Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
ҚАРА ТҮСТІ АҚ ҚАР

Blogs

27.10.2017
5754

ҚАРА ТҮСТІ АҚ ҚАР

ҚАРА ТҮСТІ АҚ ҚАР

- Анашым, қардың түсі әппақ болады емес пе?
- Иә, құлыным.
- Олай болса, сыртқа шығып қараңызшы, біз ойнап жүрген ақ қардың түсі неге қап-қара?
-Қызым, ол ...

                                                                                  ***
         Қаумалаған жанды тәп-тәтті қылығымен қызықтыратын кішкентай Қаракөзайымның ойы ұшқыр. Ересек адамдай әңгіменің тетігін ағытып майын тамызатын жан. Ата-анасы, бауырлары оған ертегі, әңгімелерді оқып беруді әдетке айналдырған. Бәлкім, осының әсері шығар, ол ертегі, тіпті өлеңді де өз қиялынан құрастырып жатқа айтатын. Әйтеуір сөзге шебер. Сосын кіндік қаны тамған жері – Қосөзеннің табиғатын, әсіресе дәрілік өсімдіктерін тамашалағанды, әкесімен бірге «зерттегенді» жаны сүйеді. «Менің ауылым – Қосөзен» деп тілі шыққан Қаракөзайым қарапайым ауылдың тыныс-тіршілігінен жас болса да хабардар. Оның балалық шағы ел егемендігін енді алып жатырған уақытқа тұспа-тұс келді. Қадамын жаңа басқан сәбидің о баста құлап сүрінетіндігі секілді, ауылдағы хал-ахуал да «тәй-тәйлап» жүріп сүрініп жатырған шақ еді. Жарықтың жиі сөнуі ауыл адамдары үшін үйреншікті жәйтке айналды осы уақытта. Тек қана бір күн сөнсе ештеңе емес, айлап сөнетіні адамдарға қиын, әрине. Күн сайын қол шамға құятын сұйықтық отын да, пілте де, тұрба да шақ келмейтін. Оны сатып алатын қаржының «қарасын» айлап та көрмейді ауыл тұрғындары. Еңбекақыларын уақтылы алу дегенді ұмытқалы қашан? Амал жоқ, жалғыз тұрбаны күн сайын сүртеміз деп әпкелері сан мәрте саусақтарын да кесіп алатын. Жарықтың жоқтығынан төрдегі теледидарды шаң басқан. Теледидар демекші, бұл көк жәшіктің де «мінезі» бола-тұғын. Ескі-құсқы теледидар жөнді көрсетпейтін. Оны жөндеу үшін ағалары төбесін тарс-тұрс ұрып жататын. Жаңалықты жүргізіп отырған ағай біресе батысқа қарай қисаяды, біресе шығысқа. Көк жәшікті ұрып-ұрып, атауызбен бұрап-бұрап, әйтеуір «ағайды» оң отырғызып қоятын. Сөйтіп теледидардың әлегі өз алдына бір төбе. Жаңасын сатып алайын десе, баяғы қаржыға келіп тіреледі. Қаржы қайдан болсын, азын-шоғын ақшаны затқа, затты малға, малды тамаққа айырбастап күнелтіп жүрген бір адам. Бір күні Қаракөзайымның әкесі алпыс литр бензин беріп, коммерсант Бәтимадан бұған бәтеңке алып бергені бар. Содан бензинге айырбастаған бәтеңкесінің өлшемі келмеді ме екен, өкшесін қажап қанатып жара қылып тынды. Ақыры бір-екі рет киілген бәтеңкені көп балалы көршінің ұлы Айдар иемденді. Оның жасы да, аяғының өлшемі де кішкентай болып, дөп түсті. Қыз баланың аяқ киімі екендігіне Айдар қарап жатқан жоқ, бәтеңкені киіп алып, достарына мақтанып мәз боп жүр. «Екі рет киді ғой, сатпай-ақ қояйын» деген Қаракөзайымның анасына Айдардың анасы «Қазіргі заманда тегін алғаным ұят болар, орнына үйде қолдан жасалған нан ашытқысы бар (ол кезде көбі дрожды қолдан жасап алатын), соны берейін» деп ашытқы әкеліп тастады. Міне, осындай «айырбастаулар» болып тұратын ауыл ішінде. Талай жәйттерді көз көргендіктен Қаракөзайым терең ойға бататын. Ойды ой қуады. Осылардың барлығын көз алдына тізбектеп отыратын ол ауыл мектебінің дәлізіндегі коммерсанттардың қаз қатар тізіліп отыратындығына аң-таң. Қызық, ә? «Балалар сабақ оқып отыратын жерде сатушы апайлар не істеп жүреді? Директор ағай неге рұқсат берген? Әншейінде қатуланып ұрысып жүретін директор коммерсанттарды көргенде көздері күлімдей түседі. Бұл жер білім ордасы емес пе? Ал бұлар құдды бір дүкенде отырған секілді жайғасып отырып алған».Осындай сан сауалдар оны мазалайтын. Сол кезде оның құрбыларының көбі «Өскенде-е-е коммерсант болмыз» дей-тұғын. Енді қайтсін, шағын ауылда бар білген-көргендері осы кісілер болса. Коммерсант деген сол уақытта «сұранысқа ие құдіретті мамандық» сыңайлы көрінетін жас балаларға. 
Өткенде оның нағашысы біреуден жалынып бір қап бидай сұрап, диірменге барып ұнға айналдырып үйге әкеліп қойса, келесі күні төртінші сыныпта оқитын ұлы ұнды шашып үй ішін астан-кестен шығарыпты. Сөйтсе Тамырлан бұл ұннан еңбек сабағына апаратын желім жасамақшы болыпты. «Ұнды сумен араластырса кәдуілгі желім шығады екен. Сыныптағы Ерекөш сөйтіп әкелген соң, мен де солай жасадым. Өйткені желімім бітті. Ал оны алып беретін сіздерде ақша жоқ қой. Ақша бер деп сіздерді мазалағым келмеді» деп жылаған Тамырланды әке-шешесі ұрмақ түгілі, ұрысқан жоқ. Анасы көз жасын сүртіп, баласын құшағына қысты. Әкесі бір ауыз тіл қатпастан сыртқа шығып кетті. Бұл жоқшылықты көрген Қаракөзайымның бала жүрегі дір ете түсті. Ол мезгілде тек балаларға арналған оқу құралдары емес, сонымен қатар ауыл адамдарына қажетті тұрмыстық заттар да қат. 
          Қаракөзайым қыс мезгілін ұната-тұғын. Қаңылтырдан жасап берген шанасын сүйреп арғы беттегі кішкентай төмпешіктен сырғанауға шыққан беті еді, ауыл ішіндегі қарды көріп шошып кетті. Бұрын-соңды мұндай табиғат құбылысын көрмеген-ді. Ентіге басып үйіне қайта келді.
- Анашым, қардың түсі әппақ болады емес пе?
- Иә, құлыным.
- Олай болса, сыртқа шығып қараңызшы, біз ойнап жүрген ақ қардың түсі неге қап-қара?
- Қызым, ол ...
Анасы «ақ қардың қара түске қалай боялғанын» түсіндіруге көшті. 
      - Кей кісілердің үйінде отын түгесілген. Сондықтан ақ қар қара түске айналған, қызым. Мәселен, қазір ағаштың бағасы да тым қымбат. Оның үстіне кез-келген ағаштың тамырына балта шабуға рұқсат жоқ. Олар да сұлу табиғаттың бір бөлшегі. Ошаққа жағатын ағаш болмағандықтан, көшедегі электр бағананын ұрлаймын деп көрші ауылдың бір адамы тоққа түсіп, жарақат алған. Ағашты кесуге рұқсат жоқ, бағананы ұрлауға тағы болмайды, көмірді өңімізде көрмек түгілі, қазір түсімізге де енбейді. Сол себепті адамдар трактордың ескірген, пайдасыз дөңгелектерін уақтап кесіп-кесіп ошаққа жағуда. Мұндайға кім барғысы келеді дейсін, амал нешік, күнкөрістің қамы ғой. Бұл қара дөңгелек құрғыр, үйдің ішін жып-жылы еткенімен, көрдің бе айналаны ластады. Үйдің мұржасынан шыққан түтін қарды лезде қап-қараға бояды. Бір күн жақса ештеңе емес, байқалмайтын еді, күн сайын осылай етсе, қара болмай қайтсін? Әрі мүңкіген ащы иісі де қолқаны теседі екен. Міне, қызым, «қысқа жіп күрмеуге келмеді» деген осы-дағы.... 
      - Ее, солай ма, анашым. Ауылымыздың адамдарына обал-ақ, ә?,- деп Қаракөзайым тағы да қалың ойға батты.
    «... Ертегі кейіпкерлеріндей тездетіп өсіп кетсем ғой, шіркін. Жерлестеріме жәрдемдесіп жоқшылықтан құтқарар едім. Жарықты ешқашан сөндірмеймін, көше шамдарын да ілдіремін. Айтпақшы, сиыр қораға да біреуін қоямын. Өйткені, ағам қорадағы жарықтың жоқтығынан талай мәрте аяғын жарақаттап алған еді. 
Әр үйге теледидардың су жаңасын әперемін және әр каналға ауыстыру үшін бұрайтын құрылғысы өмірі тозбайтындай болса екен. Себебі, біздің үйдегі теледидардың бұл құрылғысы тозғандықтан қолданылатын атауызды әлсін-әлсін жоғалтып ала береміз.
Көрші Айдарға «ұлдарский» бәтеңкені алып берем. Әйтпесе, ол әпкелерінен қалған гүлді-гүлді «қыздарский» аяқ киімдерді киіп жүр. 
Мектепке коммерсант апайларды мүлдем кіргізбеймін. Олардың балаларды қызықтырып түрлі сағыз бен шоколадтарды сататындығы маған ұнамайды. Соларды «сатып әпер» деп талай балалар үйлеріне келіп жылап жүреді. 
Тамырлан екеуміз әр оқушының сөмкесіне бітпейтін желімді толтырып салып қоямыз. Ешкім ұннан жасап әлек болмаса екен.
Ауылдағы әр үйге кө-ө-ө-өп етіп көмір түсіріп берем. Сөйтіп, олар трактордың дөңгелектерінен құтылады. Сондай-ақ біз ойнайтын әппақ қар да ластанбайды. 
Сосын, сосын, сосын ....» деп туған жерінің мұң-мұқтажын кішкентай саусағымен санап шықты.
                                                                                ***
Арада жиырма бес жыл өтті. Тәуелсіздіктің тұғыры нық. Қаракөзайым бойжетіп, бас қала – Астанадағы Білім министрлігінде қызметте. Туған жері – Қосөзені бүгінгі таңда адам танымастай өзгерген. Әрине, өңірінің өркендеуіне Қаракөзайымның сіңірген еңбегі зор. Балалық шағындағы армандарының бәрі орындалды.
Көмір түгілі, көгілдір отын да жетті ауылға! Әр үйде сылдырлап ағып жатырған таза ауыз суы бар. Сөйлесу үшін ауылдағы телефонист Құмардың үйінің табалдырығын тоздыратын жерлестерінің қолында бір-бірден түрлі үлгідегі телефон. Орын жоқ болғандықтан мектептің дәлізінде отыратын коммерсанттар өз алдына бөлек дүкен ашып алған. Жұрт өзіне ұнайтын заттың шекесінен шертіп тұрып алып жатыр. «Бензинге, я болмаса қойға алмастырайық» демейді олар бұл күнде. Кезінде бәтеңкені таңдамай кие беретін Айдар қазір «қай аңның терісінен тігілген бәтеңке» деп таңдап жүрсе, ал Тамырланның баласы еңбек сабағында желімнің түр-түрін пайдаланып жүр.
Шүкір дейік! Ауыл адамдарының жағдайы жақсарған. Ауылдағы жалғыз көк автобусқа тиеліп қалаға келетін олардың өз алдарына бір-бір жеңіл машина! Бұдан артық не керек? Осындай ауылда тұратын адамда арман жоқ шығар, сірә!
                                                                      ***
      Жуырда «Туған жердің түтіні де тәтті» атты телевизиялық жобада Қаракөзайым сұхбат берді. Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясындағы түсірілімде Қаракөзайым кіндік қаны тамған жерінің қалай дамығаны хақында әңгімелей отырып: - «Көркейе бер, дами түс ҚОСӨЗЕН! Аман жүріңдер, АУЫЛДАСТАРЫМ!» деп лебізін білдіріп, көз жасына ерік берді.
Кешегі жоқшылықтың жасын бүгінгі қуаныштың жасы басты!

                                                                                                                                         Самал ЖАМЕТ


Share:      
Leave a comment: