,
Бастарыңнан бақыт таймасын.
Мінгеніміз жорға болып,
Қуанышқа арна толып,
Көңлімізді шуақ жайласын.
Оттан түспей қазан қайнасын,
Үйірімен бие байласын.
Ұрпағымыз өсе берсін,
Несібесі еселенсін,
Бесік тойын жылда тойласын.
Кісілікке жете берсін,
Түйін болса шеше берсін,
Құдалықты мың жыл жалғасын.
Құдай қосқан құдасыңдар,
Кең сермеген құлашың бар,
Көңілімнен шығасыңдар,
Құдаларым-ай!
Құйрық-бауыр асағаның,
Құты болсын босағаның,
Таусылмасын бұлақ-әнім,
Құдаларым-ай!
Төрден орын алғандарың,
Жүректерде жанған жалын,
Ән шығармай шыдамадым,
Құдаларым-ай!
ТҰТАНҒАН МАХАББАТ
Кездесіп біз қалып,
Тілдесе де алмай қалғанбыз.
Сезімге шоқ салып,
Қалды құмар қанбай арман – қыз.
Жүрегіме еніп,
Қалайша сен маған бөтенсің?
Тамашаға келіп,
Қай қатарда отыр екенсің?
Уақытты көп созбай,
Оңаша бір шықшы шекер – қыз
Жұбымызды жазбай,
Қашан қатар жүрер екенбіз?
Қайырмасы:
Мөлдір қара көзді,
Аға,- деген сөзді,
Сағынышпен еске аламын.
Түстер көріп қызық,
Шырт ұйқыны бұзып,
Оянамын ерте, қарағым.
НАУРЫЗ
Ақ жауын аспаннан себелеп,
Жер беті жап-жасыл.
Керемет!
Ақ тілек қайнардай атылып,
Ұшады ақ үміт – көбелек.
Күн мен түн наурызда теңеліп,
Тіршілік жаңарар көгеріп.
Еккенің қамбаға түсетін,
Көктемнің әр күні теберік.
Аспаннан күн нұры төгіліп,
Қыстағы тоң кетті сөгіліп.
Беткейде қозы-лақ ойнақтап,
Құлындар шабады желігіп.
Қайырмасы:
Наурыз, көктем, жаңа жыл!
Жеріме береке,
Еліме мереке
Шаттығын ала кір.
Наурыз, көктем, жаңа жыл!
Жүректің қалауын,
Арманның алауын
Маздатып жаға кір.
Қайда екен, қайда сол сұлу?
(дует)
– Ұйқысыз таңды атырып,
Жас кезде ойнап-күлгенбіз.
Қол жетпей мұңға батырып,
Қайда жүр сонда кеткен қыз?
– Ұшса құстар көліңнен,
Шықпағансың көңілден.
Қыз тәкаппар көктемде,
Ақ маралдай керілген.
– Ақ түскен кезде самайға,
Аңсаймын жастық шағымды.
Жүрсің бе осы маңайда,
Басқадан тауып бағыңды?
– Тамсандырып талайды,
Жүрек бірін қалайды.
Жаздың күні жарқырап,
Таңдар атты арайлы.
– Ілініп тағдыр қармаққа,
Мұратқа ізгі жеттің бе?
Іргеңді салып аулаққа,
Жыраққа қоныс тептің бе?
– Сары түсті жамалы,
Күз есікті қағады.
Бір кездегі сұлу қыз,
Немересін бағады.
ШІЛДЕХАНА
Ғасырларға жалғайтын ғұмырыңды,
Мұрагерсіз жалғанның жыры мұңды.
Өмір мәнін түсінген саналыға,
Ұл мен қыздың бірінен бірі құнды.
Асыл мұрат сабақтап арманымды,
Алтын арқау жалғады тармағымды.
Еніп жүрген түсіме көптен бері,
Алтын балық қауыпты қармағымды.
Қайырмасы:
Шуақ шашып ай – күнім,
Төрт құбылам сай бүгін.
Көңілімнің төрінде,
Ойнақтайды тай-құлын.
Алтын сақа – айбыным,
Алтын қасық – айдыным.
Үкі таққан үмітке,
Шілдехана – той бүгін.
АУЫЛЫМ – САҒЫНЫШЫМ
Кіндік кесіп, бесік сайлаған,
Бәсіреме қозы байлаған.
Ауылымды аңсап келемін,
Жүрегіме терең бойлаған.
Асық атып, шілдік ойнаған,
Шалғынында талай аунаған,
Өскен жерді аңсап келемін,
Тай мінгізіп көңіл жайлаған.
Ұланының қамын ойлаған,
Қиялыма қанат жалғаған,
Туған жерді аңсап келемін,
Келбетіне көзім тоймаған.
Қайырмасы:
Е-ей, жасыл белдерім,
О-ой, өзен – көлдерім,
Туған жерге деген сағыныш,
Көкірекке салды өрнегін.
ШУАҒЫН ШАШҚАН ШЫМҚАЛА
Ғасырларлы соңына тастап,
Қазағымның қаймағын сақтап,
Шығыстың күретамыр Шымқаласы
От жігерлі жастарды баптап,
Ел үмітін келеді ақтап.
Ұлылардың ұлағат кені,
Ұлысымның мұрағат жері,
Алаштың алтын бесік – Нұр қаласы
Ынтымақтың берік тірегі,
Бейбіт елдің соққан жүрегі.
Бабалардың арманы болған,
Бақыт құсы бағына қонған,
Арайлы алқабымның жыр қаласы
Гүлсәруа гүлзарға тұнған,
Гүлстаным – жұлдызы жанған,
Қашалған тастан,
Тарихы дастан.
Құшағын ашқан,
Шуағын шашқан,
Күн Қаласың – Шымқалам менің.
Мерейі тасқан,
Даңқың бар асқан,
Мақтанышым – Шымкентім менің.
КЕЛІННІҢ МОНОЛОГЫ
Жаулатып-ап жүрегімнің қамалын,
Желбіреттім гүл сезімнің жамалын.
Бір жігітке айырбастап кеттім-ау,
Өскен жерді қалмай басқа амалым.
Қанша ұзын болса дағы бұрымы,
Қыз дәуреннің қысқа екен ғұмыры.
Еркелікті төркінінде қалдырып,
Өзгереді екен келін қылығы.
Әлімсақтан салған жолын ананың,
Келешекке жалғап алып барамын.
Қонақ еткен туыстармен қоштасып,
Өз жұртымның енді шамын жағамын.
Қайырмасы:
Бақытты іздеп алыстан,
Тағдырым шығар табысқан.
Судай боп сіңіп кеткенше,
Үміт пен күдік жарысқан.
Алаулап таңым атады,
Қызарып күнім батады.
Тастай боп батып кеткенше,
Сұқ көздер сынап атады.
Еліме деген сағыныш,
Сарғайып іште жатады...
ӨЗІҢ ТҮСІНШІ...
Ай нұрынан алқа таққандай,
Түнді түріп шуақ шашқандай,
Түске еніп езу тартқаның,
Үміт шамын қайта жаққандай.
Шолпан жұлдыз күліп батқандай,
Арайлап таң ерте атқандай,
Ақ бауыр бұлт құздың басына,
Жаулық әкеп жауып жатқандай...
Сыңғыр қағып бұлақ аққандай,
Құрақтары сыбырласқандай...
Ақ шағала қонып қолыма,
Көңіл хошын енді тапқандай.
Қайырмасы:
Асыл арманым,
Жүрек талғамын,
Әнге қосып саған арнадым.
Жорып түсімді,
Өзің түсінші,
Дертті еткен ғашықтығымды.
ШӘМШІНІҢ СОҢҒЫ ӨТІНІШІ
Мұра болып дәстүрі сал-серінің,
Жалғастырдым қазақтың ән-шеруін.
Біраз уақыт саулығым сыр алдырып,
Күтіп қалды күйсандық – жан серігім.
Жалындаған сезімнің оты барда.
Әнге ғашық жүрегім қапы қалма!
Шашу шашып кетуге құштармын мен
Ұлылардың мекені – Отырарға.
Армандаған ел болып егеменді,
Қуанышым қоздырды делебемді.
Шабытымды шақырып,туған жерге
Бір ән жазып кетуім керек енді.
Қайырмасы:
Жүр, Сабырхан, Қызылқұмға
Серуен құрып, бой жазайық.
Сыр ақтарып сұлу Сырға.
Жүр, Сабырхан,барайықшы
Елге сәлем беру үшін,
Ұлан асыр той-думанның
Салтанатын көру үшін.
Жүр, Сабырхан,ауылыма
Жырға азық теру үшін,
Жүр, Сабырхан,барайықшы
Бір ән жазып келу үшін.
Қияметтік досым саған,
Бәлкім,соңғы өтінішім. соңында
ҚАЙДАСЫҢ МЕНІҢ КӨКТЕМІМ?
Сағындым сені – қызылды-жасыл гүлзарым,
Бар шығар әлі тататын сенен тұз-дәмім?
Сусыған құмдай уақытқа құрық салынбай,
Қойды ма әкеп ақпанның суық ызғарын?..
Сағындым сені – жайнаған жасыл бақтарым,
Бар шығар әлі бақытқа бөлер шақтарың?
Соңына түсіп өмірім асыл арманның,
Білмеймін қашан, қай жерге барып тоқтарын?..
Сағындым сені – балауса шыбық шас шағым,
Нәуірзек – көңіл шарлайды қиял аспанын.
Алдамшы уақыт еркіме менің көнбестен,
Түсімде ғана дамылдап жатыр қас қағым.
Қайырмасы:
Қайдасың менің көктемім,
Нөсер боп неге төкпедің?
Жабырқау менің жанымды
Жасынға жанып кетпедің.
Өзіңді аңсап жүргенде,
Қарашы, күздің жеткенін.
Қайдасың менің көктемім?!
АРМАН ҚАЛА -- АСТАНА
Тәуелсіздік белгісіндей бой көтерген жас қала,
Қазақ елі туын тігіп ардақтаған Астана!
Жұлдыз болып қадалғандай сайын дала төсіне,
Бүкіл әлем көзін тігіп таңдай қаққан Астана!
Ата-бабам арман еткен арман қала – Астана,
Ертегідей сәулетімен тамсандырған Бас қала.
Ақ шағала үмітімді қалықтататып аспанда,
Бейбіт елді бесігіңде тербете бер Астана!
Қайырмасы:
Ашық аспан, нұры тасқан
Отанымның ақ ордасы Астана!
Бағы жанған, кие қонған
Арқадағы Алты алаштың бесігісің Астана!
Жас қаласың, бас қаласың
Нұрын шашқан Астана.
АҚСУКЕНТІМ -- АРАЙЛЫМ
Мекен еткен сансыз Бап,
Көненің көзі – Испиджаб.
Шығыстың сырбаз шаhары,
Өркендеп жатыр аршындап.
Ынтымақ болып тілегі,
Соғады елдің жүрегі.
Құшағын ашқан қонақжай,
Дәстүрдің берік тірегі.
Арманы асқақ, дарынды,
Жастары шоқтай – жалынды.
Жігерлі, бейбіт халқы бар,
Еңбегі жанған қарымды.
Тамылжап тұрған сән-көркі,
Шипалы ару – Манкенті.
Зәм-зәмнің суы Тассайда,
Сайрамның сұлу әр кенті.
Қайырмасы:
Мәртөбедей алаңы,
Көздің жауын алады.
Сайрамсуы сарқырап,
Ақсу толқып ағады.
Иранбақта саялы,
Бұлбұл әнін салады.
Күннен – күнге қойнауы,
Жәннат болып барады.
Ақсукентім – арайлым,
Хан тәжіндей бар айбын.
Гүлге тұнған көркіңе,
Тамсанумен қараймын.
ӘКЕ АРМАНЫ
Ұл-қыздарым,
Жанарымның ағы мен қарашығы
Сендерменен өмірдің жарасымы.
Күліп кіріп жүрсеңдер босағадан,
Бал татиды тәңірдің қара суы.
Құндыздарым,
Қамқа тоным сездірмес күз ызғарын,
Патша көңіл аңсайды уыз дәмін.
Қараша үй сендерге ұйытқы боп,
Бірге ұйып жүріңдер уыздайын.
Жұлдыздарым,
Сәуле шашқан биіктен шырақтарым,
Бұлақ болып жеймін мен құрақ қамын.
Өркен жайып өссеңдер – өріс кеңіп,
Фәниде де көрер ем жұмақ барын.
Қайырмасы:
Гүлге тұнған бақтарым,
Жеміс берер шақтарың.
Қамсыз түйін түйсін деп,
Жел өтінен сақтадым.
Арайлы боп таңдарым,
Орындалса арманым.
Ұмыттырып жіберер,
Дүниенің жалғанын.
ӘЙЕЛДЕРГЕ ОДА
Сұлтандар мен әмірлер гаремдерге жинаған,
Гитлер менен Сталин лагерлерде қинаған.
Арна кеуіп қалмау үшін, ғұмырларды жалғау үшін,
Қара күшке иілгеннен әйел шыбық сынбаған.
Әйел – анам, әйел – жар,
Әйел – өмір жайнаған,
Әйел – серік, әйел – нұр,
Әйел – тірлік қайнаған.
Әйел – шабыт, әйел – гүл,
Әйел – жырдың арқауы.
Әйел – тұғыр, әйел – тақ,
Әйел – бағым таймаған.
Шыңғысхан мен Темірлан жарты әлемді жаулаған,
Сұлулардың құшағына жаһангерлер тоймаған.
Әттең, бірақ, қолда тұрып бар биліктің құрығы,
Бір әйелдің жүрегін де толық жаулай алмаған.
Әйел – мазақ, әйел – пұл,
Жарнамада жалаңаш.
Әйел – олжа, әйел – күң,
Базарларда қарбалас.
Әйел – шарап, әйел – түн,
Көк аттының ермегі.
Әйел – жұмбақ, әйел – кім?
Әйел-көкпар тарқамас.
Дарындардың аспанын бұлт қонып торлаған,
Қырандардың тағдырын шүрегейге байлаған.
Зиялы әлем табынған Толстойдай дананы,
Өз әйелі өмір бойы мойындамай қорлаған.
Әйел – пері, әйел – жын,
Әйел – сұлу арбаған.
Әйел – залым, әйел – сұм,
Әйел – сорым қайнаған.
Әйел – індет, әйел – жұт,
Тамшы суға зар еткен.
Әйел – тағдыр, әйел – құм,
Уысымда тұрмаған.
Қайғы менен қуанышты қатар өріп сыйлаған,
Тағдырымды қиянатқа қалай ғана қия алам.
Аппақ менің арым болған бір әйелді мойындап,
Көкірегіме атын жазып тарихқа мен айналам.
Әйел – қиял, әйел – мұң,
Әйел – шырақ жанбаған.
Әйел – сандық, әйел – сыр,
Әйел – үміт талмаған.
Әйел – намыс, әйел – сын,
Әйел – берік босаға.
Әйел -- өзен, әйел – көл,
Әйел – шөлім қанбаған.
Сені қалай ұмытайын?..
Хабарсыз кетіп сарсаңға салсаң төзімді,
Зарыға күттім,
Сарыла күттім өзіңді.
Үкілі үміт қалса да сәулем үзіліп,
Күттім ғой сенің
Бір ауыз жылы сөзіңді.
Құрықтай алмай жүрсем де құлан – сезімді,
Ұмытқым келді,
Сүйіктім болған кезіңді.
Түсіме еніп жүрсең де жиі мазалап,
Ұмытқым келді,
Суытқым келді көңілді.
Ұмытқым келді қарақат мөлдір көзіңді,
Ұмытқым келді
Бақытты болған кезімді.
Сағыныш сазы саябыр таппай санамда,
Азапқа салып
Жүрмін ғой бірақ өзімді.
Қайырмасы:
Айдында жұбын жазбаған,
Аққудай бірге жүзетін,
Жанымыз жаздай жадырап,
Күн қайда бірге жүретін?..
Ей, жалған дүние!
Жас қайыңдай көктемде ырғаласың,
Гүлзарларда гүл болып бүр жарасың.
Бір тылсым сыр жасырып қауызыңа,
Қызықтырып, қыз болып бұлданасың.
Мәжнүн талға бұрым боп өрілесің,
Көк майсаға оранып керілесің.
Ақ босаға аңсаған бойжеткендей,
Қимасыңды қиясың, берілесің.
Ат шалдырып жаздағы жайлауыңа,
Сусынымды қандырдым саумалына.
Қыз сапырған қымызға қызып жүріп,
Дүниенің сенбеппін жалғанына.
Күрт өзгеріп күздегі көзқарасың,
Күрең тартып жамалың сызданасың.
Кейде менің жер басып жүргенімді,
Қызыл көрген құзғындай қызғанасың.
Іздеп келіп сал-серінің жолыменен,
Қонақтады қосыма қонып өлең.
Мұрсат берші,
Сүрленген қонақ асын
Қайнатайын жырымның шоғыменен.
Ей, жалған дүние,
От көсеген жазмыштың қолыменен...
***
Көктеммен келіп табысқым,
Сезіммен жалғыз алыстым.
Жадағай жабы үміттің,
Жалына барып жабыстым.
Қоңыр күз келіп мұңайтып,
Жазыма жатыр сын айтып.
Келмесін қайта білсем де,
Көктемге келем құмартып.
Пенделік ойдан тазарған,
Жыр жазу маған әз арман.
Қолдағы барды қарыштап,
Келемін қайтып базардан.
Жемсауы толмай жерінген,
Аққу-қаз ұшса көліңнен.
Мансабын малдап тегі жоқ,
Көкірек керер көрінген.
Қампиған шардай үрленген,
«Қамқоршың» көшер іргеңнен.
Дүние жалған екен ғой,
Әп-сәтте басқа түрге енген.
Қиялмен Иран бақтарға,
Оралам өткен шақтарға.
Оңаша кейде үңілем,
Сарғайып кеткен хаттарға.
Жалауы жалқы жанымның,
Желбірегенін сағындым.
Күйзеліп соққан жүректің,
Елжірегенін сағындым.
P.S. Тұсауды салған уақытқа
Келмейді екен бағынғың...
Реніш
( С. Жансейітовке)
Бақ-дәулет қонса бір басқа,
Алдыңды торыр кіл қасқа.
Шымқала жері атаңнан,
Қалған ба еді мирасқа?
Телмірген халық далада,
Алдыңа жете ала ма?
Ашқарақтанған тобырдан,
Оларға сарқыт қала ма?
Алыпсың мықты оққағар,
Жақындап кетсең оқталар.
Апталап, айлап күткендер,
Күн сайын кері аттанар.
Жер сұрап жүрген халықтың,
Мұң - зарын естіп қанықтым.
Әкімнің тапсырмасымен,
Кіре алмай мен де тарықтым.
Болған соң биік мансабың,
Тесігі болмас қалтаның.
Жетпеген кезде созған қол,
Бүтінін мен де аңсадым.
Қағаз бен алып қаламды,
Зерттедім сенің салаңды.
Сын айтсам інім айыпқа,
Бұйыра көрме ағаңды.
МАРЖАН–ҚЫЗ
Маржан-ау, Маржан, Маржан-қыз,
Жалындап бірге жанғанбыз.
Кіршіксіз достық пейілмен,
Кештерде әнді салғанбыз.
Алыстап кеткен сол жылдар,
Саған да бәлкім, қол бұлғар?..
Түсіме кейде енеді,
Сондағы жүрек толқулар.
Құлпырып сұлу Алматы,
Өзіне тартып арбады.
Білімге сусап барғандар,
Арманға арман жалғады.
Ішінде үлкен қаланың,
Назарда болды қадамым.
Қақпайлап жүріп көп қыздан,
Құрбыңа мені қаладың.
Өріліп бірге өмірім,
Жай тапты жарлы көңілім.
Сол қыздан өсіп-өнуді,
Маңдайға жазды Тәңірім.
Маржан-ау, Маржан, Маржан-қыз,
Уәдеге берік болғанбыз.
Сөзіңе сеніп имандай,
Тағдырды қосып алғанбыз.
Ажырап көрмей басымыз,
Ағарды аздап шашымыз.
Ұл-қызды қосып қатарға,
Алпысқа жетті жасымыз.
Немере сүйіп ұлдардан,
Жиендер ерді қыздардан.
Жетелеп бізді келеді,
Мұратқа бастап ізгі арман.
Бір хабар күтіп сарыла,
Қарадым сенің жолыңа.
Із-түссіз кеттің хабарсыз,
Түстің сен кімнің «торына»?
Маржан-ау, Маржан, Маржан-қыз,
Жалғанда кім бар армансыз?..
Жолымыз кетті түйіспей,
Қайдасың, топты жарған қыз?!
Туылған күнім менің
Желтоқсанда туылған күнім менің,
Қабақ шытпай көктемдей күлімдедің.
Кешке дейін аспаның ашық болып,
Қар суырып түнімен гуілдедің.
Елеусіздеу туылған күнім менің,
Назарына Әкімнің ілінбедің.
Қарсы біткен қарағай бұтағындай,
Себебі мен ешкімге иілмедім.
Мінезім де ұқсайды саған менің,
Ұнатамын Шақпақтың самал желін.
Жаймашуақ жаздай боп жүргенменен,
Бұрқасыннан көңілдің табам емін.
Керуен жүрген шиырлап, басып жолды,
Міне, бүгін алпысқа жасым толды.
Боқ дүние мені онша қызықтырмай,
Өлең-жырға ықылас басым болды.
Қақпатаста, Тоғыстың жағасында,
Кіндігімді кесіпті борасында.
Пенделерден періште іздестіріп,
Ғұмыр кешіп келемін арасында.
Туылмаған екенмін құлқын үшін,
Жырға қостым жүректің бұлқынысын.
Бірақ, әттең, тулаған сезімімнің,
Аспап жоқ қой өлшейтін тылсым күшін.
Көкем келеді
(Алпысбайша әзіл)
– Мырзалар мен ханымдар!
Тегіс құлақ салыңдар.
Ертеңнен бастап,
Барлығын тастап,
Кеңсені жабыңдар!
Қоқысты ысырып,
Жолдарды сыпырып,
Бар күшті салыңдар!
– Ағай, қар қалың ғой.
– Қар болса күреп,
Түрініп білек,
Мұздарын ойыңдар!
Бір апта отбасын,
Құдай сақтасын,
Ойлауды қойыңдар!
Үмітті ақтаңдар,
Үлгермей жатсаңдар,
Осында қоныңдар!
– Ағай, мереке емес пе?..
– Айттым бітті,
Ағаңмен егеспе!
– Ағай, Көпен келіпті...
– Ол – «найсап», несіне желікті?..
Көпенді қойшы,
Көкем!.. Көкем келеді!..
***
– Сайлауға ма?..
Бара алмаймын, жарқыным!
– Азаматтық міндетті ғой жалпының,
Көрдіңіз ғой...
Жарнаманың қарқынын.
– Жарнама ма?..
Сайқалданған саясат!
Дәмеленбе,
Ісіп қалар алқымың.
– Сіз де, көке...
– Бізде жеке,
Сөзі үстем жалқының!
Шешіп қойған,
Қамын ойлап халқының.
Бірақ, бірақ...
Айналайын, інім-ау,
Не боларын
Айта алмаймын артының?..
ҰСЫНЫС
(Қ.Төретайұлына)
Қаламдас достым, Қабылбек,
Сыйлаймын сені ақын деп.
Өтініш айтсаң орынды,
Орындамауға хақым жоқ.
Жіберген маған «Қасқаның»,
Жинағын оқи бастадым.
Дән таппай түйір ішінен,
Қайтадан жауып тастадым.
Поэма жазған өлеңмен,
Жан екен өзі өлермен.
Жүйесіз, ойсыз, манмұнсыз,
Алмақшы бопты көлеммен.
Ұйқасты қуған саны көп,
Өлеңдер өлі – жаны жоқ.
Қуғынбек мені кешірсін,
Жазғандарының мәні жоқ.
Жатса да қанжар шалқайып,
Буынсыз жерге салмайық.
Киелі бекзат өнерге,
Қиянат жасап алмайық.
Ұсыныс айтып Одаққа,
Қалмайық біздер мазаққа.
Музаға зорлық еткенді,
Жолатпа достым, жолатпа!
19.02.2012ж.
«Қошқар ата» өзені
Адам ата заманының кезінен,
Өтіп талай мыңжылдықтар тезінен.
Мың бұлақтың суын жиып арнаға,
Ағып жеткен аманаттай сезінем.
Тамашалап осы судың сылдырын,
Хауа ана өткізді ме қыз күнін?..
Есіткендей елеңдеймін кей кезде,
Томиристің шолпысының сыңғырын.
Сипатпаған еш жігітке бұрымын,
Елестетіп сұлу қыздың қылығын,
Мәжнүн талға мұңын шағып қайтатын,
Қиялилау ақындардың бірімін.
Кереметі «Қошқар ата» суының,
Елемейді шоқындының суығын.
Қысы-жазы дертке дауа іздесең,
Шомыла бер ылайламай тұнығын.
Әр күн сайын шолып жүріп жағасын,
Кездестірем адамдардың аласын.
Киеліге кірін шайып жатқандар,
Білмейді-ау құндылықтың бағасын?..
Айнымаған жын-сайтанның өзінен,
Арақ ішкен «доңыздардан» жерінем.
Маған сонда көрінеді бұлақтар,
Жасын сығып жатқандай боп көзінен...
«Көзімін» деп Қошқар ата – бабаның,
Дүмшелер жүр ашып алған аранын.
Аңқау жұрттың қалтасына түскендер,
Ахиретте береді ме жауабын?..
Табиғаттың бізге тартқан сыйының,
Түсінемін тағдырының қиынын.
Сиқыры бар таяқшаның жоғынан,
Шеше алмай жүрмін әлі түйінін.
КӨШПЕНДІЛЕР
Бабалардан мұра болған,
Айнымаймыз сара жолдан.
Қанға сіңген қазақпыз ғой,
Көшіп-қону дара қонған.
Салт-дәстүрді ардақтаймыз,
Кімнен қорқып жалтақтаймыз?!.
Бір орында омалғанша,
Көшіп жүріп жан сақтаймыз.
Министрлер таққа қонған,
Нан бере ме жатқа қолдан?..
Командасын жасақтайды,
Қырық жерлесі атқа қонған.
«Озық тәсіл – ырысты» деп,
Әкімдер де тырысты көп.
Жазылмаған заң боп кетті,
Байтақ елге жұғысты боп.
Командамен көшіп-қонып,
Тендрлерден кесіп-жонып,
Осылайша жатыр бізде,
Жаңа қазақ өсіп-өніп.
Ауылдарға демде тарап,
Қабылдапты жөнге санап.
Қала жаққа көшін бұрып,
Үйреніпті теңге санап.
Қатын-қалаш дорба сүйреп,
Жігіттер жүр арба сүйреп.
Барлығының саналарын,
Жаулап алған ақша билеп.
Қонақ үйлер, сауналар да,
Жақсы орын мал табарға.
Қыз-қырқымдар абыройын,
Сонда барып саудалауда.
Байығандар ебін тауып,
Кетіп жатыр шет ел ауып.
Жат жерлерден кедей-кепшік,
Келіп жатыр елін тауып.
Адам аздай... Таңғажайып!
Көшіп жатыр қазба байлық.
Аяқ бітіп қазақ жері,
Көшіп жатса таң қалмайық.
Түйіндеме
(Бақытжан Алдиярға)
Құлдық ұрған болмасақ та пірадар,
Тесік құлқын пендеміз ғой, күнәһар.
Сыртың күліп, жылағанмен ішіңнен,
Қай періште көктен түсіп жұбатар?..
Түсініксіз өлең шықса тісіңнен,
Жын-пері жоқ қыл – көпірден құлатар.
Біреулер жүр тән саудалап, сыланып,
Біреулер жүр арақ ішіп, жұбанып.
Біреулер жүр нанға тиын таппастан,
Біреулер жүр хан тағына сұранып.
Ар-ұятқа лыпасын да жаппастан,
Мына қоғам бәрін жатыр құп алып.
Қанша қыршын қыл арқанға асылып,
Қандай сырды кетті бізден жасырып?
Үйсіз-күйсіз жетім бұрыш жағалап,
Аз ба бізде жүрген халық ашынып?
Қазақтарды өз елінде алалап,
Өзегінен өзге тепті, басынып.
Егемендік алған кезде қуанып,
Қиындыққа елмен бірге шыдадық.
Қазба байлық ағылса да тысқары,
«Ақырын бер» деп Тәңірден сұрадық.
Енді біздер отызыншы жылдары,
Нәпаханың таусылмасын сұралық...
«Есенинге ет – бауырсың, жақынсың,
Содыр, сотқар, сотты болған ақынсың».
Кебін киіп су қараңғы зағиптың,
Рухсызданған қоғам үшін пақырсың.
Өлеңменен талқысына тарихтың,
Түйіндеме жазып қана жатырсың...
Тектілік теңгемен өлшенсе...
Өренің кеңдігі, тарлығы,
Жаратқан Иемнің жарлығы.
Өздерін данышпан санайды,
Ақылы келтенің барлығы.
Білмеген құндылық бағасын,
Күң қылып ұстайды анасын.
Тойынып күпірлік жасайды,
Ұмытқан пенделер тобасын.
Тек қана баю боп арманы,
Ашкөздің сұйылар талғамы,
Кейбіреу білмейді фәнидің,
Өлшеулі екенін талқаны.
Зердеге тоқылмай көргені,
Жаманның есепте бергені.
Тексізге түсірсе ісіңді,
Заманның ақыры төнгені.
Қызылды-жасылды түрленген,
Өмірге қонақпыз бір келген.
Фәни мен бақидың арасы,
Бөлініп қойылған бір деммен.
Өсиет еткендей атамыз,
Қыз алып, қыз беріп жатамыз.
Алжасып бес күндік жалғанда,
Несіне күнәға батамыз.
Рухани тектілік кісіге,
Берілген бағадай ісіне.
Түр-түсі, тұлғасы әрине,
Тәуелді ұрықтың күшіне.
Тіршілік бүгіліп белінен,
Ажырап қалмасын тегінен.
Тектілік теңгемен өлшенген,
Қоғамнан сол сәтте жерінем!
***
Түсінбей мені жан-жағым,
Түсінбей тіпті жан-жарым,
Аурасы үйдің ауырлап,
Шарасыз күйден шаршадым.
Жүруге бейім кердеңдеп,
Келінге ене көнген жоқ.
Отбасын ойран қылғанмен,
Бір-бірін әлі жеңген жоқ.
Кіретін үйге талтаңдап,
Кездерім қалды жаутаңдап.
Кеңседе жанды шақырам,
Қойғандай мені арқандап.
Түсінбей мені жан-жағым,
Түсінбей тіпті жан-жарым,
Еңсені езген зіл батпан,
Ойлардан қатты шаршадым.
МЕН СЕНІ АҚТАП АЛАМ
Абақтыға күнәсіз тықпалаған,
Сен жатқанда оңай ма,
Тыста маған?
Қанша қиын болса да,
Өтінемін,
Тік көтеріп басыңды,
Ұста, балам!
Толғанынша жемсауы қарға – қоғам,
Қарқылдауын қоймаса,
Бар ма шарам?...
«Аққа құдай жақ» деген,
Бар тілерім,
Сабыр берсін, құлыным,
Алла саған!
Сен кеткенде көкорай көктем еді,
Жендет-тағдыр не үшін кектенеді?..
Ақтығыңды дәлелдеп қыс түскенше,
Босаттыра алмадым,
Сөкпе мені!
Қайрат беріп, қолдаса Һақ –Тағалам,
Жанарымды мен неге жасқа малам?!.
Қазылардың көздерін шел баспаса,
Заң жүзінде мен сені,
Ақтап алам!
ЕКІ ЖҮЗДІ «ДОСҚА»
Пенделікке бас имей жүрген менің,
Тағдырыма пері боп кимеледің.
Бет пердеңді кезінде байқамаған,
Көп екен ғой білгеннен білмегенім.
Өткел тауып өткен соң есек судан,
Ұмыт бопты күндерің етек жиған.
Қызыл түлкі-заманға ылайықты,
Тазыдай боп алыпсың есеп қуған.
Аласарып кетердей бағаң төмен,
Бүгін достым, ұшынды санаң неден?
Құшақ емес, қол ұшын зорға қидың,
Жұқпалы дерт жұғардай саған менен.
Түскен кезде басыма көп қиындық,
Сөз жәрдемің тимеді көк тиындық.
Сайыпқыран деп келіп – есіткенім,
Мысқыл сөзден құралған тек жиынтық.
Жағымпаздар сөзіңді бұрыс демей,
Атаныпсың бүгінде күміс көмей.
Ақыл айтып, табалап, көп көкідің,
Шалыс басып көрмеген періштедей.
Досым бар деп марқайып жүрген едім,
Дұшпан көзден бүгінде именемін.
Құбылмалы жүзіңе жүз алданған,
Сендей достан бүгінде жиренемін.
P.S.Зауал келсе жем болар тышқандарға,
Дүниеқоңыз нәпсіде ұстам бар ма?..
Сүріндірсе тексіз дос қызығасын,
Текті жаудың қолынан ұшқандарға.
КҮЗ
Тырналар көкте тыраулап,
Қоштасу әнін салады.
Ұшқыны қыстың қылаулап,
Шегіртке бүрсең қағады.
Ағаштар басын шайқаған,
Райын күздің бағады.
Бойдағы нәрін қайтадан,
Тамырға жинап алады.
Сап-сары түсті жапырақ,
Топырақ бетін жабады.
Көк аспан көзі шатынап,
Жылауық болып барады.
Ақ қырау түскен бір түнде,
Гүлдерді үсік шалады.
Үсімей қауыз үрпінде,
Дәндері піскен қалады.
Жаздағы салқын бұлақтар,
Жылытып суын ағады.
Жағасындағы құрақтар,
Сыбырлап мұңын шағады.
Тіршілік түгел қамданып,
Көктемге үміт артады.
Адамдар кейде аң қалып,
Азабын кейін тартады.
P.S.Көктем, жаз, күздің артынан,
Қыстың да келер кезегі.
Бір күні көзді көртұман,
Жабарын ішім сезеді...
Түс
Тәкаппар менің басымды,
Сұрқия тағдыр басынды.
Имек боп жерге жеткізіп,
Мойныма зіл боп асылды.
Мұң басып мүлде қабақты,
Жұмыр жер болды абақты.
Періште етпей пендені
Несіне Алла жаратты?..
Армандап зәулім сарайды,
Мансапты көп жұрт қалайды.
Мен бірақ күнде ақ таңым,
Атса екен деймін арайлы.
Қарлығаш қанат көңілім,
Еліне ұшты перінің.
Жаныма жалау болатын
Көкте ме еді елігім?..
Ай туып бірде оңымнан,
Кездесті жерде, жолымнан.
Түйісіп бір сәт көзіміз,
Қарадым ұзақ соңынан.
Сүрініп қиял көркіне,
Өртендім сезім өртіне.
Аузыма жөнді сөз түспей,
Мылқаудың ендім кейпіне.
Қарақат мөлдір жанарын,
Ұмытам қалай қарағым?..
Арбалып қалған сол сәтті,
Жеткізе алмас қаламым.
Қаңсыған арша күбідей,
Ындыным кепті жібімей.
Абақтан қашып жүргенде,
Дозаққа салды тірідей.
Сырт күліп, ішім жылаған,
Халімді кім бар сұраған?..
Тоғышар мына қоғамда,
Есепсіз бар ма, бір адам?..
Күн артынан күн өтті,
Ай артынан, жыл өтті.
Баса алмай уақыт бәрібір,
Өрекпіп соққан жүректі.
Көңілдің іздеп көктемін,
Театрға қарай беттедім.
Көрмек боп «Қыз-Жібектің»,
Екінші мәрте өткенін.
Қойылып жатқан қойылым,
Өзекті өртер толы мұң.
Көрсеткен ауыр азабын,
Ғашықтар өткен жолының.
Баяғы сұлу қалпында,
Перизат отыр алдымда.
Болады екен,
О, тоба!
Балайтын сәттер алтынға.
Айнасын алып қарады,
Тарақпен шашын тарады.
Бір кезде оқыс бұрылып,
Амандасуға жарады.
Көзтаныс едік өзіміз,
Түйісті қайта көзіміз,
Жағдайын барлап сұрасам,
Жарасар ма екен сөзіміз?..
Шеше алмай жүрген сұрақты,
Жанарда мұң бар сияқты...
Жанына жара салған ба,
Көлденең жүрген көк атты?
Тырнамай аузын жараның,
Сырына қалай қанамын?
Залдағы жарық сөнген соң,
Іздедім іштей амалын.
Сан түрлі ойға беріліп,
Алдым мен біраз желігіп.
Сахнадан көзін алмастан,
Сұлуым отыр егіліп.
Түсетін кейде тамұққа,
Сүюдің өзі бақыт па?..
Сезімге құштар жандарға,
Жұмағың мүлде жабық па?
Тағдыры тұрып көлденең,
Ғашықтар қанша шөлдеген?..
Бақытты бәлкім пенделер,
Ешкімді сүйіп көрмеген?..
Үмітті үзбей жемістен,
Бұл оймен әсте келіспен.
Сезімі жоқтар қоғамның,
Көзіне шыққан теріскен.
Тұратын тәтті сәттерден,
Бақытты мен де жат көрмен.
Тағдырдың маған сыйы ма,
Ғарыштан сені жеткерген?
Қалғыған сезім мендегі,
Оянып кетіп шөлдеді.
Алаңдап жүзген аққаудай,
Сыңарын іздеп көлдегі.
Түсіме енген бұрымды,
Ұрлады менің сырымды.
Гүлдесте сыйлай алмастан,
Арнадым оған жырымды!
Ұлға хат
Әзәзілдердің сөзіне сеніп,
Туыстарыңнан түгелдей безіп,
Ұжмақты іздеп кеткенің қалай,
Әке-шешеңді «тірідей» көміп?..
Шау тартқан шақта – қайратым қашқан,
Төбемнен төніп түнерді аспан.
Жегенім желім, ішкенім ірің,
Ойларым кермек еңсемді басқан.
Аңғалдықпенен қармағын қауып,
Бермеді опа алғаның тауып.
Қазаннан кетсе қақпағы қашып,
Қалайша оны алмақсың жауып?
«Тектіден алсаң мерейің өсер,
Тексізден алсаң төбеңді тесер.
Анасын көріп – қызын ал»,- деген,
Атаның сөзі емес қой бекер.
Абайсыз жүріп қақпанды бастың,
Шарасыздықтан қақпамды аштым.
Кісілік парқын білмейтіндерге,
Кәдесін жасап шашуды шаштым.
Айналма болған кірнелі қойдай,
Елеске ердің жігерлі болмай.
Қараша үйді шайқалтып кетті,
Келінсымақтың көңілі толмай.
Есіл-дерті еліріп түзге,
Судай боп сіңер түспеді ізге.
Қит еткен сөзді төркінге тасып,
Ойланбай қақты сынаны бізге.
Басына қонған бақытын теуіп,
Үш рет кетті ұядан безіп.
Жұқарып жүйке, үзілді үміт –
Он жылдан бері шыдаған төзіп.
Тарынбайтұған уыста барға,
Бауырмал едің туысқандарға.
Өзгеріп шыға келгенің қалай,
Бойыңа сіңген ысытпа бар ма?
Түсінбей түкке түнеріп санаң,
Не болды сонша үдеріп балам?
Өлсе де аштан әкең мен шешең,
Салмақты салмас тіленіп саған.
Иттей боп қорып мүлкіңді тегін,
Жүргенде неге сілкінді келін?
Табанға салып таптау ма ойы,
Енесі менен ырқымды менің?
«Данышпандардың» ордасындағы,
Балапандардың жана ма бағы?
Көкек – шешенің кесепатынан,
Қанаты қатпай сына ма сағы?
Қашаннан түсіп көңілге кірбің,
Жолыңа сенің қарайлап жүрмін.
Тағдырға нала боламын кейде,
Күлкісін аңсап немере – ұлдың.
Дәм-тұзын татқан амалсыз түздің,
Жағдайы қалай немере – қыздың?
Қанында болса тектілік ізі,
Сүйегін сатпас болса да қырғын.
Мәңгілік емес фәниде пенде,
Несіне бізді қараттың жерге?..
Төрдегі бас та есіктен шығып,
Сағаты соқса кіреді көрге.
Әкенің үзіп үмітін сенген,
Ақ сүтті қалай ұмыттың емген?
Атаның алтын салтына сәйкес,
Шаңырақ иесі – сенсің ғой кенжем.
Анада қарғыс болмайды екен,
Әкесі оққа қимайды екен.
Арбаңды сүйреп арбалып қалмай,
Жүрсең де қайда, аман бол, көкем!
07.07. 2010ж.
Көсемдер ермегі
«Жойылып халықтың жаулары,
Тазарсын бүкіл ел аумағы.»
Бұл ұран арналып халыққа,
Сыпырып алынды қаймағы.
Жағымпаз жандарға күн туып,
Пайдаға асады сұм қылық.
Пікірі барлардың барлығы,
Түрмеде жатады тұншығып.
Түрмеге сыймаған «жауларды»,
Лагерлер қабылдап жанданды.
Қамауды, атуды сотсыз-ақ,
НКВД, ОГПУ қолға алды.
Боп шықты ақындар, ғалымдар
Шет елдің жансызы «залымдар».
Сардарлар түгілі қойшының,
Үстінен қаптады шағымдар.
Қызылдар күресті қыздырып,
Жатқанда еседі ызғырық.
Финдермен дау туып арада,
Мәмлеге көнбейді шыжғырып.
Ресейге бұрынғы отары,
Қаймықпай көп кіна артады.
Азуын көрсетіп соғысқа,
Кеңестер Одағын тартады.
Ішкіге сыртқы жау қосылып,
Көсем де қалады шошынып.
Қаруы сай емес, әскері,
Дәрменсіз күй кешті тосылып.
Кіші ел әскері қанжардай,
Қадалса қайтесің таң қалмай.
Жеңіліп алып ел әскері,
Масқара болады аймандай.
Себебін баяндап қолбасшы,
Көсемге амалсыз сыр ашты.
Жазықсыз жатқандар үміті,
Қапаста оянып бүр ашты.
Кезінде қадірін білмеген,
Біраз жұрт босанды түрмеден.
Білікті ғалымдар, сардарлар,
Табылды ұзамай іргеден.
Ығысып жартыкеш «жарандар»,
Әскерді басқарды мамандар.
Қаруды жасауға кірісті,
Ғылымға берілген адамдар.
Күн көсем әр сөзі теберік,
Шененунік біткеннен шегеріп,
Ғалымдар айлығын бірдестен,
Жүз есе жіберді көтеріп.
Жалынды ұрандар тасталып,
Қарыштау дәуірі басталып,
Жатса да Кеңестер Одағы,
Ұтылды уақыттан кеш қалып.
Финдерден жеңіліп қалғалы,
Тістеуде еді ғой бармағы.
Аңдысын аңдыған Гитлерге,
Белгілі боп қалды қауһары.
«Бата алмай жүріппіз бекер»,- деп,
Дайындық басталды жеделдеп.
Алдамшы келісім жасалып,
Түпкі ойын жасырды шегендеп.
Европа түгелдей бағынып,
Байлығы жатады ағылып.
Ескерту жасамай фашистер,
Соғысты ашады қағынып.
Ең жойқын қантөгіс жердегі,
Миллиондар тағдырын жерледі.
Өз халқын өлімге байлаудан,
Жарыс па көсемдер ермегі?..
P.S.Зерделеп үңілсең тарихқа,
Түрлі ойлар шығады жарыққа.
Финдерді жеңгенде бұл нәубат,
Келмес те еді ме халыққа?..
Шайтанның монологы
Маған оттан жаратылып,
Тақуалықта дара тұрып,
Адамға кеп сәжде қылу,
Жараса ма аласұрып?..
Күннен күнге өрістеген,
Дәрежем тең періштемен.
Тегі балшық Адамзатты,
Мойындауды теріс көрем.
Аллаһ оны қызық көріп,
Жан бітіріп, рух беріп,
Жер бетінің қожалығын,
Неге берді жиып-теріп?..
Дозақ күтсе іші жалын,
Жұмақ емес қызығарым.
Адам менен Хауа үшін,
Лағынетке ұшырадым.
Несіне оған қайғырамын,
Қияметте жаңғырамын.
Оған дейін ұрпақтарын,
Хақ жолынан тайдырамын.
Әкімдерін талтаңдатып,
Зиялысын жаутаңдатып,
Қояр болсам келмейді ме,
Ақырзаман алшаң басып?!.
Сөзі: Кендебай АХАТ
Әні: Орынкүл СЫДЫҚОВА
КЕЛІНГЕ БАТА
Ақмарал, келін, қарағым,
Құт болсын елге қадамың.
Көтеріп жаңа шаңырақ,
Уығын мықтап қадағын.
Тағдырын қосқан жұбайың,
Бақытты болсын шырағым.
Үнемі үйдің түтіні,
Түзу боп шықсын ылайым.
Өзіңді күткен сағына,
Гүл болып енші бағыма.
Бақытқа бөлер баламның,
Құс болып қоншы қолына.
Қайырмасы:
Терезең жұртпен тең болсын,
Өрісің байтақ кең болсын.
Құрақтай қаулап көгеріп,
Ұрпағың рулы ел болсын.
Жұбыңмен қоса ағарып,
Ғұмырың ұзақ мол болсын!
Ән қосып айтқан ақ батам,
Бақытқа бастар жол болсын!
Зейнеткер мен келіншектің қалжыңы.
– Мына, суық кеңсенің азабын-ай,
Бұйырмапты-ау жылы жер қарағым-ай.
Айдай сұлу аруды азапқа сап,
Қойған күйеу баланың сараңын-ай...
– Күйеу де жоқ, ағасы, сүйеу де жоқ,
Біреуге аш, бұл заман біреуге тоқ.
Маған Сіздің жаныңыз ашып тұрса,
Дембіл-дембіл келіңіз «клиентім» боп.
– Дембіл-дембіл кел десең, кеп тұрайын,
Бойдақ келін, өзіңнен жөн сұрайын.
Тоғыз келін есебін толықтырып,
Сауап іске онда мен бет бұрайын.
– Кәрісініп келіндер рең бермей,
Жүр ме еді тоғызы түгелденбей?
Ағатай-ау, басым бос болғаныммен,
Ойламаңыз өскен деп жүген көрмей.
– Тыныш жүргім келсе де тым қағынбай,
Сезім кейде ақылға жүр бағынбай.
Артық кетсем айыпқа бұйырмассың,
Жастық шағын жүр дейсің кім сағынбай.
– Мағынасын ұғатын сөзіңіздің,
Қатарыңыз бар шығар өзіңіздің?..
Қыстың көзі қырауда маған келіп,
Неге сұғын қадайсыз көзіңіздің?
– Жесір ойдың етегі желбіреді,
Жетім көңіл селт етсе сең жүреді...
Қалғып кеткен сезімді ояттың-ау,
Не боларын артының кім біледі?..
–Тағдыр мені бір емес, мың сынады,
Көкіректе көп арман тұншығады.
Арайланып жесірдің таңы атып,
Қашан енді жарқырап күн шығады?..
Ізгі ниет қоғамды жалықтырып,
Жаулап алды сананы нарық кіріп.
Тоғышарлар тобыры төрге шықты,
Зиялылар ордасын жарып кіріп.
Қу мен сұмды мүдделер табыстырып,
Алдау, арбау бүгінде таныс ғұрып.
Көрсе қызар әдетті әдіптеп ап,
Шын сезіммен жүрсіз-ау шатыстырып?..
– Байқап тұрсам нарыққа өкпелісің,
Өкіндіріп жүр ме екен өткен ісің?..
Неге сен де басында ұстамадың,
Көн етікті күйеудің шекпендісін?
Жөні түзу әңгіме сабақтатпай,
Сырғақтайсың татымды жауап қатпай.
Бес күн мына жалған да өте шығар,
Сынаптайын сусыған тағат таппай.
Мақпал түннің қойнында түске еніп,
Түн ұйқымды жүрерсің үшке бөліп.
Суық сорған келінді жылытуға,
Алып кетсем қайтеді кешке келіп?..
– Бұл ниетті құп алсам тәуір көріп,
Қала қоймас ештеңем жауыр болып.
Бұныңызды қалжың деп қабылдайын,
Өзіңізге жүрмесін ауыр соғып?..
Еске түсіп жалынды жас шағымыз,
Бір көтеріп көңілді тастадыңыз.
Енді бірақ кетпесін естен шығып,
Пайғамбардың жасынан асқаныңыз.
– Сарсаң болған көңілім сая таппай,
Бұлқынады жүрегім асау аттай.
Сырын бүккен тылсым көл жағалауын,
Қойғаның ба ағаңа жағалатпай?..
– Қояйыншы деп едім табаламай,
Кемпіріңіз қойған-ау бағаламай?
Қартайса да желігі басылмаған,
Айналайын, ақкөңіл ағалар-ай...
– Әзілменен ақтарсаң ағаңа сыр,
Төнетіндей түк те жоқ заманақыр.
Сен түгілі бүгінде ол кісі де,
Айтқанымды тыңдамай бара жатыр.
Қалжыңменен өзіңе салып салмақ,
Парызымнан құтылдым азын-аулақ.
Тоңған кезде тәніңді суық қысып,
Жырым менің жылытсын жаныңды аздап.
Ертегілер елі
( Әбілда Аймақтың рухына)
«Пенделердің түк таппай сенімінен,
Анда-санда байларға еріп үрем»,-
Деп жырласа Әбілда шайырымыз,
Аллаһ салған аузына сөзі білем?..
Шенділерге үн қосып, арқа сүйеп,
Жүрген болар арбасын алға сүйреп...
Екі жүзді қоғамға тап болған соң,
Не шара бар жатса да жарға тіреп.
Өлшенген соң аброй теңгеменен,
Тобасынан жаңылар пенде деген.
Кірпияздау көңілге кірбің түсіп,
Тітіркеніп кетеді кейде денем.
Айтар болсам жасырмай пенде мінін,
Бетке салық менің де кенделігім.
Мал-мүлкімен мақтанып жатса біреу,
Ызыңдаған ілесер желге мұңым.
Зәбір көрсе ізгілік қиянаттан,
Ақын үшін атады жылап ақ таң.
Дүниеге кіріптар етіп қойып,
Сыбырлайды екенсің
О, Жаратқан!
Жақсы хабар есітсе шаттанады,
Жайсыз болса еңсесі тапталады.
Тәңір сөзін жеткізіп пенделерге,
Ақын жаны жаннатқа аттанады.
Тоқтаған соң тынымсыз соққан жүрек,
«Ертегі елі бар»,- дейді жатқан гулеп...
Шын болса егер Әбілда жүрген шығар,
Пенделердің бақытын Һаһтан тілеп?!.
* * *
Төл басы едің қарағым,
Ес кірер жасқа қарадың.
Түн қатып жүрер ұрыдай,
Бітпей-ақ қойды саяғың.
Жалғанға жалдап жанымды,
Алдыңа жайдым барымды.
Түз торып жүріп үйдегі,
Білмейсің менің халімді.
Күлкісіз күнді батырдым,
Ұйқысыз таңды атырдым.
Өзіңнен күткен көп үміт,
Құнындай қара бақырдың.
Сайтанның ерсең соңына,
Баса ма ісің оңына?
Ішкен ас бойға дарымай,
Сүземін көзді жолыңа.
Таяныш көріп қараңды,
Алпысқа жасым таянды.
Мақтаныш көріп жүргенде,
Ит-құсқа ойым таланды.
Қыңсылап күшік – көңілім,
Қырманға жимақ егінін.
Күздегі жауын-шашынға,
Болмай тұр бірақ сенімім...
Қансоқты болған жүрегім,
Үзбейді сенен күдерін.
Ішімде боран ұйтқып,
Сыр бермей сыртқа күлемін.
P.S. Тік ұстау үйдің тірегін,
Емесін оңай білемін.
Періште болғын демеймін,
Адами бақыт тілерім.
Музам қайда?
Гүл боп еніп қуаң тартқан бағыма,
Жабырқасам жалау болған жаныма.
Түнді түріп түске кіріп тұрмаса,
Музаны аңсап ойға шомам тағы да.
Қаршығадай қалықтаймын көкте мен,
Мұзарттарға мұңды шағып жеткерем.
Іздестіріп ақ қар басқан шыңдардан,
Еңлік гүлді тоңды жарып көктеген.
Желмаямен ен даланы шарлаймын,
Желқайықпен теңізді де барлаймын.
Тырналардың тізбегіне ілесіп,
Қиялымды құс жолына жалғаймын
Мұңаямын Шолпан жұлдыз батқанда,
Жұбанамын таң бозарып атқанда.
Сонда барып қалды ма деп тұрақтап?
Алаңдаймын ай туғанда аспанға.
Қайырмасы:
Сезім – көктем ақ жауын боп төкті де,
Күзге қарай құмға сіңіп кетті ме?
Алау жағып шақыратын шабытты,
Музам қайда?
Мұзға айналып кетті ме?
Күнікейдей көрікті,
Қызға айналып кетті ме?
Найзағайға тап болып,
Буға айналып кетті ме?
Су патшасы – Сүлеймен,
Арбап алып кетті ме?
Періштем боп жебейтін,
Ғарышқа ұшып өтті ме?
Музам қайда?
Менен безіп кетті ме?..
Әзәзіл «досқа»
Көзге ілмей жан баласын,
Неге осы паңданасың?
Өткендер аз ба бізде,
Ала алмай оң бағасын?
Жүргендер аз ба бізде,
Жаза алмай жан жарасын?
Біреуге үйіп төксең –
Соныңды малданасың.
Біреуді күйікті етсең –
Қалайша қарғамасын...
Ізгіліктен ілік тауып,
Тірейсің жарға басын.
Нәпсіңе құрық салып,
Неге осы қоймағасың?
Қиянатты көріп тұрып,
Өтірік таңданасын.
Бәрін де біліп тұрып,
Қалайша алданасың?
P.S.Жүргендер құлдық ұрып,
Жолыңды таңдамасын.
Білдірмей тұзақ құрып,
Басыңды жалмамасын...