САМАЛМЕН СЫРЛАСУ
Самал жел тербеткен бақтарды,
Тебірентіп кеттің ғой жанымды.
Еске сап оралмас шақтарды,
Сүйкімді, сүйікті аруды.
Мөлдірлік, нәзіктік сендегі,
Бар еді бойында оның да.
Көп болды хат-хабар келмеді,
Бақыты өзгенің қолында.
Еңсемді көтертпей қаяу-мұң,
Түңіліп кетемін мен бірде.
Айтшы, әлде самал жел, аяулым,
Сол қыздан сәлем ап келдің бе?
Ол саған бір күні кездесер,
Көруге тиіссің қалайда.
Сонда сен деміңмен өзгеше,
Менен көп сәлем айт, жарай ма!
Дегейсің, тындырып шаруасын.
Өзіндік парызын өтеуде.
Шындықты сүйетін болғасын,
Қиындау жолда жүр екен де.
Ең басты арманы өмірде,
Жүрекке қалаулы келісім.
Келерін білмедім дегін де,
Құшақтап сүйе сал, мен үшін!
