Blogs
сАҒЫЗ
Кейінгі кезде тек шетелдің «ужас» киноларын ғана көретін болдым. Содан ба ондағы оқиғалар күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайтын боп алды. Бір күні «ужас» көрдім. Тірі өлік басына қолын салып, қайта алғанда, бір уыс шашы терісімен қоса жұлынып қалады. Ертеңіне ұйқыдан тұрған бетте ескі әдетпен басымды сипалай бастап едім, қолым желке тұсыма жабысты да қалды. Шошып кеттім. Еппен қолымды тартып көрдім, алынбайды, шашымның құйқамен қосыла жұлынатын түрі бар. Содан басыма сол қолыммен малақайымды лақтыра салып ауруханаға жүгірдім. Алдымдағыларды қағып-соғып бас дәрігердің бөлмесіне алқына кіріп барып:
– Ағай, мені құтқарыныз, мен адам емеспін, «маньякпын», «вампирмін», «зомбимін», – деп кинодағы миыма ұялап қалған тағы да басқа атауларды лақылдатып айта бастадым. Онымен қоймай, бетімді тыржиттым, қасқырша ырылдадым, әйтеуір істемегенім жоқ. Дәрігер де шошиын деді. Маған біраз қарап отырды да:
– Не болды, қарағым, түсіндірші! – деді.
Содан ол кісіге болған жайды басынан аяғына дейін жасырмай айтып бердім. Оң қол болса, әрине басыма жабысып тұр.
Менің артымнан келген дәрігер «Шеш басындағыны!», – деді. Сол қолмен ақырын малақайды шешіп тастадым. Дәрігер ағай қарқылдап күліп жіберді, сөйлеуге шамасы жоқ. Ымдап көрсетеді де, қайта күлкіге булығады. Жақындап келді де оң қолымды тартып қалды. Көзімді жұмып алдым, еппен сығырайтып ашып, алақаныма қарадым (егер шаш болса «баж» ете қалушы
едім). Қуаныштан «Мен адаммын!» деп үйге қарай жүгірдім. «Мынау жынды ма?» деп қараған елде жұмысым жоқ.
Иә, айтпаған екенмін ғой, қолымдағы, нақтысы шашымдағы жабысқан сағыз болып шықты. Кеше шайнап жүріп, жатарда аузымнан алмаған екенмін, ұйқыға басқанда түсіп қалған ғой...
Міне, содан бері сағызды еппен шайнайтын болдым. Ал, қорқынышты фильмдерді көрмейтін болдым, мелодрамаға көштім, оның қандай қызық әкелетінін уақыт көрсетер, бәлкім...