Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Тағдырлары әуенмен өрнектелген

Blogs

19.10.2018
6313

Тағдырлары әуенмен өрнектелген

   Аймырза Ақтөбеге виоленчель тартатын музыкант келді дегенді естіп, тіпті тықыршып кетті. Виоленчельші музыкант соңғы 30-40 жыл шамасында Ақтөбеде болған емес. Одан әріректе басқа ұлт өкілдері тартатын. Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебін бітірген виоленчельші қазақ қызы жаңадан құрылған камералық оркестрге арнайы шақыртумен келген екен. Барып, виоленчельдің үнін  тыңдасам деді.  Шебер орындайды екен. Тәнті болды.

Үп-үлкен аспапты арқалап сахнада отырған қыздан гөрі, басында сол аспаптан шыққан сыйқырлы үн жүректі тербеп, қиялына қанат бітіргендей болды. Бүкіл жан дүниесін баурады. Сыйқырлы сазға арбалғандай айналшықтап кете алмады. Нәзік денелі, ашық жүзді Айымжанға риза болып,  сөзге тартты. Музыка төңірегіндегі екеуара әңгіме таусылмады. Жиі кездесетін болды. Бұлардың тағдырлары осылай әуенмен өрнектеле  келе,  қимастық сезімге ұласты.  Бірте бірте одан махабббат ұшқындады.  Осылайша екі жасты музыка табыстырып, бір отауға тоғыстырды Бұны  қалай тағдырдың жазуы деп айтпайсың, Өйткені бұлардың өмір жолдарын бір арнаға тоғысуына себепші бар.  Айымжанды Ақтөбеге кел деп, шақырған сол кезде камералық оркестрді құрумен айналысқан Әлімжан Ермекбаев екен.  Аймырзаның музыкаға үйір болуына да себепкер болғанда  сол кісі.  Сәйкестік пе?

   Әкесі баян тартқан соң ба, Аймырза бала кезінен музыкаға жақын өсті. Баласының қызығушылығын байқап,  өзі әуесқой болған соң, жөндеп үйрете алмаспын, одан да кәсіби білім алсын деп,  музыка мектебіне баян класына береді.  

Ол кезде Әлімжан Ермекбаевтың әскерден келіп, музыка колледжінде сабақ беріп жүрген кезі  екен. Аймырзаның баянда ойнайтынын көріп, музыкалық училищеге түсуге шақырады. Музыкант болса, теріс жолға түсіп кетер деген қорқынышы басым болса керек, әкесі қарсы болады. Сонда Әлімжан Ермекбаевтың өзі барып,  көндіріпті.

-Музыкалық училищеде жүріп, республикалық байқауға барғанымда, мен өз деңгейімнің төмендігін байқадым. Уақытты босқа өткізіп жүр екенмін деп, ұнжырғам түсіп оралдым. Сол кезде балалайкаға ауысып кеттім. Балалайкамен қатысқан байқаудан 3-турға өткенім Ақтөбе үшін үлкен жеңіс болды. Бұған дейін қатысқандар 1-турдан қайтады екен.  Бұдан соң, консерваторияға барып түсе алмадым. Сөйтіп, мен музыкадан қол үзіп, басқа мамандықты таңдадым. Орыс мектебін бітірген мен, қазақ тілін меңгеру үшін филологиялық факультетке оқуға түстім. Қазақ тілі маманы, аудармашы ретінде нанымды тауып жеп жүрмін,-деп еске алды Аймырза Жаманқұлов.-  Өзіме музыкалық білімімнің пайдасы көп тиді. Армияға барғанымда,  музыкалық аспапта ойнағанымның арқасында, ауыр жұмысқа жегілмедім. Қазір де ұжымдастарым музыкант деп қолпаштап, қатты сыйлайды. Жалпыі, музыка өнері менің жеке тұлға ретінде жан-жақты болып қалыптасуыма үлкен әсер етті.

Шынында, музыкалық білім баланың  бүкіл өміріне азық болады. Музыкаға деген сүйіспеншілік Аймырзаның бойында қалды. Әлі күнге классикалық музыканы дамыту мәселесін көтеріп, соның жыртысын жыртумен жүреді.

  —   Мен  сол кезде виоленчельді көріп, үнін естісем деген құмарлық жетелеп апарды, қыз іздеп бармап едім. Бірақ тағдырдың өзі  мені Айымжанмен табыстырды. Содан бері мен  виоленчель аспабын насихаттауды қолға алдым. Айымжанның концерттерін, фестиваль,форумдерді  ұйымдастырдым. Өкінішке қарай, өзің жүгірмесең, ешкімге ештеңе керек емес екен ғой. Сонда көрдім. Әлі күнге солай,-деп күрсінді Аймырза.

«Пәтер береміз, бізге керексің» деп шақыртқанмен, бәрі сөз жүзінде қалады. Пәтер де берілмеді, қолдау да болмады деп Айымжан туған жеріне Батыс Қазақстан облысы, Қазталовка ауданы, Нұрсай ауылына қайтпақшы болғанда барып, Аймырза араларында бір қимастықтың бары, махаббат деген өшпес сезімні оты тұтанғаннын сезеді. Осылайша 2006 жылы екеуі отау құрды.

«Музыка — жүрек тілі, ол — сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Егер сен музыканы түсініп, сүйгің келсе — оны ыждағаттықпен тыңдай біл! Кейін сен оны міндетті түрде ұнататын боласың, бірте-бірте өзің белгісіз мезетте қалай үйренгеніңді де сезбей қаласың, жақсыны жаманнан айыра алатын боласың. Осылай етсең сенде тамаша талғам пайда болады» деп ғұлама Дмитрий Шостакович айтқандай, музыканы жан-тәнімен сүйетін Аймырзаның  талғамы мықты екен. Жар таңдауда сол талғам қателестірмеді.

Музыкадан өзімнің болашағымды және өткенімді көремін

Аймырза өзінің  қателігін қайталамасын деп, ұлы Мейірханды бір кездері Айымжан оқыған Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектеп-интернатына берді. Қанша дегенмен кәсіби білім беретін  оқу орны, бір жылдың ішінде үлкен жетістіктерге жетті дейді ол.

–       Кішкентай баланы қалай қиып, жалғыз өзін Алматыға тастап кеттіңдер дегендер болды.  Ондай құрбандыққа бармаса, болмайды. Біздің Ақтөбеде жоғары деңгейде оқытатын музыка мектебі жоқ. Мен оқыған кездегі деңгейде қалып қойған. Нашар, әлсіз  музыкалық мектепте оқығаннан оқымаған жақсы. Жалпы Ақтөбеде классикалық музыкалық білімге мән берілмейді. Ахмет Жұбанов кезінде бұл оқу орнын түкпір –түкпірдегі қазақтың балалары оқысын, талантын шыңдасын деп ашты. Ақтөбеден барған, қазір атақты домбырашы, күйші Әбдірашит Райымбергенов, Айғаным Шакимова деген флейтист, Әсемгүл ... –саксофонист  сол мектепет оқып шықты, үлкен жетістіктерге жетті.  Не керек, Ақтөбеден соңғы он жылдықта ешкім бармаған. Талантты балалар жоқ емес. 4 мамыр күні менің мұрындық болуыммен, комиссия балаларды қабылдауға келді. Оқығысы келетіндер көп екен, - дейді Аймырза Жаманқұлов. 

Музыка, соның ішінде классикалық музыка  – адам жанының емі. Мұны ғалымдар да дәлелдеген.  Егер басыңыз ауырса, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз дәрі ішудің қажеті жоқ. Классика тыңдаңыз.

Мысалы, классикалық терең ойлы музыканы тыңдап ләззат аласың. Бірақ, «жеңілтек әуендердей» емес, классикалық музыканы  алаңдамай, мұқият тыңдай білген маңызды. Бұл - парасатты музыка, тыңдаған сайын адам жанын баурайды, бойын балқытып, ойын сергітеді. Қайталап тыңдаған сайын шығарманың әр иіріміне бойлап, ақыры өмір бойына ғашық болып байланатының анық.

–       Ахмет Жұбанов кәсіби классикалық  музыканың негізін қалады. Құрманғазы атындағы консерваторияны ашты. Ғазиза Жұбанова сол консерваторияда ректор болды.  Оны композитор ретінде әлем мойындады. Оның шығармаларын екінің бірі ойнай алмайды. Осындай ұлы тұлғалар туған елде кәсіби классикалық музыканттың шықпауы бізге сын емес пе? Тіпті музыкант болмай-ақ қойсын, музыкалық білім алған бала кейін қай салоады жасамасын жетістікке жетеді. Оны өмірдің өзі дәлелдеп астаған баяғыда-ақ. Мектеп бар, бірақ олар сондай музыканттарды дайындай алмай отыр. Демек, бұл бағытқа үкімет назар аударуы керек қой. Бәрі бірдей  композитор,  әнші, музыкант болып кетпесе де,  музыканы сүйсіне тыңдайтын тыңдарман болары анық.  Музыка өнеріне тартылған балада белгілі бір деңгейде көркемдік дағды қалыптасады, дүниетанымы кеңейеді. Жақсы музыка – ұлағатты сөз сияқты, оны түсініп, қабылдауға парасаттылық қажет.

Музыка - дыбыстар арқылы бейнеленген адамның өзінің жан сарайы

Жары Аймырза қолдап отырғандықтан да, Айымжан  жеке шығармашылығын да тастаған емес. Ақтөбе, Орал, Мәскеу, Орск, Орынбор қалаларының көрермендері алдында өнер көрсетті. 2010 жылы Орскде өткен Бүкілресейлік виолончельшілер байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

2011 жылы Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясының аспирантурасын үздік тәмамдады. Аймырза екеуі Ақтөбеде виолончельшілердің Халықаралық форумы мен фестиваль-байқауын 3 мәрте өз күштерімен ұйымдастырып өткізді.

—      Өкінішке қарай, 15 жылда Ақтөбедегі жалғыз виоленчелистің үні де естілмеді, өзі де еленбеді. 15 жылда алғаны тек биылғы бір алғыс хат қана. Бұл нені білдіреді.  Ахмет Жұбановтай, Ғазиза Жұбановадай атақты композиторлар елінде классикалық музыка бағаланбайды. Жалғыз Айымжан емес, облысқа келген талай маман қолдау тба алмай кетті. Скрипкашы Қаламқас Жұмабаева 3-4 жыл Ақтөбеде жүріп, кетіп қалды . Қазір Қазақстан камереттасында. Керемет балерина Әсем Аяпбергенова  қазір Астана балет академиясында сабақ береді. Өз аяғымен келген мықты мамандарды ұстап қала алмадық. Солар бізде жұмыс жасағанда, тала талантты баланың жұлдызын жағып, бағын ашар еді ғой олар да .

 Айымжан Ғылманова 4 жасынан отбасылық ансамбльде ән салды Әкесі Мұрат — ұстаздық қызметте, ал анасы Қалима ауылдық клубтың меңгерушісі еді. Әкесінің сыйлас досы, белгілі айтыскер ақын, жыршы-термеші Қатимолла Бердіғалиев бір күні: «Талантты балаларды іздеп, Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінен мұғалімдер келді. Тез Айымжанды Оралға әкеліңдер!» деп қоймайды. Осылайша, жеті жастағы Айымжан Ахмет Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа қабылданып, 2004 жылы консерваторияны бітіреді.

Айымжан қазір  оркестр құрамында өнер көрсетумен ғана шектелмей, шәкірт тәрбиелеу ісімен де айналысады.  Қаладағы №1 музыка мектебінде виолончель класында дәріс береді. Классикалық музыканы дәріптеп, насихаттаудан шаршаған емес. Қазір дұрыс қолдау көрмегенмен, бұл-өлмейтін өнер. Дегемен, А. Жұбановтай таланттың туған  жерінен классикалық музыкамен кәсіби айналысатындардың соңғы 30-40 жылда шықпағандығы ел билігінің тізгінін ұстағандарды ойлантпайтыны жанды ауыртады. Жалғыздың үні шықпас десе де, Аймырза мен Айымжан  өнер атаулының төресі класиикакалық музыканы қазақ  балалары танып білсін, соған жақын өссін деген бағыттан таймайды. Себебі, әрбір адамға өзін өзі терең түсінуге көмектесетін, сезімі мен ойын байытатын, жанына тыныштық беріп, миын тынықтыратын музыка қашанда керек. Себебі, музыка - дыбыстар арқылы бейнеленген адамның өзінің жан сарайы.


Share:      
Leave a comment: