Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Перезенттік борышты ақтадым

Blogs

11.03.2022
4279

Перезенттік борышты ақтадым

Халқымыздың әнші-композиторы Жаяу Мұсаның дауылпаздай бұлқынған өлеңін қаны қазақта білмейтіндер бар ма?.. Оның «Ақ сиса» өлеңінің аты аталса-ақ кез-келгеннің қаны қызып, «гаги-га гак-кай» деп дүрілдеп шыға келер. Атандым сол себептен Жаяу Мұса» - дейтін жолдардың бірінде аталатын «Шорман» бүкіл қазаққа белгілі, Баянауылда өмір сүрген Шорман бидің есімі.

 

Ол «Шорман би» деп өте ерте – 14 жасынан аталыпты. Жас баланың қиып айтатын әділдігін, дес бермес шешендік айбынын танып, бағалаған белгілі Шоң би оған «Шорман би» деген атақ беріп, танымал болуына жол ашқан. Шындығында Шорманның аты Жұмабай екен. Тегі: Қаржас - Құлке - Телі - Анай - Мырзағұл - Сати - Күшік - Шорман болып тарайды. Ал бұдан арғы әңгімені Мағида Бакіқызы сабақтасын, тыңдап көрелік.

 

 

* * *

 

 

Шорман бидің Мұса, Мұстафа, Иса, Абуғали (Аужан) деген төрт ұлы, Зейнеп атты бір қызы болған. Зейнеп халқымыздың теңдессіз «жарық жұлдызының» бірі Шоқан Уәлихановтың туған анасы. Менің әкемнің аты Бакі. Ол Исадан туған Зынданың баласы. Зында Шоқанның қарындасы Бәдиғұлдың Мағда деген қызына үйленген. Байқасаңыз, сонда біздің тұқым Абылай ханның әулетімен қыз беріп, қыз алысқан құдандалы.

 

Шорман бидің дәулетті болғаны көпке мәлім. Ал менің үлкен атам Иса қасиетті Меккеге қажылыққа екі рет барып, соңғы 1902 жылы қол тапсырғанда Алла ол кісіге топырақты сол жақтан бұйырыпты.

 

Елдің айтуынша, үш мыңнан астам жылқы айдаған Шорман бидің дәулеті кейінгі балаларының тұсында ақ қашып, қызыл қуалап, байлардың малын пышыратқанда, қазақ даласындағы өзге де ауқаттылардың киген кебінен шет қалмаған.

 

1928 жылы атадан қалған малы тәркіленгеннен кейін Зынданы отбасымен және жеке оту болған ұлы Кәрімді, өзі сияқты дәулеттен жұрдай болған немере бауырлары Жами мен Нұркүшті (Нұрмұхамед) Ақтөбе аймағына жер аударуға заң шығарады.

 

Сауатты атамның жөнсіз өктемдікке көнгісі келмесе керек, тым-тырыс қалмай, Қазақ Орталық атқару комитетіне хат жазып, өзінің Кеңес өкіметіне қарсы еместігін, Қызыл Армияны қамтамасыз етуге керек деген азық-түлікті қарсылықсыз бергенін, патша заманында ешқандай шен алмағанын, денсаулығының нашарлығын елеп, қарт адамды әурелемей туған жерге таяулау мекенде тұруға рұқсат жасап, балаларының білім алуына мүміндік туғызуын өтінсе, Кеңес өкіметіне сәйкес емес деп танылған адамның сөзін кім тыңдай қойсын, келісім бермепті.

 

Сөйтіп, олар 1928 жылдың қара суығы азынаған күзінде Ақтөбе облысына жер аударылады. Туған топырақтан жазықсыз шеттетіліп, ата қонысты артқа тастаған атам белгісіз біреулердің зорлық пен жәбіріне егілген шығар, «Баянауылмен қоштасу» деген жыр шығарып, аһ ұрыпты.

 

Ол Ақтөбе қаласында 1933 жылға дейін тұрып, ұлдары Бакі мен Әди сонда үйленген. Бұдан кейін 1934 жылы Зынданың әулетін тағы да Омбы облысының әуелі Гандич селосына, одан соң станса Марьяновкаға жер аударады. Гандичте 1934 жылы әжем Мағида, соңғысында 1935 жылы атам бақилық болады.

 

Жастары ұлғайғанда бір жерге тұрақтатпай соңдарына от алып түскен қорлықты көтере алмаған шығар. Әуел бастан-ақ атам туған мекенінен қозғап, «Баянауылмен қоштасқанда» сүйегінің өнген топырағынан, ата қорымнан алыста, жат өлкеде қаларын ұққан сияқты, марқұмдар өксікпен дүниеден озған да...

 

Ал менің әкем Бакі мектепті Қарқаралы қаласында бітіріп, Омбы медицина институтына түседі. Қызыл империяның құрығы ұзын, қолға алған ісін аяғына дейін жеткізіп, өз оңтайына келмейтінді қырына алғаны көпке мәлім. Әкем байдың баласы болғандықтан жоғары білім алуға қақысы болмай, 1928 жылы оқудан шығарылады.

 

Қайратты, жалынды жас жазықсыздығына күйініп, өзінің әке-шешесінен бөлек тұратынын айтып, білімін жалғастыруға жоғарғы жақтан рақым сұрап, мүмкіндік туғызуды өтінеді. Бірақ бай тұқымын түрпідей көретіндер, қайдан құлақ қойсын, тілек аяқсыз қалған.

 

Ол 1931 жылы Көкшету аймағының Айыртау облысының бұрынғы әкімі Нұртаза Кемеловтың Даріш деген баласының қызына үйленген екен, көкейін білім алу тессе керек, ізденіп жүріп жол тауып, Омбының педагогикалық институтына түсіп, жаратылыстану факультетін 1939 жылы бітіріп шығып, Алматы облысына көшіп келіп, әуелі мектепте мұғалім, одан соң 1946-53 жылдары Түргендегі педучилищеде жемісті еңбек етеді.

 

Ал 1953 жылы Қарағанды қаласына көшіп келген, себебі, мұнда балалары Ахуан, Рапық, Ади және өзге де немере, жиендері тұратын еді. Мұнда қаладағы № 4 мектепте 1953 жылдан 1968 жылға дейін химия мен биология пәндерінен сабақ беріп, 1975 жылы қайтыс болады.

 

Былай қарағанда, оның жүріп өткен жолы Қазан төңкерісінен кейін зобалаң көрген қазақ жастары өмірінің бірі ғана. Ал шындығында олардың әрқайсысының сол кезеңде кешкен ғұмыры - адам баласының тапталған ар-намысы мен жігері, ата-тегінің даңқы сор боп жабысып, арманы орындалмас қиялға айналған жәбір. Бұл - тарих бетінің сұрықсыз ащы шындығы.

 

Бакі тума дарынды болса керек. Сурет салып, өлең шығаратын. Әр жылдары жазғандары сақтаулы тұр. Оқығанда еріксіз мұңға батасың. Өйткені, онда бойына құдай берген қасиетті жарқыратып аша алмай, жазықсыз түрткіге түскен өмірдің өкінішті запыраны жатыр.

 

Ол бар қайрат-жігерін, білімін жастарға аямай берген ұстаз болса да, тарихтың әрі тарт та, бері тарт сергелдеңінде діттеген биігіне, арманына қол жеткізе алмағанға ұқсайды.

 

Оның қиналысын қалай түсінінбейін, өлеңдерден жанымды көңілсіздік қаумалап, өзекті жалын шарпып өткендей күйге түсемін. Өйткені, білгірлігі, ұқыптылығы мен еңбекқорлығы арқасында ен далада қоралап қой өсірген ата-бабамның аты өз туған халқының тарихында шеттетіліп, осыған дейін құбыжықтай көрініп аталмауы, ұрпағының тағдыры әлдкімдердің тәлкегіне түсіп, қанша талпынса да бауырын жаза алмауы қалай тек қалдырар.

 

«Бір жамандықтың - бір жақсылығы бар», - дейді ғой. Мен енді үрікпей, атам Шорманның, әкем Бакінің атын атап, олар жайлы осыған дейін көкіректе тұмардай сақтап келген перзенттік борышты ақтап, айтып бергеніме қуаныштымын.

 

Өзім 1940 жылы Алматы қаласында туып, Қазақ мемлекеттік университетін (КазГУ) бітіріп, 1962 жылы экономика саласынан кандидаттық диссертация қорғап, доцент, ұстаз боп, қазір Білім және ғылым министрлігі институтында қызмет істеймін. Еткен еңбекпен ата-баба даңқына кір келтірмей, халық болашағына қолдан келгенше жәрдем етсек жарағанымыз да.

 


Share:      
Leave a comment: