Blogs
Қазақ деген бір атаның ұлымыз
Бес балам
Бес қазынам,
Шүкір, бес балам,
Жұмыртқа сынды аршыған.
Мақтанып кейде төс қағам,
Асығым түсіп алшыдан.
Бесеуі әнім,
Мақтаным,
Ашылған көзі бұлағым.
Тіл-көзден аман сақтағын,
Құдайдан соны сұрадым.
Жағасы жайлау,
Кең өріс,
Мендей-ақ болсын бір адам.
Қамында жүріп күнкөріс,
Санасыз болмаң сұранам.
Өмірге іңкәр,
Шөл едім,
Ашылды гүлі бүрімнің.
Сендерді қалай бөлемін,
Бірің Ай,
Маған бірің Күн.
Бес балам,
Менің бай кенім,
Жалғасын тапқан арманым.
Бөлшектеп жазып қайтемін,
Бес шумақ өлең арнадым!
Ана туралы элегия
Анам Қаймаққа
Айды айтам,
Тұрған анау көк тіреп,
Айта алмайды-ау түннен маған еш дерек.
Айта алмайды-ау,
Анашыма той жайлы,
Тамаша бір өтті деп!..
...Бір әулеттен бұтақ болып өскен ек,
Жолға шыққан балалары көш түзеп...
Немеренің тойын көрмей алғашқы,
Анам отыр...
Шымылдығын кестелеп.
Шымылдыққа...
Аспан жақтан нұр сіңген,
Ауысады мың түр болып, бір түрден.
Ту-у алыста күркірейді көк аспан,
Анам шығар ... тойда болмай,
Күрсінген.
Ай да ұзақ аспанында іркілген,
Жаңбыр жауса ...
Бұлттар шығар сілкінген,
Анам болар...
Қуанышын білдірген,
Бір жылаған,
Бір күлген.
Кетсем деп ем ...
(немерем Алтайға)
Мен бүгін,
Кетсем деп ем Күн еліне,
Сәулесін орап алып білегіме!
Қарайлап ертең артқа жүремін-ау
Әлде мен кетпесем бе,
Керегі не?
Тілеулес тілек айтып,
Тілегіме,
Келеді сапар шеккім Нұр еліне.
Мен сені кімге тастап кетем сонда?
Айналған айналайын тірегіме.
Шынымен кетіп қалсам Күн еліне,
Ол жақта мені сендей біледі ме?
Одан да жерде мәңгі қалайыншы,
Айналып сенің құрттай жүрегіңе!
Өмір – өлең
Жатарда,
Үш қайырған келемеден,
Туса ғой дәл осындай кемел өлең.
Кәдімгі жапырағы,
Сабағы бар,
Дәптерге көшет қылып өлең егем.
Сапарда,
Үш қайырып келемеден,
(Бір ойлар кетпей қойды неге менен?)
Өлеңді шеңбер сызып шыр айналам,
Білмеймін қызғанамын сені неден?!
Күбірлеп,
Жатқа айтып келемеден,
Түбі бір,
Кетпеспін-ау сенен өлең.
Бәріне ортақ жалғыз жүрегім бар,
Бір ойнап...
Қайтайыншы немереммен?!
Бүгін тек,
Сазға салып келемеден,
Түндерге тіл қатайын түнемеген.
Бесігін немеремнің тербетейін,
Қосылып сеніменен,
Өмір – Өлең!
Жүрекке
Күрең күз де,
Береке ала келді,
Білем бізде,
Мереке болады енді...
Жүрегім-ай,
Жататын тұнып ағып,
Барасың ғой кеудемді бұзып жарып.
Айқайлағың келе ме?
Айқайлағын,
Кеудемде тұрып алып.
Естілгендей дауысың бүгін анық,
Сөздеріме тұрғандай шырын тамып.
Бір жылағың келе ме?
Қуаныштан,
Кеудемді сығып алып.
Бүгін анық білгендей,
Бүгін танып,
Тербетеді бесікті жырым барып.
Дәл осы сәт жіберсем,
Қайтер едің?
Кеудемнен шығып алып.
Ойлағаны ойлардың орындалып,
Келер күнге жол тартқан жолым анық.
Аллаға да не дейін?
Кетсе егер,
Жүрегімді жұлып алып!
Періштелер алаңы
Сен жыласаң,
Секілденем мен дағы,
Сілкінетін жер шары.
Сен күлгенде,
Жаным менің гүлдейді,
Болып маған ем – дәрі.
Таңдайыма,
Кептелгенде шөл дәмі,
Дарияның көрші келіп қонғаны.
Сұлулықты айта алсам болғаны,
Түсім- десем,
Өң бәрі.
Сөзім «алһам»,
Түннің өзін қуатын,
Өзі қалқам,
Арай шашып тұратын.
Менің арқам,
Періштелер алаңы,
Ұшып келіп қонатын!
Ұйықтап кетсем шалқамнан
Жатыр едім,
Ұйқылы-ояу шалқамнан,
Жұмсақ қолмен,
Қақты иық-арқамнан.
«Ата, неге көп кетесің ұйқыға?» -
Деді маған,
Үні қандай бал тамған?!
Дос болудан үміт үзіп,
Жалтарған,
Ұйқы деген,
Ермей бізге ол қалған.
Ертеңгі күн,
Қалғып кетсем абайсыз,
Оятшы сен,
Қағып қалып арқамнан!
Салтыменен,
Аталардың жол салған,
Келемемді үш қайырып алһамнан.
Арманымда арман бар ма,
Бір күні...
Ұйықтап кетсем шалқамнан!
Атаның ақ таяғы
Немерем жүр,
Шырқатып сотқар әнін,
Сотқарлығы басылар,
Деп қоямын.
Өмір бірақ Атаңдай әділ емес,
Ақ таяғы сүйейтін,
Жоқ, қарағым.
Әке...
Таяқ...
Әрие,
Жоқ талабым!
(Серігі жоқ бірақ та,
таппағаным.)
Төрден сүйреп,
Немерем әкелгенде...
Ақ таяқтан сыр іздеп,
Көп қарадым.
Өткен күннің белгісі,
Ақ таяғым,
Жігеріме,
Өзіңнен от табамын.
Әлі күнге,
Аяқты шалыс бассам,
Тиеме деп арқама,
Сақтанамын.
Жүргеніммен,
Ішінде көп қараның,
Ақ таяқтың иесі –
Жоқтар әнім.
Көшесінде өмірдің бағыт сілтер,
Алатаяқ секілді,
Ақ таяғым!
... Немерем жүр шырқатып сотқар әнін,
Сотқарлығы басылар -
Деп қоямын.
Тілегі бар таяқты көрген сайын,
Тірегі бар адамдай мақтанамын!
Қазақ деген бір Атаның ұлымыз
Көп Атаның қаладағы бірімін,
Үйге сымай,
Түзде қалған қылығым.
Жылқы да жоқ,
Қамшы сыйға беретін,
Бәсіреге құлын алар,
Құлыным.
... Жайлау барса,
Ел танып ...
Шұбат ішер,
Қымыз ішер шөл қанып.
Лақ та жоқ,
Қозы да жоқ Атаңда,
Беретіндей құлағына ен салып.
Мұңаямын,
Соны ойлап кейде шын...
Дүниеде болса деймін,
Үйлесім.
«Атам берген,
Тайым қайда?» - дегенде,
Кеш болады-ау,
Кеш қалғанын...
Білгесін.
Бір атаның,
Қазақ деген ұлымын,
Кең далаға,
Сыймай кеткен қылығым.
Атаң ертең,
Ақыл-ойын сыйласа,
Риза бол,
Құлыным!