Blogs
Самал сыбырлайды...
Самал сыбырлайды...
Мен Сізге келдім,
Тағдырдан өзге жоқ тілек.
Жақсы білесіз, өлеңге керек отты леп.
Абайдан қалған өлеңді бүгін біреулер,
Өтірік-өсекпен көмгісі кеп жүр тепкілеп.
Өмірде мынау шындық тұр көкте шырқырап,
Тағдырдың өзі біздерді бүгін тұр сынап.
«Біріңді қазақ – бірің дос» - Абай ақылы,
Әкете алмапты бұлыңғыр заманның бұлтын ап.
Мынау фәнидің жалғанын ұққам бағана,
Дарындарды әлі көрген жоқ ешкім бағалап.
Мен кеткен күні «неге кетті» деп сөкпеңіз,
Өмір-өзеннің жар-құзын кетем жағалап.
Соқты ғой, соқты замана желі не түрлі,
Еріксіз ескен Ертістің суы секілді.
Ойпаңда қалған шалшықты шашып өтетін,
Есер бір такси шайып өтпесін бетімді.
Еме алмай жүрмін киелі сөздің ақ сүтін,
Сонымен бірге келер деп едім жақсы күн.
Жүрмін ғой талай тағдырдың сынын көтеріп,
Бірақ, мен сөзді көтере алмаймын, нақ шыным!
***
Мен сүйемін,
Мені мынау сайқал заман сүйе ме?
Қас-қағымдық ғұмыр үшін бар жанымды күйелеп.
Қыздың сүйіп, ал жігіттің сүймегені секілді,
Қара түннің қолтығынан зорға басын ие ме?!
Қызық жанмын,
Көбелектің күрсінісін естігенмін мен деген,
Мұңды өлеңді момын көздің жасыменен емдегем.
Өлеңге өш болғаны үшін,
Қайда қалмас ғарып бас,
Бөрі кеуде, бөрі ауыздың у сөзіне көнбегем...
Мен момын ем,
Өмір мені қуландырып, уландырып барады.
Тарлан ойдың табытында
Ғұмырымның тамырланып бар әні,
Бозторғайдай биік ұшар титтей шырыл өлеңім,
Пенде қалпым қалмас, білем,
Ақын қалпым қалады,
Солай, солай мен білетін,
Өмір – мәңгі саналы...
***
Жансаяға
Ботақаным,
Өзің барда мен несіне қажимын,
Дауысыңнан жай-күйіңді танимын.
Періштелер жыламайды деуші еді,
О,сен неге жылап жүрсің сәбиім?!
Қасиетті балалықтың өзінен,
Адамдар бар – адамдығы сезілген.
Бір жақсысы – алдай салып сөзімен,
Бір жаманы – білінеді көзінен.
Ұлт тағдыры сынға түскен заманда,
Датымды айтпай, қақымды айтпай қоғамға.
Мен сен үшін әлде үндемей қалам ба?!
Алаңдасаң, балам, соған алаңда.
Балапаным, ізім менің – ертеңім,
Саған сырын айтпаса екен келте күн.
Өмір мұңын қабағыма жасырып,
Өлеңімнің тәтті мұңын шертемін.
Өмір мәнін ақ пен қара құрайды,
Сен де ұғасың тұнық пенен лайды.
Табиғат та кейде адам тәрізді,
Кейде күліп, кейде тіпті жылайды.
***
Құлын күнді құрықтап ап,
Жүргенім-ай алаң боп,
Күн қазақша күліп қарап,
Ай қарайды анам боп.
Жарлымын деп айтар едім,
Пайғамбарға тиеді.
Жалғызбын деп айтар едім,
Жаратқанға тиеді.
Өмірдегі бітпес майдан,
Көп пен жалғыз арасы.
Баққа ақылды қарсы қойған,
Қайшылықты қарашы?!.
***
Біздегі сезім өртеніп кеткен,
Құр күлі қалған көңілде.
Некенің суы шер төгіп көктен,
Шаттығың біткен сенің де.
Құмарлық бағын тең бөліп ішіп,
Кетіктің құйдық жігіне.
Неке суының балын бөлісіп,
Уын қалдырдық түбіне.
Сыртқа болғанмен күлкіміз қызық,
Сезімнің қайтем сынығын.
Сиықсыз өмір сиқымды бұзып,
Көңілдің бұзды шырығын.
Тізерлеп тұрып тіленші болдым,
Қорқынышты адам алдында.
Аңқасы кепкен аңқылдақ сордың,
Ертеңгі зары бар мұнда.
Шыдамда шек бар, сан ұтқан шебін,
Шектің ар жағы қорқыныш.
Жалған серттерден жалыққан сенім,
Алды кіреуке, арты қыс.
***
Шыңыраудан шыңғырып құндақ өлең,
Бағы ашылмас өлеңді мұңға бөлеп.
Қараңғыға қамайды қасиетті,
Тыныш түннен басталған жұмбақ әлем.
Бұл фәниде рас аз, көп ертегі,
Керісінше кер ғалам көлеңкелі.
Адам-пенде жарыққа баспен келіп,
Қараңғы көрге аяқпен жөнелтеді.
Көр қараңғы, күн жарық, айы бұлғаң,
Сөзі жетім заманның ойы құрбан.
Жарық дүние баянсыз тұрағы жоқ,
Қараңғыдан бар шындық айығылған.
Күн қайтсін қасірет көп сынған айды,
Бір алланың назарын құл қалайды.
Шамдардың жарығынан мұң төгіліп,
Кінәлі топыраққа түн қарайды.
Көтерткен қара нарға ауыр жүкті,
Қараның киесінен дәуір күпті.
Зәредей көздің мынау қарасына,
Сыйғызған бар ғаламды тәңір мықты.
***
Еркімді алып, еріксіз ерткен бағыныш,
Бір жіпке бізді байлаған қандай тағы күш?!
Ішімді менің мұң болып кезіп жүргені-ай,
Саған да арман, маған да арман сағыныш.
Ғұмырды қайтем, түйнек те, түйнек жалғаныш,
Көз алдыма кеп көлбеңдей берер болған іс.
Дәметтіріп ап, дәмімді төге бергені-ай,
Салмағы менен сапасы біткен алданыш.
Түсімде ылғи айдында жүзеді ару жұп,
Қаламды қайтем, қиялға ғана қарулық?!
Табиғатымды соншама нәзік жаратып,
Қойғаны қалай сүйенер жанға зәру ғып?!
Көк тиынға да тұрғысыз болып бар мұңым,
Қаламды сүйген саусақтарымда қаңғыды.
Құмарлық емес, тұмарлық іздеп жаныма,
Қадірін артып өтіп барады әр күнім.
***
Алаңсыз, албырт шаққа сәл өкініп,
Шынайы болмаған соң, ар «екілік».
Жар сүюден о баста жаңылған соң,
Өтіп жатқан күндердің бәрі өтірік!
Жай таппаған жанымда бөлек елес,
Тағы күн маған енші бөлер емес.
Қадіріңді бағалай білмегенге,
Ақылың, адалдығың керек емес!
Сағатымды сырғытып сатымды күн,
Күннен-күнге алыстап жақындығым.
Бір аяулы дауысты армандайды,
Құр жастықты жастанған ақын күнім.
Біз солай ардың жүгін артып жүрміз,
Ей, аллам, жазмышымның артын білгіз.
Тағдырдың бізге берген бір шанасын,
Екеуміз екі жаққа тартып жүрміз.
Жол таңдау, жар таңдаумен санастым да,
Осы екі жол тұрады жар астында.
Жар таңдауда жаңылыс бастым, білем,
Жол таңдаудан ей, алллам, адастырма!
Алмахан Мұхаметқалиқызы.
Астана қаласы.