Онжылдық (криминалдық повесть)
І-тарау
Бұл қала шетіндегі «Заря Востока» гараж кооперативінің екі қабатты гаражы болатын. Сырт көзге оның қасындағы гараждардан еш айырмашылығы жоқ еді. Бірақ сыртқы қарапайым қалпы алдамшы еді. Іші кез келген жағдайға сақадай сай жабдықталған болатын. Төменгі қабатында көлік тұратын кең гараж бен қойма орналасқан. Ал гараждың екінші қабатында тар ғана бөлме бар еді. Бір бұрышта серіппесі мүжілген ескі диван мен есігі сықырлаған шкаф тұрса, екінші бұрышты тозған үстел мен жалғыз орындық иеленген. Қабырғаларға ілінген сарғайған плакаттар мен бос сөрелер бұл жерді жай ғана ескі-құсқы сақтайтын демалыс бөлмесі етіп көрсетіп, алдамшы тыныштық ұялататын. Алайда, сырт көз үшін қарапайым көрінген бұл баспана әлдеқашан төрт адамның бас қосып, маңызды шаруаларын ақылдасатын құпия ордасына айналған. Терезенің ар жағында түнгі қала тыныстап жатты. Алыстан соңғы трамвайдың дүрсілі естілді. Кооператив іші жым-жырт еді. Ара-тұра ғана алыстан бір иттің үргені естіледі. Гараждың екінші қабатындағы темекі түтініне тұншыққан осы бөлмеде төрт ер адам үнсіз отырып «жиырма бір» ойнап жатқан. Түтін төбенің астына қою көкшіл қабат болып жиналған — пышақпен кесіп алатындай. Моңғол карталарын асықпай үстелге тастады.
— Жиырма бір.
Ол орындықтың арқалығына шалқая түсті де, темекісін тұтатты. Ұзын күлдің түспей тұрғанына таңғаласың.
Бірнеше секунд үнсіздік орнады. Сосын қалғандары ренжи карталарын үстелге лақтыра салды. Гипа лақап атымен белгілі Дәуір ауыр күрсініп, ақшасын үстелдің ортасына қарай итерді.
— Болды, жетер. — Ол қиғаш жымиды. — Тұтас кеш бойы он тоғыздан асыра алмадым...
Кондрат карталарын үстелге тастап, бірнеше секунд комбинациясына қарап отырды. Жасыл шұғаның үстінде жиырма бес ұпай жатты.
— Әттеген-ай... — Кондраттың дауысы сабырлы, бірақ суық шықты. — Он жеті болғанда тоқтауым керек еді.
Ол ешқандай қобалжусыз, нық қимылмен қалтасына қол салды. Қалтасынан ақшасын шығарып, үстел ортасында үйіліп жатқан ортақ банкке үнсіз қосты. Төртеуінің ішінде ең жинақы көрінетіні осы еді: ақсары шашты, күнге тотыққан, спорттық костюм киген. Кондрат сырт көзге қауіпті де өзіне сенімді адам болып көрінетін. Ауған соғысындағы жылдар, одан кейінгі төбелестер, түрме мен көше тартыстары оны шынықтырып, қиын жағдайға тап болғанда аман қалуды үйреткен еді. Зорлық пен қатерге әбден үйреніп кеткен ол айналасындағылардың көбінен қайраттырақ көрінетін. Алайда сол сыртқы сенімділіктің астарында өзі мұқият жасырып жүретін мазасыздық бар еді: шын мәнінде қауіп төніп тұрған кезде оның жүйкесі де сыр беруі мүмкін болатын.
— Бұл түннің есебі әлі біткен жоқ, — деді Қайран сабырлы дауыспен.
Ол да алдындағы ақшасын үстел үстімен Моңғол жаққа қарай баяу итерді. Қайран үстел басындағылардың ішіндегі ең жасы еді. Және қатыгездікті күнделікті өмірдің үйреншікті бір бөлігі деп қабылдап үлгермеген жалғыз адам да сол болатын. Бойы ұзын, иығы кең, жүзі ашық. Бокс рингінде сынған мұрны ғана оның сырт келбетіне аздап қатқылдық қосып тұрғандай. Қимыл-қозғалысында спортшыға тән жеңілдік әлі де сақталған, дегенмен соңғы жылдар оның өмірінен де із қалдырмай өтпеген еді. Ол жағасы ағытылған қарапайым жейделер киетін және өз жасындағы кейбір еркектер ұнататын даңғазалы паңдыққа салынбай, сабырлы әрі сенімді жүретін. Бірақ оны ешкім тыңдап отырған жоқ еді. Бәрінің назары Моңғолға ауған. Моңғол ұтып алған ақшасын асықпай жинастырып жатты. Темекісі әлі де ернінің бір шетінде қыстырылып тұрған. Үнсіздікті бірінші болып Кондрат бұзды.
— Саған не болған бүгін, Моңғол? Кеш бойы өзіңе ұқсамайсың.
Моңғол тағы бірнеше секунд саусақтарымен үстелді тықылдатты. Сосын басын көтерді. Бөлме іші кенет салқындап кеткендей болды.
— Әй, жігіттер... — деді ол бәсең дауыспен. — Бір-ақ ретте миллион доллар олжалағыларың келе ме?
Оның сөздері ауада қалықтап тұрып қалды. Гипа тіпті дем алмай қалғандай болды. Қайран басын баяу көтерді. Кондрат көзін сығырайта қарап, Моңғолды мұқият зерттей бастады. Үшеуі де оның қандай адам екенін тым жақсы білетін. Мұндай нәрсемен Моңғол ешқашан қалжыңдаған емес.
— Әрқайсымызға екі жүз мың доллардан тиер — деді Моңғол соңғы сөзді ерекше екпінмен айтып. — Ақша дайын жатыр. Бізді күтіп жатқандай. Бірақ оны алу оңай болмайды.
Кондрат темекі қорабын шығарып, бір тал темекіні суырып алды да, оны саусақтарының арасында баяу мыжғылай бастады. Көзі Моңғолдан айырылған жоқ.
— Сонда сен бар болғаны сегіз жүз мың доллар бар дегің келе ме?
— Жоқ, миллион.
— Егер сен үшеуің келіссеңдер, әрқайсыңа бестен бір үлес тиеді.
— Бестен бір ме? — деді Кондрат қабағын көтеріп. — Ал бесіншісі кім?
Моңғол жымиған да жоқ.
— Оған әлі келеміз.
Моңғол орындығын кейін ысырып, орнынан тұрды да, екі қолын үстелге тіреп, алға еңкейді. Оның қараторы, жүдеу жүзінде әлдебір жанды сезім жылт етті. Қорқыныш та емес, құмарлық та емес. Екеуінің арасындағы бір нәрсе.
— Миллион көк қағаз дейсің бе? — деп сұрады Гипа өте бәсең дауыспен, әлгі сөздердің өзін үркітіп алудан қорыққандай.
Моңғол үнсіз ғана бас изеді. Кондрат темекісін қорапқа бірнеше рет тықылдатты. Ойланған кезде оның әдеті осы еді.. Содан кейін ғана темекісін тұтатты.
— Сондай ақша қайда жатыр?
Моңғол ернінің бір шетімен ғана мысқылдай жымиды.
— Машинада.
Қайран бірден іштей ширығып алды.
— Қандай машинада?
Моңғол үстел үстінде тұрған арақ бөтелкесіне қол созды. Өзіне аздап арақ құйды. Бірақ ішкен жоқ. Стақанды саусақтарының арасында баяу айналдырып отырып, сабырлы үнмен айтты:
— Банктың көлігінде.
Үнсіздік орнады. Ауыр үнсіздік. Тіпті темекінің түтіні де қозғалысын тоқтатып, ауада қатып қалғандай көрінді. Гипа жүйкесі сыр беріп, мырс етіп күлді.
— Ойнап тұрған жоқсың ба?
— Жоқ.
Кондрат түтінді мұрны арқылы баяу шығарып жіберді.
— Инкассаторларды айтып отырсың ба?
— Иә.
Қайран басын кілт көтерді.
— Жоқ.
Моңғол оған қарады.
— «Жоқ» дегенің не?
— Жоқ дегенім — жоқ.
Қайранның дауысында сондай бір ашу мен тітіркеніс сезілді, тіпті Гипа да жымиғанын қойды.
— Болмайтын дүниені айтпай-ақ қой!
— Неге? Олай деудің қажеті жоқ.
— Өйткені бұл дүңгіршек те емес, айырбастау пункті де емес.
Қайран орнынан атып тұрып, бөлме ішінде ары-бері жүре бастады. Өзі де бұлайша қызбаланып кетемін деп ойламаған. Бірақ қарулы шабуыл туралы ойдың өзі оның бойында жағымсыз сезім туғызды.
— Олар қолында қаруы бар адамдар, Моңғол! Нағыз қаруы бар адамдар. Ол терезе алдында тоқтады. — Сонда олар ақшаны бере салып, рақмет айтып тұра ма деп ойлайсың ба?
Моңғол үндемеді. Қайран оған бұрылды.
— Олар атады.
— Қайдан білесің?
— Өйткені ондай адамдарды көргенмін.
Ол қайтадан орнына отырды. Алақандарымен бетін ысқылап өтті.
— Менің инкассацияда істеген таныстарым болған. Өз қызметін жақсы білетін жігіттер. Шабуыл болса, олар қарап тұрмайды. Қарсыласады. Моңғол ақыры стақандағы арақты ішіп қойды. Стақанын үстелге қойды. Біраз үнсіз отырды. Сосын:
— Онда біз де қарап тұрмаймыз, — деді.
Гипа шуылдата дем шығарып жіберді.
— Сені не түлен түртіп жүр?
Кондрат осы уақытқа дейін үндемей отырған. Енді ол баяу ғана алға еңкейді.
— Тоқтай тұр. Айталық... Жай ғана айталық. Сен бірдеңе ойластырып қойған жоқсың ба?
Осы жолы Моңғол шынымен жымиды. Бірақ бұл көңілді күлкі емес еді. Көбірек жыртқыштың жымиысын еске салатын. Ол орнынан тұрып, ескі шкафқа барды да, ішінен бүктелген бір парақ ватман алып шықты. Оны үстелдің үстіне жайып салды. Бұл Алматы орталығының сызбасы еді. Көшелер. Аулалар. Арка. Бағыттарды көрсеткен жебелер, сандар, қарындашпен түсірілген белгілер. Оның үстіне қараған адамның бірден байқайтыны — мұны сызған қол асығыс жұмыс істемеген. Гипа демін ішіне тартып, қимылсыз қалды. Кондрат ақырын ғана ысқырып жіберді. Ал Қайранның ішінде әлдебір жағымсыз сезімнің қозғала бастағанын сезді. Өйткені ол бір нәрсені түсінді. Моңғол бұл туралы бүгін ғана ойлап жүрген жоқ еді. Ол мұны көптен бері ойластырып жүрген. Моңғол ватманның бір бұрышын алақанымен басып тұрды, қайта оралып кетпесін дегендей.
— Мұқият қараңдар. Маған екі рет айтқызбаңдар!
Жасыл абажурлы шамның жарығы тура сызбаның үстіне түсіп тұрды. Бөлменің қалған бөлігі күңгірт көлеңкеге батып кеткен. Сондықтан үстел басындағылардың жүздері бұрынғыдан да қаталдау, суығырақ көрінетін. Моңғол саусағымен көшенің сызығын бойлай жүргізді.
— Мынау — банк. Мынау — ауланың шыға берісі. Одан кейін олар Фурманов көшесіне шығады. Ол жерде оларды тоқтату қиын. Бірақ егер мына жаққа бұруға мәжбүр етсек… Оның саусағы тар арканың тұсына тоқтады. — ...осында қолға түсіруге болады.
Қайран еріксіз алға еңкейді. Ол бұл жерді бірден таныды. Ескі үй. Тұйықтау аула. Арка астындағы жалғыз шығатын жол. Егер көлікті сол жерде қыспаққа алсаң, құтылып кету мүмкін емес.
— Әй, тоқтай тұршы! Оларды жолынан қалай тайдырып жіберемін деп отырсың? Қайдағы бір бос қиял бұл?
— Сабыр сақта, — деді Моңғол даусын көтерместен. — Төртеуміз бірігіп жүргеннен бері қай ісіміз оңынан шықпай қалып еді? Мен сендерге бірде-бір рет жаман жұмысты ұсындым ба?
Гипа күңк етіп:
— Ұсынған жоқсың, — деді.
Бәрі үнсіз ғана Моңғолға қарап, әліптің артын бағып отырды.
— Ақшасы аз істермен айналысып жүрсек, — деп жалғастырды Моңғол, — ерте ме, кеш пе, менттер бізге бәрібір жетеді. Ұсақ-түйек іспен өмір бойы күн көре алмайсың. Сондықтан мен ойладым: бір үлкен олжа түсіріп, содан кейін әркім өз жолымен кеткен дұрыс. Екі жүз мың долларға жаңа өмір бастауға болады. Ал мына істі де іліп әкетуге болады. Тек бабын табу керек. Ол аздап үнсіз қалды. Сосын:
— Қайран бәріңе жағдайды тәп-тәуір түсіндіріп берді, — деді. — Айтқанының бәрі дұрыс. Бірақ оның айтпай кеткен бір нәрсесі бар. Ол мынау:— деді Моңғол. — Бұл көлік осы бағытпен неше жылдан бері қатынап жүр. Аптасына үш рет. Бір жолмен. Бір тәртіппен. Бәрі де оған ештеңе болмайтынына әбден сеніп алған. «Жау жоқ деме — жар астында» деген осы. Сақ жүргеннің өзі бір күні қапы қалады. Тек соны пайдалана білсең болғаны.
Ол үшеуіне кезек-кезек көз жүгіртті.
— Ана үш инкассаторды елестетіп көріңдерші. Бір бағытпен жүзінші рет келе жатыр делік. Кабинаның іші қапырық. Күнде көретін жол. Күнде көретін жұмыс. Босаңсып кеткен. Сөйтіп келе жатқанда Фурмановқа шығар тұста бір көлік бұзылып қалыпты. Жолды көлденең жауып тұр. Біздің жолдарда ол қалыпты жағдай, сезік тудырмас.
Моңғол алға еңкейіп, Кондратқа қадала қарады.
— Қалай ойлайсың, кабинадағы ана үшеу не істейді?
Кондрат жымиып, Қайранға көз тастады.
— Естідің бе, ақылдым? Сеніңше, бұл бос қиял ма екен?
— Сонымен, олар не істейді? — деп қайталады Моңғол.
Қайранның жүзі қызарып кетті. Ол орындығында қозғалақтап қойды. Оның орнына Кондрат жауап берді:
— Тоқтайды. Ақылдасады. Сосын аулалар арқылы айналып өтеді. Тура мына арканың астына келеді. Басқа жол жоқ.
Моңғол көзін Қайранға тікті.
— Ал сен не дейсің?
Қайран сәл кідірді. Сосын жақтырмаған кейіппен иығын қиқаң еткізді.
— Кондрат дұрыс айтып тұр. Олар аркаға қарай бұрылады.
— Дұрыс. Мен де дәл солай ойлаймын.
Гипадан сұраған жоқ. Ол техника мен көліктер туралы сөз болғанда ғана кәдеге жарайтын пікір айтатын. Қалған уақытта оның ойын тыңдап жатудың қажеті шамалы еді.
— Ендеше, істің жартысы біткен. Одан әрі мынадай, — деп сабырлы үнмен жалғастырды Моңғол. — Олар бір бағытпен қатынайды. Әрдайым бір уақытта. Минутына дейін дәл келеді деуге болады. Мен мұны жеті апта бойы бақыладым.
Моңғол тағы да саусағымен сызбаны нұсқады.
— Тыңдай беріңдер. Олар аркаға кірген кезде, біз алдынан бір «Газель», артынан екінші көлік қойып оларды қысып тастаймыз. Оларға келген бетте ес жиғызбай екі бүйірден автомат кезеніп ақшаны ұрыссыз аламыз.
Кондрат қабағын түйді.
— Сен жаңа автомат дедің ғой, оны қайдан аламыз?
Үнсіздік орнады. Алыста, ағаштардың ар жағынан бір көлік өтіп бара жатты. Оның көмескі гуілі естіліп, артынша тыныштық қайтадан қоюлана түсті. Моңғол тісінің арасында тұрған шырпыны ұртына қарай жылжытты.
— Ол жағын уайымдамай-ақ қой.
Мұны Моңғол тым сенімді айтты. Қайранды дәл сол сенімділік бәрінен де көп алаңдататын. Өйткені ол Моңғолдың бір қасиетін жақсы білетін. Моңғол ешқашан болмашы іске бас сұқпайтын. Бірақ ұтыс жақсы болса, Моңғол нар тәуекелге де бел байлайтын. «Тәуекел тас жарады, тас жармаса бас жарады» дегеннің кері келмесе болғаны...- » деп ойлады ол іштей.
Сосын темекісін тұтатып:
— Ал күзетшілер ше? Оларды қайтеміз?- деп сұрады Моңғолға көз тігіп.
Моңғол темекісін күлсалғыштың шетіне басып өшірді.
— Олар не істейді деп ойлайсың? Батыр болып шыға келе ме?
— Әбден мүмкін, — деді Қайран сабырмен. — Жүректі жігіттер ғой.
— Болсын. Бірақ олар да жанын ойлайды. Мен бәс тігемін — беріледі.
Ұзақ үнсіздік орнады. Сосын Гипа дірілдеген дауыспен:
— Ал берілмесе ше? — деді.
Моңғол оған көз тастады. Көздері суық жылтырап тұр еді.
— Әңгіме миллион доллар туралы болып тұр. Әрқайсымызға екі жүз мыңнан тиеді. Берілмесе — атуға тура келеді.
Ол сәл кідірді.
— Қолыңды былғамай мұндай ақша таппайсың.
Қайран әлі де берілмеді.
— Тоқтай тұр, Моңғол. Ол көлікте ақша барын қайдан білеміз? Тоқтатамыз, ал ішінде түк жоқ болып шықса ше? Құр әуреге қалып жүрмейміз бе?
Үстел басын бір сәт үнсіздік басты. Кондрат мысқылдай жымиды.
— Дұрыс айтасың.
Ол Моңғолға бұрылды.
— Расында да, бұл жағын қалай тексереміз?
Моңғол темекісін асықпай сорды.
— Оның да жауабы бар.
Қайран оған қадала қарады.
— Қандай жауап?
Моңғол түтінді сыртқа шығарып, басын шайқады.
— Әлі ерте.
— Қалай сонда?
— Уақыты келгенде білесің.
— Сонда бізге біреу мәлімет беріп отыр ма?
Моңғол оған ауыр көзқараспен қарады.
— Кейін.
Қайран әрі қарай қазбаламаған дұрыс екенін түсінді. Моңғол даусын сирек көтеретін. Бірақ бір ауыз сөзбен әңгімені доғара салатын әдеті бар еді. Ондай кезде артық сұрақ қоюға ешкімнің зауқы соқпайтын.
— Бір нәрсені есте сақтаңдар, — деді ол сәл үнсіздіктен кейін. — Болмашы ақша үшін басымызды қатерге тікпейміз. Егер іске кіріссек, демек оған тұрарлық себеп бар.
Әңгіме қайтадан жоспардың егжей-тегжейіне ойысты. Біраздан соң тағы үнсіздік орнады.
Сонда Гипа:
— Маған осының бәрі ұнап тұрған жоқ, Моңғол. Бұл іс шамамыздан асып кетпей ме? — деді.
Моңғол шыдамсыздана қолын бір сілтеді. — Ал сен неге уайымдайсың? Ол жымиып қойды. — Саған ешкім оқ атқызбайды. Сен үшін бөлек жұмыс бар. Сосын Гипаға қарап басын изеді. — Тап өзіңе лайық жұмыс. Уәде беремін.
Қайран алға еңкейді.
— Ал мен ше? Мен мұндай іске араласатындай есімнен адасқан жоқпын.
Ол үстел басындағыларға кезек-кезек қарап шықты.
— Мұның соңы қан төгуге әкеп соқтырады ғой...Сондықтан маған арқа сүйемеңдер.
Моңғол сол сәтте темекісін тұтатып жатқан Кондратқа қарады.
— Екі сарыауызды тыңдадым. Ал сен не дейсің?
Кондрат ернін жымқырды. Сөнген шырпыны саусағымен шертіп жіберіп, үстелден түсірді.
— Меніңше, әлгі үшеуі қарсылық көрсете қоймайды. Ол сәл кідірді. — Ал егер көрсетсе, арты жақсы болмайды.
Моңғол басын изеді.
— Мен де солай ойлаймын.
Қайран қабағын түйді. Екі жүз мың доллар туралы ой оны да өзіне тарта бастаған еді. Батпаққа батырып бара жатқандай. Мұны өзі де сезіп отырды.
— Егер олар қарсылық көрсетсе, — деді ол ауыр үнмен, — онда не бізден біреу, не олардан біреу өледі.
Ол біраз үнсіз қалды.
— Маған бұл ұнап тұрған жоқ. Осы уақытқа дейін біз оңайлау істермен айналыстық. Ең жаманы — бір-екі жылға түрмеге кететін едік.
Моңғол оған салқын мысқылмен қарады.
— Екі жүз мың доллар керек емес дегің келе ме? Даусы қатайып кетті. — Әлде біреу миллион долларды алып, ешкім зардап шекпесе екен деп отыр ма? Ол басын шайқады. — Миллион доллар! Мұндай ақша туралы сөз болғанда, маған басқаға не болатыны да бәрібір. Сосын Гипаға бұрылды. — Ал сен қорқып отырсың ба? Теріңе оқ тиіп кете ме деп? Екі жүз мың үшін де тәуекелге бара алмайсың ба? Моңғолдың жүзі суып кетті. Әлгі мысқылдың орнында енді қатігездік қана қалған еді. — Қап мына екеуінің ынжықтығын-ай! Қазір шешіңдер. Не бізбенсіңдер, не есік анау.Ол ернін қисайтты. — Миллион доллар десе тәуекелге бел буып ештеңеден тайынбайтын ерлерді білем.
Қайран мен Гипа бір-біріне қарады. Бірақ ешкім орнынан қозғалған жоқ.
— Ақша қолға тиген соң не істейміз, Моңғол? Кондраттың дауысынан қызығушылық байқалды.
— Артық қимыл да, артық сөз де болмайды. Моңғол сұқ саусағымен картадағы белгіленген арканы нұсқады:— Дәл осы жерде оларды қақпанға түсіріп, ақшаны тартып аламыз. Сосын бәрін біздің көлікке тиеп, мына жолмен тартамыз. Саусағы карта бетімен баяу жылжып, қараңғы көшелердің шимайын сызды.— Әр секунд есептеулі. Жоспар — мүлтіксіз. Менттер есін жиғанша біз із суытып алыс боламыз— Моңғолдың жауабы қысқа қайырылды.
Гипа ернін тістеп, күбірледі:
— Ал бізді іздей бастаса ше?..
— Бәрің бері қараңдар! Моңғол алақанымен үстел үстіндегі картаны тарс еткізді. Үшеуі ұйып тыңдап отырды. Моңғол басын көтеріп, серіктеріне кезек-кезек тіксіне қарады. Оның суық әрі қатал жанары Гипаның аузын ашуға оқталып тұрған тағы бір сұрағын тамағына тықты. Ол асықпай тұрып темекісін суырды. Оттықтың сырт еткен дыбысы бөлмедегі ауырлықты одан сайын арттырғандай. Түтінді баяу үрлеп, сөзін жалғады:
— Бізді әрине іздейді, Гипа. Сасқалақтама. Бұл дүңгіршектен нан ұрлау емес. Сәлден соң бұл қалада бұрын-соңды болмаған үлкен шу болады. Әрине, бүкіл полиция артымызға түседі. Моңғол темекісінің күлін сілкіп, сөзін суық жымиыспен өз ойын тарқатты:
— Бірақ... олар тек қателескендерді ғана ұстай алады. Ал біз қателеспейміз. Темекісінен тағы бір сорып қойды. — Бірінші. Байланысты бірден үземіз. Іске телефонсыз шығамыз. Керек болса рацияны қолданамыз. Екінші. Бәріміз бетперде мен қолғап киеміз. Ол Гипаға жақындап келді. Тура көзіне қарады.
— Үшінші. Істен кейін ең бастысы — дым білдірмей, тыныш отыру.
Даусы бұрынғыдан да бәсең шықты. — Ал сен ертең миллионер болып шыға келмесең... Бірінші күні-ақ жаңа «Мерседес» сатып алмасаң... Ақшаны оңды-солды шашпасаң... Ешкім саған назар да аудармайды.
Үшеуі үнсіз бас изеді. Моңғол олардың әрқайсысына ұзақ қарап шықты.
— Бір нәрсені ұмытпаңдар. Даусы қатқыл шығып кетті. — Осы бөлмеден шыққан соң, қайтар жол жоқ.
Гипа еріксіз жұтынды. Алдында карта жатыр. Әр бұрылысы, әр минуты есептелген. Моңғолдың жүзінде күмәннің ізі де жоқ. Қорқыныш әлі кеудесін қысып тұрғанымен, көпті көрген адамның сабырлы сенімі тізесін қалтыратқан үрейді біртіндеп басып келе жатты. Моңғол үстелге еңкейе түсті. Даусы біртүрлі арбайтындай еді.
— Жігіттер, қараңдар. Ол саусағымен үстелді баяу тықылдатты. — Осындай істен кейін тиын санап өмір сүрмейсіңдер. Мұндай ақшамен қайда қаласаң да кетуге болады. Ресейге. Түркияға. Еуропаға. Қаласаң, дүниенің арғы шетіне дейін. Сосын әрқайсының көзіне кезек-кезек қарап шықты. — Бұл соңғы соққы болады. Даусы қайтадан қатайды. — Осыдан кейін әркім өз жолымен кетеді.
Бөлмені тағы да үнсіздік басты. Сырттан бір көлік өтіп кетті. Қайран Гипаның сынғанын байқады. Кондратқа да бұл ойдың ұнағаны көрініп тұр еді. Ал өзі…? Өзі де өзгеріп бара жатқанын сезді. Ол енді бас тартудың себебін іздемей отырған.
— Неге олжаны бесеуге бөлеміз? Кондраттың дауысы үнсіздікті бұзды. — Біз төртеуміз ғой.
Оның қандай жауап еститінін іштей шамалап отырған. Моңғол бірнеше секунд үнсіз отырды. Сосын сабырлы үнмен:
— Өйткені бесіншісіз бұл әңгіменің өзі болмас еді, — деді.
Гипа қабағын түйді.
— Ол кім?
Моңғол ватманды асықпай орап қойды. Біраз ойланып отырды.
— Бұл істің кілті сол адамда, — деді ақыры.
Бөлме іші тіпті тына қалды. Моңғол әрқайсына кезек-кезек көз жүгіртті.
— Ал қазір сендерге айтарым мынау. Даусы қайтадан қатайып кетті. — Аз білсеңдер, көп өмір сүресіңдер
